• Еркін ой мінбері
  • 30 Қыркүйек, 2022

Ғылым-білімге  ұмтылу –   ұлтымыз үшін  анағұрлым  маңызды

Пернебай Дүйсенбин – есімі көпшілікке жақсы таныс қаламгер, балалар жазушысы. Пернебай ағамыздың тұрғылықты мекені – Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласы. Ақсақалдық жасқа жеткен тұлғаның кеудесі қазына, қаламы жүйрік. Өмірден көрген-түйгені мол, ұлағатты қаламгермен белгілі журналист Есет Досалы арнайы жолығып әңгімелескен екен. Сол сүбелі сұхбаттың қоғам, ел, руханият жайындағы өзекті тұстарын іріктеп, оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік.  

– Пернебай аға, өткен замандарға ой жіберсек, қандай оқиғалар көбірек есіңізде қалды. Әңгімені осыдан бастасақ...

– Сонау  1959  жылы  өз  туған  топырағында  небәрі  29  пайызды  құраған  қазақ халқы  небір  демографиялық  дүрбелеңдерді  бастан  кешті ғой.  Мысалы, 1926 жылы Бүкілодақтық  халық санағында  Қазақстан  қалаларындағы  қазақтар  саны 14,4  пайызды  ғана  құрады. 1921 жылы Қазақстанның  батыс  аймақтарын  шарпыған  ашаршылық, 1932-1933 жылғы  сұрапыл ашаршылық нәубеті  қазақ  халқының  санын  мүлдем  азайтып  жіберді. 1937-1938 жылғы  репрессиядан  соң  соғыс  өртін  бастан  кешті. 1953 жылы  басталған  тың  және  тыңайған  жерлерді  игеру  науқанына  байланысты  Қазақстанға  таудан  құлаған  сел  нөпіріндей  ақтарылған  өзге ұлт  өкілдерінің  жаппай  қоныс  аударуы  ұлтымыздың   пайыздық  үлесін  мүлдем  құлдыратты.  Екі-ақ  мысал  келтірейін. 1963 және 1964 жылдары  студенттік  отрядтар  құрамында  Қостанай  және  Солтүстік  Қазақстан  облысының  совхоздарында  астық  жинауға  қатыстық.  Сонда  жаңадан  орнаған  совхоздардағы  қазақ  отбасылары  некен-саяқ  қана  жолыққанын  көрдік.  «Пригородный» совхозының  екінші  бригадасында  бір-ақ  қазақ отбасы  болды. Балаларының  барлығы  орысша  оқиды. Ал 1962 жылы  Алматыдағы  қазақтардың  үлесі 11 пайыз. Оның  үш  пайызын  студенттер  құрайды.  Қалған 8 пайызының басым  көпшілігі  орыстанып,  саны  көп  ұлттың  құрамына  жартылай  жұтылып кеткен. Жарты миллионға  жуық  халық тұратын Алматыда  жалғыз-ақ №12 қазақ  мектебі  болды. Міне, осындай  деректерден-ақ  ұлттық  тіліміздің  дамуы  қай  деңгейде, қандай  теперіштерді бастан  өткергенін  көруге  болады.

Н.Хрущевтің  тұсында зор қарқынмен  бастау  алған  орыстандыру  саясаты,  одан  кейін де жымысқылық тәсілмен  жүзеге  асырылған тілімізді  кемсіту саясатының  куәсі  болдық. Біраз жергілікті  газеттеріміз орыс тілінен аударма  түрінде  шыққандығы аға  ұрпақтың  есінде. 1986 жылғы  Желтоқсан  көтерілісінен  кейін  Мәскеуден келген СОКП  ОК  хатшысы  Разумовский беті  шімірікпестен «Неге Алматыдағы  қазақтар  саны  он  жеті  пайыздан  асып  кеткен?» – деп  төмендегілерге  шүйліккен. Ал  сол Орталық  партия комитетінің  жауапты  қызметкері  Мищенко  деген  ұлты неміс  болса да  қаны  сұйылған  қазақтарды  он орап  кететін  атақты Герольд  Бельгерге: «Қазақ  тілінде  небәрі  екі жүз-үш  жүздей  ғана сөз бар екен ғой», – деген. Сонда  Бельгер  астамсыған  төреге оның  ой-өріс  деңгейінің  қаншалықты  екендігіне  іштей  таңдана  отырып,  қазақ  тілінің  түркі халқы тілдерінің  ішіндегі ең  бай тіл  екендігін  нақты  дәлелдер  келтіре  отырып,  оны орнына  қойған  ғой. Діл  дегеніміздің  өзі  белгілі бір  нақтылы  тарихи  ортада  қалыптасқан  мінез-құлық, іс-әрекеттердің  болмысы,  яғни  ғылыми  тілмен  айтқанда  менталитетіміз ғой... Заманның  ағысына  қарай  адамның  ниеті,  пиғылы,  жан  дүние  ауаны  өзгертіп  отыратындығы  ақиқат. Жыл  өткен  сайын  замана  ағысы  күрделеніп  барады. Байлар  байлығына  мастанып,  небір  даңғойлықтың   көкесін көрсетіп  жүр. Бір  бай бизнесімен  баласының  үйлену  тойына  сонау  Мәскеуден  арнайы  чартерлік  рейспен 78 мың  долларлық  үйдей  торт  әкеліп, елді  таңдандырды. Сол оңтүстік  қалаларының  бірінде  беташарға  әр  жігіт бір миллионнан  ақша салып, елдің  жағасын  ұстатты. Интернеттік  желі, замануи байланыс  құралдары   адамзат  алдында  бүкіл  әлемді  жалаңаштап  тастады. Ешнәрсе  құпия  болудан  қалды.  Батыс  әлемі  мен  мұхиттың  арғы  жағындағы  елдердің  арулары  бар тәнін  жалаңаштап,  өздерін  күн  сайын  жарнамалап келе  жатқан  «өнегесі» біздің  қаракөздерімізге  де  жұғысты  бола  бастады. Үшінші,  төртінші рет  күйеуге  шыққан  әншілердің,  әртістердің  жарнамалары  интернет   бетін  бермейді. Басына  сәукеле киіп,  жалаңаш  суретке  түскен қазақ  аруы  қаншама шу  туғызды. Олар өнегелі сөз  айтқандарды «уятмендер» деп  ащы  кекесінмен  түйрейтінді  шығарып алды.

Абай айтпақшы: «Қызды  айтсам, қызықты  айтсам  қыздырмалап, бір сөзімді тыңдар ең  мыңға  балаптың»  кері күн  өткен  сайын  үдеп  барады. Сәулет  өнерінің  небір  ғажайып  нұсқаларымен  безендірілген  тойханалар  ел-елде,  жер-жерде  қаптады. Той,  салтанаттан  тыс  ас берудің өзі  бәсеке  жарысқа  айналды. Бибігүл  Төлегенова  күйіне  жазғандай: «Қазіргінің той  дастарқаны қайсы, ас, қаза   дастарқаны  қайсы  екенін ажыратудан  қалдық» деген  сөзіне  күнделікті  куә  болып  жүрміз.

Өзекті жайттарды қозғап өттіңіз, аға. Қоғамда болып жатқан тағы да нендей түйткілдер сізді ойландырады? Оларды шешудің жолы бар ма? Нені ескеріп, неден сақтануымыз керек?

– Бір өкінішітісі, қымбат  үй салып, қымбат  көлік  мініп,  мол ақша  табу  өміріміздің  басты  ұранына  айналды. Керісінше, қоғамымызда несиеден  несиеге,  қарыздан  қарызға  ұрынып,  таңы айырылып  жүрген  жандар  қарасы  көбейе  түсті. Осындайда  халықтың  сүйікті  әншісі  Роза  Рымбаева «Айналайындар-ау, сендер  аста-төк шалықтап  жүрсіңдер, бір  шаңырақтарда қара нанмен шай  ішіп,  жүрек  жалғап  отырғандар бар екенін ұмытпайық» деп тоқтам  айтқаны  көңілге қонады. Бүгінде  дандайсыған, бос  кеуде жұлдызсымақ  әншілерден  аяқ алып  жүре алмайсың. Әлемге қазақтың қобызын,  домбырасын танытқан, жат жұртқа қазақ әнін айтқызған әлемнің  ізгілік  елшісі Димаш  Құдайберген кешегі  алапат ковид  кезінде өзі туып-өскен Ақтөбесіне әлеуметтік  жағынан аз  қорғалған жерлестеріне бес жарым тонна азық-түлік  жіберген азаматтығы біздің  жастарға шынайы  үлгі  емес пе?!

Жастың да, жасамыстың да бүкіл ақыл-есін билеп алған ащы ішектей  созылған түрік  сериалдары  әсіресе әйелдеріміздің  бар  жан  дүниесін жаулап, санасын сиқырлап алса,  жасөспірімдердің  қалта телефондарындағы  сан  мыңдаған  тик-токтар миларын жегі құрттай жеп, жан дүниелерін виртуалды әлемге  байлап беріп отыр. Олар үшін тамылжыған  табиғат, бұлақ суының сыңғыры, құйқылжыған  құс әуені, айдын көлдің айна келбеті, гүлдердің  жұпар иісі, арайлап атқан таң  мен  манаурап батқан  күн  түк  қызық емес. Қос құлақты  бітеп алып,  көшемен меңірейіп кетіп бара жатқандарға аянышпен  қарайсың. Құлақ та тұмша, көңіл де тұмша. Ұлы Жаратылыстың  аялы  құшағынан ажырап  бара жатқан  болмысымыздың  қайда апарып соғары белгісіз. Қазір  жастар  түгіл, ересектердің  өзі  номофобиялық  ауруға  бой алдырғаны жасырын емес.  Сондай-ақ  сыртқы  көрікке,  әсем  киімге, алтын, жақұтқа  ғана мән беріп, ішкі дүниесі  жұтаң  тартып бара жатқан жастардың тағдыр-талайы  қалай  болары  бұлыңғыр.

Қойын  дәптерімде осыдан бес-алты жыл бұрын жазып алынған мәліметте  мынадай  дерек  келтірілген. 2014-2015 жыл шамасы. Әрбір 100 үйленген  жастардың бір жыл көлемінде  ажырасу деректері  Түркіменстанда  1 жұп, Тәжікстанда 2 жұп, Өзбекстанда 6 жұп, Қазақстанда 43 жұп екен.

Орта  Азиядағы  өзге  туыстас  елдерге  қарағанда бізге жат «жетістіктермен» ерте  ауызданғандығымыздың  «жемісін» молдау  татып  отырғандығымыздың  себебін  жоғарыда  айтылған  жайлармен  біршама  байланыста  қараған жөн.

Дін  мәселелері турасында айтарыңыз аз емес сияқты.

–Біз өмір  сүріп  отырған  Отанымыздың  зайырлы  мемлекет  екендігін  естен еш  шығармауымыз керек.Тәуелсіздіктің  алғашқы  жылдарында  берілген  еркіндікке  орай  діни  ілімге  ықылас  қойған  жастарымыздың  әр  бөлек  ағымдағы  шетелдегі  діни оқу  орындарына  оқуының  нәтижесін  бүгінде  көріп  жүрміз. Қазақ халқының  дәстүр-салтымен біте  қайнасқан  ханафилік  ілімді шетқақпай, тәркі  қылып, теріс  ағымдағы  түрлі  ұстанымдарды  ту етіп  ұстанушылар легі көбеймесе, азайған жоқ. Басын қап-қара орамалмен тұтас  тұмшалағандар, көз аңғалығын ғана көрсетіп орамал тартқан  әйелдер  қай қалаға  барсаң да алдыңнан шығады. Шолақ шалбар, қаба сақалдылар да молынан кездеседі.

Ел-жұрттың  аманында  туған елін, жерін,  әлпештеп  өсірген  әке-шешелерін тастап, сонау  Сирияға отбасымен  аттанып,  бүлікшілер  тобына  қосылып, «Әлемдік  халифат»  жасаймыз  дегендерге  ілесіп, қаншама  қазақ  жігіттері  жат  жерде  құрбан болды. Ал әйелдері мен  балалары ше?! Қазақстан  басшылығының  ізгі қамқорлығының  нәтижесінде, «Жусан» операциясы  арқасында  қаншама  жесірлер мен жетімдер елге оралды. Бармақтай емес,  батпандай бақ іздеп  барып,  барынан  айырылған  әйелдердің  көз  жасын көрдік. Адамшылықтан  жұрдай, соқыр  сеніммен санасы  уланған сезімсіз еркектердің үш рет «Талақ!» деп айтып,  әйелдерді керексіз,  аяқасты  мүліктей  қылып, далаға  лақтырып кететін тағылық  тірліктері төбе шашыңды тік  тұрғызады.

Осыдан  үш жылдай  бұрын  алғашқы  күйеуі қаза болған соң, сол  өзі өмір  сүріп жатқан  ортада жесір  әйелдің  басы бос  жүруі үлкен күнә  саналатындықтан  16 рет күйеуден  күйеуге  «лақтырылған»  әйел тағдыры туралы хабар көп елдің есінде болар.

Әсіредіншілдіктің  бір көрінісі  ораза  айында ауыз бекіту науқаны кезінде белең алғанын жасырып-жабуға болмайды. «Ана тілі» газетінде  бұл  мәселе орынды көтерілді. Онда былай  делінген: «...кіп-кішкентай  балалардың өзі ораза ұстауды  сәнге айналдырғысы келетіні ойландырады. Әрине, балалық,  жастық максимализм – табиғи  нәрсе. Дегенмен ондай  ұшқары  әрекеттің зиянын мектепке  сілтеп қоймай, алдымен ата-аналардың  өздері  түсіндіруі  керек. Оған қоса,  діннен  бұрын  ғылым-білімге  ұмтылу  ұлтымыз үшін  анағұрлым  маңызды.    Жасына  жетпеген  балаларды  ораза ұстауға  мәжбүрлемеуді  сұраймыз».

Орыста «От одной  крайности к другой  крайности бросаться»  деген тіркес бар. Оны бір қиырдан бір шиырға  асығыс  құлаш ұратын баянсыз тірлік деп тәпсірлегеніміз  жөн болар. Қай тірлік  болғанда да  қонысқа  жайлы, тірлікке  сайлы,  тұғыры  берік, қазығы  бекем  алтын  ортаны, алтын  орданы  ұстын  етіп  ұстағанымыз жөн.

Жалпы, қоғам жайын тілге тиек еткенде, елімізде жүргізілген реформаларды айтпай кете алмаймыз. Оның біраз сәтсіз болғанын көз көрді. Мықты ел болуымыз үшін қандай мәселелерге назар аударғанымыз жөн?

– Келешек  қоғам, заманауи  тілмен  айтсақ, іске  мықты,  биік мақсаттарға ұмтылған  креативті  жастарды  молынан  қажет етеді. Қоғамды  ілгері  сүйретіп, аршындап  алға  басқан  қоғамның  қозғаушы  күші  білімді, ілімді, ілкімді  азаматтарымыздың,  жастарымыздың  қолында екендігін естен  шығармайық. Біздің  мемлекетіміз де тұғыр,  тиянағы  жоқ  уралаған  реформалардың  небірін  жасады. Нәтиже  төмен.

Бір ғана  білім  саласына  қатысты  жасалған  реформалар  халықтың  наразылығын  тудырды. Ең  күлкілісі жоғары  сыныптарда  физика, химия, биология, т.б. пәндерді  ағылшын  тілінде  оқытамыз деп арнайы  оқулықтар  шығарып, сол пән  мұғалімдерін алты айлық,  тоғыз айлық  курстарда оқытты. Санаға  сыймайтын күлкілі жайт. Оқушылардың  басым  көпшілігі  өз ана тілінде  көңілді көншітетіндей  нәтижелер  көрсетпей  жүрген жағдайда ағылшын  тілінде  қандай  нәтижеге жетпек.

Дүние жүзінде ең  дамыған  Жапония  мектептерінде  шет тілін бала 12 жасқа жеткенше оқытпайды. Олардың  дәлелі – осы жасқа дейін әр  бала өзінің туған ана тілінде сана-сезімін,  психикасын  берік  қалыптастыру  керек. Самурайлық  рух, айқын мақсат үшін бар күшін  жұмсайтын жапондықтардың  технологиясы  әлемді  жаулап алып отырған жоқ па?!

Ал  бізде ше? Үштілділік  деп  ұрандаттық.  Жас  өскіндерді балабақшадан  басталатын тіл үйрету  қойыртпағына  батырып  жүрміз. Ұлтымыздың  ұлы  ұстазы  Ахмет Байтұрсынұлының  сөзіне  құлақ  түрейікші: «Бала бастауыш  мектепте бар пәнді тек  ана тілінде ғана  оқуы керек», - дейді. «Өз тілімен  сөйлескен, өз тілімен  жазған  жұрттың тілі еш уақытта  адамы  құрымай  жоғалмайды», - деуі ше!  Өз халқының  тағдыры  үшін жан ұшыра  алаңдаған асыл азаматтың сөз астарында  санаңа  салмақ салатын небір  ойлар жатқан жоқ па?!  Осы  быламық,  батпақпен шендескен тірліктің қандай  нәтиже  бергенін, беретінін уақыт көрсете  жатар. Әлеуметтік  желіде  қазақ жастарының  жазғандарын  оқып  көріңізші. Әріп, тыныс  белгілерін  былай  қойғанда,  жөні  түзу  сөйлем  құрай алмайтын, орашолақ  ойларын  тұздықты  сөздермен әрлегендердің  білімін, ой-өрісін,  мәдениетінің,  кісілігінің  қаншалықты  деңгейде  екендігін  білгеніңде,  ішің  ауырады. Сөйлеу,  ойлау  мәдениеттері  көңілді еш  көншітпейді.

 Өзіңіздің жеке шығармашылығыңызға қарай ойыссақ, сіз мамандығыңыз  журналист болғанымен мектеп  саласын  таңдаған екенсіз. Журналистикаға  6-7 жыл ғана уақыт арнапсыз. Неліктен олай болды?

  – Журналист  болсам да  аудандық  партия комитеті  мен  атқару комитеті, облыстық  оқу бөлімі  мектеп  директорлығына  жіберді. Сол жылдардың  өзінде  біршама  басылымдарға  қатысып  тұрдым. Жаңатас  қаласындағы «Қаратау кеншісі – Горняк  Каратау» газетінің  орыс  бөлімінде бір жылдай істедім.  1998 жылы комбинат  басшылығы  мені  «Қаратау» ТКӨК-інің  ақпарат бюросының  бастығы – газет редакторы  етіп  тағайындады. Осы  жылдары  облыстық  газеттерге  белсене  қатыстым. Әлдихан Қалдыбаев  ағамыз  қолыма  «Ақ жол» газетінің  штаттан  тыс  тілшісі  куәлігін  ұстатты.

Өзіңіз ғұмыр кешіп жатқан ғажайып өлке – Сарысудың  бүкіл  тарихын  жазғаныңызды жақсы білеміз.   Әдеби  көркем  кітаптарыңыз  өз алдына  құнды. Одан  басқа  «Сарысунама», «Шежірелі  Сарысу»  кітаптарыңыз  бар. Осы  жайлы  тарқатып  айтсаңыз.  

– 1997  жылы  оңтайландыру  ықпалымен Сарысу ауданы мен Жаңатас  қаласы  қосылды. Аудан  орталығы  Саудакенттен  Жаңатас  қаласына  көшірілді. Бұл бір  беймаза  шақ болды. Жаңатас  кеншілері  айлықтарын  ала  алмай,  аштық жариялады. Комбинат  бір қолдан екінші қолға  өтіп жатты. Сондай  қиын  кезеңде  ауданға  әкім  болып  Серғали  Айдапкелов келді. Кеңестік   жүйе  тәрбиесін көрген, әртүрлі  лауазымдық  қызмет атқарған  жігерлі, тәжірибелі  азамат ауданда  қордаланған  күрделі  мәселелерді шешуге тер төкті. 2003 жылы Сарысу  ауданының  құрылғанына 75 жыл  толған еді. Соған орай  аудан  тарихы  туралы кітап  дайындау  мәселесі  көтерілді.  Таңдау  маған түсті. Әкіммен  келісе  отырып, бүкіл ауылдық округ әкімдеріне, барлық мектеп, мекеме  басшыларына арналған 60 пункттен  тұратын естелік  дайындап  тараттық. Уақыт  тығыз. Қыркүйек  айында  мерекелік  іс-шара  өткізілуі тиіс. 20 тараудан  тұратын  кітаптың  жобасы  жоспарланды. Мол  деректер көзі  сұрыпталды. Ертеректе  ауданның  40, 50 жылдығына  орай  газеттерге  жарияланған  естеліктерді  жинақтадық.  Мол фотодеректердің  көзін таптық. Көзі тірі  белгілі  еңбек, соғыс  ардагерлерінің  естеліктерін  жазып алдық. Көрнекті  журналист,  аудандық  мұражайдың  негізін  қалаған  аяулы  ағамыз Төкен Мақашевтің,  ақын, журналист, жазушы  Дулат Шалқарбаев  ағаларымыздың  жиған-тергендері көп  көмегін  тигізді. Бұл алғаш  шыққан «Шежірелі  Сарысу» кітабы еді.

2008 жылы ауданның  80 жылдығы  кең  көлемде,  салтанатты  жағдайда  атап  өтілді. Аудан әкімі  Болат Мәдікенов,  бұл орайда,  үлкен  ұйымдастыру  шараларын  жүргізді. Үлкен, ғибратты  істердің басы-қасында  жүретін, Сарысу, Талас, Созақ аудандарының Құрметті  азаматы, комбинат  басшысы  Мұратқали  Сәрсенов  үлкен автоэкспедиция  ұйымдастырып, қырық адамдай  топ  мүшелері Сарысу  ауданының  алғашқы  құрылған  жері,  осы күнгі  Қарағанды  облысы,  Жаңаарқа  ауданы, Түгіскен ауылына  барды, 1932-1933 жылғы   шұбырыншылықта  қаза болғандарға  арнап,  Түгіскен  ауылында үлкен ас беріп, сұрапыл нәубет  құрбандарына  құран  бағыштады. Іс-шарадан апта  күн  бұрын  аудандық мәслихат  хатшысы, марқұм  Мейрамбек Есмаханов  екеуміз  алдын ала барып, сол ауылдың  орталық  алаңына  биіктігі  төрт метрлік  стела – ескерткіш  тақта тұрғызу   мәселесімен айналыстық. Соған  Жәйрем  комбинатының  басшылығы  көмегін  аяған жоқ. Сол жолы  менің  кеңейтілген,  көркемдік  бет  бейнесі өзгеше, түрлі-түсті  фотолармен  байытылған,  аудандағы  барлық  ауыл-аймақтың  қысқаша  тарихтары  қамтылған «Сарысунама»  атты  үлкен  томым  жарық көрді.  Ауданның  шынайы  келбетін  бейнелейтін  жаңа  гербісі  мен  отыз екі  минуттық «Шежірелі  Сарысу» атты  деректі фильмнің  әрі авторы  әрі  продюсері  болдым. Өте  әсерлі  шыққан  деректі  фильмге  қалың  халық  қол  соғып, қошеметпен  қарсы алды.

Жас  күніңізде  Алматыда  жүрдіңіз  ғой.  Қазақ  әдебиетінің алыптарымен  жеке  кездескен, батасын алған кезіңіз бар шығар.

– Мен оқуға 1962 жылы түстім. 1964-1967 жылдары  әскер  қатарында болдым. 1969 жылы оқу бітірдім. Біздер оқыған кезде  қазақ әдебиетінің  Мұхтар Әуезовтен  басқа  алыптарының  бәрі дерлік тірі еді. Кездесулерге  қатыстық. Сол жылдары  Қазақстан комсомол  комиетінің  бірінші басшысы Өзбекәлі Жәнібеков  жемісті  қызмет етті. Рухы сергек, әдебиет пен  өнердің, мәдениеттің шынайы  жанашыры  болды. Кабинетіне Сәбит Мұқанов  келіп, «Жұпархан» поэмасын  әдебиет  сүйер  жастар алдында  оқыды. Өте көпшіл, әңгімешіл, ақжарқын  жан екендігін сол  сәтінде-ақ  байқадық.  Сонда  ақын Тұманбай  Молдағалиевты алғаш көрдім. Әрі қызулана, әрі шешен сөйлеген Әбіш Кекілбаев екеуі  айтысып қалды. Бүкіл кеш бойы есіктің  ішкі  жақтауына  сүйеніп тұрып  тыңдаған Асқар Сүлейменов  ләм-мим  деп тіл қатқан жоқ. Өзбекәлі  аға  аса  сабырлы,  ілтипатпен  кездесуді  қорытындылап,  абыз  жазушыға  алғыс айтты.

Ғабит  Мүсіреповті, Ғабиден Мұстафинді,  Тахауи  Ахтановты, Қасым Қайсеновті, Қадыр  Мырзалиевті, Рамазан Тоқтаровты,  Хамит Ерғалиевтерді, т.б.  тыңдадық. 1964 жылы Сәкен Сейфуллиннің  70 жылдығына  байланысты іс-шаралар өтіп  жатты. Өзім  пәтер  жалдап  тұратын  бұрынғы  Комсомол көшесінің  бойында  Пушкин  атындағы   республикалық көпшілік  кітапханасы бар еді. Арамыз 150-дей-ақ  метр жер. Менің  ең  сүйікті «құт  қонысым» болған,  осында Ғабиден Мұстафин аға, Сәкеннің  туған  бауыры Мәжит Сейфуллин,  аяулы  жары  Гүлбаһраммен  кездесу  өтті. Ғабиден  аға  асықпай,  саспай  сөйлейтін  қоңыр дауысымен Гүлбаһрам  апаның  ерінің  артын  күтіп, еш тұрмысқа  шықпаған  тарихын, сол 37-інің  зұлматында Сәкеннің  біршама  заттарын,  кітаптарын, қолжазбаларын  өзі тұрған үйдің  артындағы алма  ағашының  түбіне  мұқияттап  көміп,  бүгінге  жеткізген  ерлігін  тебіреніспен  баяндады.

Жалпы мен Ілияс  Жансүгіровтің  сүйіктісі   болған Фатиманы да,  Бейімбеттің  зайыбы Күлжәмиланы да көрдім. 1964 жылы  мен  әскерге  кетерден  ай жарым  шамасы  бұрын  Алматыдағы  Жастар  театрында  республикалық  театрлар фестивалі өтті. Сонда  Гурьев (осы күнгі  Атырау)  облыстық  драма театры  қойған «Шұғаның  белгісі»  пьесасы  бірінші  орынды  жеңіп  алды. Жеңімпаз театрдың осы  қойылымы қалың  көрермендерге  қайта ұсынылды. Бір қызығы, 4-қатардағы орным  даңқты  актер  Серке  Қожамқұловпен  көрші  болды. Спектакль  аяқталған соң  әртістерді  қошеметтеу  салтанатында  Бейімбет ағаның  жары адамның  аза бойын қаза  қылған  зар  дауыспен  жоқтау  айтып,  сахнаға  көтерілді. Өн бойында  кісіге  деген  қылдай  қиянаты  жоқ  аяулы  ардағын қазақи зармен  жоқтауға  қосты. Менің де  көзіме  жас келді.  Қасымдағы Серке аға  орамалымен  көзінің  жасын  сүртіп жатты. Осы бір ауыр сәтте  залда  жыламаған адам қалған жоқ-ау.

Нақты бір  кісінің  батасын алдым деп  айта  алмаймын. Бірақ Әзілхан ағамен  байланысып  тұрдым. Менің  бірер  шығармам  жөнінде «Қазақ әдебиеті» газетіне  жазды.  Менің пікірімше, қазақ әдебиетінде ең үлкен  эпистолярлық  мұра Сәбит Мұқановта  болды. Ол кісінің «Ботагөз», «Мөлдір  махаббат», «Сұлушаш», т.б,  шығармалары  хақында  хат жазған  оқырмандар  мыңдап  саналатын. Мен кездестірген  қаламгерлер  арасында  бүкіл болмысы  періштедей  таза, мөлдір  жүректі  жан  Әзілхан  ағаның  «Махаббат, қызық мол жылдар», Бауыржан  батыр  туралы «Ақиқат  пен аңыз» романдары  оны  халықтың  ең  сүйікті  жазушыларының  қатарына  көтерді. Әзілхан ағаның  сырт көркі де,  ішкі жан дүниесі де сұлу аяулы жары  болған Халима  жеңгеміздің   дүние  салуы  жазушыға  аса  ауыр  әсер етті. Соңғы рет  барғанда  бір машинаға  жүк болар  қолжазбаларын,  хаттарын, т.б. мұрағаттық  дүниелерін  жік-жігімен топтап  жатқанының  үстіне  түсіп, біраз әңгіменің  басын  қайырдық.

Ағаның  хат  жазуының  өзі  ерекше  болатын. Мысалы,  адрестеген  адамның  атын қызыл түспен, ал мәтінін қара түспен  жалғап  жазатын. Оның  халықтың  нағыз  сүйіспеншілігіне  бөленгенінің  үлкен куәсі –  баспалардың  жағдайы  болмай жатқанда  бір-екі  демеуші  азамат  өз қаржыларына  он  томдығын  шығарып  берді. Халима  жеңгеміз  қайтыс  болғаннан кейін  тағы да бір қамқор  жігіттер  Маңғыстаудың  аппақ  қардай  ұлу  тасынан  Кеңсай  зиратына   екі  адамдық  күмбез  тұрғызды.  Соңынан «Махаббат  мұнарасы»  атанған сол күмбезді  кесенеге  2011 жылы  дүние салған  асыл  ағамыз  аяулы  жарының  жанынан  мәңгілік  қоныс тепті.

Қандай  қаламгерлермен шығар-машылық байланыстасыз?

– Өткен шақ туралы айтар болсам, атақты  ақынымыз  Қадыр  Мырзалиевпен,  Қали Сәрсенбай  жазғандай,  «алты академикті  орап кететін» атақты  Ақселеу Сейдімбекпен, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаттары, қырғи тілді  сықақшы,  ақын, сазгер, этнограф Қажытай Ілиясовпен, жазушы, баспагер  Жақау  Дәуренбековтермен жақсы қарым-қатынаста  болдым. Өкініштісі сол, осылардың  барлығы  өмірден  өтіп  кетті. Қазіргі  таңда көзі  тірілерден  сексеннен асқан  Кәдірбек  Сегізбаев пен  шәкірт  інім Қали Сәрсенбай  бар.

Облыс аумағында тұратын  жазушылардан қаламгер Елен Әлімжанмен  үнемі  байланыстамын. Оның кесек  туындысы,  кең  ауқымды «Анажар»  романы  туралы  үлкен мақала  жаздым.  Ауылда  тұрса да  сырлы  сазды,  туған елінің, табиғатының  тамыршысындай  жырлар  жазған Қуандық Шолақовты  қадір  тұтам. Қысқа  қайырым, ұшқыр  оқиғалы, әр әңгімесінің  астарында езуге  еріксіз  күлкі  үйірілтетін  астары бар  қысқа  әңгімелердің  шебері  Оралхан  Дәуіт осы салада  жемісті  қалам тербеді.  Бүгінде  күш - қуатына, жүйкеге  салмақ салатын газет  жұмысы оның  шығармашылығына  аздап  тұсау  салып  жүргендей  әсер  қалдырады. Прозашы Көсемәлі  Сәттібайұлы да   өнімді еңбек етіп жүр.  Айша  Көпжасарова, Шырын Мамасерікова, Баймұханбет Ахмет, Үміт Битенова  әріптестерімнің  жазғандарын  ілтипатпен  қабылдаймын. Ойлы,  тегеурінді,  астарлы,  поэтикалық  сезімге бай  жырлар  жазатын Ғайни Әлімбекованың  жырлары  көңіліме  қонады. Жас ақын Нұржан Қадыралының  республикалық  конкурста  бас  бәйге  алған  жырлар  циклі  оның  буырқанысқа  толы   ішкі  сезім   әлемінің   өрісті   екендігін  танытты. Балалар  тақырыбына  үнемі  қалам тербейтін Марат Құлибайұлының  «Апамның  аялы  алақаны» жинағы көңілге  жылы әсер қалдырды.

Балалар әдебиетіне қалам тарттыңыз. Биыл елімізде «Балалар жылы» аталып өтіп жатыр. Қаламгерлік жолыңыздың осы бір тұсы туралы айта отырсаңыз...

– Сонау  жетпісінші  жылдардың  ортасынан  бастап  Қазақстанда  жасөспірімдер  мен  балаларға  арналған Қазақ КСР  Баспа, полиграфия, кітап саудасы комитеті, Қазақстан ЛКЖО ОК, Қазақстан Жазушылар  одағы  және «Жалын» баспасы  бірігіп  ұйымдастырған  республикалық  жабық  конкурстың 1979, 1980, 1981, 1986  жылдардағы  жеңімпазы  болдым. Алдыңғы  үш  жыл бойы  уақыт  аралатпай ылғи  жеңіс  төрінен  көрінуім  мені  әдеби ортада  бірден танымал етті. 1994 жылы  «Балауса» бәйгесінде де оза  шаптым. 1996 жылы «Парасат» журналының  лауреаты  атандым.  Араға  біраз жылдар  салып барып,  үлкен  шежірелік «Үркердей болып көшкен жұрт...», «Шеркешнама» кітаптарын  аяқтап, көңілді  демдеген соң  халықаралық деңгейде  өткізілген  «Дарабоз» бәйгесінде  бақ сынадым.

2013 жылы екінші  жүлдесін, 2015 жылы «Дарабоздың»  он жылдық  мерейлі  мерекесіне  орай  өткізілген  конкурста «Есен-сау  жүріңізші, асыл ата»  повесім аламан бәйгеге  қатысқан 533 автордың  ішінен  Бас жүлдені қомақты  сыйлығымен  қоса  иелендім.  Министрлік тапсырмасы  бойынша жедел түрде  повесть өте  әсем безендіріліп, «Дәуір» баспасынан шығарылды. Сөйтіп еліміздің  кітапханаларына  таратылды. 

Бүгінде Сарысу ауданының  Құрметті азаматысыз. Сіз  үшін  құрмет, атақ дегеннің  мәні  қандай?

– Ауданның  «Құрметті  азаматы»  атағы  маған 2001 жылы  берілді.  Қазір  түрлі  мемлекеттік  мекемелердің,   ұйымдардың, қоғамдық  бірлестіктердің, оқу орындарының өз медалі,  тіпті  ордендері бар. Мысалы, 2020 жылы мен  ақтөбелік  журналист, республикалық «Спорт  жұлдыздары» журналының  бас редакторы  Мұсағали  Тасқалиевтің  ұсынысымен, онымен  бірлесе  отырып, Ұлы  жеңістің  75 жылдығына  орай  қазақтан  шыққан  Кеңес Одағының  Батырлары  және өзге  де  ерлер  туралы  түрлі- түсті «Ұлт  батырлары» деген  кітап  шығардық. Сол кітап үшін  мені  академияның  мерекелік  медалімен, «Спорт  жұлдыздары»  журналының  Құрмет  белгісімен, республикалық «Ер намысы» қоғамдық  бірлестігінің №02  «Ұлы  Дала Батыры»  орденімен  марапаттады. Өткен  жылы Қазақстан  Жазушылар  одағының  жоғары  әдеби  марапаты халықаралық «Алаш»  әдеби  сыйлығы  берілді.  

Осы  орайда мына  бір  тәмсіл  еске  түседі. Ертеде  әлемнің  данагөйлері  бас қосып, адамзат  баласы  болмысын,  тіршілігін  қысқа да нұсқа  бір ауыз сөзбен  тұжырымдайтын  даналық  сөз  нұсқасын  табуға  ақылдасады. Әр арналы, әр алуан  пікірлер,  небір көзқарастар қақтығысынан  соң: «Бәрі  өткінші!»  деген  қысқа тұжырымға  тоқтасып,  қол қояды.  Астарына  алапат  сыр  бүккен  осы  дәйекті  даналық  сөз  адамды  көп  ойға  жетелейді.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Есет ДОСАЛЫ

2566 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз