• Еркін ой мінбері
  • 30 Қараша, 2021

ТЕГЕУРІНДІ ТИМУР

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

журналист

Қазақ спортының шежіресінде есімдері алтын әріппен жазылған қайраткер тұлғаларды, олардың өнегелі қырларын, жүріп өткен жолдарын, отандық спорт саласына сіңірген еңбектерін қалың оқырманға таныстырып отыру мақсатында журналымыздың осы санынан бастап «Ақтаңгер алыптар» атты жаңа айдар ашып отырмыз. Тұрақты айдарды белгілі спорт журналисі, ақтаңгер алыптардың көзін көрген, сырлас-сұхбаттас болған, салиқалы әңгімелерін естіген, көңілге түйіп, өздеріңізбен бөлісуді жөн көрген Ақын Ордабайұлы жүргізеді. Айта кетейік, жуырда Ақын Ордабайұлының «Ізгілікпен өрілген өмір» атты кітабы көпшілікке жол тартты. Бұл еңбекте де қазақ спортының даму жолы баяндалған. Ендігі сөз авторда...

 Үлкен спортта төрткүл дүние көз тігіп тамашалайтын спорт бұл, әрине, футбол екенін баршаңыз жақсы білерсіздер деп ойлаймын. Бала кезімізден Пеле, Гаринчо, Зико деген аттарды естіп, көрмесек те соларға ұқсасақ деп, көше бойында доп қуалап өстік. Футболды ағылшындар ойлап тапқанымен оны әлемге үлкен өнер ретінде таныта білген аяқ добының шебері Пеленің отаны – Бразилия екені ақиқат. Футболды жақсы көріп оған деген махаббатымыздың оянуы балдаурен балалық кезден бастау алған еді. Менімше, футболды жақсы көрмеу мүмкін емес сияқты. Ауылда күн еңкейе бере көшенің шаңын көкке көтеріп, доп қуаламаған бала жоқ шығар. Солардың бірі мен едім. Әлі есімде, футболдан өткен әлем чемпионатын тамашалау үшін ауылдан алшақ 5-10 шақырым жерде жатқан қойшылардың үйіне барып, тартысты өткен ойындарды көгілдер экраннан тамашалағанымыз бар. Сонда теледидар жөнді көрсетпей, бір жігіт шатырдың үстіне шығып антеннаны айналдырып тұрса, біріміз төменнен дауыстап, әйтеуір көріп қайтқан едік. Сонда бізді соншама шақырым жерге алып барған футболға деген құштарлық болатын.

Иә, сол кезде әр ауылда өздерінің ен тағып қойған өз Пелесінің болуы да заңдылық. Біздің ауылдың Пелесі – Майлыбек есімді жігіт. Оның допты ұршықша иіруі, түрлі финттер жасауы, гол соққан жойқын соққылары бір сәт көз алдымызға кәдуілгі Пелені елестетіп жіберетіндей. Содан болса керек, ел арасында осындай құрметті атқа ие болды. «Қасқа биеден қасқа тумаса да, төбел туады» демекші, Майлыбектің бел баласы Бейсақан да әкесі сияқты аяқ добының шебері болып өсті. Дегенмен де, таланттардың көбісі тиісті қолдау мен көмектің жоқтығынан тасада қалып қоятыны белгілі. Бейсақ ініміз де ауыл, аудан көлемінен аса алмай, елде тұрақтап қалды. Кейін, тіпті, допты тастаған екен. Әрине, бала-шаға өрбіген соң, жанұялық мәселе басты болып қала берері хақ.

Мұның бәрін жіпке тізгендей айтып отырғаным, сол замандағы біздің буынның аладоп өнеріне қатты қызыққанымызды көрсету еді. Тақырыбымыздың әрі қарай өрбітетін болсақ, Қазақстан футболы елімізде нөмірі бірінші спорт түрінің даму қарқыны сонау 50-70 жылдары басталғанын білеміз. Ал, қазақ жерінде барша жанкүйерлердің осы бір ғажап спорт түріне деген құмарлығы Тимур Сегізбаев арқылы сүйіспеншілігі арта түсті десек, қателеспеспіз. Әрине, әр баланың әр спорттың түрінде өздері пір тұтатын спортшысы болары хақ. Футболда Тимур сияқты саңлақ ойыншыға еліктемеген бозбала кемде-кем. Сол жылдары қазақ елінде жаңа туылған баланың атын Тимур деп қою көптеп кездеседі. Тимур Санжарұлы туралы түрлі аңыздарды естуші едік. Соның бірі – оң аяғына мықтылығы соншалықты, қарсыласқа сес болсын деп шүберек байлап қояды екен. Сол кезде аты әйгілі футбол жұлдызын көзімізбен көрмесек те газет, журналдан оқып, суретін қиып алып альбомға да жапсырғанымыз шындық. Қысқасы, Тимурға қатысты айтылған аңыздардың бір анығы бар еді. Ол футболдан қазақ жастары арасынан шыққан алғашқы КСРО спорт шебері атанып, «Қайрат» командасында тамаша ойын өрнегімен миллиондаған жанкүйерлерін тәнті еткен атақты футболшы болғанын барша жұрт жақсы біледі. Қазақстан футболының тарихы туралы сөз қозғағанда міндетті түрде «Қайрат» командасын тілге тиек етеріміз хақ. Сонымен қатар, «Қайрат» командасы мен Қазақстан футболының баламасы ретінде аты әйгілі аяқ доп шебері Тимур Сегізбаев ағамызды міндетті түрде еске аламыз. «Қайрат» командасының құрамында сонау 1960 жылы алғаш рет алаңға шыққаннан бастап,Тимур Санжарұлының өмірі үлкен өзгерістен басталады. Алдымен осы жылы Қазақстан футбол тарихында тұңғыш рет «Қайрат» командасы КСРО чемпионатына қатысу мәртебесіне ие болады. Сол жылы Минскіде «Беларусь» командасына қарсы шыққан ойында,19 жасар Тимур қарсылас командаға екі бірдей гол салады. Ал, 1964 жылы Алматыда Мәскеудің «Спартагына» қарсы өткізген кескілескен кездесуде Тимур Санжарұлы тарихи жетістігіне жетеді. Сол жылдары «Спартак» командасын ұту былай тұрсын, тең ойнаудың өзі қарсыластарға мұң болған еді.

Міне, осындай аузын айға білеген алып командаға қарсы ойында жас талант Тимур тамаша ойын өрнегін көрсетіп, Қайрат командасының бұрынғы қақпашысы болған Владимир Лисицын қорғаған қақпаға қос гол салып көзге түседі. Ойын аяқталғанда, Кеңес Одағы футболының мэтрі, қайраткері Николай Старостин ойыншылардың киім ауыстыратын бөлмесіне келіп,Тимур Сегізбаевтың қолын алып, аса ризашылығын білдірген екен. Кеңестер Одағы аймағына кең таралған басылым «Известия» газетінің кезекті шығарылымында «Тимур и его команда» деген мақала жарық көріп, футбол сүйер қауым ғана емес, барша қазақстандықтардың мерейін бір көтеріп тастайды. Осы ойыннан кейін, Қазақстан футболына мұрын шүйіріп қарайтын ресейліктер «Қайрат» командасына, оның ішіндегі жарық жұлдыздай жарқ етіп шыққан, теңбіл доптың теңдессіз шебері Тимурға ерекше құрмет танытады. Сол дүбірлі ойыннан кейін Тимурға Мәскеудің танымал футбол функционерлері келіп сөз салып өз командасына шақырса керек.

«Өзге елдің сұлтаны болғанша, өз елімнің ұлтаны болғаным абзал» деген ұстаныммен атақты футболшы, туған жеріндегі миллиондаған жанкүйерлерін қиып тастап кету үлкен қателік деп есептеп, сүйікті командасында қалып қояды. Осындай қадамға баруы нағыз елін сүйетін патриоттың қолынан келетін жанға ғана тән іс. Мәскеудегі Қайрат командасы мен Тимур Санжарұлының тамаша жетістігінен кейін, елімізде футболға деген көзқарас ерекше жақсарып, дарынды футболшының ойынын көруге республиканың әр аймағынан жанкүйерлер ағыла бастайды. Алматыдағы орталық стадионның алды құмырсқаның илеуіндей қайнап жататынын көзбен көрген көнекөз жанкүйлерлер күні бүгінге дейін сағына айтады. Тіпті, ойын билеттері бірнеше күн бұрын сатылып, стадионда ине шаншар жер болмай аншлаг болған екен. Сондай-ақ, ата-аналар сүйікті ойыншысына деген құрметпен балаларын футбол үйірмелеріне бере бастайды. Осылайша, Тимур ойнайтын «Қайрат» командасы нағыз халықтық командаға айналады. Ия, қазақ жастары арасынан Тимурдан кейін, ізін басып Құралбек Ордабаев, Сейілдә Байшақов секілді талантты ойыншылар елге белгілі болды. Ол ағаларымыздың да Қазақстан футболының дамуына қосқан үлестері зор болғаны ақиқат. Қаншама қаракөз жастарымыз Құралбек секілді қақпашы, Сейілдә секілді тамаша ойыншы болғысы келді десеңізші. Ал, Тимур Сегізбаев ол бір орны ерекше, тау басында жырақ өскен шынардай жеке тұлға десе келіспейтін жан жоқ шығар. Тимурдың анасы 14 құрсақ көтерген көпбалалы батыр ана болған. Семей қаласында дүниеге келген біртуар футболшы, бала кезінен жаратылысы ерекше, қабілеті зор өте зерек жан болып өседі. Алға қойған мақсатына табанды еңбегі мен Алла берген талантының арқасында жете білді.

Футболдағы мансабын белінен алған жарақатқа қатысты 29 жасында аяқтауға мәжбүр болған Тимур Санжарұлы бар саналы ғұмырын Қазақстандағы футболдың дамуына арнады. Әйгілі футбол шебері 1970 жылы соңғы рет алаңға өзінің қоштасу ойынында Бакудың «Невтичи» командасына қарсы шығады. Сол кездесуден кейін, Тимур біржола футболмен қош айтысып, жиған тәжірибесін көп жылдар бойы бапкерлік қызметке арнайды. Қызылорданың «Автомобилист», Қарағандының «Шахтер» және Алматының «Қайрат» командаларын жаттықтырады. Бапкерлік қырынан да жақсы жағынан көрініп, тәжірбиелі футбол маманы командаларды әжептеуір жетістіктерге жеткізеді. Ал, Тимур Санжарұлының бапкерлік қызметіндегі қомақты нәтижесі ол КСРО чемпионатында өзі дайындаған «Қайрат» командасының турнир кестесінде 7 орынға көтерілуі еді. Бұл Қазақстан футболы үшін тарихи шыққан белестің бірі болғанын жақсы білеміз. Бұл көрсеткіш «Қайрат» командасы ғана емес, қазақ футболының сол жылдардағы бағындырған асқаралы биігі еді. Сонымен қатар Тимур атамыздың тағы бір айта кетер еңбегі, аты әйгілі ойыншы, Қазанның, «Рубин», командасын Ресей супер лигасында жеңіске жеткізген білікті бапкер Құрбан Бердыевты кезінде Ашхабадта жүрген жерінен елге алып келіп, «Қайрат» командасының жейдесін киюіне зор ықпал жасаған екен. Содан, Құрбан Бердыев «Қайрат» командасында да екі жылдай тамаша ойын көрсетеді. Негізінде сондай атақты бапкердің жарқын болашағы «Қайрат» командасынан бастау алады десе дұрыс болар. Бірде, ұмытпасам 2005 жылдары ғой деймін, Қазақстан футболының 60 жылдардағы жарық жұлдыздарының бірі, Кеңес Одағы құрамасының сапында аты әйгілі Маракано стадионында Бразилияның олимпиадалық құрамасының қақпасына жеңіс голын соққан футбол ардагері Сергей Квочкинмен кездесіп, сөз арасында Тимур ағамыз туралы сұраған едім. Ол кезде Сергей Прокопьевич Квочкин Алматы қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде футболдан жаттықтырушы болып қызмет етіп жүрген болатын. Қашан да күліп жүретін жүзі жылы жан Тимур Сегізбаевтың қандай ғаламат футболшы екенін мақтанышпен майын тамыза айтып берген еді. Тимурдың ала допты алдына салып алып, қарсыластарынан түлкі  бұлаңмен айналып өтіп барып, қақпаға қатырып соққан голдарын көзімен көрген көнекөз футболшы, ондай футболшы ғасырда бір туады – деп ойын айтқан болатын. Расымен де, кейінгі жылдардағы футболдың бағыт-бағдарын қарай отырып, Тимур ағамыздай командаға жан бітіріп, команда мен ұлттық құраманы сүйреп алға шығатын мүйізі қарағайдай аты елден ерек, серке жанның жетіспей жатқандығын көріп келеміз.

Егер де 60-70 жылдары Тимур ағамыз, футболы дамыған  Еуропа  елдерінде шақырту алып, доп тепкен жағдай болса, онда аты әлемге жайылмақ па еді – деген арман да ой түбінен қылаң береді. Біз, адамның қаншалықты қадірлі, құрметті екеніне тірі кезінде пәлендей  көңіл  аудармай жүре береміз. Тек, бақилық дүниеге өтіп кеткенде ғана, қабырғамыз қайысып еске алып жатамыз. Мүмкін, бұл пендешілік болар. Табиғатынан зиялылығы мен парасаттылығы ерекше көрініп тұратын жанды халықтың жақсы көрмеуі мүмкін емес еді.Тимур Санжарұлы қайтыс болар алдындағы жылдары қатты ауырып, төсек тартып, көп жатып қалған еді. Мен ол кісімен соңғы рет ҚазҰАУ университетінің футбол алаңында өткен бір шарада кездесіп, біраз әңгімелескен едім. Атақты футбол ардагерімен өткізген сол кездесуде далада нөсерлеп жауын жауып, ауа-райы біршама суытып кеткен еді. Сол күні ауа-райының қолайсыздығы мен Тимур ағамыздың денсаулығының нашарлап тұрғандығына байланысты біз сұхбатты кейінге шегерген едік. Қу тірліктің қамымен шапқылап кетіп, әйгілі футболшымен кездесе алмай қалдым. Өз аузынан көп нәрсені сұрап білгім келген еді. Кейін, бір хабарласқанымда ауырып жатқанын естіп білдім. Өкінішке орай, көп ұзамай ұлы футболшы, миллиондаған халықты тамаша ойынымен тәнті еткен, ұлы футбол ардагері мәңгілікке көз жұмды. Семейде кіндік қаны тамып дүниеге келген әйгілі аяқ добының шебері Алматыда бақилық дүниеге аттанып кете барды. Ия, елімізде ол кісінің атында футболдан жасөспірімдер арасында халықаралық жарыс өтеді. Аты аңызға айналған футболшының есімі жасөпірімдер «Қайрат» футбол клубы академиясына берілді. «Бақыт барын салып еңбектенгенге бұйырады» – деген екен И.Гете. Бар ғұмырын өзі таңдап алған сүйікті спортына беріп, бар күш-жігерін спортқа сарп етіп өз биігіне шыға білген футбол ардагері бақытты жанның бірі болды деп айта аламыз. Себебі, еңбегінің өнбегін көре білді.

Төккен тер, қылған еңбегің ел игілігіне жарап жатса одан асқан не бар. Дегенмен де, еліміздегі футболдың дамуына өлшеусіз үлесін қосып кеткен айтулы тұлғаның атында көркем фильм түсіріліп, көше беріліп, жеке ескерткіш орнатылса да артық болмас еді. Мысалы, көрші ресейліктер өздерінің атақты қақпашысы Лев Яшин туралы қандай тарихи деректі көркем фиьмді түсіріп, жарыққа шығарды. Тимур Санжарұлы туралы көркем фильм неге түсірілмеске. Тимур да Яшин секілді ұлтымыздың мақтанышы емес пе. Олай болса, мұны ұлтжанды атымтай жомарттарға құлақ қағыс деп айтамыз.  Өйткені, «жақсының өзі өлсе де қалдырған ізі өлмейді» демекші, келер ұрпақ ұлы футболшының есімін ұмытпай, үлгі етіп айтып жүруге міндетті деп ойлаймын.

1343 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз