• Еркін ой мінбері
  • 30 Маусым, 2021

БАҚ-ТЫҢ МАҢЫЗЫ ӨЗГЕ САЛАДАН КЕМ ЕМЕС

Қуандық БАТЫРОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі 


Халық үшін қам жеуді мақсат тұтып, Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытовтың: «Халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» деген аманатына адалдық танытып келе жатқан, адамгершілігі мол, парасат-пайымы терең, қадірлі әріптесіміз Қуандық Батыров 75 жасқа толып отыр. Бұл орайда біз ардагер журналист, ұзақ жылдар бойы Қазақстан Журналистер одағы Атырау облыстық филиалын басқарған Қуандық Батырұлын мерейтойымен құттықтап, журналымызға арнайы берген сұхбатын жариялауды жөн көрдік.

Журналистің жұмысы аса жауапты. Ақпараттық-идеологиялық, ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен ұштасатын маңызды сала екені белгілі. Өзгелердің проблемасын жоғары деңгейлерге дейін жеткізгенімен, өзінің мәселелеріне келгенде дәрменсіз. Неге? Мамандық мәртебесінің заңмен бекітілмеуі негізгі себеп пе?

Жүсіпбек Аймауытовтың: «Маман­дықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелтудің, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» дегені бар. Расында қай саланың болсын қалыптасып, дамып, өркен жаюы ең бірінші кезекте маманға байланысты. Осылай әр кәсіптің өз ма­мандығы болатыны секілді, журналистік мамандық та өз саласы бойынша пайда болған. Айта кетерлігі сол, журналист басқаға ұқсамайтын, өзгелерден айыр­машылығы бар ерекше мамандық. Ол өз шығармашылығы арқылы қоғамға, адамға барынша қызмет етеді. Сондықтан журналистің жұмысы маңызды әрі жауапкершілігі жоғары. Жалпы журналист қандай дәрежеде жұмыс істесе де қо­ғамдық ақпарат саласының қызметкері болып есептелінеді. Ол әркез елдегі жаңаны жақтаушы, барлық жақсылықты қолдаушы, ешкімді бөліп-жармай, қам­қорлық көрсетуге дайын тұратын және қоғамның түйткілді мәселелерінің түйінін тарқатушы жан. Бұған қоса өмірдегі құбылыстардың мәнін түсіне білу де үлкен қасиет болып саналады, өйткені қандай оқиға болмасын, ол тапқырлықпен, сенімді түрде, көз жеткізе жазуды талап етеді. Яғни, жұртқа өмір жайлы толғап айта білу де үлкен өнер. Алайда осынау қасиеттерге ие мамандық иесінің қоғамға айтатын назы да жоқ емес. Өкінішке орай, кезінде Шерағаңның «журналистің арқалағаны алтын, жегені жантық» деп айтқаны әлі күнге өзектілігін жоғалтпай келеді. Әрине, әділдікке жүгінсек, айтар сөзінің өн бойына шындықтың айшық өрнегін түсіре отырып, оқырмандарға, тыңдармандарға, көрермендерге образды сөз сыйлап, адамның дүниетанымына сіңіріп жатқан журналистердің өлшеусіз еңбектері мақтаусыз емес. Бұл жағдай, әсіресе, кәсіби мерекені атап өту кезінде ерекше байқалады. Дегенмен, мұндай бір реттік көрсетілетін құрметтің қарымдылығы шамалы. Журналистің күрделі әлеуметтік мәселелерін шешудің нақты тиімді жолдары қарастырылғаны жөн. Сіз айтқандай, мамандық мәртебесінің заңмен бекітілуі мейлінше қажет. Себебі, бүгінгі күні журналистің қоғамдағы орны заңдылық тұрғыдан еш айқындалмаған, нәтижесінде қазір ол, не мемлекеттік қызметші, не азаматтық қызметші, не кәсіпкер санатында жоқ, мәнерлеп айтсақ, «ұшарын жел, қонарын сай білетін» белгісіз тұлға.           

Журналист статусына қатысты мәселе еліміздің Президентінің де назарына жетті. Біраз уақыт бұрын нақты қарастыру қажеттігі туралы да баса айтты. Заң қабылданар болса, қандай мәселенің назардан тыс қалмауы керек?

Иә, 2019 жылғы 24-ші маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Тwitter желісіндегі жеке парақшасына «Үкіметке арнайы қаулымен Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде тапсырма бердім. Бұл БАҚ-тың қоғамдағы маңызды рөлін айқындайтын әділ шешім болмақ» деп жазған болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы БАҚ-тың қоғамдағы маңызды рөлін айқындайтын заң қабылдау керектігін айтқаны бел­гілі. Менің ойымша мұндай шешімге Президент Қ.Тоқаев Журналист статусына қатысты қоғамдық пікірді ескергендіктен келіп отыр. Шындығында, бұл отандық ақпарат саласындағы тоқсан тарам толғағы күрделі әрі шетін мәселе. Бір сәт өткенге көз жіберсек. Қазақстанның ең алғашқы заңдарының бірі ретінде 1991 жылы қабылданған «Баспасөз және басқа бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң да, сондай-ақ 1999 жылы қабылданған отандық масс-медианың әрі қарай қарқынды дами түсуіне, мемлекеттік емес БАҚ-тың күрт артуына, ірі медиа - құрылымдардың қалыптасуы мен дамуына ықпал еткен жаңа заң да, 2001 және кейінгі жылдары  заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар да тек журналистің құқықтары мен міндеттерін ғана айқын­даумен шектеліп, оның қоғамдағы нақты статусын анықтай алмады. Мінеки, енді Президенттің тапсырмасына сәйкес, алдағы 2022 жылы БАҚ туралы жаңа заң қабылданбақ. Журналистік қауым бұл мүмкіндікті мүлт жібермеулері керек.

Жаңа заңда Журналистің мәртебесі туралы арнайы тарау енгізілуі қажет. Онда журналистің мемлекеттік немесе мемлекеттік емес БАҚ-та қызмет етуіне қарай нақты статусы айқындалып, тиіс­ті меншік иелерін қарамағында жұмыс жасайтындардың әлеуметтік мәселелерімен айналысуға міндеттейтін арнайы баптар қарастырылуы керек. Негізі, жаңа заң «БАҚ туралы және журналистің статусы» деген атаумен қабылданғаны дұрыс болар еді. Жалпы, бұл мәселеде БАҚ қызметкерлері белсенділік танытып, келелі ұсыныс-пікірлерін білдіріп жатса құба-құп. Әсіресе, қазіргі Парламентте отырған жиырмадан астам масс-медиа өкілдері тарапынан аталмыш заң дайындалғандай болса, оның сапалық деңгейі кәсіптік тұрғыдан мейлінше жоғары көтерілері хақ.               

Журналистің басына іс түссе... Кім көмектесе алады? Сіз басшылық еткен тұста бұндай оқиғалар болып па еді?

Бір танысымнан естіген әңгіме ойыма келіп тұр. Францияның Marly Le Roi қаласына сапарлай барғанында ол кісі жол қиылысындағы бағдаршамға тоқтайтын жерге «Сенде ерекше құқық жоқ» деген жазудың ілулі тұрғанын көріпті. Жолсерік француздың айтуы бойынша, бұл белгі кез-келген адамның санасында француз Ата Заңының түпкі мән-мағынасын жаңғыртып, қоғамдық тәртіпті сақтауды талап етеді, ешкімнің де заңнан аттап кетуіне болмайды. Сондықтан заңға жүгінгеніміз жөн. Осы ретте сот тәжірибесінде азаматтардың ар-намысы мен абыройын қорғау туралы заңдылықты қолдануға болатынын ескерген жөн. Әрине, көп жағдайда мәселені сотқа дейін шешкен абзал. Бұған мүмкіндік те жоқ емес. Еліміз тарихында тұңғыш рет 2012 жылғы 30 қазанда Қазақстан Журналистер одағы мен Бас редакторлар клубы бірлесіп қабылдаған Қазақстан Республикасы журналисінің этикалық кодексі журналистің зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қатері, материалдық немесе моральдық зардап шеккен жағдайында оны жан-жақты қолдауды көздейді. Сонымен бірге қарымды қаламгер, белгілі тележүргізуші Зейін Әліпбек басқаратын «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағы журналистердің әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне көмектесуді, керек жерінде журналистердің мүддесін, ар-намысын қорғауды көздейді. Соның бір нақты көрінісі ретінде Зейін Әліпбек әлеуметтік желіде мынадай жазба қалдырыпты: «БАҚ және телерадиохабарларын тарату саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы ретінде Шымкент қалалық Полиция департаменті қызметкерлерінің өрескел әрекеттерін айыптаймын. Заңнан аттағандар тиісті жазасын алуы тиіс деп санаймын. Әріптестерімізге құқықтық көмек қажет болып жатса кәсіподақ заңгерлері қолдауға әзір.

Жалпы, журналистерге жұдырық жұмсаудың бұл алғашқысы да, соңғысы да емес және мұндай әрекетке тек полиция қызметкерлері ғана барады десек те қателесеміз. Қазір кез-келген мекеме өзіне тиімсіз болса тілшіні ғимарат түгілі ауласына да кіргізбейді. Сондықтан, журналист оқиға болған жерге ерігіп емес, халыққа қажетті ақпарат алу үшін баратынын мемлекеттік орган мен мекеме өкілдерінің санасына сіңіретін уақыт жетті. Яғни, өзінің кәсіби қызметін атқарып жүрген тілшіге кедергі келтіру халық пен мемлекетті ақпарат алу мүмкіндігінен айыру деген сөз. Осы жерде тілші қауым­ның тым төмендеп кеткен беделін көтеру үшін (Кім көрінген қоқан-лоққы көрсетіп, таяқтап кетіп жатса төмендегені емей немене?) кезінде мұғалімдерді арашалап қалғанымыз секілді осындай оспадарлықтардан қорғайтын “Журналист мәртебесі туралы” арнайы заң қабылдау қажеттігі анық байқалып тұр. Ол заңда журналистердің әбден қордаланған әлеуметтік мәселелерін шешу жолдарын да қарастыруға болар еді. Шымкенттік әріптестеріміздің батыл қадамы қуантады».

Яғни, қажет бола қалған жағдайларда көмек қолын созатын орындарға тіке­лей шығуға толық мүмкіндік бар деген сөз. Еңбек ұжымдары да өздерінің қызметкерлеріне сынаққа толы сәттерде қолдау көрсетуге, қол ұшын беруге дайын. Мәселен, біздің ұжымда әлдеқалай басына іс түскен азаматтың жанына жалау бола білу тәртібі ежелден қалыптасқан.                     

– Жалақы жоғары деңгейде болса. Журналистердің сұрайтыны да сол. Себебі, сала өкілдері алатын ақы өте аз екені жасырын емес. Соңғы рет қашан көтерілді?

Айтқаныңыз орынды. Бүгіндері жалақы мәселесі өте маңызды әрі өзек­ті мәселелердің бірі. Әсіресе, қа­зақ журналистерінің жалақысы мен қаламақысы тамағы мен киімінен артылмайды десек қателеспейміз. Қазақ тіліндегі БАҚ-тың қалталы қожайындары болмайтынын, ал тендерден өткендері мардымсыз жалақымен ғана күн көрер­ліктей қаржыландырылатынын аңғару қиын емес. Республикалық ба­сы­лымдар журналистерінің табысы депутаттардан ондаған есе аз болуы олардың ел өміріне сіңірген еңбегі мен ықпалы ескерілмегенін ұқтырса керек. Шындап келгенде, журна­листер өзінің кәсіби міндетін атқару барысында қаншама күш-жігер, ақыл-парасат, білім мен білік жұмсайтынын қаржымен есептеп көрер болсақ, олардың пайдасы кез келген кәсіпорындар мен компаниялардан артық болмаса кем болмайтынын бағамдауға болады.

Жалақыны көтеру мәселесіне келер болсақ, бізде еңбек заңнамасында тек төменгі жалақы мөлшері реттелген, басқасының бәрі жұмыс берушінің тікелей құзырында, яғни әркім көрпесіне қарай көсіледі деген сөз. Ең төменгі жалақы мөлшері болса 2020 жылдан бастап 1,5 есеге – 28 000 теңгеден 42 500 теңгеге дейін артқанын білеміз. Оған қоса, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, 25 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін, яғни 63 000 теңгеге дейінгі көлемде еңбекақы алып жүрген азаматтардың салық жүктемесі 10 есе азайтылып отыр. Ілгерілеу бар, бірақ бұл мардымсыз. Үкімет алдағы уақыттарда да бюджет саласында қызмет жасайтын қызметкерлердің жалақысын арттыруды көздеп отыр. Әрине, біз бұл қатардан журналистерді де көргіміз келеді және бұл бекер емес. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай, қоғамда БАҚ-тың маңызы елге пайдасы бар деген өзге салалардан бір кем емес.    

Баршамызға мәлім, қазір ақпарат майданы жүріп жатыр. Қазақстандағы келеңсіздіктердің, лаңкестіктің, адамгер­шілікке жат үрдістердің, қылмыстың барған сайын өршуі ақпарат кеңістігінде жатжұрттық идеологияның елімізді еңсе­ріп бара жатуының салдары демеске болмайды. Әсіресе, көптеген теле-радио арналары, кейбір бөгде тілде шығатын басылымдар солардың сойылын соғуы күшеймесе бәсеңдер емес. Бұл үрдістерге қарсы күрестің пәрменділігін арттыру мақсатында патриот журналистердің бе­де­лін көтеру, әсіресе, қазақ басы­лымдарына қаржылай көмек көрсету, әлеуметтік қамқорлықты күшейту, олар­дың таралымын молайту, ықпалын күшейту биліктің тікелей міндетіне айна­луы қажет екені айтпаса да түсінікті. Бір сөзбен айтқанда, тек мемлекеттік қана емес, патриоттық бағытта шығып жат­қан басылымдар журналистерінің жа­лақысы мен қаламақысын мемлекет тарапынан еселеп молайту, оларды бі­рінші кезекте тұрғын үйлермен, өзге де қажеттіліктермен толық қамтамасыз ету жергілікті жерлерден бастап Үкіметке дейін міндетке айналуы тиіс. Бұлай болмаған жағдайда еліміз экономика жағынан қанша дамығанымен идеология жағынан ақпарат майданында жеңіліске ұшырап, елімізде қылмыс пен өзге де келеңсіздіктерді жою мүмкін бол­май, өр­ши беретінін, мұның соңы тәуел­сіздікке, халыққа қатер төндіретінін түсі­ну қиын болмаса керек. Міне, Үкімет те, Парламент те бұл мәселені осылай түсініп, шешу жолдарын іздестіру қа­жеттігі жөнінде журналистер қауымы ұсы­ныстарына бей-жай қарамаулары қажет деп ойлаймын

  – Билік өкілдері тілшілерден тіксініп, ашық әңгімеге, жедел ақпарат беруге аса құлықты емес. Заң бойынша журналистер ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез-келген әдiспен алуға және таратуға құқылы болса да, қалаған сауалына қажетінше жауап алу мүмкіндігі шектеулі. Бұл бөгетті бұзудың жолы қандай?

Келісемін, мұндай келеңсіздіктер де жоқ емес. Ақпаратқа қол жетімділік саласында жеке реттеуді қажет ететін мәселелер баршылық. Шенеуніктердің журналистермен тілдесуге ықылас таныта бермейтіні, оның қалыпты жағдайға айналып бара жатқандығы шындық. Осы тұста білікті басшы, отандық ақпарат саласының майталман маманы Нұржан Жалауқызының былай деп айтқанын келтірсем артық болмас: «Журналистер мен биліктің арасы футбол алаңына айналып кеткен. Министрге оқиғаның қаны танбай тұрып жіберілген сауалдың жауабы өрт сөніп, жағдай тынышталған кезде ғана бірақ келеді. Мұнан кейін мәні кетіп қалған тақырыпты қайта көтеруге журналистің де ықыласы болмай қалады». Иә, айтса айтқандай, оқиға кезінде жауаптан жалтарып кету ешкімге абырой әпермейді. «Оқиғаның себеп-салдарын жұмыс тобы зерттеп жатыр. Алғашқы қортынды шықса, сіздерге міндетті түрде хабарлаймыз» деп айтуға, соңғы нәтижелер туралы хабар БАҚ-қа дер мезгілінде жетуін министрдің өзі тікелей бақылауына алса, екі тарап арасы мұндай түсінбестікке ұрынбайтын еді. БАҚ пен билік арасындағы мұндай әңгімелердің ауыртпалығы негізінен тікелей баспасөз хатшыларына тиіп жатады. Қалыптасқан жағдай бойынша журналистердің ми­нистрге бағытталған сұрақтары бірінші кезекте баспасөз хатшыларына келіп жетеді. Өкінішке қарай, оларда тікелей министрге барып жауап алға құзыреті жоқ. Сондықтан да, баспасөз хатшыларының өкілеттігіне қатысты мәселе реттелуі қажет, бұл оң шешімін тапса біраз шаруаның күрмеуі тарқатылады.

 Мынаны да ескермей болмайды. Кейбір шенеуніктер төтенше жағдайлар кезінде журналистердің сұрағына кәсіби деңгейде жауап беруге дайын болмай жатады. Сондықтан, олардың басым көпшілігі мүлдем үндемей қалуды немесе сұрақтан жалтарып кетуді өзіне жөн көреді. Әрине, бұл фактор журналист пен қоғамның наразылығын тудырады. Меніңше, билік өкілдері қоғаммен немесе журналистермен тіл табысудың, өздеріне қандайда бір сөз келтірмеудің әдісін, коммуникациясын меңгеруі керек. Оны меңгеруді барлығына міндеттеу керек деп ойлаймын.

Сондай-ақ, бұл мәселе қоғамдық сана­ның өсуімен де өзінің оң шешімін табары анық. Оған негіз де жоқ емес. Қазір әлеуметтік желілерде президенттен бастап облыс әкімдеріне дейін аккаунт ашуы қоғам мен биліктің арасындағы байланыстың ашықтыққа бет алып келе жатқанының белгісі деп қабылдасақ болады. Мұның сыртында Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да аталмыш мәселенің оң шешіміне ықпал етеріне сенімдімін.      

Баспасөз саласы туралы әңгіме қозғалғаннан кейін, журналист мәрте­бесінен өзге де маңызды тақырыптарды қамти кетсек. «Газет мемлекеттік тапсырыстар арқылы ақша алып, бір беттік пресс релиздің аясында ақпар береді». Бұл – қазіргі қалыптасқан пікір. Журналистер маңызды мәселелерді жазып жүр, жаза да береді. Тек газет оқитын оқырмандар саны азайып барады. Жоғарыдағы «сыңаржақ» стереотипті бұзудың жолы қандай?

Сіз көтеріп отырған бұл мәселе де өте өзекті. Дана халқымыз қашан да қанатты сөзді – қазынам, өнегені – өрісім деп білген. Алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлы: «Қара халық өте сақ болады. Тұрмысына, салтына, елдігіне зиянды нәрселерді қабылдамайды» деп бекер айтпаған. Халыққа қымыздай қызулы, қазыдай нәрлі, дәрумендей дәрі сөз керек. Елді елең еткізетін, есін жиғызып, әрбір Алаш баласының адам болуға, азаматқа айналуына жол ашатын, ездіктен шідер үзіп, жүрегіне шер бітіп, Ер болуына бастайтын есті, әдемі, ерекше сөз керек. Ал бір беттік пресс-релизбен ұшпаққа шығу екіталай. Сондықтан, журналист әрқашан өз білі­мін теориялық тұрғыдан толықтырып, прак­тикалық тұрғыдан ізденіп еңбек ете білгені дұрыс. Журналист болу үшін рухани әрі өмірлік дайындықтар болуы керек. Өзіңді журналистік мамандыққа арнап, таңдағаннан кейін, сол жолда аянбай қызмет ету лазым. Ол принципті түрде, қайсарлықпен бұқаралық ақпарат құралдары алдындағы өз міндетін, борышын бар күш-қайратын салып орын­дайтын маман. Бұл ретте журналист ұстамды мінезімен, қиындыққа қарсы тұратын күрескерлігімен, инициатива та­ныт­қыштығымен, тез арада шешімдер жасай білуімен ерекшеленеді. Ол қай істе болсын нәтижеге жетуге ұмтылғаны жөн. Ұмтылған ұтылмайтыны анық. Сондай-ақ, ұмтылу – шындыққа апаратын бірден-бір жол.

Бір сөзбен айтсақ, журналист өз ісінің адал берілген маманы болуы қажет. Журналист қызметін жемісті атқаруы үшін интеллектуалдық, психологиялық, творчестволық қабілетін толық пайда­ланып, сонымен бірге табанды, әділ және батыл қасиетімен де танылуы тиіс. Ақыл-ой, эрудиция бірінші орында тұруы керек. Сондай-ақ журналистің жеке бас мәдениеті көп нәрсені аңғартады. Тағы Жүсіпбек Аймауытовқа жүгінсек: «Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт, ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, біздің мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр».

Балаларды бұрынғыдай газетке жаздыру жоқ. Керісінше, әнші, жылт еткен жұлдыздардың инстаграм парақшасын қарағанына аса қарсылық білдірмейміз. Қателік пе бұл?

Бұл енді бүгінгі таңда қоғамда орын алып отырған күрмеуі мол мәселе әрі ол ұрпаққа кері әсерін тигізуде. Оны шектемек түгіл, бұндай жағдайға «болуға міндетті» нәрсе сияқты назар да аудармаймыз. Хакім Абай бір сөзінде: «Адам баласын заман өсіреді, кімде кім жаман болса, оның замандастарының бәрі кінәлі» деген түйінді пікірін де білдірген. Иә, адамның мінез-құлқы, өмірге көзқарасы өскен ортасына тікелей байланысты. Ендеше, ұрпақ тәрбиесінде аса мұқият болғанымыз жөн. Елдің тірегі де, жүрегі де – ұрпағы. Өйткені, бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел болашағы, қорғаны. Еліміздің жарқын болашағы бүгінгі алған тәрбиеге, сіңірген білімге, меңгерген өнерімізге тікелей байланысты. Саналы қоғам ғана алға жылжып, қарыштап дами алады. Өкініштісі, көптеген жастарымыздың кітап оқуға қызығушылықтары жоқ. Оның есесіне әлеуметтік желілердегі тәрбиелік мәні жоқ нәрселерді қарап уақыттарын өлтіруде. Негізі, білімі таяз адам еліктегіш келеді. Сондықтан, Ахмет Байтұрсынұлы: «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деп бекер айтпаған. Ұстаз еңбегінен кейінгі тәрбиелейтін дүние – қоршаған орта. Әрине, ата-ана да баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Балалардың болашағы олардың өмірден татар несібесі мен еншісінің нақты үлес салмағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты. Сондықтан да, ата-ана өзінің баласын еңбекқор, елінің қамқоршысы, азаматы етіп тәрбиелеуге міндетті.

Әңгімелескен

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,

Нұр-Сұлтан қаласы

2395 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз