- Еркін ой мінбері
- 01 Наурыз, 2023
Мәслихат һәм жергілікті сайлаушы үміті
Сайлау дейтін дүниені адамның көңіл-күйі мен тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық қарым-қатынастардың оңды қалыптасуына тікелей әсерін тигізіп, өзінің зор ықпалын жасайтын үлкен саяси мектеп деп қабылдауға болады. Осы саяси мектеп халқымыздың ой-өрісін, таным-білігін қай тұрғыдан шыңдап, қандай көкжиектер мен биіктіктерге бастайтыны жүректен өрілген талғам мен таңдауға қатысты мәселе болып есептелмек. Әңгіме Мәжіліс пен мәслихат жайында тармақталып отырған соң да мына бір мәселені өз дәрежесінде ұғынуымыз керек.
Мәжіліс тұтас мемлекеттік дәрежедегі қызметімен байқалатын болса, жергілікті жерлердегі мәслихаттар, әлбетте, өңір мен аудан-ауылдардың қан тамырына жан бітіріп, өмірлеріне шырай кіргізуге тиіс. Мәслихат депутаттарына артылар жауапкершілік осы тұрғыдан келгенде, сәл басқашалау ма дейміз. Себебі олар тікелей ауыл жұртымен, аудан тұрғындарымен саяси-қоғамдық, мәдени-экономикалық, әлеуметтік сұрақтар төңірегінде мүдделестік танытып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ой тоғыстыра білуі тиіс. Жол көрсетіп, жоба нұсқап, мына бір жерде былай жасайық, мына бір тарапта осылай әрекет етейік деген ниет пен меже ең алдымен мәслихат депутатының көкейінен көрініс тауып, жалпақ жұртқа тарауы қажет. Абзалы сол. Бұқара ел күнделікті күйбең тіршіліктің қамытын киіп жүргендіктен, саяси-қоғамдық өмірдің бел ортасынан әрдайым табыла бермейтіні түсінікті ғой. Есесіне, олар өмірдің жақсарғанын, тұрмыстың түзелгенін атқарып отырған еңбегінің жемісінен көре білуі керек. Ол еңбектің берекелі болуы мен нәсіп молшылығының жеткілікті дәрежеде отбасыға қомақты кіріс ретінде енуі сонау әкімшілік ғимаратының залында отырған мәслихат депутаттарының жұмыс тиімділігіне тікелей байланысты. Мәслихат депутаты маңдай терін сылып, өз мойнына алған жауапкершілікті орындауға білек сыбана кіріскенде ғана нәтиже болмақ. Жайбарақат отыру, ұйықтап отыру, сылбыр күйде алдындағы перне нүктесін баса салу, заң-закүннің кемшін тұстарын аңғармастан ләббай тақсырлап қол көтере салу – кешегі күннің еншісінде қалатын келеңсіздік болуға керек. Ендігі атқарылар жұмыс – ширақ, мақсұт – зор. Барлық іс-қимыл әрекетің айнадай жарқырап көрініп тұратын бүгінгідей заманда депутаттың бет-бейнесі мен ары берген антындай таза әрі мөлдір, шынайы болмаса, жасаған еңбегі біреу-міреулердің жеке мүддесіне емес, халықтың мұң-мұқтажына бағытталмаса – бәрі бекер. Ондай жерде сенім де сетінеп, үміт оты да өшеді. Қазақ «сенген қойым сен болсаң...» деп тегін айтпаған ғой. Асылында, қазақ үшін сенімді ақтаудан биік құндылық жоқ. Сенім – адамгершіліктің өлшемі ғана емес, ол іскерліктің де парқын анықтайтын маңызды өлшем. Олай болса, сенімге селкеу түсірмеу, сол үдеден табылу алдағы сайланатын депутат үшін басты қағиданың біріне айналуы керек.
Жаңа Қазақстанның жаңа таңы атқанға дейін мәслихат депутаты бір басқа болса, ендігі мәслихат депутаты Президент сөздерінен бастап, барлық мәселені біліп, санасымен түйіп, зердесімен түйсініп келіп, «ал, іске кірісейік» дейтін пәрменді күш пен жігер, қайрат иесі болса дейсің. Шабан қимылдаса өз обалы өзіне. Онда ел аяусыз сынайды. Партия арқылы келсе партия атына сын, жекелей қатысып келсе өзіне сын болмақ. Естір құлақ, көрер көз атқарылар жұмыстың нәтижелі болғанын қалайды. Ел өмірі жақсарса дейді. Аудан түлесе, ауыл гүлденсе одан артық арман бар ма. Ауылдар мен аудандарды дамытуға бөлінген қаржы-қаражат жетер жеріне жетпей, көп мақсат пен жобалар іске аспай қалғаны жасырын емес. Жылдар өте берді, уақыт жылжи берді. Ауылдағы өмірдің жақсаруынан күдер үзген ағайын алдындағы азын-аулақ малын сатып, қалаға қарай бет алды. Әйтеуір, қалаға жетсек, екі қолға бір күрек табылар, бірдеңе етіп күнімізді көрерміз деді. Шын мәнінде, мемлекеттің берекесі ауыл арқылы көбейіп, ырыс-несібесі ауыл арқылы толысатынын қаперге алғандар аздау болды ма, әйтеуір, ауылға дұрыс көңіл бөлінбей, шаруа шатқаяқтап қалғаны рас.
Мәслихат депутаты озық ойлы, көзі ашық тұлға ретінде ауыл мен ауданға қажетті әрбір мәселені кәсіби түрде қаузап, биліктің алдына сенімді түрде қоя білсе және де сол өзі көтерген мәселені аяғына жеткізгенше тыным таппаса, ондай азаматқа елдің көңілі толады. Жасырып-жабар несі бар, мәслихат депутаттары әкімнің сенімді адамдары ретінде жүрді. Әкімнің сөзін сөйлеп, соның шашбауын көтерісті. Мәслихат депутаты қарапайым халықтың өкілі екені ұмыт қалды. Осы кемшілікті түзеуіміз керек. Президент айтқандай, олар жабық мекемеге айналмауға тиіс. Және де біздегі сайланатын депутаттардың біраз бөлігі бұл мансапты уақытша берілген мүмкіндік деп қарап, бармақбастылық, көзқыстылыққа жол беріп дегендей, алдымен өздерінің жағдайын жақсартуға кірісетіні ойландырады.
Әкіммен ым-жымы бір депутат жұртшылықтың жайын ойлап не қылсын. Ол өзінің барлық қимыл-әрекетін елге емес, жеке мүддесі мен әкімнің бабын табуға бағыттайтыны аян. Осылай болып келген көзқарасты Әділетті Қазақстан болмысы түбегейлі өзгертіп, күн тәртібінен алынып тасталуы керек. Бір сөзбен айтқанда, мәслихат депутатына қойылар талап та, міндет де зор. Ал бұл биік жауапкершілікті жан-дүниесімен сезініп, сана-сезімімен қабылдайтын депутаттар болса, қанеки. Қимылдайтын, іскерлік танытатын шақ келді. Ел үшін аянып қалмаңыз, құрметті мәслихат депутаты!
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ
1757 рет
көрсетілді0
пікір