• Заманхат
  • 08 Қараша, 2012

Ұлттық анимацияның ақуалы қалай?

Ақбота Исләмбек, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінің 4-курс студенті

Біз тәуелсіз мемлекет, егемен ел болғаннан бері білімі мен білігі ұштасқан интеллектуалдық ұлт болуға, жаңа үлгідегі заманауи технологияларды игеруге талпыныс жасай бастадық. Десек те, дәл осы тұста біз өмірдің оңы мен солын жаңадан тани бастаған жас ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастыру жағын ескере бермейтін сияқтымыз. Ал, ертеңгі болашағымыз болатын ұрпағымыздың тамырына рухани нәр бермей, біз ешқандай да интеллект иесі бола алмайтынымыз анық. Осы тұста, бүгінгі күннің балаларына тәрбие құралы саналатын анимациялық мультфильмдер жайлы сөз қозғап, оның тарихына аз да болса көз шалып өтсек артық болмайды деп ойлаймыз. Сонымен, әуелі, мультипликациялық кино ұғымына түсініктеме беріп, тарихына тоқталайық.  Бұл (латын тілінде multіplіcatіo – көбею; ағылшын тілінде – жандандыру) – cуреттердің, қуыршақтардың қозғалыс кезең-кездерінің фазаларын жеке кадрларға түсіріп, ретімен көрсетуден туатын кино өнерінің бір түрі. Мультипликациялық кино ісінің белгілі үш тәсілі бар: бірінші, суреттер (графикалық мультипликация); екінші, қуыршақтар (көлемді мультипликация); үшінші, жалпақ, жұқа қуыршақтар (жазық пішінге салып қию) пішінінде пайдаланылады. Алғаш суретке жан бітірген бельгиялық физик Ж.Плато (1832 ж.). Ол бірнеше сурет жапсырылған дискіні жылдам айналдыру арқылы, қолын сілтеп жүгіріп бара жатқан адам бейнесін жасады. Ал, 1877 ж. француз суретшісі әрі инженері Э.Рейно траксиноскоп арқылы суреттің қимылын ұзартты. Онда музыка және әнмен сүйемелденген түрлі-түсті бейнелі бірнеше комедиялық лента, 15-20 минутқа созылды. Америкалық С.Блэстон мен У.Маккей, француз Э.Коль, т.б. мультипликациялық киноның көшбасшысы болып саналады (1906-08). Олар суреттерді кадрлеп бөлшектеп, бөліп түсірудің жаңа жолдарын пайдаланып, мәнерлі қозғалысқа келтіріп, оларға жан берудің құпияларын ашты. Мультипликациялық киноның негізін салушылардың бірі, әйгілі Микки Маус атты мультфильмнің авторы – Уолт Дисней. Америкалық режиссердің  қарамағында бірне­ше елдің талантты суретшілері қызмет атқарып, ширек ғасыр бойы техникалық жетістік биігінен көрінді. Оның әйгілі Освольд (қоян), Микки Маус (тышқан), Дональд (үйрек), т.б. кейіпкерлері миллиондаған көрермендердің көңілінен шықты. Бірнеше серияны құрайтын қойылымдардағы қимыл мен сөздің дәлдігі, музыка, шудың қозғалыспен қатар естілуі үйлесім тапты. ХХ ғасырда «Союзмультфильм» (1936 ж. құрылған) студиясынан жарық көрген фильм­дер, мультипликациялық кино ісін дамытты. В.М. Котеночкиннің «Тұра тұр, бәлем!» (Ну, погоди) көпсериялы фильмі, режиссер В.Поповтың «Простоквашинадан шыққан үшеу», т.б. фильмдерін миллиондаған жас көрермендер тамашалады. Мультипликациялық кино әрдайым жаңалықтар мен ізденістерді қажет ететін өнер. Жақсы мультипликация үшін, тек суретшілердің ғана еңбек етуі аз. Бұл өнерде режиссердің, сценаристің еңбегі­мен қатар қолөнершілердің қолтаңбасы мен компьютерлік графика ісінің үйлесуі де маңызды. Ал, қазақ мультипликация өнерінің тұсау­кесер мультфильмі ертегі негізінде тү­сірілген, 1967 жылы жарыққа шыққан «Қар­­лығаштың құйрығы неге айыр?»мультфильмі. Сце­нарийдің авторы, режис­сері және сурет­шісі Әмен Қайдаров. Фильм 1968 ж. Ленинградта өткен Бүкілодақтық фести­вальде екін­ші жүлдеге ие болып, әлем елдерінің экран­дарында көрсетілді. 1975 ж. Нью-Йоркте өткен мультипликациалық фильм­дер­дің 1- халықаралық фестивалінде «Қола Прак­синоскоп” жүлдесін иеленді. Қайдаров түсірген: «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қо­жанасыр – құрылысшы» атты фильмдер қазақ муль­типликациясының жетістіктері болды. 1970 ж. қазақ мультипликациясы Орта Азиядағы жетекші орынға шықты. Қазақ мультипликаторлары қырғыз және түрікменнің тұңғыш мультфильмдерін шығаруға белсене қатысып, тәжік муль­типликациясының қалыптасуына шығар­машылық көмек көрсетті. Осы кезеңде қазақ мультипликаторлары түсірген графикалық және қуыршақ фильмдердің саны жүзден асты. Режиссер-суретшілер: Ж.Даненов пен Ұ.Қыстауовтың «Алпамыс батыр», «Айдаһар аралы», Е.Әбдірахмановтың «Тапқыштар», «Бозторғай», Б.Омаровтың «Үш шебер», «Қаңбақ шал»,Т.Мұқанованың «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтың «Тігінші мен ай», «Қадырдың бақыты» атты мультфильмдері – қазақ мультипликациясы тарихында жоғары бағаланған шығармалар. Сондай-ақ, қазақ анимациясының дамуына А.Әбілқасымов, А.Тоқшабаев, Ұ.Бекішев және басқа да шеберлер зор үлес қосты. 2002 ж. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушылары мен студенттері профессор Қайдаровтың жетекшілігімен «Құйыршық» (режиссер Қ.Қасымов) атты сериалдың бірінші графикалық мультфильмін компьютерлік технологияларды қолдана отырып шығарды. Поляк ойшылы Станислав Ежи Лец «Тағдыр таразысының қалай қарай ауатыны, бесіктің қалай тербелуіне байланысты» деген. Демек, бізге де өсіп келе жатқан жас өркеннің санасын дұрыс қалыптастыруды ойлаған жөн. Көптеген елдерде бала тәрбиесіне, соның ішінде балаларды анимация арқылы тәрбиелеуге ерекше мән беріледі. Айтатын болсақ, Жапонияда балаларға салт-дәстүрін, өзара қарым-қатынас этикасын, адамның ортада өзін ұстау мәдениетін мультфильм арқылы үйретсе, АҚШ бұл әдіспен математика, география, физика пәндерінің негіздерін оқытуда. Ал, Қытай болса анимация өнері бойынша әлемде көш бастап тұр. Олар ұлттық мүддені ғана көздейтін мультфильмдерді шығару арқылы жас баланың санасынан Отанға деген сүйіспеншілігін ашуға тырысады. Оған қоса, Қытай мемлекетінде шетел мультфильмдерін көруге тыйым салынған. АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Қытай сынды мемлекеттердің анимациялық фильмдерге мемлекеттік тұрғыда үлкен мән берілсе, Ресейде балаларға арналған анимациялық фильмдерді, видео көрсетілімдерді идео­ло­гиялық құрал ретінде пайдаланып, оған қыруар қаржы бөлуде. Нақты айтсақ, биылғы жылдың бір ғана анимациясына 300 млн. АҚШ доллары бөлінген екен. Ресей аниматорлары ұлттық құндылықтарды балалардың са­на­сына сіңіру мақсатында алдарына жан салмай тер төгуде. Олар көбінесе Кры­лов­тың мысалдарын немесе тарихта болған батырларын кейіпкер ретінде алып, тамаша толықметражды анимациялар жасап шығарды. «Три богатыря», «Илья Муромец», «Алеша Попович», «Добрыня Никитич» сияқты батырларын дәріптеу арқылы өздерінің «орыс деген ұлы халық» екенін, олардың мемлекеттері тамаша екендіктерін ұрпағының саналарына құйып отырады. Демек, бұдан шығатын қорытынды, анимациялық мультфильмдер ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді, тарихымызды насихаттап жас баланың санасына сіңіретін бірден-бір құрал. Ал, біздің телерадио арналарымызды алыңыз, шетелдік анимациядан көз ашпайсыз. Тіпті, интернет ойындар мен газет-журналдарды былай қойып, бала­лардың ойыншықтары мен киімдерін түгелдей шетелдік кино мен анимация кейіпкері жаулап алғанын байқаймыз. Олардың анимация кейіпкерлері жақсы жарнама арқасында өз елінде ғана емес, бүкіл әлемге тарап, үлкен сұранысқа ие болды. Заман тілімен айтқанда олардың әрқайсысы – бренд. Ал, мультфильмдерінің мазмұндық жағына тоқталсақ, біздің менталитетімізге жат қылықтарға толы, ойға қонымсыз оқиғалардан тұрады. Өсіп келе жатқан ұрпағымыз бұдан ешқандай өнеге алмайтыны айдай анық. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуі, мектептегі атыс-шабыс, өз-өзіне қол жұмсау сияқты келеңсіз жәйттардың бәрі осы өнімдерді насихаттап келе жатқан «телеидеологиялық тәрбиенің» жемісі екені баршаға белгілі. АҚШ немесе Еуропа елдерін алып қара­сақ, олардың кино, анимация әлеміндегі кейіпкерлерінің дені ойдан құралған, қиял­дан туған. Фантастика жанры бұл елдерде әлдеқайда алға озып кетті. Сол Гарри Поттері де, Өрмекші-адамы да, Шрегі де, Спанч Бобы да балалардың қиялын дамытады, ой-өрісін кеңейтеді. Айтар болсақ, Өрмекші-адам бейбітшілік үшін күресетін, халық қамқоршысын сомдаған кейіпкер. Бұл балаларды «жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге» баулиды, ізгілікке, мейірімділікке тәрбиелейді. Ал, Спанч Боб мультфильмін қараңыз, теңіз түбіндегі балықтар, шаяндар, медузалар сынды тіршілік иелерін басты кейіпкерлері етіп, кішігірім қаланың өмірін көрсетеді. Бұл жердегі басты кейіпкер, Спонч Боб өзінің көтеріңкі көңіл-күйімен жан-жағына шуақ сеуіп жүрген ойдан шығарылған кейіпкер. Мультфильмнің мазмұнына келсек, ойға қонымсыз, бала тұрмақ үлкен кісіні дұрыс ойдан адастырарын байқаймыз. Соған қарамастан, ол әлемдік брендке айналды. Қазіргі жас ұрпақ «Тасбақа-ниндзялар», «Трансформер», «Мегамозг», «Халк», «Аватар» сияқты құбыжықтарды құрметтеп, солардың тәлім-тәрбиесімен өсіп келе жатқандығы баршамызды алаңдатарлық жәйт болу керек. Бұл жағдайға кім кінәлі? Бұған барлығымыз бірігіп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, мультфильм шығарайық деген ұсыныстар айту керекпіз. Ойлап қарасақ, шет елдің мультфильмдерінде терең мазмұн болмайды. Ерекшелігі де осында, яғни, ең бастысы, оқиға (сюжет) аса күрделі емес. Оған қоса жарнамасының өзі бала тұрмақ үлкен кісіні қызықтырары анық. Біздің алпауыт батырларымызды, тарихымызды, салт-дәстүрлеріміз бен мәдение­тімізді, елдігімізді жас өркенге көгілдір экран­дағы мультфильм арқылы да жеткізе алатынымызды түсінетін уақыт келді. Қазақ мультипликациясының атасы Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» сынды туындыларының дең­гейіне әлі де жете алмай жатырмыз. Мульт­фильм­дер жоқ емес. Бар. Бірақ, өте аз. Әмен Қайдаровтың өзі берген бір сұхбатында жылына бар-жоғы жарты сағаттық мульт­фильм шығаратынымызды айтты. Бұл халық сұранысын қанағаттандырмайтыны белгілі. «Мен Алдармын, Алдармын, сақалымды талдармын» деп әндетіп, бірақ өзінде сақал түгіл, мұрт та жоқ қазақ ауыз әдебиетінің кеңінен танымал кейіпкерін білмейтін адам жоқ. Қай телеарнаны ашпасаңыз да,алдыңыздан Алдардың киносы, не Алдардың мультфильмі шығады. Бұл қуантарлық жәйт. Десек те, қазіргі Алдардың бейнесі Шәкен Айманов сомдаған парасатты, қу да болса, елдің қамын ойлаған, жарлының байда кеткен ақысын алып беру үшін түрлі айлаға баратын Алдардан мүлдем өзгеше. Бүгінгі Алдарда сол парасаттылықтан еш нәрсе қалмағандай. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі заманның нағыз алаяғы сияқты көрінеді. Сәби санасына да бұның кері әсері бары анық. Бұл жерден психологтар мен педагогтар пікірі ескертілмейтінін байқаймыз. Мультфильм жасау инемен құдық қазғандай ерен еңбекті талап ететінін түсіну қажет. Деген­мен, еліміздегі мультипликациялық кино жасаудың шебері саналатын студиялар да бар. Солардың бірі 2001 жылы құрылған «САҚ» (бұрынғы «Жебе») киностудиясы. Киностудия атауы біріншіден, осы тайпаның құрметіне берілсе, екіншіден, «САҚ» – Сапалы Анимациялық Қойылым болып шыға келеді. Студия тек сапалы ұлттық өнер туындыларын шығаруға бел буған екен. Аз уақыттың ішінде бұл киностудияны бүкіл Қазақстан мойындап отырғанын айта кетуге болады. Бұған дәлел ретінде, «Қазақфильмнің» төрт мультфильмге тапсырыс беруін тілге тиек етуге болады. Олар Ә.Тәжібаевтың поэмасының желісі бойынша жасалған «Толағай» мультфильмі және «Қошқар мен Теке», «Момын мен қарақшылар», «Маймақ қаз». Барлығы аяқталып қойған дүниелер. Жалпы, киностудия қорында жиырмаға жуық мультфильм бар. Бес минуттық, он минуттық мультфильм болсын әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен тәрбиелік мәні ерекше. Айтар болсақ, көпсериялы «Қазақия» мультфильмінің бір сериясында қазақтың «Көп түкірсе көл» деген мақалының мағынасы түсіндіріледі. «Қазақия» Қазақстандағы тұңғыш мультсериал. 6-7 минуттан тұратын қазақтың мақал-мәтелін, дәстүрін үйрететін осындай сериалдардың бар болғаны қуантарлық жәйт. Тек, бұл мультсериалдарды телерадио арналарымыздан көріп есіте алмау­ларымыз өкінішті. Олар бағасы арзан кел­ген шетелдің ескі мультфильмдерін сатып алуға құмар. Экономикалық жағынан бұл тиімді де шығар, ал, таңертеңнен кешке дейінгі бос уақытын көгілдір экран алдында өткізетін бала психикасы мен мінез-құлқына кері әсері болатынын көпшілік түсіне де, біле де бермейді. Тіпті, кей тұста түсінсе де, білсе де мән бермейтінін байқаймыз. Біздің қателігіміз, анимациялық мультфильмдер шығаруды кино шығарумен тең дәрежеде қарамауымызда. Асқан төзімділікті қажет ететін анимациялық мультфильм жасауды еріккеннің ермегі санайтын сияқтымыз. Бұл да кино жасаумен тең келетін өнер саласы. Балаларға арналған «Балапан» телеарнасы ашылды. Бұған бек қуанамыз. Тек, тағы бір, өкініштісі, бұл арнада қазақшаға аударылған шетелдік өнер туындылары көп. Сонда, біз шетелдік тәрбиені балаларымызға қазақшалап оңай жеткізіп жатқанымызды түсінбейміз бе?! Әлде, түсінсек те, бәрі қаржыға тіреле ме?! Біздің ойымызша, ұлттық анимациялық мультфильмдер сапалы да мазмұнды дайындалуы үшін, біріншіден, оған бөлінген қаржы кино туындысына бөлінетін қаржыдан кем болмау керек. Екіншіден, ұлттық мульт­фильмдердің идеологиялық құрал екенін, өсіп келе жатқан ұрпақ санасы үшін олардың әсері мол екенін ұмытпау керекпіз. Осы тұста, ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді, тарихи тұлғаларымыз бен батырларымызды дәріптейтін мультфильмдерді көбейту керек. Үшіншіден, шет елден келетін мультфильм көрсетілімін азайтып, не болмаса таңдаулы мультфильмдерді ғана экранға шығару керек. Төртіншіден, мемлекеттік тапсырыс бойынша анимациялық өнер туындыларын шығаруға киностудиялар арасында конкурс жарияланса, бұл өзара бәсекелестікті арттырары анық. Бесіншіден, шыққан ұлттық анимациялық көрсетілімдерімізді жарнамалау мәселесін ұмытпаған жөн. Мультфильм кейіпкерін ұлттық брендке айналдыруға тырысу керек. Ұлттық үлгідегі қуыршақтар, ойыншықтар шығарудың өзі үлкен жарнама болары анық. Болашақта ұлттық мультфильм кейіпкеріміздің бейнесі бар балалар киімдерін шығаруды да ойлаған абзал.

582 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз