• Еркін ой мінбері
  • 06 Сәуір, 2023

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Жаңғыруға жасалған алғашқы қадам

Биылғы сайлаудың ең басты ерекшелігі – біздің Қазақстан шынайы демократиялық даму жолына түсуге нақты қадам басты деп айта аламыз. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алғаннан бері демократия туралы көп айттық қой, оның бәрі тек сөз жүзінде қалды. Ал енді биылғы сайлау, ол – шын мәнінде осы отыз жылдың ішінде шетелдердегі, дамыған демократиялық елдердегі сияқты әділ сайлау өткізудің ең алғашқы қадамы деп санаймын. Мұны мен әдейі айтып отырмын. Қазір бізде еркіндікті пайдаланып, жұрт жапа тармағай сынап жатады ғой, бұны да сынайтындар табылады, олардың сөзі рас та болуы мүмкін. Бірақ, қалай десек те бәрі бірден бола алмайды. Бұл әлі алғашқы қадам.  
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан құрамыз деген үлкен мәселе көтерді. Соңғы уақытта ол жөнінде сан рет айтылып келе жатыр. Жаңа Қазақстан деген бәрі бір керемет, аспаннан түсе қалатын, жан-жақтан байлық құйылып келе қалатын нәрсе емес. Ол – қоғамдық құрылысты, экономиканы жаңарту, соның ішінде демократияны дамыту деген сөз. Бұл сайлау соның алғашқы көрінісі. 
Мен шетелдерде біраз болғанмын. Оларда сайлаудың қалай өтетінін біршама білемін. Сонымен салыстырып, осыған дейін өзімізде өткен сайлаулармен салыстырып айтар болсам, біз бұрынғыдай емес, іс жүзінде демократиялық жаңғыруға қадам бастық. Мысалы, Парламент Мәжілісіне алты партияның өтуі бұрын болмаған жағдай. Әрине, «Аманат» партиясы көп орын алды, ол заңды да. Өйткені, оған  кезінде көп көңіл бөлінді, қаржылық жағдайы да, мүмкіндігі де мықты болды. Сондықтан енді «Аманаттың»  дәуірі өтті деген сөз емес, ол әлі де күшті партия болып қала береді, ол анық. Бірақ, басқа партиялардың шыға бастауы, солардың арасынан жаңа адамдардың Мәжіліс депутаты болып сайлануы мені қуандырды. Осынысымен де бұл тарихта Қазақстанның шынайы Жаңа Қазақстан болуында  ізі қалатын сайлау болды деп ойлаймын. Бұл біздің экономикалық жағдайымызды жақсартуға да себебін тигізуі тиіс. 
Кез келген сайлау не үшін керек?! Ол халықтың тұрмысын жақсарту үшін, соған жаны ашитын азаматтарды жан-жақтан депутат етіп сайлау үшін өткізіледі. Осы жолы сайланған дептутаттардың арасында, олардың өмірбаяны, ұстанымы, еңбек жолы, қоғамдық қызметімен танысып қарасақ, әрине бәрі түгел деп айта алмаймын, барлығы халық үшін қызмет етеді деп  дәмеленуге де болмайды, десек те басым көпшілігі болмағанмен, соған жақыны халыққа шынайы жаны ашитын, халықтың сөзін сөйлейтін азаматтар  деп ойлаймын. Сондықтан жаңа сайланған Мәжіліс депутаттарынан үлкен үміт күтеміз. 
Үкімет те қайта жасақталады деп жатыр. Мен өзім жазушы болғандықтан, жаңа үкімет әдебиет пен өнер саласына көбірек көңіл бөлсе деп ашып айтқым келеді. Өйткені, ел дамуына келгенде оның экономикасы, әлеуметтік жағдайы сөз болады да, көп жағдайда әдебиет пен өнер көлеңкеде қалып жатады. Біз әдетте мемлекет жақсы дамуы үшін оның мықты идеологиясы болуы тиіс деп айтамыз, ал оны қалыптастыратын, сол елді әлемге танытатын әдебиеті мен өнері емес пе?! Ендеше, жаңа сайланған Мәжіліс пен жаңадан құрылатын Үкімет экономика, әлеуметтік мәселелермен бірге осы салаға да мықтап көңіл бөлуі тиіс!
Бір сөзбен айтсақ, халық енді жаңа сайланған депутаттар мен Үкіметтен үлкен үміт күтіп отыр. Сондықтан, олар халық алдындағы жауапкершіліктерін жете түсініп, бар күшін салып жанталаса жұмыс істеуі керек. Егер олар шын мәнінде өздерін сайлаған халыққа жанашырлық танытып, жан-тәнімен бар күшін салып жұмыс істесе бәрі жақсы болады деп ойлаймын.
 

625 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз