• Еркін ой мінбері
  • 30 Қыркүйек, 2022

«Беу, Бурабай, баурайың кие қандай!..»

Абат Қыдыршаев,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Махамбет» республикалық әдеби, мәдени және  танымдық журналының
Бас редакторы, «Үшқоңыр» республикалық газетінің меншікті тілшісі, академик

Биыл маусым айының 30-ы мен шілденің 13-і аралығында Көкшетау елінде, Бурабай жерінде болудың сәті түсті. Бурабайдың нулы да сулы жерін армансыз араладым. Айнакөлдің суына емін-еркін молынан шомылдым. Көкше өңірі, Бурабай табиғаты туралы не айтуға болар?! Қазақтың аса дарынды ақын ұлы Сәкен Сейфуллиннен сөз қалған ба?.. «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы, Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын. Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп, Жүреді біліп кетіп есен-сауын» демей ме, жарықтық! «Сексен көл Көкшетаудың саясында, Әрқайсы алтын кесе аясында. Ауасы дертке дауа, жұпар иісті, Көкірек қанша жұтса тоясың ба?» деуі дәл енді. Тек, өкініштісі, саяхат-серуенді бастаушы (гид – «quide» (француз тілінде)) Зада қарындас «бүгінде сол ақын жырлаған сексен көлдің он бесі ғана қалды, қалғандары тартылды, суалды» дегенде жүрегім сыздап қоя берді. Не істерсің?! Экология зардабының көрінісі де. Одан әрі ақын жырындағы «Ырғалған көкке бойлап қарағайы, Қасында көк желекті әппақ қайың. Жібектей желмен шарпып төңіректі, Балқытып мас қылады иіс майы» деген жолдар тұп-тура шындық. Бір жалғаны жоқ. Құдды, ақын осы жолдарды Көкше нуын аралап жүріп жазған дерсіз!

«Қарағай биік шыңды қиялаған, Еш адам оны барып қия алмаған», «Бір жұтсаң Көкшетаудың жұпарынан, Өлгенше көкірегіңнен құмар кетпес», «Сары алтын Көкшетаудың ерте-кеші, Тау мен күн сүйіскендей еркелесіп, Суретті шежіресі өткен күннің, Сілекей ағызады ертегісі»... Осы іспетті ақын тармақтарының шынайылығы сондай, өз көзіммен көріп, өз қолыммен ұстағандай болдым. Қысқасы, ақын сипаттамасының айқын куәгері болғанымды, тап солай сезінгенімді несіне жасырайын!.. (Сейфуллин С. Аққудың айрылуы. Өлеңдер мен поэма, әңгімелер мен повесть. – Алматы: Атамұра, 2003. – 39-бет.). Ата-бабамыз айтпай ма, «Жерден жердің несі артық, нуы менен суы артық. Елден елдің несі артық, еңбегі мен ісі артық. Ерден ердің несі артық, төккен тері, сөзі артық» деп. Рас-ау! Бурабай – сөзсіз, жер жәннаты. Бардың қадірін білсек қой, шіркін!

Бүгінгі Бурабай туралы не айтуға болады? Орталық-санаторий директорының орынбасары Айгүл Қайыпқызының берген мәліметіне сүйенсек, Бурабай санаторийы 129,299 га жер көлемін алып жатыр. Көкше тауының биіктігі 947 м., теңіз деңгейінен 480 м биіктікте. Төңірегі 14 өзенмен қамтылған. Бұл өңір жануарлардың 305 түрін, өсімдіктердің 757 түрін қамтиды. Ауа райы өзгермелі, қыр бөлігіне қарағанда 1,5 есе жауын-шашыны көбірек. Климаты шұғыл континентальды болып келеді. Ауа ылғалдығы 70-77%. Бурабай ауасының биологиялық құрамы адам ағзасына аса пайдалы иондарға бай. Мәселен, 1 га қарағайлы алаңы тәулігіне атмосфераға шамамен 20 кг ағзаға аса шипалы фитонцидтерді бөліп шығарады. Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы қаңтар айының 16-сындағы №176 Жарлығына сәйкес «Бурабай» Республикалық оңалту орталығы ретінде құрылған. Аталмыш орталықта табиғи таза ауа райының әсері арқылы тұлғалардың өкпе-тыныс жолдарын (созылмалы бронхит, бронхиальды астманы емдеуге тиімділігі басым) емдеуге негізделген кешенді ем-домдар қолданылады. Мәселен, климаттық ерекшелікке бейімделген қымыз-терапиясы, т.б. Бүгінгі таңда Бурабай республикалық оңалту орталығы базасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен «Курорттық және медициналық оңалту негізіндегі ғылыми-зерттеу институтын құру» мәселесі қарастырылуда. Демек, бүгінгі «Бурабай» санаторийы – адам денсаулығын жақсарту мен ұзақ жасауына бірден-бір кепіл боларлық орталық.

Қысқасы, шілде айының басында «Бурабай» республикалық оңалту орталығы-санаторийында болдым. Оңалту орталығы-санаторийы ұжымы арнайы жолдамамен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келушілерді тік тұрып қарсы алады. Ем-домның сан алуан түрін ұсынады. Біз барғанда да солай болды. Санаторий дәрігерлері, қызметшілері мен аспаздарының қай-қайсысы да, үлкен-кішілері де жымия қарсы алып, құрақ-ұшып, жүгіре жүріп қызметтерін көрсетті, ықылас-пейілдерін артығымен ұсына білді. Бұл орайда «Бурабай» санаторий-орталығының   ұжым мүшелеріне алғысымыз шексіз. Сондай-ақ, осы жазғы демалыс барысында Бурабай шипажайындағы, Бурабай кентіндегі қайнаған тірлік тұсында үлкенді-кішілі небір тұлғалармен жүздесіп дидарласқанымды қайда қоярсыз. Бір ғажабы, биылғы санаторийда демалушылардың қай-қайсысы да шетінен өнерлі, мәдениет биігіндегі тұлғалар болғаны жүрек қуантады. Барлығы да әркез бір отбасының баласындай бір-біріне бауырмал, дос, жолдас кейіп таныта алды. Байқағанымыздай, санаторийдың биылғы маусымында әйел-қыздар қауымы басым. Сәйкесінше, олардың бір-біріне сәлемдесуі де сәнді. Әдетте, әйел-қыздар бір-бірімен амандасқанда ерлерше сәлем бермейді. Бірқатары «Амансыз ба, дені-қарныңыз сау ма, үй іші, бала-шағаңыз аман ба?» деп қос қолын беріп амандасса, тұрғыластар тобы, таныс, дос-жаран, құрбы-құрдастар жағы құшақтасып, беттерін сүйіп амандасып жатады. Ал қазақи тәрбие көрген Құралай, Жанар сынды келін-сіңлілері біздің үйдегі жеңгелеріне сәл иіліп, оң алақанының сыртымен оң тізесінің көзін тең баса (кей тұста екі алақанының сыртымен екі тізесінің көзін тең баса) сәлем жасап, онан соң амандық сұрасатыны жүрек жылытады. Келін-сіңлілері сәлем жасағанда жеңгелері де қарап қалмай, «Тәңір жарылқасын! Жасың ұзақ болсын! Ұл тапқайсың!» деп бата беріп жатты. Қандай жарасымды текті дәстүр десеңізші! Демек, қазақтың сәлем салу дәстүрінде үлкен мән-мағына, мол этикалық және адамгершілік өнегенің ұшқыны жатыр. Бұл ұрпақты үлкенді құрметтеп, кішіні аялауға, ұлттық салт-дәстүрді үзбей жалғастыруға, ізгі ниетті, адал да турашыл, мәдениетті, тәртіпті де әдепті, ибалы болуға, өмірдің мәнін түсініп, тұжырымдау қабілеттерін жетілдіруге баулымақ.

Осы сапарымда Бурабай өңіріне қатысты бірер аңызға құлақ түрдім. Алғашқысы – Бурабай өңірінің пайда болуы туралы. Сөйтсек, Алла Әлемді жаратқанда бір халықтарға ну орманды, жайқалған егінді, кең дария өзенді, басқаларына әсем таулар мен көгілдір көлдерді бергенде, қазақ байғұстың үлесіне кең дала ғана тиіпті-мыс. Әрине, бұл қазаққа реніш туғызып, ол Жаратушы иемізден өзіне табиғаттың әдемі бөлігін беруін сұраған екен. Осы өтінімнен кейін Алла өзінің қоржынының түбінен заңғар тау мен жартасты, таза көгілдір көлді, шүйгін шөпті, гүлдермен көмкерілген сарылдап аққан бұлақты кең даланың ортасына өзінің мырза қолымен тастапты. Оларды әртүрлі ағаштар мен талшыбықтармен көмкеріп, орманға аңдар мен құстарды, көлдерге балықты, жайылымдарға жәндіктер мен көбелектерді молынан жіберіп, дала әлемі дүниені жүз айналсаң да таппайтындай мың құлпырып шыға келген екен. Осылайша Бурабай өңірі пайда болыпты-мыс... Сондай-ақ, Бурабайға қатысты ендігі бір аңызда Әлемді жаратқаннан кейін Алла жер үстімен ұшып келе жатып, өз қоржынынан бұлақтарды, өзен-көлдерді, таулар мен ормандарды шашып отырады.  Қазақ даласының тұсына жеткенде қоржын босай бастайды,тек қоржынның бір бұрышында кішкене ғана орманды аласа таулар, терең болмаса да көгілдір мөлдір көлдер қалыпты. Мұның бәрін қоржынынан жомарт қолымен солтүстіктің шексіз боз даласын қоюлату үшін уыстап лақтырыпты-мыс... Иә, бүгінгі ертегідей ғажайып Бурабай жері осылай пайда болған екен-мыс... Бүгінгі Бурабайдың нуы қандай, суы қандай?! Бұны өз көзіңізбен көрген дұрыс.

Ал Бурабай жерінің атауларына қатысты қаншама аңыздар желісі бар десеңізші! Табиғаты бай жердің байырғы тұрғындары қазақтар ежелден бері бұл тұсты Бурабай өңірі атаған. «Бура»– айыр түйенің қуатты еркегі. Бізге жеткен мәлімет бойынша, біртуар мен қоспақ нардың буралыққа қалдырған еркегін нар бура, таза аруана мен үлектен туғанын үлек деп атайтыны мәлім. Халық бураны мінезіне қарай түрліше атаған.Бақсақ, Көкшетау төңірегіндегі халық арасында құдіретті түйе туралы әлі күнге дейін аңыздар желісі сақталған. Бірі – таудың тағы түйесі Ақ Бура туралы аңыз. Аңызға үңілсек, Бура әншейінде үнсіз, тұйық адамдарды мазаламайтын түйе болған. Ол Көкше етегін еркін кезе жайылып, бұлақтың суына шөлін қандырып жүреді екен. Ал туған өлкеге белгілі бір бәле төніп, жұт жақындар болса, соғыс сойқаны сезілсе, немесе халық мұрасына қауіп-қатер төнер болса, Бура сол мезетте-ақ өзгере қалатын-ды. Көкшенің басына құстай ұша жетіп, қатты созыла өкіретін. Бураның сай-сүйегіңді сырқырата өкіргенінен таулар мен ормандар да шайқала дөңбекшіп, даладағы шөптер мен гүлдер солып, табындар дабылдаса жиналып, иттер ұлып, құстар шулап, аңдар тырағайлап жан-жаққа бытырай қашатын. Адамдар болса бураның үрейлі ұранын естігенде, есінен тана есеңгіреп, егер бұл кезекті жоңғар шапқыншылығы болса, біріге қамданып, малдарын құрбан атап, найзаларын үшкірлей қайрап, садақтарын сайлап, қару-жарақтың үстінен ақ көйлек киіп, келе жатқан зор бәлені «құрметпен қарсы алуға» дайындалған... Халық осы қылығы үшін де Бураны аса құрметтейтін, қадірлейтін, оны жаманның көзінен, садақтың жүзінен сақтауды жөн көрген. Қасірет айтып келе ме? Бір күні Бура суатқа бара жатқан тұста ханның еріккен баласы, тәкаппар жігіт Қасым ұшырасып, өзі секілді ноян нөкерлерінің алдында өзінің қара күшімен, «теңдессіз»мергендігімен мақтанып, ажал жебесін бураға бұрады. Бура оқыстан қадалған жебеден кілт кідіріп, оймақаса ышқына құлайды. Бураның көз жасы мен қаны сарқырап ағып жатқан бұлаққа қосылып, қайғылы қара түске боялған түнектей көлге сорғалайды. Қаны қарайған қайырымсыз хан баласы Қасымға түйенің ажал аузындағы жан азабы «ғанибет» көрінеді. Қаскөй ниетті қасиетсіз қанішер қарқылдап күліп қасиетті жануардың басына улы жебесін аяусыз қадай береді... Халқына жаққан сұлу Бура жан тапсырған жер тау-тасқа айналып, ол тау өзінің қазіргі бейнесімен түйенің екі өркешін еске салады. Содан бұл жер Бурабай тауы аталады.Осы аңыз желісін Сәкен ақын «Көкшетау» поэмасында: «Құбылаға басын беріп шөгіп жатқан, Көк мұнар қалың ойға шомып батқан. Ақ бура қабақтарын қарс жауып, Қозғалмай мәңгі жатып тас боп қатқан»,.. – деп сипаттаған-ды. Таудың тағы түйесі Ақ Бураның тағдыры осындай. Түйенің киесі бар деп осындайдан айтылса керек-ті...

Аңыздардың бір шоғыры – «Оқжетпес» шыңына қатысты. Бұл реттегі ел ауызында жүрген аңыздардың бірінен бірі өтеді. Аңыз ғой демесең, бәрі де иланымды. Бәрі де шындыққа сәйкес үйлесімді. Қалай иланбассың?!

Бақсақ, Бурабай өңірі аңыздардан кенде емес. Себебі Бурабайдың табиғатының өзі – аңызға бергісіз тұтас әлем. Кезінде аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан, артында көл-көсір мұрасы қалған қазақтың біртуар ғалымы Шоқан Уәлиханов өз жазбаларында 15-тен аса аңыз үлгілерін қалдырған екен. Ел сөзіне, қариялар көзіне үңілсек, бір ғана Бурабай өлкесіне қатысты жүздеген аңыз нұсқалары бар екен. Бұл аңыздарға құлақ түрер болсақ, әрқайсысы – бүгінгі жаңа ұрпаққа мол тағылым, әрі ем-шипа. Құдды бір аңыз-терапиясы дерлік. Әрбір аңыз – үнсіз тәлімгер дерсіз. Мәселен, осы саптан «Абылай ханның алаңы», «Қыран мен нәресте туралы», «Болжағыш қыран», «Піл туралы аңыз», «Бөлектау», «Жұмбақтас жартасы туралы», «Тассырғанақ», «Жеке батыр туралы», «Биші қайыңдар», «Балуан Шолақ пен Настасья туралы»,«Бурабай тастары туралы», т.б. аңыздар желісін атар едік.Құлаққа тисе болды ғой. Осы аңыздардың толық нұсқасы кітап дүкендерінде бар болса, ала қояйын деп Бурабай кентін араладым. Дүкен дүңгіршегінің сөресінен Гусева Людмила Анатолийқызының «Бурабай өңірінің аңыздары» атты кітапшасын көргенде, көзім жарқ ете түсіп қуанғаным рас. Көлемі 40 беттік жылтыр жұқа мұқабалы кітапшаның сыртқы бетінде Көкшенің әсем табиғаты көрініс беретін «Оқжетпес» шыңы мен «Жұмбақтас» келбеті әсем безендірілген. Кітапшаның 39-бетінде еңбектің құрастырушы авторы Людмила ханымның әдемі фотосуреті де қоса беріліпті. Ол Шучье-Бурабай курорттық аймағында туризмді дамытуға өз үлесін қосты, туған жерінің тарихын зерттеп, Бурабайға байланысты халық арасында әр кезеңде айтылған аңыз-әңгімелерді жинақтау жолында тер төге білді делінген. Құп! Еңбек таралымы 1000 дана көлемінде 2012 жылы «Орталық Азия кітап баспасы» ЖШС арқылы Астана-Москва қалаларында жарық көрген (ISBN 978-601-7164-05-8).  Кітапша Сәкен Сейфуллиннің «Талай сыр ертегіні ел айтады, Ызыңдап таудан соққан жел айтады... Толғанып төмен қарап шал айтады, Тамсанып-таңырқанып бала айтады» тармақтарын эпиграф ретінде ала ашылған. Шынымды айтайын, жерден жеті қоян тапқандай балаша қуанып, орыс қызы Людмиланың бұл еңбегіне алғысымды жаудырғалы, «Ой, айналайын!» деп айтуға оқтала бере, кілт тоқтадым. Кітап мәтіндерін оқи келе, бағанағы қуанышымның қайда кеткенін білмеймін. Құдды, жүзім сұп-сұр болып кетсе керек. Тіл жоқ, үнсіз қақшиып қаттым да қалдым. Қос құлағым да тас бітеліп қалғандай. Жанымдағы бірге жүрген жолдасымның «Не болып қалды?!» деп айтып жатқаны еміс-еміс құлағыма жеткендей...  Людмилажан-ау, айналайын-ау, халықты былай қорлауға бола ма екен?! Киесі ұрады ғой! Абырой жинаймын деп, абыройсыздыққа тап болыпсыз... Қысқасы, 40 беттік кітап мазмұны – тұнып тұрған қате, өрескел стильдік сауатсыздық. Кітапшаға енгізілген халық аңыздарының мәтіндері қойыртпақ бірдеме. Түк түсінсем бұйырмасын! Құдды бір  шала қазақтарға арналғандай. Тіпті, олар да түсінбес-ау! Мынауың кітап емес, макулатура! Жә, Людмила Гусева қазақша түсінбесін, кітап редакторы С.К.Искакова, корректоры Г.Ш.Саржановалар қайда қараған дерсің! Людмила, жарқыным! Кітаптың қазақ тіліндегі мәтінінде не жазылғанын білмесең, қазақша түсінбесең, көтере алмас шоқпарды беліңе байлап нең бар еді?! Арзан абыройға аяқ астынан кенелем деушілік, жауапсыздық орға жығар деген осы да! Қайран қор болған ата-бабамның алтынға айырбастамас аңыздары-ай!..Таудың тағы түйесі Ақ Бура ақырып, кейінгі ұрпақты көмекке шақырып жатқан шығар-ау! Оны естір кейінгі ұрпақта есті құлақ бар ма дерсіз!..

Иә, Жаратушы қазаққа таңғажайып тамылжыған теңдессіз Бурабай өлкесін сыйлаған екен... Қолда бардың қадірін біліп жүрміз бе, Тәуелсіз елдің жаңа ұрпағы!..

Осы мақаламызға нүкте қоя бергенде, қолымызға ақын бауырым Дәуірбек Дүйсебайдың «Беу, Бурабай, баурайың кие қандай!» тақырыбындағы өлеңдер топтамасы тиді. Ойымыз да бір жерден шыққандай. Мұндай да сәйкестік болады екен-ау! Керек десеңіз, біз бір-бірімізді танымақ түгіл, білмейміз де. Ақын бауырым дұрыс айтады: «Бурабайда биязы самал қандай! Қиял кеңге самалмен таралғандай. Мына тауда өрілген тақта тастар, Бір құдірет қолымен қаланғандай... Іңкәр етіп баулыған бізді үмітке, Тұнып тұр-ау бұл өлке ізгілікке. Тасқа біткен қарағай сыр айтады, Оқжетпеске өрлеген қыз-жігітке... Беу, Бурабай, баурайың кие қандай! Ұға алмаған киеңді күйеді оңбай...» («Қазақ әдебиеті» апталығы, №26, 1 шілде, 2022 ж., - 16-бет). Дәуірбек сынды ақын ініме мың алғыс! Абат ағасының таудың ақбас Бурасындай аласұра өрекпи өршіген кеудесін сәл-пәл су себелеп тыныштандырғандай. Шынында да, «Беу, Бурабай, баурайың кие қандай! Ұға алмаған киеңді күйеді оңбай...» демеске амал жоқ!

2704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз