• Заманхат
  • 23 Шілде, 2018

Тараз шаһарының зияткер суретшісі

Борис Ткаченко бейнелеу өнеріне бала кезінен құмар болды және де сол іске бүкіл өмірін арнады. Алғаш рет Борис Андреевич кітап белгісімен 5 класс оқушысы кезінде танысты. Әкесі Андрей Карповичке еліктеп, өз кітаптарына белгі қоятын, резеңкенің үстіне штамп сияқты өрнек салып үйренген. Борис Андреевичтің алғашқы эксли­брисі 1961 жылы Жамбыл облысы Мойын­құм ауданының Д.А.Фурманов атындағы орта мектебінің сурет пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарып жүргенде жарық көрген. Алыс орналасқан ауданда жұмыс жасап жүріп, Борис Андреевич 3 жыл қатарынан Сырттай халықтық өнер университетінде оқыған. Бұл 1960 жылы Мәскеу қаласында Н.К.Крупская атындағы Орталық халық шығармашылық үйінің, сурет және кескіндеме факультетінің сырттай оқыту курстары негізінде қаланған университет болатын. Өнер университетіндегі сырттай кәсіп­тік оқуда алған жаңа практикалық және теориялық білімдерін суретші өз шығар­машылығында, мектепте сабақ бергенде, дәріс оқуы кезінде пайдаланатын-ды. Тоқсаныншы жылдардан бастап, сурет­ші экслибриспен белсене ай­на­лысып, көр­ме­лерге қатысып, бұқаралық ақ­парат құрал­дарында наси­хаттады. 1991 жылдың 10-20 қазан ара­лы­ғын­да Жам­былда «Англия экслибрисі» атты екінші көрме өтті. Бұл көрмеде Жам­был облыстық экслибрисшілер мен графика әуес­қойлары клу­бының президенті Б.Тка­ченконың жеке жинағынан 60-тан астам жұмыс көрсетілді. Б.Ткаченко әр­дайым Чехиялық Иво Прокоппен, Бакудағы Георгий Кизельмен, Вильнюстық Виктор Манжуломен, т.б. экслибрис өнерін насихаттаушы-жинақ­таушыларымен хат жазысып, хабар алысып отырды. Мысалы, өзінің «Память, равная совести» атты үшінші графикалық миниатюраларының жеке көрмесін Виль­нюс қаласы мұражайының бұрынғы директоры Манжуло Викторға арнаған. Көрмеге 100-ден астам жәдігер қойылды, соның ішінде 30-дан астам экслибрис жібек матаға салынды. 1990 жылы Борис Андреевич Кишинев қаласының өнертанушысы Долгов Юрий Степановичке экслибрисін арнады. Бұл жұмыстың композициясына жақсылық пен жамандықтың арасындағы мәңгі күрес жайлы А.С.Пушкиннің «Періште» атты өлеңіндегі сюжет негіз болған. Жарқыраған нәзік періште Пейіш алдында бас иді, Түпсіз тамұқ үстінен қап-қара сұм әзәзіл Түнерген күйі ұшып жүрді. Пушкиннің портреті бірінші планда ірі етіп бейнеленген, ал, оның арғы жа­ғында сәл басын иген періште кері қарай қоз­ғалысты айқындап тұрғандай сезіледі. Өзінің «Періште» атты өлеңімен Пушкин рухани түрдегі қайта өрлеуді, шын ақиқатты скептикалық көзқараспен қабылдаудан бас тартып, Құдайға деген сенімді қайтаруды көздеп тұр. Бұл экслибристі жасағанда штрихтарды қолданбай, композициясын ақ пен қара түстердің қарама-қарсылығына сүйене отырып, батыл шешімге барған. Сонымен қатар, өте жақсы үйлесімді таңдалған қарпі ежелгі орыс стилінде жасалып, жұмыстың түрін, мазмұнын аша түскен. Осы жұмыстың өзінен ерекше қолтаңбасы сезіліп тұрады. Тарих ғылымының кандидаты Ж.Бо­данов 1991 жылғы өткізілген жеке көр­месіне арнап шығарылған катало­гының кіріспе сөзінде: «Соңғы жылдары Б.А.Ткаченконың экслибристері одан сайын жанданып, мазмұнды болып, жасалу техникасы жа­ғынан аса мінсіз болып келеді» деп жазған. Оның күрделі экслибристері ше­телдік жазуларға, белгі-нышандарға толы, олар көрерменнің зейінін мазмұнымен, ерек­ше композициясымен өзіне қаратып, су­ретшінің мәдениеті мен жан-жақтылығына тамсандырып таңдандырады. Суретші экс­либрис жасауда осы белгі иесінің тұлғасын бейнелейтін әр түрлі бейнецитаталарды келтіреді немесе оның орнына ақындардың, жазушылардың, тарихи бейнелердің, тіпті кітапсүйердің өз портретін қолданады. Борис Андреевичтің экслибристері арабтың өрме жазуы, қытай иероглифі, кириллица немесе латын қарпі сияқты түрлі қаріптерді шебер орналастыру арқылы ерекшеленеді. Жұмыстарында латын, орыс, итальян, қазақ, қытай және тағы басқа тілдерде жазылған нақыл сөздер жиі кездеседі. Суретші шеберлігін арттыру мақсатында әртүрлі энциклопедиялық сөздіктерді қолданған, сондықтан жасалған экслибристердің барлығы да суретші пара­сатының терең екендігін көрсетеді. Мысалы, 1997 жылы жапон суретшісіне арнап орындаған «Netsuke» экслибрисінде, Борис Андреевич күншығыс еліне тән – Фудзи жанартауы, сакура ағашының бұтағы, нэцкэ мүсінін көп пайдаланған. Нэцкэ – көне жапон елінің ағаштан ойы­лып жасалған кішкентай нышаны, ол кілт тағу үшін, кимоно белбеуіне әмиян қыстыру үшін, киімді әсемдеуге арналған. Экслибристе нэцкэ бейнесінің бойымен бірге Фудзияма – Жапонияның ең биік тауы (таудың биіктігі 3776 м) тұр, бұл тау – Жапонияның рәмізі және ең танымал табиғи белгісі. Сакура – сәттілікті, көп жасауды, аманшылықты, бейбітшілікті, қуанышты білдіретін бес жапырақты өсімдік ретінде көрсетілген. Суретшінің ең жақсы көретін түстері – ақ және қара, ал, 90-ы жылдары Тка­ченконың графикасында кішкентай қара фон үстіндегі ойылған ақ дақтардың шоғыр­лануынан пайда болған сұр түс қолданысқа енгізілді. Ал, 2000 жылдардан бастап, Тараз қаласының суретшісінде тек өзіне тән графикалық әдістер пайда болды. 2001 жылы қазақстандық ақын Любовь Шашковаға арналып тағы бір экслибрис туындысы жасалынды. Бұл экслибриске көз жүгіртіп қараған мезеттен-ақ ақынның рухани байлығы мен ой-өрісінің кеңдігін байқайсың. Киімсіз отырған қыз бен оның қолындағы нәзік гүл поэзияның белгісі ретінде бейнеленген, себебі, кейбір аңыздарға сүйенсек, нәзік көгілдір гүлкекіре рухани байлықты білдіреді. Гүлкекіре ашық алқаптарда өседі. Бір жағынан, өмірдің байлығы тек материалдық құндылықтарда емес, сонымен қатар рухани байлық – мәдениет, поэзия да бар екенін жеткізгісі келген. Екінші жағынан, гүлкекіре – биліктің және күш-қуаттылықтың белгісі ретінде танымал. Гүлкекіре Беларусь Республикасының елтаңбасынан да орын тапқан. Осы экслибристе белорус әдебиетінің классигі, аудармашы, драма­тург, публицист Янка Купаланың про­филь түріндегі портреті да орын алған. Жұмыстың астыңғы бұрышында қай­тадан гүлкекіре және кесілген ағаш түбірін кеміріп отырған құндыз бей­неленген. Бұл символдар Любовь Шашкованың ту­ған жері туралы мағлұмат беріп тұр­ған секілді. Себебі, Любовь Конс­тантиновна Гомель облысының Парича ауданының Василёвка ауы­лында дүниеге ке­ліп, Бобровск қаласында оқып, өмір сүрген. Борис Андреевич әр жұмысын экс­либрис иесінің құрметіне деген үлкен сүйіспеншілікпен, мейлінше ұқыптылықпен орындайды, оның әр жұмысы арналған адамы туралы балладаға, интеллектуалдық суретке айналып кетеді. Борис Андреевичтің шығармалары туралы шексіз айта беруге болады, әр жұмысында оның кең ой-өрісі, білімпаздығы өзіне тән ерекше графикалық тілі мен жазуы білініп тұрады. Борис Ткаченко Қазақстан өнері үшіп көп еңбек сіңірді – 25 жыл бойы Жамбыл облысының экслибрисшілер мен графика әуесқойлары клубының тұрақты Президенті болып келеді. Сондай-ақ, ол Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Дүниежүзі халықтар өнерлерінің Халықаралық Ассоциациясының мүшесі, А.Сент-Экзюпери достарының Халықаралық клубының мүшесі, Жапон экслибрис Ассоциациясының мүшесі болып табылады. Көптеген халықаралық ірі көрмелердің лауреаты және дипломанты. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қылқалам иесі Тараз қаласында тұрады. Үнемі шығармашылық ізденісте жүретін Борис Андреевичтің әлі де қаламы қолынан түскен емес.

Мәрзия Жақсығарина, өнертану профессоры, Айнагүл Еспай, Қазақ-Орыс халықаралық университетінің магистранты

390 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз