• Тарих толқынында
  • 19 Сәуір, 2018

ҰЛТ ҚАЙТСЕ ҰЛТ БОЛЫП ҚАЛАДЫ...

Нұрила Есіркеп, Айдана Тасбекова, IT университетінің студенттері

Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – мәңгілік ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел».

Н.Назарбаев

Ұлттық  идея  және  интеллигенция

Адам – қашанда еркіндікті, бостан­дықты аңсайды, тек аңсап қана қоймай, сол үшін әдіс-тәсіл іздейді, күреседі. Бос­тандық, еркіндік, тәуелсіздік – асыл арман. Оған жетудің жолы әрқилы. Негізгісі екеу. Бірі – күрес жолы, екіншісі келісім жолы. Ал тәуелсіздікке қол жеткізген соң оны сақтап қалу, одан да қиын. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін ел ішінде алауыздық болмау керек. Ол үшін халыққа біртұтас идея, алға жұмылдыратын бағыт, мақсат – мұрат қажет. Ұлттық идея – халық мұраты. Бұл бiр көптен көтерiлiп жүрген тақырып. Идея – грек сөзi, образ, ұғым, түсiнiк мағыналарында қолданылады. Атқаратын мiндетiне қарай идея алуан-алуан қырымен көзге түседi. Мәселен, бiрде ол сырт дүние­нi бейнелейтiн қоғамдық сананың пiшiнi болса, ендi, бiрде адамның басты сенiмi орнына жүредi. Әрбір тарихи даму кезеңінде өзіндік идеясы болмайтын ұлт жоқ және де кең ауқымды адамдар тобының санасы мен жүрегін жаулап алуда ешбір идея тиімділігі жағынан ұлттық идеямен теңдесе алмайтыны анық. Ұлттық идея – ұлттың сол тарихи кезеңде өзін-өзі тануынан көрініс табатын ұлттық санада басымдыққа ие көз­қарастар. Зерттеушілер бұл ұғым­ның екі қырына баса маңыз бе­реді. Бір жағынан, қауымдастықтың өзін-өзі ұлт деп танып, түйсінуі, екін­ші жағынан оның ерекше тарихи адамдар қауымдастығы ретіндегі өз көзқарастары, ұстанымдары, құндылықтары жайлы жалпақ әлемге жар салуы. Тарихта мемлекет пен қоғам көшбас­шылары халықтың интеллектуалдық күш-қуаты мен ұлттық ресурсын біріктіріп, ор­тақ мақсатқа бастайтын жалпыұлттық идея тауып отырған. Қиын-қыстау кезеңнен ұлт­ты алға сүйреп шығаратын ұлттық идея­лар мен ұлттық бірегейліктердің әлем­дік тәжірибесін көптеп кездестіруге болады. Ұлы депрессия жылдары АҚШ-ты шыңы­рау­дан алып шыққан Рузвельттің «Жаңа курсы», одан кейін Дж. Кеннедидің «Жаңа қоғамы», түптеп келгенде «америка­лық ар­манның» құрамдас бөлігін құрады. Қазіргі кезде америкалықтар өздерін әлем­дік көшбасшы, бір полюстік әлемнің ор­талығы ретінде сезінеді, рухтанады. Екінші дүние­жүзілік соғыста күйрей жеңіл­ген Жапония­ның қарыштап дамуына күшті идеология­лық тұғырнама себеп болды. Жапония соғыста тас-талқан болып жеңіліске ұшы­рағаннан кейін «Біз соғыста жеңілсек те, бейбіт өмірде жеңіске жетуіміз керек. Қан майданда жеңілдік, бірақ, экономикада жеңу қажет» деген ұлттық идея алға шықты. «Игілікті мемлекет» ұранын көтер­ген Исибаси үкіметінің, одан кейін Икэда үкіметінің «ұлттық табысты екі еселеу» ұранын жалау еткен жоспарлары жапон жұртынан кең қолдау тауып, соғыстан қалжыраған елдің экономикасы өрлей бастады. Күншығыс елі ақыр соңында әлем­дегі көшбасшы мемлекетке айналды. Түбі бір, саяси жүйесі бөлек Солтүстік Кореядан қауіпсіздігін қам­та­масыз етуді басымдық тұтқан Оң­түстік Кореяның ұлттық идеясының мәні – бұрынғы отарлаушы ел – Жапонияны экономикалық даму жағынан қуып жетіп, басып озу болды. Кінәсін мойындау идея­сы және оны жалпыеуропалық құндылық­тарға қосу соғыстан кейінгі Германияға өзі­нің ұлт­шылдық болмысын жеңіп шығуға жағдай туғызғаны анық. Бір кездері генерал Шарль де Голльдің «Ұлы Франция» ұлттық идеясын жүзеге асырғаны белгілі. Өмірінің 27 жылын түрмеде өткіз­ген Нельсон Мандела Оңтүстік Африка Республикасында ақ, не қара нәсілге бөлмейтін, яғни, апартеидсіз ел саясаты ОАР-дың ұлттық идеясына айналды. Бұл ұлттық идея жүректерге жол тауып, әлем­нің қол­дауына қол жеткізіп, ОАР-дың өр­леуіне мүмкіндік берді. Хронологиялық тұрғыдан келер болсақ, Қазақстандағы ұлттық идеяның жасы – қазақ этносымен түйдей құрдас. Ол қазақтармен бiрге дүниеге келдi, әрi тарих сахнасына да қазақтармен қол ұстаса көтерiлдi. Мұратсыз ұлт ұлт болып қалыптасуы да, сақталып қалуы да мүмкiн емес. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегi мемлекеттiктi нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру болса, одан кейінгі кезеңде Ресей, Қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнатып, елдігімізді сақтап қалу болды. Елбасының биылғы Жолдауда айтқан «Мәңгілік Ел» идеясы да осыдан туындаған деп ойлаймыз. «Мәңгілік ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы еке­­нін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құра­тын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қа­райтын бақытты ел болу болатын. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық. Мен қо­ғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Қазіргі уақытта Мәңгілік Ел болу үшін азаматтарымыз (әсіресе, жастар) білім, ғылыммен мықты қаруланған болуы қажет. Себебі, кез келген мемлекеттің басты байлығы ол халқы, адам капиталы. Сондықтан, Мәңгілік Ел болу үшін әр аза­­матымыз осы бағытта жұмыс жасауы керек. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Осы­ған орай, белгілі қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың сөзімен айтатын болсақ: «Қазақтың ендігі ұлттық идеологиясы осы «Мәңгілік Ел» деп ойлаймын. 2050 жылы біз «Мәңгі Ел» бола саламыз деп ешкім кесім жасай алмайды. Елбасы оны айтып отырған жоқ. Қазақтың түпкі арманын меңзеп отыр. Халыққа біртұтас идея, алға жұмылдыратын бағыт, мақсат-мұрат керек. Бұл кешегі Жолдауда айтылған, қазақтың көкейіндегісін дөп тапқан сөз болды деп санаймын» – деген еді. Тәуелсіздік – қасиетті сөз, қастерлі де киелі ұғым. Тәуелсіздіктің туын жел­­­біретіп, жықпай ұстау біздің қолы­мызда. Тәуелсіздігіміздің қадіріне жетіп, оны  көзіміздің қарашығындай қорғау –  баршамыздың борышымыз. Ұлттық санамыз саяси өрісіміз сілкініс жасап, өрлеу жолына түскенде, біздің кім еке­ні­мізді, ата-бабамыздың қандай бол­ғандығын, ұлан-байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап, қалай қастерлегенін, кешегі тектілердің ұрпағы екендігімізді ұғынып, келешекке жеткізу парызымыз. Бұл бағыт-бағдарда ұлттық интеллигенцияның алатын орны ерекше. Міне, осы тұста күрескер, ұлт зиялы­ларының алғашқы толқындарына жататын алашордалық Мұстафа Шоқайды еске алу басты парызымыз. Ол ұлттық интеллигенция мәселесіне ерекше мән береді. Мысалы, Мұстафа Шоқай «Ұлттық зиялы» деген еңбегінде халықтың бұл тобына кімдер жатады, оның әлеуметтік функциялары қандай деген өзекті мәсе­лелерге жауап беруге тырысады. Осы тақырып төңірегіндегі М. Шоқай пікірлеріне құлақ ассақ, ол: «Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп атап», оны «ұлттық зиялы қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттар төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп атауға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіреді» – дейді. Зиялыларға жүктелетін міндет ауыр. Оның ең бастысы, М. Шоқайдың жазуынша, халықты ұлт деңгейіне көтеру болып табылады. Халық – объект, ұлт – субъект болуының да сыры сонда. «Дүниежүзінде зиялыларсыз ұлтқа айналған... халық бұқарасы болған емес».

Ұлттық идеологиямызды ұлықтайық

Қоғам да – тірі организм. Егер де байыпты ойлап қарасақ, қоғамның құрылымы адамның дене құрылысына өте ұқсайды. Адамның организмі тіршілік жасауы үшін дененің әрбір мүшесі бір-бірімен тығыз байланыста болып және әрқайсысы өзінің жеке функциясын атқарып отыратын болса, қоғам да сол сияқты. Оның әрбір саласы бір-бірімен тығыз байланыста болып және әрқайсысы өзінің тиісті міндетін атқаруы керек.  Саясат – қоғамдағы билікті басқарудың әдіс-тәсілдерін іске асырудың құралы болса, имандылық – сол қоғамдағы өмір сүретін адамдардың рухани қасиетін тәрбиелеудің дұрыс жолы, ал, экономика болса, қоғамдағы әлеуметтік өмір тіршілігінің басты тірегі. Олай болса, осы үш сала ұлттық идеологиямыздың негізгі арқауы болуға тиіс. Сондықтан, қоғамымыз дұрыс дамуы үшін, оның әуелі идеясы, осы идеяның дұрыс-бұрыстығын тексеретін оның ғылыми теориясы, сонымен қатар, оны іске асырудың тәсілдерін көрсететін стратегиясы мен тактикасы болуға тиіс. Осы айтылғандардың бәрін қосқанда ол біздің ұлттық идея, идеологиямыз болып шығады. Міне, осы кезде интел­лигенцияның атқарар рөлі үлкен. Біздің санамыздағы ұлттық рух – не­гізінен дінімізден, тілімізден, салт-дәстүрімізден нәр алып, нығайып, дамып отырады. Сол себепті ұлттық рухымызды байытқымыз келсе – дінімізді сақтап, тілімізді жетілдіріп, салт-дәстүрімізді өркендетуге тиіспіз. Рухани тәуелсіздігіміз берік болмаса, саяси, экономикалық тәуелсіздігіміз де баянды болмақ емес. Себебі, адамдардың санасы төмен болса, ұлттық рухани құндылықтарымызды дұрыс бағаламаса, олардың патриоттық сезімі де әлсіз болады. Патриоттық сезім болмаған жерде отанына деген сүйіспеншілік, халқына деген жанашырлық, мәдениетіне деген қамқорлық болмайды. Біздің қазіргі қоғамымызда жүріп жатқан процестер осының айқын айғағы.  Бізге ұлттық идея керек дегенде, Қазақстанда тұратын халықтарды руға, жүзге, нәсілге, дінге, тапқа бөлетін идеология емес, қайта олар­дың басын біріктіріп, адамзат баласына ортақ құндылықтарды насихаттайтын идеология қажет. Яғни, ұлттық идеология қоғамдағы әлеуметтік топтардың идеяларынан жоғары тұруға тиіс.  Дүниежүзінде құрылған 200-дей мемлекеттердің басым бөлігі ұлттық сипаттағы мемлекеттер. Әрбір мемлекеттің өзегі болып саналатын басты ұлт сол мемлекеттің мүддесін қорғайды, ол ұлт Қазақстан бойынша қазақ ұлты болып табылады. Бізде ұлттық идеологияны кейбіреулер «Бұл тек қазақ ұлтының идеологиясы, ал, Қазақстан болса, көп ұлтты мемлекет, сонда, басқа ұлттардың мүддесін кім қорғауы керек» деп, жаңсақ түсінеді. Шын мәнісінде Қазақстан көп ұлтты мемлекет емес, бұл тек қазақ халқының тарихи ота­ны және Қазақстан унитарлы мемлекет. Қазақстанды мекендейтін басқа этностар болса, олар басқа ұлттардың өкілдері және олардың ұлттық мүддесі, діні, тілі, салт-дәстүрі өз тарихи отанында қорғалып, дамып отырады. Қазақстан қазақтардың тарихи отаны болғандықтан, олардың ұлттық мүддесі, діні, тілі, салт-дәстүрі осында қорғалуы керек.  Ол Қазақстан мемлекетінің тікелей міндеті, сондықтан, мемлекеттік идеологияның негізі ұлттық идеологиядан бастау алуы тиіс. Қазақ ұлтының – дінін, тілін, салт-дәстүрін өз елінде сақтап, дамытуға ұмтылуы, бұл ешқандай талас тудырмайтын ақиқат. Кейбіреулер мұны ұлтшылдыққа бала­ғылары келеді. Бұл, біріншіден, қате түсінік, екіншіден, Біріккен Ұлттар ұйымының қағидасына қайшы пікір. Кеңес Одағы кезінде ұлтшылдықты құбыжық көрсетіп, таптық идеология­ны шектен тыс мақтайтын. Соның кесі­рінен, қазір ұлттық идеология десе, оған адамдар сенімсіздікпен қарайтын болды. Біз ұлтшылдық дегенде – бұрынғы отаршылдықта болған ұлт пен отарлау­шы ұлттың ұлтшылдығын шатастырмауымыз керек. Мұның бір-бірінен айырмашылығы – жаңадан тәуелсіздігін алған ұлт, бұрынғы бодандықтың салдарынан өзінің жоғалтып алған ұлттық қасиеттерін-дінін, тілін, салт-дәстүрін қайта қалпына келтіруге ұмтылса, отарлаушы ұлт бұрынғы үстемдігін қайта орнықтыруға ұмтылады. Сондықтан, біріншісінің ұлтшылдығын «патриоттық» десек, екіншісін «шовинистік» деуге болады.  Қазіргі заманды – мәдениет майданы деуге толық негіз бар. Сондықтан, түптің-түбінде қай ұлттың мәдениеті мен өркениеті жоғары болса, сол ұлттың ықпалы үстем болары даусыз. Қазақ ұлты ассимиляцияға қатты ұшыраған халық. Соның салдарынан, қазіргі кезде қала тұрғындары, соның ішінде жастар «мәңгүрттер» немесе «шала қазақтар», ал, ауыл тұрғындары «мәмбеттер» немесе «таза қазақтар» болып екі топқа бөлініп барады. Олай болатын себебі, біріншіден – ауыл қазақтарының ауыл өмір салтымен, яғни, қазақи мәдениетпен, ал, қала қазақтарының қала өмір салтымен, яғни, орыс мәдениетімен өмір сүруімен байланысты болса; екіншіден – қазақтардың рес­публика бойынша санының аздығы және қалалық жерлерде орыстарға қара­ғанда, қазақтардың азшылықта болуынан; үшіншіден, тоталитарлық режимнің жүргізген отарлау саясатының салдары болатын. Бір өкініштісі, енді, еліміз саяси тәуелсіздігін алып, республика бойынша және кейбір қалаларда ұлтымыз халықтың тең жартысынан көбін құрайтынына қарамастан, қазақтарда ассимиляциялану процесінің тоқтамай отырғанын немен түсіндіруге болады?  Мұның басты себебі, біріншіден, еліміз саяси тәуелсіздігін алғаннан кейін де, үкіметіміздің отарсыздандыру, (деколонизация) саясатын жүргізбей отырғандығы; екіншіден, өмір салтымыздың, соның ішінде, қала тұрғындарының өмір салты сол бұрынғы қалпында қалуы; үшіншіден, қоғамдық сананы қалыптастырудағы ұлттық идеяның әлсіздігі.   Егер де, қазақ ұлты осы бағытта «шала қазақ» және «таза қазақ» болып, «шала қазақ» орыс тілі, мәдениетімен, ал, «таза қазақ» қазақ тілі, мәдениетімен өмір сүре беретін болса, онда бұл болашақта ұлтымыздың бірлігіне қауіп төндіреді. Қазақ халқының басына мұндай апат келмес­тен бұрын осы кезден оны болдырмаудың амалын ойластыруымыз керек. Оның бірден-бір дұрыс жолы, Қазақстанда ауыл және қала қазақтарына, сонымен қатар, басқа да ұлт өкілдерінің мүддесіне сай келетін ортақ идеология болуға тиіс. Үш жүз жыл бойы империалистік идеология бодан халықтардың санасына оларды «Өркениеттен кенже қалған, мәдениеті дамымаған, ұлттық санасы төмен, өз алдына мемлекет құрып, тәуелсіз өмір сүруге қабілеттері жетпейді» деп, олардың ұлттық рухын жасытып, өздеріне деген сенімін жоюға тырысты.  Қазіргі біздің тәуелсіздігіміздің жаулары ақпарат құралдары арқылы осы идеологияны онан әрі дамытып, ұлтымыздың арасынан ассимиляцияға ұшырап, мәңгүртке айналған адамдарды пайдаланып, оларды ұлтымыздың тәуелсіздігіне қарсы қойып, қазақтарды іштей ірітуде. Олардың айтуы бойынша, ауылдың өмір салты, яғни, қазақи мәдениеттің көрінісі – далада киіз үйде тұрып, ат мініп, қымыз ішіп, домбыра тартып, қой бағып өмір сүру. Ал, қала мәдениетінің жемісі – көп қабатты жәйлі пәтерде тұрып, көшеде көлікпен жүріп, офиста компьютермен жұмыс істеп, факспен байланыс жасап, мейрамханада дем алу. Мұның бәрі орыс мәдениеті арқылы келген жетістік деп түсіндіреді.  Мұндай үгіт-насихатқа кейбір өмір тәжірибесі аз жастар шын ниетімен сенеді. Осыдан келіп – қазақ мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін менсінбей, оның болашағы жоқ деп, оған сенімсіздікпен қарайды.  Біздер, бодандықтың шын сыйқын көзімен көріп, басынан өткерген қазіргі аға буын ұрпақтары жастарға тәуелсіздіктің қадір-қасиетін дұрыстап түсіндіріп, шындықтың ақ-қарасын ашық айтып, ұлттық мүддеміздің негізі – тәуелсіздігіміздің нығаюы, жеріміздің тұтастығы, дініміздің сақталуы, тіліміздің дамуы, салт-дәстүріміздің өркендеуі екенін және оны қайткенде іске асыруға болатынын насихаттап отыруымыз керек. Уақытында коммунистер «Совет Одағында коммунизм орнатамыз, ол барлық халықтар үшін жер бетінде жұмақ болмақ, сондықтан, бәріміз бір тілде, (орыс тілінде) сөйлеп, «советтік өмір салтымен өмір сүруге тиіспіз» деп, халық санасын улап келген болатын. Қазақ халқы, өзінің сенгіш аңғалдығымен, осы ертегіге шын көңілмен сеніп, ақыр-аяғында өздерінің қалай орыстанып кеткенін білмей де қал­ды. Енді, қазір дүниежүзінде жаһандану саясаты жүріп жатыр, бірақ, мұны дұрыс түсініп, саналы түрде қабылдау керек. Әрине, өмір бір орында тұрмайды, жер бетінде халық көбейіп, оның материалдық қажеттілігі күннен-күнге өскенмен құрлық кеңеймейді, сондықтан, жер тартылып, табиғат байлығы азайып, оның үстіне, ғылым мен техника дамып, қатынас пен байланыс жетіліп, халықтардың бір-бірімен қарым-қатынасы нығая түспек. Соның салдарынан дүниежүзі бойынша жаһандану дәуірі басталып, ол бүкіл адамзат баласын қамтуы мүмкін. Қазіргі кезде барлық халықтардың бас­ты мақсаты  тәуелсіз елде, демократиялық қоғамда, бостандықта өмір сүру. Ол жөнінде біздің Ата Заңымызда жазылған. Жер бетінде өмір сүретін мемлекеттердің ішінде өте қуатты, ұлы державалар және тым әлсіз шағын мемлекеттер бар. Сондықтан, қуатты мемлекеттер мен әлсіз мемлекеттердің ұлттық мүдделері әртүрлі. Егер де қуатты мемлекеттердің мақсаты империя құрып, әлсіз мемлекеттерге үстемдік жүргізу болса, әлсіз мемлекеттердің мақсаты, қайткенде де, солардан өздерінің дербестігі мен тәуелсіздігін қорғау. Міне, мәселеге осы тұрғыдан келсек, біздің сөз басында тілге тиек еткен «Ұлттық идея және интеллигенция» мен «Ұлттық идеологиямызды ұлықтайық» деуіміздің сыры ашыла түседі. Айқындалады.

548 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз