• Тарих толқынында
  • 26 Қаңтар, 2018

МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХҚА САПАР ШЕККЕН ЖОЛАУШЫ...

Анаркүл САЛҚЫНБАЙ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Жүзінен ізгілік нұры төгілген Алма апай туралы естеліктер көп жазылыпты... Алма апайдың шәкірті ретінде бір-екі естелікті жазу маған да қиын болмас еді. Тіпті, өзімнің ҚазҰУ-імді қимай, қызметке шақырған жерлерге бармай, университеттің жатақханасында оншақты жыл тұрғанда, Алма апаймен бірге бірер жыл жатақханада бірге тұрғанымдағы аралас-құралас болып, апайдың сұлу жыры мен әдемі әңгімесін тыңдағанымды, қазақша үлгімен қолдан тоқылған кілем жанында отырып, сүт қатқан қоңыр қызыл шәй ішіп, жылы әңгімелескенімізді айтсам да аздық етпесі анық. Алайда, осыларды жазғанда қасиеті – қарапайымдылығы, қарапайымдылығы – қасиетіне айналған Алма апайдың үлкен кісілік тұлғасының негізгі кестесі ашылмай қалатын сыңайлы болып көрінді. Сөз жүйесін таныған, сонымен әлемдік мәдениеттің іргетасын қалаған қазақта «Өлмегенде не өлмейді?» деген сауалға «Ғалымның хаты өлмейді, ақынның аты өлмейді» деген жауап қайтарылыпты. Бұл қарапайым шындықты әлі ешкім жоққа шығармағаны да шын. Демек, Алма апайдай кісілік пен кішіліктің үлгісін таныта жүріп, «бүтін бітімге» айналған тұлғаның кәрі тарихтың ертеңгі оқылар бір беті болып қалуы, ең алдымен, ғалымдығы деп шамаладым. 1947 жылы 26 мамырда Қызылорда облысындағы Сырдария ауданы, Бірқазан стансасында дүниеге келіп, сондағы орта мектепті бітірісімен Алматыдағы жалғыз университетКазГУ-ге оқуға түскенде, Алма апайдың ерекше білімділігі мен ғылымға деген ізденгіштігі білімдар ғалымдардың көзіне түссе керек. Атақты профессор Бейсембай Кенжебаевтың шәкірті бола жүріп, орта ғасыр ескерткіштерін зерттеумен айналысып, өз кезеңінің үлгісімен ғалымдықты өзгелер сияқты аспирантурада оқумен емес, одан әлдеқайда ертерек студент кезінен-ақ бастаған екен, Алма апай. Ал, аспирантурада 1970-1973 жылдары оқып жүргенде, орта ғасыр ескерткіштерін терең зерделеп, 1974 жылы «Қисас-и Рабғузи», «Махаббат наманың» идеялық-көр­кемдік ерекшеліктері» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды. Ғалымның кейін «Ғасырлар мұрасы» деген атпен жарық көрген бұл туындысы (Өнер, 2008) орта ғасырлардағы әдеби-көркем шығармаларды зерттеуге арналған. Орталық Азия, Оңтүстік Сібір, Орта Азия, Каспий, Еділ жағалауында ежелден өмір сүріп келе жатқан түркі халықтарының қоғамдық тіршілігінде болып жатқан әлеуметтік және саяси өзгерістерді атап көрсете отырып, Алма апай көркем шығармалардың мәні мен маңызын тарихи жағдайлармен қатар қою арқылы екшейді. ХІІІ ғасырдың басында болған тарихқа ғалым терең талдау жасайды. В.В. Бартольд, Н.И. Конрад, С. Закиров, Әлкей Марғұлан сынды ғалымдар еңбегіне сүйене отырып, сол кезеңдегі ойшылдар еңбегін тілге тиек етеді. «Біздің байқауымызша, Орта Азияда Қайта өрлеу Х-ХІІ ғасырларда көбіне нақты, дәл ғылымдарда, философияда қанат жайды да, Монғол шапқыншылығы келіп, ел бүлінген ХІІІ ғасырда тоқырап барып, ХІV ғасырда қайта жанданды. Бұл кезде Қайта өрлеудің жеке элементтері негізінен поэзияда көрініс берді деуге болады» – деп жазады ғалым. Алма Қыраубаеваның пайымдауынша, «Бұл дәуірдегі көркем әдебиет негізінен екі түрлі: біріншісі, аударма-нәзиралық шығармалар: Құтбаның «Хұсрау уа Шы­рыны», Сәйф Сараидың «Гүлстан, Әлидің «Қисса Жүсібі», Рабғузидің«Қисса-и Раб­ғузи» кітабы, Хусам Катибтің «Жұм-Жұма» кітабы, тағы басқалар. Екіншісі, тыңтума әдебиет: «Махаббатнама». Хорезмидің «Махаббатнамасын» тың­тума әдебиет деп бағалап, алғаш рет қазақ тіліне аударып, түсініктемесін жазған Ал­ма апай еді. «Тыңтума» сөзі апайдың өзі­нің жасаған атауы болар деп болжаймыз. «Дастанда көрінетін ғашық жігіт ав­тордың өзімен біте қайнасып, бір адам болып кеткен. Кейде автор оған өз атын қосып жіберіп те отырады. ... Дастандағы сұлу қыз портретін жасау үлгісі қазақ ауыз әдебиетіндегі арулардың сыртқы сұлу келбетін образды бейнелеулерге жақын екендігі аңғарылады. Портреттеудегі жақындықты кейінгі қиссашыл ақындардан да мол тауып салыстыруға болады. Поэмада сұлудың тек сыртқы әсемдігі суреттеледі де, оның іс-мінезімен, жан-дүниесімен тұтас көрінетін толық образы жоқ, – дегендей ойлары қазіргі әдебиеттану үшін де құнды ғылыми пікірлер. «Махаббатнама» – лирикалық поэма. Қыраубаева дастанда кездесетін араб, парсы, түркі поэзиясының өлең түрлерінің мол кездесетінін талдап, әрқайсысының өзіндік ерекшелігін талдайды. Мұндай ғылыми талдаулар араб, парсы, түркі әдебиетіндегі өлең түрлерін терең білетіндігін аңғартса керек. Мәселен, «Бәйіт – екі жол өлең. Бұл қа­зіргі қазақ өлеңдерінде де қолданылады Ғазал – араб, парсы поэзиясында XIII-XIV ғасырлардан бастап қалыптасқан өлең түрі. Ғазалдың әйгілі шеберлері Хафиз, Сағди болған. Мұнда көбіне сүйіспеншілік, махаббат сезімдері жырланады. Ғазалдың алғашқы екі жолы бір-бірімен ұйқасады да, ары қарай шалыс ұйқас болып келеді. Ғазалдың тағы бір ерекшелігі – соңғы бәйітте міндетті түрде автордың аты айтылуы тиіс. Дастанда осы ерекшелік сақталған. Мәснауи – араб, парсы, түркі әдебиетінде кездесетін өлеңнің формасы. Әр екі жолы өзінше ұйқасады. Қазіргі әдебиетіміздегі кезекті ұйқасты өлең сияқ­ты. Мәснауи «Махаббатнама» да көбіне үш бәйітті болып келеді, – деп жазады. Ғалым «сақы» сөзіне мынадай түсінік берген екен: Бір замандарда Иран, Орта Азия елдерінде жаугершілікте қолға түскен сымбатты жігіттерді ел билеушілер өздеріне шарап құюшы етіп алатын болған. Сақылар ән салып, өлең де шығара алатын сұлу жігіттерден іріктелген. Олар өзі туып өскен жер мен құлдықтағы елін мәдени жағынан жақындастырушылар да болды. Себебі, жүр­ген жерінде өз халқының өлең-жырын ай­тумен бірге, өз репертуарларын жаңа өлең, жаңа сюжеттермен де толықтырып отырған. Содан, «сақинама» деген лирикалық жанр тараған. Бір қызығы, осындай сақылардан ел билеушілер де шыққан. Мысалы, Фирдоуси тұсында Иран тағына патша болған Махмұд бір кезде құл екен. Өзі түркі тайпаларынан шығыпты. Кейін, ол өз қызметшісі Аязды әмір етіп сайлапты. Осыдан барып құлдан патша болған қарапайым еңбек адамдарының образы Орта Азия әдебиетіне кең таралып кеткен («Аяз би» ертегісі). Жыртық шапанын босағаға іліп қойып: «Аяз, әліңді біл», – деген сөз содан қалса керек» – деп жаза отырып, сөздің танымдық ерекшеліктерін таныта терең талдаулар жасайды. Ғалым «аударма – нәзира әдебиет» ретінде Рабғузи қиссаларын жақсы зерттеген. Әр қиссаға жеке ғылыми тал­дау беріп қана қоймай, мәтіндерді толық беруі, мәтіндегі мәнді ойды оқу­шыға сол қалпында бұзбай жеткізуді ойлауы аса құнды деп ойлаймыз. Өйткені, кеңестік кезеңдегі ғылымның бір осал тұсы: көркем шығарманың немесе тарихи ескерткіштің негізгі мәтінін қосымшаға қалдырып, оның теориялық жағын қазбалауға, көркемдік-идеялық ерекшелігін зерделеуге терең мән бергені еді. Идеялық дегеннен шығады, ескерткіш мәтіндерінен кеңестік идеологияға сәйкес келетіндей ойларды табу маңызды саналды ғой. Сондықтан ба екен, қазіргі кезде де ғылымда мәтінтану ғылымы кеңестік түркітану ізімен кешеуілдеп дамып келе жатыр. Мәтінге мән бермей, мәтін туралы ғылыми талдау жасау, мәтінді оқытпай, оның көркемдік-идеялық ерекшелігін талдау – қазіргі таңда оқырманның азаюына алып келді ме екен деген де ой оралады, кейде. Ал, Алма апайда авторлық шығарманың мәтіні үнемі басты орында. Қиссаларды қажет кезінде тауып оқу керек болса, Алма апайдың кітабын іздейтініміз анық қой. Ғылыми талдаумен, зерттелуі-зерттеуімен қатар мәтіндердің толықтай берілуі Алма Қыраубаева зерттеуінің басты бір ерекшелігі дер едік. Ал, енді, алым жасаған аудармаға назар аударайық: 3. Аспан дәптерін түнге ұстатып қойған, Жаһан жаратылысын сөзге ұстатып қойған. 5. Ауада сұңқар жемі – жаратты қуды, Толған айдай құбылтты бір тамшы суды. 9. Жер үстіне құдіретімен дария жаратты, Сәдептің інжуі лала жаратты. Ақынның талғампаз суреткерлігін «дүниедегі қарама-қарсылықтың бірлігіне талдау жасап, өз түсінігін контраст арқылы қызғылықты суреттеп отыр. Оның фантазиясы тікен мен гүлдің бір сабақта өніп-өсуі, ұлу қауашағында асыл тас інжудің сақталуы, құрғақ қамыстан тәтті дәмнің шығуы, ауада ұшқан сұңқардың жемі болуы үшін қудың жаралуы, тағы басқа табиғат сырлары ойға қалдырады, сөйтіп өмір жайлы өзіндік философия тудырады» деп талдайды. Алма апай «Ежелгі әдебиет» атты еңбегін өзінің жаны сүйген, жанын түсінген студенттеріне арнапты. «Қадірлі студент» деп басталатын алғы сөзінде «Қазақ халқы – дүниенің төрт бұрышын мекендеген адамзат баласының ең озық өркениетке жеткен ұрпақтарымен терезесі тең, телегейдей тарихы бар, тебірентер мәдениеті бар ел» деп бастайды. Ал, осындай сөзден кейін Алма апай шәкірттері қалай елін сүймесін. Өзі «Жаным садаға» атты жинағында атап өткеніндей, «60-70 жылдардағы студенттердің көңіл санасын оятқан профессор Б. Кенжебаев, профессор Кәкішев, З. Қабдолов, Х. Сүйіншәлиев, М. Жолдасбеков, Р. Нұрғалиев сияқты адал ұстаздарымыздың батырлығының арқасында біздің ұрпақ өсті» – деп жазса, 70-90 жылдардағы студенттерді Алма апай осындай жігерлі де мәнді ғылыми зерттеулерімен, кең тынысты, ақпараты мол дәрістерімен өсірді, жеткізді. Қазақ мәдениетінің тарихын, ғалым өзінің ұстазының ұстаған тура жолымен, біздің жыл санауымыздың арғы жағынан бастай отырып, ілкі ата-бабалар – сақтар, ғұндар, түріктер деп жалғастырады. Ғалым сақ заманының көзайым болған күміс тос­тағандағы жазудан бастап (А.Аманжолов оқыған нұсқасын атайды) қазақ жазуы мен әдебиетін, тарихын таразылайды. Атақты Геродот тарихынан бері сақталып келе жатқан, біздің заманымыздан 1500 жыл бұрын өмір сүрген Тарғытай бабадан бастап, түрік мемлекетін құрған көсем Алып Ер Тұңға, одан бергідегі түрік тарихын бір сүзіп өткен ғалым олардың түрік жазуымен жазғанына ерекше мән береді. Өйткені, тек жазу ғана мәдениеттің басты және бұлтартпас сақтаушысы. Кез келген жазу сол ұлт­тың дәстүрлі мәдениетін, елдігін, тарихи жадын сақтайтын жәдігер екенін ескерсек, мұ­ның мәнісі түсінікті де. Өзгемен иығы тең тұрып, тең сөйлескен, досын да, дұшпанын да мойындатқан Көк түріктің тұсында төл жазуы болғандығы тарихи бұлтартпас дерек. Көк түріктер жазуының ерекшелігі – бүгінгі түр­кі жұртына ортақ, түсінікті болғаны ғана емес, түркі тілінің шынайы болмысын таңбалап, табиғи сөйлеу тілін анық та дәл белгілеуі еді.Тек тарихи деректер ғана тарихтың дәлдігін тайға таңба басқандай дәлелдейді. Осы ретте Алма Қыраубаеваның Алып ер Тоңа жырын М. Қашқари еңбегіне сүйене отырып талдауы – жүйелі, қолжазба мәтіні негізінде көркем шығарманы талдап, танытуы – зерделі. «Ежелгі әдебиет» еңбегінің мен үшін тағылымды жағы тағы да Алма апайдың мәтіндерді таңдап бере білуі. Біз мәтіндермен жұмыс істеуді тереңірек дамытуға тиіспіз. Шетелдік ғалымдардың қай-қайсысы болса да, ғылыми жұмысты, ең алдымен, мәтінді іздеп, өз көзімен көріп, танысып, танудан бастайтынын еске алсақ, Қыраубаева зерттеулерінің бағасы артып, құндылығы биіктей түспек. Бұл туралы ғалым өзінің «Жаным садағасында» тағы да былай деп жазыпты: «Сабақ барысында мектепте болсын, жоғары оқуда болсын, көркем шығарманың тексін оқуға мән бермейтінімізге көзім жетті. Біздің оқуымызда шолушылық, сипаттаушылық басым. Студенттер жүздеген шығарманың атын естігенімен, нақты біліп шыға алмайды». Бір күні Алма апайды ҚазҰУ-дың ал­дында жолықтырдым. Қолында біраз жүк боларлық сөмкесі бар екен. Көмектесіп, бірге жүрдік. «Көп іс тындырып келе жатырмын», – деп Алма апай әңгімені өзі бастады. «Докторлық диссертациямды бітіргелі біраз болып еді, алайда қорғауға шығу үшін, М. Мағауиннен рұқсат алып, сол кісіден кейін қорғауым керек деген ішкі тосқауылымды алып тастап келе жатырмын, – деді апай. Сөйтіп, қазір ғана Мұхтар Мағауинмен кездесіп, әңгімелесіп, одан диссертация қорғаңыз деп өтінгенін, Мұхтар ағаның Алма апайға өзінің ешқашан қорғау туралы ойы болмағанын, жазушылықтың өзі жететінін, Алма апайға қорғау қажеттігін айтып, докторлық жұмысын қорғауға рұқсат бергенін айтты. Апайдың сол сәттегі көз жанары қайсарлық пен мейірімге толып, кісілік пен кішіліктен нұрланып тұрғандай болып көрінді, маған. М. Қашқаридың «Кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі» деген қанатты сөзі бар еді деп, табан астында есіме түскен сөзді айтып жатырмын. Апай, әдеттегінше, үнсіз жымиды да «мен бұл ісімді ерлік деп есептемеймін» деген-ді. Ал, мен үшін, біз үшін, қазіргі жастар үшін – ұлылық белгісінің үлгісі болып қала бермек. Алма Қыраубаеваның докторлық диссертациясының негізі «Шығыстық қисса-дастандар» атты монографияда жарияланды. Бұл зерттеудің басты құндылығы ретінде шығыстық қисса-дастандардың қазақы рухпен терең түсіндіріліп, жүйеленіп, теориялық тұғырын айқындалып, әлемге ортақ бас­ты танымдық құндылықтардың қазақ даласындағы көркемдік түсінік-пайыммен де байланыстылығын, ортақ мотивтердің молдығын ғылыми-тео­риялық тұрғыдан негіздеп, ашып көрсеткені дер едік. «Əлемдік мəдениет дегеніміздің өзі пла­нетамыздағы сандаған халық­тардың мəдениет жетістіктерінің жиынтығы (синтезі), ол көптеген мың жылдықтарда қалыптасты» – деп бағалап, кең тарал­ған әлемдік мифтер арасынан қазақ даласындағы аңыздардың жұрнағын іздеп, салыстырып, байланыс іздейді, табады, дәлелдейді, анықтайды, ғылыми тұжырым жасайды. Тувадағы Ұйық өзенінің бойынан табыл­ған көне түрік жазуында: «Мен жиырма төрт жасымда еліммен, туыстарыммен, қа­руыммен және ерлік істеріммен қоштастым. О,қасиетті Ұмай! О, менің өмір жылдарым! Туыстарым, мен сендерді қалдырдым!» – деген жолдар бар (Короглы Х.Г.,1983-113-114). Бұдан Ұмай ана бейнесінің Заратуштра замандарынан – бүгінге дейін жеткен мифтік бейне екенін көреміз. Қазақтың: «От ана, май ана» деген: «Ұмай ана» екеніне дау болмаса керек. Жер-су бейнесіндегі Ұмай ана – ежелгі анимизмнің айғақтары, – деп зерделейді ғалым өз зерттеуінде. Алма апай «Мыңжылдық жолаушы» атты ғылымдағы үзеңгілес ағасы профессор М. Жолдасбековке арнаған мақаласында «Қазақ әдебиетінің мың жылына сапар шеккен әлгі саяқ жолаушыларды Әл­кей Марғұлан, Бейсембай Кенжебаев, Әуелбек Қоңыратбаев, Ағжан Машанов деп танимыз. Бұлар өздері іздеген ғасырларға тұлпар мініп, сар далада сам­ғаған түріктердің жүген ұстаған жаяу ұрпақтары болатын. Ел үшін ерні кезерген сол жолаушылар тапқан рухани байлық енді мың жылдық ұрпақтың азығына айналғандай еді», – деген екен. Бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымы осы «мың­жылдық ұрпақтың азығына айналған саяқ жолаушыларының» қатарына Алма Қырау­баеваның өзін де қосып атары даусыз шындық.

641 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз