• Еркін ой мінбері
  • 06 Сәуір, 2023

Дүниетаным ділі

Нұрхалық ӘБДІРАҚЫН

АДАМДЫҚ, АЗАМАТТЫҚ БОРЫШ
Махаббатпен жаратқан адамзатты, 
Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті.

Абай


Адам мойнында әуелде адамдық борыш, құлдық борыш, азаматтық борыш болады. Адам дүниеге шыр етіп келгеннен ата-анасы, аға-әкпесі, мүғалімі, достары, айналасы, тележәшік, т.б. естігені, көргені, сезгені, түйгені бойынша адамдық жолды үйренеді.
Күндер зулап, айлар сырғып, жылдар жылыстап, үркек, қорқақ кезі кетіп, қара танып, батылданып, сезімдік танымнан ақылдық танымға өте бастайды. Ата-анасын, ұстазын, достарын, ұлтын, тілін, ділін сыйлап, құрметтейді, ұятты біледі. Адамдық борышын сезінеді. Адам тал бесіктен жер бесікке дейін өз бейімдігі бойынша таусылмайтын міндеттерін өтей бастайды. Топшысы жетіліп, ұядан ұшып, қоғам атты үлкен теңізде өз ескегін еседі. Кемесінің ескегін жел шайқамауы үшін бірдеңе керек болады, ол құлдық борыш. Адам өзін бір тамшы сұйықтықтан ұйыған қанға айналдырып, өкпесін соқтырып, жүрегіне жан салған Жаратушысын танымаса, басқа бір нәрсеге құл болып кетеді. Не пұтқа, не сиырға, не ақшаға, не әйелге, не билікке, сұлулыққа, не көлікке, т.б. 
Ақылы бар адам өзіне және жаратылу барысына бір сәт зер салса, Жаратушысын тез таниды. Адам иманның алты шартына (Аллаға, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға, тағдырға, ақырет күніне) толық сенгенде мұсылман болады. Қазақтың кемеңгері Абайдың ақылды адамға иман парыз, иманды жанға ғибадат парыз дегені еске түседі. Алла алдында құлдық парыздар өте көп. Соның ішінде 54 парыз ғылымхал кітаптарында айтылады. Ал, бес парызбен шектелсек қателесеміз, алайда, бес парыз исламның өзегі, негізгі шарты болмақ. Парыздан бөлек сүннет, нәпіл құлшылықтар жетіп артылады. Алайда, күнәмен нәпіл құлшылық қатар келгенде күнәдан тыйылу абзал болмақ. Адам өз жұмысын тындырымды істеп, бес намазын оқып, адал жолмен рызық тапса, одан өткен үлкен құлшылық болмайды. Құлдық борыш Алла мен құл арасындағы өте жіңішке сыр болып, ешкімге мақтан етілмейді. Құлдық, ол ешқашан тәркі дүние емес, керісінше елден бұрын тұрып, еңбегін ерте бастайды. Білім алады. 
Қасиетті Құранда қайта-қайта мадақталатын аз сөзді, көркем мінезді тақуалар түн жарымда сәждеде жатып, көздері бал-бұл жанып, көкірек көзі ашылып, көңілі босайды, өзінің өте әлсіз екенін сезінеді. Сондықтан, Алла олардың дәрежесін ең биік етті.
АНФАЛ сүресінің 29-aятындa: «Ей, мүміндер! Аллaдaн қорқыңдaр, Оғaн құлшылық жaсaңдaр, тaқуa болыңдaр, сондa Аллa сендерге ерекше қaбілет беріп, жaқсы мен жaмaнды, aқиқaт пен жaлғaнды aйырaтын қүш береді. Күнәлaрыңды кешіреді, сендерді жaрылқaйды. Аллa қaмқоршы, aсқaн жомaрт», (8:29).
ХУЖУРАТ сүресінің 13-aятындa: «Аллa бәрін көріп тұр. Аллa aлдындa ең aрдaқты болғaндaрың бұл дүниеде тaқуa болғaндaрың. Аллa шексіз білгір, бәрінен хaбaрдaр» (49:13).
Анығындa, сендердің рaббылaрың біреу ғaнa. Әкелерің де біреу, сендердің діндерің де біреу, Пaйғaмбaрлaрың дa біреу. Арaб ұлты өзге ұлттaрдaн ерекше емес, бaсқaлaр дa арaбтaрдaн қaдірлі емес. Ақ aдaм қaрa aдaмнaн қaстерлі емес, қaрa aдaмдaр дa қызыл aдaмнaн жaқсы емес. Олaрдың ең қaдірлісі – тaқуaлaрың. [Мұхaммед Мұстaфa (с.ғ.с.)]
Адам әрі тақуа, әрі ғалым, әрі бастық, әрі бай болса қандай керемет. Тақуалықты ұстанған өз ісінің маманы, міне, солар ең сыйлы адам болмақ. 
Құлдық парыздың шеңберін тарылтпай, жақсы түсінген, озық ойлы адам толық адам болады. Адамдық борыш пен құлдық борыш бірін-бірі толықтырады. Қоғамда адам ретінде айналасына сіңімді болады. Сосын адам азаматтық қарызын өтейді. Жалпы, отбасына, туыс-туғанына, Отанына, ұлтына, адамзатқа өз шарапатын тигізе бастайды. Алғашы екеуі болмай соңғысы болмайды, болса да ол өзіне қайырсыз болады. Анығын Алла біледі. Жаратушысын танымай, ешкім де кемел адам бола алмайды. Аллаға иек артқанда ғана адам үлкен жетістікке жетеді. Біз адамдық санаға ие болып, құлдық борышымызды сезініп, азамат боламыз. Сонда ғана жақсы әке, адал жар, жақсы маман боламыз. Ойшыл ақын Қадыр: «Адам болу борышың, азамат болу өз ісің» – деп жырлағандай, шамамыз жетсе азаматтық парызды өтейміз. Қазақ тарихында адамдық, құлдық, азаматтық парыздарын толық орындаған тау тұлғалар жетіп артылады.
Адам дәрежесі туралы Алла Тағала Құранда жалпы адамзатқа ненің жақсы, ненің жаман екенін ескертеді. «Ей, ақыл иелері» деп, ақылы бар адамдарға ойлануға, жан-жағына ақыл көзімен қарауға, аспанға зер салуға кеңес беріп, ойланған адамға көп сабақ бар дейді. Қиссадағы хикметке үңілдіреді, пайдалы нәрсеге ишара жасайды. «Ей, иман еткендер» деген қаратпа сөз арқылы өткен көп тарих пен келешек жайлардан хабар бере, күнәдан сақтандырады, жаман мінезден арылуға шақырады. Енді, «Ей, мұсылмандар» деп тыйымдар мен еске ұстайтын нәрсені айта отырып, ақыреттің егіні осы дүние екенін, тозаңдай жақсылық жасасаң өзіңе, тозаңдай жамандық жасасаң өзіңе деп еркіңе береді. Тағы бірде, «Ей, мүміндер» деп толық мүміндіктің он шартын атап көрсетеді, оларды қуандырады. «Ей, тақуалар» деп оларға ешбір жанды сөзбен, іспен, қол-аяқпен зиян тигізбеуді айтып, адамдықтың биік шыңын нұсқайды. «Ей, ғалымдар, сендер Менен қатты қорқасыңдар, сендер жақсы білесіңдер ақ пен қараны» деп, хикмет сырларды солардың тілімен түсіндіреді, сондықтан да жай адамдар Құранды толық түсіне алмауының сыры да осында жатса керек. Енді, «Ей, Алланың достары, әулие құлдарым» деп, ақылға сыймас, ақыл көкжиегінен биік тұрған ғарыштық ілімнен сыр шертеді, Шексіздігін, Ұлылығын Алла Тағала көрсетеді, сондықтан да, Құран – қияметке дейін сыры толық ашылмайтын тылсым Қасиетті кітап. 
«Ей, пайғамбарларым» деп пайғамбарларға тіл қатады. Оларды әр қауымға жіберді. Құранда аталған дәрежесі ең биік пайғамбарлар Нұх (а.с.), Ибраһим (а.с.), Мұса (а.с.), Иса (а.с.), Мұхаммед (с.а.у.)пайғамбарлар туралы бөлек сөз қозғайды. Адам ақылы жетпес үлкен хикмет сырлар айтылады. Пайғамбарлар Нәби және Расул деп бөлінеді. Расулға кітап не парақтар түскен. Нәбилер сол кітап не парақтар негізінде қауымдарын жамандықтан қайтарады. 
Ал, Құран – Пайғамбарымызға берілген ең үлкен мұғжиза. «Мұхаммед (с.а.у.), Біз сені бүкіл әлемге рахым етіп жібердік» (21 Әнбия-107).
«Сені жалпы адам баласына қуандырушы, қорқытушы етіп қана жібердік. Бірақ, адамдардың көбі түсінбейді. (34 Сәбә-28). Мұхаммед (с.а.у.) адамзат пен жындарға пайғамбар етіп жіберілген. Кімнің Аллаға ең жақын екені осы жерден анық көрінеді. 
Жаратушыға ең жақын, он сегіз мың ғаламның мырзасы, екі дүние сардары, көзіміздің нұры, басымыздың тәжі, екі дүние сұлтаны, адамзаттың ең асылы Мұхаммед (с.а.у.).Барлық нәрсенің анығын тек Алла білуші.

ОЙ МЕН ТОЛҒАМ
(Пайғамбартануға кіріспе)

Ақыл белгілі бір жерге барған соң тоқтайды... Құдды тау шыңдарына шыға алмай, етекте қалған темір тұлпар іспетті, енді жүрек көзі жол бастайды, сол кезде адам адамдық міндетін сезінеді. Абайша айтқанда, «пайда ойламай, ар ойлап» өзін есепсіз арнайды... Сап иман, шын ғылым, ар, ұят, әдеп, Отан, туған жер, ана, т.б. содан кейін ғана басталады.
Шөл жазиралы араб даласы құрғақ, ыстық. Араб жарты аралының шығысында Барса, оңтүстігінде Амман, одан ары Үнді мұхиты. Терістігі Ақ теңіз. Ақ теңіз жағасында Палестин жері Газадан басталып, Ирактағы Фырат өзеніне тіреледі. Батысы Қызыл теңіз, оған параллель  Ухуд, Әбу Қубайыс, Нұр тау сілемдері Йеменге дейін созылып жатыр. Тайф, Мекке, Мәдина, Жаңа Хижаз өлкесі осы аймақта. Жида мен Жанбу да теңіз жағалауындағы қала. Қызыл теңізге 40-тан 100 шақырымға дейін. Теңіз деңгейінен биіктігі 2000 шақырым. 
Тау арасында жанбағысқа қолайлы сулы егіс алқаптар да бар. 
Алла Тағала осы даланың топырағынан ең алғашқы адам - Адам Атаны (а.с.) жаратып, екі түрлі рух үрледі. Бірі рух – хайуани, Алла Тағаланың (Жәлал) сипатынан. Оның кеңесшісі шайтан. Екінші рух-адами. Ол Алланың көркем (Жамал) сипатынан. Оның кеңесшісі періште. Рух-хайуанидың қалайтыны ішіп-жеу, шектен шыға сәндену, қызыққа белшеден бату қашанда жамандыққа шақырып, сан түрлі айламен соны жасауға күш береді, міне бұл нәфсі. Ал, рух – адамидың қалауы – өзін танып, Жаратушысын зікір ету, құлшылық жасау, Алланың әміріне бағыну. Адам тәні қашан да күрес майданы, сол үшін Алла Тағала белгілі мекенге, белгілі қауымға Пайғамбарлар жіберіп, тура жол көрсетіп, түрлі ілімдер үйретті. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) арабтың немесе басқа бір қауымға  тиесілі емес, барлық адамзатқа жіберілген соңғы Пайғамбар. Мұхаммед (с.а.у.) адамның алғашқы жұрты қасиетті Меккеде туылды. 
Ғылым екі түрлі: бірі – әрбір адам баласына парыз болған Илаһи (адам болу, мәңгілік ілімі) өзін тану, сол арқылы Жаратушысын білу ілімі. Екіншісі – бір адамның үйренуімен басқалардың мойнынан қарызы түсетін бір мамандықты меңгеру. Сол қажет үшін бұл дүниеде адамдар бір-біріне байланған. 
Әлемнің рахым нұры дүние есігін ашқанда мәжусилердің мың жыл сөнбеген оттары өшті, Ирандағы Кисра сарайларының тіректері өздігінен құлады. Қағбадағы барлық пұттар кенеттен сынды. Сауа көлінің суы тартылды. Сәмуа сайы су астында қалды. 
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүт анасы Халима анамыз сәби Мұхаммедті (с.а.у.) құшағына алғанда бір хикметті сезді. Оның болдырған есегі жүрдек болып, жеңіл басты, бұрын кеткен құрбыларын басып озып, үйіне елден бұрын жетті. Басқалар таңдана сөз етті. Содан бастап ол үйге, тіпті сол ауылға құт береке кірді. Қуаңшылықта бүкіл ауыл Халима апайдың мал жайған жеріне мал жайып, апаттан аман қалды. Бала кезіндегі садр (көкірек) тазалау уақиғасына ауыл балалары куә болды. Қай кезде де төбесінде бір шоқ бұлт сая болып, өмір бойы бірге еріп жүрді. 
Алла Тағаланың әмірімен адамзаттың асылы, адамдар санасын жаңғыртты...
Пайғамбарымыз (с.а.у.) туған жеріндегі өрмекшінің торындай жауларына қарамастан, өз қауымы, өз мекені емес, бүкіл әлемді қараңғылықтан жарыққа, надандықтан ілімге бастады.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) сол тұстағы Византия, Иран, Мысыр, Александрия, Месопотамия қатарлы алпауыт империя патшаларына хат жазады.
Хижреттің жетінші жылы мұхарам айында Пайғамбарымыз (с.а.у.) хз. Амр ибн Умаййаны елші етіп, Хабаш әміршісіне хат жіберді. 
Алланың атымен басталған хатты оқыған бойда Алланың қалауымен христиан Нәжаши мұсылман болды. 
Византия (Рим) императоры Гераклийге хз. Дихиятул Кәлбиді елші етіп хат жіберіп, мұсылмандыққа шақырды. 
«Бір Алланың атымен бастаймын! 
Алланың расулы Мұхаммедтен Рим билеушісі Гераклийге!
Уа, Рим басқарушысы, мен сізді Мұсылман болуға шақырамын! Мұсылмандықты қабылдасаңыз сау-сәлемет тіршілік кешіп, Алланың теңдессіз сыйына ие боласыз. Егер шақыруымды қабылдамасаңыз, жамандықта қалған бүкіл халқыңыздың обалы сізде болады».
Газада жүрген Әбу Суфиянды (ол кезде мұсылман болмаған кезі еді) шақырып, Пайғамбарымыз (с.а.у.) туралы сұрап білді. Шынымен, Хақ Пайғамбар екендігіне Рим билеушісі шын сенді. Алайда, поптардың қарсылығынан қорқып, өзі іштей иман келтіріп, оны жасырып қалды. Пайғамбарымызға (с.а.у.) қымбат сыйлықтар жіберді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) :«Византия менің хатымды қанша уақыт сақтаса, сонша мезгіл дәурендеп тұрады», – деді.
Хижреттің жетінші жылы мұхарам айында хз. Абдулла ибн Хузафаны елші етіп, Иран Кисра Хусрау Пәруизиді мұсылмандыққа шақырып хат жіберді. 
«Аса мейірімді әрі қамқор Алланың атымен! 
Алланың Пайғамбары Мұхаммедтен (с.а.у.) Парсы билеушісі Кисраға!
Сәлем – тура жолды талап еткен және оған ерген, Алла мен Пайғамбарына (с.а.у.) иман келтірген, Алладан басқа Құдай жоқтығына, Ол жалғыз және серігі жоқтығына, Мұхаммед (с.а.у.) Алланың құлы және Пайғамбары екендігіне куәлік еткендерге болсын! Мен сені Алланың дініне шақырамын! Мен, тірілерге хабар беріп, мойындамайтындарға Алланың азабы шын екендігін ескертетін, Алла тарапынан жіберілген Пайғамбармын. Мұсылман бол! Амандықта боласың. Егер менің сөзіме құлақ аспасаң барлық мәжусилердің күнәсы мойныңда болады».
Кисра оқыған бойда асау нәфсісі ашудан дірілдеп, хатты жыртып тастады.
«Менен бұрын елші өлтіргенде, сені өлтірер едім», – деп айбат шекті. 
Кисра Йемен әкімі Базанға шұғыл хат жазып, «Хижазда Пайғамбармын деп жүрген адамды ұстап әкел» деп әмір етті. Базан Кисраның бұйрығымен хат жазып, екі адамын Пайғамбарымызға (с.а.у.) жібереді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) елшілерді жылы қабылдап, оларға мұғжизалы хабар беріп: «Кисраны ұлы Ширауайһ өлтірді. Ислам енді оның өлкесіне үстемдік құрады. Базан мұсылман болып, әкімдік орнында отырады» деді. Оларға сыйлықтар беріп, шығарып салды. Елшілер Йеменге қайтып келген соң бірнеше күн өткенде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтқан хабарын өз құлақтарымен естіп, мұсылман болды. Осыдан кейін Базан мұсылман болды. «Исламның алғашқы әкімі» деген құрметке ие болды. Басымыздың тәжі, көзіміздің нұры, екі дүние сұлтаны сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әр сөзі, әр ісі Ұлы Жаратушының әмірімен, ешқандай кездейсоқтық жоқ. Ақыл жетпейтін, жүрекпен сезетін, көкірек көзімен көретін, мұғжизаға толы ғибратты өмір....
Қасиетті Мекке. Ежелден араб жарты аралындағы маңызды үлкен қала. 
Қаланың оңтүстік шығысында Нұр тауы, ондағы Хира үңгірі көп сырды ішіне бүгіп, қалаға көз салады. 
Адамдар күнәнің сан түрін ойлап тауып, жезөкшелік пен зинаны ашық жасағаны сондай, ұл-қыздар өз әкесінің кім екенін білмей тексіздік жайлаған. Арзан сөзді ақындардың көбейіп, өлеңдерін Қағба қабырғасына іліп қоятын, олар ең беделді адам болды. Пұтқа табынғандар ұннан жасаған пұттарын қарны тоқ кезде құдай санап, қарны ашса жей салатын. Қыз туылса тірідей көметін. Әйелдің орны құлдан да төмен болды. 
Арсыздыққа төзбеген Мұхаммед Мұстафа (с.а.у.) Нұр тауының ең биік төбесіне күнде жаяу шығып, елден оңашаланып, бұл сұмдықтарға назалы күй кешіп, Хира үңгірінде адамзаттың қамын ойлап, ой үстінде отыратын. Тау шоқысының батыс қапталына сәл еңістеп, кішкене оңға қарай бағытталғанда жапсарланған жар- тастардың арасынан өтуге тура келеді, жай көзбен қарап, ақылмен топшыласаң өте алмайсың, өте тар. Аллаға тәуекел етіп, Алла хабибісіне салауат айта тасқа жақындасаң тастың арасы ашылып, кеңіп сала береді, содан өткен соң Хира үңгірі құшағын ашады, тура Кағбаға бағытталған үңгірдің биіктігі екі, ұзындығы үш, ені бір жарым метр, іші сондай тыныш, әдемі майда самал бетіңді өбеді. Тік тұрып намаз оқуға өте ыңғайлы.
Арғы тегі хз. Ибраһим (ғ.с.) мен хз. Исмайлдан (ғ.с.) тарайтын. Өз аталары таза текті Ханиф. Олар бұзылған Еврейлік пен Христиандықты қабылдамай хз. Ибраһимнің (ғ.с.) дінінде болған. Бұл дінді қайта жаңғыртатын бір Пайғамбардың келуін күтетін. Өз әкесі Абдуллақ (Алланың құлы мағынасында), анасы Әмина (Алланың сенімдісі мағынасында). Пайғамбарымыз 39 жасынан бастап, Хира үңгірінде ғибадатпен шұғылданды. 6 ай бойы Илаһи түстер көрді. Үйге қайтқан жолында тастар мен ағаштар оған «сен Алланың расулысың», – деп тіл қатты. Милади 610 жылы 40 жасында Рамазан айының он жетінші күні дүйсенбіде Жебірейіл (ғ.с.) Хира үңгіріне келіп, «Ей, Мұхаммед (с.а.у.)! Мен Жебірейіл періштемін. Сен Алланың Пайғамбарысың», «оқы!»- деді. «Барлығын жаратқан Раббыңның атымен оқы. Ол адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Раббың қаламмен жазуды үйретті. Адамдарға білмегендерін білдіретін асқан жомарт!» (Аләқ сүресі, 1-5).
Меке мүшіріктерінің жамандық жасамақ болған хабарын Жебірейіл (а.с.) Пайғамарымызға (с.а.у.) жеткізді. Алланың әмірімен 622 жылы Пайғамбарымыз жанында аса сенімді досы хз. Әбу Бәкір (р.а.) бар, сафар айының бейсенбісінде ымырт жабыла жолға шықты. Пайғамбарымызға (с.а.у.) жамандық жасау ниетімен үйін қоршаған мүшріктердің көзіне Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Ясин» сүресін оқып, бір уыс топырақ шашып өте берді. Алланың қүдіретімен олар ештеңе көрмеді. Екі жаяу бірден Сәуір тауына қарай бет алды. Баурайына бұлт шөккен Сәуір тауы Мешт харамнан 4 шақырым оңтүстікте. Бұжыр-бұжыр керіш тау көлбей созылып жатты. Үйге кірген дұшпандар Пайғамбарымызды (с.а.у.) таба алмай ізге түсті. «Оларды ұстағандарға 100 түйе сыйлық береміз», – деп, жар салды. Дүниеге құныққан мүшріктерден небір әккі қуғыншылар Пайғамбарымыз бен (с.а.у.) досының ізіне түсті. 
Алланың Расулы мен досы түні бойы тау жолында жылдам жүріп, Сәуір үңгіріне таң рауандап жетті. Хз. Әбу Бәкір (р.а.) алдымен үңгірдің ішіне кіріп тазалық жасап, тесіктерді шапанын жыртып тығындады. Бір тесікке тығындайтын ештеңе таппағанда аяғымен жауып, Пайғамбарымызды (с.а.у.) ішке кіргізді. Ұзақ жол, биік тауға шығудан шаршаған Алла расулы досының бір тізесіне басын қойып, кішкене мызғығаны сол, хз. Әбу Бәкірдің (р.а.) аяғы удай ашып кетті. Алла Расулын оятпау үшін бар күшін салып, тістене шыдады. Денесі шымырлап, жансыздана бастады. Шекесі жіпсіп, бір тамшы жас Пайғамбардың (с.а.у.) бетіне мөлт ете түсті.
 – «Не болды?» – деп, басын көтерді Пайғамбар.
– Жылан шақты-ау деймін, аяғым удай ашып барады. 
Пайғамбарымыз (с.а.у.) дереу мүбәрак түкірігін, «шипа Бір Өзіңнен Иа Алла», деп досының аяғына жақты, сол сәтте ауырғаны бірден сап тыйылды. Тесіктен жылан басын қақайтты. 
– «Неге шақтың досымды?» – деп, сұрады Пайғамбар. 
– Сіздің мүбәрак жүзіңізді көру үшін осында ұзақ тостым. 
– Менің бұнда келетінімді қайдан білдің?
– Анау есіктің көзінде жатқан көгершін мен өрмекшіден білдім... 
Алланың әмірімен бір өрмекші лезде үңгір аузына торын құрды. Көгершін тезден ұя салып, жұмыртқа басты. Жасыл шөптер үңгірдің аузына өсті. 
Ізге түскендердің дауыстары анық естіле бастады, әне-міне дегенше үңгірдің аузына жетті. Хз. Әбу Бәкір өзі үшін емес, Пайғамбарымыз (с.а.у.) үшін қатты қобалжыды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «уайымдама» деді. Бірақ Хз.Әбу Бәкір өзін ұстай алмай қалды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Өйткені Алла тағала әлбетте бізбен бірге» деп, уайымнан арылудың жолын үйретті. 
Пайғамбарымыз (с.а.у.) досының тізесін өзінің мүбәрак тізесіне тигізіп, жүрелеп отырғызып, (сол сәтте періштелер қанатымен екеуді жауып, қалқа жасады) «Алланың бізбен бірге болғанын ойла, мұрақаба жаса, Алланы ойлап, мұрақаба жасағанға уайым кетеді. Бұл мәселе түбегейлі шешіледі» деді. Хз. Әбу Бәкірдің (р.а.) өн-бойында төк жүре бастады, жаны жай тауып, сырттағы қауіпті ұмытып, өзін қоршаған әлемнен шығып кетті, тұла бойы тыныштыққа шомды... Нұр құйыла бастады, бір қол оның көкірегін тазалап, сүртіп жатқандай күй кешті. Бүкіл денесі тазарды, рухы рахаттанды.... 
Өзін жоғалтқызған нәфсі ерекше күшті нұрдан түгі қалмай жанды... Көкірек көзі ашылып, жүрегі аттай тулап, «Алла» деп дүрсілдеп соға бастады. Бұл күй уақыттың ішіндегі уақытта біразға жалғасты.  Жау кеткен соң хз. Әбу Бәкір мұрақабаның сырын сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бұның сыры, Алланы зікір етуді үнемі жалғастыру керек» – деп, жасырын зікірді түсіндірді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл зікірді сахабаларынан тек қана хз. Әбу Бәкірге (р.а.) ғана түсіндіріп, өзіндегі барша рухани болмысты хз. Әбу Бәкірдің (р.а.) садырына (көкірегіне) төккен еді. Өйткені, хз.  Әбу Бәкір нүбуует (нәбилік) дәрежесіне ең жақын болған «сыддқйиет» мәртебесінде болды. Хз. Әбу Бәкір (р.а) зікір қалбиде, жемғйиет-і куллйиені қамтумен, заты алйиені мушаһада етуден, демін еркін ұстай алатын-ды. Аллаға деген ыстық махаббаттан бауырының жанған иісі шығатын.Үш күннен кейін жолға шығып, Құбба ауылында қуып жеткен хз. Әли (р.а.) хз. Әбу Бәкірдің (р.а.) жүзіндегі нұрды көріп, таңғалысын жасыра алмай, болған жайды сұрайды. «Алла» деп соққан жүректер тоқтаса жер бетінде сол күні қиямет болады. Хз. Омар (р.а.) өмір бойы жасаған амалдарымды хз. Әбу Бәкірдің сол бір күндік амалына ауыстыратын едім деген. 
Қуғыншылар үңгірге ентелей жақындап, аузындағы шөпті, ұяны, торды көріп, «бұнда адам бас сұқпағалы қай заман» деп, келген ізімен кері қайтып, Мәдинаға баратын барлық жолдарды жапты.
Хз. Әбу Бакір (р.а.) шөлдеді. Пайғамбарымыз  (с.а.у.) досына «үңгірдің сыртына шықсаң су ағып жатыр, содан қанғанша іш» деді. Тау басында қайдағы су деместен, бірден орнынан тұрған досы тысқа шықты... Ғажайып... Тау басында ауада қалықтап ағып тұрған тұп-тұнық суды көрді, балдай тәтті, жұмсақ суды қанып ішті.
Ішке кірген соң хз. Әбу Бәкір (р.а.) таңғалысын жасыра алмай, болған жайды айтты. «Иә, сен бірден сеніп, сыртқа шыққаның үшін Алланың қалауымен жәннаттағы кәусар суы көз алдыңда ақты. Егер сен сенбегенде Алла Тағала суды менің саусақтарымның арасынан ағызып, сенің шөліңді басар еді». Олар осылай хикмет сырлар тұнған үш күн, үш түнді үңгірде өткізіп, Мәдина қаласына ғажайып сапар шекті... Жолда Хуза руынан Үммі Мабад Атиканың шатырына келді. Қонағына берер ештеңесі болмаған үй иесі, тек өріске жете алмай пұрақ болған қойды көрсетті. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Бисмилла» деп, Алланың атымен желінін сипағанда, Алланың қалауымен желін толып, сүт ақты... 
Қуғыншылардың мықтысы Мүдиж руынан Суракка қуып жетіп, енді озбырлығын білдіре бастағанда аты құмға батты. Пайғамбарға (с.а.у.) жалынып, ант беріп, басқа қуғыншыларды бағытынан адастырды... Пайғамбарымыз («с.а.у.) оған: «Я, Суракка Кисранның білезіктерін таққан күні қандай болар екенсің» деп, келешекте оның мұсылман болып, Иранды жаулауға қатысатынынан хабар берді. Бұл жай хз. Омар (р.а.) халифа кезінде шындық болды.
Қуғыншылардың тағы бір тобы Саһм руынан Бурайда 70 адамымен Алла расулының жолын кес-кестеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) екі ауыз қасиетті сөзінен кейін ол Алланың қалауымен мұсылман болып, өзі ақ сәлдені жалаулатып Мәдинаға бастап кіреді. 
Ухуд соғысының бізге беретін сабағы; адамдардың басшыға бағынуын, дүниеге қызықпауын, оның соңы немен аяқталатынын ескертті. 
Әу баста Алла расулы өзінің көрген түсін айтып, қала ішінен қорғаныс алуды айтады, алайда көпшілік қала сыртынан бекініс алып, соғысу шешімі қабылдайды. Соғыс барысында садақшылар бұйрық келмей, дүниеге көз салып, орындарынан кетеді. Соңы үлкен жеңіліс болады. 
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осы соғыста тісі сынып, мүбәрак жүзіне сауыт кіріп, қан шығады, сол сәтте «Хабибімнің бір тамшы қаны жерге тамбасын» деген тапсырмамен Жебірейіл (а.с.) өте тез келеді. Егер Алла расулының бір тамшы қаны жерге тамса, сол сәтте Алла Тағала жер бетін жоқ қылар еді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) сонда да жауларына жаман дұға еткен жоқ. «Бұлар өздерінің не істеп жүргендерін білмейді, оларға иман нәсіп ет»- деп дұға жасады. 
Хандак соғысында намаз оқуға мүмкіндік бермеген жауларына қарғыс дұғасын жасады. Пайғамбар (с.а.у.). Расулдың дұғасы бірден қабыл болып, дүлей дауыл тұрып, жауларының тоз-тозы шығып, зым-зия жоқ болды. Бұдан намаздың қаншалықты маңызды екенін байқаймыз. Алла Хабибісі (с.а.у.) жазуға тіл жетпейтін, бейнелеуге қалам қуаты келмейді. Алла расулын біздердің түсінуіміз үшін алдымызда ұзақ-ұзақ жол жатыр... Ол үшін жүрек (хәл) ілімін меңгеруіміз керек, бұл көп еңбекті қажет етеді... Сахар уақытында ұйқыны мүлде ұмытқан, таһажүтті өзіне парыз еткен, жүректері тек «Алла» деп таулармен бірге соққан, табиғатпен үндескендердің қолынан келеді. Біздер көбінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мұғжизасы деп «Құранды», «Миғраж уақиғасы», «айды екіге бөлуін» ғана айтамыз. Шын мәнінде, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бүтіндей өмірі тұнған мұғжиза. Адамға қараған сияқты көзбен қарасақ үлкен қателіктерге бой алдырамыз, Алла сақтасын. Шамамыз келсе Пайғамбарымыздың (с.а.у.) нұрына қарауға, өнегелі өмір жолының ар жағында жатқан Хикмет сырларға үңілуге тырысуымыз керек. Сезіне алсақ, оның әр ісінің артында біздер үшін үлкен ғибрат бар. 
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көп әйел алуы өз алдына бір хикмет. Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелдерінің дүниеге қызыға бастағанынан олардан бөлектенеді. Сол кезде Жебірейіл (а.с.) Пайғамбарымызға (с.а.у.) Хапса анамыздың сәждеде жатып, үнемі таһажут намазында «үмметтің күнәсы кешірілмейінше басымды алмаймын», деп көз жасын көлдетіп жататынын, оған талақ бермеуін айтады. 
Уммісалла анамыз (р.а.) Құдайбия келісімінен кейінгі иқрамнан шығу ісінде Пайғамбарымызға (с.а.у.) ісіңізбен сахабаларға көрсетіңіз деп кеңес береді. Демек, Алла расулының барлық ісі біз білмейтін сыр... Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірінің арғы жағында жатқан тылсым сырларға үңілсек, шіркін... Біздер Пайғамбарды (с.а.у.) тану арқылы Аллаға жақындаймыз. 


АБАЙ ІЗДЕГЕН ҰЛТ БАҚЫТЫ...
Жүректе қайрат болмаса, 
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса, 
Хайуанша жүріп күнелтпек. 

Абай


Асан қайғы желмаясымен жеті түнде де тоқтамай, қазақ үшін «жерұйық» іздесе, Абай қазақ үшін қолынан қаламын еш тастамай, күндіз-түн ой үстінде толғатып, «ұлт бақытын» іздеуден еш шаршамаған, өз қиялындағы кемел қазақты аңсаған аңыз тұлға.
Абай құба шөлден су тауып қаталаған туыстарын, өз қазағын сол «бақыт суына» шақырған жанға ұқсайды. Алайда, айналасы сол қамқор жүректі түсінуге шамасы жетпейді.., «Мыңмен жалғыз алыстым.., Қайран сөзім қор болды-ау.., Қараңғы қазақ даласы... Мен өліп қалған сияқтымын.., Мен бір жұмбақ адаммын.., Ішім толған у мен өрт.., Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық.., Саудасы – ар мен иманы» – деп, ұлтының бақыты үшін өзін қоярға жер таппайды. Қандай адам бақытты болады? Ойшыл қиялдан кемел адам жасайды, сол кемелдікке қазақты, тіпті адамзатты шақырады. «Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек? Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек». Абайдың ақылдың үстіне қондырғалы жүргені қандай сәуле?! «Патша құдай, сыйындым, тура баста Өзіңе» деп Абай сөзін бастайды. «Бізді жоқтан бар қылып жаратқан Алланың кітабы – Құранды шын түсініп, Хақ пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.у.) сүннетін орындасақ, көркем мінезін, білімділігін ұғынсақ, шыншыл болсақ, ізгі сөз сөйлейтін, ізгі іс істейтін жақсы адамға айналамыз, міне, сол адамның ақылының үстіне сәуле құйылады. Көкірек көзі ашылып, дана болады. Солай кемел адам санатына жатады», – деп ой қорытады. «Жүректің көзі ашылса, Хақтың түсер сәулесі, іштегі кірді қашырса, адамның хикмет кеудесі», – деп өлеңмен ой өреді. Қазақтың «көзі соқырдан көкірегі соқыр жаман, көкірек көзі ашылған....», – деген сөздерінің сыры осында. Демек, «өзіңді Жаратқанның тыйғандарынан шын тыйылып, бұйырғандарын ықыласпен істесең бақытты болғаның» дейді Абай.«Ақылға сыймас ол Алла. Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер, Жарлық берді Ол сіздерге, сөзді ұғарға», – деп ақын тебірене толғайды. Бұған жетудің жолы – жалқаулықтан, надандықтан, залымдықтан құтылу. Терең ойға шому, кәсіп қып, еңбек ету сынды бір-бірімен сабақтас асыл ойларды өлеңі мен қара сөзінде кезек-кезек толғайды. «Мінездерін көргенде қайнайды қаның, ашиды жаның», – деп туған халқына күйінеді. Бұл қазақты түзету үшін не асқан бай болып, ата-анасын паралап, балаларын оқуға беру, не қолыңда билік (закон таяғы) болып, күшпен балаларын ғылымға беру, – деп келешек білімді қазақты көз алдына елестетеді. Абай керегін түсінген адам алар деп, ақ қағаз бен қара сияны ермек етіп жазу үстеліне шұқшия отырады. Бар тірлігін тоқтатып, ояу да, ұйқыда да халқын ойлайды, түсінде көреді. Ақшоқыда ақын рухани ой әлеміне енеді, биікке көтеріледі. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмессің істің бәрі бос», – деп, елді бірлікке шақырады. «Тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса?» – дейді, міне Абайдың шын болмысы... 
Абайдың оң құлағына азан шақырып, сол құлағына һамат түсіріп қойған шын аты – Ибраһим. Адамның аты оның болмысынан хабар береді. Әкесі, көкесі, әжесі, тағы басқа білгіш туысы атын қойды деген күннің өзінде де адам әуелде Әлмисақта тозаң ретінде Алла алдында жаратылғанда аты беріледі. Тек сәби дүниеге келгенде адамдар сол атты іздеп табады. Демек, Абайдың шын болмысы атынан көрінеді. Жалпы, мың жылдықтарда сіңген қазақ болмысын исламнан бөліп қарастыру қаншалық қателестірсе, Абайды да исламнан бөлек зерделеу мүлде басқа бағытқа алып кетері хақ. Абай Құнанбайдай аға сұлтанның отбасында дүниеге келді. «Жеті жарғымен» қаруланған Абай әкесі ұлтының қамын жеген, дін исламды мықты ұстаған заңғар тұлға екені баршаға аян. Оның қажыға барғаны, одан кейінгі тақуалықты ту еткен өмірін көз алдымыздан өткізсек, Абайға жақындай бастаймыз. Иә, Абай кішкене кезінде Семейдегі Ахмет Риза медресесінде білім алды, сол жерде сауатын ашып, араб, парсы тілдерін білді. Құран, сүннет, усул, фикһ, ақида ғылымдарын терең меңгерді, кейін келе шығыс ақындарын құныға оқыды. Онымен тоқтамай, орыс классик әдебиетінің дәмін татты. Абайтануда оның биік те қатпары қалың дүниетанымына бойлағанда, адамгершіліктің, имандылықтың тамаша үлгісін көреміз.
Пайда ойлама, ар ойла, 
Талап қыл артық білуге. 
Артық ғылым кітапта, 
Ерінбей оқып көруге.
Абай білімін өз ортасында, қазақ даласында практикадан өткізіп, иман көзімен, ақыл тезімен зерделей бастады. Шын ақылдық танымға сонда көтерілді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш уақытта жалған болмас», – деген Абай Алла хақ, Пайғамбар шын, Иман кәміл, ғибадат парыз екенін шын білген нағыз мүмін. Абай өз биігіне шықты, адамзаттық білім Абайдың рухына сіңді, айтар сөзін жүректің сүзгісінен өткізіп, қағазға түсірді. Екі ғасырды артқа тастап, бізді таң қалдырып отырған асыл сөз еш уақытта сөнбей жарқырай береді, жарқырай береді... 
Илаһи ілімдер әуелі адамның рухына сіңеді, сосын барып ол тәнде (бойында) көрініс береді. Аузында қанша жерден ілімі болып, іс-әрекетінде Құранға беріктік, имандылық, мәдениеттілік, ізеттілік, ұят, намыс, жауапкершілік, т.б. құндылықтар болмаса, оны кім дейміз? Демек, білім адам бойында көрінуі керек, сонда ғана ол шынайы білімді болады. Қазақтың иманжүзді деген сөзі содан қалған. Иманжүзді Абайға Алла Тағала «сөз» берді. Сол сөзбен қалам күресін жүргізді, ол қазаққа ғана емес, жалпы адамзатқа үн қатты: 
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
 Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті. 
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, 
Және Хақ жолы осы деп әділетті.
Абайдың қара сөздерінде жас ұрпақты, жалпы қазақты ғылым-білімге шақырады, соның жолын үйретеді. Надандық – адамзаттың қас жауы екенін айтады. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» – дегеннен сақтандырады. Бұл – Абайдың ағартушылық, ойшылдық қыры, ол өз алдына үлкен әңгіме. 
Абай өз ұлтына бақыттың жолын нұсқады. Өз ортасынан жанды мысалдар беріп, көз алдында жүрген адамдарды өз тілімен суреттеді. Жамандықты соқырға таяқ ұстатқандай көрсетті. Қазақ үшін Абайдың Абайлығы осы. 
Ақын дәуір биігінде тұрып, өз замандастарынан бастап, заманақырда келетін ең соңғы қазаққа дейін бақытқа шақырды. Қазақты жанынан артық жақсы көрді. Өз ұлтының кемістігін термештей отырып, ашына жазғанына қарап, ол қазақты сонша жек көрген бе деп ойласақ қатты қателесеміз. Абай атамыз 29 қара сөзінің бәрінде дерлік қазақ мінезіне, психологиясына, ұлт болмысына, қазақ өмір-салтына, қоғамына зерттеу жүргізеді. Өзі айтқандай «алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім» деп тақырыпқа дендеп кіреді, қазақтану ғылымын жасайды. Ұлтының ауруын көрсетеді және оны емдеудің жолын ислам құндылықтарын «тез» (көрсеткіш) етіп, соған салып, түзеуге шақырады. 
 Ал, Абайдың ішкі әлемі 12, 13, 16, 27, 28, 34, 35, 38, 45-ші қара сөзінен анық байқалады. Онда ойшыл терең ойға шомып, Аллаға жақын болғаны көрінеді. 
Абай атамыз 12-ші қара сөзінде шала сауат адамның иманы өте әлсіз болатынына тоқталады. Адам сенім және ғибадатқа қатысты білуі қажет болған мәселелерді білмей, толық мұсылман бола алмайды. Намаздың рүкіндері мен құлшылықтағы парыз, уәжіп, сүннеттен хабары жоқ адам қай жерде дәрет, қай жерде намаз, қай кезде ораза бұзылғанын білмей, жасаған құлшылығы обал кетеді. Абай соған күйінеді. Пайғамбарымыздың Алла Тағала қандай да бір адамның қандай да бір істе маман болғанын жақсы көреді деген хадисін ашықтай түседі. Сауатсыз, білімсіздің шайтанның мазағына айналатынын ескертеді. Дүние және ақырет бақытына жету үшін әрине білім керек деп түйеді. Білім алу – ер-әйел мұсылманға парыз екенін еске салады.
13-ші қара сөзінде Иман туралы ашып көрсетеді. Білімі арқылы танып, сырына үңілген терең иман және атадан келе жатқан (өлтірем десе де өз иманын жоғалтпайтын) күшті, сенімді иманның қай кезде де берік болатынын айтады. Не білімі жоқ, не сенімі жоқ адамның иманы әлсіз, жарты екенін, ондайдың тек пайда үшін ақты қара деп, қараны ақ деп кез келген уақытта дінін сатып кете беретінін ашына айтады. 
16-шы қара сөзінде: «Қазақ құлшылығым Құдайға лайықты болса екен деп қам жемейді», – деп бастайды сөзін ойшыл. Қазақтың енжар, салғырттығын Алла ісіне араластырып, «тілім келмейді» деп отырған бейшара халіне күйінеді. Құдды ақшасын сұрап келген саудагерге «барым осы» деп, соңғы сөзін айтқандай күй кешкен қазақы жалқаулықты сынайды. Барлық нәрсенің өз шеңбері болатынын ашық ұғындырады. Рельстен шықса, от арбаның (поездің) құлап қалатынын еске салады.
27-ші қара сөзінде Абай атамыз Сократ пен Аристотельді сөйлестіріп, Кәламдағы тауһид (Алла ұлы, Алла жалғыз) ілімін өте жоғары деңгейде кеңінен таратады, оқырманға ашықтап түсіндіріп береді. 
28-ші қара сөзінде: ең бір күрделі ұғым – тағдыр мәселесіне кіреді. Адамның ерік қалауына тоқталады. Көлікке отырып, рөлді қалай бұрсаң солай кететіні сияқты сенің де жақсылық не жамандыққа кетуіңе еркің бар. Алла Тағала саған ерік беріп сынайды, ақыл беріп сынайды, байлық беріп сынайды. Ақидаң (бағытың) дұрыс болмай, ақылың, білімің жетпей жасаған ғибадаттың шикі екенін айтады. Балаңа тәрбие беруің үшін де білім керек болатыны сияқты, барлық істі жүрекпен сезіну, білу талап етіледі. Біліміңді молайт, Илаһи ілім сен ойлағандай төмен емес (метафизикалық ілім), нағыз білімнің биік шыңы деп оқырманды ұйқысынан оятады. Ақиық ақын Мұқағалидың «Дін – ғылымның атасы», – дегені еске түседі осы жерде.
34-ші қара сөзінде өлім туралы ой қозғап, қазақтың өлім келгенде амалсыз Аллаға сенетінін айтады. Барша әлемдердің Раббысы Алла Тағала ақыретте сұрақ алады, жақсылық, жамандықтың сыйын не жазасын береді. Кез келген адам алты иман шартқа (Аллаға, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға, тағдырға, ақырет күніне) толық сенбесе, ол адам мұсылман болмайтынын айтады. «Қазақтың ақыретке толық сенетініне сенбеймін», – деп Абай ойын сабақтап, сөзін дәлелдейді. Кей қазақтың қай жақта пайда бар, сол жақта жүретінін сынайды. «Адам бір сәтте екі нәрсені бірге ұстай алмайды. Екі нәрсе бар болып, оның бірі ақыретке керекті, бірі осы дүниеде керекті десе, қазақ ақыретті барғанда көрем деп, осы дүниеге керектіні алады» – дейді. Ақыретке сенген адамда күндестік, бақастық бола ма деп салғастырмалы талдау жасайды. 
35-ші қара сөзінде: «Алла Тағала мақшарға барған қажы, молда, сопы, жомарт, шейіттерді қатар қойып сұрар», – деп сөзін бастап, барлық амалдың ниетке, ықыласқа байланысты екенін ашықтай түседі. Қазақтың «ниетің жолдасың» деген сөзін одан ары растайды.
38-ші қара сөзінде: «Әуелі адам бір нәрсені жақсы көруі керек, жақсы көру үшін адамда адамгершілік, ақыл, ғылым болуы шарт. Ал бұларға жету үшін адам бойында жақсы қасиеттермен бірге дені сау болу керек. Бұған тағы ортаның (отбасы, қоғам, дос) әсерін қосады. Адамның ғылым-білімге махаббаты оянса, сол адам болады, содан соң Алланы таниды, өзін таниды, айналасын таниды, жақсы мен жаманды ажыратады. Әуелі баланы бастан дұрыс тәрбиелеу керек, болмаса ол бала жарым адамға, жарым мұсылманға айналады. Ондай баладан кемел адам шықпайды. Алла Хақиқат, Оған тек адам шынайылықпен жақындайды. Адам ғылымы-білімі арқылы әр нәрсенің ішкі сырын білуге, хақиқатқа, шындыққа ұмтылуы керек. Ғылым Алланың бір сипаты, әсте ғалым адам Аллаға ғашық болуы керек, шынайы ғылымды іздеген адам дүние-мүлік, мансаптан, ақшадан бойын аулақ ұстай алады, сонда ғана ол шын ғалымға айналады». Соңын намаз оқудың толық барысын, ішкі мәнін аша түсіндірумен аяқтаған. 38-ші сөз – Абайдың бар болмысын көрсететін, ерекше толғанысынан шыққан кесек туындысы. 
45-ші қара сөзінде Алланың барлығына, бірлігіне тоқталады. Жер бетінде қандай адам болмасын бірдеңеге құл болады, не ақшаға, не Алла жаратқан табиғатқа, не аңға, құсқа, әйеліне, көлігіне, әйтеуір бір нәрсеге. Соны жақсы көреді, соған жақын болады... Кім Аллаға жақын болса сол кісі ғалым, данышпан һәм бақытты. Ешқандай ғалым жанынан ғылым шығара алмайды, тек Жаратқанның жаратқан, жасап қойған нәрселерін сезу, көру, ақылмен талдау арқылы, – деп сөзін доғарады данышпан.
Абай қолына қалам аларда былай деп толғайды:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, 
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін. 
Көкірегі сезімді, тілі орамды, 
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін. 
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар, 
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін. 
Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей, 
Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей. 
Ойшыл мені тану үшін кір іздемей, таза көңілмен келіп, ішіме үңіл деп ескертеді. Біреуді сыртынан естіп, жек көріп барсаң, әңгімеңнің еш жараспайтыны сияқты, бүгінде жазғанды оқымай жатып, оқыса да ішіне үңілмей жатып, не түсіп қалған бір әріпке, не ауысып қойылған бір үтірге сын айтатындар бар. «Тыңдағыш қанша көп болса, сөз ұғарлық кем кісі», – дейді Абай, осы арада бізге ішкі мәнге үңілу қағидасын айтып кеткендей. Демек, Абайдың әр сөзі әр заманға қарай талдай алсаң талдана беретін, уақыт, мекен кеңістігінен шығып кеткен дүр сөздер. «Арғын, найман жиылса, таңырқаған сөзіме» деп, өзі жазып кеткендей, ақынның әр сөзінде ат көтере алмас атан түйенің жүгі бар. 


ЕЛДІ ҰСТАП ТҰРАТЫН ТӨРТ ТОП


Қазақта «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген аталы сөз бар. 
Төбедегіні алатын төртеу қайсы? 
Елді ұстап тұратын патша, ғалым, бай, тақуа. Бұл төрт топ өз міндетін жақсы атқарса, төбедегі келеді.
Әл-Фараби бабамыз «Қайырымды қала» еңбегінде: «Адамдар тек бақытты болу үшін өмір сүреді, соған белгілі кезеңдерде жетеді. Ол үшін көп болып, бақытқа ұмтылуды ортаға қояды. Адамдар бір-біріне әсер етеді. Өмір сүретін орта жанға жайлы болғанда, ақылды орта, ақылды адам, ақылды ұрпақ, ақылды тұрғын, ақылды қала қалыптасады, сонда ғана бақытты өмір басталады» дейді. Мемлекеттің рухын адамгершілік, қайырымдылық, әділеттілік, шынайылық, тұрақтылық, ізгілік көтереді. Рухани құндылықтар ғана бір елді сақтай алады. Қоғамның беріктігі, тұрақтылығы, күштілігі имандылықтан келеді. Сонда ғана қайырымды да ақылды қала құруға болатынын айтады ойшыл.
Ел басшысы дені сау, парасатты, сабырлы, еске сақтау қабілеті жоғары, ақылды, қырағы, батыл, мейірімді, әділ, жан-жақтылы білімді болуы, жан тазалығы, ар тазалығы, бүкіл адамға, өз халқына деген таза махаббаты, дініне, салт-дәстүріне, ғылым мен білімге деген құрметі керек. 
Әмір иелеріне патшадан тартып, екі адамды басқаратын кішкене мансаптыға дейін жатады. Осы топ бір елдің бақытты-бақытсыз болуына тікелей ықпал жасайды. Олар елдің бақташысы, шын жанашыры. Халықпен етене байланыста болуы шарт. Алладан қорқатын басшы бақытты жаратады.Басшы болу деген – мамық креслоға жайғасу, байлыққа белшеден бату емес, керісінше, ел жүгін, халық аманатын, ұлт тағдырын мойнына алу деген сөз. Әмір иелері әділ де мейірімді болып, ар-ұят, обал-сауап дегенді біліп, кісі ақысын жемесе, қоғам тыныш, ел мұңсыз болады.
Екінші топ – ғалым. Ғалым кеме капитаны сияқты, кеме соның бағдар беруімен жүреді, бастық адам дұрыс ғалымды таңдаса қателеспейді. Ғалым – барлық ғылымның иесі. Тарих, философия, әдебиет осы топтың қолымен жазылады. Осының ішіндегі саяси тарих басты орында тұрады. Бұрында бұл топқа ғалым, би-шешендер жатса, бүгінде ғалым, жазушы, ақын, мұғалім, заңгер, психолог, журналист жатады. Бұл топ қай заманда да адам жанын емдеген. Бұлар лайланса, онда «ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себедінің» өзі болады. Бұл топтың қолында қоғамның көзге көрінбейтін бір жіңішке жібі бар. Сондықтан, оларға дүниеге, салтанатқа, мансапқа, атаққа құмарлық жараспайды. Ұлттық мүдде, халық игілігі жолында жүрген адам көкірегі ояу, мінезі дұрыс, шыдамды, қайратты, батыл болуы қажет. Нағыз зиялы адам өзін ұлтының қызметшісі санайды. «Зиялы адам өз заманында имандылығы, діни білімі, қабілеті, тәрбиесі, адамгершілік қасиеттері арқылы адамзатқа, ұлтына, діні мен діліне дұрыс қызмет етіп, ұрпаққа ізгілігі мол істерін қалдыра білсе, адамзаттық кеңістіктегі тұлғалыққа қол жеткізбек», – дейді ұлт ойшылы әл-Фараби.
Үшінші топ – байлар. Байлар болмаса барлық өндіріс тоқтайды, алып зауыттар, қаптаған сауда дүкендер, дәмі тіл үйірген тамақ жайлар, көңіл ашар клубтар, аттам жердегі жанармай бекеттері, жеп-ішкен сан түрлі азық-түлікті кім дайындайды, кедейлерге кім жұмыс береді, әрине, кедей болмаса байдың жұмысы жүрмейді. Шебер Жаратушы бай мен кедейді бір-біріне бөлінбейтін етіп, қоғам тепе-теңдігін сақтайды. Кез келген кедей байдың берген еңбек ақысын тағы көбірек берсе екен деп, іштей болса да дәметеді, міне, сондықтан, Исламда бай зекет, садақа беру арқылы кедейдің қалған ақысын өтейді. Қоғамда бай мен кедейдің арасында мейірімділік пайда болады. Бай жомарт және ақылды, құдайдан қорқатын, кішіпейіл болса, қоғам бақытты болады, барлық күнә тәкаппар, ашкөз, қызғаншақтықтан туындайды, бай осылардан алыс болса, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды, керісінше болса қоғам қара түнекке айналады (Алла сақтасын). Қазақ даласында байлар бүгінгі холдингтер сияқты айналасындағы адамдарға жұмыс беріп, әлеуметтік қажетін шешіп отырған. Сондықтан да, қазақтан ол кезде жетім-жесір, қайыршы шықпаған, түрме болмаған. Сонымен бірге, байлар еңбек ақысын толық беріп, молда-қожа ұстап, ауылдың балаларын оқытқан. Демек, ұлттың ағартушылық жұмысы да солардың мойнында болған. 
Тәуелсіздіктен соң елімізде делдал(тәуелді) буржуазия, паразит (масыл) буржуазия қалыптасты. Соңғы жылдарда ұлттық буржуазия пайда болды, солар ғана отан үшін жұмыс жасауда, бірақ өте аз. Делдал буржуазия мен масыл буржуазия да ұлттық мүддеге жұмыс жасаса, еліміздің ертеңі нұрлы болып, келешек ұрпақ мәңгілік елде өмір сүрер еді.
Төртінші топ – тақуалар.Қaсиетті Құрaнның А‘РАФ сүресінің 96-aятындa: «Егер сол қaлaлaрдың (елді-мекендердің) хaлқы имaн келтіріп, тaқуaлық жaсaп, Аллaғa қaрсы келуден сaқтaнғaндa, әрине, біз олaр үшін жер мен көктегі берекет қaқпaлaрын aшып, молшылықтa өмір сүргізер едік». (7:96) 
БАҚАРА сүресінің 194-aятындa: «Аллaғa қaрсы келуден сaқтaнып, тaқуa болыңдaр, Аллa тaқуaлaрмен әрдaйым бірге». (2:194) 
ХУЖУРАТ сүресінің 13-aятындa: «Аллa бәрін көріп тұр. Аллa aлдындa ең aрдaқты болғaндaрың бұл дүниеде тaқуa болғaндaрың. Аллa шексіз білгір, бәрінен хaбaрдaр».(49:13) 
ӘЛИ-ИМРАН сүресінің 102-aятындa: «Ей, мұсылмaндaр, Аллa жолындa өле-өлгенше шынaйы тaқуa болып, имaнмен жaн тaпсырыңдaр». (3:102) 
ҺУД сүресінің 49-aятындa: «Сендер сaбыр қылыңдaр. Рaсындa aқырғы есепте тaбыс тaқуaлaрдікі. Ең керемет жеңіс Аллaдaн шынaйы қорыққaн тaқуaлaрдa». (11:49)
Міне, Құранда осылай мадақталатын тақуалардың құрметіне Алла Тағала елге тыныштық, береке береді. Бір елді мекенде ауыр күнәлар жасалып, Алла Тағала зауал жіберейін дегенде, сол жердегі бір кішкене бала Құранды оқи бастағанда Жаратушы түгелдей кешіреді. Ел мен жер үшін түнгі ұйқысын қиып, көз жасын көлдетіп, дұға жасап отырған тақуалар – еліміздің көзге көрінбейтін ең негізгі тірегі. Барлық нәрсе Алла қаласа ғана болады. Төртеуді рухани тұрғыдан талдасақ: Діни және шариғи үкімдердің тараған негіздері төртеу: 1. Құран. 2. Сүннет. 3. Ижмағы үммет (Мүжтәһиттердің бір мәселе бойынша ортақ келісімі). 4.Қиясы Фуқаха (бір мәселенің үкімі болмаса, оны үкімі бар басқа, өте ұқсас мәселемен салыстыру арқылы үкім шығару). 

***

Алтауды рухани тұрғыдан талдасақ, Иманның 6 шарты меңзелген. 
Алланың жаратқан кез келген, жанды-жансыз заттарынан Жаратушыны тануымыз керек. Ғалым бір шымшым табиғи топырақ жасай ала ма? Жапондар робот сиыр жасап, тек шөптің сөлін сығып алмады ма? Кіп-кішкене қара құмырсқаның біреуін қолдан жасап, жан сала алады, жансыз жұмыртқадан жанды балапанды кім шығара алады, міне, бұл Алланы барлық кезде, барлық жерде тани алуымыз «таухид» болып саналады. Осы кезде адамның алтауы ала болмай бірігеді, иманның алты шарты пайда болады. Барлық әлемнің жаратушысы бір Алла тағала және Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.) оның елшісі әрі құлы екеніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға, өлімнен соң тірілудің хақ екеніне, ақырет күніне, тағдырға және жақсылық пен жамандықтың Алла тағаланың жаратуымен болатынына сенім қалыптасады. Осы алты шарт орындалғанда, Ислам өздігінен пайда болады, ол шаһадат кәлима айту, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажылыққа бару. 
Иманды қорғау үшін мына алты қорған керек: 1. Парыздар.2. Уәжіптер. 3.Сүннеттер. 4.Мүстәхаптар. 5. Мәндүптер. 6. Нәпілдер.
Дүние көзімен алтауды талдасақ: Бір ғасырда қатар өмір сүретін Ата, әке, бала аталмыш алтаудың үшеуі, бұлар тату болса отбасы берекелі, құт қонған, Қызыр дарыған салих әулетке айналады. Ендігі үшеуі бір атадан тараған жеті туыс, құда (жегжат), нағашы (жиен) ынтымақты болса ауылдың сыртынан ат үркетін, кие қонған елге айналамыз. Қазақтың Төле биі 13 жасында қари болған. Әнет баба Бұхар барып, медреседен он үш пәнді үздік тәмамдаған. Осындай қазақ «алтау мен төртеуді» жай айтпаса керек-ті.

ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ ІЗДЕУІ


Егемендік алған 30 жылдан бері қазақтар өздерін таба алмай іздеумен келеді, көп қазақ көз алдарындағы кинодан іздеп, ондағы кейіпкердің атын ұл-қыздарына қойып, соларша күн кешкісі келіп, шаштарын сан түске бояп, мұрнын тесіп, құлағын кесіп, көзілдірік тағып, ұзын тұмсық қызыл шәпкі киіп, мойнына ит тағатын жуан шынжыр тақты. 
«Ринго, Рензо, Ninety one, Орда, KeshYou», тағы басқа топтарға еліктеген жастар мен жасамыстар, басқа мәдениеттен қазақты іздеді.
Бесік таянған ана есті ән мен ессіз, ер мен әйелдің, жас пен кәрінің әнін айырмай, сәбиіне соны айтты, балапан бала күйдім-сүйдім деп ән салып, қазақтықты өзінше іздеді. Біреулер театрдағы әйелге айналған еркектерге еліктесе, тағы біреулер ас үйде тамақ жасап жүретін еркек әншілерге еліктеп, ас үйден әйелін қуып шықты.
Үйінде ит ұстап, көшеде төбеті қалай бастаса, солай кетіп бара жатқан өз бағыты жоқ қазақ қыз-келіншектері де кездеседі. Түн баласы жатпай, қазақты түнгі клубтан іздегендерді «ішің білсін» деп айтпай-ақ қоялық. Солай сан мәдениеттің ішінен қазақты іздеп жүр. 
Дипломы бар студент қазақтықты қаладан төрт жыл бойы таппай, ауылға келді, салт-дәстүрден таппады, ата дінінен таппады, ғылымынан таппады, шаршады, үкіметтен алған ақшаны бітіріп, берген үйін сатып, қалаға қайтуға жүгін буып-түйді...
Діннен іздегендер егемендік алған алғашқы жылдарда ақидадан адасып, дәстүрлі түркі иманнан алыстап, ата-бабасы ұстанған тақуалық жолды «сопылық» деп, «таза, пәк, тақуалық» деген мағына беретін, ілімге суарылған, иман рухына сіңген қазақтықтан қорқып, Буддист сопылары мен Христиан сопыларына өз аталарын ұқсатты. 
Қазақ даласында кесенесі аспандап тұрған әулие-абыздарға үрке қарайтын, тіпті олардың кесенелерін құлатып, соның астынан қазақты іздегісі келеді, киелі саналған жерлердің киесін қашыруға тырысты, жолы болмады. 
Қазақ әдебиетіндегі «кешегі өткен заманда, дін мұсылман аманда» деп басталатын эпостық қисса-дастандарды өз алдарынша өзгертіп, жыр жолдарында кездесетін «Әулие қоймай қыдырып, етегін шеңгел сыдырып, жеті пірге танысқан, Әулиеге ат қойып, қорасанға қой айтып, қабыл болған тілегі, жарылғандай тілегі», «Жәрдем болсын Құдайым, медет тілеп пірлерден, Жаратқаннан сұрайын, Ғайып ерен, қырық шілтен, адасса жолға салып жүр, сыртынан қорғап бағып жүр, Жаратқан Ием қолдасын, жолбарыс болсын жолдасың» деген жерлерді түгелімен алып тастау арқылы қазақтықты іздеді. 
Тәуасул жасамай, әулиеден тікелей керегін сұраған «ақ тырна», «көк тырналар» да қазақты іздеп таппады. 
Бақсы-балгер, емші, құшынаш, көріпкелдер де Алматы көшелерін торуылдап, өткен-кеткенге ысқыра қазақты іздеді, адасты...
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «мұсылман ішімен де, сыртымен де әдемі» дегеніне кереғар жұмыс жасап, шолақ шалбар киген, жабайы сақалы бар, мұрты жоқ үркердей топ пайда болды, тіпті олар қоғамда «бауырлар» деген терминді басқаша жаңартты, қандық туысқандық емес, рухани туыстар шоғырын қалыптастырып, намазда, тағы басқа құлшылығы жоқ былайғы жұртты кәпір деді. Келінге сәлем салған Аллаға ширк қосқанмен тең, адам тек бір Аллаға бас иіп сәжде жасауы керек, басқа нәрсеге бас ию қате деп елді үркітсе, аруақтарға Құран оқыған дұрыс емес, Құран-Кәрім тірілерге ғана түскен деп, Құранның даусы шықса ажалы келіп қалғандай бастарына жабатын бірдеңе іздеп, қара халықтың дәстүрлі түсінігін быт-шыт етті.
Құранды тек өлі адамдарды еске алғанда, қабір басына барғанда ғана оқиды деп, өлім шықпаған үйде Құран оқымайтын немесе жас отауда Құран оқуға қатаң тыйым салған қазақты ұйқысынан шошытты. Мешітте намаз оқуды уәжіп дейтін олар намаздан соң аруақтарға Құран бағыштаудан бұрын далаға ат-тондарын ала қашатын болды. Олар үшін Қазақтың барлық салт-дәстүрі бидғат болды, қазақтықтан әбден жерінді. Тіпті Пайғамбар жасы 63 деген қазақи түсінікті 40 жаспен ауыстырды. 
Ал, байлардың қазақты іздеуі өз алдына бөлек бір әлем, ұшақтарын алтынға толтырып, шетел асып кеткен экс-шенеуніктер дүниеде еліктейтін кім бар, солардың бәрінің алдына әлдеқашан түсіп кеткен, еуропалықтардың өзі біздің қазақтарға еліктеп жүр. 

АЛТЫН ОРДА ҺӘМ ЯССАУИ


Ата-бабаларымыз моңғол шапқыншылығы, орыс отаршылдығы, жетпіс жылдық советтік қызылдар қырғыны кезінде тәнін берсе де рухын бермеді, өзін берсе де иманын бермеді. Қаншалаған тайпалар жойылып, бүгінде ізі де қалмады. Бабаларымызды сол алапат жылдардан аман алып шыққан, өлмес те өшпес күш не, оны қайдан алды? 
 Ежелгі адамдар өздерін қоршаған құпия әлемді өз өресі жеткен деңгейде түсініп, қабылдауға тырысты. Бұл көптеген сенім мен нанымдардың пайда болуына себеп болды. Ежелгі заманнан осы уақытқа дейін жеткен деректерге сүйене отырып, кез келген халықтың діні, наным-сенімдері мен дүниетанымы оның тарихына, рухани-мәдени, саяси өміріне үлкен әсер ететін фактор екендігін білеміз. 
Дәстүрлі нанымдардың негізгі түрлері: Aнимизм (тaбиғaттағы жанды-жансыздың рухы бар деп қарау және оған бас ию). Фетишизм («ерекше қaсиетті зaт» сенімі және олардың мaгиялық қуaтынa негізделген. Пұтқa тaбыну, бойтұмaр тaғыну). Тотемизм, ата-баба аруағына табыну, шаманизм, көкке және жерге табыну, тәңіршілдік пайда болды. 
Біздің алғашқы нанымдарымыз тотемизмге негізделді, әр тайпаның өз тотемі болды. Қазақтардың әлі күнге көк бөріні пір тұтуы, аққуды атпауы – осы мифтік жануарлардың күші мен қамқорлығына деген сенімі. 
Көк аспанды, жұлдыздарды, күн нұрын жан тұрағы деп қарастыру – оларды құдіреттендіруге жол ашты. Дамудың белгілі бір сатысында адам болмыс пен сананың, тән мен рухтың аражігін ажыратты және соңғысын жоғарғы әлеммен байланыстырды. Әлемдік діндердің бастау тегіне Көкке табынудың (Тәңірге сену) өзекті қағидалары арқау болған. Көкке табыну – уақыт пен кеңістікті игеруге талпынған, қоршаған ортамен тіл табысуға ұмтылған адам баласының алғашқы таным-түсінігі. Көне түркілер жерімен – Жібек жолы арқылы қаншама діндер өтсе де, түркілердің негізгі сенімі тәңірге, аруаққа, тотемге табыну болды. Ол кездің әдебиетінде басты тақырып елдік, ерлік, салт-дәстүр, жоқтау еді. Бұл үрдіс Хазіреті Пайғамбардың(с.а.у). (Илаһи билік 23 жыл) және оның төрт халифатының (Ижма 622-651) 29 жылдан соң, 661-750 жылдарда Уммия билігі үстемдік етті. 751 жылы Түркештердің кезінде Тараздағы Атлах шайқасынан кейін Аббасилер билікке келді. Содан бастап Тұран елі ислам дінін өз еріктерімен қабылдай бастады. VIII-IX ғғ. Орта Азияда араб тілі мен мәдениетінің үстемдігі айқын сезілді. Әл-Фараби, тағы басқа көптеген оқымыстылар осы кезде шықты. 
 X ғасырда Орта Азияда парсы тілі мен мәдениетінің үстемдігі байқалды. Х ғасырдың соңғы жартысынан бастап Қараханидтер дәуірі басталды, Сатұқ Боғра хан өз тегін, өз тамырын іздеді. Сатұқ Боғра хан қайтыс болған соң хан тағына баласы Муса отырды. Ол 960 жылы ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялады (1, 211 бет). Өздерін ежелгі Тұрандықтардың ұрпағымыз деп жар салды. Осылай үш жүз жылға жалғасқан өз еліндегі мәдени, тілдік үнсіздік ғасырын бұзды. Ислам дінін ел идеологиясы етіп, түрік текті мұсылманбыз деп заңында жазды. Осыдан соң XІ ғасырда түрік тілі мен мәдениеті өз территориясында салтанат құрды. 
Осы кезеңде Қожа Ахмет Яссауи ұстазы Арыстан бабтың өсиетімен Бұхараға барып, қожа Жүсіп Хамадани хазіретінің қызметінде болып, мүршидтік кемел мәртебеге жетеді. Жүсіп Хамаданидің екінші халпесі қожа Хасан Андаки 1157 жылы рамазан айының 26-жұлдызында дүние салған соң, Қожа Ахмет Яссауи пір болып, Бұхара халқына дағуат жасап жүргенде, Илаһи аянмен Түркістанға баруы ләзім болады. Пірлікті қожа Абдулхалық Ғыждуани хазіретіне беріп, барша шәкірттерінің оған қол беруін өсиет етті (2. 30-32 беттер). Туған өңірінің діні басқа отаршыл халықтардың қол астында қалатынын біліп, халқын рухани жақтан құтқаруға келеді. Алда болатын қиын жағдайларға елді дайындады. 
Түркістан халқында ежелгі оғыздардан сақталған 24 тотемдік символ болды, олар көк бөрі, бүркіт, ителгі, қыран, сұңқар, тазы, қаршыға, үкі, қарлығаш, аю, ай, күн, жұлдыз, тұмар, от деп жалғаса беретін. Ежелгі дүниетанымда біздің ата-бабамыз қасқырдан тарайды, не қасқыр емізеді, әйтеуір, ит тұқымдас етіп көрсетеді. (Қытай жазбаларында «солтүстік патшалықтар және ит елі» деген үлкен аңыз бар). Міне, бұл Яссауиден бұрынғы бүкіл түрік халықтарына ортақ шежіре (3. 89-114 беттер). 
Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бұрын құрып-бітуге шақ қалған Араб түбегі Құранмен сусындап, қырық құрау болған арабтардың басы бірігіп, мәңгілік Илаһи ілімнің нұрына шомылды. Құран түспесе, Пайғамбарымыз (с.а.у.) сол жерде тумаса Мекке мен Мәдинаға миллиондаған адам барар ма еді. Уотт Монтгомери «Исламның орта ғасырлық Еуропаға ықпалы» атты еңбегінде: Пайғамбар мисуагі әлемге тіс жуатын щетканы сыйлады. Сүннет көйлегі пижамаға айналды, ғұсыл тазалықты, дәрет төсекке аяқты жуып жатуды үйретті, жұмаға дайындалып, сақал мұрт, шаш тырнақты алу жеке гигиена мен мәдениетті үйретті. Бұрынғы төсекке де жүн шекпендерімен құлай беретін жаман әдеттерінен айырылып, төрт мезгілге қарай киім киетін болды, биттен құтылды, тамақты фарфор ыдыспен ішетін болды, кептірілген балық жейтін еуропалықтар жеңіл сорпа, қою тамақ, тәтті тағам жеуді әдетке айналдырды, Араб цифры, компас, қағаз жасайтын диірмендер Еуропаға келді, солай жаппай сауаттанды. Зәйтүн, інжір, банан, жүзім, құрма, шие жемістері келді, егінді үнемдеп суғару үшін шағын арықтар қазды, Гиттар алғаш Испанияда Кордова халифатында пайда болды. Сәулет өнері дамыды, медицинаға жаңа серпін берді, солай Ибн Сина атымен аталды (3. 89-114 беттер). 
Қожа Ахмет Яссауи түркі халықтарының дүниетанымының көкжиегін кеңейтті, көне түркілік дүниетанымды ислам қағидаларымен байытты, жаңа өркениет қалыптастырды. Дәл солай мәңгілік ілім көне түркілік мәдениетке де өз сәулесін шашты. Қоғамды жаңартты. Яссауи түркінің ежелгі өмір сүру заңдылықтарының шариғатқа қайшы емес жақтарын сол бойынша қалдырды, қайшыларын назиралық жолмен ақырын жаңғыртып, синтез жасай білді. 
Міне, осылай Яссауи қазақ ұлтының ұлттық идеологиясын жасады.
Жыр-дастандардағы тотемдік ұғымдарды илаһи ілімге сай етіп жаңғыртты. Тәңірді – Аллаға. Көкбөріні – Адам атаға. Періні – періштеге. Киесі бар адамды – Әулиеге. Құт қонған дуалы ауыз адамды – Пірге. Ноянды биге ауыстырды, т.б., солай қазақты келешек ұлт ретінде дайындады, ру басына қожаларды қойып, дәстүрлі діни сана қалыптастырды (3, 89-114 беттер). 
Дін ғибадат қана емес, әдеп ілім екенін санасына құйды. Әуелде ұят болады деп, әдеп, иба-ізет, ар-намыс, білім-өнеге, адамгершілік, мейірімділікті үйретті. Үлкенді сыйлап, кішіні аялайтын көркем мінезді қалыптастырды.
АНФАЛ сүресінің 29-aятындa: «Ей, мүміндер! Аллaдaн қорқыңдaр, Оғaн құлшылық жaсaңдaр, тaқуa болыңдaр, сондa Аллa сендерге ерекше қaбілет беріп, жaқсы мен жaмaнды, aқиқaт пен жaлғaнды aйырaтын қүш береді. Күнәлaрыңды кешіреді, сендерді жaрылқaйды. Аллa қaмқоршы, aсқaн жомaрт». Міне, осылай Құранда көп жерде мадақталатын шын тақуалықты халық жанына әдемі сіңірді. 
Тариқат – жол деген мағынада. Бастапқыда адам күнәдан тазарып, рухани көтерілу жолында болып, барлық тән құмарлықтарымен (нәпсісімен) күреседі. Адам әлсіз болғандықтан тариқатта рухани тәлімгердің көмегінсіз тазара алмайды. Өз бетімен құлшылық жасап кемелдікке жете алмайды. Тариқат жетекшілері үлкен әулиелерден болады. Орта Азияда Қожа Ахмет Яссауи негізін салған Яссауи тариқаты, бұхаралық Бахау-Дин Нақшбанди негізін салған Нақшбандия тариқаты және хорезмдік Нәжім-ад Дин Кубра негізін салған кубравия тариқаттары кең таралды. (4). 
«Әулие» сөзі арабтың «уәли»-жақын, дос, көмекші ұғымын білдіреді. Бұл сөздің шариғаттағы мағынасына келсек: күнә істеуден бойын аулақ ұстайтын, Аллаһқа шынайы итағат етуші. Оған деген махаббаты жалындап, Одан қатты қорыққан және Хазіреті Пайғамбардың(с.а.у.) сүннетін қалдырмастан мұқияттылықпен орындаған, иманы берік кісі. «Уәли» сөзінің көпше түрі «Әулие»(достар) (5. 276). 
Белгілі орыс ғалымы Бартольд:«Исламның Дешті Қыпшақ даласына таралуы – сопылардың еңбегі мен мұсылмандық отырықшы халықтардың көршілес көшпелі тайпаларға ықпалы» дейді. 
Орда Ежен, Бату, Шайбан тел қозыдай тебісіп өсті. Әкесі Жошыдан қалған кең даланы місе тұтпай, Бату қалың қолын бастап, батысқа жорыққа аттанды. Жайықтан өтіп, Еділ маңындағы бұлғарларды бағындырып, қырық құраулы орыс кінәздықтарын шетінен талқандап, тез жаулады, одан ары Киев қаласын басып алды. Польшаны, Венгрияны, Чехияны, Молдавияны ойрандап, Ертіс өзенінен Дунайға дейінгі кең байтақ даланы уысында ұстады. Шығыс Еуропаны алған Бату хан Еділ бойына қайтып келіп, алтынмен аптап, күміспен күптеп, хан Сарайын жасатып, Сарайшық қаласын салдырды. Ағасы Орда Ежен мен інісі Беркеге де жер беріп, өз алдына ел басқартты. Берке солтүстік Кавказ және Еділ бойында түрік-моңғол елін билеп отырды. 
Бату хан дүниеден өте сала Моңғол үстіртіндегі Ұлы хан Мөңке христиан Сартақты Қарақорымға шақырып, ұлыс билеушісі етіп тағайындады. Сартақ Қарақорымға кеткенде, Берке өзін ұлыс ханы деп жариялап, ұлы хан Мөңкеге салық төлеу, соғыс олжасын тапсырудан бас тартып, шын мәніндегі Алтын орда мемлекетін құрды (1, 300-301 беттер).  
Ислам дінін қабылдаған Беркенің таққа шығуымен Алтын Орданың Ислам тарихы басталған еді. Алтын Орда хандары басқа діндерге деген кең пейілді, яғни, толерантты саясатын жалғастыра берді. Мемлекеттің аумағы Сырдария мен Ертістен Шығыс Еуропаға дейін, Балтық теңізінен Оңтүстік Кавказға дейін жалғасып жатқан еді. Сондықтан,батыс пен шығыстың көпестерінің сауда керуендері тоқтамай өтпеді. Қытайдан Еуропаға баратын сауда жолдарының көпшілігі Алтын Орда территориясынан өтетін. Сауда керуендерімен бірге білім мен ақпарат, жаңа түсініктер мен жаңа діндер бір-бірімен алмаса бастады. Әрине, бұл керуендермен мұсылман дәруіштер, яғни, мұсылман миссионерлер Ислам дінін таратты (6).  
Бұхара қаласындағы Кубравия тарихатының белгілі ұстазы Сайф-ад-Дин Бахарзи, көптеген уәзірлер мен мемлекет қайраткерлері және билеушінің құрметіне ие болды.Берке хан дүниеге келгеннен соң анасының емшегін мүлде емген жоқ, соңында мұсылман әйелдердің бірі оны емізіп, өсірді. Өсе келе ол ағасының нұсқауымен түрлі елдерге барды. Осы сапарлардың бірінде ол Бұхараға келген. Онда ол сол кездегі данышпандардың бірімен кездесіп, одан нұсқаулар алды. Бұл данышпан құрметті әулие шейх Сайф ад-дин Бахарзи еді. Ол біраз уақыт оның қасиетті табалдырығын тоздырып тәлім алды. Меңгу Ханның анасы Бұхарада салған медресенің басқаруын шейх Бахарзи қарамағына қалдырды. Бірнеше ауылдың төлейтін салықтарын осы медресеге арнады. Моңғолдар «ұлы шейх» атағын берген Бахарзи, монғолдар арасында Ислам дінінің таралуына оң ықпал етті. Алтын Орда ханы Бату хан мұсылман болмаса да, бауыры Әмір Берке шейх Бахарзи ұсынысымен мұсылман болып, оған мүрид болғанына қуанды. Кейбір аңыздарға қарағанда, Бату Хан мен Хулагу Хан да ол арқылы мұсылман болған, бірақ олар мұны құпия ұстаған еді (7). 
Сыртқы саясатта да Исламдық бағытты ұстанған ол, 1260/61 жылдары Хулагумен соғысып жатқан Мысыр билеушісі Бейбарысқа елші жіберіп, онымен Хулагидтерге және олардың одақтасы Византияға қарсы әскери одақ құрды. Бейбарыс сұлтан хатшысы Мұхиддин Абд-аз-Захирге Алтын орданың ханы Беркеге хат жаздырды. Арнайы сыйлықтар жіберді. Бас кәде ретінде Құранды илеген таза терімен қаптап, туған жеріне сирек кездесетін нуба түйесімен жіберді. Күміспен күптелген піл тісі, күміс шамдар және құлыптар, жайнамаз, түрлі түсті кілемдер, қымбат асыл киімдер, лағыл тастар, гауһар жүзіктер, алтын жалатылған темір шоқпарлар, күміс ер-тоқым, асылға суарылған ұстара, жібек жіптер, ала маймыл терісі, найза, қылыш, терімен қапталған сандық. Одан бөлек асыл текті жүйрік аттарды жіберді. Адал-арамды жетік меңгерген аспаздар. Ғұлама ұстаздар және әдепті құлдар қосты. Хатты оқып беруге өзінің сенімді имамы Маджуддинді бірге жіберді. Әмір Көшербекті басшы етіп, Бағдаттан келген Сараған ноянды қосшы етіп, сәт сапар тілеп аттандырды. Сұлтан Бейбарыс Хижри 661 (1263) жылы Рамазан айының 17 күні қасиетті Мекке мен Мадина қалаларында Берке хан үшін арнайы дұға жасатып, оның атына Умра қажылық жасауды әмір етеді. Өзінің ұлының атын азан шақырып Берке хан деп қойды (8. 114 бет). Берке хан одақтастықтан соң үлкен әскермен Кавказға басып кіріп, Кура өзенінің маңында Хулагудің армиясымен соғысты. Бұл әрекет өз кезегінде Хулагудың бүкіл күшін Египетке жұмылдыруына мүмкіндік бермей, оның екі майданда соғысуына алып келді. Осылайша ол өзін халықаралық аренада Ислам әлемін қорғаушы ретінде көрсете бастады. 
1313 жылы Алтын Орда тағына Өзбек шықты. Осыдан бастап Алтын Орданың исламдануы күшейді. Басқаша айтқанда, Қыпшақ даласында Түркі-Ислам өркениеті қанат жая бастады. Хан тағына ие болған Өзбек хан Алтын Орданы түбірімен өзгерте бастады. Өзбек хан барлық істерде өзінің ұстазы, шейх Эль-Мискаридің кеңестеріне құлақ түрді. Ол алдымен мемлекеттік басқару мен сот ісіне енгізді. Мемлекетті ұлыстарға бөліп, оны мұрагерлікпен қалдыруға рұқсат берді. Сот істерін де Яса заңдарымен емес, шариғат үкімдерімен жүргізуге бұйрық берді. Шариғат заңдары бойынша сот ісі жүргізілгендіктен, оның маңыздылығы артты. Өзбек ханның тұсында Алтын Орда Ислам өркениетінің шеңберіне енді. Қырым түбегі мен солтүстік Кавказда, тіпті бүгінгі Әзірбайжанда көптеген мешіт медреселер салынды. Өзбек хан Берке ханның Мысыр мәмлүктерімен одақтастығын жалғастырды (9). 
Алтын Орда халқы негізінен қыпшақ, қаңлы, арғын, найман, қоңырат, керей, уақ, және т.б. этникалық жағынан әркелкі болғанымен, негізгі тұлғасы түркі тілдес тайпалар болды. Басты әскери күші қыпшақтар еді. Басында бұл түркі тілдес тайпалар жеке-жеке Шыңғысханмен қарсыласып көрді, жеңіліп, оған бағынды (1.302бет). Араб Әл-Омари Дешті Қыпшақ жайында былай деп жазды: «Ертеде бұл мемлекет қыпшақтар елі болған. Ал, оларды моңғолдар жаулап алғаннан кейін қыпшақтар солардың қол астына қарап қалды. Содан кейін моңғолдар қыпшақтармен араласып, туыс болып кетті. Жер моңғолдардың нәсілдік сипатын өзгертіп жіберді. Құдды бір анадан туғандай дәл қыпшақ болып кетті. Моңғолдар қыпшақ жерінде неке қиысып, мекендеп қалды. 
Алтын Орда жергілікті халықтың ежелден келе жатқан ел басқару салтын өзгертпеді. Жергілікті түркі тілдес шонжарларымен моңғол шонжарлары өзара құдаласып, қыз алысты. Құдандалық тіпті ерте басталған. Шыңғысханның өзі  – қоңырат қызы Ұлын ханымның ұлы. Әйелі Бөрте де сол елден. Екінші әйелі Хотоқтай – меркіт қызы. Жошының бір әйелі Сартақ – қоңырат қызы. Тағы бір әйелі Бектумыш – Керей қызы. Шыңғысхан бір қызын ұйғыр Идиқұтқа, бір қызын қарлұқ Арсылан ханға берген. Жошы өзінің үлкен қызын қаңлының ұлыс бегі Тұғырылдың баласы Сұнақ тегінге берген. Міне, осы үрдіс Алтын Орда кезінде тіптен күшейді. Моңғол шонжарының өз дініне берік түркі тілдес тайпалардың қызынан туған балаларының тілі анасының тілінде шықты. Бұл жағдай моңғолдардың жергілікті халыққа сіңуін тездетті. Уақыт өте келе моңғолдың өздері де түркі тілінде сөйлей бастады. Алтын Орданың әдеби тілі – қыпшақ тілі болып сақталып қалды (1, 304 бет).  
Шыңғыс ұрпақтары арасында Берке, Мұхаммед, Барақ, Ахмед, Сабыр, Мубарак, Хәлил, Ходжа, Ильяс, Данишменд, Хасан, Мәлік, Туевкет (Тәуекел), Бахтияр, Адил, Қарақожа, Абай, Тавакул-ходжа, Ибрахим, Арабшах, Тимур-Шайх, Әли, Хасан және т.б. көптеген мұсылманша есімдер кездеседі (10). 
Адам рухани жақтан жауланбаса, ешқашан ешкімге жауланбайды. Алтын орда – Дешті Қыпшақтың ежелгі мекені, кейін де солай сақталды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) (Илаһи билік 23 жыл) және оның төрт халифатының (Ижма 622-651) кезінде рухани патшалық пен әкімшілік патшалық бір адамның қолында болды. 651 жылы Уммия билігі келгеннен бастап, рухани патшалық пен әкімшілік патшалық екі адамға бөлінді. Адамды тәрбиелейтін Пайғамбарлар тізбегі тоқтаған соң, рухани билік әулие-ғұламаларға берілді. 
Рухани билікті қолында ұстаған ислам дінінің үлкен ұстаздары – Қожа Ахмет Яссауи, Бахау-Дин Нақышбанди, Нәжім-ад Дин Кубра қатарлы көптеген әулиелердің жолын ұстанған шәкірттері, жойқын сұрапыл соғыстармен саяси тарих жазған, алып империялардың қол астында езіліп-жаншылып жатқан халықты құтқарды. Рухани сауыт киген біздің ата-бабаларымыздың иманы сынбады. Өздерін де, ұрпақтарын да жоғалтпады. Молда-қожа, ишан, дуалы ауыз жырауларды тізбелемесек те, солардың төл шәкірттері Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Ғұмар Қараш, Шәді Жәңгіров, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Нұржан Наушабаев, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Ақмолла Мұхаммедияров, Әбубәкір Кердері, Мақаш Қалтаев, Мұсабек Байзақұлы, Әріп Тәңірбергенов, Иманжүсіп Құтпанұлы қатарлылар болды.
Біз асыл дінімізді ұстансақ қана мәңгілік елге айналарымыз шындық. 

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Нығмет Мыңжанұлы. «Қазақтың қысқаша тарихы». Үрімжі: Шынжаң халық баспасы. 1987. -682бет 
2. Мәулана Әли ибн Хусейін. «Рашахат ани әл-Хаят». Астана: жедел басу баспаханасы,ЖШС.- 2017. -456 бет.
3. С.Керімбай, М. Төлеген, Ә.Нәби, А. Тасболат. «Яссауи феномені». Алматы: «Орхон» Баспа үйі, 2017.-456 бет).
4. Али-заде, А. А. Тарикат // Исламский энциклопедический словарь. — М. : Ансар, 2007. — С. 758.
5. Сейтбеков Смайл. «Иман негіздері». Алматы: ЖШС РПБК «дәуір». 2011. -375бет
6. https://kk.wikipedia.org/wiki
7. TDV Ислам энциклопедиясы, Ыстамбұл 1991, 4-том, 474-475 – бет. (https://islamansiklopedisi.org.tr/baharzi-seyfeddin)
8. Қайрат Сәки. «Пирамида үстіндегі киіз үу немесе Байбарыс туралы». Астана: Фолиант. 2000.-260бет
9. https://www.trt.net.tr/kazakh/bag-darlamalar/2017/07/01/ozbiek-khan-758411
10. Берекет Кәрібаев. «Қазақ газеттері» сайты. 
 

628 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз