• Заманхат
  • 14 Қараша, 2017

Әшімбаев және әлем әдебиеті

Серік НҰҒЫМАН, әдебиет сыншысы

Сағат Әшімбаев туралы сөз болғанда жиі, қайталана беретін бір сөз бар. Ол – «аса білімді еді» деген тұрақты тұжырым. Еш жалғаны жоқ, шын сөз. Сыншының артында қалған мол мұрасын парақтап шыққанда, осы тұжырымның ақиқат екеніне анық көз жеткізесіз. Және осы ұланқайыр мол қордың қомақты бір бөлігін әлем әдебиеті туралы терең білімнің иелейтінін де аңғарып, еріксіз тамсанасыз, іштей риза боласыз. Әрине, Сағат ағамыздың заманында туған сыншы үшін мұндай жан-жақты және тастүйін дайындық болмай болмас та еді. Неге деген сұрақ тууы мүмкін. Шамалы шегініс жасап өтейік. Мен айтпасам да, жақсы білесіздер: Сағат ағамыз әдебиетке дендей араласқан уақыт «Жылымық» деп аталатын кемпіршуақ жылуы бар тыныш кезең өтіп, туған әдебиетіміз тосын сілкініп, жаңа бір дәуірге қадам қойған ерекше кезең болатын. Алдыңғы толқын ағалар – Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Тәкен Әлімқұлов, Бердібек Соқпақбаевтар өндіре жазып, күрделі де кесек туындыларын арт-артынан ұсынып жатқан, ал, кейінгі толқын інілер – Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкей, Төлен Әбдік, тағы басқа жас жазушылар қуатты толқынға айналып, мәуелеп жеміс бере бастаған ұпайлы тұс-тұғын. Ұлттық сөз өнеріміздің барлық саласында күрделі өзгерістер белең алып, жаңа бағыттар айқындала бастаған жемісті жылдар еді. Ол кездегі әдебиеттің, соның ішінде, ұлттық прозаның даралап айтар айқын бір сипаты – психологизмге жаппай бой ұру болды десек, аса қателесе қоймаймыз. Бірнеше романы жарық көріп, жазудың ебін алып қаған Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ақтанов қатарлы тәжірибелі қаламгерлер өздерінің кесек кейіпкерлерін осы психологиялық анализ арқылы ашуға, жаңа әдіс арқылы тұлғалауға, сомдауға мықтап ден қойған, ал, әлі жас талантты жазушылар Әбіш Кекілбев, Асқар Сүлейменовтер бұл тәсілді тутас туындыларының жарыққа шығар формасына айналдырған бір қызық уақ-тын. Соны бастамаға сай, зор ізденістер жасалып, қомақты еңбектер жазылып жатқан-ды. Ал, осы айырықша уақыттағы өрелі шығармаларға баға беру үшін, әлбетте, сыншыларға да өз деңгейіндегі әзірлік болмай болмас еді. Сағат ағамыздың мұны дәл уағында пайымдап, іштей жақсы дайын­далғанында күмән жоқ. Оны сол кезде жазған мақалаларының жалпы ауанынан анық аңғаруға болады. Ол ғана емес, шын­туайтына келгенде, сыншы ағамыз осы бір дер кезінде қанат жайған оң үдеріске өз та­рапымнан үн қатуға ниет қылып, құлшына қалам тербепті. Айналымға енді енген тың құбылыстың қаламгерлер тарапынан қа­пысыз игеріліп, терең меңгерілуіне, сөй­тіп, туған әдебиеттің тұғырлы игілігіне ай­налуына теориялық тұрғыдан септік тигізейін деген болу керек, 1974 жылы «Биік мұрат тұрғысынан» деген көлемді мақала жазып, басқа да өзекті мәселелермен бірге, пси­хологиялық анализ тәсіліне қатысты әлем әде­биетіндегі үлкен бір шығармашылық жаңалықты таныстыруға талып қылыпты. Ол бүгінгі таңда да қадір-қасиетін бір мысқал жоғалтпаған, батыс әдебиетінде «сана ағымы» делінетін, кейде «ішкі монолог» деп те аталатын шығармашылық тәсіл еді. Бастау көзінде М. Пруст, Ф. Кафка және Ж Джойстар тұрған, кейін У. Фолкнер, тағы басқа да жас жазушылар ары жалғап әкеткен арналы ағымға Сағат ағамыз шұқшия тоқ­талыпты. Тарихы мен табиғатын қазбалай келе, бұл тәсілдің кейіпкер болмысын ашу­да таптырмас амал екенін қадап айтады. «Сонымен, ішкі монологтың ерекшелігі не? – деп сұрақ қойып алған сыншы, бұл сауалға: – Бажайлап қарайтын болсақ, мұнда кейіпкердің мінез-құлқын, ар-ұжданы мен ақыл-ойын, парасат пайымын, сезім әлемін, қысқасы, адамдық бар болмысының күнгейі мен көлеңкесін, тікелей іс-әрекеті арқылы ғана емес, сол объективтік әрекетке субъективтік көзқарасын, түйсігі мен түсінігін, өзінше сезініп қабылдауын, осы аралықтағы санадағы психологиялық процестердің өзгешелігі мен өзгерістерін типтік шеңберде реалистікпен суреттеу үстінде ішкі дүниесін ашуға творчестволық мүмкіндіктің жолы екен» деп өзі жауап береді. Және бұл тәсілді қолдана отырып жазған орыс және Батыс Еуропа жазушыларының еңбектерін індете талдап, тәптіштей түсіндіреді. Тың тәсілді қолдану үшін жазатын мазмұнның да соны болуы керек екенін, әйтпесе, еткен еңбектің бекер еш болатынын да ескертеді. Сөзінің соңында, бұл шығармашылық әдісті игеруде жазушының білім деңгейінің жоғары болуымен қоса, адам мен қоғам туралы интеллектуалдық концепциясының да берік орнығуы керек екенін қажетті бір алғышарт ретінде атап өтеді. Қазақ әдеби сынында Сағат ағамыз алғашқылардың бірі болып сөз еткен бұл шығармашылық тәсілдің ұлттық прозамыздың кезіндегі өрлеуіне өз ыңғайымен оң ықпал еткенінде ешбір күмән жоқ. Ал, сол уақта басталған психологиялық проза мектебінің бүгінгі таңда барынша әлсіреп, үзілуге таяу тұрғанын ескергенде, көреген сыншы көтерген тақырыптың қаншалықты өзекті екенін ап-анық аңғара аламыз. Мұны бір деп қойыңыз. Туған әдебиетіміздің күнбе-күнгі тіршілігін кірпік қақпай күзететін қырағы бақылаушы болумен қатар, оның өркендеп, өсуіне қажетті зәру дүниелерді жан-жақтан жан сала іздеген елші кейпіндегі Сағат ағамыздың екінші кезекте назар аударған зор құбылысы – батыс әдебиетінде содан біраз жыл бұрын төбе көрсетіп, екпіні енді басыла бастаған, бірақ, кеңестер одағының шекарасына жаңа ілініп, ықпалын өткізуге кіріскен «экзистенциализм» ағы­мы болыпты. О баста философия сала­сында жарыққа шыққан, кейіндеп көр­кемөнердің барлық тармақтарына дерлік әсер еткен, басында Ж. Сартр, К. Ясперс, А. Камюлер тұрған, сөз өнеріне де солар арқылы келген үлкен шығармашылық беталыстың, бұл ретте, қатардан қалар жайы да жоқ еді. Әдеттегісіндей оның да жеті атасына жетіп, қайдан шыққанын, өз тұрғысынан тексеріп, тектей келе сыншы, артықшылық-кемшіліктерін таразға салып, өзінше безбендейді. Үйренетін жақтары бар екенін айтып болған соң, ат ізін аулақ салатын көлеңкелі тараптарының да жетерлік екенін ескертеді. Сол кездегі саяси жағдайға байланысты сақтық қылған болу керек, сөз арасында «кез-келген адамның бойында болатын, болуы мүмкін, күйректік, сарыуайымшылдық, өксік пен өкінішті, қайғы мен мұңды, пессимистік көңіл күйді, эгоистік аңсарды жалаулатып алып, індетіп жаза беру де тұйыққа тірейді. Буржуазиялық әдебиеттегі экзистенциалистік ағымның жазушыларына тән бұл кемшілік, советтік суреткердің творчестволық позициясына жат нәрсе», деп қырын қабақ танытып, бір тоқтайды. Және оған дәлел ретінде жаңағы ағым өкілдерінің бір-екі шығармасын сипай қамшылап, талдап өтеді. Алға тартқан айғақ, сол негізде жасаған қорытындысына келіспеске әддіңіз жоқ. Әлем әдебиетіндегі Сағат ағамыз, қыс­қа болса да, қызыға сөз еткен тағы бір құ­былыс – философиялық роман жайы. «Ин­теллектуалдық планда жазылған, бүгінгі күрделі адамның күрбелте жан-дүниесінің күнгейі мен теріскейін, нұры мен мұңын, беймәлім сырлы сезімдерінің сілемін айқара ашып беретін, сан-алуан соқталы да саф ойларға қалдыратын, көңіл көзін ашып, көкжиегін кеңейтетін, бір сәт осынау « жұмбақ та жалған» дүниенің иесі жұлын жүйкелі адам өмірінің өткіншілігі мен өкініштілігін, қуанышы мен жұбанышын, сыры мен жырын, ащысы мен тұщысын алмастың алпыс алты қырын жеке-жеке суреттегендей көрсететін...» деп анықтама берген романның бұл түріне мысал ретінде, «әлем әдебиетінің алтын қорына қосылған» деп «Ф. М. Достоевскийдің «Зауал мен залал», У. Фолкнердің «Даңғазалық пен долылық», Т. Манның «Доктор Фаустус», А. Франстың «Пингвиндер аралында», Я Кавабатаның «Мың қанатты тырналар», М. Горькийдің «Клим Самгиннің өмірі», Л Леоновтың «Орыс орманы» романдарын жатқызады. Соңынан барып, бұл шығармаларға «адам және қоғам деген күрделі де, аса маңызды философиялық проблемаларға арналған» деген сипаттама беріп, «осы сияқты парасатты дүниелердің бәрі болмағанмен, бірінің қазақ әдебиетінің тарихында туатын мезгілі жеткен сияқты...» деп, әлі тумағанына өкініш білдіреді. Сосын сөзін ары жалғап, «Бізде әзірге ондай романнан гөрі, философиялық ойға құрылған бірен-саран әңгіме, повестер жағы бой көрсетуде... Әбіштің «Күйі» мен «Шыңырауы», Асқардың «Бесіні» (дұрысы, «Бесатар), Оралханның «Өлі арасы» сияқты повесттерінде интелектуальдық прозаның көркемдік нышандары біршама нақтылы елес беріп, оқиға мен образ логикасынан философиялық шешімдер, ой түйіндер байқалады» деп, ұлттық прозамызда кіші жанрларда болса да, философиялық терең ойлардың төбе көрсеткеніне қол соғып, қуаныш білдіреді. Осы арада өз тарапымыздан қоса кетер бір сөз, өкінішке орай, Сағат аға көтерген осы мәселе, яғни, философиялық роман жайы бізде әлі күнге сол өзекті күйінде тұр. Сыншының қазақ қаламгерлеріне таныстыруға талпынған үшінші бір әлемдік шығармашылық тәжірибе, ол – Латын Америкасы әдебиетінің тосын өрлеуі екен. Иә, әлем әдебиетінің тек қана еуропа әдебиетінен тұрмайтыны белгілі. Егер, әлемдік әдебиетті жер бетіндегі барлық халықтың озық сөз өнері қамтылатын кең ауқымдағы рухани кеңістік деп білсек, онда Латын Америкасы елдері әдебиетінің өткен ғасырдың ортасына қарай соншама тез қарқынмен жетіліп, ағалап алға шыққаны баршаға мәлім. Алыс-жақынды жақсы білетін адам ретінде бұл жағдай Сағат ағамыздың қырағы назарынан тыс қалмапты. Кезекті бір көлемді мақаласында осы бір ғажайып рухани өрлеу жайында сөз өрбітеді. Мұнда сыншы заманында «жарылыс» деп сипатталған әдеби құбылыстың жүз беруіндегі негізгі себептерді тереңдеп талдай келе, әдеттегісіндей қарқынды қадамның өзіндік ерекшеліктеріне де тәптіштей тоқ­талады. «Бүгінгі Латын Америкасы әде­биеттерінің даму перспективасы айрықша болып отыр,– деп бастайды сөзін сыншы. – Шындығына келгенде, оның негізгі қозғаушы күші түсініксіз нәрсе емес. Атап айтқанда, Латын Америкасы әдебиеттеріндегі революциялық рух, суреткерлік белсенділік, әлеуметтік жауапкершілік, гуманистік көзқарас, парасатты дүниетаным, қысқасы, осының бәрі келіп шығатын азаматтық позициясы оны көркемдік-эстетикалық дамудың ең биік орбитасына шырқатып шығарып жіберді. Қазір әлем әдебиетіндегі лидерлік тізгінін Латын Америкасының жазушылары ешкімге бер­мей отыр. Сірә, таяудағы жирма, отыз жыл ай­наласында басқалардың оны ала қоюы екіталай шығар. Өйткені, олардың қазіргі қарқынына қарағанда, болашағы тіпті зор сияқты, творчестволық ішкі мүмкіндіктерінің параметрі осындай қорытынды жасауға еріксіз мәжбүр етеді. Чилилік Неруда, кубалық Алехо Карпентьер, бразилиялық Жоржи Амаду, аргентиналық Хулио Кортасар, венесуэльдік Мигель Отеро Сильве, колумбиялық Габриэль Гарсиа Маркес, гватемальдық Мигель Анхель Ас­туриас, мексикалық Карлос Фуэнтес, па­раг­вайлық Аугусто Роа Бастос, перулік Марио Варгас Льоса және тағы басқалардың твор­чествосынсыз әлем әдебиетінің дамуын елестетуге болмас еді. Бұлардың қай-қай­сысы да бұрын-соңды жаңа көркемдік құ­былыс – творчестволық уникум ретінде әлем жұртшылығын әлдеқашан мойындатқан белгілі тұлғалар» деп, мұхиттың арғы жағында жатқан қаймана қаламгерлердің еңбек нәтижесін тамсана дәріптейді. Олардың арасында әйел ақын Габриэл Мистраль және Мигель Астуриас, Пабло Неруда, Гарсия Мар­кестердің әлемдік аламанда аты озып, Нобел сыйлығын алғанын үлгі етіп көрсетеді. Әрине, бұл мақалада сөз болған басқа да жайларға тереңдей тоқталуға орын тар. Сондықтан, баяндамалық тәсілмен осылай бетін сипап қана ары секіреміз. Бірақ, айтпай қалсақ болмайтын бір жай, сыншы мақаласында ашып айтпаса да, жалпы сөз сорабынан қандас қаламгерлер осындай озық үлгілерден өнеге алса, сол негізде ұлттық сөзөнеріміз биіктеп, құдды Латын Америкасы елдері әдебиеті секілді әлемдік деңгейді бағындырса деген көкейтесті ниет жер түбінен қылаң ұрады. Жазған еңбектерінің өміршең болуына, сірә, төккен терімен қоса, осындай ұлттық әдебиетке шексіз берілген адал да әппақ көңілі игі ықпалын тигізген болу керек. Әлем әдебиеті дегенде... оны жасай­тын­дардың да жеке тұлғалар екені белгілі. Басқаша айтқанда, өз ортасынан озып шығып, дүние жүзіне аты мәлім болған өрен жүйріктер. Осы ретте, Сағат ағамыз тек бір ғана үлкен қаламгердің шығармашылығына жеке мақала арнапты. Ол – орыстың ұлы жазушысы Ф М Достоевский. 1974 жылы жазылған бұл мақаласының тақырыбын «Қорланғандар мен қор болғандардың жыршысы» деп қойыпты. Көлемді мақаланың алдыңғы бөлімінде екі мәселе сөз болады. Оның біріншісінде Достоевскийдің әлем әдебиетінде өткен ғасырда даңқы шыққан әйгілі жазушыларға қалай әсер еткені қаузалса, екіншісінде, орыс жазушысының «Шекспирден кейін әдебиеттегі трагизмді өзі өмір сүрген заманға лайық, дамыта білгендігі» және «Лев Толстойдан гөрі капиталистік қоғам тудырып отырған моральдық құбылыстарды жан-жақты әрі батыл сынаған жазушы екендігі ешқандай талассыз шындық» екені, «демек, Толстой ғана емес, Достоевский де орыс революциясының айнасы деуге толық болады» мәселесі қарастырылады. Сөз ұзаратын болғандықтан, бұл маңға бұдан ары тоқтамадық. Ал, екінші бөлімде сыншы орыс жазушысының өсу кезеңдерін тілге тиек етеді. Біріншісі, әрине, жазуға машықтану кезеңі. Бұл кезеңді сыншы «Белинскийдің ақыл-кеңестерін тыңдау бақытына ие болған» тәлейлі жылдар дейді. «Екінші кезең – жазушының Омскіде айдауда, Семей қаласында әскерде болған жылдары». Бұл уақытта жазушы «Азаттық өмірдің мәнін барынша терең түсініп... жақсылық пен зұлымдықтың ара-жігін тынып білді. Сонымен қатар, адамдардың қиын-қыстау сәттердегі психологиясын зерттеп білді» дей келе, «Әркімге-ақ белгілі, Достоевский шығармаларындағы кейіпкерлердің үштен екі бөлігі түрмеде, солдаттық өмірде болған жылдарында кездестірген адамдар» еді деп сөзін бір түйіндеп тастайды. Ал, үшінші кезеңге, 1860-1980 жылдар аралығындағы уақытты жатқызады. «Бұл кезең өте қайшылықты, сонымен қатар, жазушы үшін жемісті болды» дейді сыншы. Сөзін ары «негізгі романдары да осы кезеңде дүниеге келіп жатқанымен, заманның бағыт-бағдарына дұрыс түсіне алмауы жазушы творчествосына кесірін тигізбей қойған жоқ» деп жалғап, «Ол бойынан екі елі қалмаған жоқшылық пен мұқтаждыққа ғана налып қойған жоқ, Россиядан «адасып» қалғанына да қатты налиды» дейді. Айтқанына айғақ ретінде жазушының біраз қателіктерін жіпке тізе келіп, «Ал, Черняев сияқты жексұрындарды мақтауы гуманист Достоевский үшін ешқандай сыйымсыз еді. Бір айта кететін нәрсе, Достоевский бастапқыда Орта Азия халықтары туралы да теріс көзқараста болған адам. Бірақ, осы көзқарасының өзгеруіне, жақсы пікірге келуіне себеп болған Шоқан Уәлиханов екені белгілі» деп сөйлемін аяқтайды. Сыншы тек мақаласының соңғы жағында ғана жазушы шығармаларын тереңдеп талдауды қолға алады. Біраз кесек шығармаларының атын атай келе, «Осылардың ішінде айтайын деген ойының концептуалдығы мен философиялық, өмір танытушылық мәнінің тереңдігі және көркемдік шарттарының әбден толықтығы, мінсіздігі жағынан айрықшасы «Зауал мен зауал», «Ағайынды Карамазовтар» сияқты романдары. Бұл екі дүние жазушының бүкіл әлем әдебиетіне психологиялық-философиялық роман жазуда қосқан елеулі жаңалығы деп қаралады. Біріншісі жазушы творчествосындағы бүтіндей жаңа идеялық-көркемдік арнаның басталуының, яғни, әлем әдебиетіндегі роман-трагедияның тұңғыш рет өмірге келуі еді. Бұған дейінгі әдебиет тарихында психотрагикалық осындай шығарма жоқ болатын... Ал, «Ағайынды Карамазовтары» Достоевский сурет­керлік шеберлігінің шыңы, адам жа­нының барша қалтарыстарының нәзік те бұралаң пернелерін соншама пси­хологиялық дәлдікпен тап басып көр­сеткен роман екенін жұртшылық әлдеқашан мойындаған-ды. Сондай-ақ, образ жасаудың, кейіпкер жан дүниесін берудің ұтымды тәсілі болып жүрген ішкі монолог та негізінен Достоевский романдары арқылы өмірге батыл енгенін айта кеткен жөн» деп сөзін тәмамдайды. 1974 жылы өмірге келген мақаланың не үшін жазылғаны тек осы тұста ғана мәлім болады. Баяғы туған әдебиетіміздің қамы ғой. Жоғарыда атқанымыздай, бұл ұлттық сөз өнерімізге, соның ішінде, қарасөз саласына психологиялық анализ тәсілінің дендеп еніп келе жатқан кезі-тұғын. Шығармашылық соны әдестің жазушылар тарапынан жақсы игрілуіне бұл мақаланың үлкен септігі тиді деген ойдамыз. Әлбетте, әлем әдебиетінің қазақ көркем ойына Сағат ағамыз арқылы жасаған әсер-ықпал қарым-қатынасы бұнымен ғана шектелмейді. Уақыттың тарлығына бай­ланысты, біз осы арда тоқтауға мәжбүр болдық. Қалғаны алда тереңдей зерттеледі деген үміттеміз. Сөзді қорыта келе айтарымыз: ұлттық әдебиеттің өсуіне тіке шығармашылық тәжірибемен қоса, өзгелер қол жеткізген озық үлгілердің, жаңа шаң берген соны бағыт-бағдарлардың тигізер септігі де аз емес. Әрине, ондай тың жаңалықтармен дер уағында танысып, өзіміздікіндей қылып сіңіріп әкетуде сыншылар қауымының атқарар рөлі айырықша болмақ. Себебі, олар ұлттық әдебиеттің күнбе-күнгі тыныс-тіршілігін бақылап отырумен қабат, өзге ел сөз өнеріндегі соңғы құбылыстарды, тың беталыстарды өз уағында байқап, көңіл таразысынан өткізіп, сонан соң барып, оны қандас қаламгерлер назарына ұсынып отыруға да міндетті. Бұл үшін кемеріне толған кемелділік керек десек, сөз жоқ, Сағат Әшімбаев осы талап биігінен көріне алған санаулы саңлақтарымыздың бірі. Оған жазған шығармалары толық айғақ. Олардың бұдан кейін де ұлттық әдебиетімізге тұрақты түрде қызмет ете беретініне күмән жоқ.

1168 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз