• Еркін ой мінбері
  • 22 Қыркүйек, 2021

ТАҚЫРЫПТАРЫ ӨЗЕКТІ ӘРІ АУҚЫМДЫ

Суретте солдан оңға қарай (бірінші қатарда): Батық Мәжитұлы, Шөмішбай Сариев, 
Талғат Кіршібаев; Екінші қатарда: Марат Мәжит, Айжан Үкібаева, Нұрбибі Қыдырова, 
Айгүл Мақатаева, Ахат Жақсыбаев (бас редактор).

Марат МӘЖИТ,
«Ақиқат» журналының 1991-2006 жылдардағы жауапты хатшысы, 
Бас редактордың орынбасары, жазушы, журналист 

– Марат аға, тәуелсіздік алған тұста «Ақиқат» журналы жаңа бағытын қалай тапты? Мерейтой тұсындағы әңгімемізді осы сұрақтан бастасақ.

– Әбден орынды деп ойлаймын. Ең алдымен «Ақиқат» журналының барша қызметкерлерін, оқырмандарын 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Ал енді сауалыңызға келетін болсам, мен журналға 1991 жылдың қазан айында Жанболат Аупбаевтың орнына жауапты хатшы боп келдім. Бір айдан кейін орынбасарлықты да маған қосып берді. Бас редактор Камал Смайылов. Журналда белді-белді журналистер қызмет істеді. Негізінен саясат жағына көбірек көңіл бөлінді. Журналды сақтап қалу ісінде Кәмекеңнің беделі мен абыройы биіктен көрінгені көпшілікке аян. «Ақиқат» деген атты ұсынған да Кәмекең.

Сол бір аласапырандау кезде басылым өз оқырмандарынан қол үзген емес. Таралымы да біршама, 12-15 мыңдай болды. Телефон арқылы болсын, хат арқылы болсын оқырман қауым редакциямен хабарласып, өздерінің ойын, ұсыныс-пікірлерін жолдап, қолдап-қолпаштап отырды. Бірен-сараны партиялық басылым «Қазақстан коммунисін» ең болмаса келесі жылға дейін өзгертпеу керек еді дегендей лебіз білдірді. Енді бір оқырман «Журналды «Ақиқат» емес, «Хақиқат» деп атау керек еді, құранда «Хақиқат» қой, қызыл империя омақасты, енді кімнен қорқамыз» деп хат жолдапты. Енді бір оқырман: «Ақиқатты дөп басып, айта алмай, «Ақиқат» атауына кір келтіріп алмасаңдар жарар еді» деп жазыпты.

Кәмекең редакцияға Талас Омарбеков, Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай, Нұрақым Райханды шақырды. Оларға жарты айлық және қаламақы төледі. Журналдың тақырып ауқымы кеңейді, әсіресе, Талас Омарбеков өзінің қарымды қаламгер әрі терең тарихшы екенін көрсетті. Оның журналистік шеберлігі де бізді тәнті қылды. «Ақиқат» бақытты да, нәсіпті журнал. Олай дейтінім, бұл басылымға айдарынан жел ескен қаламгерлер, аса зерделі қоғам қайраткерлері, есімін күллі Қазақстан жатқа білетін азаматтар басшылық етті. Атап айтсақ, Камал Смайылов, Сарбас Ақтаев, Жұмабек Кенжалин, Ахат Жақсыбаев, Нұрмахан Оразбек, Темірхан Медетбек – осындай әйгілі бас редакторларға он бес жылдай орынбасар боп қоян-қолтық жұмыс істедім. Олар атақ-абыройымен де журналдың өрісін кеңейтті. Сарбас Ақтаев жоғарғы органдарға барып, айлықты, қаламақыны көбейтіп, бас редактордың орынбасары деген штат алып, оған мені, ал жауапты хатшылыққа Мұрат Күлімбетовты тағайындады. Мен қызметтес болған алты бас редактордың ішіндегі ең демократияшылы да осы Сарбас аға деп есептеймін. Не нәрсені де безбендеп көзбен өлшей білу, қызметкерге жөн-жосықсыз шаптықпау, ашуды ақылға жеңдіре білу, ең бастысы, қарауындағы қызметкерді бөле-жармау, олардың дайындаған материалына пысқырынып карамау - осы бір азаматтың бойына біткен асыл қасиетінің бірі екені айқын көрініп тұратын.

– Тәуелсіздікті жаңа алған тұста басылымда алғаш көтерілген өткір тақырыптар қандай?

– 1990 жылдары еліміздегі бас саяси-қоғамдық журнал «Ақиқат» болғанына ешкім де шүбә келтірмейді. «Бұл саясатты ғана насихаттайтын журнал емес, қоғамымыздағы болып жатқан сан құбылыстарды – оңын оң, терісін теріс деп жазатын басылым» деген Нұрмахан Оразбектің пікірі аса құнды. Өйткені алғашқы «Қызыл Қазақстаннан» бері бұл басылым талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтті. Бірақ маңдайы тасқа тиіп, табанына шөңге кірмеді, халықтың жоғын жоқтап, мұң-мұқтажына үн қосты, бас редакторлық орынтақта елім, жерім дейтін азаматтар отырды.

Журнал өзінің біраз бетін экономикаға арнап, бедел үстіне бедел жинағаны мәлім. Кәмекеңнен басталған бұл үрдіс әлі жалғасын тауып келеді.

Мен бұл журналдың тұрақты оқырманы әрі жанашырымын. Оның өміршеңдігіне қуанып, сәл белі босаса күйініп қалатындардың бірімін. Сондықтан басылымның бүгінгі серпілісіне, сергектігіне іштей риза кейіптемін. Қазір журналдың көлемі ұлғайды, тек сол көлемге сай материалдар жарияланса, нұр үстіне нұр. Редакцияда басылымның бағытын, стилін, тынысын, қай беттің қай рухта сөйлейтінін сезінетін қызметкерлер болуы заңдылық. Бұл күнде тақырыптан жұтаңшылық жоқ. Бірақ тақырып аясын біліп жазу журналистік шеберлікті кажет ететіні белгілі. Материалға айдар қою да ізденісті талап етеді. Меніңше, діни секторлардың жұмысын шынайы көрсететін тұрақты бөлім болуы қажет. Бұл журналдың әр санында көрініп отырса, сонан соң білім мен ғылымды да тұрақты түрде жазу, «Кеңес мінбері» айдарын ашып, редакциялық кеңес мүшелерін сөйлетіп отырса артық болмас еді.Ұлттық ой-сананы қозғайтын, мемлекеттік тіл мәртебесін барынша ұлықтайтын материалдар, қазақша білетін өзге ұлыс жастарын редакцияға тарту сияқты жұмыстар жүргізілсе деймін.

«Ақиқат» өзінің 100 жылдық мерейтойына салтанатпен салиқалы күйде келіп отыр деп айтуға толық негіз бар. Тақырыптары ауқымды әрі өзекті, заман үнімен қанаттасып, үндесіп, кірігіп кеткені көрініп тұр. Кейбір басылымдар жалаң ұранға, уақыттың алдын орауға ұмтылып жатса, бұл басылым өзінің әу бастағы іргетасын шайқалтпай, орайлы сәттердің ұрымтал тұсын дөп басып, оқырман қауымның көңілінен шығуға талаптануда деп білемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Асыл МҰРАТ

 

2818 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз