• Еркін ой мінбері
  • 18 Қыркүйек, 2021

Қарапайым кісінің қайырымдылығы

Алматы қаласынан алыс та емес, жақын да емес, шамамен, 70-80 шақырым қашықтағы Балғабек ауылына бара қалсаңыз, Сәкең жайлы бір-екі ауыз жылы сөз естімей қайтуыңыз мүмкін емес екен. Әсіресе, сіздің әуелгі амандасқан адамыңыз шетелден көшіп келген қандас бауырларымыздың бірі болса, онда тіпті, одан асқан мақтаушыны да, жақтаушыны да таба алмайсыз. Өйткені қарапайым ғана зейнеткер кісі Сәкең – Сансызбай Әбдірайымов – осы ауылдың ұйытқысы, тірегі, бір сөзбен айтқанда, қан тамыры сияқты көрінеді. 

Ендігі ойды таратыңқырап  айтар болсақ, текті әулеттің бұтағы екен. Қилы-қилы замандарда қол бастаған Шапырашты Наурызбай батырдың тікелей ұрпағы деседі. Болса болар, өзі де тау тұлғалы, балуан денелі кісі екен ғой. Жаратушы иеміз Сәкеңнің осы сипатына лайықтап кең пейіл, дарқан мінез беріпті.

Содан да болар, Балғабек ауылына алыс-жақыннан ат басын бұрған ағайынның назары ең алдымен осы кісіге түсетін сияқты. Сөзіміз дәлелді болуы үшін ол туралы әңгімемізді ата-жұртқа алыстан көшіп келген ағайындардың жылы лебізінен бастасақ па дейміз.

«Мен бұл ауылға 2003 жылдың көктемінде келдім, – дейді ауыл имамы Сейітқазы Зейнелғазыұлы. – Ол кезде мұнда «Далия» деген құс фабрикасы болатын. Соған жұмысқа тұрсам деген ниетім бар-ды. Сөйтіп, көшіп келген күннің ертеңіне, таңертеңгі уақта кездестім бұл кісімен. Өзінің қара түсті «Волгасымен» келіп, біз тіккен киіз үйдің жанына тоқтады. «Ассалаумағалейкө-ө-өм!» деді. Даусы сондай зор екен.

– Қандассың ба? – деп сұрады. Мен басымды изедім. – Қайдан көшіп келдіңдер?

– Қытайдан

– Бәрекелді-і, – деді Сәкең. – Қоныс құтты болсын! Ерулік бізден!

– Әлей болсын, отағасы. Ниетіңізге рақмет. Рұқсат болса, сізден біраз жәйтті сұрап білуге болар ма екен?

– Неге болмасын?! Ал, сұра! – деп енді машинасынан түсіп, көк шөптің үстіне жайғасып отыра кетті.  – «Көрші ақысы  – Тәңір ақысы» деген.

Е-е, сөйтіп, «Сөз анасы – сәлемнен» басталған таныстығымыз ә дегеннен-ақ сыйластыққа, тату-тәтті көршілікке ұласып кете барды. Біз Сәкеңнен малды қайда жаямыз, суды қайдан тасимыз дегеннен бастап, тұрмыс-тіршілікке қажетті барлық жайды сұрап-біліп алдық. Сол кісінің ақыл-кеңесін тыңдадық.

Келер жылы жүгері егуге ниеттендік. Жер жырту үшін трактор қажет болды. «Оны қайдан табамыз?» дедік басымыз қатып.

Тағы да сол Сәкеңнің үйіне қарай жүгірдік. Ол кісі меселімізді қайтармады. «Бәлен жерде нағашым бар, сол кісіден сұрап көрейін,» деді. Сөйтті де, қара «Волгасына» мініп алып, күн батысқа қарай тартты да кетті.

Кейін көрдік қой. Сәкеңнің нағашы-сы да ақ көңіл, адал жан екен. Жер жыртып жатқан тракторын тоқтатып, бірер күнге бізге беріп жіберді.

Міне, сондай күндерде «Мынау дүниенің тірегі – жақсы адамдар!» деген сөздің ақиқат екендігіне анық иланасың.

Ауыл ішінде, әрине, әр түрлі жағдайлар бола береді. Алғаш көшіп келген жылдары бірді-екілі малымыз айналадағы жұрттың егініне түсіп кетіп жүрді. Оған ашуланып, өре түрегеліп жатқандар да жоқ емес. Сол кезде де осы Сәкең бәрін сабырға шақырып: «Әй, қойыңдар! Мұндағы жердің жағдайына үйренгенше, ондай-ондай кемшіліктер болмай тұрмайды» деп тоқтатты.

2006 жылы арғы беттен (Қытайдан) інім Қуанбек көшіп келді. Ол кезде мұндай үй қайда. Құрқылтайдың ұясындай бір қуыста тұрамыз. Амал жоқ, тағы да Сәкеңе келдім жүгіріп. Осылай да, осылай, Қуанбек те атамекенге ат басын бұрды. Уақытша болса да бір баспана керек. Кейінгісін көре жатарсыз деймін. Ақ көңіл, кең пейілді Сәкең сөзге келген жоқ. «Сендер жиылып, Қуанбекке үй салып бергенше, біздікінде тұра тұрсын. Далада қалдырмаймыз ғой!» деді күліп.

Сөйтіп, Қуанбек бала-шағасымен Сәкеңнің үйінде бір жыл қыстап шықты.

Қазір оның да төрт бөлмелі баспанасы, отыз шақты қойы бар. Ел қатарына қосылып, жеке отау болып кетті.

Иә-ә, бұл Сәкең, шынымызды айтсақ, әкеміз жасамаған жақсылықты жасады ғой бізге!»

ххх

Бүгінде Балғабек ауылына Қытайдан ғана емес, Қарақалпақстаннан, Түрк-менстаннан көшіп келіп, қоныстанып жатқандар да көп. Бізге қазір әңгіме шертіп отырған ауыл мешітінің имамы Сейітқазы Зейнелғазыұлының қасындағы Сәкей, Бекен Қамзаұлдары, Ақмадияр Жарқынбайұлы, Қонысбай Әжіғали, Қанатбек Жұмаханұлы секілді қандастарымыз да бұл айтылған жәйттерге бас изеп, қуана-қуана құптайды.

«Ой, Сәкең туралы әңгіме сұрасаңыз, бұл ауылдағы оралманның қай-қайсысы болса да, қаптың аузын шешеді ғой, – деп жымияды Бекен Қамзаұлы. – Кезінде біз бір-бір киіз үймен ғана көшіп келгенбіз. Оны, әне, ана-ау жазыққа тіккенбіз... Сонда бізге жол көрсетіп: «Балаларды оқытатын мектеп мынау, мал жаятын жайылым анау» деп жанашырлықпен жөн сілтеген жақсы кісі осы Сәкең болды.

Ол кезде Сәкеңнің жалғыз «Волгасы» ғана емес, жүк машинасы да бар еді. Әне, сол машинамен малымызды базарға апарып сатып, үй салатын кезде құм, тас, ағаш тасыдық. Сәкеңнің өзі үнемі рөлде, біздің қасымызда жүрді. Міне, нағыз азаматтық, адамгершілік деп осыны айтыңыз!

Біз дегенің, о бастан-ақ қара жұмыстан қашқан пенде емеспіз. Сәкең ылғи да: «Мал бағыңдар, үй салыңдар» деп ақыл-кеңесін беріп отырды. Сонымен бірге құжаттарымызды реттеп, тіркеуден өткізуге де өзі көмектесті. Айта берсек, әңгіме көп. Әуелі Жаратқанға, одан соң Сәкеңе айтар алғысымыз шексіз, айналайын!»

ххх

 «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» демей ме атам қазақ. Алыстан келген ағайынның көңілін «Ассалаумағәлейкүм!» деп амандасқан ашық-жарқын кісінің бір ауыз жылы сөзінің өзі-ақ аспанға көтеріп тастайтыны анық.

Біз енді, бұл әңгіме басталғалы бері үнсіз тыңдап, ойға шомып отырған Сәкеңнің өзіне қарадық. Ол кісі:

– Бағанадан бері сөздеріңді бөлмейін деп, сабыр сақтап отыр ем, – деді таудай тұлғасын бір қозғап қойып. – Әйтпесе, Балғабек ауылы туралы әңгімені алдымен Балғабек ағаның өзінен бастағандарың жөн болатын еді.

 Отырған жұрт елең ете қалысты.

– Елге белгілі жазушы, қоғам қайраткері Балғабек Қыдырбекұлы ағамыз өзінің әйгілі «Алатау» романын осы ауылға келіп жазды, – деді Сәкең әңгіме бағытын енді мүлде басқа жаққа бұрғысы келгендей. – Жаңылмасам, 1982 жылдың жазы болатын. Сапқозда жұмыс істеп жүрген кезіміз. Әне, анау жотаның биігіне киіз үй тіктік. Ағамыздың тапсырмасы бойынша, таңертеңгілік және кешкісін – екі мезгіл ас-ауқаты мен сусынын апарып беріп жүрдік. «Қолға алған жұмысымды қашан бітіргенше, бауырларым, сендерден басқа ешкімді қабылдамаймын» деді. Өйткені, ол кезде Бәкеңнің қолын аламыз, сәлем береміз деушілер тіпті көп еді.

Ал ағамыз болса, өзінің жазуынан басқа ешнәрсеге алаңдамауға бекінді. Елге келгенде мінетін бір боз жорғасы бар еді. Көңілі қалаған уақта соны ерттеп, біраз желе-жортып, серуендеп келеді де, қайтадан жазуға отырады...

– Бәрекелде, – деп қалды осы кезде қандас бауырларымыздың бірі алға қарай ұмсына түсіп. – Қызық әңгіме екен!..

ххх

Сөз жоқ, осы ауылға аты берілген көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» романы халқымыздың басынан өткен алапат аштық жылдарындағы қасіретті, қайғылы кезеңнің шерін қозғайтын өте құнды шығарма. Ол туралы әлі де талай-талай әңгіме айтыла, жазыла берері анық. Әне, сол кезде оның жазылу тарихына қатысты біраз деректерді осы Сәкеңнің өзінен де алуға болатын секілді.

Иә, қилы-қилы замандарды бастан кешкен ел емеспіз бе. Ата-бабаларымыз ежелден-ақ ұрпағын: «Ырыс алды – ынтымақ» деп тәрбиеледі. Алматы облысы, Қарасай ауданы, Балғабек ауылында тұратын қарапайым ғана зейнеткер Сансызбай Әбдірайымовтың бойындағы бауырмалдық қасиет кім-кімге де жат емес. Тек соны күнделікті күйбің-күйбің тіршіліктің соңында жүріп ұмытып кете беретініміз болмаса.

Қанымыздағы, бойымыздағы, санамыздағы сол бір асыл сезімдерді аяққа таптап, мына өмірде мәңгілік жасай беретіндей дүние қызығына мастанып, байлықтың буына семіріп, өз қара басының пайдасынан басқаны ойламай жаға жыртысып, қан төгісіп жататын тобырды көргенде данышпан Абай:

Біріңді қазақ, бірің дос,

Көрмесең істің бәрі бос, – деп толғанбап па еді.

Түптеп келгенде, жеке адамның қуанышы, бақыты бір төбе, жалпы, қоғам бақытты болуы үшін, ең алдымен, елдегі азаматтардың бір-біріне деген көзқарасы, пейілі, ниеті түзу болуы керек емес пе. Міне, осы ретте, ата-бабалардан қалған жақсы дәстүр, сара жолды жалғастырушы Сәкең сияқты азаматтардың мінезі, өнегесі кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақ үшін үлкен мектеп болмай ма.

Нұрғали ОРАЗ,

«Ақиқат» журналының шолушысы

 

 

2489 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз