• Еркін ой мінбері
  • 18 Желтоқсан, 2021

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ҰЛТЖАНДЫЛЫҚТЫ ОЯТУДЫҢ КІЛТІ

Елімізде әліпби ауыстыруға байланысты жүргізіліп отырған тіл реформасы заман талабынан туындап отыр.  ХХ ғасыр басында Ахмет Байтұрсынұлы жүргізген тіл реформасы сәтті болды. Ал ХХІ ғасыр басындағы әліпби өзгерту ісінің барысы қалай, қазақ тілінің табиғатын сақтай аламыз ба деген секілді маңызды сауалдар көпшілікті толғандыруы заңды. Жалпы тіл мәселесі ұлт мүддесінен өрбиді және мемлекеттік тілдің мәртебесі, оның қолданыс аясын кеңейту мәселелеріне тікелей қатысты. Осыған орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің егжей-тегжейі жөнінде А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, фило-логия ғылымдарының кандидаты Нұрсәуле Рсалиевамен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз. 

Нұрсәуле Мақсұтқызы, сіз ҚР үкіметі жанынан құрылған Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесісіз, осы үлкен жауапты істің басы-қасында жүрсіз. Латын жазуына көшуді қолдай қоймаған, қоғамда екіұдай пікір тудырып жүрген замандастарымызға, жалпы оқырман қауымға «Рухани жаңғыру»-дың мәні мен маңызын қалай түсіндіріп берген болар едіңіз? 

– Бүгінгі ғаламда таразының бір басында жаһандану тұрса, екінші басында рухани жаңғыру шаралары тұр. Оған тек Қазақстан емес, тілі мен мәдениетін сақтап қалғысы келетін басқа да мемлекеттер мұқтаждықпен келіп отыр. Алпауыт мемлекеттердің өзі «Linguistic protectionism», «linguistic purism», «linguistic nationalism» деген, яғни біздегі «Рухани жаңғыру» деген ұғымға саятын амал-шараларды қолға алып жатыр. Мәселен, НАТО-ның жұмыс тілі екеу-ақ, бірі – ағылшын, екіншісі – француз. Әлемде алты жұмыс тілі болса, ағылшын, испан, араб, француз, орыс, қытай тілдері, солардың ішінен іріктеліп екеуі ғана шығады. Сондай әлеуеті зор бола тұра француздар жарты әлемнің ағылшын тілінде жасап отырған компьютер терминдерін французша жасайды. Біз НАТО-ны НАТО дейміз, олар OTAN дейді. Бұл Еуропа емес пе, неге олай дегенде, өз саясаткерлері «Тек қана француздар өз мәдениетін сақтау үшін күреседі, себебі сақтап қалатын нәрсе тек қана француздарда бар» деп жауап береді. Расында, сақтап қалатын ешнәрсесі қалмаған, өзінің тілі де жоқ, мемлекетінің аты басқа, сөйлейтін тілі – ағылшын, испан, француз, неміс т.б. болып келетін елдер де бар, әрине, олар үшін «рухани жаңғыру» дегеннің не екенін ұғыну қиын болуы мүмкін. Қазір испан тілінде сөйлейтін Аргентина мен Мексиканың, португал тілінде сөйлейтін Бразилияның өз ата-бабасы сөйлеген ана тілі болмады ма? Әрине, болды, бірақ олар – әлдеқашан өзгелерге жұтылып, жоқ болған тілдер мен мәдениеттер. Әлі де шала-жансар күй кешіп,«қара тізімге» ілігер сәтіне жылжып келе жатқан тілдер мен мәдениеттер қаншама?

Бізге үлгі саналатын дамыған елдерде, мәселен Еуропада тіл мәселесі бар ма?

– Иә, бізге сырты бүтін көрінгенмен, Еуропада, басқаны айтпай-ақ қойғанда, ең демократияның үлгісі саналатын Ұлыбританияның өзіндегі тіл мәселесі өте күрделі. 2013 ж. осы елде конференцияда болған кезімде Лондоннан Уэлстегі Бангор университетіне пойызбен бардым. Біздегідей жататын орын жоқ, пойыздарында тек қана 4 адамдық отыратын орын болады екен. Я оқып отырасың, я болмаса сөйлесіп отырасың. Маған қарама-қарсы отырған қыз бала планшеттен оқып отырды. Сол жағымда бір-біріне қарама-қарсы отырған екі үлкен кісі сөйлесіп отырды. Бірақ мен бір сөзін де түсінген жоқпын. Кішкене кідірісті пайдаланып, «Кешіріңіздер, сіздер қай тілде сөйлесіп отырсыздар?» деп сұрадым. Олар менің әңгімеге араласқанымды қолдай кетіп, «уелс тілінде сөйлеп отырмыз» деп жауап берді. Жөн сұраса келе, «Қазақстан Уэлспен футбол ойнаған, бірақ жеңіліп қалды» деп менің елімді білетіндерін айтты. Жеңіліп қалса да, білгендеріңе шүкір деп отырдым ішімнен. Сол кезде сондай бір қызық уақыт болды ғой. «Борат!» деп жерден жеті қоян тапқандай қарайды екен. Айтайын дегенім, сол ерлі-зайыптылар зейнетке шыққан педагогтар екен, тіл туралы проблемаларын айтқанда, жаның ашиды. «Жастар уелс тілін білгісі де келмейді, оларға тек ағылшын тілін білсе болды. Көз алдымызда ана тіліміз өліп бара жатыр» деп мұңын шақты. Тіл мәселесі бұл жақта да бар екен ғой деп ойладым. Бірақ сол сапарымда тілді сақтау туралы ғалымдардың айтқандарын бұл елдің бұлжытпай орындайтынына, соның нәтижесінде біршама оң нәтижеге қол жеткізіп жатқанына көзім жетті. Ағылшыншасы Working Welsh деп аталатын компаниясы бар, уелс тілінде сөйлейтіндерді ынталандырады. Уелс тілінде сөйлейтіндері арнайы төсбелгі тағып ерекшеленіп жүреді. Осыдан 20-30 жыл бұрын құрдымға кеткен тілдің қазір сөйлейтіндер саны 30 пайызға жетіп қалды. Тіпті лифтіні – жеделсатыны да ағылшынша және уелсше сөйлетіп қойған. Бүкіл ақпарат көзге де, құлаққа да екі тілде келіп тұр. 2014 ж. профессор Қ. Рысбергенмен бірге Шотландияда өткен ICOS 2014, International Congress of Onomastic Science деп аталатын конгресте ғалам ономастарына қазақ ономастикасы ғылымын таныстырғанбыз. Сол кезде де Шотландияның өз мәдениетін, тілін сақтау мәселесіменҰлыбританиядан бөліну жөнінде өткізіп жатқан референдумына куә болдық. Аз ғана дауыс жетпей, халқының 55 пайызы қарсы дауыс беріп, бөлінбей қалды. Ұлтты сақтау керек екендігін насихаттап, жастардың рухын көтеретін шаралардың өтіп жатқанын көрдік. Ондай үндеулер біздің конгресіміздің барысында да естіліп жатты. Біздің пікірімізді де сұрады, «тіл мен мәдениетті сақтау үшін қолдан келген шараның бәрін жасау керек» дегенді айттық. Міне, мұндай мысалдар іздегенге молынан кезігеді.

Бүгінгі әлемде бірінші тіл саналатын ағылшын тілінің өзінде де сөздерінің жазылуы бір басқа, айтылуы бір басқа болуы емле-ережесінің мәселесі өзекті екенін білдіріп тұрған жоқ па?

– Дұрыс айтасыз, Дина. Бүгінгі ғаламдағы нөмірі бірінші Лингвафранка, яғни халықаралық қатынас құралы саналатын ағылшын тілінің өзі де жазу реформасын жасағысы келеді, бірақ сан ғасырлық жазба мұраны айтпағанның өзінде бір сөздің әртүрлі стандарттар мен диалектілерде бірдей дыбысталу нұсқасы сақталмағандықтан, оларда дыбыстық-әріптік сәйкестікпен жазу жасап, емлені жеңілдетіп алу мүмкіндігі қалмай отыр.

Ал біздің бүгінгі жағдайымызда, латын жазуына көшу тіл мен мәдениетті сақтап қалудың бірден-бір жолы бола ала ма?

– Әрине, «Рухани жаңғыру» аясында нақты қадамдар жасалу керек. Бірінші қадам жазу реформасы болуы тиіс. Өз азаттығы өз қолына тиген кез келген елдің бірінші кезекте өз әліпбиін қолға алатыны – адамзат тарихында бар тәжірибе. Бұл одан әрі дербес ел болып қалыптасып кету үшін керек. Осындайда елін өрге сүйрейтін ұлт көсемдері керек. Жан дүниесі кемел, ел-жұртының мүддесі мал-мүлкінің мүддесінен биік келетін ерлер халқын соңынан ертеді.

Жазу реформасынан не күтеміз?

– Егер ағылшын тіліндегі әдебиет көздерінен «жазу реформасы» деген терминнің анықтамасын қарасақ, рurification, simplification деген екі ұғымның төңірегінде түсіндірме беріледі. Рurification – жат құбылыстардан тазалау, simplification – қарапайым ету, жеңілдету деген мағыналарды білдіреді. Біз де жазуымызды қолдан келгенше жат құбылыстардан тазартамыз, жеңілдетеміз.Біздің тазалайтын жағымыз орыс тілінен енген басы артық әріптерді мүмкіндігінше әліпби құрамынан шығарып, сол өзгеріске қатысты емле-ережелерімізді қайта түзіп, орыс және ағылшын тілдерінің әсерінен әдеби норманың бұзылуын қалпына келтіру болмақ. Орыс тілінде тұрған нәрсенің барлығын өзіміздікі деп көретін түсініктен арылуымыз керек. Ал жеңілдететініміз не нәрсе? Көп тілдермен салыстыра қарағанда бүгінгі қолданыстағы жазуымыз жеңіл көрінгенмен, бізде екі тілдің орфографиялық нормасы қатар жүріп жатыр. Орыс тілінен алынған сөздер сол қалпында орыс тілінің нормасымен жазылады, мысалы, компьютер деп жазу үшін осындағы «жіңішкелік белгісі м-дан кейін тұра ма, п-дан кейін тұра ма, т-дан кейін тұра ма, қай жерінде тұрушы еді» деп ойланып отырамыз. Кәнсерт деп айтсақ та, концерт деп жаттап алып жазуымыз керек. Комиссия деп жазсақ, о ма, а ма, неше м, неше с келеді деп алаңдап отырамыз. Тілі қазақша шығып, оқып, жазып келе жатқан балаға артық жүк салып қоямыз. Міне, жазу реформасы арқылы осы жүктің салмағын жеңілдетуіміз керек.

Нұрсәуле Мақсұтқызы, жетілдірілген әліпби құрамы неге 31 әріптен тұрады, неге кейбір қазақтыкі емес әріптер әліпби құрамында сақталып қалды? Оқырмандарымызға осы сұрақтың басын ашып берсеңіз.

– Расында, осы сұрақ әрдайым алдымыздан шығады. Әліпби құрамында қазақтыкі емес әріптерден в мен ф сақталып қалды. Біріншіден, бұл в, ф әріптерінің бүгінгі қазақ тілінде кездесу жиілігіне байланысты, бұлардың кездесу жиілігі тым жоғары. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты шығарған қазақ графемаларының практикалық қолданыста кездесу және жанасу жиілігін анықтаған статистикалық талдауда ф – 33 орында, в – 34 орында көрсетілген. Басқа кірме әріптер 42-ші орынға дейін осы екі әріптен кейін тіркеледі. Еңбек – 2018 ж. шыққан жаңа зерттеу, авторларын атап кетейін: А. Жұбанов, А.Жаңабекова, Д. Тоқмырзаев. Екіншіден, өзге алынып тасталып жатқан әріптердің орнын басқа амалдармен қазақшалау аса қиындық келтіре қоймады деуге болады. Мысалы, бар-жоғы ащы, тұщы, кеще деген үш сөзде кездесетін щ-ны екі ш-мен берсек, жоғалтатын ештеңеміз жоқ, я иа-мен, ю иу-мен беріле қояды, цс-мен алмастырылады: семент, сирк болады. Эе-мен, ағылшын тіліндегідей електр, елемент болады, Ч ш-мен шамадан, шабадан немесе шемадан болса, бір нұсқасы әдеби норма ретінде тұрақтайды. ь, ъ алынып тасталады. Ал ё әрпімен келетін қазақ тілінде мүлдем сөз жоқ, сөздіктерімізде тіпті әріптің асты бос тұрады. Аса қажеттілік жағдайында оны да ио-мен беруге болады. Бір қызығы, бұл әріп орыс бауырларымыздың өздеріне де аса қажет болып отырған жоқ. 2004 ж. орыс тілінің Үлкен академиялық сөздігі жарық көрген кезде өздері де ё әрпіне арнайы орын бермеді. Ёжик, ёлка деген сияқты санаулы сөздерін е әрпінің астына тіркеді.  

Латыннегізді жаңа әліпбиден кеткен ё, ц, ч, щ, ь, ъ, э, ю, я – 9 әріптің жай-күйінен біршама хабардар болып қалдық. Ал в, ф әріптерінің орнын осы іспетті харекеттермен алмастыруға болмады ма?

– Бұл екі әріптің орнын басқа амалдармен толықтай жабу мүмкіндігі болмай тұр. Мысалы, бір жерлерде в-ны қазақшалап, Европаны – Еуропа, автоны – ауто, вебинарды– уебинар деп қолдануға болатын болса, бұл құлаққа да жағымды және ағылшын тілінің, яғни донор тілдің өзіне де жақын, тез танылады. Бірақ ванна, вокзал, вагон, волейбол, валюта, пингвин,  трамвай, аквариум, т.б. сөздер тым көп, бұларды тілге икемдеудің әлі оңтайлы шешімі табыла қоймай отыр. Аты-жөнімізде де тұр -ов-ев/ -ова-ева болып, көбіміз алып тастай қоймадық, дегенмен, бұл уақытша қолданыс екені анық, біртіндеп ығысып, болашақ аты-жөнімізден өздігінен шығып қалуы тиіс. Есімдеріміздің құрамында ф әрпі де осылай жиі ұшырасып жатады: әл -Фарабиіміз бар – Параби дейміз бе, Пәрәби дейміз бе? Файзулла, Ғарифулла, Әлфия, Зульфия, Фарида, Фариза-ны не істейміз? Жүздеп  саналатын Фатималарымыз бар – олардың бәріне сендер бүгіннен бастап Бәтимасыңдар деп қалай айтамыз? Араб-парсыдан келген ф-мен келетін есімдер қазір діннің таралымына орай көбеймесе азайып жатқан жоқ. Терминдердегі орны өз алдына, кофенікөпе деп, кафенікәпе деп айта аламыз ба? Физиканы – пизика деуге де көнетін сияқтымыз. Бірақ осы «Қазақтыкі емес әріптерді әліпбиден түгел шығарып тастау керек» деген пікірді айтып жүрген әріптестеріміздің өзі де бүгінгі күні пәнетикә, пәнәлөгиа деп айтып отыра алмайтын сияқты.

Кирил жазуын қазақ тілі 80 жыл қолданды, ғасырға жуық уақыт, бірнеше ұрпақ алмасқан үлкен дәуір, бұл дәуір қазақ тарихының және тілінің беттерінде өз бедерін қалдырмай кетпейді. Басқа тілдерде де солай.

Бұл мәселенің де басын ашып алған сияқтымыз. Енді кирил жазуынан кетіп, жаңа әліпбиді қабылдап жатсақ, латын графикасы қазақ тілінің қолданыс аясын, немесе өрісін кеңейте ала ма? 

– Латын графикасы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте алады. Кирил графикасының өрісі барған сайын тарылып, латын графикасының өрісі кеңейіп барады. Оған көп дәлел іздеп жатудың өзі артық, латын графикасында жазылған мәтіндерде кирил әріптері танылмайды, ал керісінше, кирил графикасында орысша, қазақша жазылған мәтіндердің өн бойында латын графикасымен жазылған материалды плантациялау, яғни қондыру тәсілімен алып пайдалана береміз, танылады, оқылады. Қажет десеңіз, мәтінді сүйкімді көрсетеді. Сүйкімді көрсететіні сол, Алматы мен Нұр-Сұлтанның көшелерінде кирилше жазылған маңдайшалар да қалмай барады. Бұл – бір. Екіншіден, латын жазуы бізді үш әлеммен біріктіреді деп үміттеніп отырмыз. Қазақты қазаққа қосады, жер бетіне әртүрлі себеппен тарап кеткен 5 миллион қазақты рухани тұрғыдан біріктіреді, күнделікті елдің хабар-ошарын алып отырады, өз Отанына келіп білім алу мүмкіндіктері ашылады. Тек қана жазудың әркелкілігінен бір-бірінен алшақтап кеткен түркі жұртының арасын жуыстырады. Сондай-ақ әлемнің жетекші тілдеріне де жақындатады. Жақындатады дегеніміз, біздің жазуымызды әлемнің жетекші тілдері де оқи алатын болады деген сөз. Тек қана жетекші тілдерді тұтынатын халықтар емес, латын жазуында отырған ғалам жұртшылығы қазақ жазуын оқи алатын болады. Міне, осылай, орфографиялық жұмыс тобында әліпбиден орын берілген әріптер мен диакритикалық таңбаларды таңдау барысында біздікі бәрінен ерекше болсын деген ұстаным емес, керісінше, біздікі бәріне жақын болсын деген ұстаным басшылыққа алынды.

Нұрсәуле Мақсұтқызы, жазу реформасы әліпби ауыстырумен бітпейді, қазақ тілін орыс және ағылшын тілдерінің әсерінен орын алып жатқан бұрмалаушылықтардан тазарту керек дедіңіз. Бұл жөнінде қазір аз айтылып жатқан жоқ, БАҚ беттерінде өз мақалаларыңыз да ауық-ауық көрініп жатады. Бұған қатысты ойыңызды қорыта кетсеңіз.  

– Қарсы шара қолданылып жатпаған соң, үстем тілдердің әсері қазір қазақ тілінің бүкіл болмыс-бітімін емін-еркін бағындыра бастады. Басқа тұрмақ, тіл мамандары да ненің қазақтыкі, ненің басқаныкі екенін ажырата алмай барады. Мысалы, қазір қазақ тілінде сөйлейтіндер мен жазатындар «ойларымен бөлісті», «қызықты идеяларымен бөлісті», «пікірлерімен бөлісті» дейтін болды. Бөлісу етістігі осы уақытқа дейінгі әдеби норма бойынша тек қана «нені бөлісу?» деген сұраққа жауап беретін сабақты етістік болып келген. Қазір «немен?» деген сұраққа жауап беретін салт етістік болып алды, себебі аса мәртебелі орыс тілінде – «поделиться чем?». Еш жерде бұл қате деп танылып түзетіліп жатпаса, енді грамматиканы қайта жазамыз ба, не істейміз? Мұндай мысалды есепсіз келтіре беруге болады. 

Біз көп тіл білеміз, тағы көп тілдерді білуге құмартып тұрамыз. Жұрт бізді «ағылшынша акцентсіз сөйлейсіңдер, орысшаны орыстардан артық сөйлейсіңдер» деп мақтайды. Бірақ «түлкінің қызылы өзінің соры» дегендей, біз сол мақтауға мәз болып, өзімізге өзіміз риза болып жүргенде өз тіліміздің қайда кетіп бара жатқанын байқамай да қалыппыз. «Мен ойлаймын, үлкен рақмет, осы сәтпен пайдаланып, мамандармен тексерілген, ректормен бекітілген, а әрпіне аяқталған, ол кісіге хабарласыңыз» деген сияқты күнде сан мәрте айтып, естіп отырған сөз қолданысымыздың ешқайсысы қазақша емес. Осындай қате сөйлемдерді қазіргі тіл маманы немесе журналист те түзете алмауы мүмкін. Өйткені дұрысы осы сияқты көрінеді.

Тілдер тілдерді лексикасынан, фонетикасынан және грамматикасынан алады. Осылардың ішінде ең қауіптісі – грамматиканың қозғалғаны. Мысалы, ағылшын тілі шаңсорғыш іспетті өзінде жоқ сөзді өзгелерден сорып ала береді. Бірақ грамматикасы өзгеріп кетіп жатқан жоқ, сөздері орын-орнында нық тұрғанда тіл ешқайда кете алмайды. «Бәрін айт та бірін айт, сөздің тұрар жерін айт» деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. «Мен ойлаймын» деген тіркес қазақ тілінде сөйлемді бастамайды. «Я думаю», ‘I think’ деген алпауыт тілдердің сөз тәртібі, француз тілінде де солай, ‘Je pense’. Мұндай сөйлем қазақ тілінде осыдан 15 жылдай уақыт бұрын тіпті болмаған, қазір осылай қолданбайтын адам қалмай барады. «Менің ойымша...», «Меніңше...», «Мен осылай, осылай деп ойлаймын» деген грамматикалық норма бұзылған. Балалардың тілі де «Мен білмейм қайда», «Мен білем қандай қалам керек» дейтін қазақтыкі емес, орыс пен ағылшынның сөз тәртібінен құралған грамматикамен шығып келе жатыр. «Қайда екенін білмеймін», «Мен қандай қалам керек екенін білем» деп айтпайды.

Расында, қатты ойландыратын мәселе екен.

– Расында, солай. Енді шынайы ресми қолданыстан жазылып алынған мынадай сөйлемдерге қараңыз: «Стартаптар онлайн да, офлайн да ұйымдастырылып жатыр. Конкурсқа қатысушылар қандай критерийлермен бағаланады? Модератор компакт диск те, флешка да керек емес, камерасы бар ноутбугі болса болды дейді. Балақай, сен happy bonus ұтып алдың!» Мына жайымызбен «Неге қазақша сөйлемейсің?!» деп біреуге ренжімей-ақ, қазақша сөйлеп тұрып-ақ тілімізден айрылып бара жатқанымызға көз жеткіземіз. «Happy birthday to you!!!» деп құттықтамасақ, туған күн де қызықты өтпейтін болды.

Нұрсәуле Мақсұтқызы, жаңа Сіз уелс тілінің тәжірибесін айтқанда, бұл ел ғалымдардың кеңесіне құлақ түріп, тілдің деңгейін көтеріп отыр дедіңіз. Олардың ғалымдары тілді дамыту үшін қандай кеңес беріп отырғанын білсек бола ма?

Өте жақсы сұрақ екен. Есімі ғаламға танымал ғалымның бірі Дэйвид Кристалл «Жойылып кететін тілдердің алғашқы белгілері: өз тілінде бола тұра, үстем тілдердің сөздері мен сөз тіркестерін қолданып сөйлеу; соңғы белгілері: бұл тілде сөйлейтін ұрпақ қоғамда өз тілінде сөйлеуді ұят, намыс көретін халге жетеді» деп көрсетеді де, тілді сақтап қалудың да жолдарын ұсынады. Ең алдымен, тілде жазу жеңіл болу керек деген талап қояды. Екіншіден, қажетті ақпарат сол жеңіл жазумен дөңгелеп жүріп тұру керек дейді. Үшіншіден, арнайы жасақталған команда жұмыс істеу керек деген сияқты жолдарды айтады. Осында көрсетілген кеңестің екіншісі мен үшіншісі Уелсте жақсы жұмыс істеп жатқанына куә болдым. Алайда, жазу жеңіл болсын деген бірінші талабы әлі қолға алына қоймаған екен. Мүмкін оны ауызша тілді біршама тіктеп алғаннан соң бастар ма екен, оларға да жазу реформасы қажет. Жазуы латын графикасында болса да көз сүрінеді, оқылмайды. Қосар әріптер сөздің басында да, ортасында да, соңында да тұр, апостроф та көп. Уелс тілін білетіндер ауызша сөйлесуге келіссе де, қарым-қатынастың қандай да бір жазбаша формасынан тартынады екен.

Бізге латын әліпбиіне көшуге не кедергі, қандай қиындық бар? Оны еңсерудің жолы бар ма?

– Ахмет Байтұрсынұлы кезіндегі әрбір әріпті қалыпқа құйып шығару дейтін қиындық қазір жоқ. Сол кезде Ораз Жандосов айтқан еді, «Талас-талқы артта қалды, енді оқулықтарды шығарып, іске кірісуіміз керек. Бір ғана қиындық қазақтың даласының ауқымдығы» деп. Қазір ондай да қиындық жоқ, саусақтың ұшымен түртіп, зум-мен, тағы басқа құралдармен жалпақ  даланың төрт бұрышы тұрмақ, жұмыр жердің кез келген бұрышымен жедел байланысқа түсіп, жүздесіп, сұхбаттасып отырмыз. Ал геосаяси деп аталатын күн тәртібіне мәңгіге жазылып берілген бір мәселе мен қаржыға қатысты уақытша мәселені есепке алмағанда, қазіргі қоғамдағы бірден-бір қиындық – сананы тәуелсіз ету, санаға тәуелсіздік беру шығар. Осы мен сөз етіп отырған тілді сақтап, дамыту шараларын ағылшын тілінде жазып отырған уелстік ғалым Дэйвид Кристалл сөзінің маңызды түйіні ретінде мынадай тұжырымды айтады: «...Егер де тілде сөйлейтін ұрпақтың ұлтжандылық сезімі болмаса, ол тіл бәрібір өліп кетеді» дейді. Бізге де қиын болып отырғаны осы – ұлтжандылықтың жетіспеуі. Латын жазуына жеңіл көшіп кету үшін мәселені қоғамның ұлтжандылық сезімін оятудан бастау керек. Бұл оянбайтын сезім емес, оянатын сезім. Тек дұрыс жұмыс жүру керек.

Ағылшындар орыстардың Большой театрын [болшой сиәтә] деп,     «фестиваль»-ды [фестивал] деп жіңішкелік белгісін айтпай дыбыстайды. Жіңішкелік белгісін айта алмағаннан ағылшын тілінің мәртебесі бір елі де кеміп қалып жатқан жоқ. Сондықтан, біз де дыбыстау аппаратымызды қазақша емес дыбыстарды айтуға мәжбүрлемеуіміз керек. Жат дыбыстарды айта алғанымызға емес, айта алмағанымызға мақтануымыз керек. Осылай, жазу реформасы – латын әліпбиіне көшу – ұлтжандылықты оятудың кілті болса, керісінше, сол жазу реформасын еңсерудің де жеңіл жолы – ұлтжандылықты ояту болмақ.

Нұрсәуле Мақсұтқызы, Тәуелсіз Елдің елдік әлеуетін көтеруге пайдасы тиетін біршама ақпарат бердіңіз. Биылғы жыл – ерекше, үлкен мерейтойлар жылы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Сөз соңында өзіңіз қызмет ететін институт жөніндегі лебізіңізді білсек.

– Тіл – ел болудың бірінші құралы, ұлттық символы. «Алпауыт» тілдердің бірінен де қазақтың құт, берекет деген сөздеріне тең келетін сөз таппайсың. Құт қонған халық, берекелі ел болайық. Тіл майталмандарының киелі қара шаңырағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының 60 жылдық мерейтойы құтты болсын! Тілші әріптестеріміздің тілді өміршең етуге жасап жатқан ерен еңбегі ақталсын. Қазақтың тілі өз табиғи болмысымен мәңгілік елдің мәңгілік тілі болып қалсын! Бесік жыры әуелей берсін!

Сұхбаттасқан

Дина ИМАМБАЕВА

5615 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз