• Тарих толқынында
  • 17 Мамыр, 2018

Түп қазығым – Атланттар

Шерәлі Біләл, физика-математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымының докторы, профессор

«Атланттар туралы аңыз бен ақиқат» атты Бекжан Бейсенбай мырзаның зерттеу еңбегін оқып, қазақ халқы туралы түсінігіміз шарықтап кетті десек болады. Қаншама ғылыми, тарихи, әдеби, діни т.б. кітаптарды оқи жүріп, мынадай кітапты, жайдақ қарапайым тілде жазылған аса күрделі ғылыми еңбекті бұрын-соңды оқымаппын. Кітап авторы ғылыми атақ-дәрежесі және де маман-тарихшы болмағандықтан мына зерттеу еңбегіндегі ғылымда қалыптасқан тиянақты тұжырымды мәліметтерді бұрыстайтын өз дәлел-дәйектемелерінің дұрыстығына көзі жетіп тұрса да, артына қарайлай береді, мамандардан, маман-тарихшылардан қолдау күтеді. Бірақ, ондайлардың табылатындығына біз күмәндіміз. Сондықтан да, біз де маман болмасақ та, ғылымда жүрген көптің бірі ретінде мына еңбек санамызға саңлау түсіріп, өзінің аса парасатты-пайымдылығымен, ғылыми дәйекті-дәлелді жаңалықтарымен, көрнекті ой толғауларымен жанымызды жаулап алғандықтан «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ниетпен пікір білдіруді мақұл көрдік. Бұл еңбектің құндылығы, осы күнге дейін шешімін таба алмай келе жатқан әлемдік проблеманы шешуінде. Егер, шешілмеген болса, оның шешілу жолын көрсетуінде. Мысалы, негізгі тақырыпқа кірмейтін, қосымша материал «Әбунасыр әл-Фарабидің шынайы өмірбаянының» өзі не тұрады?! Ол туралы жазылған еңбектерде, жалпы ғылымда ол кісі өз отанынан жастай кетіп, білімді Бағдат, Мысыр жерінде алды болып келеді. Ал, Бекжан Бейсенбай мырза олай емес, Әбунасыр әл-Фараби бабамыздың ..... ілім үйрену үшін емес, үйрету үшін 50 жас шамасында барғанын нақты деректермен дәлелдейді: Ал, ұлы ғұламаның екінші ұстаз атануын Аристотельден кейінгі екінші емес, Мұхаммед (саллаллаһу алайһе уәсаллам) пайғамбар «бірінші ұстаз» болса, содан кейінгі екінші ұстаз атанғандығын былай дәлелдейді: «Ұлы ғұлама Отырарда жүріп-ақ өзінің терең білімімен атағы кеңге жайылса керек. Олай дейтін себебіміз, Түркістанның Саманидтік билеушісі Мансұр ибн Нух ғұламадан кітап жазуын өтініп, сол өтініш бойынша ғұлама «әт-Тағлим ас-Сани» (Екінші ілім) деп атаған еңбегін жазып шығыпты. Бұл кітап бүгінгі күнге жетпеген дейді ғалымдар. ... Өзін Әбу Насыр әл-Фарабидің шәкіртімін деген, кейін бүкіл әлем мойындап, медицинаның атасы атанған Әбу Әли ибн-Сина (Авиценна) осы «әт-Тағлим ас-Сани» еңбегін Иранның Исфаһан қаласындағы «Сиуан ал-Хикмет» атты кітапханадағы көшірмесінен оқыған екен. Фарабитанушы Әнел Әзімхан деген ғалым «Ибн Синаның «Арылу кітабы» (Книга исцеления) әл-Фарабидің осы «Екінші ілім» деген энциклопедиялық еңбегінің қысқартылып, өңделген нұсқасы болып табылады» дейді. ... Ұлы ғұламаның «екінші ұстаз» аталуы осы еңбегіне байланысты берілген атау дейді замандастары және бұл атау ғалымға Орта Азиядан кетпей тұрғанда берілгенін ескерсек, қазіргі ғалымдардың әл-Фарабиді Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атап жүргені, еуроцентристердің қалайда түркі текті мұсылман ғалымының алдындағы бірінші араға еуропалықты тықпалай жүргені жалғандық сияқты. Бұл кезде әл-Фараби әлі грек ғылымымен айналыса қоймаған болатын. Ал, шын мәнісінде бұл еңбектің «Екінші ілім» аталуы Ислам өзінің қасиетті кітабы Құран Кәрімнен кейінгі «екінші кітап» деп берілген атау сияқты. Біз автор пайымдауларын, дәлелдемелерін осылай келте қайырдық. Ол өз дәлелдемелерін одан әрі тереңдете түседі. Бізге осы келте қайырымның өзі жеткілікті. Бұған сенімсіздік танытқан оқушы табылып жатса, кітаптың өзін оқып, дәйектемелердің дұрыстығына көз жеткізуіне болады. Сонымен, автор өзінің осы әл-Фарабиге арналған мақаласында біріншіден «Әбу Насыр әл-Фараби ғылым-білім іздеп бала кезден Таяу Шығыс елдеріне аттанды» – деген деректің, екіншіден «ұлы ғұламаның ғылым-білімді өз отаны Қазақстан жерінде емес, Бағдат пен Алеппода алды» – деген деректердің, үшіншіден «екінші ұстаз» (Аристотельден кейін аталуы) дұрыс еместігін дәлелдеді. Ал, енді, негізгі тақырыбымызға, яғни, «Атланттар туралы аңыз бен ақиқатқа» көшейік. Кітапқа алғысөзді «Ізденіс түбі – ізгілік» деген атпен көрнекті ғалым-жазушы ҚР Мемлекеттік және «Күлтегін» сыйлықтарының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көне тарих туралы еңбектерімен танымал Қойшығара Салғараұлы ағамыз жазыпты. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Жоғары мемлекеттік ғылымы академиясының академигі Әділ Ахметов кітаптар қолжазбасын оқып шығып, ауызша қолдап, жағымды пікір білдірген, кітапты тездетіп бастап беруді ұсынған. Қойшығара ағамыз өз алғысөзінде еңбектің құндылығына тәнті болып, оны аса жоғары бағалайды. «...(әр жерден табылған көп пирамидалардың есте жоқ ескі замандарда өркениеттің шырқау биігіне көтеріліп, мейлінше дәуірлеген, кейін табиғаттың сұрапыл апатының салдарынан құрып кеткен атланттардан қалған мұра екенін жан-жақты дәлелдеумен бірге осы ғажайып халықтың ататегінің түркітектес халықтардан екенін айғақтайтын мәліметтерге сүйеніп жасаған өз тұжырымын ұсынады. Батыл да тосын тұжырым деп сенейін десең, Ресей тарих ғылымының: «түріктерді христиан эрасынан кейінгі VI ғасырда Алтайда пайда болған жас халық» деп мойындатып қойғаны қаша-а-ан! Бұл бағытта түріктердің ежелгі халық болуы мүмкін емес! Сондай-ақ сенбейін десең, автор сол тарих ғылымының өзі анықтап берген, бірақ, әлі жалпы көпке бірдей мәлім емес небір деректерді бірінен кейін бірін алға тартып, өз айтқанының шындығына еріксіз мойынсұндырады. Танымың қабылдамас кереғарлықты көріп тұрып амалсыз иланасың, қалай иланбасқа?! Ғалым-жазушы ағамыз автор­дың тосын ғылыми жаңалықтарын дөп басып танып, оның тапқырлығына, білім­дарлығына, көрегенділігіне, логикалық пайымдауларына жоғары баға береді. Аса күрделі бүкіләлемдік ғылыми, дүниеауи проблеманы шешкендігін, шешпесе шешуге жол салғандығын мойындап, зерттеушіге, ізденушіге сәт сапар тілейді. Алғысөзден кейін кіріспе орнына «Автордан» деген атаумен автордың өз сөзі берілген. Онда Бекжан мырза көне тарих жәдігерлеріне экскурсия жасай отырып, түркілердің әлеміндегі озық орнын анықтайды, ғалымдардың «Америкалық үндістер Еуразиядан Америка құрлығына Берлинг бұғазы арқылы өткен деген принципті, тиянақты да дәлелді тұжырымын өзінше басқаша, «Солтүстік пен Таймыр арқылы өтіп тұр» деп қорытындылайды. Мұндай ерлікке толы батыл пікірге дәлелдемелері жеткілікті. Осы пікірін білдіріп, «Сіз қалай ойлайсыз?» дегенінде Қойшығара ағасы: «Менде бұрын ДНК-ның қорытындысы неге тура келмейтінін түсіне алмай жүр едім. Мына сенің еңбегіңді оқығаннан кейін түсіндім. Сенікі дұрыс. Сен осы еңбегіңді кітап етіп шығар. Содан кейін біз сенің еңбегіңе сілтеме жасайтын боламыз». Бұл жаңалығын профессор Әділ Ахметов ағасы да мойындайды. Яғни, автордың тосын да батыл пікірімен келіседі. Бекжан мырза тағы да мынадай қызықты таңданарлық пікір білдіреді. «...атланттар дегендердің түріктер екендіктерін батыс ғалымдары көптен бері білетін сияқты. Себебі, «дәстүршілдік» бағыттағы Рене Гекон, Юлиус Эвола, Фрицвоф Шион сияқты ғалымдар «біз татар әулетіне адамзаттың ұстаздары болып саналатын татар данышпандарына, татар нәсіліне сатқындық жасадық», – дейді. Мұндағы татары түрік, әрине. Енді, кітаптың негізгі тарауларына жүгінейік. Кітабымыз екі бөлімнен тұрады екен. Бірінші бөлім – Атланттар – түріктер – түбірлі зерттеу материалы. Екінші бөлім – Баспасөзде жарияланған мақалалар – қосымша материал. Негізгі бөлім үш тараудан тұрады. Бірінші тарауда – Атланттар туралы аңыз бен ақиқат; Аңыздардан шығатын қорытынды; Қазіргі заман деректері; Атланттардың ұрпақтары; Жерорта теңізі жағалауындағы елдер; Жер­орта теңізі аумағындағы елдердің тегі мен тілі; Аңызға негіздеме; Атланттардың Жерорта теңізі аумағына келуі; Көне Тартесс туралы деректер;Шежіреге сөз берсек; Атланттардың ұрпақтарының өркениетінің құлдырауы – сияқты тақырыптар қам­тылған. Екінші тарауда – Атланттар тақырыбына қосымша; Генетик ғалымдардың деректері; Археолог ғалымдардың дерек­тері; Пирамидалардың таралуы; Офталь­мологтардың зерттеулері – атты тақырыптар мәні істелген. Сонымен, «Атлантида» туралы ең алғаш­қы жазбадерек б.з.д. 428-348 жылдары өмір сүрген ежелгі грек философы Платонның «Томей және Критий» атты еңбектерінде кездеседі. Платон өз кезегінде бұл деректі б.з.д. 640-559 жылдары өмір сүрген Солон айтып кеткенін айтады. «...Солон бұл аңызды Египеттік абыздан естігенін айтқан. Абыздың айтуынша, сол кезде (Со­лон­ның кезінде) Афина қаласының тұрғызылғанына 9000 жыл болған. Египет абызының сөзі:«Біздің жазбаларға сай сіздердің мемлекеттеріңіз бастауын Атлантикалық теңіздерден алып, бүкіл Еуропа мен Азияны басып алып аттанған саны шексіз әскери күшке тойтарыс берген. Ол кезде теңіз арқылы жүзуге болатын. Сіздің тіліңізде Гераклдың бағаналары қазіргі Гибралтар бұғазы деп аталатын шығанақтың алдында арал болған. Бұл арал өзінің өлшемі жағынан Ливия (Африка мен Азияны) ол кездің түсінігі бойынша Сырдария өзенінен Жерорта теңізіне дейін» бірге қосқанда олардан асып түсетін. Ол аралдан басқа аралға өту, ол аралдан сол теңізді қамтитын қарама-қарсы құрлыққа (қазіргі Америка құрлығы) өту, өзінің атына сай, сол кездегі саяхатшыларға оңай еді. ...Атлантида деп аталатын осы аралда басқа да аралдарға және құрлықтың жартысына билігі тараған таңданарлық ұлы патшалардың одағы пайда болды... Кейінірек көз көрмеген жер сілкіністері мен топан су уақыты келген кезде бір ғана тәуліктің ішінде сіздердің Солонға бүкіл әскер күш-қуаттарыңыз жігі ашылған жердің құшағына енді. Сөйтіп, дәл солай Атлантида да тұңғиыққа батып жоқ болды. Осыдан кейін ол жердегі теңіз осы күнге дейін саяздығымен шөгіп қалған тұнбаның әсерінен пайда болған Аралдың кесірінен кеме жүзбейтін теңізге айналды». Бұл Платонның қалдырған дерегі. Енді, энциклопедияға қарайық. «Атлантида – Платон қалдырған ертедегі грек аңыздарына сәйкес Гибралтар бұғазының батыс жағындағы Атлантикалық теңі­зіндегі өте үлкен арал. Арал бұдан 10-12 мың жыл бұрын болған. Аңыз бойынша Атлантида өркениеті өте жоғары дамыған қуатты Атланттар тайпалары қоныстанған. Олар Батыста да, Шығыста да соғыстар жүргізген, үлкен қалалар салған. Платонның айтуынша, Атлантида сұмдық жер сілкінісінің кесірінен мұхит түбіне батып кеткен. Атланттар мен Атлантида туралы деректерді қалдырған – грек ғалымдары». Сондықтан да, автор грек аңыздарын талдауға кіріседі. «Грек халық аңыздары бойынша жоғары дамыған Атлант пен бұрынғы құдайлар титандар өмір сүрген ел Гиперборейлер елі болатын. Египет абызының сөзіне қарағанда, Атланттар өте жоғары дамыған өркениетті ел болған. Пирамидаларды салған да сол Атланттар. Сол грек аңыздары бойынша, «Гиперборейліктер алыс Солтүстікте өмір сүретін халық. Осындай тамаша ізгі елге Аполлон аққулар жеккен арбамен жиі барып тұратын. Гиперборейліктер – Құдайға жақын және Құдайлар сүйетін халық. Олар Аполлон сияқты өте дарынды. Гипербореялықтар рахатты өмірін ән салып, би билеп, музыкамен, той тойлаумен өткізеді. Аполлонды қатты құрметтейтін бұл халықтың ылғи да көңілді жүріп, Құдайға құлшылық етуі үйреншікті өмірі.Гиперборейліктер тіпті өлімнің өзін де ризашылықпен қарсы алады. Өмірдің бар қызығын көріп, рахат өмірге әбден тойған соң өздерін теңізге тастайды». Осылайша, аңыздарды көптеп келтіре отырып, «әрбір аңыздың астарында аз да болса шындық бар» деген халық даналығына сүйене отырып, пайымдауларының туралығына иландырады. Мына кітапты, Бекжан мырзаның даналық еңбегін оқыған сайын оқи түскің келеді. Оның әр бетінде кем дегенде бір жаңалық кездесіп отырады. Екіншіден, Бекжанның білмейтіні жоқ, бәрін біледі. Оның білімділігіне, біліктілігіне, білгіштігіне таңданасыз да отырасыз. Қараңызшы: «Қазір жердің бұрынғы физика-географиялық белгілерін зерттейтін полеография деген ғылым бар. Осы ғылымның мамандарының айтуынша, Арктикадағы қазіргі мұздықтар б.ж.с. І мыңжылдықтың ортасында қата бастаған. Оған дейін Арктикада кем дегенде мың жылдай әрі құрғақ климат болған дейді. Сондай Солтүстік мұзды мұхитта тек бұл ғана емес, ғалымдардың айтуынша 9 дан 2,5 жыл бұрын, ал, кейбір ғалымдардың есебімен 6 дан 4 мың жыл бұрын осындай жылы климат болған. Сол сияқты Арктиканың жылынуы 10-12 мың жыл бұрын да, 32 мың жыл бұрын да болып тұрған. Мінекей, көрдіңіз ба, мен Ғылым академиясында 25 жылдан астам істеп, қаншама ғалымдармен аралас-құралас жүрсем де, жалпы ғылым туралы бірдеңе білем ғой десем де мынаны білмейді екенмін. Жарайды, бұдан кейін ғылыми журналды көп оқу керек екен. Бұл Бекжаннан алған тағылымымыз. Енді, тағы да «Қазіргі заман ғылымының деректеріне» мынадай жаңалықтар келтірілген: «Атақты Совет зерттеушісі Я.Геккель 1901-1965 жж. зерттеулердің нәтижесіне сүйеніп, Арктида аралдық құрлығының болғандығы туралы болжам айтқан. Кейінірек, Ломоносовтың, Менделеевтің, Геккельдің аттары берілген ірі су асты шыңдары табылды. Менделеев су асты шыңының жасы 9300 жыл, ал, Ломоносовтікі 12 мың жыл. Бірақ бұдан бұрын арал болған екен. Қазіргі кезде Арк­тика аймағының бөлігінің тереңдігі 100 метрден 200 метрге дейін, тіпті кей жерлері 40-60-ақ метрді құрайды. Ал, бұдан 12 мың жыл бұрын басталған мұздықтардың еруі нәтижесінде әлемдік мұхит деңгейі 50 метрден аса көтерілгені дәлелденген». Тағы бір жаңалық, (біз үшін): «Бұған дейін Американы 149 жыл бұрын әлемдік саяхатшы Христофор Колумб ашқан деп келген болатын. Ал, өткен ғасырдың 60 жылдары табылған картада Американы ашқан скадинавиялық теңізшілер Лейф пен Бъарни болып тұр. Бұл карта Колумбтан 493 жыл бұрын, яғни, 999 жылы жасалғанын ғалымдар дәлелдеген. Ал, қазір АҚШ ғалымдары Американы алғаш ашқан араб теңізшілері Абдул Рахим мен Абдулла ибн Мәлік бастаған теңізшілер деген қорытындыға келген». Тағы бір дерек (жаңалық): «Осы Х ғасырға Гриландияда қоныстанған винигтер өз мекендеріне «жасыл ел» деп ат берген екен. Бұл атау сол өңірдің бау-бақшалы, ну орманды болғанына орай берілсе керек. Ал, қазір осы «жасыл елдің» барлық жерін мұз құрсап жатыр». Бұдан қандай қорытынды шығарғандығы оқушыға түсінікті, әрине. Бекжан мырза тақырыпқа аса құнды пікір ретінде өз ағасы, филология ғылымының докторы, профессор Әділ Ахметовтың пікірін келтірді. Оның құндылығына біз де шек келтірмейміз. Ағамыз былай дейді: «Америкалық ғалым Франк Вцерз «Азиядан Америкаға теңіз арқылы өту викингтер мен Колумбтан көп ғасырлар бұрын басталған. Бұл жөнінде қытай тілінде жазылған ең көне классикалық еңбектің аты – «Shan Khai King». Бұл кітап шамамен б.д.д. 2250 жылдары жазылған. Сол еңбекте «Ұлы Шығыс теңізін» кесіп өтіп, ар жақтағы 2000 мильге сызылған құрлықта жасалған сапар суреттеледі. Көпке дейін аңызға баланып келген бұл еңбек осы күнгі Американың көз тартар жерлерінің нақтылы географиялық сипаттамасы екені дәлелденіп отыр». Мінеки, көрдіңіз бе, бұл пікір әлгі алдыңғы келтірілген пікірлерден де асып түсті. Американы ашқан пәленше-түгенше емес, оған адам аяқ басқанына бір емес бірнеше мыңжылдықтар болғанын айғақтап тұр. Немесе ол кезде жер құрылысы басқаша, 2000 мильдік құрлық арқылы Америкаға өту қиын болмаған. Енді тағы бір таңғаларлық деректі келтіре кетейік. «1929 жылы табылған көне карта тіптен қызық. Бұл карта 1513 жылы атақты түрік флагының адмиралы Пири Рейстің қолданған картасы болып шықты. Картада Африканың батыс жағалауы, оңтүстік Американың шығыс жағалауы және қазір мәңгілік мұз басып жатқан Антарк­тиканың солтүстік беті бейнеленген. Ең қызығы, бұл картада қазіргі мұз құрсанған Антарктида құрлығы көк желек жамылған, мамыражай жер болып белгіленген. Қазіргі біздің ғылыми деректерімізше, мұз жамылған Антарктиданың өзі бұл карта жасалған уақыттан 300 жылдан кейін ашылды. Сонда түрік адмиралы бұл мәліметті қайдан алған? Қазір осы Антарктиданы зерттеген ғалымдар осы Пири Рейстің картасында көрсетілген өлке (Мод корольдігі) осыған 6000 жыл бұрын мұзсыз, көкорай жасыл жер болған­дығын дәлелдеді». Бұл мәліметке қосымша, әйгілі картографтар Ян Бушмехерс (1590 ж.) пен Герард Меркатор (1590 ж.) және Ориң Финей (1535 ж.) жасаған. Карталарда «сол кез үшін таңқаларлық дәлдікпен қазіргі белгілі Еуразия мен Америка құрлықтарының солтүстік жағалаулары, аралдар, бұғаздар, көлдер айна-қатесіз белгіленген. Ал, ең қызы­ғы, қазір қалың мұз астында жатқан Солтүстік полюс өзендері ағып жатқан құрлық болып көрсетілген». Бұл деректен шығатын қорытынды да, жоғарыда көрсетілгендей, оқушымызға түсінікті. Осы қарастырып отырған зерттеу еңбегіміздегі негізгі проб­лемалардың бірі, ол Азиядан Америкаға қоныс­тануға адамдар қалай барды, қай жолмен барды? Бекжан мырза былай дейді: «Алғашқыда ғалымдар Америка құрлығының ежелгі тұрғындары Азиядан Америкаға Беринг бұғазы арқылы өткен деп келген болатын. Бірақ, кейіннен ғалымдар зерттей келе бұл пікірдің қате екендігіне көздері жетті. Егер Азиядан Америкаға Беринг бұғазы арқылы өту мүмкін болса, бұл қатынас үздіксіз болып жатуға тиіс қой. Ал, Америка құрлығына мұқият зерттеу жүргізген ғалымдар Еуразиядан Америкаға адам баласының қоныс аударуы дүркін-дүркін болғанын дәлелдеген. Бірінші рет 40-35 мың жыл бұрын, екінші рет 28-25 мың жыл бұрын, ал, үшінші рет 14-10 мың жыл бұрын қоныстанған дейді. Сонымен қатар, Аме­рикаға Еуразиядан тек адамдар ғана емес, түрлі құстар, жануарлар, су жәндіктері, тіпті өсімдіктер де қоныс аударған». Ары қарай, Бекжан мырза, олардың қалай өтуі мүмкіндігін қарастыра келе, Таймыр жарты аралы мен Канаданың арктикалық архипелатының өсімдіктерінің бір-біріне өте ұқсастығы ғалым­дарды осы екі жер бөліктерінің жақын уақытқа дейін жер арқылы тікелей байланысы болған деген пікірге алып келгендігін баса айтады. Осы бір пікірдің дұрыстығына көз жеткізу үшін өз ағасы Әділ Ахметовке жүгінеді. Оның «Код Евразии» атты еңбегінде Таймырға қатысты құптарлық мәлімет бар. Ондағы адамдар туралы – «Это самар северная народность в мире, самое ... из всех зеленых племен. Поразцельно, но они принадлежат к сомадийской этнической группе, то сеть являются потомками переселенцев из куда более теплых краев, когда-то отногевавших на крайний север... А долганский этнос (проживающие бам...)? ... Его основные этнические компоненты – русские, тунгусы, якуты. А пос­ледние, как известно, потолеки некогда прошедших на север Восточной Сабара турок», – дейді. Кітапта келтірілген басқа да мысалдардан «бәрі біз бүгінге дейін «мәңгілік мұз қабаты» деп жүрген Солтүстік Арктикада бір кездерде қайнаған өмір болғанын, Гректердің Гипербореясы, Египт абызының Атлантидасы, парсылардың Эранвезі, үнділердің Шведатвипасы, шумерлердің Дилмуны ерте заманда болған шындық деген ойға жетелейді. Ғалымдардың есебінше бұдан 12 мың жыл бұрын Гиперборея елінде апат басталған. Сұмдық жер сілкіністері тауларды қиратып, жанартаулар атқылайды... Еуразия мен Америка құрлығын байланыстырып тұрған тау жыныстары – тас бөгет бұзылып, бұған дейін Арктика арқылы ағып жатқан Голфстриленің (Үнді мен Атлант мұхитының) жылы сулары бағытын кілт өзгертіп, Еуразияның солтүстік шекарасын бойлай ағып, Беринг бұғазы арқылы Тынық мұхитқа қайта құйылып кетеді. Гиперборея елі толығымен су астына кетіп, Америка мен Еуразия арасындағы байланыс үзіледі. Аман қалған Гипербореялықтар бас сауғалап, оңтүстікке кетуге мәжбүр болған... Бұдан 10-12 мың жыл бұрын Америка құрлығына солтүстіктен келген монғолоидтар оларды солтүстіктен ығыстырып шығарып, өздері Солтүстік және Орталық Америкаға қоныс тепкен (ВН. АНСССР). Қазір осы монғолоид тектес деген халықтардың түрік текті халық екендігі, олардың майя, сию, кечуя деген топтары қазіргі қазақ тіліне өте жақын қыпшақ диалектісінде сөйлейтіні дәлел­денген. ... Осы түрік текті америкалық халықтардың XV ғасырда Еуропадан жаулап алушылар барғанға дейінгі өркениетіндегі жетістіктері таңқаларлық. Олар салған ғажайып құры­лыстар, пирамидалар, олардың математика, астрономия, астрология және басқа салаларда жеткен жетістіктері ғалымдарды қазірге дейін таңдай қақтырып келеді. Марлардың байырғы өркениетін көр­ген Джордж Стюарт өз жазбаларында: «Еуропа орта ғасырда қара түнек замандарды бастан кешіріп жатқанда, майялар адамзат өркениетінің керемет үлгісін жасап үлгеріпті» – дейді. «... Атланттар жаулап алған Жерорта теңізі жағалаулары мен Жерорта теңізіндегі аралдарда алғашқы өркениеттер б.з.д. IV-III мыңжылдықтарда пайда болған дейді қазіргі ғалымдар». Бұдан әрі автор Жерорта теңізі жағалауындағы елдер, Хутор мен Поя­лық­тарЭтрускілер, Финикиялықтар, Филие­тилияндықтар, Гректер, Египеттіктер мәде­ниет­тері туралы жан-жақты баяндайды, олардың тегі мен тілі туралы да нақты мәліметтер береді. Атланттардың Жерорта теңізі аумағына келуі Грек, Египт аңыздары, археолог-ғалымдардың тапқандары, әртүрлі тасқа, сүйекке салынған суреттері т.б. мәдени айғақтарға сүйене отырып, танымды да татымды суреттеледі. Осылайша, яғни, өзіміз ұстанған принциппен, авторды көбірек сөйлету арқылы, шығармамызды жалғастырар болсақ, қағаз шақ келетін түрі жоқ, мақала көлемі тым ұлғайып кететін түрі бар. Сондықтан да, айтарымыз, автор еңбегінен аларымыз (жаңа деректер) әлі көп болса да, соңғы қорытынды пікірімізбен шығармаға қорытынды қойсақ дейміз. Сонымен, мен өзім жанкүйер ғалым ретінде бұл еңбекті аса жоғары бағалаймын. Мұндай мол ақпаратты деректі ғылыми еңбекті бұрын-соңды кездестірген емеспін. Бұл аса құнды, тағылым аларлық еңбек. Шынайы ғылым осылай жасалады – дер едік біздер. Тағы да сол ұсынған принципімізден айнымай, қорытынды пікірімізді автордың өз сөзімен айтайық: «Пирамидалар туралы көп оқыдым. Бір таңқаларлығы, бұл пирамидалар Египт жерінде тұрғанымен, оларды египеттіктер біздер салдық деп айта алмайды екен. Тіпті, қалай салынғанын да білмейді. Ғалымдар бұл пирамидаларды тұрғызған Атланттар дегенді айтады. Бірақ, бұл Атланттар дегенде кімдер, ондай халық жер бетінде шынында да болған ба деген сұрақтарға жауап жоқ. «Пирамидалар Америка құрлығында да бар болып шықты. Оларды салған Майя деп аталатын қазір де бар халық және де майялар түрік текті халық екен, қыпшақ диалектісінде (қазақ та қыпшақ диалектісінде сөйлейді) сөйлейді екен. Сол сияқты пирамидалар Қырымда да, Қытай мен Тибетте де табылды. Бірақ қытайлақтар бұл пирамидаларды құпия, шетелдіктерден жасырын ұрлайды екен. Не себепті деп ойлана келе мен бұл пирамидаларды салған қытайлар емес екендігіне көз жеткіздім. Себебі, Қытайдағы алғашқы пайда болған кезі ең ары кеткенде б.д.д. 2000 жылға ғана барады. Ал, Қытай мен Тибет жеріндегі пирамидалардың жасы ең кемі 5000, ал, ең кәрілері 12000 жыл бұрын салынған. Сонда оларды салған кім деп ойлана келе, мен бұл пирамидаларды салған түріктер екенін аңғардым. Ал, египеттіктер мен гректер айтып жүрген «Атланттар» деген кімдер екенін тексере келе, бұдан 10-12 мың жыл бұрын Орталық Азиядан Америка құрлығына дейін жеткен түрік текті халық екенін аңғардым. Тек бұл мәліметті орыстар мен қытайлар, еуропалықтар түріктерден құпия ұстаған. Бір қарағанда сену қиын, Орталық Азиядағы түріктердің қара шаңырағы біз – қазақтар, Даңқты Атланттардың ұрпақтарымыз дегенге. Бірақ, тарихи фактілер, қазіргі ғалымдар ашып жатқан жаңалықтар соны дәлелдейді. Тағы бір қызығы, неміс ғалымдары өздері ашқан жаңалықта (Еуропаны ең алғаш қоныстанған халықтың (менің ойымша...) қазіргі еуропалықтарға ДНК-сы сәйкес келмейді»,– дейді. Керісінше, олардың түріктерге жақындығы анықталған. Бұл менің ойымды нақты дәлелдеген себебі болды. Және жақында ғана «Орхон-Енисей» эпи­калық жазбаларын зерттеген ғалымдар «ежелгі түрік қағандарының мемлекеттік тілі – қыпшақ тілі болғандығын, олардың қыпшақ диалектісінде сөйлегенін анықтады»,– дейді қазақ ғалымы Қаржаубай Сартқожаұлы. Ежелгі Хазар мемлекетін зерттеген ғалымдар да «Хазар қағандығының мемлекеттік тілі – қыпшақ тілі болғандығын айтып жүр. Хазарлардың ежелгі ғұндардың мұрагерлері екенін ескерсек, ежелгі ғұндар да қыпшақ диалектісінде сөйлеген болып шығады. Сондағы айтарым, «біздің баба­лары­мыздың ертеде өте жоғары мәдениетке қол жеткізіп, әлемдік өркениеттің негізін тарқатқан халық екенін және түріктердің әлемдегі ең көне халықтардың бірі екендігін» менен бұрын Әнес Сарай ағамыз айтып еді (Көнеліктер), біз ағамыздың Орталық Азия, Шумер, Үнді еліндегі Хараипа мәдениеттері аумағына қатысты ғана ойларын одан әрі дамытып, Еуропа, Африка, Америка құрлықтарына қатысты ойын дәлелдедік. Осы мәліметтердің қазақ халқының тарихын қайта жазуға қажетті баға жетпес мағлұматтар екеніне көзім жетті. Және бұл жаңалық қазақ халқының Ұлы тарихын әлемге паш етіп, халқымыздың рухын көтеруге, елді рухани бірлікке келтіріп, мемлекетіміздің абыройын асқақтатуға зор үлес қосады деп сенемін. Қазақ халқының тарихы – түркі әлемінің тарихы. Ол тарих – ең ұлы, ең көне тарих! Адамзаттың өркениеті Қазақстан жерінен бастау алады.

536 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз