• Еркін ой мінбері
  • 06 Сәуір, 2023

АЛАШ МҰРАТЫНА АДАЛ БОЛАЙЫҚ

Алаш арыстары тәуелсіздікке жетуді, халқымыздың сауатын ашып, мәдениеті мен тілін сақтауды, еліміздің төл тарихын ұрпаққа жеткізуді мұрат етіп, осы жолда көп еңбек атқарды. Алаш идеясы – ұлтының келешегіне сенім мен күш бере алған, ұлттық идеяға айналды. 

Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және өзге де аталарымыз жан-жақты болып, өз замандарының озық ойлы қайраткерлері ретінде көш бастады. Қазаққа қандай бағыт-бағдар керек деген мәселеде ақылдасып, ойласып, көптеген тұжырымдарды алға тартты. «Қазақ» деп аталатын газет ашып, өздерінің сөздерін бұқара халыққа жеткізіп отырды. Өкінішке қарай, Алаш арыстарының ізгі ниетті бастамалары толыққанды іске аспаса да, бүгінгі ұрпақ сол мұратқа жетті. Яғни, тәуелсіз ел атанып, шекарамыз шегенделді, ұлттық мұрат-мақсатымызға сай мемлекетіміз дамып келеді. Алаш арыстарының заманы тоталитарлық, репрессиялық қуғын-сүргінге толы болды. Қаншама тұлғаларымыз соның зардабын тартты. Десек те, ұмыт қалған асыл құндылықтарды жаңғырту, оқулықтар жазу, тарихымызды түгендеу, қасиетті мұраларды көздің қарашығындай сақтау, мемлекеттілігіміздің іргетасын қалау, саяси-экономикалық тұрғыдан қажетті іс-шараларды қолға алу сынды жұмыстарды рет-ретімен, кезең-кезеңімен жүзеге асырды. Ол замандағы ұлт зиялылары нағыз патриот, отаншыл, ұлтшыл адамдар болды. Жазған мақалалары мен кітаптарда елім деп соққан жүрек ерекше сезіліп тұрды... 
Бүгінгі жастардың тіл мәдениетін сақтай бермеуі ойландырады. Кейбіреулерінің өз тілдеріне қарағанда шет тілдеріне басымдық беретіні де қайран қалдырады. Тіл арқылы мәдениет, салт-дәстүр өміршең болатынын ескерсек, бұл мәселелерге де терең көңіл бөлуіміз керек. Қорытындылай келе, Ахмет аталарымыз арман еткен жастарға лайық болуымыз керек. Лайық болуымыз тілден, тіл тазалығынан бастау алуы қажет. Ертеңгі жас буын, ізбасарларымыз бізге қарап бой түзер, үлгі алар. Ұлт тағдыры, ел болашағы өзіміздің қолымызда!   

Әнуар АХМЕТКӘРІМ

554 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз