• Тарих толқынында
  • 01 Наурыз, 2013

Ғ. ТОҒЖАНОВТЫҢ «БАЙТҰРСЫНОВ ЖӘНЕ БАЙТҰРСЫНОВШЫЛЫҚ» МАҚАЛАСЫ немесе алыпты айыптау

Қазақстанда 20-шы жылдардың соңы мен 30-шы жылдардың басында қазақ зиялыларын айыптау, жазалау белең алды. Осы кезеңде қазақ зиялылары арасында саяси-идеялық пікір қайшылығы тереңдеп, ахуал шиеленісе түсті. Алашорда құрамында болған қазақ зиялыларына кешірім болғанына және олар Кеңес үкіметі жағына шығып адал қызмет етіп жүргендігіне қарамастан, олардың бұрынғы іс-әрекетіне, әр жылдары баспасөзде жарияланған еңбектеріне қайтадан саяси астар беріліп қудалана бастады. Қазақстанда 1925 жылдан жоғары лауазымды қызметте болған Ф.И.Голощекин қазақ зиялыларын жікке бөліп, бір біріне қарсы қойып, бір-бірімен айтыс­тырып, әбден тәжірибе жинақтады. 20-шы жылдардың соңы мен 30-шы жылдар басында Голощекин мен оның төңірегіндегілер алаш зиялыларын айыптау, қудалау, қызметтен шеттету, қысым көрсету тәсілімен қатар, енді саяси-идеялық қарсылас ретінде біржола қоғамнан алыстату, жою бағытын ашық түрде ұстанды. КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы ОГПУ-дың колегиясы шешімімен 1931 жылдың 4 сәуірінде «А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Есполов, Д.Әділов, Ж.Аймауытов, Х.Болғамбаев, Ғ.Бірімжанов, Х.Ғаббасов, А.Юсупов 1921 жылы Орынбор қаласында контр­революциялық ұйым құрып, Орта Азиядағы пантюркистік ұйымның басты­ғы Валидовпен байланыс жасағаны үшін; далаға барып қарулы көтеріліс ұйым­дастыру туралы жиналыс өткізгені және далаға сіңіп кетуге дайындалғаны үшін; 1927 жылы ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің секретары Голощекинге қастандық жасауға тырысқаны үшін; А.Юсупов Ғ.Бірімжановтың Валидовқа кеткенін хабарламағаны үшін РСФСР қылмысты істер Кодексінің 58 бабының 2, 4, 8, 11, 13 тармақтары бойынша ату жазасына кесілді [1]. Кейін іс қайта қаралып «Жұмабаев Мағжанның ісі бұзылып, ату жазасы он жыл айдауға алмастырылды. Ахмет Байтұрсынов пен М.Дулатов істері де қайта бұзылып, 1931 жылдың 13 қаңтарында ұсталғаннан бергі мерзімі қоса есептеліп, тұтастай алғанда он жыл айдауға кесілді[2, 205]. Аталған істің, жазалау шарасының ізі суымай жатып арада шамалы ғана уақыт өткен соң, қазақ зиялыларының тағы бір тобы қамауға алынды. «Қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын іс әрекеті» айыпталып, қылмыстық жазаға тартылды. 1932 жылдың 20 көкегіндегі Қазақстандағы Мемлекеттік Саяси Басқарманың төтенше өкілеттілігі жанындағы үштіктің мәжілісінің №ІІІ/к мәжіліс-хатының көшірмесіне сүйенсек: «Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов, Алдаберген Үмбетбаев, Мұхтар Мұрзин, Әбдірахман Мұңайтпасов, Мұстафа Бұралқиев, Қошмұхамед Кемеңгеров, Жұмахан Күдерин, Нашим Қожамқұлов, Әбділхамит Ақбаев, Сейдазым Қадырбаев, Әшім Омаров, Жұмағали Тілеулин – бес жыл мерзімге концлагерьге жіберіліп, оны сонша мерзімге жер аударумен ауыстыруға ... шешім қабылданды. Әлімхан Ермеков пен Мұхтар Әуезовке үш жылға қамалу кесілгенімен, үкім шартты жазамен алмастырылды. Уалихан Омаров, Біләл Сүлеев, Даниал Ысқақовтың тергеу кезінде отырғаны ескеріліп, қамаудан босатылды» [3, 24]. Бірақ, қазақ зиялыларын бірінен соң бірін жазалау оларды бағыт, бағдардан адастырды. Жазалау шаралары үрей мен қорқыныштың уытын шашты. Бірін бірі орынсыз айыптау мен кінәлау белең алды. Осы жылдардағы баспасөзге тереңірек үңілгенде бір бірімен айтысқан, таласқан орынды, орынсыз сынаған сан алуан қайшы пікірлер куәгері болуға тура келеді. Қазақ әдебиеті тарихына өз қолтаңбасын қалдырған көрнекті тұлғалардың сынға ұшырамағаны, осы айтыс тартысқа араласпағаны кем де кем болған. Неге деген сұраққа жауап із­дей отырып, профессор Т.Қожакеев пікі­ріне сүйенсек: «Мұның басты себебі, сол тұстағы жікшілдіктің жалаулатуы, топшылдықтың ту көтеруі еді. Бұл дерттің өзіндік туу себептері болды. Біріншіден, әр өңірдің өкілдері өз жүзінің намысын жыртты, үстемдігін көкседі, тізгін ұстауға тырысты. Екіншіден, Коммунистік партияға, Кеңес үкіметіне өлгенше беріл­гендер бұрынғы алашордашыларды арам көрді, оларды жаңа құрылысқа жо­лат­паймыз, қой терісін жамылып, лауазымға ие болып кеткендерін қайта аластаймыз деп жанталасты. Үшіншіден, ұлы орысшылдық, отаршылдық саясат жүз жүздің арасына сына ұрып, бірінің өкілдерін екіншісілерінің адамдарына айдап салып арандатты». Ұлт азамат­тарының арасына от тастау, оған май құю Голощекин дәуірінде мүлде дәуірленді» [4,126]. Осы кезеңде «Жығылғанға жұды­рық демекші» 1932 жылы «Боль­­шевик Ка­захстана» журна­лының №2-3 сандарында Ғ.Тоғжановтың «Байтұрсынов және байтұр­сынов­шылдық» деген көлемді мақаласы жарияланды. Мақала жазалауға ұшыраған А.Байтұрсыновты және онымен қатар жүріп саяси-әлеуметтік, мәдени шара­­ларға араласқан қазақ зиялыларын таптық ұстанымы тұрғысында айыптау мақсатында жазылды. А.Байтұрсыновтың атқарған қызметінен, араласқан әрбір ісінен, шығармашылығынан қандай да болмасын теріс ниет, ұлтшылдықты, байшылдықты тауып әшкерлеуге тырысты. Ашығын айтсақ, осы кезеңдегі қазақ зиялылары ішіндегі көрнекті тұлға А.Байтұрсыновты айыптау, оны рухани бейнесін қазақ халқы жадынан өшіру, тұрған биігінен құлату мақсатын ұстанды. А.Байтұрсыновтың «Көк есектерге» деген өлеңіндегі[5,34] (Ғ.Тоғжанов орыс тілінде жазған мақаласында «Серым ослам» – деп алды. Қ.Д). Жөн сілтедім қазақ деген намысқа, Жол сілтедім жақын емес, алысқа. Өзге жұрттар өрге қадам басқанда, – Дедім, – сенде қатарыңнан қалыспа!» деген жолдарындағы басқа халықтар алға озып барады, өрге қадам басты, намысыңды қайрап сенде алға жүр, қатарыңнан қалыспа дегенін көрмеген, білмеген болып, келесі өлең шумақтарындағы: Бар ма, қазақ, мұнан басқа қылғаным? Неңді шаштым, неңді бұздым, был­ғадым? Аштан өлген аталарың бар ма еді, Тамақ үшін сатқан иттер иманын. Көң тасыған көк есектер, бәріңе, Қалдырмастан жағалай жас кәріңе, Үрім-бұтақ нәсіліңе қылғандай Нық басылар кетпейтін мөр тәніңе, – деп жазғанын, интеллигенттік «өзіне өзі сүйіспеншілік», жалған-байсалдылықпен өзін өзі жарнамалау, феодалдық менмендік, қазақ бұқарасының революциялық күшіне сенбеушілік А.Байтұрсынов шығарма­шылығына тән, – деп кінә тағудан бастады. А.Байтұрсынов шығармашы­лығы­ның ұлттық, халықтық сипатын теріске шығарған Ғ.Тоғжанов енді, оның саяси ұстанымын баяндайды. «Кеңес үкі­метін құрудың алғашқы жылдары қа­зақ интеллигенциясының партияда барлары және партияда жоқтары да кадет Бөкейхановқа қарағанда Байтұрсынов солшыл, демократияшыл деп ойлады. Ақиқатында, Байтұрсынов ресми түрде кадет партиясы құрамында болмағанымен, ол өзінің досы және пікірлесі Әлиханов Бөкейхановтың ықпалында болды. Редак­торы А.Байтұрсынов болған «Қазақ» газеті Бөкейхановтың белсенді қатысуымен және тікелей идеялық басшылығымен шы­ғарылды» [6, 21], деп А.Байтұрсыновтың айыбын ауырлата түсті. Бөкейханов, Байтұрсынов және Дулатов – бұл үштік, революцияға дейін де, одан кейін де, әрқашанда бірге болды, саяси, ұйымдық мәселелерде алауыздық болмады, барлық мәселеде бірін бірі қолдады, бірге болды. Сондықтан, Байтұрсыновты Бөкейхановтан бөлектеуге болмайды. Өзінің саяси позициясы бойынша Байтұрсынов та кадет, – деп жазды. Байтұрсынов жүгін ауырлата түсті және М.Дулатовты да Байтұрсынов пен Бөкейхановқа қосақтады. Ғ.Тоғжанов қазақтың ел ішіндегі танымал тұлғаларының қазақ мұраты мен мақсаты үшін істеген істерін большевиктік тұрғыда бағалап, бұрмалап баяндады. Бұл тұлғаларға мүмкіндігінше айып тағуға тырысты. Олардың ел алдындағы абырой беделін төмендетіп, істеген істерін жоққа шығару мақсатын ұстанды. Әрине, Ғ.Тоғжанов Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың: «Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов, Білемін бұл үш ердің айтпай жайын. Кешегі қара күнде болмап па еді Бірі күн, бірі шолпан, бірі айым?! Солардан басқа кеше кім бар еді Қазақ үшін шам қылған жүрек майын?! [7,34 б] – деп жазған өлең жолдарын білмеді емес, білді. Бірақ, солай болғанымен, қазақ үшін тұлғасы биік үшеуін бір біріне қосақтап, айыптап, ұлтшыл, қазақ халқы үшін ештеме жасамады, жасағандарының бәрін қате, ұстанған жолдары да қате деп шығару мақсатын ұстанды. Ғ.Тоғжанов өз мақаласында А.Байтұр­сыновтың патша үкіметіне қарсы оппозицияда болғанын, қазақтарды ұлттық бірлікке шақыр­ғанын, ұлт-азаттық қозғалысының басында тұрғанын мойындады. Бірақ, жазып отырған мақаласында Байтұрсыновты қаралау, оның барлық іс-әрекетін теріске шығару мақсатын көздегендіктен, Байтұрсыновтың саяси қыз­меті басталғаннан бергі таптық позициясы – қазақтардың жартылай феодал, кадеттенген жартылай феодал интеллигенттердің пози­циясы. Кейбіреулер Байтұрсынов белгілі бір кезеңге дейін қазақ бұқарасының көсемі, идеологы болды деп ойлағандарымен, ол сол кезеңнің өзінде контрреволюцияшыл қазақ байларының көсемі болды, – деген жауап тапты. Ғ.Тоғжанов А.Байтұрсыновты патша үкіметіне қарсы күресте ұлт-азаттық қозға­лысының басында болды, осы кезеңде объек­тивті-революцияшыл, прогрессивті рөл атқарды деп амалсыздан мойындады. Ақиқаттан аттап өте алмады. Себебі, ол А.Байтұрсыновтың 1919 жылы «Жизнь национальностей» журналында жарық көрген «Революция және қазақтар» деген мақаласында «Мен ... патша үкіметі кезінде қазақтың ұлттық саясатын жүр­гізуді басқарған және патша үкіметіне қарсы күрескен қазақ интеллигенттерінің өкілімін... – деп жазғанын білді[8]. А.Байтұрсыновты саяси тұлға, көсем ретінде сол кезеңде қазақ зиялылары да, халық та мойындағанын, оның халық мүддесі үшін атқарған қызметін жоғары құрметпен бағалағанын түсінді. С.Сейфуллиннің 1923 жылдың 30 қаң­тарында «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көрген «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды» деп аталатын мақаласымен де таныс болды. С.Сейфуллиннің «А.Байтұрсынұлы ... оқыған­дардың арасынан шыққан, өз заманында патшаның ...атарман-шабармандардың қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, даусын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыр­тып, ұлттың арын жоқтаған патша зама­нында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызметтерін қылды» – деп жазғанын да білді[9,12]. М.Әуезовтің де А.Байтұрсыновты «... оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі» – деп құрметпен атағанын, одан әрі «...бас қосқан жиында, жазысқан хатта, оңашада болған әңгімеде ел қамы, ел мұңы деген сөздер Ақаңның (Ахмет Бай­тұрсынов айтылып отыр – Қ.Д.) аузынан кетпейтін сөз болған»[10,17;19], – деп елі үшін сіңірген еңбегін, қайраткерлігін жоғары баға­лағандығын да білді. Оны мойындады да. Солай болғанымен, 20-шы жылдардың соңы мен 30 жылдардың басында қудаланған, жазаланған ұлтшыл А.Байтұрсыновқа пролетарлық сыншы оңды-солды қара күйені жаға түсті, жаланы қалыңдатты. Ғ.Тоғжанов «1916 жыл келді. Қазақ бұқарасы мобилизациядан бас тарта бастады. Барлық облыстар мен уез­дер­ден қазақ халқының «көсемдері» Бөкейханов, Байтұрсынов және Дула­товқа телеграммалар жіберілді. Бәрі пат­шаға қарсы халық қозғалысын бас­қа­руды сұрады, ақыл кеңес сұрады. Бі­рақ, Байтұрсынов және басқа ұлттық буржуазияның көсемдері алғашқы күннен бастап патшаға қарсы халық қозғалысына қарсы болды. Көтерліске шыққан қазақ бұқарасын «қараңғылық, ақылсыздық» деп айыптады. Алғашқы күндері күту позияциясында болғанымен, кейін патша жағына шығып кетті» деп сынады. 1916 жылы халық наразылығы басталған кезде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов «Қазақ» газетіне №192 саны­на «Алаш азаматы» атты ал, кейін А.Бай­тұрсынов, М.Дулатов, М.Тұнғаншин, С.Кә­дір­баев та ел қамын ойлап, «Қазақтың» №207 санына «Торғай һәм Ырғыз үйезінің халқына» деген атпен мақала жазғаны белгілі. Екі мақала да мағынасы жағынан ұқсас болатын. Алғашқысында, «Қазақ шын қарсылық қылатын болса, ел-елге отряд шығады. Отряд шықса, елдің берекесі кетеді, бас пен малға әлегі бірдей тиеді, елдің іргесі бұзылады. ...ауырлық, бірі – барса шаруаға кемшілік келіп, алынған жігіттер аз қазаға, бейнетке ұшырағаны, екіншісі – бармаймын деп қарсылық қылса, елге келетін зор бүліншілік. Осы екі ауырлықтың жұрт қай жеңілін таң­дауы керек... жеңілі көнген»[11,277 б] деп жазды. Келесісінде «Бірсыпыра халықтар ...шошынып ...көнбей қарсылық қылды. ...қарсылық қылғандарды аз күннің ішінде әскер шығып, қырғынға ұшыратты. Жетім-жесір шулап қалды, ...бүлік басшылары военный сотқа беріліп, асылды, атылды. Біздің, Торғай һәм Ыр­ғыз үйездерінен ...кісі алынбақшы еді, жастар келмейді. Сондықтан, елге неше мың әскер, зеңбірек, пулеметпен шығып тұр. Көнбесеңдер ...қырғын болады, бос­қа қан төгіледі, шаруа күйзеледі, бере­кесі кетеді. Соның үстіне, әскер көндірмей, алмай қоймайды. Қатын бала бір қырылады, жігіт екі алынады, бүлік басылары военный сотқа беріледі, асылады, атылады. Бізді қазақ баласы, жаны ашиды десеңдер, тіл алыңдар, қан төкпеңдер, қарсылық қылмаңдар! ...Ойланыңдар, түсінбегендерге тоқтау болыңдар, жұрттың обалына, көз жасына қалып жүрмеңдер! [12,348-349 бб.] – деген еді. Ғ.Тоғжанов Байтұрсынов басқа да қазақ зиялыларының «қарсылық жасап босқа қырылып қалмаңдар» деген ниетпен ел қамы үшін жасаған әрбір іс әрекетін жіпке тізіп, патша үкіметінің қазақтарды тыл жұмысына алу саясатын қолдаушы қылып кінәлады. А.Байтұрсыновтың патша үкіметіне қарсы күрескенін, бірнеше рет түрмеге түскенін, қудалауға түскенін білгенімен, Ғ.Тоғжанов А.Байтұрсыновты, алаш зиялыларын ашық түрде большевиктік қалыпқа сыймайтын жандар ретінде айыптады. Ғ.Тоғжанов одан әрі, «Байтұрсынов үшін Ақпан революциясы күтпеген жай болды. «Қазақ» газетінің 220-шы санында «күшті патша билігі туралы» жазса, кейін революцияны құттықтауға мәжбүр болды, – деп жазды. Ақпан төңкерісінің сипаты мен мәнін түсіндіріп, 1917 жылы «Қазақ» газетінің №225 санында Ә.Бөкейханов, М.Шоқаев, М.Дулатов «Алаш ұлына» деп аталатын мақала жариялап патша үкіметінің құлағанын жеткізді. Ертеңгі күнге үлкен үмітпен қарады. Онда: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай да арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған ...үкімет ...кетті, – деп жазды[11, 297 б]. Ақпан революциясына үміт арт­қан Байтұрсынов пен басқа да қазақ оқы­ғандарын кадет партиясын қолдау­шы­лар деп айыптады. Ғ.Тоғжанов А.Бай­­тұрсынов басқарған «Қазақ» газе­тінде жарияланған мақалаларға тоқ­талып, «большевиктерді тонаушылар, қарақшылар, зорлықшылар» жазды деп айыпты ауырлата түсті. «Қазақ» газетіндегі «большевиктер дәурені көпке бармас, бірақ большевиктер ылаңының кесірі тез арыла қоймас. Большевиктер мемлекет ісінің басынан көшер, бірақ, көшкенше талайды болдырып, былғап кетер[12,421 б], «Ортақ жау – большевикке қарсы жорыққа аттану кеудесінде жаны, денесінде бабалары түріктің титтей қаны болған алаш азаматына парыз. Өз тізгінім өзімде, жұрт боламын десең атқа мін, қолыңа қару-жарақ алып, большевикке қарсы шығып, өзіңнің ерлігіңді іспен көрсет» [12,430 б] деп жазғандарын білді. Біліп отырып сынады. Байтұрсыновты контрреволюционер, большевиктерге қарсы күресу үшін халық­тық милиция «Алашорданы» құрды деп айыптады. Одан әрі «барлық алашордашылар контрреволюционерлер, раволюция жаулары, қазақ халқының жаулары. Байтұрсынов «Алаш» партиясын құрғанда қазақ халқы мүддесі үшін құрған жоқ, ол контрреволюцияшыл қазақ байлары мен орыс буржуазиясы мүддесін қорғады» [6,22 б] деп жазды. Алашорда кеңес үкіметіне қарсы контр­революциялық күресте мүмкін болған барлық тәсілді қолданды. 1919 жылы Байтұрсынов Москвада кеңес үкіметімен келіссөз жүргізіп алашордашыларға амнистия жасауға қол жеткізді. Сонымен қатар, кеңес үкіметіне қарсы контрреволюционер Валидовпен бірге жасырын ұйым құрды. Құпия ұйымның филиалдары Ташкентте, Орынборда, Семейде, Алматыда және басқа қалаларда құрылды деп Голощекинге сілтеме жасайды [13]. Бұл Байтұрсынов астыртын ұйым құрды, кеңес үкіметінің жауы болды деп, болмағанды болды қылып көрсету, жала жабу еді. «Байтұрсыновтың және басқа Алаш­­­орда көсемдері ақылымен, оның пі­кір­­лестері де партия қатарына кірді, ке­ңес үкіметіне қарсы күресті, бұрын байқалмаған ұлтшылдарды тартты» деп жазады. Ғ.Тоғжанов осы арада Сма­ғұлов-Қожанов тобы осындай адам­дар­дан тұрды деп С.Сәдуақасов пен С.Қожановты да іліп кетті. Осындай адам­­дар Қазақстандағы кеңес үкіметінің алғашқы жылдары басшылық қызметте болды дей келе, олардың қатарына С.Сәдуақасов пен М.Әуезовты атайды. Бұл байтұрсыновшылдық ауқымды түрде кеңес үкіметіне қарсы күресті, билікке енді, зиянкестік жасады дегенді тұспалдайды. С.Сәдуақасов пен М.Әуезовты де ұлт­шылдар қатарына қосып қойды. Сәдуа­қасов пен Қожановты ашық түрде Бай­тұрсынов ісін жалғастырушылар деп айыптады. Айыптаудың жөні осылай деп санады ма, Байтұрсынов ақ эмиграциямен Шоқаев, Валидов, Марсеков және басқалармен тығыз байланыста. Байтұрсыновтың контр­революциялық ұйымының тікелей басшылығымен Сарысуда Әділов отряды құрылды. Бірқатар қазақтардың артта қалған кеңестендірілмеген аудандарында Байтұрсынов байлар арқылы кеңес үкіметіне қарсы қазақтарды көтерліске шығаруға тырысты. Егер, Созақ және Батпаққара көтерілісін алсақ олардың байтұрсыновтық алашордашыл ұйымымен байланысын анықтау қиын емес. Бұл бандиттік қоз­ғалыстардың жетекшілері байлар, жар­тылай феодалдар, ірі ишандар мен ұлт­шыл интеллигенция алашордашылар болды – деп шегелей түсті. Ғ.Тоғжанов осы пікірі арқылы Созақ және Батпаққара көтерілістерінің туын Байтұрсыновқа жапты, бәріне Байтұрсынов кінәлі дегенге халықты сендіру мақсатын қойды. Солай дегенімен, Ғ.Тоғжанов Созақ, Батпаққара және Қазақстанның бар аймағын қамтыған басқа да көтерілістердің нақты туу себептерін талдамады, аша алмады, тәркілеу, күштеу саясаты, елді жайлаған ашаршылық жөнінде де бір ауыз сөз айтпады. Ол өзінің күш-жігерін, білімін Байтұрсыновты, Бай­тұрсынов арқылы барлық алаш қозға­лы­сына қатысқан қазақ зиялыларын айып­тауға арнады. Байтұрсыновтың ел бірлігін, ұлт тұтастығын сақтау мақсатындағы ой-пікірлерін тап қайшылығын бүркемелеу, көрмеу, байшылдық, ұлтшылдық позицияда тұру деп сынады. Ғ.Тоғжанов «Байтұрсынов қазақ бай­ларын тәркілеуді «қазақтарды күйзелту» деп атап, тап күресін түсінбеді деп жазды. Бірақ, уақыт А.Байтұрсынов сөзінің дұрыстығын дәлелдеді. Тәркілеудің қазақтарды қандай жағдайға душар еткендігі, ашаршылықта қазақтың жартысына жуығы қынадай қырылғаны тарихта қалды. Солай болғанымен, пролетарлық сыншы алған бетінен қайтпай, «Байтұрсынов тәркілеуге дейін үлкен дайындық жұ­мысын жүргізді. Ұзынқұлақпен хат жазып хабар беру арқылы байларға ескертті, малдарын сатып, Қытайға өтіп кетуге кеңес берді» деп қиыспайтын пікірге сендіруге тырысты. Сонымен қатар, Ғ.Тоғжановқа сенсек, А.Байтұрсынов Қазақ Халық ағарту комиссариатында қызмет істеген жылдары да зиянды, бүлдірушілік жолда болыпты, ғылыми терминдерді алашордашылық, ұлтшылдық сипат беріп аударыпты. Жаңа латын алфавитін енгізгенде де Байтұрсынов зиянкестік қарсылық жасапты. Контрреволюциялық әрекетпен «жаңа алфавитті қабылдау – христиандықты қабылдаумен пара пар», «бұл орыстандыру саясаты» деген екен деп, Байтұрсынов басына не бір пәле-жаланы үйіп төкті. Ғ.Тоғжановтың ел ашар­шылықтан ес жия алмай жатқанда 1932 жылы Байтұрсыновқа қарсы жариялаған алыпты айыптаған мақаласының ұзын ырғасы осындай еді. Әрине, уақыттың желі ызғарлы болды дегенімен, Ғ.Тоғжановтың Бай­тұрсыновты айыптауы, жала жабуы, оның жасамаған қылмысына саяси астар беруі азаматтық тұлғасына кө­лең­ке түсірді. Қазақтың оқыған, көзі ашық деген азаматтары сынға түскен қы­раулы кезеңде бір елден шыққан халыққа танымал екі тұлғаның идея­лық бағыты, ұстанымдары екі түрлі болды. Ғ.Тоғжанов А.Байтұрсыновты айыптаса, С.Сәдуақасов «Ахаңды (Ахмет Байтұрсынов) біз замандасымыз ғой деп өз қатарымызға қойып, өзімізбен те­ңес­тіріп қарауға болмайды, бұл кісі қазақ халқының алғашқы алфавитін жасап берген, бұрын әркім қалай болса солай жазып жүрген емлемізді түзеп, бүкіл халқымызға ұстаз болған адам. Сондықтан, бұл кісіні ұстазымыз деп қарап, өзімізден әлдеқайда жоғары ұстап, қадірлей білуіміз керек» деген пікірде болды. Кеңес үкіметі мен большевиктік жүйе елге тұтқа болған тұлғалардың ұлтжандылық рухын сындыра алмаса да, ісіне кедергі, жолына бөгет болды, қуғын-сүргінге ұшы­ратты. Ел мұраты жолында қызмет іс­теуіне мүмкіндік бермеді, сенімсіздік білдірді, зиянкес санады. А.Байтұрсынов 1929 жылы тұтқындалып, 1930 жылы Архангельск облысына жер аударылды. Кейін, А.Байтұрсынов Е.В.Пешкованың араласуымен босанып, елге қайтып орал­ғаннан кейін де тұрмыс жағдайы мәз болмады. Бұл жөнінде зерттеуші Ғ.Ахмедов: «Ахаң 1934 жылы лагерьден босанып Алматыға қайтып келгеннен кейін де оған ешкім жұмыс бермей қиын жағдайда жүрді. ... Үстінде көнетоз пальтосы, ая­ғында жұмысшылар киетін көне етік, өңі жүдеу, жабыққан, қартайған. Пальтосы Ахаңның арықтығынан, қартайып еңкіш тартқандығынан кеудесінде қолпылдап бос тұр[14,36 б], деп жазды. А.Байтұрсынов 1937 жылы сегізінші қа­зан­да қайта ұсталып «халық жауы» деген жаламен ату жазасына кесілді[15,95 б]. Патша заманында да, кеңес билігі тұсындада қуғын-сүргінге душар болған А.Байтұрсынов ұмытылмады, ел жадында сақталды, өз биігінде қалды. Пролетарлық сыншы ретінде танымал болып, кеңес үкіметіне бір адамдай еңбек сіңірген Ғ.Тоғжанов та «халық жауы» атанып 1938 жылдың 25 ақпанында атылды. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Жұртбаев Т. Шырмалған шындық немесе бір тергеудің тарихы. – «Өркен», 1989, 17 маусым. 2. Сағынбекұлы Р. Жүсіпбек (Өмірі мен қаламгерлік қызметі). – Алматы, «Санат», 1997. – 224 бет. 3. Алаш ақиықтары: Мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар. – Алматы, «Алаш», 2006. – 288 бет. 4. Қожакеев Т. Қым-қуат іздер. –Оқу құралы. –Алматы.: Санат, 1999. 400 б. 5. Байтұрсынұлы А. Маса: Өлеңдер мен көсемсөздер. – Алматы: Раритет, 2005. – 208 бет. 6. Г.Токжанов «О Байтурсунове и байтурсуновщине». – Большевик Казахстана. 1932, № 2-3. 7. Дәуір ақыны: Ұлы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арналады. Алматы: Орталық ғылыми кітапхана. 2002, -255 бет. 8. «Жизнь национальностей» 1919. №2., ҮІІІ, 29 б. 9. Нұрғали Рымғали. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. –Астана: «Күлтегін», 2002. –528 бет. 10. Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. Мақалалар және әдеби зерттеу. /Құрастырған Р.Нұрғалиев. –Алматы: Жалын, 1991. – 464 бет. 11. Міржақып Дулатұлы. Бес томдық шығармалар жинағы. Екінші том. Көсемсөз, әдеби-сын және зерттеу мақалалары. Алматы: «Мектеп», 2003. -392 бет. 12. «Қазақ газеті» –Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. –560 бет. 13. Голощекин Ф.И. Десять лет партийного строительства в Казахстане. «Советская степь» 1930. №231. 14. Ахмедов Ғ. Алаш Алаш болғанда: Естеліктер мен тарихи деректер. –Алматы: Жалын, 1996. -224 бет. 15. Ұлттың ұлы ұстазы. – Алматы: Орталық ғылыми кітапхана. 2001, -316 бет.

1972 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз