• Еркін ой мінбері
  • 20 Желтоқсан, 2021

ДАНАЛЫҚҚА ҚҰШТАРЛЫҚ ІЛІМІ

Қазыбек ДӘУТАЛИЕВ,

заң ғылымдарының кандидаты, философия магистрі,

Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,

 конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының аға оқытушысы

2005 жылдан бастап халықаралық UNESCO ұйымының шешімі бойынша қарашаның үшінші бейсенбісі – Философтар күні ретінде аталып келеді. Бүгінде әлемнің 70-тен астам елінде мерекеленуде. Осы салада жұмыс істеп жүрген кәсіби философтар мен философияға қатысы бар мамандар даналыққа құштарлық ілімін дамытып келеді.

Философтар болмаса дүниенің кеңдігін сезіне алмай «құтының ішін» құтты мекендей көріп өмір сүре берер ме едік?! Кім білсін?! Бірақ бір нәрсе анық, толассыз аққан ой (сана феномені), томағасы сыпырылған соң  –  философтарды тудыртпай тұра алмайды. Студент күнімізде философияны «даналықты сүю», «даналыққа құштарлық» (phileo – сүю, sophia - даналық) деп жаттадық. Ол «қандай сүю», «не үшін сүю» деген секілді сұрақ қойылмады. Әшейін, өмірлік тәжірибеге негізделген «дана пайымдар» ретінде көрдік. Ал, даналық дегеніміз идеалында «міндетті түрде жартылай ғана түсінікті, ал екінші жартысы өзің тапқа салып қинайтын, іші құпия, сырты сұлу ой» көрінетін. Одан арыға бармадық.Мәселен, бірінші курсқа түскен мен үшін, екінші курста оқитын Серік дейтін өскемендік жігіттің мына сөзі даналыққа толы, яғни ақиқаттығы талас тудырмайтын философиялық ой секілді көрінді: «Өмірдің мәні – біту ғой, мәселен, бітпейтін еш нәрсе жоқ. Бәрі таусылады!». Көнекөз қарттай сенімді айтты. Аргументі тастай болғандықтан бұл тезис көпке дейін көкейімнен кетпеді. Анығында, философия ақиқатты лақ еткізіп төге салу емес, оның неге ақиқат екенін түсіндіретін жүйелі ілім. Мәселен, Платон «эйдостың» - «игілік» түрінде салтанат құратындығын онтологиялық, гносеологиялық және этикалық аспектілерде толық ашып береді. Тәптіштеп түсіндіреді. Өкінішке қарай, қоғамдық санада өмірдің әр кезеңі мен сәтіне дөп келетін «қырық құрақ, бір жамау» ой - философияға баланып жүр. Мұны әсіресе той-томалақ секілді «жағына емес, жасына қарап» сөйлейтін алаңдарда көптеп кездестіреміз.

Алғаш рет философияға деген шынайы қызығушылығым заң факультетін тәмамдаған соң оянды. Есентайды жағалап, тіпті философия мамандығы бойынша магистратураға түссем бе деп те толғандым. Юриспруденция өмір сүру «ережесі белгілі әлем» болғандықтан, философия «ережесі құпия әлем» ретінде қызықтырды. Құдды бір сол әлемнің ілімін меңгерсем, төрткүл дүниенің себебін біліп кетердей «дәмем» болды. Бірақ бұл жолы философияға келмедім. Осы тақылеттес рухани ізденіс ерте ме, кеш пе барлық адам баласының басынан өтеді. Көпшілігі жауабын қол жетімді түсіндіретін сенім мен діннен іздеп, көңіліне медет, ойына байыз тауып жатады. Бақытты адам анығында – дүниетанымында байыз тапқан жан ғой.

«Философия дегеніміз не?» деген сұрақты мүйізі қарағайдай академик те, кеше ғана кафедраға жұмысқа тұрған ассистент те қояды. Бұл, философия тарихы бойынша әлемде ең көп зерттеу жарық көрген Ресейдегі жағдай (философия деп жүргеніміз негізі – философия тарихы ғой). Білмегендіктен емес әрине, бұл біле түссек деген ұмтылыстан туындайтын жәйт.

Мұндай үрдіс ресейлік академиялық ортада кең тараған дәстүр. Құқықтанушы ғалымдар ең алдымен құқық туралы анықтаманы сұрайды. Бұл ары қарай болатын әңгіменің бірізді, сабақты, қарама-қайшылықсыз һәм нәтижелі жүруіне мүдделі ғалымның талабы. Өкінішке қарай аға буын өкілдері үшін қалыпты нәрсе көрінетін осы бір үрдіс бүгінде ұмыт болуда. Сол секілді философиямен кәсіби шұғылданған адам, алдымен өзінің философия туралы ойын тәртіпке келтіріп алғаны жөн. Оның өмірлік тәжірибеге негізделген даналықтан айырмашылығын ажырата алуы шарт. Философияны «даналықты сүю» деп түсіндіретін тезиске тарихилық қисын тұрғысынан қараудың маңызы зор. Заңгер үшін «даналыққа құштарлық» –  бұл адамдардың субъективті құқығы. Олимп тауының басына шығып алып, күнде кеңес құратын құдайлардың ғана емес, оның етегінде Сизиф секілді мәні жоқ тірлік кешіп, жыбырлап жүрген пенделердің де құқығы. Фатализм мойнына қосақталған пенденің – Адам болуға деген ұмтылысы. Адам болу құқығы һәм Адам құқығы! Тағдырын өзгерту мүмкіндігі. Таңдау жасау бостандығы. Бұл «дана болу» хақын құдайлардан тартып алуға бастайтын санада жасалған төңкеріс. Антропологиялық бетбұрыс. Сондықтан да, антик ойшылдарының еңбектерінде мифокритика жақсы дамыды. Қоғамды Посейдонға жалбарынуға емес, кеменің «төрт елі» тақтайын қалыңдатуға шақырды. Нәтижесінде ғылым дамыды. Өнері өрге жүзді. Демкоратия тұрды. Өркениет келді. Бірақ біраз философ өмірімен қош айтысты. Түрмеге қамалды. Құлдыққа сатылды. Тобырдың қолынан қаза тапты. Тирандардың дүрмегін көрді...

Жалпы саяси-демократиялық ахуал философияның қалыптасуына қолайлы жағдай туғызушы фактор ретінде қаралады. Тіпті мұны негізгі деп есептейтіндер де бар. Себебі тиран-перғауындар билеген Египетте айдағанға жүретін қолданбалы ғылым ерте дамығанымен, тәуелсіз дедуктивті тұжырым шығаратын теориялық білім мен философиялық ой жөргегінде тұншықтырылды. Керісінше египеттіктердің қолданбалы ғылымын ұрлаған бұйра шаш гректер полистік демократия жағдайында теориялық ғылымды дамытуға және оның игіліктерін көруге мүмкіндік алды. Одан әрі философиялық ойдың биігіне өрмелеп, эллиндер елін өркениет бесігіне айналдырды. Демократия ұғымы сондықтан тұлға түсінігімен тығыз байланысты. Кісіге топ мүшесі (тобыр, тайпа, ру, клан, команда және т.б.) деп емес, дербес тұлға (қала тұрғыны, азамат, қолөнерші, ғалым және т.б.) ретінде қарайтын саяси жүйеде ғана демократиялық институттар дамиды. Осы себепті қазақтарда «далалық демократия» болды дейтін секілді әдемі атауларға ғылыми сақтықпен қарауға тиіспіз. Мұндай тұлғасын жұтқан коллективті «мифтерден» ұтылмасақ, ұтып жатқанымыз шамалы. Демократияның басты кейіпкері – тұлға, ал тұлғаның мәні – бостандық, мазмұны – нақты іске аса алатын еркі. Бүгінгі Қазақстан жағдайында бұл ең бірінші кезекте әділ және таза сайлау өткізу арқылы көрініс тапқаны жөн. Әрбір Республика азаматы тұлғалықтың төл дәмін татып көрмей жақсы мен жаман ірге ажыратпайды, елге құт қонбайды.Заң факультетінде аспирант болып жүрген кезімде философияға бүткіл ғылымдардың методологиясы ретінде «табындым». Осылай іздендім. Методологиялық маңызы бар кемеріне толған философиялық категорияларды (мән мен құбылыс, уақыт пен кеңістік, мазмұн мен форма, қажеттілік пен мүмкіндік, себеп пен салдар т.с.с.), нақтылы ғылым саласына қолдану арқылы кез келген ғылыми проблеманы шешуге болады деп сендім. Бұл сенімнің белгілі бір деңгейде дұрыс екендігіне әлі де шүбә келтірмеймін. Бірақ, философияны – ғылымдардың ғылымы, яғни ғылым ретінде қарайтын сиентикалық біржақты көзқарасқа ұрынғанымды кейін білдім. Мәскеуде философиялық білім алған кезімде, философияның ғылым емес екендігіне біртіндеп көзім жетті. Философия бұл ойлау мәдениеті. Рационалды дискурс. Өкінішке қарай біздің қоғамда әлі күнге иррационалды ой толғаулар желдей есіп, жұрт санасын кезіп жүр. Былтыр Ханкөлде болған «әруақ, елес» секілді жағдайлар қоғамдық ойдың ахуалын көрсетіп берді. Құмалақ ашу, оқыту, қайтару, жұлдызнамаға сену, нумерология секілді дүниелер кәдімгідей табыс көзіне айналып алған...

Белгілі ресейлік ғалым Г.Г.Майоровтың мақалалар жинағынан тұратын еңбегі «Философия как искание Абсолюта» деп аталатын. Менің  пайымдауымша, философия бұл Абсолютке ізденіс салу мәселесі. Әрбір философтың Абсолют туралы түсінігі әртүрлі. Ол Гераклит үшін жалындап жанған от болса (диалектиканы, яғни өзгеріс принципін қалай дәл бейнелеген!), Платонда - идея («эйдос»), И.Кантта «категориялық императив» (этикада), В.Ф.Гегельде «Абсолютті рух» деп кете береді. Осы тұрғыдан келіп қарайтын болсақ, Абай дүниетанымының өзегін құрайтын Абсолют не? «Толық адам» ба? Солай болса, ол қаншалықты байқалады (шығармаларында)? Әлде бұл тағы да тарихи-фольклорлық сана тудырып отырған «мифжасам» ба? Бұл өзі бір үлкен тақырып...Әр адамның философ болуына хақысы бар. Әрбір Адам – философ!

5870 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз