• Ел мұраты
  • 25 Желтоқсан, 2023

Сирек кітаптардағы сыр

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы қазақ халқының деректі мұрасының, жалпыадамзаттық құндылықтары мен жетістіктерінің, тарихи жадының сақтаушысы саналады. Сонау 1930 жылдары жазба ескерткіштерді, әсіресе ғасырлар қойнауынан жеткен қолжазбалар, көне баспа кітаптарды бір жерге жинақтап, оларды болашақ ұрпаққа жеткізудің амалы қарастырыла бастайды. Кітапханада алдымен «Қазақстан» бөлімі, содан кейін 1938 жылы Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімі  құрылып, жалпы кітап қорынан іріктелген сирек басылымдар осы бөлімнің қорына өткізіледі. Бөлім ашылған тұста құнды басылымдар саны 1004 болса, 1971 жылы 22500, ал 1990 жылдары 25 мыңға жетеді. Жиналған кітап қоры хронологиясы бойынша XІІ-XX ғ. бірінші жартысын, мазмұны жағынан тарих, этнография, география, медицина, математика, философия, мәдениет, тіл ғылымы, сопылық, жалпы діни әдебиеттерді қамтиды. 
Сирек қордағы шығыс қолжазбаларының коллекциясы XII-XIX ғғ. аралығын қамтиды. Жазылу мәнері, әдістері де әралуан: қисса, хамса, хикмет, шежіре, дастан, нама, хат, диалог, естелік, рисала, аңыз әңгімелер және т.б. Атап айтсақ, кітапханадағы ең көне кітап, куфа жазуымен жазылған «Құран. Қолжазба, XII ғасыр». «Құран: Қолжазба, XVIII ғасыр» араб және парсы тілдерінде «насих» жазуымен жазылған. Бұл екі Құран толық мәтінді, көлемі үлкен, терімен қапталған өте құнды қолжазбалар. Құрандар коллекциясында басқа да толық мәтінді құрандар бар. Бірақ көбісі 3-4 сүреден тұратын қолжазба кітаптар. Бұл қолжазбалардың ішінде арнайы тапсырыспен жазылған, көркем әсемделген нұсқалары да, жай ғана қарапайым жазылған түрлері де көптеп кездеседі. 
Сондай-ақ, шығыс тіліндегі қолжазба мұрағаттардың арасынан «Қожа Ахмет Иасауи. Хикметтер» (XVII ғ., XIX ғ.), «Сүлеймен Бақырғани. Хикметтер» (XVI ғ.), «Низами Гәнжауи. «Хамса» (XV ғ.), «Әлішер Науаи. Диуани» (XVII ғ.), «Әбілқасым Фирдауси. Шахнама» (XVIII ғ.), көне түркі тілінде жазылған және Сағди, Хафиз, Жами, Физули сияқты шығыстың ғұлама-шайырларының парсы тілінде жазылған туындылары бар. Бұл қолжазбалар да қағазы, жазу дәстүрі, кітап етіп түптеуі, мұқабасының теріден жасалуы, тіпті асқан әсемдікпен, нәзіктікпен өрнектелуі Құран қолжазбаларына ұқсас келеді. Көшірушілер негізінен кітаптың авторы мен ғалымдар, кәсіби көшірмешілер. Арнайы тапсырыспен көшірілген қолжазба кітаптар «Хұснихат» оқуымен жазылып, әсем суреттермен көркемделіп, кітаптың мұқабасын терімен қаптап, түптеген. Мұқабаға кейде кітап авторы немесе кітаптың иесінің аты ойып жазылған мөр басылады да, кейде гүл өрнектері ойылып басылған таңбалар болып келеді. Қолжазбалардың көбісі қытай қағазына, Самарқан қағазына жазылған. Қағаз сапасының ерекшелігі бар. Құрамына май сіңірілген қағаздардың сапасы жақсырақ. XV ғасырдан жеткен қолжазбалардың әріптері тайға таңба басқандай, қағазы әлі де ұзақ уақыт сақталу мүмкіндігі бар. Араб жазуының көркем үлгілері «куфадан» кейін әрі қарай «сүліс», «насих», «ижазат», «тағлиқ фарсы», «шикаста фарсы», «диуани», «сурет диуани», «сияхат», «райхани», «рақаға» сияқты әдемі өзгерістермен жазылған. ҰК қорындағы қолжазбаларда негізінен «насих», «сүліс» нұсқалары көбірек.Қазақстан туралы қолжазба материалдар кітапханаға 1926-1946 жылдары жеке адамдардың тапсыруымен жиналған. Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мағзұм Ахметов, Ташбаев, Николай Саркиннің ертеде жинағандары, шағын пьесалар, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты халық ақындарының өлеңдері, естеліктері, екінші дүниежүзілік соғысына байланысты күнделіктер және XIX ғасырда өмір сүрген Шернияз, Жанкісі, Көкбай, Қали сынды ақындардың шығармалары бар. 
Кітапханада сақталған құнды мұрағаттың бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Сәдуақас Ғылмани шығармаларының қолжазбалары. Шәкәрім ақынның баласы Ахат өзі көшірген қолжазбаны кітапханаға 1936 жылы әкеліп өткізген. Қолжазба көлемі үлкен екі дәптерге араб жазуымен көшірілген. Қолжазбаға енген ақын шығармаларының тізімі латын алфавитімен жеке дәптерге жазылған. Қолжазбаны мәңгілікке сақтау үшін кітапханаға берілгендігі жөнінде екіжақты келісімшарт жасалып, ақынның мұрагері Ахат Құдайбердиев пен кітапхананың сол кездегі директоры Жұмабаев қол қойған. Ал, «Қалқаман-Мамыр» дастанының қолжазбасы екі түрлі форматтағы қағазға жазылып, бірге түптелген. Сирек қордағы баспадан шыққан қазақ кітаптарының атап айтар асылдары: «Ер Тарғын» (Қазан, 1862), (СПб, 1871); «Әбілғазы Баһадурхан. Шежіре-и түрік» (СПб, 1871; Қазан, 1891); «Алтынсарин И. Начальное руководство к обучению киргизов русскому языку» (Оренбург, 1879); «Алтынсарин Ы. Шәрәйт-ул-Ислам» (Қазан, 1884; Қазан, 1869); «Үшбу қисса қазақтың ахуалларын баян етер» (Қазан, 1879); «Иасауи, Қ.А. Хикметтер» (Стамбул, 1897); «Ақуал: Бұрынғы жақсылардың айтып қалдырған сөздері» (Қазан, 1897); «Хикаят Көрұғлы сұлтан» (Қазан, 1895); «Кашшафуддин бин Шаһмардан бин Абдулла. Қисса-и Бәдір» (Қазан, 1897); «Қыз Жібектің хикаясы» (Қазан, 1899); «Абай. Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» (Санкт Петербург, 1909) және т.б. құнды кітаптар. «Арнаулы сақтау» қорынан 1989-1990 жылдары А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев сынды ағартушы, қаламгерлердің кітаптары мен т.б. көптеген басқа да қазақ кітаптары сирек кездесетін кітаптар қорына ауыстырылды. Сирек қор осындай құнды дүниелермен толығып, маңызы арта түсті. Сирек қордың зерттелуі. Ұзақ жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2019 жылы «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан Сүлейман Бақырғанидың көне түркі тілінен қазіргі кирилл әрпіне аударылған «Хикмат Хазірет Сұлтан әл-Ғарифин» қолжазбасы (982 бет) кітап болып жарық көрді. Кітапта қолжазбаның факсимилесі бірге берілген. Басылым демеушілердің қолдауымен жарық көрді.«Бақырғани кітабы» – барша түркі халықтарына ортақ саналатын ХІІ ғасырдағы сопылық бағыттағы әдеби ескерткіш. Қожа Ахмет Яссауи мен оның шәкірті Сүлеймен Бақырғани мұрасын зерттеу жұмыстарын ғалымдар Мұхамедрахым Жармұхамедов пен Мақсұт Шафиғи жүргізген. Бұл кітап Ұлттық кітапхананың кітап қорын насихаттауға арналған «Ұлы дала тұлғалары» сериясының жалғасы болып табылады. «Сүлеймен Бақырғани. Хикметтер» қолжазба, (XVI ғ.), бүкіл түркі халықтарына ортақ еңбекте эстетика, этика, тазару, имандылық, адам жанының үндестігі, адамгершілік мәселелеріне көңіл бөлінеді.
Сирек кітаптар мен қолжазба қорының каталогтарын әзірлеу және жариялау жұмыстары ертеден жүргізіліп келеді. Барлығы 9 каталог жарық көрген. Соның ішінде, араб жазуымен жазылған сирек қорға арналған каталогтың алғашқысы – «Қазақ кітаптарының каталогы» 1998 жылы жарық көрген, дайындаған Жолдыбике Нүсіпқызы. Сондай-ақ: Қазақ кітаптары: Жиынтық каталог. 1806-1917. – Алматы, 1998. – 177 бет.
Ғасыр жеткізген аманат: Сирек кездесетін неміс тіліндегі кітаптар жинағы. – Алматы: Жібек жолы, 2003. – 40 б.
Араб графикасымен басылған қазақ кітаптарының каталогы (1841–1932) / Құрастырған Н.Асқарбекова, Т.Замзаева. – Алматы: ҚР Ұлттық кітапханасы, 2006. – 176 б. Оның ішінде шолу мақала, революцияға дейінгі басылымдарға аннотациясы бар библиографиялық тізім (1449 атау) және көмекші көрсеткіштер.
Қожа Ахмет Яссауи: библиографиялық көрсеткіш / Құрастырғандар Н.Асқарбекова, А.Әбдірәсілқызы. – Алматы: Арыс, 2008. – 152 б.
Каталог рукописных книг на персидском языке: Из собрания НБ РК Казахстана. – Алматы: «Дайк Пресс», 2008. - 156 с. 
Бұл каталог 112 атауды қамтиды, әрбір қолжазбаның қысқаша сипаттамасы мен ғылыми сипаттамасын береді, сондай-ақ аса құнды үлгілердің тарихи-мәдени маңызына баға береді. Каталог жоғары ғылыми деңгейде құрастырылған. Авторлары – белгілі шығыстанушы Сафар Абдулло және парсы тілі мен әдебиетінің маманы С.Бакир Камаледдини. Парсы тіліндегі кітаптардың каталогы. – Алматы, 2011. – 192 б. 
2011 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан 247 баспа кітаптың сипаттамасын қамтитын парсы кітаптарының екінші каталогы жарық көрді, дайындаған шығыстанушы ғалым Ғ.Қамбарбекова.Сирек қолжазбалар мен литографиялық баспа кітаптарын каталогтау және зерттеу жұмысын шет тілдерін меңгерген шығыстанушы ғалымдар, түркітанушылар, ескі түркі тілдерін білетін мамандар бірлесіп жүзеге асырып келеді. (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті мен Р.Сүлейменов атындағы шығыстану институты, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және т.б.). Құжаттық мұраны сақтаудың және оларға қолжетімділікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерінің бірі – қолжазбалар мен кітаптарды цифрлау. Қолжазба және көне кітаптар түріндегі аса құнды мұраларды болашақ ұрпаққа сақтап жеткізу мақсатында сирек қорды кең көлемде цифрлау және электронды кітапханаларды қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. 

Гүлшат АБИКОВА,
Ұлттық кітапхананың 
сирек кітаптар мен қолжазбалар 
қызметінің жетекшісі


Мектепке дейінгі білім берудің мәселесі

ХХІ ғасырда білімді дамыта алмаған мемлекет тоқырауға ұшырайтыны сөзсіз. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына енуі үшін қазақстандық білім беру жүйесін әлемдік білім нарығында бәсекеге қабілетті етудің маңызы ерекше. Ал оның алғашқы негізі – мектепке дейінгі білімде қалыптасатыны анық. Олай болса, мектепке дейінгі білім мәселесіне терең мән беріп, оның барлық жүйесін ғылыми-педагогикалық теориялардың ең озық жетістіктеріне сүйене отырып, дамыта білуіміз керек. 
Әрине, бұл салаға көңіл бөлінбей келе жатыр деуден аулақпыз. Бірақ, мектепке дейінгі білім мен тәрбие бүлдіршіндердің жас ерекшелігі мен зейін-қабілетін, ынтасы мен талабын ескере келе берілуі тиіс. Қазақстан Республикасының білімді дамыту тұжырымдамасында «Мектепке дейінгі тәрбие – үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Ол баланың жеке бас ерекшелігін дамытатын орталық» делінген. Осы тұжырымдаманы негізге алып, баланың мектепте қиналмай оқып кетуіне жағдай жасау, оларды іске асыру үшін жаңа ұйымдастыру жұмыстары мен жаңа кешенді істер атқарылуға тиіс. 
Қазіргі білім беру жүйесінің басты стратегиялық мақсаты – білім берудің ұлттық жүйесін орнықтыру. Ал ұлттық білім үлгісінің негізі дегеніміз – жас ұрпаққа қоғамның ең негізгі құндылығы ретінде қарауды білдіреді. Оларды оқытудың, тәрбиелеудің мазмұнын қоғам дамуының қарышты қадамына сәйкестендіріп, оны шырқау биіктерге көтеруге бағытталған тың әдіс-тәсілдер баршылық. Жылдар бойы тұтас педагогикалық үрдістер жаңартылып, білім берудің тиімді деп танылған жаңа технологиялары жүзеге асырылды. Кез келген оқыту технологиясы педагог-тәрбиешіден терең теориялық, педагогикалық, әдістемелік білімді, үлкен педагогикалық шеберлікті, шәкірттердің жан дүниесіне терең үңіліп оны ұғына білуді талап етеді. 
Ауылдық жерлердегі барлық балалар мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамтылып келеді дегенімізбен, әлі де болсын жетілдіретін тұстар аз емес. Елімізде мемлекет-жекеменшік серіктестігінің әлеуетін барынша тиімді пайдалануымыз керек. Жеке меншік отбасылық балабақшалар мен шағын орталықтар – бұл мемлекеттік мекемелерге балама. 
Білім берудің алғашқы деңгейі балабақшадан басталатыны белгілі. Мақсаты – мектепке дейінгі білім беру, сауықтыру және түзету бағдарламаларымен қамтуды дәйекті түрде ұлғайту жолымен балалардың білім алуына бірдей бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Осы мәселеге де кеңінен көңіл бөлгеніміз жөн. Мектепке дейінгі білім берудің ұтымды тұсы – бала мектеп табалдырығын аттағанда әріп танып, жазу-сызу, оқу дағдыларын азды-көпті меңгеріп келеді. Яғни, бірінші сыныпта білім үдерісіне еркін араласып кетеді. Демек, оның санасында оқу-білім жайындағы алғашқы ұғым-түсініктер орнығады. Мектепалды даярлық барысының негізі – баланы мектепке психологиялық дайындау болып табылады. Психологтар: «Баланы мектепке психологиялық дайындау мектепке дейінгі және кіші мектеп жасының байланысының феномені» деген пікірді алға тартады. Мысалы, Л.А.Венгер мен С.В.Мухинаның көзқарасы бойынша, мектепке дейінгі жастағы балада «мектептік» қасиеттер таза күйінде, яғни, оқушыға лайықты психологиялық белгілер болуы мүмкін емес, өйткені олар оқу әрекеті барысында ғана қалыптасады» дейді. Осыдан келіп Л.Венгер мектептегі оқуға психологиялық дайындық «мектептік» қасиеттердің қалыптасуында деп есептейді. Шын мәнінде, мектепалды даярлық тобы балаларының білімі мен тәрбиесінің жеке тұлғалық болуын және олардың тұлға ретінде дамуын қадағалау арқылы біз мектепке дейінгі білім берудің алғышарттарын, әдіс-тәсілдерін жан-жақты танып, біле аламыз. Өйткені, балабақшада еңбек етуге толық жағдай жасалып, тәрбиелеу мен білім берудің психологияларын сауатты меңгеріп, жаңа педагогикалық әдіс-тәсілдер жүйесін кәсіби шеберлікпен игеріп, оны тәжірибеде пайдалануға шығармашылықпен үлес қосып отыру басты міндетіміз болуы шарт. Бұл аталған мәселелер білім сапасын арттырудың жалпы жағдайлары болса, енді мектепке дейінгі білім беру үрдісінде келесідей міндеттерді жүзеге асыру тиімді болар еді: Дәтүрлі оқыту аясындағы балабақшадағы оқу бағдарламаларының ілкімді мазмұнын, сондай-ақ оны толық меңгерудің тиімді әрі жүйелі әдіс-тәсілдерін таңдай білу; Мектепке дейінгі баланың өмірін қорғау және іс-әрекетін дұрыс ұйымдастырумен қатар ең басты қағидаларын айқындау; материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтау; оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ете отырып, барлық жетістіктерді зерделеу; тәрбиеші педагог сабақтарда мектепке дейінгі балалардың бойына өзара түсіністіктің, жеке бастың қарым-қатынасы мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейін сіңіруге міндетті. 
Балалармен жүргізілетін барлық жұмыстарды оңтайлы етіп, олардың қызығушылығын зерттеп, педагогикалық талапқа сәйкес ұсынылатын, таным материалдарына мән берудің өзіндік ерекшелігі бар. Яғни, балаға бұйрық беріп, жеке басын құрметтей білуіміз керек. Бүгінгі күн талабының мектепке дейінгі тәрбие реформасындағы ерекшелігі жылдам дамушы ортада өмір сүруге қабілетті, өзіндік дамуға даяр, өзі үшін де, қоғам үшін де бар мүмкіндігін пайдаланатын жеке тұлғаны қалыптастыру және дамыту болып табылады. Осыларды ескеріп, қыр-сырын ғылыми тұрғыдан зерттегенде ғана ілгері қадам баса аламыз. 

Арзигүл АБДРИМОВА,
Малыбай орта мектебінің мұғалімі
Жетісу облысы, Еңбекшіқазақ ауданы 

227 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз