• Заманхат
  • 05 Қазан, 2012

Ғылым және философия

Досмұхамед Кішібеков, академик, Тимур Кішібеков, профессор

Болон келісімі бойынша қазір барлық жо­ғары оқу орындарында магистранттар мен докторанттарға «Ғылым тарихы мен философиясы» атты жаңа пән оқылатын болды. Бұл бұрынғы аспиранттар мен студенттерге оқылып келген «философия» пәнін жоққа шығару емес керісінше жастарды жан-жақты білікті маман етіп дайындаудағы жаңа қадам және жоғары талап болып табылады. «Философия» бастауыш білім пәні ретінде жоғары мектептегі бакалавриаттарға оқылады. Сонда бұлардың айырмашылығы неде деген сұрақ туындайды. Бұл ғылым жан-жақты дамып, оның зерттеу объектісі тереңдегеніне байланысты философияның методологиялық, дүниетанымдық рөлін нақтылап күшейту үшін жасалып отырған әрекет. Өйткені, дүниені зерттеуде тоқтау болмақ емес. Ғылым неғұрлым нәзіктеліп, тереңдеген сайын олардың зерттеу шеңбері тарылып, олардың басқа ғылымдармен байланысы сейілген сайын оларға философиялық байланыс ауадай қажет болуда. Басқа ғылымдармен байланысы азайған сайын, оларға философиялық жәрдем жасалмаса, ондай ғылымдар қоғамда да өз орнын таба алмай дал болады. Философия данышпандық ілім ретінде сақталып, оның бастауы ретінде өмір сүре бермек. Ал, жаңа пәнді үздіксіз даму үстіндегі қоғам талап етуде. Өмір өзгеруде, ғылым дамуда. Соған сәйкес адамдардың дүниеге көзқарастары да, оған негіз болған ғылымда бір орында қозғалмай тұрмақ емес. Бәрі қозғалыста, өзгерісте. Ғылым тарихы мен философиясы да сол өзгерістегі өмір талабының туындысы. Бұрынғы ғылымдарға жалпы әсер етіп келген философия орнына, әрбір жеке ғылымға нақты әсер ететін жағдай туындады. Олай болса, «Ғылым тарихы мен философиясының зерттеу пәні де сол нақты ғылым. Мақсат сол пәнді әрбір жеке ғылымдарға жақындату. Әрине, бұл пәнде философияның категориялары мен заңдары керегінше толық қолданылады. Осыған байланысты тағы айтылатын мәселе ол «Ғылым тарихы мен философиясы» Батыс Европада XIX ғасырдың 30-шы жылдарында дүниеге келген позитивизм емес. Өйткені, позитивизм («оңды», «дұрыс» деген сөз) ұғымы философияның методологиялық дүниеге көзқарас ілім екенін мойындамайды. Ол әрбір ғылымның өзіндік философиясы бар, соны білсек, жеткілікті деп, ғылым атасы философияны ұсақтап, оның тұтас дүниетанымдық мәнін кетірмек болды. Позитивизм пікірінше философия өмірден алшақ, өмірге, ғылымға тигізер нақты пайдасы белгісіз. Оның орнына нақты ғылымды зерттеу дұрыс, оңды сияқты. Бірақ, «Ғылым тарихы мен философиясы» – позитивизмге қарама-қарсы ілім. Мақсат әрбір жеке ғылымды бетімен жібермей белгілі қоғам даму талабына сай бағыттап, жалпы теория тұрғысынан қаруландырып, толықтырып отыру. Қашанда қозғалыс, даму, прогресс қажеттілікке байланысты. Барлық нәрсенің бастау себебі – қажеттілік. Әрбір халықтың өзіндік тілі бар. Ол қайдан пайда болды? Қажеттіліктен. Алғашқы адамдар бірімен-бірі түсінісу үшін тіл қажет болды. Ол алғашқы ымнан, кездейсоқ дыбыстан басталып, бірте-бірте нақты ұғымға айналды. Кейін, өмірге, тіршілікке сай, ол дамыды. Сондай-ақ жазу, сызу ше? Ол қайдан пайда болды? Ол да қажеттіліктен. Көргенді, білгенді есте сақтау үшін. Қазір әрбір халықтың тілімен қатар, оның жазуы бар, Шығыста иероглиф, таяу Шығыста (арабта) созылмалы, ирек, Европада латын т.б. белгілер. Оған дейін руна жазуы болды дейміз. Бәрінің шығу негізі бір. Ол кәдімгі «таяқ» пен «дөңгелек». Мәселен, қазіргі барлық халықтар жазуынан осы екі белгінің көрінісін байқауға болады. Олар қалай дүниеге келді десек, алдымен себеп болған малға «таңба» қою. Оның бастауы – меншік. Айталық, біреу үй салды, қора жайы бар. Оны ол орнатты. Олар оның меншігі. Ешкім оған таласпайды. Ал, мал аяғымен далада жайылып жүреді, бірімен-бірі араласады. Олар кімнің меншігі? Дәлелдеу қиын. Айғақ керек. Осы қажеттіліктен «таңба» дүниеге келді. Ал, сол таңбаға негіз етіп нені алу керек? Әрине ең оңайы, күнде көретіні: кәдімгі таяқ пен дөңгелек. Таяқты керегінде адам қолданады, ал дөңгелек ше? Ол да солай. Күн дөңгелек, көк жиек дөңгелек, ошақ айналасы дөңгелек. Дөңгелектің барлық жағы бірдей, артық тұрған жері жоқ. Ғылым тарихы Әрбір ғылым тарихын, сол ғылым адамдары зерттейді, зерттеуі керек. Онсыз ғалым сол ғылымның өкілі бола алмайды. Ал, философия ғылымына оның бәрін зерттеу міндет емес және мүмкін де емес. Философтың ғылым тарихына байланысты зерттейтіні басқа. Оның зерттейтіні ғылым өмірге қашан енді, қалай келді, не түрткі болды. Ғылым жолы қалай қалыптасты және оның даму жолында қандай қиындықтар, ішкі және сыртқы кедергілер кездесті, солар қалай шешілді? Міне осындай проблемалар. Бірақ, бұл да әрбір жеке ғылымдар өсу жолын зерттеу емес. Жаратылыстық, техникалық, басқа да ғылымдардың тарихын біз XVII-XVIII ғасырлардан бастаймыз. Оған дейін физика, химия, биология, т.б. ғылымдардың бастауы, зерттеушілері болмады ма, болды. Ал, болған болса олардың әрекеті неліктен ғылым болып есептелмейді. Ол шынында да солай. Олай болса, себептері неде? Міне, философтар ғылым тарихына байланысты, осы мәселелерді аңғарып, белгілі қорытындыға келуі тиіс. Өйткені – философия танымдық ілім. Бұл мәселе, алдымен әр заманда өмір сүрген даналар еңбектерінде бейнесін тапқан. Біз философия өкіліне жататын болған соң, алдымен сол философтар еңбегін зерттеп білуіміз керек. Тек солардың еңбектері арқылы фи­лософ ғылым тарихының терең жолдарын біле алады. Жаратылыстану, техникалық, медициналық ғылымдармен бірге физика, химия, астрономия, т.б. ғылымдарда жаңа дәуірде дүниеге келді дейміз. Ол шынында солай. Оған не себеп болды? Батыс, Еуропа елдерінде, әсіресе, Англияда сол кезде өндірістің күрт дамуы, алдымен тоқыма фабрикасының дүниеге келуі. Әрине, оның да өзіндік себептері болды. Екі жүз жылдай тоқтап қалған Шығыс пен Батыс елдері арасындағы бұрынғы сауда жолы, XV ғасырда теңіз арқылы қайта ашылғанда Шығыстан алғаш келе бастаған түрлі тауарлар жұтынап отырған Еуропа елдерінің, бір жағынан мұқтажын орындап керегін толтыра бастаған болса, екінші жағынан Еуропа елдерінің де көзін ашты. Сауда екі жақты тиімді болуы үшін Еуропа елдері де қарап отырмай, базарға бір нәрсе шығаруы қажет болды. Сол кезде алдымен ойлап тапқандары тоқыма бұйымдарын шығарып, шығыс елдерімен тең сауда қатынас жасау. Шығыстан жібек, мақта материалдары, шәй, қызыл бұрыш, алтын, күміс бұйымдары, фарфор, т.б. қаптап келе бастады. Еуропа Шығыс елдерде жоқ, оларға қажет жүннен тоқылған бұйымдар ұсынды. Ол үшін машина өндірісін қолға алу, мамандар дайындау, ғылымға сүйену керек болды. Сөйтіп, нақты талап, нақты нәтиже әкелді. Мәселен, химия ғылым болып XVII ғ. қалыптасты. Әрине, оған дейін химия ісімен араласқандар болды. Мәселен, ол химия өкілдері темірден алтын іздеп тәжірибе жасады, әрекеттенді, бірақ таба алмады. Физика туралы еңбектерді Арис­тотельде жазды. Бірақ, ол кезде ол да ғылым болып есептеле алмады. Өйткені, олардың әр қайсысының ішкі заңдары бар. Олар ашылмады. Заңдылыққа сүйенбеген ілім ғылым емес. Ғылым заңдарын ашқан нақты өндірістік талап. Ал, машина жасау үшін бір емес, бірнеше табиғат заңдарын білу қажет болды. Оларды ашып, техниканы дамыту, металдардың қасиетін біліп, техникаға қолдану, түрлі машиналар жасап, пайдалану өндірістік «революция» аталды. Сол арқылы ғылымға нақты талап күшейді. Ғалымдар, енді, сол талапқа жауап іздеді. Белгісіз болып келген табиғат құбылыстары ашылды. Жаңалық ашып, өмірге ендірген ғалымдар шықты. Сөйтіп, барлық прогрестің бастауы қашанда қажеттілік, кіріптарлық. Ол болмайынша адамдар нақты ізденіс жасамайды. Бұрынғы ізденістер көбіне жәй қызығушылық, не кілтін таба алмаған әрекет болған болса, енді олар нақты талапқа жүйелі ізденіс жасады. Нәтижесінде бір ғылым бір ғылымға әсер етіп, көптеген ғылымдар дүниеге келді. Өндірістік революция енді рухани революция тудырды. Бірақ, білім-ғылымның басталуы өте ерте замандардан байқалды. Мәселен, адам өзінің табиғи қабілеті мен мүмкіндігін ұзарту үшін таяқ, тасты қолданды. Өзеннен өту үшін көпір салды, суда жүзу үшін қайықты ойлап тапты. Малдың күшін пайдаланып, ауыр жұмысты жеңілдетті. Сүйрейтін бөренені пайдаланудың орнына дөңгелекті ойлап тауып, арба жасады. Атқа мініп ұзақ жолға шығу үшін ер тоқым, үзенгі, ноқтаның орнына ауыздықты жүгенді, ат дорбаны тапты, науқасты емдеп, сауықтыру амалын ашты. Ибн Сина (980-1237) айтқандай науқасты емдеу үшін үш нәрсе қажет болды. Олар өсімдік, пышақ, сөз. Сол кезден бастап түрлі операцияларды дәрігерлер жасаған болатын. Олар өмірден туындаған әрекеттер еді. Мәселен, қолдағы малдың тұқымын жақсартуды да ойлап, жолын тапты. Бірақ, биология, медицина ғылым бола алған жоқпын. Өйткені, ол кезде организмнің ішкі заңын ешкім аша алмаған болатын. Антик дәрігері Гиппократ (460-1377) ауруды емдегенде оның жанын ауыртпауды ұсынды. Операция жасағанда жанды ауыртпайтын ем болатынын ол қайдан білсін. Ондай ем арадан 2,5 мың жылдар өткенде мәлім болды. Рухани дүниеде жазу, сызу, есептеуде сол өмір талабынан туындады. Қашанда «ғылым» екі саладан тұрады. Бірі «категория» (ұғым) екіншісі «заң». Категория танымының белгілі топтаманың діңгегі, ол пайымдалған, жинақталған ой. «Заң» ғы­лымның негізі. Табиғаттың заңын аша алмаған ілім – ол ғылым емес. Ол құбылыстың себебін аша алмайды, болашақты болжап, жөн сілтеу қиын. Енді, сол екі ғылым саласы қалай қалыптасты. Алдымен категорияға тоқтайық. Категория жалпылық ұғым ретінде құбылыстарды, заттарды топтау, жіктеу арқылы қалыптасады. Ондай ұғымның туындауы танымның белгілі бір сатысы. Алғаш ол туралы ой қозғап, пікір айтқан антик философы Парменид (б.з.д. 540 жылдар) болатын. Оған ол «болмысты» жатқызды. Бірақ «болмыс» оның пікірінше объективтік орта, шындық, табиғат емес, тек ой. Солай десе де, Сок­рат Парменидті ғажап терең ойшыл деп атады. Сократтың бұл пікірін Платон жоғары бағалап қуаттады. Бірақ, сонымен қатар ол мынадай төрт категория ұсынды. «жекелік», «өзгешелік», «тұрақтылық», «өзгерістік». Аристотель «болмысты» ой емес, «мән» деп түсініп, соған байланысты «мәнді» қоса оған он категория ұсынды. Олар мыналар: «мән», «сапа», «сан», «қатыстық», «орын», «уақыт», «әрекет», «абыржу», «жағдай», «иемендеу». Аристотель пікірінше осылардың бәрі «болмысқа» мән арқылы жататын көрінеді. Бірақ, «мән» Аристотельше сезім арқылы қабылданбайды, «мән» Аристотельше «зат дегеніміз не»? деген сұрауға жауап бере алмайды, нақтылы зат бола тұрса да. Мән нақты білінбейді, көрінбейді. Қабылданатын заттың мәні емес. Оны бейнелейтін қасиет. Олай болса, Аристотель категория жөнінде Парменид пен Платонға қарағанда ілгері қадам жасады. Г.Гегель айтқандай, сапа дегеніміз, затты нақты етіп сипаттайтын белгі, сапасын жоғалтқан құбылыс зат болудан айырылды. «Таза ақылға сын» деген еңбегінде И.Кант он екі категория ұсынды. Кітаптың «Трансценденттік аналитика» тарауын төрт параграфқа бөледі. Олар мыналар: «сан», «сапа», «қатынастық», «модальдық». Бұл параграфтардың әр қайсысына үш категориядан бөледі. Мәселен, «сан» параграфына «бірлік», «көптік», «бүтіндік» категориялар жатқызады. «Сапа» параграфына «шындық», «терістеу», «шектеу» категорияларын ендіреді. «Қатынастық» параграфына «тиістілік», «еркіндік», «себептілік», «модальдық» параграфын, «мүмкіндік», «тіршілік», «қажеттілік» категорияларын ендіреді. Бұл категориялар И.Кант пікірінше объективтік шындықтың бейнесі емес, яғни өмірдегі заттар анықтамасы емес ақыл құралы, тек сол құралдар арқылы адам объективтік өмірді танып, біледі. Сөйтіп, категориялар дүниені тану арқылы пайда болып, дамыды. Қазір ондай категориялар сансыз көп, есептеу мүмкін емес. Бұл ғылым тарихының дамудағы бір көрінісі, қалыптасу кезеңдері. Ғылымның категориямен қатар оның құрамды бөлігіне жататын заң дедік. Заңды білмейінше қоғамға, табиғатқа ұтымды, пайдалы қатынас жасау мүмкін емес. Ғылымды үлкен қару ететін оның ішкі құрылымы. Ол объективтік шындықтың заңын білетіндігі. Тарихта алхимия, флогис­тон, ятрохимияның бір кезде пайда болғаны объективтік шындықтың заңы. Объективті өмірдің заңын білмейінше барлық ізденіс ол ғылым емес, әлгі келтірілген мысалдар, соның айғағы. Біз жеке, техникалық ғылымдар XVII ғасырдан басталды дейміз. Шынында да ол солай. Оған себеп болған өндірістік үздіксіз даму. Сонда, заң дегеніміз не? Ол – байланыс. Бірақ, байланыстың түрі көп. Ол кездейсоқта, уақытша да, қажетсіз де болуы мүмкін. Әйтсе де, мұндай байланыс заң бола алмайды. Заң болу үшін байланыс тұрақты, қайталамалы, қажетті болуы тиіс. Ондай байланысты байқаған адам әр нәрсенің нәтижесін біледі, болашақты айта алады. Нәтижесі пайдасыз, зиянды болса, онда ол ондай байланыстан өзін бөлек ұстайды. Міне, заң дегеніміз осындай байланыс. Ғылым сол заңды білу арқылы бұрынғыны талдайды, қазіргіні пайдаланады. Болашақты барлайды. Категория өмірді топтау арқылы пайда болса, заң оның ішкі қозғалысын, байланысын ашу арқылы белгілі болды. XVII ғасырда өмір сүрген ағылшын философы Фрэнсис Бэкон танымдағы индуктивтік, эксперименттік әдістің негізін салды. Англияда Корольдан кейін екінші адам мемлекеттік қызмет дәрежесіне жеткеннен кейін, ол үлкен еңбек «Ғылымды кемел қалпына келтіру» жоспарын бастамақ болды. Оның жоспарынша, ол еңбек алты саладан тұрмақ болатын. Бірақ, табиғат берген аз өмірінде Ф.Бэкон тек екі-ақ еңбек жазып үлгерді. Бірі «Ғылым жетістігі мен ұлғайту туралы», екіншісі «Жаңа органон». Бұл еңбектердің соңғысын философиядан кандидаттық емтихан тапсырғандар біледі, ал, алдыңғысы көпшілікке беймәлім. Сол еңбекте, Ф.Бэкон ең алғаш болашақ ғылым орталығы, яғни, «Ғылым Академиясы» туралы әңгіме қозғайды. Ол жерде ғалымдар ғылыми жұмыспен айналысатын болады. Сондай-ақ, сол еңбегінде ол ғылымды саралап, жіктейді. Одан соң ғалымдарды зерттеушілер және сарапшылар деп екіге бөледі. Ф.Бэкон пікірінше ғылыми ашылған жаңалықтарды санада ұзаққа сақтау үшін ғылыми кітаптар жазу керек екені және ол кітаптар ғылыми кітапханаларда сақталуы айтылады. Сонымен қатар, Ф.Бэкон ғылыми жалғастық болуы үшін ғылым бастамасы үзіліп қалмас жағын ойластыра келіп, әрбір ғалымның оның жұмысын жалғастыратын шәкірттері, яғни аспиранттары болуын атап керсетеді. Ақырында, әрбір университетте жүргізіліп жатқан ғылыми жұмыстар, бөлек-бөлек, бірінен-бірі алшақ, дара-дара жүргізілмей бір салада, бір бағытта ұдайы жалғастықта болуы үшін университеттер арасында тығыз байланыс, одақ болуын алға тартады. Әйтпейінше, ғылыми жұмысты ілгері дамытып, тереңдетудің орнына, бірінің ашқанын бірі білмей, бірін-бірі қайталап, ілгерілеу тоқтап қалатынын ескертеді. Сөйтіп, Фрэнсис Бэкон болашақ ғылым даму жолын алғаш ашып, оларды прогреске үндейді. Ғалымның тарих алдында ары таза болуы керек. Ол, ең алдымен, зерттелген еңбекте пайдаланылған әдебиетке шын сілтеме жасап, көрсету керек. Ол не береді? Кейінгі зерттеушінің жолын ашады. Іздегенін тез тауып, ілгері жылжиды. Бекер әуре болып, уақыт жоғалтпайды. Бұл мәдениет, ғылым болашағын ойлағандық. Бұл негізгі ғалым әдісі, іс әрекеті. Бірақ, кейбір біздің өз арамыздағы ғалымдар еңбектерінде сілтеме бермейді. Мақсаты өзін ойлап, сілтеме тек өзіме жасалсын дегені. Бұл адалдық емес. Бәлкім оның көрсеткені қате де шығар. Ғылым болашағын ойлаған адам мұндай әдепсіздік жасамайды. Тағы бір мәселе, интернеттен көшіріп алып, кітап шығаратындар пайда болды. Бұл плагиат (рухани ұрлық). Ғылым жолын кесетін кесел, жұқпалы ауру. Егер біреудің еңбегін көшіріп алып, соған өз пікірін айтса бір сәрі. Бірақ олай емес. XVIII ғасырда өмір сүрген Француз философы Дени Дидро «Табиғатты түсіндірудегі ойлар» деген еңбегінде ғалымдардың бетін табиғатты зерттеуге бұру үшін, табиғатты әйелмен салыстырады. Табиғат та әйелдер сияқты өзінің ішкі сырын тек табанды, шыдамдыларға ғана ашатындығын айтады. Олай болса, «Ғылым тарихы мен философиясын» зерттеуге тырысқан ғалымдар мәселенің осы жақтарына көңіл аударғаны жөн. Бұл күрес ғылым жолы оңай емес, қиын, ауыр екенін, ғалым сол ауыр жұмысқа бел байлап, дайын болуын қажет етеді. Тек солай еңбек еткен ғалым ғана өз орнын тауып, ғылымға үлес қоса алады. Бұл ғылымның ауыр даму жолын ірі философтар еңбектерімен танысып, білу арқылы ұғынамыз. Бұл ғылым тарихын жәй баяндау нәтижесі емес, талдау, сараптау, ой қорыту арқылы қалыптасады. Ғылым тарихы – ол ғылымның пайда болып, өсу жолы. Оны білу жастарды ғылым жолының қандай екенін ойландырады, ілгері ұмтылуға талпындырады, көзқарасының шеңберін кеңітіп, білімін тереңдетеді. Бұл өмірде әлі сыры ашылмаған проблемалар шексіз көп екенін көрсетеді, бойындағы мүмкіндіктерін ашады. Философ үшін мақсат – әрбір жеке ғылымның тарихын зерттеу емес. Өйткені, бұл тығырыққа әкелетін жол. Онда философия жол сілтейтін, бағыт беретін міндеттерінен айырылып қалады. Сондықтан, философтың бұл саладағы міндеті жалпы ғылым тарихын зерттеп, білу, оның категориясын, заңдарымен қарулану, өсу жолын бағдарлау. «Ғылым тарихы мен философиясына» байланысты тағы айтылатын пікір магистранттармен сабақ жүргізудің жаңа методикалық әдісі. Ол тарихтағы ірі философтардың еңбектерін кеңінен пайдалану арқылы жас болашақ ғалымдардың көзқарасын қалыптастыру. Оған жататындар, Платонның «Мемлекет», Аристотельдің «Саясах», Ф.Бэконның «Жаңа органон», Р.Декарттың «Әдіс туралы ой толғау», Д.Дидроның «Табиғатты түсіндіру туралы ойлар», Т.Гоббстың «Левиафан», И.Канттың «Таза ақылға сын», Г.Гегельдің «Логика ғылым», «Философия ғылымдары энциклопедиясы», т.б. еңбектерден бастап, бүгінгі күндерге дейін маңызды еңбектерді зерттеп білу. Сонымен қатар, егер бұрын студенттер мен магистранттар жалпы философияны, оның даму тарихын, категориялары мен заңдарын оқып, үйренетін болса, бүгінгі магистранттар мен докторанттар әрбір жеке ғылымдардың философиясын семинар сабағында талдайтын болды. Осыған орай, арнайы «Математиканың философиясы», «Физиканың философиясы», «Химияның философиясы», «Геологияның философиясы», «Информатиканың философиясы», «Техниканың философиясы», «Экология философиясы» т.б. тақырыптарда семинар сабағы өткізіледі. Бұл Қ.И.Сәтбаев атындағы техникалық университетте өткізіліп жатқан сабақ жоспары. Бұрын мұндай болмаған. Магистранттар пікірінше сабақ бағдарламасының осылай құрылуы оларды қызықтыратын, білімін қозғап, жаңаша толықтыратын, пайдалы, қажетті нәрсе. Ғылым тарихына байланысты айтатын мәселе, ол ғылымдардың қалыптасуымен ғылымының даму жолының өте ауыр, қиын екендігі. Біз ғылымға берілген ғалымның табанды, шыдамды, ізденгіш болуын айттық. Ұшып-қонып жүретін адамнан ғылыми нәтиже күту қиын. Бірнеше жұмыстың басын ұстаған адам ғылымға беріліп, тапжылмай жұмыс істей алмайды. Сондықтан, ғылымға бүтіндей берілмей, ғылым игерілмейді. Бұл ғалым болудың басты қасиеті. Екінші талап, ол ғалымның ой-пікірінің тұрақты, негізделген, дәлелденген болуы. Нақты проблемаға сай өз пікірі жоқ адам ғалым бола алмайды. «Әдіс туралы ой толғам» деген еңбегінде Рене Декарт екі түрлі ғалым кездесетінін айтады. Бірі өзін бәрінен жоғары ұстап, тек өз ойын дұрыс деп, басқа пікірмен келіспейтін пенде. Ондай адам бір рет қателессе дұрыс жолға еш түспейтін, адаса беретінін айтады. Екіншісі өз ойы жоқ, әркімнің пікірін қоштайтын адам дейді. Осы екеуін айта келіп, өзінің бұл екеуіне де қосылмайтынын білдіреді. Шындында ғалым өз ойын дәлелдеп те, айта да, қорғай да білуі керек. Ол үшін терең зерттеуде басқалардың пікірімен есептесу де керек. Ғалым менменшіл де, жалтақта болмауы керек. Мысалдар көп. В.И.Вернадский, мәселен үлкен биогеохимик. Ол Фаустпимен терең танысқаннан кейін мынадай қорытынды жасады. «Бұл көркем-философиялық еңбекте адамның ішкі құрылымын зерттеуде оның жаңалығы биология, анатомия, морфология, генетикамен барабар, тең» деген пікір айтты. Міне, бұл еркіндік және біліп айтылған нақты ой. Әрбір ғалымда осындай еркіндік, батылдық шешім болу керек. Ондай ой айту үшін академик болу керек деу қате пікір. Ондай пиғылмен жүрген зерттеуші ешқашан нағыз ғалым бола алмайды. Ғалым өз ой қорытындысын айтарында басқалар не дейді деп алаңдаса, онда ол ешқашан ой иесі, ғалым бола алмайды. Әрине, ғалымның қателеспегені жөн. Нағыз ғалым сүрлеу жол іздейді, бұл мақсатта қателесуі де мүмкін, бірақ оның қатесі басқаның оны байқап, жөндеуге, ғылымды дамытуға себеп тигізеді. Атақты физик, Нобель сыйлығының иегері Э.Резерфорд (871-1937) кезінде атом ішіндегі құбылыс күн жүйесіне ұқсас деп, атомның ішінде өзегі бар – ол протон, оны айналып, сәуледей жылдамдықпен жүретін электрон бар, протон плюс, электрон минус зарядымен қамтылған Күнді планеталар қалай айналып жүрсе, әлгі атом ішіндегі кәдімгі бөлшектер де солай құрылысқан деген пікір айтты (1911). Бірақ, соны айтқан Э.Резерфорд атом ішіндегі бөлшек электрон да корпускулды-толқынды дуализм бар деген пікірге зорға, әрең дегенде келіскен болатын. Келіспесе, бұл орасан ғылымға жат, қате болған болар еді. Олай болса, ғылымда қате жібермеуге ұмтылу – ол дұрыс. Бірақ, ол да ізденіске сай бола бермейтін жағдай. И.Кант айтқан болатын: «ғалым ғылымда қате жіберсем, басқалар сол үшін мені сынға алады деп қорықпау керек» – деген. Бұл пікір ғалым қателеспейді деген сөз емес. Ғалым ізденіс үстінде қателесуі де мүмкін. Ғылым жолы белгісіз, ізденіс. Сондай ізденістер арқылы ғылым дамиды. Әрине, сол ізденіс жолында ғалым пікірі көпшілікке түсінбестік көрсетіп, қабылданбауы да мүмкін. Мәселен, Н.И.Лобачевский өзінің Неекид геометриясы деген әлемдік жаңалығын көзі тірі кезінде көре алмай дүниеден өтті. Оның жаңалығы ол дүние салғаннан кейін белгілі болды. Бұл ғалымға өте ауыр соққы, оның денсаулығын бұзады, өмірін қысқартады. Жаңалық іздеген адам мұндай түсінбестік қиянат соққыға даяр болуы тиіс. Бұл ғалым болудың ауыр жолының бір көрінісі. Көпшілік ескі дағдыны қолдайды, жаңаны тез қабылдай қоймайды. Жаңашыл – озық ойлайды. Ғалымның мұны да естен шығармағаны жөн. Композиторлар айтады екен: «адамның ішкі жіңішке сезімдерін жеткізуде тіл жетпейтін кезден әрі қарай музыка басталады» – деп. Антик философы Демокрит: «танымның екі түрі бар – біріншісі шың, екіншісі күңгірт» дейді. Оның пікірінше күңгірт (таным түрі) ең кішкентай бөлшекті көре алмайтын, ести алмайтын, дәмін қабылдай алмайтын, сезе алмайтын нәрсе. Нобель сыйлығының иегері академик И.Е.Тамм (1845-1971) «Егер сіз нағыз қазір­гі физик болғыңыз келсе жоғары маман қол­өнершісі болмай, Сіз материалдық шын­дықтан басқа шындықтың мүмкіндігін жоққа шығармауыңыз керек», – деген. Бұл айтылған пікір Г.Лейбництің (1646-1716) «Монада» деген идеясына ұқсас пікірге жатады. Кезінде «Монада» (идея, жан) атомға (материяға) қарама-қарсы айтылған пікір болатын. Бірақ, ол пікір қабылданбай қалған болатын. Енді, И.Е.Тамм сол пікірді жаңғыртқан сияқты байқалады. Немесе көрнекті Физик Нильс Бор (1885-1962): «Болашақ физика сананы өзіне қосуы тиіс», – деген болатын. Бұл айтылғандарға сыңаржақты қосылуға да, қосылмауға да болады. Анығын өмір көрсетеді. Бірақ, бұл пікірлер тегіннен-тегін туындап отырған жоқ. Себепсіз емес. Танымның шегі жоқ екенін мойындасақ күмәнданбайсыз. Бәрі мүмкін. Күні кеше материя мен идея, ғылым мен дін, шындық пен аңыз арасы айқын, ақ пен қара сияқты болатын. Бүгін ғалым сыңар жақты ойлай алмайды. Ол философ, диалектик болуы тиіс. Дүние бір түсті емес, көп түсті болғандығынан жанға да жайлы. Бүгінде, діннің де ғылымға көзқарасы өзгеруде. Ғылым мен дін аражігі орта ғасырдағыдай емес жұмсарып, түсіністікке келді. Мәселен, біз білетін дүние бар. Ал, ғалымдар бұл дүниеге қарама-қарсы антидүние (антимир) бар дейді. Мәселен, ең жеңіл элемент водород (сутегі) бір атомнан тұрады. Ол атом ішінде бір ғана плюс заряды бар протон мен теріс зарядты электрон бар. Ал, антидүниеде бәрі керісінше болмақ. Ғылым алдында жоғарыдағыдай мәселелер шексіз туындай бермек. Ашылғандары бүгін жаңалық, ертең ғылым тарихы. Ашылмағаны болашақ сыбағасы. Қазір біз материяны айтамыз. Біздің өмірімізде алма ағаш басынан құлап жерге түседі. Оған себеп әлемдік тартылыс күші. Ал, антидүниеде қалай болар екен? Протонның антипротонға айналуы лабораторияда секундқа жетпес болса, сол процесті баяулатып минутқа, сағатқа, аптаға созуға бола ма? Әлде процесс басқаша шешіле ме? Міне, мұның бәрі ғылымның таным арқылы күрделенуі шексіз екендігі. Бұларды тудыратын адам ойы, ақылы емес, ғылымның даму логикасы, бір жаңалық бір жаңалықты тудыратыны. Адам ақылы соларды байқап, тізгіндеп отыруы тиіс. Бұл ғылым философиясына жататын проблема. Философия оймен жүргізілетін ілім. Ол болған оқиғаларды тізбектеп, іріктеп жазып, соның соңында жүретін ғылым емес. Ол фактілерді билейтін, талдайтын, өткен жағдайды талқылап, дұрыс-бұрысын ажырататын, содан қорытынды жасайтын ілім. Айталық, ғылымда не болып жатыр, ол қалай дамуда, қандай жетістіктер бар, оның ескерілмей қалған жақтары бар ма, міне, осындай проблемалар. Әрбір ғылым өзінің логикасы бойынша дамиды, ол неге алып келеді, әрбір ғылымдағы жаңалықтың нәтижесі неде, ол мәселеге ғалым көп жағдайда мән бере бермейді. Ғылым логикасы ғалымды кейде өзіне жетелеп әкетеді. Әрбір ғылымның зерттейтін өз проблемасы, шеңбері бар. Ол сонымен айналысады, басқа ғылымдар зерттеп отырған өзекті мәселелер өзіне байланысты болмаса. Осы сияқты мәселелермен айналысатын философия. Мәселен, атомды физиктер де, химиктер де зерттейді. Әрқайсысының өзіндік зерттеу объектісі бар, бірін-бірі қайталамайды. Айталық, физиктер атом қозғалысын, оның ішіндегі бөлшектерін, солардың энергиясын зерттейді. Химиктер сол атомдар, молекулалар өзгеруі, көбеюі, азаюы арқылы бір заттың өзгеріп, басқа заттың пайда болуы немесе химиялық элементтердің бірінің біріне айналуы т.с.с. мәселелерді қарайды. Бірақ, мақсат физика мен химия арақатынасын алшақтатуда емес, жақындатып, бір заттың өзін әр тұрғыдан қарап, объектіні терең жан-жақты білуде. Мәселен, геологияның физикаға да, химияға да, биологияға да, тарихқа да тікелей байланысы бар. Философ осы мәселелерді бақылап, біліп қана қоймайды. Ғалым байланыстары мен ерекшеліктерін, даму жолдарын, қоғамға тиімді жақтарын саралап, бағалайды, пікір айтады, дұрыс, бұрысын анықтайды. Бұл, әрине, ғылымның философиялық программаларына жатады. Мәселен, тарих ғылымның, оның ішінде археологияны алайық. Жиналған түрлі тарихи материалдар, оның ішінде археологиялық қазбалар қазір өте көп. Бұл дұрыс. Бірақ, сол материалдар көбіне бір тектес біздің заманымызға дейінгі әрі кетсе 2-3 мың жылдықты ғана қамтиды. Одан әрі не болды, оны айтып жүрген тарихшылар көрінбейді. Айтса – басқалар айтып жүр.Археологиялық материалдарды терең талдап тәртіпке келтіру жағы жоқтың қасы. Барлық минералдарды геолог жинап, көрмеге қойса, одан ол минералогия ғылымы болмайтыны сияқты археологиялық материалдар қанша құнды болса да, ол тарихты жазуға ғылыми тірек бола алмайды. Оларды жан-жақты реттеу, сөйлету қажет. Одан соң, біздің тарихшыларымызда өзіндік батылдық байқалмайды. Қит етсе Батыс ғалымдарының біз жөніндегі айтқандарына жүгініп, сілтеме жасайды, сүйенеді. Олар біздің тарихымызды біздей білер ме екен? Онымен жұмысы жоқ. Олардың қатесін қайталайды. Бір-екі мысал келтірейік. Барлық тарихшылар, батыс ғалымдарының айтқанына сүйеніп, алғашқы заманда аң аулаудан кейін, жер шаруашылығы пайда болды. Ал, мал шаруашылығы одан кейін дүниеге келді дейді. Тіпті, тарихта таза мал шаруашылығы болған жоқ дейтіндер басып барады. Бұл шындыққа жатпайтын, логикаға қайшы пікір. Мен оны еңбектерімде талай дәлелдеп жаздым. Бірақ, оған құлақ қойған жан жоқ. Немесе Батыс мамандары әрбір тілдің тарихы 2 мың жыл деп жазып жүр. Бұл пікір Қазақстан тарихында да қайталанады. Жарайды оған да көнейік. Екі мың жылда тіл де, басқа да өзгереді. Ал, бұдан 40-50 мың жыл бұрын өмір сүріп, кейін бірінен-бірі алшақтап кеткен этностарда ортақ сөздер болуы, олардың әлі күнге дейін кейінгі ұрпақтарында сақталуын не деп түсіндіреміз? Мәселен, Америка үндістері мен қазіргі қазақтар арасында ұқсас сөздер бар. Біз неге Африка негрлері мен қазақтар арасында ұқсастық сөздер бар демейміз. Өйткені, ол жоқ. Бұл не сонда? Қазақ ертектерінде ыңғай аңшылық кәсібі айтылады. Жермен айналысып, егін егу айтылмайды. Міне, бұл да тарих ғылымының философиялық проблемасы. Қазіргі ғылыми техникалық прогресс адам өміріне, көптеген жеңілдік әкелді. Бұрын, қолмен атқаратын көптеген жұмыс тәсілін оңайлатып, жеңілдетті. Қолмен атқаратын, баспен ойлайтын, аяқпен жүретін көптеген жұмыстарды жеңілдетті. Бәрін техника өз мойнына алды. Радио, теледидар, газет, журналдар әлемде, елде не болып жатқан жаңалықтарды тез таратып, адамдарды көп нәрседен хабардар етті. Қазір адамдар әлемде не болып жатқанын дәлме-дәл сол сәтінде тыңдап, көріп, бәрімен хабардар болады. Бірақ, ақпарат құралдары тек хабар ғана бермейді, түсіндіреді, талдап, қорытады. Сондықтан, адамдар бұл жағынан да өздігінен хабарды өлшеп, пішуден қалып барады. Өздігінен басын қатырып, ойлаудан гөрі, дайын пікірді қабылдайды. Нәтижесінде адамдар хабарды талқылап, ойлаудың орнына, дайын информацияны өзінікіндей көретін болуда. Бұл неге әкеледі? Бәрі түсінікті, бәрі айқын, басқамен ой бөлісетін еш қажеті жоқ. Тіпті, адамдар екеу-ара ой бөлісуден, әңгімелесуден де қалып барады. Бірін-бірі іздемейді. Әркім өзімен өзі, ақылды, есі дұрыс, білімі бар, маман. Бірақ, адамға тән қажет әңгіме-дүкен құру қалып барады. Біз бұрын жақсы әңгіме жан рахаты деуші едік. Антик философы Эпикур де осылай деген. Енді, ол да керексіз болуда. Тарихты талғайтын, болашақты ойлайтын адамдар сиреп, азайып барады. Осының бәрі ненің салдары? Техникалық прогрестің. Міне, бұл алдымен техниканың, ғылыми прогресс нәтижесі. Осыларды ойлау ғылым философиясына жатады. Біз қазір адамның рухани бейнесін айтып отырмыз. Ал, адам түр, сипаты ше? Ол қазір проблема. Әлемде адамдар семіздіктен құтыла алмай әуреге түсуде. Неге олай? Жейтін тағам калориясы тіршілікке, өмірге жеткілікті. Керегінше қабылданады, ал, организмнен сол энергияны шығару жағы жоқтың қасы. Әрине, спортпен айналысу керек дейміз. Бірақ көпшілік оған дағдыланбаған. Денеге жиналған артық салмақ, адамды шаршағыш, еріншек етеді. Денсаулық, қан айналымы бұзылады. Бұл не сонда? Әрине, философиялық проблема. Ал, енді химияға келейік. Қазір химияның өмірде араласпайтын саласы қалмады. Техникада, ауыл шаруашылығына, тұрмыс жағдайына, киетін киімнен бастап, үй жарақтарына дейін бәріне де химия араласуда. Бұл да жеңілдік. Сәнділік, молшылық. Енді химия ас-тағамға да араласуда. Тіпті, жеміс-жидекке дейін химия араласқан. Қазір таза тағам, таза су, таза ауа бәрі проблема. ХХ ғасырдың 70 жылдарында «ЮНЕСКО «Курьер» атты журнал шығатын, әртүрлі проблемаларға арналған. Сол журналдың бір нөмірі азық-түлікке арналған болатын. Бұрынғы кеңес кезімен салыстырғанда егемен Қазақстанда ғылымға қаржы мол бөлінуде. Бірақ, сол ғылымның қоғамға беретін қайтарымы онша байқалмайды. Бұрын ғылым штабы болатын. Ол әрбір ғылым саласында не істеліп жатыр, нендей проблемаға аса көңіл бөлу керек, соған мән берілетін. Ол академиялық жүйе өте ауыр, баяу болған соң, қазір ғылыми жаңалық пен өндірістік өнім нәтижесі жылдамдасын деп бұрынғы ауыр жолдан жаңаға көштік. Бірақ бұл жаңалықтың да шешілмеген жақтары бар. Айталық, ғылымға көп қаржы бөлінеді. Ал, сол ақшаны игеру үшін әрбір ғылыми орындар, жеке адамдар ұсыныс жасап, жоғарыдан ұсынысын өткізіп, нәтижесі әзірше белгісіз болса да қаржы алады. Кейде авторлар ұсыныс айтады, керек-ақ. Ал, оны орындайтын мүмкіндік бар ма? Не істемек, жұмысты қалай бастамақ, барлық объективтік, субъективтік факторлар жағдай ескерілді ме? Ол жағы қаралмайды. Мәселен, біреу «Айға» саты жасаймын, қаржы бөл деп ұсыныс жасайды. Жоғарыдағылар, «мынау дұрыс екен, қолдайық» деп теңге бөледі. Нәтижесінде теңге жоқ, жұмсалып кетті. Себебі, саты жасайтын ешбір мүмкіндік те, материал да, дайындық та жоқ екен. Міне, бүгінгі ғылымдағы жағдай осындайды ойға келтіреді. Не істеу керек? Бұл проблема. Ғылыми жобаларды ұсынғанда баға­лайтын комиссия мүшелері шет елдік мамандар. Сол үшін ұсынылған жұмысқа ағылшын тілінде түсіндірме жазу керек. Жұмыстың тағдырын шешетін шетелдіктер. Олар біз үшін жаны аши ма екен? Ол бір. Екіншіден, біздің жоғары дамығанымыз оларға қажет болар ма екен. Үшіншіден, конкурсқа ұсынылған жобалар әбден пісіп, талқыланған ба? Әлде тек шала жасалған ойлар ма? Бұрын ғылым Академиясы жобаны әбден «илейтін». Біз дамыған елдерді басып оза алмаспыз. Бірақ сол процесте, олар ескермеген, не оларда жоқ, әйтседе, бізде бар табиғи мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. Мәселен, біз Батыс елдер технологиясын игеруіміз керек. Бірақ, олар жаңа технологиясын ешқашан бермейді. Тек ескісін ғана ұсынады. Біз дамыған елдер сияқты машина бөлшектерін жинақтап жүрміз. Бұл пайдалы іс. Бұл да шетел техникасын үйрену, мамандар дайындауға қажет. Бұл да дамудың бір жолы. Біздің еліміз табиғат байлығы жағынан бай. Жер қойнауында ғана емес, жер бетінде де ашық жатқан мол байлықтар бар екен. Соларды пайдалануда ғылымның алдында сан мәселелер жатыр. Алдымен керегі тәртіп. Оның негізі заң. Ол бәріне бірдей болмай, тәртіпті талап ету қиын. Осындай мәселелерді алдын ала көтеретін ғылым философиясымен айналысатындар болуы тиіс. Олай болса ғылым философиясы сан-салалы проблема. Ғалымдардың патриоттық сезімін оятып, дамыту үшін, олардың алдына «Біз қазақпыз!» – деп радиодан күнде айта бергеннен гөрі, «Сен Отанға не бере аласың?» деген ұран тастау керек. Біз қазір үш тілді білуді айтамыз. Бұл дұрыс. Не үшін ағылшын тілін білуіміз керек? Әрине, сөйлесу, олардың шығармаларымен танысып, білу үшін ғана емес, олардың жетістіктерімен танысып, егжей-тегжейлерін байқап, жетістіктерімен қатар кемістіктерін көріп, өзіміз де соны іске асыруымыз қажет. Шетел ғалымдары да өзіміз сияқты. Олардың да кемістігі жетеді. Бәлкім, артық та шығармыз. Олар қазір қолданбалы ғылымдармен айналысуда. Ол тез пайда әкеледі. Бізде соған көшудеміз. Соған қаражат бөлінеді. Ал, тегеурінді (теориялық) ғылымды олар онша қозғамайды. Өйткені, пайдасы тез келмейді. Бірақ, тегеурінді (фундаменталдық) ғылымсыз қолданбалы ғылым дамымайды. Не істеу керек? Әрине, батыстық елдер тәртібіне бізде көшуіміз керек. Ал, теорияны дамыту үшін теңге бөлмей-ақ тек Отанға не бере аласың деп ұран тастасақ ғалымдар арасынан неше түрлі ұсыныс айтып, жаңалық жасайтындар шығады. Дамыған капиталистік елдерде тегін жұмыс істейтіндер жоқ. Бізде ондайлар әлі кездеседі. Олардың ұсынған он идеясының біреуі оңды болса да үлкен табыс. Бірақ, өз ғалымдарымызды патриоттық идеямен жігерлендірсек, шет ел ғалымдары тек бізді үйретуге ғана емес бізге үйренуге де келетін болады. Шетел ғалымдары тегіс пайғамбар емес.

4500 рет

көрсетілді

14

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз