• Ел мұраты
  • 01 Сәуір, 2024

САЯСАТНАМА (Төртінші бөлім)

Парсы тілінен аударған: 
Сайпулла МОЛЛАҚАНАҒАТҰЛЫ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Х.Б.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ғылыми-зерттеу институтының Жазбаша және археологиялық ескерткіштерді зерделеу ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі

 

Қызметкерлер туралы және Оның (Қағанның) уәзірлер мен қызметшілердің жағдайын сұрауы 

Қызметкерлерге қызмет бергенде оларға үгіт-насихат айту керек, яғни Алла Тағала жаратқан пенделермен жақсы қатынаста болуын, заңсыз дүние талап етпей, тек заңды алым-салық алуын, оны алғанда да өлшеммен, көркем мінезбен сұрап алуын айтып тапсыру керек. Олардан қолдары жетпейтін жоғарыдағы затты сұрамасын, уақтылы сұрасын, беймезгіл сұраса азаматтар қиналып қалады, осындай өте жоғары талаптар қойылса, олар заттарын жарым дирхамға сатуға мәжбүр болады, сонымен тамырынан қопарылып, сенделіп кетуі мүмкін. Ал егер азаматтардың бірі, жағдайы төмендеп, сиыр мен жұмыртқаға мұқтаж болып қалса, оған қарызға ақша берсін, оның қиындығын жеңілдетсін, сол кезде ол орнын сақтап қалады, өз үйінен (отанынан) шығып қаңғырып, тентіреп кетпейтін болады.
Осы мағынадағы бір хикаят. Мен былай естідім, Құбад патша кезінде жеті жыл әлемде ашаршылық болды және көктен береке кесілді. Ол қызметкерлерге бұйрық берді, олар бар азықтарын сатты, кейбірі садақа етіп берді, байтулмал (ақша сақтайтын орын. – С.Моллақанағатұлы) мен қазынадан дәруіштерге көмектесті, сонда ол мемлекетте жеті жыл бойы бір адам аштықтан өлмеді. Осыған байланысты қызметшілерге тапсырды, негізінде қызметкерлердің жағдайын сұрап тұру керек, олар жоғарыдағы айтылғандай жалғастыра беру керек, лайықсыз адаммен ондай қызметкерлерді алмастырмау керек, сонда дұрыс жолды жалғастыра береді, егер ол қызметкерлер азаматтардан артық зат алып қойса, одан қайтарып алып азаматтарға қайтару керек. Одан кейін ол қызметкерде мал-мүлік болса, оны алып алу керек, басқа қызметкерлерге сабақ болу үшін және басқалардың мүлкіне қол сұқпауы үшін.
Тағы бір бөлім. «Уәзірлер «жұмыстарын дұрыс атқарып келе ме, жоқ па?»,– деп халықтан сұрап тұру керек. Өйткені патша мен елдің түзелуі де, бұзылуы да соларға тікелей байланысты, қалай жасаймын десе ерік өздерінде. Сондықтан уәзір ақылды, көркем мінезді болса мемлекет оңалады, жасақ пен азаматтар қуанады, тынышталады, береке кіреді, патша тынышталады. Ал егер уәзірлердің қылығы жаман болса, патша сергелдеңге түседі, реніште болады, елде дүрбелең туады.
Хикаят. Былай айтылады, Бахрам Гурдің бір уәзірі болды, оның бағыты дұрыс болды. Бахрам Гур мемлекеттің барлық істерін соған тапсырды, оған сенді, оған қарсы айтылған сөздерді тыңдамады, өзі күні-түні сауық-сайран құрып, аң аулап, ішіп жүрді. Бахрам Гурдің бір орнын басатын кісіге осы дұрыс уәзір айтты, «азаматтар біздің әділдігіміздің көптігінен әдепсіз болып жатыр, батырсынып кетті, тәртіпке келтірілмесе қорқамын, жамандық туындайды деп, патшаның жүрісі анау, ішіп кетті, жұрт пен азаматтардың жағдайынан хабары жоқ, сен соларды тәртіпке келтір, жамандық болмай тұрғанда» деді. «Тәртіпке келтіру екі түрлі болады, жамандарды азайту және жақсылардың ақшасын азайтумен. Мен кімді көрсетсем соны ұста, тұтқында». Сонымен орынбасар ұстап, тұтқындағандардан пара сұрады және орынбасарға айтып босата берді. Сонымен мемлекетте тұтас мал-мүлкі бар, жылқысы мен құлы я сұлу күңі болғандарды, байлығы бар және жағдайы жақсылардың барлығын шақырып алды. Азаматтар тентіреп кетті. Атақты кісілер босып кетті. Қазынаға да зат түспейтін болды. Мемлекеттің жағдайы осы күнге жеткен соң халық Бахрам Гурді жаман көріп, қастаса бастады. Ол әскерлеріне сыйақы бергісі келді, абаттандырып жауға аттандырғысы келіп қазынаға кірсе, дым таппады. Қаланың атақты кісілері мен басшылары туралы сұрады қайда деп, жұрт олардың бірнеше жылдан бері қаңғып кеткенін және басқа елдерде босып жүргендерін айтты. Патша «неге олай болды?» деп сұраса, жұрт «себебін білмейміз» деді, уәзірден қорыққаннан еш нәрсе айта алмады. Бахрам Гур сол күні күндіз-түні соны уайымдады, себебі туралы ешқандай мәлімет ала алмады, қателік қайдан кеткенін білмеді. Келесі күні таң ата жалғыз өзі тұрып, далаға шығып, қатты ойланып жүре берді, күн ысыды, жеті фарсанг жол жүргенде ыстықтап, шөлдеді. Су және сусын ішкісі келді. Сахарада айналасына қарады, бір түтінді көрді, сол жақта адамдар бар шығар деп түтінге қарай барды. Жақындап барып көрсе мал қамаған қора екен, үй тіккен екен, алдына итін асып қойыпты. Ол таң қалып, шатырға жақындап барды, бір кісі шығып оған сәлем берді, үйіне кіргізді, алдына тағам, сусын қойды және оның Бахрам екендігін білмеді. Патша айтты, бірінші маған ана асулы тұрған ит туралы айт деді, «тамақтан бұрын, жағдайды білгім келіп тұр» деді. Ол жігіт айтты, «бұл менің сенімді итім еді, мына қойларыма қарайтын, оның өнері маған белгілі еді, қасқыр қаптағанда жоламасын деп асып қойдым, одан қорқып қасқыр жоламайтын еді. 
Мен ұзақ уақыттар қалада болатынмын, күндер өткізіп келетін едім. Ол қойларымды жайылым жерге алып баратын, аман-есен алып келетін, күндер осылай өте беретін. Бір күні қойларды санадым, бірнеше қой кем шықты, одан кейінгі күндерде де азая бастады, бұл жақтарға ұры келмейтін, қойларым неге азайғанын еш түсінбедім, малым азайып қалды. Садақаға жауапты қызметкер келді, әдеттегідей садақа сұрады, есеп бойынша менің қолымдағы қалған малдың барлығы садақа есебін жабатын болды, малдарды тапсырдым және содан бері мен сол қызметкердің қойшысы болып жұмыс жасаймын. Сөйтсем мына итім ұрғашы қасқырмен (құртқамен) достасып қалыпты, мен оны білмейді екем. Бір күні отын теріп келейін деп далаға шығып кеттім, сай-саладан өтіп барсам қойларым жүр екен. Бір қасқырды көрдім, малдарыма қарап иіскеленіп тұр екен, бірден бұтаны паналадым, абайлап қарадым, ит қасқырды көргенде оның қасына келді, құйрығын бұлғаңдатты, қасқыр қозғалмай тұрды, ит оған шөгіп алды да қасқырды бір айналып барып жатып қалды. Қасқыр малға шапты, бір қойды ұстап алып жарып жеді, бұл ит үнін де шығармады. Мен осы жағдайды көріп, жұмысымның кері кетуіне осы иттің жолсыздығы себеп болғанын білген соң оны ұстап алып, жасаған қиянаты үшін асып қойдым». Бахрам Гур үшін бұл әңгіме қызық болды, қатты ойланып қалаға қайтты, ойдан ой туды. Ол менің қол астымдағы азаматтар қой отары мысалында, сенімді кісіміз уәзіріміз, азаматтардың жағдайы нашарлап кетіпті, кімнен сұрасам да шындықты айтпайды, жасырады, енді уәзірден халықтың жағдайын сұрап көрейін деп ой түйеді. Ертесі күні тағына отырып, ұсталып, тұтқындалғандардың тізімін сұратты, тізіммен бастан-аяқ танысып, анық көрді, уәзірдің халықпен дұрыс жұмыс жасамағанын, әділетсіздік жасағанын. Патша айтты, мына тізімдерің өтірік, түзу емес, бұрыңғы даналар дұрыс айтқан екен, «біреудің атына алданған нан ұстап қалады, нанға қиянат жасаған киімсіз қалады» деп. Мен мына уәзірді қолдадым, халық оны бүгін көріп тұрғандай, бірақ халық бұдан қорқып аузын аша алмайтын болып қалған, бұл маған басқа шара қалдырмады, мен бұны ертең халық алдына шығаруға мәжбүрмін, аяғына тұсау салып, түрмедегілерді алдыртып, жағдайларын сұраймын. 
Сол кезде жаршы былай деп айқайлайды: «Біз сенімді уәзірді орнынан алып тастадық, бұдан былай оған қызмет тапсырмаймыз, басқа жұмысқа да тартпаймыз, кім одан зардап шеккен болса келсін, оған қарсы арыз-шағымы болса келіп өз аузымен айтсын дейміз, бізге жағдайын білдірсін дегіземіз. Егер адамдармен жақсы қарым-қатынаста болған болса, орынсыз ақша алмаған болса, оған алғыс айтса, оны марапаттаймыз, қызметін жалғастыра береді. Егер ол жолдан тайған болса, оны жазаға тартамыз» дейді. Келесі күні басшылық құрам сарайға келіп әркім өз орындарына жайғасады, уәзір де келіп орнына отырады. Бахрам Гур уәзірге қарап, былай дейді: «Ел арасына сен тастаған дүрбелең не? Әскерде күш жоқ, халықта күй жоқ, саған тапсырғанда халықты жайына қой, еркін өніп-өссін, билікті күшейт, жұрттан тек заңды төлемін ғана ал, басқа ақша алма, қазынаның түбін қақпайтын болайық деп едім ғой, қазынада түк те қалмапты ғой, әскерде де дым жоқ, халықтың қалыпты өмірі бұзылған, сен ойлайтын шығарсың мені ішіп жүр, аң аулап жүр, халықтың жағдайын білмейді деп», – деді де, бұйырды, уәзірді қорлықпен ұстап алды да бөлмеге апарып аяғына ауыр тұсау салдыртты. Сарайдың қақпасының үстіне шығып жаршы айқайлады, «Патша уәзірді қызметтен алды, оған ашуланды, оны енді ешқандай жұмысқа алмайды, кім одан зардап шеккен болса, зұлымдық көрген болса, уайымдамай, қорықпастан сарайға келсін, жағдайын айтсын, патша өзі арыз-шағымдарыңызды тыңдайды, ақыларыңды қайтаратын болады» деді. Түрменің есігін аштыртты, қамаудағылар бастап келді, бір-бірлеп барлығын тыңдады. Біреуі айтты:«Менің бай бауырым болды, байлығы өте көп еді, уәзір оның барлық байлығын тартып алды, өзін қатты азаптап өлтіріп жіберді» деді. «Мен де бауырымды неге өлтірдіңдер»,– деп едім, мені де патшаға қарсыларға қатысы бар деп қамап тастады, егер патшаның алдына келіп айтпағанымда бұл іс осылайша жабық қалатын еді» деді. Тағы біреуі айтты: «Менде керемет бау болды, әкемнен қалған еді. Уәзірдің сол маңда шаруашылығы болды, ол бір күні менің бауыма келіп, сат деді, мен сатпадым, мені ұстатып, қамап тастады, таққан айыбы «Сен пәленшенің қызын жақсы көресің, қылмысың сол»,– деді. «Баудың құжаттарынан ерікті түрде бас тарт, ешқандай дауым жоқ, бұл бау уәзірдің бауы дейсің деді, мен ол ұсынысын мойындамадым, міне содан бері бес жыл өтті, түрмеде жатырмын», – деді. Тағы біреуі кәсіппен айналысқанын, құрылық демей су демей ел аралағанын, шағын капиталы бар, заттарды бір қаладан бір қалаға апарып сатып, аз пайдаға қанағат қылғанын айтты. «Бұл қалаға келгенде меруерт алуым керек болды, келісіп қойған болатынбыз, қалаға келіп сауданы бағалап, сұрағанымды уәзір естіген екен. Адам жіберіп, мені алдыртып алды. Ол менен меруертті сұрады, сатып алды, ақшасын бермеді, «қазынадан аласың», – деп. Қаншама күн оның үйіне барып жүрдім, ақшасын алуға, оны таппадым. Бір күні қабылдауына бардым да: «Ұнаса алыңыз, ақшасын беріңіз, ұнамаса затымды қайтарып беріңіз, жол жүретін едім», – дедім. Ол маған жауап бермеді. Мен қонақ үйіме келгенде, күзет басы төрт жаяу әскерімен артымнан келді. «Жүр сені уәзір шақырып жатыр», – деді, ақшамды беретін болды ғой деп қуандым. Ол әскерлер мені түрмеге алып барды да, күзетшілерге тапсырды: «Бұйрық осылай, бұны қамап қойыңдар, аяғына ауыр тұсау салыңдар, міне содан бері бір жыл жарым болыпты, қамауда жатырмын»,– деді. Тағы біреуі айтты: «Мен пәлен аймақтың әкімімін, менің үйімнің есігі үнемі қонақтар мен кедей-кепшіктерге, ғалымдар мен жақсыларға ашық болатын. Жоқтар мен жолда қалғандарға көмектесетін едім. Садақа мен қайырымдылығым үзілмейтін, маған бұл әдет аталарымнан қалған болатын. Менің жерден, мүліктерімнен тапқан табысымның барлығы осындай игі істерге жұмсалатын. Уәзір мені ұстап алды, сен бір қазына тапқансың деп, азаптады, қамап тастады. Менің иелігімдегі бар мүлікті жарым бағасына сатып ақшасын уәзірге бердім, міне маған төрт жыл болды қамауда жатырмын, бір теңгем де қалмады». Тағы біреуі айтты: «Мен түгенше деген лауазымды кісінің баласымын. Уәзір әкемнің мал-мүлкін тәркіледі, өзін шыбықпен сабатып өлтіртті және мені түрмеге қамап тастады, содан бері жеті жыл өтіпті қиналып жатқаныма». Тағы біреуі айтты: «Мен әскери адаммын. Патшаның әкесіне көп жыл қызмет еттім, онымен бірге сапарларға шықтым, патшаға қызмет етіп келе жатқаныма да көп жыл болды, айлығым шайлығыма жетпей қалды, биыл уәзірге өтініш жасадым, отбасым бар, айлығым жетпейді, биыл менің айлығымды өсір, саған да берейін, бір бөлігін отбасыма жұмсайын дедім. Ол айтты, «алдағы уақытта патшада ешқандай қиындық болмайды, әскерге қажеті болуы мүмкін, сен және сен сияқтылар қызметте болыңдар, болмасаңдар айлықтарыңды тоқтатамыз» деді. Мен айттым, мен әскери қызметтемін, айлығымыз ойдағыдай емес, біздікі мемлекеттің ісі, көптің бірі болып жұмыс жасай алмаймын, олай қарамаңыз, патшалықты жүргізуді білуіңіз керек, мен қылышты ұршықтай иіремін, жанымды ортаға салып патшаны қорғаймын, оның бұйрығынан аттамаймын, сен осынша нәрсені бізден аяғың келеді, патшаны тыңдамайсың, сен де патшаның нөкері екендігіңді білмейсің, біле білсең екеуіміз де теңдей нөкерміз, маған осы тапсырманы жүктеген, екеуміздің айырмашылығымыз мен патшаны тыңдаймын, ал сен бас тартудасың» дедім. Мен патшаға қажет болмасам, сен де қажет болмауың керек. Егер құзыретің болса мені лауазымымнан алып таста немесе патша бізге бөлген нәрсені бізден аяма дедім. Ол, «кет ары, сені де, патшаны да мен ұстап тұрмын, болмаса әлдеқашан құзғындарға жем болар едіңдер» деді. Екі күн өткесін мені қамап тастады, содан бері міне төрт ай болыпты түрмеде жатқаныма»,– деді. Барлығы жеті жүзден астам кісі қамауда екен, соның арасында жиырма кісі адам өлтірген, қылмыскерлер екен, қалғандарының барлығына уәзір жапа шектірген кісілер болып шықты. Қала тұрғындары жаршының таратқан хабарын естігеннен кейін, келесі күні сарайға сансыз адам арыз-шағым айтып келді. Бахрам Гур мұны көрген соң, зұлымдықтар туралы естіген соң, өзіне өзі былай деді, мұның бүлігі бұлармен де таусылмайтын секілді, бұның батырсынып Құдайдан да, халықтан да, менен де қорықпай кеткенінде бір сыр болуы керек, сондықтан тереңірек үңіліп қарауға тура келеді деді. Уәзірдің сарайына барып, жазбаша құжаттардың барлығын әкелуге бұйрық берді және барша қонақ үйлерінің есіктерін мөрлеп жауып тастауға әмір етті. 
Жауапты қызметкерлер барып, барлық мекемелерін жауып, карталар мен жазбаларды алып келді, оларға үңіліп қарады. Сол арада бір карта тапты, бір патшадан уәзірге жіберілген хат екен, Бахрам Гур патшаға қарсы көтеріліске байланысты. Уәзір ол патшаға жазыпты, неге баяу қозғаласыздар, даналар айтқан, ғафлат (ұйықтап қалу, ұмыту) – елді жояды деп, мен өзімнің қолымнан келген нәрсенің барлығын жасадым, бірнеше жасақ басылардың бетін қаратып қойдым, көптеген әскерлердің жағдайына қарамай әлсіретіп тастадым, барлық нәрсе қолымда, азаматтарды қаңғыртып жібердім, саған қатысты байлық дайын, ондай байлық ешқандай елде жоқ, тәжі, белдік және мәжілісті сәндеп қойдым, олардың теңдесін жұрт көрмеген, мен ол тараптан қорғалғанмын, алаң бос, жау ұйықтап жатыр, тездетіңіздер, ол кісі ғафлат ұйқысынан оянып кетпесін деп жазылыпты. Бахрам Гур мұны көргеннен кейін, бұл мені жауыма сатып беріпті, маған және еліме қарсы жасаған қылмысы толық дәлелденді, ода не бар болса барлығы қазынаға алынсын деді, мал-мүліктері толық тәркіленсін деп бұйрық берді. Уәзірдің үй-жайлары, тартып алған ақшалары барлығы алынды, ақысы бар адамдарға таратылды, үй-жайы тегістелді. Сосын сарайдың қақпасына үлкен дар ағашын құрғызды және оның қасына отыз ағаш қадатты, оны ит сияқты дарға асып тастады және онымен бірге жұмыс жасаған, жақтаушыларын да тұтас дарға асып тастады. Сосын жаршылар жеті күн бойы, «бұл жаза патшасы туралы жаман ойлағандарға берілді, патшаның жауларымен достасқандарға берілген жаза, қиянатты заңдастырғандарға берілген жаза, халықты қинағандарға берілген жаза және Құдайды және құдай деген халықты ұмытқандарға берілген жаза» деп айқайлатты. Содан соң барша бұзақылар Бахрам патшадан қорқатын болды. Уәзір қызметке тағайындағандардың барлығын қызметтен алып тастады. Барша басшылар мен жауаптылар орындарынан алынды. Бахрамның мемлекетін жаулағысы келген патшаға бұл хабар жеткенде ол райынан қайтып, істеген істеріне өкініш білдірген, сосын айып-шапан төлемекші болып, көптеген сый-сияпат жолдаған, кешірім сұраған, құлдық ұрған.  Ол: «Мен ешқашан патшаға қарсы болмағанмын, мені үгіттеген уәзір болды, маған қаншама хат жазды, адам жіберді» деген. Бахрам Гурға құлың болайын деп жалынышта болды, кінәлі екендігін мойындады, пана сұрады. Бахрам патша оған кешірім жасады, басына тиіспеді. Уәзірдің орнына Құдайдан қорқатын жақсы ниеттегі бір адамды қойды. Әскер мен жасақтың шаруалары жүйеленді, кәсіпкерлік жалғасты, әлем қайтадан түзеле бастады, халықты әділетсіздіктен құтқарды. Бахрам патша баяғы малшыны іздеп барды, ол шатырынан шықты, Бахрам қорамсағынан бір оқты алып, шопанның алдына тастады да, «мен сенің үйіңнен дәм-тұз таттым, сарайда хажиб болып жұмыс жасаймын, үлкен кісілердің бәрін танимын, сенің қақыңды алып беру маған міндетті болды, осы оқпен Бахрам сарайына келсең кіргізеді» деді де қайтып кетті. Бірнеше күн өткеннен кейін оның әйелі: «Тұр да қалаға бар, оқты бірге алып бар, өткендегі келген атты бай, салтанатты кісі екендігі көрініп тұрды, оның бізге аз ғана көмектескені біз үшін үлкен олжа болады, жалқаулықты қой, ондай кісінің айтқаны орындалады» деді. Ол малшы тұрып, қалаға келді. Сол түні жатты, келесі күні Бахрам патшаның сарайына барды. Бахрам Гур хажибтар мен күзеттегі қызметшілеріне айтып қойған еді, «осындай адам келеді, қолында менің оғым болады, оны тездетіп менің алдыма алып келесіңдер» деп. Хажибтер оның сарайға келгенін көргесін, уа бауырым қайдасың, біз сені күткелі қанша күн болды, кел мұнда отыр, сені мына оқтың иесіне алып барамыз деді. Бахрам Гурдің сыртқа шығып тағына отырған кезі еді. Жауапты хажибтердің бірі сол малшы кісінің қолынан ұстап, патшаның құзырына алып барды. Ол кісінің көзі Бахрам патшаға түсті де таныды және «Ах! Ол атты кісі Бахрам патшаның өзі екен ғой, мен ол кісіге ойдағыдай қызмет жасай алмадым ғой, жөндеп те сөйлеспедім, енді міне мені жазалайтын болды» деп ойлады. Хажибтар оны тақтың жанына апарғанда патша сөйледі, 
Бахрам Гур бетін ұлықтарға қаратып, былай деді: «Менің мемлекет істері бойынша оянуыма осы кісі себепші болды» деді де, иттің қиссасын ұлықтарға айтып берді. Мен бұл кісінің сөзі бойынша әрекет жасадым деді. Енді оны киіндіріңдер және жеті жүз қой-ешкіден оған сыйлаңдар деді де, Бахрам Гур тірі кезінде одан ешқандай зекет-садақа алмаңдар деді. Және Ескендір Дараны жаулап алғанда, Дараның уәзірі жасырын түрде Ескендірмен сырлас болды, Дара өлтірілген кезде, айтты, әмірдің ақымақтығы мен уәзірдің қиянатынан болды деді. Сондықтан патша әрқашан қызметкерлердің жағдайын біліп тұруы керек, олар оның жолынан тайып, дұрыс емес істі жасап, әр түрлі қиянат жасаулары мүмкін, оларды аямай тез қызметтерінен айыру керек, қылмысына қарай дүре соғу керек, басқаларға ғибрат болу үшін. Ешкім үрейленіп, саясатпен патшалар туралы ойлай алмайды, әркімге үлкен тапсырма берсе құпия түрде оның жүріс-тұрысын бақылауға алу керек. Аристотель Ескендір патшаға былай деді, сенің еліңде қаламы жүріп тұрғандарды қинайтын болсаң оларға қызмет берме, олар сенің жауларыңмен бірге сырлас болады, сені жоюға әрекеттенеді. Уәзірге патша былай деу керек, төрт топ қылмыскерлерді қызметке алма деп, бірінші мемлекетті шулататынды, екінші патшаның сарайын шулататынды, үшінші тіліне ие бола алмайтынды, төртінші тілімен патша жақта болып, жүрегімен патшаға қарсы оппозицияда болғандарды. Басында осындайлардың алдын алу керек, олардың қылықтары сырларын ашып береді, патша ояныста болу керек, барлық іс бойынша хабары болу керек. Алла Тағаланың тауфиғымен. (Жалғасы. Басы өткен санда)

Пайдаланған әдебиеттер:
Саясатнама (парсы тілінде), Абу Али Хасан бин Али Хажа Низам ул-Мүлктің еңбегі, ол хижра 485/1092 жылы жазылды, 1891 жылы Парижде басылған. Ш.Шефердің текстологиялық зерттеу нұсқасы бойынша, түсініктемелер және ескертпелер қосып, түзеп дайындаған Мұхаммед Қазуини, қайта түзеп, қосымшалар және алғы сөзбен жариялаған Мұртаза Мударриси Чахардехи, Заууар баспасы, Тегеран-Шахабад, екінші басылым, Тегеран 1344/1965 ж., Тегеран Мусаууир баспасы, 295-бет.
 

828 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз