• Тарих толқынында
  • 12 Желтоқсан, 2012

АБЫРОЙ ДА, ТАБЫС ТА, МӘРТЕБЕ ДЕ ТЕК ҚАНА ЕЛІҢМЕН БІРГЕ ЖАСАҒАН ЕҢБЕКПЕН КЕЛЕДІ

Шалатай Мырзахметұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Депутаттық қызметтің қыр-сыры – Парламенттегі қызметтеріңізге тоқ­талып өтсеңіз? – 2007 жылы «Нұр Отан» партиясынан партиялық тізіммен Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайландым. Мен өткен шақырылымда кемінде айына екі рет сенбі сайын жұмыс істейтінмін. Жасыратыны жоқ, өзім мүшесі болып отырған Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде негізінен заңгерлер жұмыс істейді. Мен шаруашылықта, әкімшілікте жұмыс істегенмін. Осы салаларды реттейтін заңдарды бір адамдай білемін. Бірақ, мен қылмыстық істерге қатысты заңдарды, кодекстерді түгел біле бермеймін ғой. Соның барлығын ең болмаса жалпы тұрғыда біліп алайын деп арнайы уақыт бөліп, оқыдым. Көптеген заңдардың тереңіне үңілдім. Өткен жолы әріптесім Орал Байғонысұлы: «Біздің Шәкең мамандығы заңгер болмаса да, осы күнде заңгер секілді қалыптасып қалды» деп айтқаны бар. Өткен шақырылымда төрт жарым жылдай қызмет жасағаным, оның ішінде Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің құрамында болғаным, маған осы уақыт ішінде бір университеттің заң факультетінде тыңдаушы болғандай әсер етті. Биыл Мәжіліс жаңадан құрылғанда, әр депутатқа «Қай комитетке барасың?» деген таңдау түскенде, осы комитетте қалдым. 2007 жылдан бергі кезең ішінде Үкіметтен келіп түскен ондаған заң жобаларымен жұмыс жасадық. Оның сыртында екі заң жобасына депутаттармен бірге бастамашылық жасадым. Оның бірі прокуратура туралы заңға өзгерістер енгізу жөнінде болса, екіншісі еліміздің кейбір заңдарына әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтер мәселелері бойынша толықтырулар енгізуді қарастырады. Алдыңғысы, яғни, прокуратура туралы заңға ұсынылған өзгерістер қабылданып, Елбасы қол қойып, 2007 жылы күшіне еніп кетті. Ал, екінші заң жобасы Мә­жі­лісте талқыланып жатыр. Мұны Мәжіліс мақұлдаса, Сенат қабылдаса, Мемлекет басшы­сының қол қоюына жіберіледі. Елбасы биылғы Жолдауында электронды үкі­метті дамыту керек екенін баса айтты. «2012 жылдың аяғына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің 60 пайызы, соның ішінде лицензиялардың барлық түрлері, тек қана элек­тронды түрде болуы тиіс. 2013 жылдан бастап мемлекеттен барлық рұқсат етушілік құжаттарды да қазақстандықтар электронды түрде немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алуы тиіс», – деді. Осы орайда, әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің мәселелері бойын­ша кейбір заңнамалық актілерге түзетулер енгізу туралы заң жобасының басты мақсаты – халыққа қызмет көрсетудің жаңа үлгісін енгізу. Жуырда Қарасай ауданында кезекке тұрған адамдардың көп екендігін телеарнадан көрсетіп жатыр. Кейбір пысықтар пайда тауып, кезектің алдынан өткіземін деп ақша сұрамас үшін осындай заң қажет. Жалпы, әлеуметтік маңызы бар 32 іс-әрекет бар. Қазір соның 11-12-сі электронды түрде жүзеге асырылуда. Ал, мына заң қабылданса, соның 22-сі электронды түрде жұмыс істеуге көшіріледі. Яғни, адам бір-бірін көрмейді, ғаламтор арқылы мемлекеттік қызметтер түрлерін алады. Мұның бәрі халықтың қажетті құжаттарға тез қол жеткізуіне жағдай жасайды. Ең бастысы, сыбайлас жемқорлықтың орын алуына жол берілмейді. Бас комитеттің шешімімен біздер үкіметтік заң жобалар бойынша құрылған жұмыс тобына жетекшілік етеміз. Бес жылдың ішінде бес заң жобасын жүргіздім. Соның ішінде заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелеріне қатысты қолданыстағы заңдарға екі рет түзетулер енгізілді. 2007 жылы өзгеріс енгізіліп, қабылданды. Заман талабы өзгерген соң, заңдарға да түзету енгізу қажет. Енді биыл тағы да аталған заңға толықтырулар енгізілді, 10 қазан күні Мәжіліс екінші оқылымда мақұлдады, қазір Сенаттың қарауына жіберілді. Екі заң жобасына да мен жетекшілік жасадым. Одан басқа, заңдардың арасында қарама-қайшылықтар, сәйкессіздіктер болып қалады. Мәселен, бір ұғымдар кейбір заңдарда әр түрлі қолданылып жүреді. Яғни, заңдарды бірізділікке түсіру қажет. 102 заңда келіспейтін тұстары бар екені анықталып отыр. Соның алғашқы топтамасы 32 заңға өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасы 2009 жылы келіп түсті. Сол заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына да басшылық жасадым. Сондай заңдардың екінші және үшінші топтамасы бойынша дайындалған заң жобасына басқа бір әріптесім жетекшілік етеді. – Осы заң жобаларының ішінде қайсысы қиындау болды? – Соның ішінде заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкіл­діктерді есептік тіркеу мәселелеріне қатыс­ты заң жобасына Мәжілістің салалық комитеттері мен жеке депутаттардан толық­тырулар мен ұсыныстар өте көп түсті. Жалпы, 250-дей түзету болды, соның ішінде 128 түзету қабылданды. Бәрін бірдей қабылдай алмағанымыздың себебі: кейбір түзетулерге Үкіметтің оң қорытындысы қажет болады. Үкіметке бір емес, екі рет хат жазуымызға тура келді. Үкімет бірқатарын қолдап, келісімін берді, ал кейбір баптар бойынша бүгінгі таңда мүмкіндік жоқ екенін мәлім етті. Оның бірі қаржы шығыстарын талап ететін болса, кейбірі басқа заң жобасында ұсынылып жатқанын жеткізді. Бұл заң жобасы Қазақстанның кез келген азаматына қатысы бар. Әр адам өмір сүру үшін ол жұмыс табуы керек. Жеке патент болып тіркелсе де, кішігірім жұмыс орнын ашса да, заңға сүйенеді. Сондықтан, біз оны екі оқылымда қарадық. Заң жобасын қабылдаудың мақсаты – заңды тұлғаларды, олардың филиалдары мен өкілдіктерін құруды және олардың қызметін жеңілдету. Ол елімізде кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар туғызады, халықаралық ұйымдар рейтингісінде Қазақстанның позицияларын жоғарылатады деп күтілуде. Өзге заң жобалары бойынша 10 шақты жұмыс тобының отырысы болатын еді, ал, мына заң жобасы күрделі болғандықтан 17 рет жұмыс тобының отырысы өтті. Заң сапалы болу үшін жұмыс тобының отырысына мемлекеттік емес және қоғамдық ұйымдардың, «Атамекен» одағының өкілдері, Азаматтық Алянс, қаржы қоғамдастығының, банкілер ассоциациясының басшылары да қатысты. Өйткені, бәрі бір-бірімен байланысты ғой. Қаржысыз іс бітпейді. Бәріміздің ортақ пікіріміздің заң жобасында көрініс табуы оңайға соққан жоқ. Екі шақырылымға да партиялық тізіммен сайланған соң, «Нұр Отан» партиясымен тығыз байланыстамыз. Бүгінгі таңда «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Елбасы бір сөзінде бұл Кеңес өкіметі кезіндегі «БАМ» құрылысы сияқты маңызды жоба екенін айтты. Ол еліміздің бес облысының аумағын басып өтеді. Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында жұмыс істеп жатқан мердігерлік мекемелер мен жергілікті басшылардың осы құрылысты жүргізуін, ұйымдастыруын, сапалы орындалуын қарап, бақылап отыратын «Нұр Отан» ХДП жанынан республика бойынша сарапшылар комиссиясы құрылған болатын. Мен сол комиссияның оңтүстік өңірдегі сарапшысы болып тағайындалған едім. Бұл қоғамдық жұмыс. Елдегілер бұл дұрыс шешім болған деп жатыр. Біздің оңтүстікте жол салу жобасы сәл бір жылдай кешігіңкіреп басталды. Кейбір жігіттер: «Маңызды құрылыстың ырғақты жұмыс істеп кетуіне үлес қостыңыз», – деп айтып жатады. Өйткені, жасымыздан өндірісте жұмыс істедік қой. Бұл саланың жұмысы қалай басталып, немен аяқталатынын ішің сезіп тұрады. Облыс бойынша алты бөлікке бөлінген. Соның бірінде ғана бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Ал, қалғандары таза шетелдік фирмалар. Алғашқы барған кезімізде бізбен сөйлескісі келмеген компаниялар да болды. Бірақ, біз оларды заң жолымен орнына қойдық. Екі жыл бұрын біз араласа бастаған кезеңде шешілмеген мәселелер шаш етектен болды. Оның Оңтүстік Қазақстан облысында болатын реті бар, өйткені, бізде жерді қадірлей біледі ғой. Суармалы жерлер көп. Сондықтан жер мәселесін шешу өте күрделі болды. Әрқайсымен жеке-жеке жұмыс істеуге тура келді. Жұмыс істеп жатқан Қазақстан азамат­тарының әлеуметтік құқығы қорғалуына, бар­лық жағдайы болуына басты назар аудардық. Олардың алатын жалақысы, жататын орны, ішетін тамағы – бәрі де шетелден келген мамандармен тең тұрғыда болуы тиіс. Себебі, біз азаматтарымыздың өз елінде өгей болуына жол бермеуіміз керек. Осы мәселелерді қатты қадағаладық. Сондай-ақ, экологиялық жағынан тұрғындарға зиян келмеуін назарда ұстаймыз. Және де сол жерде еңбек ететін жұмысшылардың 85-90 пайызы жергілікті тұрғындар болуы тиіс деген қатаң талап қойдық. Өйткені, біздің азаматтар жұмыспен қамтылуы қажет. Ол жұмыс бір қалыпты ырғаққа түсті. Тамыз айының соңында бір апта бойы жол құрылысы жүріп жатқан өңірді тағы да аралап шықтым. Сонда жаңадан бірнеше мәселе туындап отырғанын анықтадым. Біз мал баққан халықпыз. Қазақтың киесі – малда. Халықаралық жолдың кейбір тұстарында елді мекен жолдың бір бетінде, ал, мал жайылымы екінші жағында қалып қойып жатыр. Жолдың жобасын жасағанда мал айдап өтетін жерлерді ойластырмаған екен. Ол кез келген жерінен кесіп өте беретін бұрынғы жолдар емес қой. Бурабайға баратын автобан үш қатарлы болса, ол екі қатарлы. Бар айырмашылығы сол. Бұл автокөліктер өте жоғары жылдамдықпен жүретін халықаралық дәліз ғой. Бурабай жолының екі жағында және ортасында қоршау бар. Ал, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының шетіне қоршау қойылмаған. Жобада жоқ. Басқа жақты білмеймін, оңтүстік өңірде жайылып жүрген жылқы да, сиыр да жетеді. Құдайға шүкір, қазір халықта мал саны артып келеді. Сондықтан, үлкен жолға кез келген уақытта жылқы шауып шығуы мүмкін. Ал, жүргізуші қатты жылдамдықпен келе жатқан көлікті тоқтатып үлгірмейді. Жол апаттары болатыны сөзсіз. Осы мәселені шешіп алуымыз қажет. – Тағы қандай ескерілмей қалған жайттар анықталды? – Біздің облыс аумағынан өтетін жолды бетонмен салып жатыр. Ал, өзге өңірлерде асфальт төселуде. Мәселен, солтүстік өңірде қатты суықта жолға қатқан мұз бір машина өткенде, сынған әйнектей шашылып кетеді. Жалпы, біздің өңір жылы, қыста ептеп мұз қатады. Ол таңмен ерімей жатады. Айнадай болып жатқан бетон нағыз мұз айдыны болғалы тұр! Қысты күні көліктер қалай жүреді деген мәселе толғандырды. Өңірден келген соң, осы мәселелерді Көлік және коммуникация министріне айттым. Жуырда жауап алдым. Алдыңғы мәселелерді шешудің жолдары қарастырылып жатқанын жазған. Ал, жол тайғақ болмауы үшін трассаның жарамдылығын қамтамасыз етіп тұратын мекемелер бар. Оған қаржы бөлу жағы қарастырылуда. Аталған мекемелер жолға мұз тұрмауы үшін уақтылы құм немесе тұз сеуіп тұратын болады. Біраз уақыттан кейін бұл мәселелерге қайта оралып соғамыз. Сол кезде министрлік шеше алмайтын болса, Үкіметке шығуымыз мүмкін. Халық мүддесі үшін ол түбегейлі шешілуі тиіс. Депутаттық қызметімізде жалпы отырыстан бөлек, комитеттің, жұмыс топтарының отырыс­тарына қатысамыз. «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында азаматтарды өз өті­ніштері бойынша қабылдаймыз. Адамдардың арыз-шағымдарын министрлік, Үкімет арқылы не тиісті мекемелер арқылы шешуге тырысамыз. Келіп түскен арыз-шағымдар 100 пайыз орындалып жатқан жоқ. Бірақ, соның 70-75 пайызы шешімін тауып жатса, соған да ырза боламыз. Неге десеңіз, кейбіреулер орындауға келмейтін мәселелерді алға тартады. Бізде Конституция бойынша, биліктің үш тармағы бар. Атқарушы билік, заң шығарушы және сот билігі. Біз соттың ісіне қалай араласамыз? Соттың шешіміне наразылар көп. Алдыңа келген адамның мәселесін шешу туралы жазсаң, «Біздің ісімізге неге араласасыз?» деп ренжиді. Сондықтан тек қана Прокуратураға шығамыз. Олар заңның орындалуын қадағалап отыратын құқығы бойынша мәселені қарап көреді, бірақ көп жағдайда шешілмей қала береді. Бұл да өмірдің бір көрінісі. Ең құрметті жан – ұстаз – Шалатай аға, қазір біздің қоғамда кең ауқымда талқыланып жатқан Елбасының «Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласынан қандай ой түйдіңіз? – Бұл – Елбасының ұстанған сындарлы саясатының бір көрінісі. Қазір біздің елде жастардың 10 мың адамға шаққанда 35-і жоғары білімді. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Бірақ, өндірісте, ауыл шаруашылығында да жұмыс істейтін адамдар болуы керек қой. Осы орайда Елбасы мақаласы азаматтарымызға ой салу үшін жазылған. Сондықтан кәсіби-техникалық білімге баса назар аударылып отыр. Елбасы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі арасында байланыс болуы тиіс екенін, экономика министрлігі үшеуі бірігіп, қай мамандықты дайындау керек екенін анықтауы қажет. Қай өңірде қандай маман қажеттігін зерттеуі керек. Соның бәрін бірлесе отырып шешу дегеніміз өмірлік тәжірибе мен теорияны үндестіріп, оны ғылыммен ұштастыра білу – қоғамды қалыптастырудың жаңа бір жолы. Мен осындай ой түйдім. «Хабар» арнасының «Көзқарас» бағдар­ламасында Ирак Қасымұлы екеуміз Елбасы мақаласы төңірегінде біраз сұхбаттастық. Бұл өзі мақала емес, қоғам дамуына ұсынылған бағдарлама. Мектептерде бір рет жүргізіп тұрса, жөн болар еді. Жоғары оқу орындарында да студенттер сабақтан тыс уақытта талқылап, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасса, артық болмайды. Соның бәрі азаматтардың белсенді жұмыс істеуіне, қоғамның алға басуына ықпал етеді. Президент Парламенттің заң шығарудағы негізгі бағыттарын айқындап берді. Құқықтық заңдарды жетілдіру дегеніміз, құқықтық қоғамды дамыту болып табылады. Мақаланы зерделеп оқысаңыз, бүгінгі күні жетіспей тұрған мәселелердің барлығын қамтып отырғанын көруге болады. Бүгінгі таңда инженерлік сала бойынша, өндірістерде, әсіресе, индустриалдық-инновациялық жобалар шеңберінде ашылған өндіріс орындарын алға жетелейтін білікті мамандардың жетіспей жатқандығын Елбасы мегзеп тұр. Жастарға білім алуға жағдай жасайық, тегін оқытайық, бірақ сол мамандар өндіріске барып, орын-орнына кірпіш болып қаланатындай болуы тиіс. Әне бір жылдары экономист пен заңгерлерді аса көп дайындап жібердік. «Сонша маманның бізге керегі бар ма еді?» деген ойды айтып тұр. Сондай-ақ, адамның ең басты байлығы – денсаулық. Елбасы осы салаға арнайы тоқталып, шын мәнінде адам өмірін арашалай алуға септігін мол тигізетін мамандар даярлауға көңіл бөлу қажеттігін жеткізіп тұр. Әрине, адамның ғұмыры Алланың қолында ғой. Бірақ, хадисте «Сен әрекет жасасаң, берекет болады» деп жазылған. Науқастың диагнозын дәл анықтап, дұрыс ем жасай білген дәрігерлер талай адамның өмірін құтқарып алып жүр ғой. Елбасы «20 қадам» деп әр саланы бөліп-бөліп, оларды дамытудың жолдарын көрсетіп отыр. Бірақ, қай саланы алсақ та, нәтижелі еңбек болмаса, ештеңе де өнбейтіні, ісіміз алға баспайтыны анық. Елімізде жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінуде. Қазір өңірлерде жастар саясатымен айналысатын бөлімдер ашылуда. Мысалы, менің болжамым бойынша, өскелең ұрпақтың 60 пайызы алдыңғы шепте жұмыс істейтін мамандар болып кетсе, 40 пайызы орталықта болғаны жөн. Орталық дегенім дәрігер, мұғалімдер, мәдениет қайраткерлері болуы мүмкін. Келесі бір мәселе – ұстаздарға көбірек көңіл бөлінуі керек. Біздің бала кезімізде мұғалім келе жатқанда, генералды көрген солдат секілді тұра қалып, бас киімімізді қолымызға ұстап, жол беріп, өткізіп жіберетін едік. Ал, қазір кейде кездесуге мектепке бара қалғанымда, мұғаліммен таласып-тармасып есікке кіріп бара жатқан балаларды көріп, ойланып қаламын. Ұстазға деген сыйластықтың өз деңгейінде емес екенін байқайсың. Біз, әрбір ата-ана, соны баламызға ұғындыруымыз керек. Маған әкемнің айтқан бір сөзі өмір бойы есімнен шыққан емес, мен оны балаларыма да айтып жүремін. «Адам үшін ең бағалы, ең сыйлы, ең құрметті жан – ұстаз» деген еді. Одан әрі әкем: «Балам, қарапайым мысалмен түсіндірейін. Өз алдына үй болған кезіңде егер сен ауырып жатсаң, мен көңіліңді сұрап келсем, сонда сен төсекте жатып қабылдасаң да болады. Өйткені, сен науқассың ғой, ол саған кешірімді. Егер ұстазың келіп, сенің көңіліңді сұраса, кеудеңде жаның болса, сен орныңнан тұрып сәлем беруің керек. Ұстаздың жолы сондай үлкен болады», – деді. Мен сондай жағдайды өз көзіммен көрдім. Арыс кеңшарының Отырар деген бөлімшесінде ұзақ жылдар бойы меңгеруші қызметін атқарған Әбекең Жүсіпбаев деген өте құрметті, еңбегі елге сіңген қария болатын. Мен Отырар ауданына әкім болып барған кезімде сол қария төсек тартып жатып қалыпты. Қазақта көңіл сұрау деген үлкен қасиет бар ғой. Бір күні көңілін сұрап бардым. Сұлық жатып қалған екен. Әрең сөйлеп жатса да, дереу кемпірін шақырып: «Мені тұрғыз, отырайын», – деп, арқасына жастық қойдырды. Мен: «Ой, аға, жата беріңіз», – деймін. Бетіме қарап: «Қарағым, ауданның әкімі келгенде, тұрып отырмасақ, болмайды ғой. Әкім – осы ауданның ұстазы. Ұстазым келгенде, ауырып қалдым деп мен қалай шалқамнан жатамын?» – деп айтып жатыр. Сонда, жүрегін үлкен қуа­ныш сезімі кернеп отырғанын сездім. Неге десеңіз, ол қазақтың қара шалы, ақыл айтар данасы. Ол ауырып әрең отырса да, кейінгі толқынға үлгі көрсетіп, тәрбие беріп жатыр. Осылай бір-бірімізді сыйлауымыз керек дегенді ол өзі көрсетіп тұр. – Еңбектің зейнеті туралы ойларыңызды ортаға салсаңыз? – Біздің заманда Чарльз Дарвиннің адамның маймылдан жаралғаны, одан еңбек арқылы адам болғаны туралы еңбектерін оқыдық қой. Сонда, «Неге бұлай айтады?» деп ойланатынбыз. Шын мәнінде, еңбек адамды шыңдайды, азамат болып қалыптасуы үшін тәрбиелейді. Бұрын республика бойынша санаулы универсиетет болатын. Облыс орталықтарында екі-үш институт болды. Қазір бізде жоғары оқу орындары көп. Кейінгі бес-алты жылда біразын қысқартып тастады ғой. Мәселен, Сарыағаш ауданында екі-үш университет ашылған кезі болған. «Аты бар да заты жоқ» оқу орындары жастарға қандай білім бермек? Екіншіден, жоғары оқу орнында ғылым жетістіктерін зерделей алатын, ой-түйсігі мықты, білім алуға құмар, оқимын деп талпынған жастар оқығаны дұрыс. Оқу орнының түлегі ертеңгі күні алған білімімен қоғамға еңбек етуі керек. Сол жағы өз деңгейінде болмай жататыны қынжылтады. – Қазір ақша төлеп, диплом алғандар аз емес... – Иә, бірақ, олар шын мәнінде маман емес қой. Ондайлардың мамандығымды біліп алайын деген ынтасы да жоқ. Кейде баспасөзден, ғаламтордан «Пәленше деген жоғары лауазымда істейтін адамның баласы мынадай қызметте істейді» деген ақпаратты оқып, жүрегім ауырады. Неге олар қызмет істейді, қарапайым адамның баласы неге қызметке тағайындалмайды? Мұның екі жағы бар. Мысалы, мен қарапайым қазақтың баласымын. Оқыдық, өстік, өз халіміз келгенше қызмет еттік. Мен утопист емес шығармын, бірақ, коммунизм болады дегенге шынымен сенетін едім. Күнді күнге, түнді түнге ұрып жұмыс істеген кезіміз болды. Менің ұрпағым коммунизмде өмір сүруі үшін деп еңбек еттік. Бірақ ол утопия екен ғой. Ал, қазір нарық экономикасының талаптары бөлек. Атақты адамдардың, саясаткерлердің, депутаттардың балалары жақсы тәрбие алып, білім алған болса, қызметке тағайындалғаны жөн. Қазақта тек деген жақсы ұғым бар. «Жаманнан жақсы туды деп сүйінбе, ол да тартады тегіне, Жақсыдан жаман туды деп күйінбе, ол да тартады тегіне» деген. Әр адамның тегінде тектілік, қанында қасиет болуы керек. Оның әке-шешесі қарапайым болғанмен, арғы бабаларында немесе нағашылары жағынан бір тектілік бары анық. Мәселен, бала асырап алуға келгенде, шетелдіктер неге қазақтың баласын таңдайды? Өйткені қазақтар жеті атаға дейін қыз алыспайды. Қазір бір рудың ұрпағы 18-20 атаға дейін кетіп қалды. Бірақ бәрібір бір рудың қызын алмайды. Ол қанның тазалығын сақтайды. Соның бәрін шетелдіктер білмей жүрген жоқ. Текті азаматтың білім алып, халыққа қызмет жасап жүргенін артық көруге болмайды. Басшылардың немесе кәсіпкерлердің балалары жақсы қызмет жасасын деген сөз емес. Қарапайым адамдардың да балалары өсіп шығады. Оқу оқыса да, спортпен айналысса да, жұмыс істесе де, соның бәрі аянбай еңбек етумен келеді. Еңбек деген міндетті түрде қолға күрек алып, жер қазу емес. Қазақ «Оқу – инемен құдық қазғандай» деп бекер айтпаған. Яғни, оқудың жемісі үлкен қиындықпен келетінін түсіндіріп тұр. Сондықтан қай салада да еңбек етпей, жетістікке жету мүмкін емес. Талап та, талант та, тектілік те керек. Бірақ мақсатқа жету үшін соның ең басында еңбек болуы тиіс. – Тіпті, әр адам оқу бітіргеннен кейін де өзін шыңдап отырмаса, заман ағымынан қалып қояды емес пе? – Әрине. Мысалы, өзім мерзімді баспасөзді үйіме тұрақты жаздыртып алатын адамдардың бірімін. Бұрын көбірек алушы едім, қазір 8-10 газет-журналды алып тұрамын. Саяси оқиғалардың ішінде жүрмін, күндегі жаңалықты көріп-біліп отырмын, маған баспасөздің қажеті не деп ойлауға болады. Бірақ, естігенің мен көргенің бір бөлек, ал баспасөзге шыққан тартымды материалды сүйсініп оқығанға жететін не бар?! Мәселен, қазан айында «Егемен Қазақстан» газетінде бұрынғы әріптесім, қазір М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижановтың «Әуезов әлемі» атты зерттеу мақаласы жарияланды. Мұхтар туралы біраз білуші едік, бірақ мына мақаладан да жаңа мәліметтер алдым. Мақаланың орта тұсында 1950 жылдары бір үлкен жиналыста жазушы Мәлік Ғабдуллин Мұхтар Омарханұлына сын айтып, бірнеше мәселені ашып көрсетеді. Артық кеткен жері де болуы керек, Мұқаң оған қатты ашуланады. Бірақ, бірнеше жыл өткен соң, Мәлік Ғабдуллин кешірім сұрап, 1955 жылы 28 қазанда «Қазақ әдебиеті» газетінде «Мұхтар Әуезовке хат» жолдайды. Ол өзінің ғана ойы емес, сол кездегі саясаттың ойы екенін жеткізе келіп, кешірім сұрайды. Ал, Мұхтар Әуезов оған кешірім жасап, «Абай жо­лы» кітабына «Кірбің кеткен көңілден» деп қолтаңба қойып, Мәлік Ғаб­дуллинге сыйлаған. Бұл ұлылардың ұлылығының бір көрінісі. Екі азаматтың бір-біріне кешірімді болғанын жастарға үлгі болсын деп жазып отыр ғой. Тектілік қайтадан көрініс беруі тиіс – Әр адам өз елін өркениет биігінен көргісі келеді. Осы мақсатқа жетудің жолы қайсы? – Елбасының «Назарбаев Университетіне» барып, студенттер мен оқытушылар алдында «Қазақстанның білім қоғамы жолында» тақырыбында дәріс оқығаны маған үлкен ой салды. Мемлекет басшысы өз ойын «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген халық сөзімен бастады ғой. Ешбір мемлекет білімі мен ғылымы дамымаса, зиялы, өркендеген ел дәрежесіне жете алмайды. Осындай мақсатқа ұйытқы болу үшін барып лекция оқыды-ау деп ойлаймын. Әйтпесе, қай мемлекеттің тағында отырған Елбасылары оқу орнына барып, дәріс оқып жүр? Кейбір елдің басшылары тек орнынан кеткеннен кейін ғана мемуар есебінде барып лекция оқитындары бар. Президенттің өзі барып, дәріс бергені көкжиекке көз тастаған дана қария сияқты болашағымыз қалай болып бара жатыр деп толғанғандай әсер етті. Мәселен, қолында күректей дипломдары бардың бәрі бірдей білімді ме? Бүгінгі білім тек өз ортамызда қоршалып қалмай, әлемдік ғылыммен ұштасып жатуы керек. Елбасы жастардың алдына осы мақсатпен барды-ау деп ойлаймын. Бір мың жарым жылдай бұрын осы қазақ жері аумағындағы білім мен ғылым бүкіл дүниеге үстемдік жасаған. Отыз әл-Фараби тектен-текке шыққан жоқ. Оның әрқайсысы әр саладағы бір-бір тұлға болған. Солардың еңбегі әлемде мойындалған. Әл-Фарабилердің ішіндегі ең ғұламасы – Әбу Насыр әл-Фараби. Дүниежүзінде Аристотельден кейінгі екінші ұстаз деп мойындалған. Ол тек даналығымен, білімімен ғана мойындатып тұр ғой. Яғни, біздің бабаларымыз соншалықты мықты болғанда, оның ұрпақтары – біз неге төмен қарап қалуымыз керек?! Тектілік қайтадан көрініс беруі тиіс. Қазақстан аумағында өмір сүріп жатқан азаматтар, қазақтың ұрпақтары тағы да бүкіл дүниеге өзінің озық ойлы, қанында тектілік бар екенін көрсетуі керек. Оның басы осы білім мен ғылымнан бастау алады. «Хабар» арнасындағы «Көзқарас» бағдар­ламасына профессор Кеннет Әлібек деген азамат қатысты. Томбының медицина уни­верситетін бітіріп, алдымен Ресейде, кейін Америкада жұмыс жасаған екен. Ол – биология және медицина саласында қол жеткізген табыс­тарымен әлемді мойындатқан қазақтың бірі. Бұл нені көрсетеді? Егер бабын келтіріп баптай алсақ, бізде әлемді мойындататын азаматтар әлі де бар екенін дәлелдеп тұр. Жуырда дарынды балалар туралы телехабар көрсетілген. Елімізде әр сала бойынша небір дарынды баланың бар екенін байқатты. Арасында математиктер, ақындар да бар. Жас шахматшы баладан ойынның қалай өрбитінін сұрап еді, ол қай фигураның қай жолмен қалай жүретінін айта келіп, неше жүрістен кейін «мат» болатынын сарт еткізіп айтып берді. Тыңдап тұрған шебер дұрыс деді. Қалай таң қалмайсың? Қазақтың тектілігі қайтадан шығып жатыр. Ойымды қорыта келгенде айтарым, қазақ елінің болашағы өте зор. – Сіздің жаныңызға батып жүрген көкейкесті мәселе не? – Әлі де кенже қалып жатқан бір мәселе – қазақтың рухы, салт-дәстүрі, халықтың өзіне тән қасиеттері. Біз осыларды қайта жаңғыртуымыз керек. Өзге елдердің де жақсы дүниелерін алғанымыз жөн шығар. Бірақ, өзіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан ділімізді алдыңғы орынға шығару керек. Өйткені, ол біздің қанымызға жақын. Мұхтар Әуезов, Мәлік Ғабдуллин секілді ұлыларымыздың бойындағы ұлттық қасиеттерді бұрын басып тастап отырды ғой. Кеңестік кезде ұлы орыс халқы деген ұғым жоғары тұруы керек те, басқа республикадағы халықтардың салт-дәстүрі өз қазанында қалып, біртіндеп, төмен түсіп, бара-бара ассимиляцияға ұшырауы керек деген үлкен саясат тұрды. Бірақ, тағдыр бізге оң қарап, егемендік алдық. Енді, бізге ұлттық дәстүріңді шекте дейтін ешкім жоқ. Кеше бір газетті оқып, жүрегім ауырды. Бір шетелдің ғалымы: «Өз тілін білмейтін, білгісі келмейтін дүниеде бір-ақ бейшара халық бар. Ол – қазақ халқы» деп жазыпты. Қандай ауыр сөз?! Мен жалпы отырыста қасымда отыратын Орал Байғонысұлы Мұхамеджановқа «Мынаны оқыңызшы», – дедім. Ол оқығанын, намысқа тиетін сөз екенін айтты. Он, тіпті жиырма тілді білсең де, әуелі өзіңнің ана тіліңді білсеңші! Ұлттық ерекшелікті көрсететін басты фактор – тіл емес пе? Осы мәселеге әрбір отбасы, әрбір қазақ мән беруі керек! Бұл қоғамдағы дерт. Ол бірден түйреуішпен алып тастай салатын қолыңа кірген тікен емес. Ол – шөңге. Оны алып тастау оңай емес. Бірақ, оны жайлап-жайлап алып тастауға болады. Немесе беті жабылып кетсе, шөңге өзінен-өзі етпен тұтасып кетеді. Мысалы, баяғыда мен шөп артып жүргенімде, айырдың сабының жаңқасы алақаныма кіріп кетті. Ұзындығы шамамен бір жарым, екі сантиметрдей, қанша аламын десем де, алынбады. Сол шөңге етке сіңіп, біржола қалып кетті. Бастапқы жылдары алақанымда бары білінетін, кейін байқалмай қалды. Ол шөңгені жоқ қылуға менің ерік-күшім, болмысым, денем күресті. Мен оны елемеуге тырыстым. Хирургке барсам, тіліп жіберіп, алып тастайды ғой. Бірақ, жаныма батып жатпағасын жүре бердім. Сол секілді жаман әдеттердің бәрін жоқ қылып жіберуге әрекет жасауымыз қажет. Мысалы, өзге жұрттан келген бір әдет қазір қалды. 1980-90 жылдары үйлену тойларында сыйлы адамдардың және ата-әжелерінің көзінше жас отау құрғандарға «Горка!» деп айқайлауды бастаған. Бұл қай қазақтың дәстүрінде бар еді?! Бір жақсысы кейін осы ерсі әдет қалып кетті. Соңғы жылдары «Валентин күні» дегенді шығарып алды. Мен ол туралы оқып көрдім, аңыздар бойынша орта ғасырда Рим патшасы екінші Клавдий соғыста үйленбеген жігіттер жақсы соғысады деген ойға келіп, жігіттерге үйленуге, қыздарға тұрмысқа шығуға тыйым салыпты. Ғашық болғандардың қиналғанын көрген дала дәрігері және дін қызметшісі (священник) Валентин бір-бірін ұнатқан адамдардың түнде некесін қиған. Кейін осы ісі әшкереленіп, патша оны алдымен абақтыға жауып, 269 жылы 14 ақпанда дарға асқан. Өзі де ұнатқан қызына хат жазып қалдырған. Міне, осы аңызға еліктейтін жастар көп. Бірақ бұған әлемнің көптеген елдері де, діндері де қарсы. Православ дінінің өкілдері де қарсы болып отыр. Ислам діні мүлдем қолдамайды. Жалпы, бұл басқа діннің, басқа елдің дәстүрі! Дақпыртқа ілесе бермей, осыны біздің жастар білсе ғой. – Өзіңіздей өмірден ой түйген, алпыстың асқарына шыққан адамдар кейінгі толқынның келешегіне үлкен сеніммен қарайтыны анық. Ендеше, жастарға қандай тілек айтар едіңіз? – Болашағын ойламайтын адам болмайды. Әркім жастайынан «Ертең өскенде кім болам?» деп толғанады. Осы орайда әрбір жас өзінің болмысын зерделей келіп, жанына, дүниетанымына лайықты мамандықты таңдап алғанын тілер едім. Өйткені, өз жаныңа жақын іспен айналыспасаң, одан шығатын нәтиже ойдағыдай болмайды. Жастайынан еңбек етуге тәрбиеленіп, өз жолын тапқаны жөн. Әр кірпіш үйдің бір тетігі. «Теңіз тамшыдан тұрады». Ешбір адамның «Менің жеке өзіме қараған не бар дейсің? Менсіз де іс бітеді ғой. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрейін» деген ойы болмауы керек. Әрбір азамат үлкен механизмнің бір винтигі сияқты осы қоғамның бір тетігі. Сондықтан, жастардың жүрегі мен санасында «Мен мына өмірден не алдым деген емес, бұл өмірге мен не берем, тәуелсіз мемлекетіме қандай еңбегіммен үлес қосамын? Бізді алдыңғы толқын ағалар егемен елдің болашағы деп жатыр. Осы елдің көсегесін қалай көгертем?» деген ұғым тұрса дер едім. Жаратушы иеміз жастардың санасына сондай ойды орнықтырса екен. Мен кейбір жастардың болашағы туралы айтқанда, тек жеке басының қамын ойлағанын естігенде жүрегім дір ете қалады. Қазақта «Өз басының қотырын жазбаған, кісі басына май жақпайды» деген сөз бар. Адамның осы қоғамда өмір сүріп жатқаны, мемлекеттің бір мүшесі екені бір сәтке де есінен шықпауы керек. Өйткені, қоғамы жақсы болса, ол да жақсы, қоғам азса, ол да оңбайды. Осы орайда, бала кезімде әкем маған бір ертегі айтып беріп еді. Жасыратыны жоқ, жалғыз бала болған соң, өзімшілдеу болып тұрасың. «Қарағым, тыңда. Ертеде бір патшаға жоғарыдан: «Пәлен күні жаңбыр жауады, су тасқыны болады. Сол суды ішкен адамдардың есі ауысады. Сондықтан, халқыңа ие бол!» деген хабар келіпті. Ол «Ойбай» кешігіп қалармын деп ойлап, таза судың бәрін өз үйіне жинап алады да, басқа адамдарға айтып үлгірмейді. Сол әулие айтқанындай толассыз жаңбыр жауып, су тасқыны болады, ол суды ішкен халық ақыл-есінен айырылады. Патшаның отбасы ғана таза су ішіп аман қалады. Бірақ, барлық есі ауысқан халық оған келіп «Мынау патша делқұлы болыпты» деп оны сарайынан да, елден де қуып шығады. Өйткені, ол бөлек болып тұр ғой. Сондықтан, жеке басты ойлауға болмайды. Халқымызда «Көппен көрген – ұлы той» деген жақсы сөз бар. Жастарыма, айналайындарым, маман болыңдар, еңбек етіңдер, көппен бірге болыңдар, әрдайым халқыңды ұмытпаңдар дегім келеді. Абырой да, табыс та, мәртебе де тек қана еліңмен бірге жасаған еңбекпен келеді! Сұхбаттасқан Айбатыр СЕЙТАҚ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

925 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз