• Тарих толқынында
  • 18 Қазан, 2018

ИГІ БАСТАМА – ИГІЛІКТІ ІС

Назым САМЕТ, «Ақиқат» журналының штаттан тыс тілшісі

Жастардың тіреуі – қоғамдық ұйымдар. Бүгінгі таңда республикадағы әрбір ЖОО-да студенттер мен магистранттардан құрылған қоғамдық ұйымдар қызмет етеді. Мәселен, Алматы қаласында орналасқан еліміздің ең мәртебелі ЖОО-ның бірі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің өзінде жүзге жуық студенттік ұйым, студенттік бюро, факультетішілік үйір­мелер бар. Студенттік ұйымдардың жұмыс істеу тәртібі мен жүйесі әр басқа болса да, талап-тілегі, мақсаты, бағыты бір. Мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарымен таныса отырып, ҚазҰУ жастарының өміріндегі қоғамдық ұйымдардың атқарар ролі, тыныс-тіршілігі мен оқу үдерісі жайлы ұйым басшыларының ой-пікірлерін ұсынамыз.

Нұрсұлтан БО­ЛАТ, әл-Фа­раби атын­­дағы ҚазҰУ «Жас Отан» ЖҚ төр­аға­сы: Жастардың әлеуметтік ортада өзін-өзі дамытып, оқу орындарында алған білімін кәсіби тұрғыда жетілдіріп, тұлға ретінде қалыптасуында мемлекеттік жастар саясатының атқарар ролі зор. Мемлекет жастар саясатын қалыптастыра отырып, жастардың келешекте маңызды салмаққа ие болар халықтың бірден-бір белсенді тобы екендігін ескереді. Сонымен қатар, жастардың бойына еңбекқорлық, қоғамдағы белсенділік, білімділік, өжеттілік, патриоттық сезімдерін ұялатады. Шын таланттардың талабын шыңдап, рухани серпіліс береді. Жастардың әлеуетін жақсартып, дене шынықтыруына ден қойып, интеллектуалдық дәрежесін өсіреді. Жастарды жұмыспен және баспанамен қамтамасыз етіп, әлеуметтік жәрдем береді. Тың идеяларына қолдау көрсетіп, жаңа бастамаларына жан бітіріп, халықаралық мәдени, экономикалық, ғылыми және білім беру процестеріне тартады. Жастардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз етеді. Осы тақылеттес қызметтерді атқара отырып, мемлекеттік жастар саясаты әлеуметтік ұстанымдағы экономикасы дамыған демократиялық қоғам қалыптастыруды көздейді. Елімізде жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлініп ке­ле­ді. Жастардың жанашыры Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауымен «Нұр Отан» партиясы өмірге келді. Оның негізінде 2008 жылы «Жас Отан» Жастар қанаты құрылды. ҚазҰУ-да «Жас Отан» ЖҚ 2013 жылдың қаңтар айынан бастап белсенді қызмет етуде. Қазір ЖОО-да 96 бөлімшеміз бар. Алматы шаһарындағы ҚазҰУ-дың өзінде жастар ұйымы комитетінің құрамына тіркелген біраз өзін-өзі басқару ұйымдары да жұмыс істейді. «Жас Отан» ЖҚ, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподақ ұйымы, «Мәслихат», «Сенат» студенттер альян­сы, «Көмек» қоғамдық қоры, т.б. Мемлекеттік жастар саясатының арқасында Алматы қаласы бойынша «Жас Отан» ЖҚ бөлімшелері нәтижелі жұмыстар атқарды. 2018 жылы сайланған Алматы қалалық «Жас отан» ЖҚ кеңесінің төрағасы Дулат Қасымов «Жас Отан» ЖҚ құрылымын өзгертіп, CRM-жүйесін (Customer Relationship Management) енгізді. CRM жүйесі орындаулы тиіс тапсырмаларды, дедлайнды, өткізілген шаралардан есеп жасауды жеңілдетеді. Жаңа құрылымның көмегімен ҚазҰУ және Алматы қаласы, Бостандық ауданының көлемінде жұмыс жасап жатырмыз. Бостандық ауданындағы ең ірі ЖОО-ның қатарында ҚазҰУ, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ бар. G-38 жобасы аясында біз Алматы қаласындағы ЖОО студенттерін бір орталыққа жинаймыз. Былтырғы жылдан бері басқа университеттерге өз бөлімшелерімізді ашуға жәрдемдестік. Жаңа құрылым ұпай шкаласымен өлшенетін болады. Белсенділіктеріне қарай «Жас Отан» ЖҚ атынан демалыс, сауықтыру орталықтарына жеңілдіктер мен жолдамалар беріледі. Ал, қазіргі «Жас қадам» ұйымының төрағасы Мади Ахметов басшылық жасаған кезде «Жас Отан» ЖҚ тіпті шарықтады. Біздің бұл кісілерден үйренереміз өте көп. Екеуі де ҚазҰУ-дың түлектері болғандықтан арада байланыс орнатып, жастармен кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. ҚР полиэтносты мемлекет бол­­ғандықтан ұлтқа бөлінбей, Қа­зақстанның болашағы үшін еңбек ететін барлық жастарды жинаймыз. Биыл Астанада «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» ЖҚ-ның кезекті IV Съезі өтті. Төрт жыл сайын өткізілетін шараға еліміздің барлық өңірінен 1500-ден аса делегат пен қонақтар келді. Съездің ұраны – «Жаңа әлемге жол саламыз». «Жас Отан» ЖҚ белсенділеріне, ЖОО тәмамдағаннан соң, «Нұр Отан» партиясы атынан, өз атымыздан мінездеме, ұсыныс жазып береміз. Бұл жұмысқа орналасуға бірден-бір оңтайлы мүмкіндік. Жыл сайын ҚазҰУ төрінде босжұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде әр ұйымның таныстырылымы болады. Біздің «Жас Отан» ЖҚ да жәрмеңкеге қатысады. «Жас Отан» ЖҚ төрағасы болу мен үшін үлкен мақтаныш. Әр уақытта басқа ұйымдардың да университет өміріндегі маңызы жайлы жиі айтып жүремін. Оларға болашақ жастар элитасы ретінде құрметпен қараймын. Біздің «Жас Отан» ЖҚ-ның басқа ұйымдардан артықшылығы, ең алдымен, біз – партиямыз. Біз университет көлемінде ғана емес, қала көлемінде (әсіресе Бостандық ауданы) жұмыс жасаймыз. ҚазҰУ-дағы бүкіл ұйымның басын біріктіру тек «Жас Отанның» қолынан келеді. Бұл сөзіме дәлел механика-математика факультетінде өткізілетін «Біз бірміз» ұйымаралық жарысы. Бүкіл ұйымдар өзінің білімділігі, жан-жақтылығымен танылады. Ең үздік факультет, ең үздік патриот, т.б. аталымдары бойынша «Жыл патриоттары» байқауы өтеді. Ол үшін қоғамдық жұмыстарға жыл бойы белсене атсалысу қажет. Бізде белгілі бір демеушілер жоқ. Сол себепті, барлығына өз күшімізбен қол жеткіземіз. Тағы бір артықшылығымыз, бізде саясатпен айналысамын, елімнің жанашыры боламын дейтін болашағынан зор үміт күттіретін жастар жетерлік. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарла­малық мақаласының негізінде «Қа­зақ­ша сөйлесейік» қоғамдық акциясын өт­кіз­дік. Акция ғашықтар күніне тұспа-тұс келгендіктен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» деп атап, жиналған қауымға кейіпкерлердің атын беріп, қазақша сөйлетіп, ойындар ұйымдастырдық. «Жас Отанның» тарихымен таныс­тырып, рухани жаңғыруды насихат­тадық. Ірі жобаларымыздың бірі «Жастар – Отанға» деп аталады. Жоба аясында бірнеше сайыстар өткізіп, іріктеулер жүргіздік. Студенттердің арасында көшбасшылық қасиеттерді дамыту үшін «Көшбасшылар» сайысын ұйымдастырып, театрларға билеттер сыйладық, трейнингтер өткіздік. Өткен жылы «Жас Отан» ЖҚ-да «Асыл құрам» ашылды. «Асыл құрамның» мақсаты Жас Отанның барлық бөлімшелерінен ең таңдаулы студенттерді іріктеп, отанымыздың болашақ жастар элитасын қалыптастыру. Бізден кейінгі өкшебасар келешек төрағаларды тәрбиелеу. Бірақ, бүгінгі таңда тек 21 ғана қалды. Яғни, біз санға емес, сапаға жұмыс істейміз. Оқу мен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүру оңай емес. Сенбіліктер, жарыстар, конкурстар мен жиналыстар, т.б. «Жас Отан» ЖҚ-ның арнайы эмблемасы бейнеленген футболкасы бар. Ондағы жазулар латын қарпінде жазылған. Бұл да «Латын әліпбиіне» көшуді қолдау мақсатында жасалған игі бастамалардың бірі. «Жас Отан» ЖҚ, біріншіден, ұлт­жандылыққа, мәдениетке тәрбиелейді. «Мектепке жол» бағдарламасы бойынша біз 1 қыркүйек қарсаңында 20 оқушы­ның шашын сән салонында тегін қиғыздық. «Бауыржан» қайы­­рымдылық қорының ұйым­дастыруымен жыл сайын өткізілетін «Алтын жүректе» біздің «Жас Отандықтар» еріктілер қатарынан табылады. Биыл Астана алаңында өткізілген «KITAP FEST-ке»-де ҚазҰУ жастары қатысып, белсенділік танытты. Басшылық тарапынан бізге алғыс білдіріп, үлкен қолдау көрсетті. «Жас Отан» ЖҚ бөлімшелері Ал­­маты қаласындағы ЖОО-ның бар­лы­ғында ашылды. «Жас Отан» ЖҚ партия болғандықтан, ауқымын кеңейту қажет. «Сананы тұрмыс билейді» демекші, жастарды баспанамен қамтамасыз ету, студенттерді қолжетімді бағадағы студенттер үйімен қамтамасыз ету мәселелері қарқынды жүзеге асса деймін. Себебі, жалдамалы пәтер із­деп жүрген студенттер көп. Егер тұр­мысыңыз жақсы болмаса, жұмыс істеуге де құлшынысыңыз болмайды. «Жас Отан» ЖҚ міндеті қазақи тәрбиені бүгінгі заман талабымен сабақтастыра отырып, алға жылжу, даму. Біз, жастар қауымы ҚазҰУ-дың беделі артып, әлемдік ЖОО-ның көшін бастап тұруы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет. Шұғыла БӨР­ЛІБАЕВА, әл-Фа­ра­би атындағы ҚазҰУ «Сұңқар» студент­тер мен магистранттар кә­сіп­одақ ұйымы Қоғамдық Бірлес­ті­гінің төрайымы: – Қазақстан Республикасының заңдық құжаттарына сәйкес, 14 пен 29, кейбір мәліметтерде 14 пен 34 жас аралығындағы азаматтар жастар болып есептеледі. Жастармен, соның ішінде студенттер және магистранттармен тікелей жұмыс жасайтын ұйым болғандықтан, еліміздегі Жастар саясатының қызметіне көңіліміз толатындығын айтқым келеді. Бүгінгі таңда мемлекетімізде білім-ғылым, мәдениет және спорт саласында жастар үшін айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Соған дәлел ретінде Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қолдауымен қаламыздағы үкіметтік емес жастар ұйымдарының өткізіп жатқан жобалары мен іс-шараларын айтуға болады. «Сұңқар» – ҚазҰУ-дің бөлінбес бір бөлшегі. Университет дамуына кәсіподақтың қосқан үлесі мол. ҚазҰУ-дағы кез-келген студенттік іс-шаралардың қолдаушысы әрі демеу­шісі – «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы. Студенттік кәсіподақ ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлының бастама­сымен университет әкімшілігі және өзге де студенттік өзін-өзі бас­­қару ұйымдарымен әлеуметтік серіктестік бойынша жұмыс жасап келеді. 1999 жылы министр Дәурен Абаевтың бастамасымен «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподақ ұйымы құрылған. «Сұңқар» - Университеттердің еуразиялық кәсіподақтар ассоциациясына мүше Қазақстандағы жалғыз студенттік кәсіподақ ұйымы болып табылады. 2014 жылы Қазақстан ұлттық рейтингісі бойынша «Сала көшбасшысы -2014» белгісімен марапатталды. Бұл өте үлкен жетістік әрі тынымсыз еңбектің нәтижесі. Бір ғана адамның емес, күллі команданың еңбегі. Кәсіподақ ұйымының басты мақсаты – студенттердің әлеуметтік-экномикалық құқығын қорғау, әлеуметтік әлжуаз топтағы студенттерге көмек көрсету және жастардың тұлғалық қасиеттерін дамытуға бағытталған іс-шаралар мен жобаларға қолдау көрсету. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және университеттік «Айналаңды нұрландыр», «Cаламатты дене мә­дениеті», «Smart city», «Green campus» және «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобаларының аясында ұйымның іс-шаралары өз жалғасын тауып жатыр. Әр семестр сайын әлеуметтік көмек көрсету – кәсіподақтың тұрақты жұмысы. 20 мыңға жуық студенті бар университетіміздегі 4000-нан астам студентке әлеуметтік көмек көрсетеміз. Биылғы жылдан бастап ата-анасының біреуі жоқ немесе толық емес отбасынан шыққан студенттерге 7000 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Кәсіподақ ұйымы денсаулығы нашар мүмкіндігі шектеулі студенттерге де әлеуметтік жағынан қол ұшын созып, студенттер емханасының тізімінде тұрған гастрит және қант диабетімен, т.б аурулармен ауыратын студенттерге диеталық тамақтануға тегін талондар береді. Бұл игі шаралардың барлығы ұйымның белсенді жастарының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан дүниелер. «Сұңқар» студенттер мен магис­транттар кәсіподағы университет, қала, республика көлемінде ауқымды жобалар мен іс-шаралардың негізгі ұйымдастырушысы және қолдаушысы. Студенттердің бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізу, жастардың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру мақсатында кәсіподақ жыл сайын әр түрлі әлеуметтік, спорттық, инновациялық жобаларды жүзеге асырып келеді. Айта кететін болсақ, ірі жобалар тізімінде: 22 қыркүйек ҚР халықтарының тілдер мерекесіне орай «Бауырсақ party» акциясы өтті. Акция бары­сында мақал-мәтел, нақыл сөз, өлең шумақтарын оқыған ҚазҰУ сту­денттері мен ұстаздар қауымына ұйымдастырушылар бауырсақ таратып, әдемі көңіл-күй сыйлайды. Акция оқу ордамыздың бас ғимараты мен «Мәңгілік ел» қақпасы және әр факультеттің алдында өтіп, жалпы салмағы 160 кг-нан астам бауырсақ үлестірілген болатын. Сонымен қатар, жаңа заман ағымына сай өзіндік ұстанымы бар, еліне өз септігін тигізе алатын жастарды тәрбиелеу мақсатында «Сұңқар» кубогына арналған көңілді тапқырлар клубының ойыны да ұйымдастырылады. Чемпионат тарихында 100-ден астам команда «Сұңқар» кубогынан түлеп ұшты. Көрерменге күлкі сыйлауға асыққан ҚазҰУ жастарын «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы қолдауға әр кез дайын. Университеттегі «Салауатты дене мәдениеті» жобасы аясында «Сұңқар кубогы мини-футбол» ойындары ұйымдастырылады. Бас жүлдеге ие болған факультет және ұйым коман­далары Ыстықкөл жағасына демалуға жолдама алады. Бір семестрге созылатын ерекше тартысты додалардың бірі – «Ең үздік студенттік топ» байқауы. Байқау мақсаты қатысушыларға студенттік шақтарынан ұмытылмас естелік сыйлай отырып, сайыскерлер арасында достық қарым-қатынас қалыптастыру. «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының қолдауымен «Томирис» қыздар клубы жұмыс істейді. «Томирис» қыздар клубында жүздеген қыз мәдениет, сөз мәдениеті, сұлулық, сырласу, аспаздық, спорт және денсаулық, тәрбие мен білім атты жеті бағыт бойынша сабақ алуда. «Bookland», «English club», «Movie club», «Ғажайып үштік» сынды түрлі бағыттағы жобалар бар. Алдағы жоспарымызда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында студенттерге тиімді әрі ерекше жаңа жобалар ұйымдастыру көзделген. «Сұңқар» стипендиясын жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлаудамыз. Бұл жоба ҚазҰУ студенттеріне арналған. «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподақ ұйымының атқаратын жұмысы «Алматы қаласы жастарын қолдаудың жол картасы-2020» негізгі бес бағытына сәйкес деп айтуға толықтай негіз бар. Кәсіподақ студенттердің әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғай отырып, әлеуметтік әлжуаз топтағы студенттерге көмек қолын созып келеді. Жас отбасыларға да студенттік кәсіподақ тарапынан қолдау көрсетілуде. Ал, мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасы жастар үшін өте тиімді. Басқа бағдарламаларда алғашқы төлем 50%-ды құраса бұл бағдарламада 20%-ды құрайды. Сонымен қатар 7% мөлшерлеме ең төменгі пайыздық өсім болып табылады. Өз тарапымнан жастар саясатын қолдау әрі дамыту мақсатында: – Жоғары оқу орындарындағы қағазбастылықты (бюрократия) жою; – Жас отбасыларға арнайы жеңіл­діктер қарастыру және баспанамен қамтамасыз ету; – Еліміздегі студенттік кәсіп­одақ­тардың жұмысын бір орталыққа біріктіру істері келешекте қарқынды түрде іске асырылса деймін. Темирлан МЫР­­­ЗАҒАЛИЕВ, әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ «СББП» ұйы­мы­ның атқарушы төрағасы: Қазіргі таңда мем­лекетіміз да­му үстінде екені бәрімізге мәлім. Тұ­­ғырын биік ұстап тұрған егемен елімізбен жастарымыз да ілесіп келе жатыр. Жастардың қоғамдық істерге белсенділігін арттыру үшін қоғамдық ұйымдар құрып, белсенділік танытуы қажет. Жастар саясатының мақсаты мен негізгі бағыты – жастардың құқығын қорғау, сапалы білім беру, жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасау, жастарды және жас отбасыларды қолжетімді баспанамен қамсыздандыру. Еліміз тұрғындарының 27% пайызын жастар құрайды, оларды қорғау біздің де негізгі мақсатымыз. СББП – студенттердің құқығын қорғайтын негізгі ұйым. Өте жас ұйым­дардың бірі болса да, жасап жатқан еңбектерінің жемісін көріп жатқан бірігей ұйымдардың бірі. Біздің ұйым академиялық саясатты әрбір студентке түсіндіріп, насихаттайды. Студенттің өз құқығын білу, оны қорғау біздің негізгі мақсатымыз болып табылады. Біздің ұйым Жастар саясатының дамуына да өз үлесін қосуда. Жастар біздің ұйымда білім алып, өзін-өзі жан-жақты дамыта алады. Қазіргі таңда 50-ден астам мемлекет Болондық оқу үдерісімен білім алуда. Болондық оқу үдерісінің тиімді жақтары басым. Қазақстанның Болон үдерісіне қосылудағы қол жеткізген жетістіктерінің бірі – академиялық ұтқырлық. Академиялық ұтқырлық – Қазақстандағы кез келген жоғары оқу орнында білім алып жатқан сту­денттің оқу орнын, оқытушыны, оқу бағдарламасын еркін таңдауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, оқу кезе­ңінің аралығында білім алушының белгілі бір оқу бағдарламасын еліміз­дегі немесе шет мемлекеттердегі уни­верситеттерде игеруге мүмкіндігі бар. Болондық оқу үдерісі Еуропада пайда болған. Бұл жүйені Ресей мем­лекеті өте тиімді қолданған. Бұл жүйенің талаптары ауысып, өркендеп жатпаса, құлдырай қоймайды. Ал, біздің еліміздегі Болондық жүйе қалыптасу үстінде. Біздің ұйымның негізгі мақсаты – студент пен оқу үдерісін бір-біріне мейлінше жақындастыру. Осыған орай, біздегі жобалардың барлығы осы принциппен орындалады. Яғни, студенттің академиялық саясат пен ережені жетік білуіне арналған жобалардың бірі – «SSS» (Super Smart Studens). Біз студенттердің оқуымен қатар шығармашылық, спорттық қабілеттерін дамытамыз. Ұйымға қабылданған студенттер өзге де қырларын танытып, таңқалдырып жатады. Біз СББП университет көлемінде ғана емес, қалалық деңгейге көтерілгенін қалаймыз. Оған барлық күшімізді салып, қазіргіден сапасы мен деңгейі жоғары жобалар ұйымдастыруды қолға алдық. Студенттеріміздің білім деңгейінің өсуіне ықпал етуге тырысамыз. Біз бар­лық қазақстандық студенттердің құқы­ғын қорғауға әрқашан дайынбыз. Ол үшін қажырлы еңбек ету қажет. Мемлекеттің «7-20-25» бағдар­ламасы жастар үшін де өте тиімді. Себебі, еліміз өркендеп жатса да, тұрғын үй мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып келеді. Жалпы, қазіргі бағдарламалар жастарға бағытталып жасалып жатқандығы бізді қуантады. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Алматы қаласы жастарын қолдаудың жол картасы-2020» жоспарлы бағдар­ламасымен сту­дент­теріміз толықтай таныс. Себебі, ұйымның басты бағыты оқу, студенттің құқығын барынша қор­ғау болып табылатындықтан бағ­дар­лама аясында үлкен жұмыстар жүргізілетін болады. Сонымен қатар, біз ұйымдағы студенттердің уақытты тиімді пайдалануларын қадағалаймыз. Әртүрлі спорттық, шығармашылық кештер ұйымдастырамыз. Біз қазірде үлкен отбасымыз деп айта аламын. Әрқайсысы бір-біріне көмек беріп, қолдау көрсете алады. Бұны да біздің ұйымның үлкен жетістігі деу қажет. Болашақта академиялық ұтқыр­лықты, яғни студенттердің қалаған елде білім алуына ешбір кедергі болмауы туралы ережелер қарастырылса деймін. Тек қана білім алып қоймай, тәжі­рибе жинауда барлық мүмкіндіктер пайдаланылса құба-құп. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел ертеңі жастарға үлкен сенім артып, зор мүмкіндіктер алаңын құрды. Елбасының жастарға арнап әр уақытта айтқан өнегелі мың сөзінің ішінен алынған бір ғана сөзімен ойымды түйіндегім келеді: «Біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болады».

595 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз