• Еркін ой мінбері
  • 30 Қараша, 2021

ОДАҚТАС ПЕН ҚАНДАС: АҚИҚАТТАР МЕН АМАЛДАР

(орыс-түрік қатынастары хақында)

 Ердоғанның 2003 жылы Түркия президенті болып сайлануын бүгінде сарапшылар жалғыз Түркия ғана емес, тұтастай Еуразия кеңістігіндегі саяси ахуалға тікелей әсер еткен оқиға деп баға беріп жүр.

 Түркияның жаңа президенті осыдан 2 жыл бұрын Стамбұлдағы атақты византиялық Әулие София шіркеуін мешітке айналдырды. Ондай тәуекелге тіпті Константинопольды басып алған екінші Мехметтің өзі де бара алмаған.

Ал бұл оқиға нені білдіретін еді?

Османлы елінің соңғы кездегі саяси-экономикалық тұрғыдағы доминациялық бағдары мен дамуын әлем көріп, біліп отыр. Жоғарыдағы әлем жұртшылығын толғандырып отырған сауалға жауап алу үшін Ердоғанның 2016 жылы әлеуметтік тораптағы жазбасын алға тарту жетіп жатпақ деп ойлаймыз.

Онда Түркия президенті: «Біздің еліміздегі 79 миллион тұрғыннан басқа да миллиондаған қандастарымыз бар... Сондай-ақ Ирак, Сирия, Ливия, украиндық Қырым, Қарабах, Әзербайжан, Балқан ұстанып отырған саясат біздің мүддемізге сәйкеседі. Көптеген тарихшылар Кипр, Алеппо, Мосул, Батуми, Салоники, Варна бізге тиесілі деп есептейді» деп жазған болатын. Түрік ақпарат құралдары планетадағы түрік тұқымдас қауымның жарты миллионға жақындағанын да бұрқыратып жазып жатады. КСРО-ның ыдырауымен әлемдегі тәуелсіз түрік мемлекеттерінің саны алтыға жеткенін де ұмытпайды. Ал сонда қазіргі алмағайып заманда Түркияның қанша одақтасы бар екен? Ердоған көпвекторлы саясат ұстанып отырған президент. Іс жүзінде қазіргі Түркия заманауи технологияларды Батыстан, арзан электр қуатын Ресей мен ислам елдерінен, қаржылай несиені Қытайдан алады. НАТО-ның мүшесі есебінде қорғанысы да сенімді. Іс жүзінде осы аталған мемлекеттер мен саяси бірлестіктер Түркияның белгілі бір деңгейдегі одақтасы саналатыны да өтірік емес.

Ресми тұрғыда НАТО-ның мүшесі болғанымен, Түркияның әскери әріптестікте тек Батысқа ғана бет бұрмайтыны байқалып отыр. Мәселен, 2019 жылы Ердоған американдықтардың алаңдауын ескермей, Ресейден С–400 зымыранға қарсы қондырғысын алды. Әлбетте, ол АҚШ-қа жақпайтын қылық.

– Американдықтар бізге Патриот зымыранын сатса орыстардан алмас едік, – деп мәлімдеген Ердоған. Ресей мен АҚШ-тың тарихи текетіресін айтпаса да білеміз. Ал Ресейдің өзі Қазақстанның ОДКБ-дағы бас-ты одақтасы. Сондықтан Қазақстан үшін орыс-түрік қатынастарының маңызы ерекше зор дер едік. Алдыңғы жылы елші Андрей Карповтың өлімі мен Сириядағы ахуал үшін екі ел арасындағы қарым-қатынастың қатты ушыққанын да білеміз. Ал 2015 жылы күзде Түркия Сирия аспанында Ресей ұшағын атып түсірді. Әлбетте мұндай оқиғалардың жаңғырықсыз қалмауы да заңды. Арада біраз дипломатиялық текетірес болған.

Обалы қанша, қазір Ресей мен Түркия арасындағы қатынас біршама реттелді. Бірі – одақтас, екіншісі – қандас екі ел арасындағы ықтимал араздықты басуға Қазақстан Пре-зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен еңбек сіңіргені де өтірік емес.

Сөйтіп Еуразия кеңістігіндегі бір саяси қақтығыстың алды алынғанына шүкір дейміз. Себебі, орыс пен түрік арасындағы саяси даудың, тіпті ықтимал жағдайда әскери қақтығыстың қазаққа да әсер етпей қалмауы заңды. Ал енді Қазақстанның әлемдік саясаттағы жағдайына, тіпті болашағына ықпалы үлкен болуы мүмкін осы екі ел ара-сындағы қарым-қатынас қандай дегенге келейік. Алдымен біршама жақсы да, жағымды жақтарына тоқталайық. 2016 жылы Түркияда мемлекеттік төңкеріс әрекеті жүзеге асылып, Ердоған ғайыптан аман қалды. Сол кезде Ресей Батыстың басқа елдеріндей емес, заңды билікті, яғни Ердоған режимін қолдады. Сол сол-ақ екен, Ердоған атып түсірілген Ресей ұшағы үшін кешірім сұрады. Ал Ресей жағы соның алдында салынған санкциясын алып тастады.

Елдестірмек те, жауластырмақ та елшіден, елші Карповтың өлімі тура сондай оқиға болған. Алайда Түркия бұл даудан ресми түрде басын алып қашып, орыс елшісінің өлімін Фетхулла Гюлен басқарған оппозицияға жапты. Ол аз десеңіз, Ресеймен арадағы дау-дамайды басу үшін Түркияның кейбір қалаларындағы нысандарды Карповтың атымен атай бастады.

Ресми Түркияның осы әрекетке қарама-қайшы бір ісін де айта кетуіміз керек. Марқұм елші Карпов есімі құрметке бөленген Анкарада, тіпті Ататүрік зиратына жақын жердегі алаңға Джоһар Дудаевтың есімі берілді. Сөз арасында айта кетуге тиістіміз, шешен-орыс қарым-қатынасы ушығып тұрған кезде Түркияның орыстарға қарсы жақты қолдағаны да өтірік емес.

Жасыратыны жоқ, қазіргі орыс-түрік саяси байланыстарына көлеңке түсіріп отырған шындықтар да баршылық. Өткен жылы Украина президенті Зеленскиймен кездескен кезінде Ердоғанның даулы Қырымды Украинаныкі деп айтып қалғаны да бар. Әлбетте, бұл орыс билігіне жақпайтын қылық.

 Орыс-түрік қарым-қатынастарына көлеңке түсіріп отырған ақпарат құралдарына  байланысты да бір гәпті айта кетуге тиістіміз. Түріктің белді мемлекеттік бір телеарнасы таяуда орыс редакциясын ашып, онда Ресейге қарсы насихат жүргізуді бастады. Әсіресе, соңғы деректерге қарағанда түріктер Ресейдегі сепаратизм мәселесіне қатты назар аударатынға ұқсайды.

Қазіргі әлемдік саясаттың назары Сирия мен Ауғанстанда. Бұл орайда да екі ел арасын жақындастырудың орнына алшақтататын оқиға аз емес. Қазір Түркия Ресейге жақтас тарапқа қарсылас топтарға қолдау көрсетуде. Ол аз десеңіз, орыс пен түріктің жанжалды Ливияға қатысты ұстанымдары да сәйкеспейді.

Реджеп Ердоған Түркия президенттігіне 2003 жылы сайланды. Кейбір тараптар бұл оқиғаны соңғы дәуірде кежегесі кейін кеткен Осман империясының жандануының басы санайды.

Шынтуайтына келсек, Ердоғанның батыл да тәуекелшіл әмірші екені белгілі. Демек, соңғы кезеңіндегі оның әрекеттері әлемде түркі үстемдігін, оның ішінде түркі мемлекеттерінің үстемдігін нығайтуға бағытталып отырғаны даусыз. Алайда түрік президентінің мұндай әрекеті ішінде Ресей де бар әлемдік қауымдастық мүшелеріне екібастан жақпайды. Қазіргі қандасымыздың саяси ұстанымы мен жағдайы осындай.

Өмірзақ МҰҚАЙ

2133 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз