• Еркін ой мінбері
  • 30 Тамыз, 2022

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТІРЕГІ – ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП

Махатма Ганди: «Мен шет елдермен  қарым-қатынас құруға қарсы емеспін, бірақ  жаһанданудың желі есігімізден де, тереземізден де кіріп, аяғымызда тұра алмай қалудан сақтандырамын» деген екен.

Жаһандану заманында тамырсыздық індетіне ұшырап, «алдымыз жалын, артымыз мұз» болып адасып жүрмеу үшін білім мен тәрбие берудің кіндігін  ұлттық құндылықтарға байлау қажет. Бұл жаңалық емес, ұлттық  рухтағы тәрбиені алға шығару дамыған елдердің нақты тәжірибесі.

Былтырғы жылы Парламент Сенатында «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» тақырыбында  М.Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Парламенттік тыңдау халықтың зор ықыласын тудырса, онда айтылған іргелі ұсыныстардың орындалу барысы жайлы депутат Нұртөре Жүсіптің ашына айтқанын ел естіп, елеңдеді.

 Қаралы қаңтар оқиғасы «ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» дегенді растап берді. Көптен іріңдеген жарамыздың жарылғанын көрдік.

Қазіргі орта білім беру стандарттары мен оқу бағдарламаларында белгіленген базалық құндылықтар Жаңа Қазақстан идеясына жауап бермейді, олардың ішкі  мазмұны да ашылмаған. Жаңартылған оқу бағдарламасының ауырлығы мектепте тәрибие жұмысын жүйелі жүргізудің  мүмкіндіктерін шектеді.  Есеп үшін өткізетін  шоу іс-шараларымыз «көзбояғанға» жақсы, бірақ берері жоқтың қасы.

Осындай жағдайда Мағжан Жұмабаевтың «Ел тағдыры мектебінің құрылымына байланысты нәрсе... Мектебімізді сау, таза, берік һәм жанымызға қабысатын негізде құра білсек, келешегіміз үшін серттесуге болады» деген өсиетін, академик Көпжасар Нәрібаевтың «Ұлт тағдыры білімге байланысты болғаннан соң, ең алдымен білім берудің ұлттық моделін жасауымыз керек»  деген ұстанымын басшылыққа алып, біз, бір топ педагог-ғалымдар,  «Жаңа қазақстандық ұлттық мектеп» тұжырымдамасы жобасын әзірледік. Тұжырымдаманы әзірлеуге  сол кезеңде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының  президенті  болған, өзінің  көп басшыларда кездесе бермейтін ұлтжандылығын және ел болашағы үшін қайраткерлігін танытып жүрген Ғани Бектайұлы Бейсембаев жан-жақты қолдау көрсетті.  Қазақстанда бірінші болып  «Даналық әліппесін» жасаған Бижан Игенбаева, белгілі  дидакт-ғалым Әкімжан Сайлыбаевтар белсенді қатысса, ұстазым, философ-ғалым Рахметолла Башарұлы, академик Асқарбек Құсайынов, Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова, профессорлар Жауымбай Қараев, Гүлтас Құрманбаева, Жанат Дәулетбекова, Қарлығаш Қабдолова, Анар Салқынбай, Сайраш Жиенбаева, Данагүл Қазақбаева және тағы басқа  әріптестеріміз ақылға ақыл қосты.

Сызбанұсқада көрсетілгендей,  (сурет-1) «Жаңа қазақстандық ұлттық мектеп» Тұжырымдамасының (жоба)  басты қағидаларының бірі – ұлттық құндылықтар мен рухани асыл мұраларды  білім беру мазмұнының философиялық тұғырнамасы, тәрбиенің темірқазығы ету. Осы тұста  мыңжасағыр Мұхтар Шаханов ағамыздың  мына әйгілі өлеңі жол  көрсетер шамшырағымыз болды:

Әр адамда өз Анасынан басқа да,

ғұмырына етер мәңгі астана,

демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,

болу керек құдіретті төрт ана:

Туған жері түп қазығы, айбыны,

Туған тілi мәңгі өнеге айдыны,

Жан байлығы, салт-дәстүрі тірегі,

қадамына шуақ шашар үнемі.

және Туған тарихы.

еске алуға қаншама

ауыр әрі қасіретті болса да.

Құдірет жоқ төрт анаға тең келер

онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.

Өз анасы ұлылығын танымас,

төрт анасын менсінбеген пенделер.

Төрт анадан сенім таба алмаған

тамырсыздың басы қайда қалмаған?!

Төрт анасын сыйламаған халықтың

ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.

Қасиетті бұл төрт ана тағдырыңның тынысы,

төрт ана үшін болған күрес күрестердің ұлысы.

Біз Тұжырымдама жобасында  білім мен тәрбие  мазмұнына тірек болуға тиісті мынандай құндылықтарды іріктеп алдық: Отбасы құндылығы, Ел мен жер    құндылығы, Тәуелсіздік және тарихи таным құндылығы,  Рухани-адамгершілік құндылықтар, Мемлекеттік  тіл және ұлттық мәдениет  құндылығы, Салауатты өмір құндылығы, Зияткерлік құндылықтар, Еңбек және іскерлік  құндылықтары, Эстетикалық  құндылықтар.  Қарап отырсаңыз, осы құндылықтар қатары Сенат депутаттары ұсынған құндылықтармен толық дерлік астасып жатыр.

Бұл құндылықтардың ішкі мазмұнын ашу аса үлкен ыждағаттылық пен терең толғанысты қажет етері сөзсіз.  Олар  ғылыми дәйекті, ел мүддесіне сай, болашаққа бағдарланған және әрбір  оқу бағдарламасын әзірлеушіге, оқулық авторына, мұғалімге, оқушыға түсінікті және жүрегіне жол табатындай болуы тиіс. Сонда ғана олар пайдалы болады, оқулықтарға енгізіледі, оқу-тәрбие процесінде жүзеге асады.  Ғалымдар тобы да осы ұстанымдармен жұмыс атқарып келеді.

Осы мақалада солардың алғашқысы Отбасы құндылығы туралы түйгенімізді айтпақпын.

Адам болуы үшін, балаларымыз алдымен өзіне әлемнің жарығын сыйлаған  анасын қадірлеуі керек. Әркімнің анасына деген махаббаты, әрине,  отбасылық құндылықтарға келіп тоғысады. Отбасы – әр азаматтың тірек болар діңгегі, өсіп-өнер алтын ұясы. «Ұяда  не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Отбасы – қоғамның негізін қалаушы құрылым.

Қазақ халқы әкесін   асқар тауға теңейді, анасының «ақ сүтін ақтау өмірлік парызы» деп санайды,  «қарты бар үйдің қазынасы бар» деп ата-әжесін қастерлейді, «шыққан тегім» деп  ата-бабасын ұлықтайды,  «ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» деп бауырмалдық танытады, «садағаң кетейін» деп баласына, немересіне  ет-жүрегі елжірейді, ұлына «шаңырақтың иесі, елдің тірегі» деп үміт артып, қызын «қонақ» деп төрге отырғызады, құдаларын «құдайындай» сыйлайды, келін түсірсе «құт келді» деп шашу шашады, үш жұртының арасына «алтын көпір» болады, «төрт аяқтыда бота тату, екі аяқтыда бажа тату» дейді, жақын келгеннің, ағайынның бәрін амалын тауып туысқан қылады. Халқымыз осындай ынтымақты сақтайтын өнеге арқылы ұрпағын тәрбиелейтін асыл  қасиеттерге ие ерекше халық. Әулет, қасиетті қара шаңырақ, ел бірлігінің түп тамыры – Үш жүз, жеті атаға дейін қыз алыспау ұстанымдары қазақ ұлтының қаны да, жаны да таза, саналы да сапалы ұрпақ өсіруінің негізі, тектілігінің  тірегі.

Өкінішке қарай, бір жағынан қазіргі әлеуметтік жағдайлар, екінші жағынан батыстық мәдениетке еліктеу,  интернет  пен көрші ел телехабарларындағы маскүнемдік, қатыгездік, әке мен шешенің бетінен алған арсыздық, анайылық  көріністерін насихаттау салдарынан отбасы дәстүрлерінен алшақтау, құндылықтардың көмескіленуі  байқалады. Қоғамдық ортаға «гендерлік теңдік», ерте жыныстық тәрбие, бейбастақтыққа ұласатын еркіндік, ашықтық ұғымдары сыналап енгізіліп жатыр. Осының нәтижесінде берекесі кеткен отбасылар, ажырасу, тәрбиесіздік, жеңілтектік, былапыт сөз, нәрестелердің кемтар болып тууы, тастанды балалар, қатыгездік, тоңмойындық, суицид, буллинг,  ЛГБТ құбылыстары етек алып барады. 

Парламенттік тыңдауда Өмірзақ Озғанбаев айтқандай «ұлттық болмысымызға жат гендерлік саясат  отбасында әкенің абырой-беделін  құлдилатып жіберді». Ұл мен қыздың құқығын теңестіреміз деп жүріп, ЛГБТ-ға өтіп кеткенімізді байқамай да қалып жүрмейік. Жасөспірімдер арасындағы суицид саны бойынша Қазақстанның соңғы он жылда әлемдегі алдыңғы орындарда тапжылмай тұруы адам шошытарлық жағдай.

Сондықтан қатерлері құбылыстардың  алдын алып, тосқауыл болу үшін  дана халқымыздың дәстүрлі  отбасы құндылықтарын білім мен тәрбиенің міндетті құраушысы етіп, барлық оқу пәндерінің мазмұны арқылы, балаларымыздың санасына ұялатып, бойына дарыту бүгінгі күні кезек күттірмейтін мәселе. Біз Тұжырымдама жобасында Отбасы құндылығының төмендегідей құраушыларын  ұсындық: «жеті ата» дәстүрі,  «қарашаңырақ» ұғымы, тектілік, «алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы» ұғымдары,  ата-ана  алдындағы  парыз, отбасы берекесі, ұрпақ алдындағы жауапкершілік, өнеге, өсиет, отбасындағы өзара  сыйласымдылық, сүйіспеншілік, мейрімділік, қамқорлық, ізеттілік, бауырластық, туысқандық, ағайындық, қарым-қатынас дәстүрлері,  ұл тәрбиесі,  қыз тәрбиесі, ар тазалығы,  ұрпақтар сабақтастығы, әулет абыройы, қонақжайлылық,  көршілік.

Айта кету керек, қазіргі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» әзірлеп енгізген, қолданыстағы жаңартылған білім беру стандарттарында Отбасы құндылығы қарастырылмаған.

Ел боламыз десек, бесігімізді түзейік! Аталған  құндылық құраушылары «Жаңа қазақстандық ұлттық мектептің» білім беру стандарттарында, барлық пәндердің оқу бағдарламаларында ұстаным ретінде басшылыққа алынып, оқу мазмұнына, мәтіндерге, тапсырмаларға  ұтымды әдістемелермен енгізілуі тиіс. Сонда   ғана олар баланың бойына дарып, жүрегіне жетеді, біз ел болашағына серттесе аламыз.

Білім мазмұнына негіз болатын құндылықтардың мәні мен мағынасы түсінікті, нақты, бұрмалауға келмейтіндей болуы тиіс. Егер мазмұны жалпылама, бұлыңғыр болса, онда білім мен тәрбие іргетасы осал үй болып шығады. Ұлт қамын, тіл қамын алдымен ойлаған Мұхтар Шаханов ақынның «Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала, мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға» деген ескертуі әрқашан есімізде болғай.

«Жаңа қазақстандық ұлттық мектеп» Тұжырымдамасы туралы материалдар  «Ақиқат» журналының келесі сандарында жалғасын табатын болады.

       Әділхан Дүйсебек,

«Ы.Алтынсарин», «А.Байтұрсынов»  төсбелгілерінің иегері

865 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз