• Еркін ой мінбері
  • 12 Желтоқсан, 2012

ТАРИХ ТАҒЛЫМЫНАН САБАҚ АЛУ

Еркебұлан Әлімханұлы, Л.Н. Гумилев Еуразия ұлттық университетінің PhD докторанты, Халықаралық және аймақтық зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері

Қазақ қоғамының бөлшектенуі, ұлтшылдар мен шовинистердің, әсіредіншілдер мен дәстүрлі қауымның, билік пен демократтардың арасының алшақтауы сияқты, бір-біріне қарсы әлеуметтік топтардың көбеюі күн өткен сайын асқынып бара жатқан сияқты ма, қалай? Мұның арты жақсылыққа апармасы анық. Өйткені, оларға басу айтар аузы дуалы кісілердің қарасы азаюда, елдің басын біріктіріп, бүкіл халыққа жол көрсетер жаңа толқын саясаткер де кемшін. Оның үстіне, өткенімізге көз жіберсек те – әр ғасырдың алғашқы ширегінің аяғы біз үшін ауыр болғанын көреміз. Осылайша, тарих, тұлға және халықтың мінез-құлқын ескере отырып жасалған сараптамаға сүйеніп «алдағы уақытта Қазақстанда үлкен өзгерістер болып, кей тұстағы кемшін тұстарымызда ауа жайылушылық орын алуы мүмкін» екендігін көреміз. Әрине, бұл үдеріс ғаламдастыру кең етек алған кезеңге сәйкес келеді. Мұндай тұжырым жасауға қоғамның қазіргі беталысы мен тарихтың даму динамикасы да негіз болады. ТАРИХ ТАҒЛЫМЫ Айрандай ұйыған халық пен бейбітшілік және салыстырмалы түрде тұрақты даму Қазақ­станның ерекшелігі саналады. Егер, қа­зақ халқының өз атымен тарих сахнасына шыққаннан бергі кезеңге қарайтын болсақ Қасым ханның, Тәуке ханның және Абылай ханның (ішінара) заманында дәл осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның орнағанын көреміз. Ал, олар биліктен кеткен соң үлкен аласапыран орнап, қазақ халқының тоз-тозы шықты... 1598-1611 жылдар арасында билік құрған Қасым хан басына ауыр кезең туды. Жаңадан құрылған хандықтың шекарасын кеңейтіп, халқының санын миллионға жеткізді. Қазіргі Қазақстанның шекарасы сол кезеңде алғаш рет қалыптасты. Алайда, Қасым хан көз жұмғаннан кейін, оның орнын басар жөні түзу мұрагер шықпай, ымырасыз тақ таласының кесірінен Қазақ хандығы жоға­рыдағы жетістіктердің барлығынан айы­ры­лып, шөкімдей жерге ғана иелік етті. Ал, Әз Тәуке ханның тұсында, алты алаш аталып, қарақалпақтар мен қырғыздарға да сөзі өтетін хандыққа айналды, қазақ елі. Ең бейбіт кезеңін басынан өткерген қазақтарды алда тарихындағы ең бір қанды кезең «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» күтіп тұрған еді. Тағы да сол, бірліктің жойылып, әр аймақта өз хандарының шығуы бұл қырғынның басты себебі саналады. Араға жарты ғасырдай уақыт салып ыдыраған қазақтың басын Абылай хан біріктірді. Алып екі империяның ортасында қазақты құтқарамын деп жан таласқан айбарлы ханның арқасында елдің іргесі қайта жиылды. Әттең, Абылай ханнан кейін заманына лайық, оның жолын іліп әкетер мұрагер хан, тағы да, табылмады. Бұл жолы қазақ халқы тәуелсіздігінен айырылып, бұдан кейін үш жүздің басы тәуелсіз ел ретінде, тек, екі ғасыр өткеннен кейін ғана қосылды. Егер, жоғарыдағы үш хан заманымен қазіргі кезеңді салыстырсақ, онда «бізді тағы да бір ауыр уақыттың күтіп тұруы мүмкін екенін көреміз». Бұлай болжам жасауымызға басқа бір тарихи дәлел де әсер етіп отыр. Әр ғасырдың 20-40 жылдары арасында қазақтар мекендеген территорияда үлкен өзгерістер орын алып отырған. Бұл өзгерістер кішігірім дүмпулермен жалғаса отырып, ғасырдың ортасынан кейін саябырсып барып басылған. 1615-40 жылдары жоғарыда айтып кеткен Қасым ханнан кейінгі қырғын, 1620-40 жылдары, Есім хан мен Тұр­сын ханның арасындағы тартыс, 1720-40 арасында әйгілі «Ақтабан шұбырынды» мен хан-сұлтандар арасындағы тақ таластары, 1825-45 хандық биліктің жойылуы мен патшалы Ресейге қарсы көтерілістер, 1916-40 түрлі соғыстар мен «қызылдардың қырғыны» орын алды. Алда ХХІ ғасырдың 20-шы жылдары келе жатыр... Жоғарыдағы деректі қателіктер үшін кім кінәлі­? Өздеріне лайықты мұрагер дайындай алмаған хандардан көреміз бе, әлде ынжық болып, елді игере алмаған мұрагерлерден көреміз бе немесе билікке қырқысқан шонжарлардан көреміз бе? Мүмкін, бірлікті ұмытып, халықты ыдыратқан, өз ақсүйектерін хан көтеріп шыққан беделді билер мен ақсақалдарды (идеологтар), болмаса ертеңін ойламай, солардың жетегіне ерген халықты кінәлаймыз ба? Кімді кінәласақ та, өткен іс өтті, болар іс болды, енді болашақта оның қайталанбауы маңызды. СӨЗІ ӨТІМДІ ТҰЛҒАНЫҢ АЗАЮЫ Егер, тұлғаларды қарастыратын болсақ, бұл жағдайда да халіміздің мәз емес екенін көреміз. Келесі президенттің де халық арасында беделі жоғары болуы тиіс. Алайда, «бүгінгі ықтимал кандидаттардың арасында елдің барлығына (болмағанда 50 пайыздан астамына) сөзі өтетін тұлға бар ма?» деген сауалдың көкейде тұратыны анық. Әрине, «болашақ билік орнын басар адам жоқ» деуге келмес, өйткені, «бірді туған халық мыңды да туады». Мұндағы проблема – сол орнын басар тұлғаларды халықтың барлық әлеуметтік топтарының жылы қабылдамауында жатыр. Өйткені, Қазақстан халқының арасындағы түрлі әлеуметтік топтарға жіктелу үдерісі күн өткен сайын артуда. КСРО заманында аз да болса беті қайтқан жүзшілдік пен рушылдық қайта түледі. Бұл дерт қоғамдық белең алып келеді. Оған соңғы жылдары шыққан ұлттық, діни, саяси, тілдік ерекшеліктерге байланысты бөлінетін әлеуметтік топтарды қосыңыз. Бұл топтардың барлығы өздеріне жақын, өздері идеал тұтқан тұлғаның ғана сөзін сөйлейді. Ал, бөтен тұлғаның таланты, ақылы басқа да қасиеттері өзгелерден бір сүйем жоғары болса да, оның сөзінің бұларға өтуі қиын. Оның үстіне, билікке де халыққа да беделі бар зиялылар немесе сөзі өтімді ақсақалдар саны азайып кетті. Тәукенің заманында билер, Абылай заманында Бұхар бастаған жыраулар мен батырлар хан билігін шектеп отырды, олардың қате шешім шығармауын қадағалайтын еді. Хандар да маңызды мәселелерде олардың көзқарасын біліп алып шешім шығаратын. Қазіргі билік кезеңінде де мұндай идеолог ақсақалдар мен зиялылардың беделі жоғары. Яғни, қазақ қоғамында «ақса­қалдар институты» халық пен билік арасын­дағы көпір немесе бейресми парламент ролін атқаратын. Ал, бүгін Айдос Сарым мыр­заның сөзімен айтсақ «белгілі топтарға емес, жалпы қазаққа бірдей сөзі өтетін ақса­қалдар қалмай барады. Оның сыртында жалпы қазақстандықтарға (қазағы, орысы, басқасына) сөзі өтер адам жоқтың қасы». Келесі билік тұсында, көпір ролін атқаруы тиіс алды алпысты алқымдаған, соңы қырықтың қырқасына шыққан зиялылардың арасынан жалпақ жұртқа сөзі өтімді адамды табу қиын. Кім бар? Олжас Сүлейменовтың, Қадыр Мырза Әлінің, Қабдеш Жұмаділовтың, Софы Сматаевтың, Мұхтар Шахановтың, Әбіш Кекілбаевтың, Ақселеу Сейдімбектің, Салық Зимановтың, Шерхан Мұртазаның, Мырзатай Жолдасбековтың тағы басқалардың орнын басар кім бар?! Олардың орнын басар бүгінгі «қарасақалдарды санасақ» он саусағымыз толық бүгілмейтіні анық. Өйткені, жоғарыдағы тұлғалар 70-80 жылдары халыққа кеңінен танылды, сол кездегі жастардың идеалына айналды, одан кейінгі зиялылар буыны идеалға айналар кезеңге келгенде КСРО ыдырап, жастар жаңа бағыт, жаңа арнаға ауды, сол саланың жетекшілеріне тәу ете бастады. Ал, «буыны КСРО-да қатып қалғандар» жастардың жаңа талабына жауап бере алмады, заман ағымына бейімделмеді, яғни, олар өздерін идеал тұтуы тиіс жастардан айрылып қалды. Нәтижеде, жоғарыда айтып отырған проблема қалыптасып, тәуелсіздік жылдарында жетілген, ертең қоғам­ның негізгі қозғаушы күшіне айналғалы тұр­ған буынға сөзі өтер, арасындағы тентегін тияр, дұрыс бағыт көрсетер, биліктің жөнсіз қадам­дарын ауыздықтар ақсақалдардың келесі шоғыры байқалмайды. Ал, алдыңғыларының саны күн сайын азайып отыр. ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРДІҢ ӨЗГЕРУІ Мұндай тыныштық кезеңнің болуын билік басындағы тұлғаның лидерлік қасиетімен байланыстырамыз. Алайда, мұндағы ең басты себеп, қоғам түсінігінде, психологиясында және құрылымында жатқандығы анық. Өйткені, қандай да бір ауыр кезеңді бастан өткерген халық тыныштықты тілейтіні белгілі. Ал, ұзаққа созылған тыныштықтан кейін кім болса да, қай ел-жұрт болмасын жаңа «қызықтар» іздей бастайды. Бұл кезде әлеуметтік жағдайдың жоғарылығы да, биліктегі адамның лидерлік қасиеті де, тағы басқа ерекшеліктер де халыққа әсер ете қоймайды. Сондықтан, тыныштық пен хаос кезеңінің ортаға шығуын адам табиғатымен де байланыстыру керек сияқты. Қысқаша айтқанда, «біраз уақыт тыныш заманнан кейін халық «интрига» іздей бастайды». 1940 жылдар­дағы қырғынды, сәл әріректегі зобалаң­дарды, соғыстан берідегі қиындықтарды көзімен көрген халық құрамы, олардың шет жағасына куә болып жетілген кісілер, олар туралы ұдайы естіп өскен адамдар саны жыл өткен сайын азайып келеді. 1990 жылдардағы әлеуметтік қиындық кезеңінде «аш болсақ та соғыс болмасын, тыныштық болсын» деп үйінде отырғандар, басқаларды да отырғызғандар солар еді. Енді, ұрпақ ауысуда, соғысты қырғын деп емес, қызық деп білетін (теледидарға қарап) буын қалыптасып отыр. Халық мамыражай кезеңнің аяғында «ин­трига» іздей бастағанда, оларды тыныш ұс­тап тұру қиынның қиыны. Бұрындары іштей бөлінсе де, қырқыспайтын әлеуметтік жіктер, ендігі жерде, даулы мәселелерді шешерде бір-біріне қарсы келе бастайды. Аражік ұлғая түседі. Мұны шешуге бағытталған «кез-келген әрекет қарсы әрекет тудырады» (Ньютон заңы). Қазіргі таңда ауызға алуды қойған Қа­зан төңкерісінің көсемі В.И. Лениннің «төң­керіс – билеушілер бұрынғыдай билеуді жалғас­тырған, ал, халық бұрынғыдай бас­қаруды қаламаған жағдайда жүзеге асады» деген қанат­ты сөзі болушы еді. Дәл осы жағдай, кейбір ТМД елдерінде көрініп отыр. Ондайды басынан кешкен елдер түрлі-түсті төңкерістерге куәгер, «араб көктемінен» құлағдар, ендеше, бұл күндері ішін демократияның желі кернеген халық саны көбеюде. Биліктегілер болса, бұрынғы қалпын сақтап қалуға ұмтылуда. Сол жолда жаңа реформалар жасауда да. Бірақ, ақпараттық дәуірде халықты бұрынғыдай басқару мүмкін емес, кез-келген ақпарат бір сәтте бүкіл халыққа тарайтын, баспасөзді бақылау күннен-күнге қиындап бара жатқан бұл ғасырда ішінара реформалармен халықты алдау қиын... Оның айқын дәлелі парламент сайлауынан кейін Ресейде болып жатқан оқиғалар. Сондықтан, билік пен халық арасындағы алшақтық та хаосқа апаруы мүмкін. Ал, оның болу-болмауын ұлы төреші уақыт көрсетер, өйткені, қатып қалған, бір ғана ізбен ілгерілейтін үдеріс жоқ. Заман талабы, уақыт ағыны барлығын өзгертеді. Кейде, орын алуы шартты құбылыстардың өзі аяқасты оқиғалардан кейін құбылып жататындықтан болашақты дөп басып айту мүмкін емес. Өйткені, тарих тегершегінің қалай айналатынын алдын-ала білу қабілеті адамзатқа берілмепті. «Тарих қайталанбайды» деп жатады немесе болуы шартты құбылыстардың өзі, өзгеріп отыратындығын жоғарыда айтып өттік. Сондықтан, нақты осы құбылыс болады деп айтудан аулақпыз. Оны Алла басымызға түсірмей-ақ қойсын. Айтқымыз келгені, қоғам­ның бөлшектенуін, өзі аз халықтың бір-бірін жау көруінің алдын алмасақ, тарихтағы қателіктердің қайталануы ықтимал екендігін ескерту ғана. Тарих та бізге осы үшін керек емес пе?

371 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз