• Ел мұраты
  • 25 Желтоқсан, 2023

Абайдың ғылыми танымы

Абай ең әуелі Алланы – Жаратушы деп білген. Жарату – жақсы нәрсе, игілік, қайырымды іс әрі Алла жоқтан бар жасаушы, яғни жаратушы. Ал бар нәрсені бүлдіру, бұзу, қирату – қиянат, жаманшылық. Адаммен бірге барша тіршілік иелерінің қозғалуы мен танып білуіне бастау болған жан десек, оның да жаратушысы Абайша – Алла. Мұны ақын жетінші қарасөзіндегі: «Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан» деген ойымен танытады. Бұл – Абайдың діни әрі ғылыми танымы. Ғылыми таным деуіміздің сыры да Абай ойларының қойнауында жатыр. Ол бұрынғы-соңғы ойшылдардың терең түйінделген танымының ізімен барша Барлықтың Жаратушысы мен Иесін – Алла деп біледі. Абайдың пікірінше, Алла – өлшеусіз ақыл Иесі де, адамның ақылы өз болмысы мен өміріндей өлшеулі. Адам баласы «дүниенің көрінген сырын денелей түгелдеп білсе де, оның көрінбеген сырларын көңіл қанағаттанғандай күйде тауыса тани алмайды. 
Дүниенің сол көрінбеген сырлары аса мол, солардың қатарында Алланың Өзі мен Ол жаратқан әлем мен адам және оның жаны да бар. Алла жаратқанның бәрінде де хикмет пен ғажайып жүйе бар, ал мұндай ақылды зат пен нәрсенің өзінен өзі кездейсоқ жаратыла салуы мүмкін емес және олай деудің қисыны да келмейді. Материалистік таным бойынша, бәрі де сезім мүшелері мен ақыл арқылы танылуға тиіс. Ал Абай бұрынғы-соңғы ақылдылардың ізімен «дүниенің көрінбеген сырын» түгелдеп тану мүмкін емес дейді және онысын «ақылға симас ол Алла» деген ойымен анық, айқын түйіндеп айтқан. Ежелгі философтардың көрінген әлемнің қозғалысын ақылмен танып білетін физикамен бірге көрінбейтін тылсым әлемнің сырын көбіне жүрекпен сезіп білуге тырысатын метафизика туралы да айтуы тегін емес. Осы орайда Абайдың «жанды Алла жаратты» деуінің ақиқат қисыны бар. Бүгінге дейін адамзат баласы жанның сырын танып бітпеген. Сірә, кейін де жан құпиясын адамзат ақылы тани алмай-ақ өтсе керек. Себебі қасиетті Құрандағы жанның сыры Иесіне ғана мәлім деген аят – ақиқат. Мұны философиялық ғылым да о баста-ақ мойындап қойған, кейінгі аралықтағы ғылыми таным материяны тану жағына көбірек ауытқығанымен, соңғы кезеңде бір жаратушы күштің барын кванттық физика өкілдері де мойындай бастағандай.     
Абай жиырмасыншы қарасөзінде адам баласындағы жалығу жайын айта келіп, оны да адаммен бірге бұрыннан бар болып жаратылған нәрсе деп біледі. Сонда мұның да Алла тарапынан жаратылғаны өзінен-өзі түсінікті. Осы қарасөзінде ақын «әрбір мақұлыққа құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ» деп жазады. Мұнда да Алланың жаратушылық сипаты көрініп тұр. Барлықта жаны барлар өсімдік, жан-жануар, адамды қамтыған үш-ақ топ болса, үшеуі де «бірқалыпты тұрмақты» болмыстарына қосып бар ете алмайды. Олардың үшеуі де Барлықта бұрыннан-ақ «бірқалыпты тұра алмайтындардың» қатарында болған, яғни олар күндердің күнінде жоққа айналып я ауысып отырады. Алла ғана бақи, мәңгі, «бірқалыпты тұрады», Алла жаратқан Барлықтағы Оның Өзінен өзгенің бәрі де бүгін бар ертең жоқ фәни, «бірқалыпта тұра алмайтын» уақытша құбылыстар. Алла берген ақылы бар дара жаратылыс – адам мен оны жаратқан Иесінің арасында қисынды байланыс бар. Бастауымыз бен барар жеріміз – Алланың алды. Екі аралықтағы адами болмысымыз бен адами өміріміз де Алладан келген рухани жаратылысымыздан бастау алған. Өмірімізді мәнді етіп абыройға ұмтылған адами әрекетіміз де Алла жолын ұстанудан туады. Демек адам болмысын Алламен байланыстырып, салыстыра танудың негізі мен мүмкіндігі бар. Яғни Алла - мәңгі-бақи болмыс, ал адам – уақытша, фәни жаратылыс. Екіншіден, Алла ешнәрсеге мұқтаж емес, ал адам дүние есігін ашып өмірге келген сәтте-ақ тынысы ашылып ауаны жұта бастайды, артынша анасының көкірегіне ұмтылып, сүтін еме бастайды. Осы ауа мен қоректі адам баласы өмірінше үзбей, тынбай тұтынумен болады. Адам-пенденің бұдан өзге керек етіп ұмтылатын қажеті мен мұқтажы, игіліктері мейлінше көп, адам өмірі қалауы мен өресіне орай тамақ, киім, ойын-сауық, жақын-туыс, дүние-байлық, қызмет-мансап, атақ-даңқ, кәсіп пен өнер, білім мен ғылым, ақыл мен адамгершілікті керек етіп, соларға мұқтаж болумен өте береді. Үшіншіден, Алла – кемшілігі жоқ кемел болмыс, ал адам – кемістігі көп жетілмеген жаратылыс. Адам баласы ғана Алладан келген рухани болмысы арқылы білім, мінез, қасиет жағынан жетіліп кемелдене алады. Ал адамдағы тәни жаратылысы арқылы биологиялық жағынан өзгеріп, өсу әрекеті оның өзімен бірге өсімдіктер мен жан-жануар, жәндік атаулының бәріне де бар. Яғни ешнәрсеге де «құдай тағала бірқалыпты тұрмақты бермеген».                        Алланың жаратушылық сипатын Абай жиырма жетінші қарасөзінде де айтады. Сократ атынан Абай айтқандай, адам баласы жансыз, ақылсыз пішін мен бейнені ғана жасай алады, ал Алла – жан иесі, ақыл иесі адамның өзін жаратушы. Шәкәрім ақын жазғандай, ілім, білім, ғылым, таным иелері Барлықтағы жаратылыстың пайда болу сырын қалай түсінуі тұрғысынан екі топқа бөлінген, яғни біреулері Абай жазғандай, бар, «пайдалы нәрсе өздігінен кез келіп, солай болып кеткен» десе, екінші бір тобы барша Барлықты «басынан біліп істеген хикметімен жаратушы жаратты» деп білген. Адамзаттың әсіресе есті, ойлы, ақиқатшыл даналары соңғы түйінді орынды деп санаған. Абай да барша Барлықты Жаратушы жаратты деген осы екінші топтың белді өкілі. Бұл қарасөзінде Абай Алланың адамды жаратушы сипатын ғана айтып қоймай, сол жаратушы Иенің «артық хикмет иесі һәм адамды махаббаты бірлән жаратқаны» жайлы да өзекті ойын түйіндеп берген. Абай әлемді де жаратылған деп санайды және оны да жаратқан Алла екені сезіліп тұрады. Осы тұста Абай Барлықты Алла жаратқан деген танымның иесі екенін байқатады. Әлем өлшеусіз ұлы ақылмен жаратылған, ал ондай ұлы ақылдың иесі – Алла ғана: «...дүние әрбір түрлі керекке бола жаратылып һәм бірі біріне себеппен байланыстырылып, пәнденің ақылына өлшеу бермейтұғын мықты көркем законға қаратылып жаратылды». Абай осындай шебер жаратылыстың «кез келгендікпенен бір нәрседен жаралғанына» сенбеген, келіспеген қалпын танытады. Ол мұндай шебер жаратылысты жасаушыны  ақыл мен хикметтің иесі деп біледі. Демек ақылмен жаратылған нәрсенің ар жағында сөзсіз Алла тұрады. Жаны бар, ақылы бар тіршілік иесі адам баласының да өз аты мен затына сай болуы «тереңге бет қоя» танып білуінде. Ал әр нәрсені де танып білудің өзегі – түптеп келгенде Жаратушы Алланың соларды жарату барысында оларға сіңірген «еңбегі мен бейнеті», хикметі мен шеберлігін тану. Алла жаратқан кез келген нәрсе – жәй нәрсе емес, «ақылды» жаратылыс, ал адам баласы сол әр нәрседегі Алланың ақылы мен хикметін танып білуге тиіс. Адам өмірінің өзі түптеп келгенде, жинақтап айтқанда даналыққа жету мен қайырымдылық жасау. Мұны Абай былайша түйіндеген:
Адамды сүй, алланың хикметін сез,                 Не қызық бар өмірде онан басқа?! 
Абай жазғандай, Алла тағаланың өзі – хақиқат жолы, яғни ақиқатты танып білу жолы. Барлықты құрайтын әлем мен адам – Алланың өз құдіреті арқылы ақылы мен хикметін жұмсап барып жаратуының жемісі мен нәтижесі. Алла әлем және адаммен бірге олардағы тіршілік бастауы – жанды да жаратушы екені анық. Әрі сол жандарды жаратуда Алланың жұмсаған хикметі де әртүрлі болғаны байқалады. Абай жазғандай, Алла «жанды бәрімізге де беріпті», алайда өсімдік, жануар, адамдағы жанды әртүрлі сапада жаратыпты: «Адам алдын, артын, һәм осы күнін – үшеуін де тегіс ойлап тексереді. Хайуан артын, осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тексермекке тіпті жоқ. Платон, Аристотель, Плотин, әл-Фараби, ибн-Синалардың танытуы бойынша, жанның қуаты мен сапасы өсімдіктен бастап адамға дейін биіктеп арта береді. Өсімдік жаны қоректену, өсу, көбею қуаттарына ғана ие болса, жануардың жанында бұларға (қоректену, өсу, көбею) қоса бес сезім мүшесінің сезіну күші бар. Абай жазғандай, құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан. Яғни адам жанында алдыңғы қоректену, өсу, көбею қуаттары мен бес сезім мүшесінің сезінуі түгел бар және бұларға қоса «көрсем, білсем, үйренсем» деген құмары мен ойлау күші бар. Адам баласы өзіндегі «көрсем, білсем, үйренсем» деген жан құмарының болуымен ғана хайуаннан биік жоғары тұрады. Ал хайуан тек «ішсем, жесем, ұйықтасам» деген тән құмарымен ғана тіршілік етеді. Сөйтіп адамда жан мен тән құмарының екеуі де бар болса, хайуанда бұлардың тек біреуі ғана бар. Осылай етіп жаратқан – Алла. Абайдың жазуы бойынша, Алла тағала тіпті адамның сыртқы болмысы – тәнін де сұлу да көркем, қимыл-қозғалыс, шеберлікке икемді, қабілетті етіп жаратқан. Абай жиырма жетінші қарасөзінде адамды жаратуда Алланың осылайша зор ықыласты, мейлінше махаббатшыл, артықша хикметті болғанын соншалық сенімді, нанымды етіп баяндайды. Жиырма сегізінші қарасөзді оқу барысында Алланың жаратушылық сипатын тағы бір тың қырынан тани түсеміз. Яғни, Алла субстанциалды Барлықты жаратушы болумен бірге ондағы акциденциялық сапа мен қасиетті де жаратушы. Бірақ сол сапа мен қасиеттерді адам баласы өзінің мехнатты ізденісі, әрекетімен тауып иеленеді екен: «Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан – құдай, ләкин қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып, ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ». Адам ғана ақыл, санасы бар дара болмыс, Алла тағала адамның осы ақыл, санасына сенгеннен де оған өз еркімен таңдау әрекетін берген. Ал өсімдік пен хайуан жаратылысында екі нәрсенің бірін таңдау әрекеті жоқ. Себебі бұлар ақылды болмыс емес, олар тек тәннің ғана қамын жеген жаратылыстар. Адам мен хайуанды осылай етіп жарату да Алланың қалауы мен ғылымының жемісі. Дүниенің көрінген, көрінбеген сырларын түгел қамтыған Барлықтың бәрі де – Алланың жаратқандары. Мұны Абай отыз төртінші қарасөзіндегі «һәмманы жаратқан құдай бар» деген ой түйінімен танытқан.    
Алла мен адам арасында байланыс пен ортақтықтың барын Абайдың мына сөзінен байқауға болады. Ақынның «ақылға симас ол алла» дегені рас, «ынталы жүрек, шын көңіл, өзгесі хаққа қол емес» дегендей, Аллаға тек жүрек арқылы ғана жол табатынымыз шындық, сөйтсе де адамзаттың ойшыл даналары Абай айтқандай, «саниғын сұнатына қарап білесіз», яғни істеушіні ісіне қарап білесіз, жасаушыны жасағанына қарап танисыз деген тұжырымға тоқтаған. Сол үшін де Абай:
Адамды сүй, алланың хикметін сез,                   Не қызық бар өмірде онан басқа – 
деп адамзаттың ең өзекті арман-мұратын айқындап айтқан. Адамды сүю – қайырымдылық пен ізгілік, ал алланың хикметін сезу ешқашан таусылмайтын үздіксіз танып білу, яғни даналық. Негізі бәрі де Алла берген ақылдан бастау алады: «Әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз екен». Адам баласы өзінің шын, таза, нұрлы ақылымен ғана жетіліп, толысып барып қайырымды, ізгі бола алады. Демек әуелгі адами әрекет – Алланың хикметін сезумен танып білу екен. Жаратылғандардың бәрінде де Алланың хикметі бар. Адамзат әр нәрсенің де жаратылысы мен болмысына сіңіп кетіп, оның өзегіне айналып кеткен Алланың хикметін сезумен, сол нәрсені жаратуда жұмсаған ақылын айқындаумен танып біледі, даналыққа жетеді, адамшылығы арта түсіп қайырымды болады. Әл-Фараби де адамзаттың басты мақсат-мұратын даналық пен қайырымдылық деп білген. Абай – осындай даналар түйіндеген абсолютті ақиқаттарды өз ізденісімен жетіп айта алған терең тұлға. Біздің Алламен ортақ болмысымызды Иеміздің өзі қалағанға ұқсайды. Алла өзінің көркем есімдері мен сегіз сипаты арқылы танылса, сол сегіз сипатынан бізге де тиесілі үлесін беріп жаратыпты: «...алла тағаланың сипаттары: Хаят (тіршілік, тірі болу), Ғылым, Құдірет, Басар (көру, көруші), Сәміг (есту, естуші), Ирада (тілеу, қалау), Кәлам (сөздер), Тәкин (болдыру). Бұл сегізінен алла тағаладағыдай кәмәлатғазамат (жетісу, үлкен) бірлән болмаса да, пендесінде де әр бірінен өз халінше бар қылып жаратыпты». Адам баласының өзіндік болмысы да Алланың осы өз сипаттарын бізде де бар етіп жаратуымен қалыптасқан және Алланың көркем есімдерін өнеге ету арқылы адамгершілігі жетілумен келеді. Адамзаттың Хақ жолында жүріп өмір сүруі тегін емес, біздің бүкіл болмысымыз бен өмір салтымыз Алламен байланысты. Абыройымыз бен бақытымыз да Алла жолын ұстанумен келеді. Алладан алыстау арқылы асыл болмысымыздан да көз жазып қаламыз. Алла солай жаратқан бізді. Алла – адаммен бірге барша Барлықтың жаратушысы мен Иесі: «Саниғын сұнатына қарап білесіз. Бұл көзге көрінген, көңілге сезілген ғаламды қандай хикмет бірлән жарасырып, қандай құдіретбірлән орнастырған, еш адам ұғылының ақылы жетпейді». Ғаламзат пен адамзаттың екеуі де Алланың хикметпен жаратқан туындысы. Оларды зор хикметпен жаратқаны да Абай айтқан мына жайлардан танылады: «ғаламды ақыл жетпейтін келісібірлән жаратқан; бірінен бірі пайда алатұғын қылып жаратқан; жансыз жаратқандарынан пайда алатұғын жан иесі хайуандарды жаратқан; жанды хайуандардан пайдаланатұғын ғақылды инсанды жаратқан; хайуандарды асырайтұғын жансыздарды еті ауырмайтын қылып; жан иесі хайуандарды ақыл иесі адам баласы асырайтын қылып; һәм олардан махшарда сұрау бермейтұғын қылып; ал адам баласынан махшарда сұрау беретұғын қылып; бұлардың һәммасынан пайда аларлық ақыл иесі қылып адамды жаратқан». Бұл айтылғандардан Алланың жаратушылық сипаты танылары өз алдына, сонымен қатар сол жаратуының соншалық шеберлік, хикметпен жүзеге асқаны да көрінеді. Және Алланың ғалам мен ондағыларды жаратуынан адамға деген айрықша махаббаты танылады: «...һәммасы адам баласының пайдасына жасалып, ешбірінде бұл менікі дерлік бір нәрсе жоқ, бәрі – адам баласына таусылмас азық». Алланың өзіндегі сегіз сипатынан пендесінде де бар етіп жаратқаны секілді ақынның өзі нақлия, ғақлия дәлелдермен құдай тағалада бар деп тұжырымдаған жәуанмәртлік үш сипаты да адамда болады екен: «Енді біздің бастағы тағриф бойынша құдай тағала ғылымды, рақымы, ғадаләтті құдіретті еді. ...бұлар әр адамның бойында алла табарақа уатағала тәхмин (шамамен) бар қылып жаратқан». Бұл да Алла болмысы мен жолының адам баласына өнеге мен бастау екенін танытады. Әрине Алладағы мен адамдағының бірдей болмайтыны белгілі. Адам баласының басты мұраты – өз болмысына сай жетілу, кемелдену болса, ұстанар бағыты мен өнегесі – осы Алла мен Алла жолы болмақ. Байқасақ, Қасиетті Құрандағы «мен пендеме күре тамырынан да жақынмын» аяты айдай ақиқат екен.     
Абай адамзат ойшылдары ден қойған аса іргелі ақиқаттарды өз тарапынан тұжырымдап айта алған ақын. Мысалы, ақын айтқан «құдай тағала ешбір нәрсені себепсіз жаратпаған» деген ой – осындай іргелі ақиқат. Абай ойларын оқырманы оңай, жеңіл түрде қабылдай бермейді. Және ақын ойлары терең танымды танытуымен бірге әрі астарлы келеді. Ақын өзінің тым биіктеп кеткен ойларын қауымына қаншама ұғымды етемін дегенімен де, біршама ойлары бәрібір тереңдік болмысы мен алынбас асу қалпын сақтап қалады. Ондай ойларын таратып, астарын аша түсіп тануға тура келеді. Ақын айтқан өзекті ойдың бірі мен бірегейі, мысалы, мынау: «Құдай тағала дүниені кәмәлатты шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан». Ақын ойынан ұғарымыз, Алла әлем мен адамды жаратқан, осы екеуінен барша Барлық танылады. Байқағанымыз, әлемді жаратуда Алла кәмәлатты шеберлігін жұмсаған, яғни соған орай әлем де кемеліне келіп жаратылған, оның одан әрі жетілуіне қажеттілік те, негіз де жоқ. Әлемді құрайтын аспан денелері (жұлдыздар мен олардың айналасындағы планеталар және ондағы жанды-жансыз тіршілік иелері, егер олар бар болса) осы Алла жаратқан бар қалпынан өзгеріп, өсіп жетіле қоймайды, себебі олар Абай айтқандай, әл-Фараби де жазғандай, «кәмәлатты шеберлікпен», «кемеліне жетіп» жаратылған. Ал адамның жайы әлемнен бөлектеу, ол тәни-биологиялық тұрғыда хайуан секілді ішіп-жеу, ұйықтаумен өсіп өзгере берсе де, адамның қасиетін, өзіндік мәнін танытар рухани болмысы оның арнайы адами әрекетінсіз жетілмейді, себебі адам әл-Фараби жазғандай, кемеліне келмей жаратылғандардың қатарында. Әл-Фарабише, адамның кейін келе жетіліп толысатын актуалды ақылы алғашқыда потенциалды қалыпта, нышан күйінде ғана болады, ал Абайша, адамның кәсіби әрекет, ізденісімен ғана толысатын «зерек ақылы» алғашқыда «әуелде бір суық мұз» секілді болады, яғни қойда да, қоянда да бар ми дегендей тәни мүше ғана болады. Егер адам баласы білім-ғылым, мінез, қасиет жағынан рухани жетіліп кемеліне келмесе, онда ол ақынның «білімсіздік хайуандық болады» дегеніндей, хайуан қалпында қалады:     
    Жүректе қайрат болмаса,                 Ұйықтаған ойды кім түртпек.                     Ақылға сәуле қонбаса,                 Хайуанша жүріп күнелтпек.            Малда да бар жан мен тән,             Ақыл, сезім болмаса.                Тіршіліктің несі сән,                Тереңге бет қоймаса.
Адам баласы Алла берген ақылымен танып біліп толыспаса, жетілмесе, «хайуанша жүріп күнелтпек» күйінде қалады. Адам – айуанда жоқ, өзінде ғана бар жан құмарымен «білмекке құмарлық» танытып, «қашан ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады». Абайдың «һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан» деген ойынан оның, яғни адамның тірі жан ретіндегі өсіп-өнуінен бөлек адами-рухани жетілуін де болжап білуге болады. Абай осылайша терең төркінді ойларды білетінін және оларға өз тарапынан үлес қоса алатынын байқатады. Басқа-басқа, Алла жаратқан екі туындысының бірі – адамның кемелдену мақсатымен дүниеге келетінін біліп, оны өз шығармаларына ізденіс өзегі етіп алуы Абайдың ақындық әрі хакімдік ерлігі. Алланың жаратушылық сипаты туралы ойымызды түйіндер болсақ, оны Абайдың «құдай тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, ешбір нәрсеге хикметсіз тәклиф (бұйыру, істе деу) қылмады» деген өзекті пікірімен қорытамыз. Ғалам мен адамның хикмет, ақылмен жаратылуы оның өз-өзінен кез келгендікпен кездейсоқ пайда болмағанын танытады. Іске жарарлық сапалы, кәмәлатты нәрсе өз-өзінен жарала салмайды. Демек, Алла ғалам мен адамды өзі қалап шеберлік хикметімен жаратқан, Алла – барша Барлықты жаратушы. Абайдың ойынша, бәрін де қылушы, жасаушы – Алла. Бұл мәселе жоғарыда айтылған Алланың жаратушылық сипатымен сарындас, сабақтас деуге келеді. Ғалам мен адамда болар ой, ниет, әрекет, оқиғаның бәрі де Алланың қалауымен болады деген нанымды үнемі назарда ұстаймыз. Мұндай нанымды, тіпті танымды сергек ой, таза ақылға қарсылық деуге келмейді. Біз жоғарыда ақын шығармалары негізінде Алла тағала бәрін де шеберлік хикметімен кәмәлатты етіп жаратады деген ойды таратып айтқанбыз, Абай сөзімен «құдай тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады» дедік. Осындай ой өз жүйесімен «бәрін де қылушы, жасаушы – Алла» деген түйінге бастап кетеді. «Байлар жүр жиған малын қорғалатып» деген өлеңінде Абай осы орайда былай дейді:
    Сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа            Құдай құмар қылыпты қалжыратып. 
Құранда «алла өзі сүймеген құлының көзіне жамандығын жақсы етіп көрсетіп қояды да, сандалтып қояды» деген аят бар. Бұдан өзге алланың сүйген құлын жамандыққа бастыртпай қоятыны да бар. Мұнда пенденің ақылы жете бермейтін қисынды заңдылық бар. Бәрі да алланың бұйрығымен болады деген ойдың ақиқаты ешнәрсенің де кездейсоқ болмайтынынан танылады. Мысалы, кісінің келе жатып сүрініп кетуін кездейсоқ құбылыс көруге әсте болмайды. Себебі сол сәттегі кісінің өзге бір нәрсеге алаңдап, абайламай келе жатуы оның сүрінуіне алып келетіні – заңдылық, егер ол көз алдына қарап ұқыпты, қырағы келе жатса, сүрінбес еді. Демек болған жайды кездейсоқтық деп тану ол нәрсенің заңдылығын білмеуден я сақтамаудан туады. Алла барша Барлықтың жаратушысы болумен бірге, ондағы заңдылықтың да иесі. Жоғарыдағы жағдай «Сен мені не етесің?» өлеңінде де айтылады: «Алла өзі сорлы етсе, амал жоқ». Мұны да таза ақылмен қарсылықсыз қиналмай қабылдауға болады. Жүрегіне қарсы келе алмай, өзін бағаламаған, өзін қаламаған қызды сүйген жігіттің сәтсіз махаббат жолындағы әурешілік әрекеті оның өзін сорлы етсе, оған түк те таң қалуға болмайды, солай болуы – әбден заңдылық. Өмір, тіршіліктегі әрбір тағдыр Алла жасаған кемшіліксіз заңдылықпен қалыптасады. Ақылға ерік беріп терең ойлайтын болсақ, өмір, тіршіліктегі барша болған нәрсе ақылға негізделген заңдылық арқылы жүзеге асады. Ал ақылға негізделген заңдылықты жасаушы – Алла. Жігіт басындағыдай жағдайдың Абайдың өз басына да тап болғаны байқалады:                    Әзелде тәңрім сорлы етті,            Арсыз елмен әуре етті,            Жалғыз үйде күңрентті,            Тағдырға білдік көнгенді.
Қалыптасқан жағдай Абайды басқа емес, дәл осындай тағдырға жетелеп келіп тап етті. Әйтпесе Абайдың елі үшін күйіп-піспей жүре беруіне толық жағдайы бар еді, алайда ақын ондай өмірді қаламады. «Жарлы емес еді, зарлы еді». Абайдың биік өрелі, әділетті жүректі болмысы мен қараңғылық, надандық шырмауында қалған елінің жағдайында ақынның басқаша күй кешуі мүмкін емес еді. Осылайша ақылмен, жөнімен, қисынымен, заңдылығымен болған жайдың бәрін де Алла қалауы, Алла бұйрығымен болды деу – ақылдылық. Ал ақылдылық пен ақиқат Алладан бастау алады. 
«Асқа, тойға баратұғын» деген өлеңінде ақын «сен асыққан екен деп, алла әмірін өзгертпес» деп жазады. Негізі, Алла мен дін жайлы ойдың астарынан ескішілдік пен дүние қызығынан бастартушылықты тауып қауіптене берудің жөні жоқ. Біздіңше, дін мен Алла жайлы ақылдылар айтқан ойда назар салып ден қоярлық ақиқат бар. Дінді адамның алғашқы санасы деуге болады, ал ғылым жетілген ойдың көрінісі дейміз. Бұдан да асыл ақиқат: дін ахирет пен адамшылықтың қамын жейді, ғылым нақты бұ дүниенің көбіне көрінген сырларын қарастырады. Дінде ақылға салып саралап жатпайтын талассыз ақиқаттар айтылады. Және оған сенім иесі мүлтіксіз нанады. Дінде ақыл мен әсіресе жүректің сенімі күшті болады, ғылым ақылға, оған дейінгі бес сезім мүшесінің мәліметі мен нақты дерек, көрініске ден қояды. Ғылымның кемшілігі – көбіне ақыл мен көрінген әлемнің ауқымынан шыға алмайды. Ал дін ақыл ауданынан шығыңқырап кетіп, ақыл дендеп танымаса да, көңілге қонатын асыл ақиқатты айтады. Дін өзі айтар ақиқатын ғылым секілді мойын бұра алмастай дәлелмен жеткізбесе де, жүрекке жалғасатын ақыл мойындайтындай күйде танытады. Діннің мықтылығы мен өміршеңдігі – ол бір Жаратушы бар деген ақиқат ойды баяғыда-ақ айтып қойған және осы ақиқатты алаңсыз ұстанып келеді. Ғылымда осы асыл ақиқатты шындап тани алуда қауқарсыздық пен жетімсіздік болғанымен қоса, онда өресі жетпегенді қабылдай қоймайтын «көр­көкіректік» бар. Шамасы мен өресіздігіне орай дін алдында тізе бүгу сияқты мәрттік ғылымда бола бермейді. Ол дінге «баласынып» биіктен қарағысы келеді. Діннің айтып тұрғаны ақиқат болса да, қасақана оны қабылдамушылық – ғылымның балалық ауруы. Ғылым бәрін де соқырға таяқ ұстатқандай анық, айқын, дәл білгісі келеді. Алайда Алла жаратқан шексіз әлем мен адам болмысында ғылым білмейтін жұмбақ көп қой. Дін мен ғылымның танып-біліп жеткен жетістігін сенім мен таным деп екі түрлі атауда зор білгірлік бар. Ғылым білмекке құмарлықпен әлем мен адамды дәлдеп тануға ұмтылады, алайда өмір, тіршіліктегінің бәрі де бұлайша нақты тануға келе бермейді. Дін осы бұ дүниенің ауқымынан шығып кеткен терең тылсым ақиқатты білуге тырысады демейміз, қайта оны баяғыда-ақ мойындап қойып, санамыз бен жүрегімізге ұзақ уақыт сіңіре түсумен келеді. Мысалы дін айтатын Алла бар, Алла бір деген ақиқатты шын таза ақыл талассыз мойындайды. Бірақ мұны бұ дүниелік ғылымның әдісімен ешқашан да тани алмайды. Себебі бұл – бұ дүние ауқымында ойлайтын ақылдың айқындайтын ақиқаты емес, метафизиканың айналысатын объектісі, тылсым дүние. Физика бұл дүниелік материяның қозғалыс сырын қарастырса, метафизика бұ дүниенің сыртындағы тылсым әлем сырларын сезінуге жеткізеді. Діндегі ақиқатқа көңіл сеніп, жүрек сезіп тұрады, ал бұ дүниеге байланған ақыл күманданумен болады. Бұл мәселені әріге созбай-ақ қояйық, себебі ол өте ауқымды әрі терең тылсымға толы шындық. Абайды терең түсініп таныған кісі бұл шындыққа талассыз сенеді. Сөйтіп ақын айтқан «сен асыққан екен деп, алла әмірін өзгертпес» деген ойда ақиқат бар. Адам баласы өз өресі, өз шама-шарқы, өз жағдайымен әр нәрсені армандап ойлай береді, алайда ойлаған ойы үнемі жүзеге аса бермейді. Себебі адам баласы бәрін біліп болжай алатын кемел болмыс емес. Өмір, дүние, заман, жағдайдың Алла қалыптастырған өзіндік заңдылығы бар, тіршілік пен тағдыр сол заңдылықтың жүйе, жолымен жүзеге асады. Адамдағы астам ойдың бәрі де Алла алдындағы пенделігі мен келтелігін білмеуден, мойындамаудан туады. Абай айтқан «Алла әмірі» – өмір, тіршіліктің біз тереңдеп біле бермейтін ақиқат заңдылығы. Адам-пенде Алла жаратқан осы заңдылыққа мойынсұнбай асығыстық танытып жүреді. Бәрі де Алла қалауымен болады дегенді – болған, болатын нәрсенің бастауы мен негізінде Ұлы Ақыл жатады сипатты мазмұнда түсінген жөн болады. Ал Ұлы Ақылдың иесі – Алладан өзге ешкім де емес. Бұған көңіл, жүрекпен риясыз, қалтқысыз сеніп нану керек, өзге жол жоқ. Ал ақылмен танып сенемін десеңіз, оны сізге ешкім де көзбен көріп, қолмен ұстатқандай айқын білдіріп бере алмайды. Шын ақылды адамдар мұның ақиқаттығына Алла берген терең түйсігімен сенеді. Алланың Ұлы Ақылына негізделген осындай заңдылыққа Абай бағынады, содан да «Тәңрі ісіне сен де көн... Тәңрі сорлы етсе бенде не бітірер құр жылап», «Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ, иілтіп екі басын ұстаған хақ», «Ғаріптікке көз жетті, алғаннан соң серікті. Өмірін берген құдайым ажалын да беріпті», «Айналайын құдай-ау, қапалық салдың жасымнан», «Құдай салды жүрекке жалғанда бітпес жараны», «Өшірмек алла болған соң, бенденің қоймас еркіне», «Адам, хайуан бәрі де бірдей шөлдеп, басына құдай салды қиын істі», «Ойлап-ойлап пат­шаның мойны түсті, құдайым көрсетті деп бұл бір істі», «Құдай сүймей, бұл істі бізге салды, қолын шеш, ризалық ал мына жастан», «Жел тынып, күн айығып баяғыдай, хикметімен тоқтатты бір жасаған», «Қазақтар: «Ә, құдай, жас баладай қайғысыз қыла көр» деп тілек тілегенін өзім көрдім», «адамды жаратушы хауаси хамса заһри бергенде... Әуелі көзді көрсін деп беріпті,.. қабақ беріпті,.. кірпік беріпті,.. қас беріпті...», «...жанды бәрімізге де беріпті» дегендей ойларын Абай шығарма­ларының өн бойында жүйелі түрде айтып отырған. Ақын ойларынан бәрін де қылдырушы, жасаушы – Алла деген түйін туады. Жоғарыда жазғанымыздай, бәрі де Алла жасаған заңдылық пен Ұлы Ақыл әмірімен болады және жүзеге асады. Бәрі де Алланың бұйрығымен болады дегенді осы тұрғыдан түсінгеніміз абзал. Кейде Абай өзі қалыптастырған ойына қарсы келгендей болады: «Олай болғанда, пенде өз тырыс­қандығыменен не табады? Бәрін қылдырушы өзі екен». Дегенмен бұл ойы алдыңғы ойын жоққа шығармайды, қайта алдыңғы ойын бекітіп, адамның өз жауапкершілігін арттыра түседі. Алла тағала бәрін де Ұлы Ақылымен Өзі жасаушы болса, ақыл иесі пендесі де бар ақылымен өзі таңдау жасап тіршілік етуі тиіс. Сөйтіп Барлық пен өмір, тіршіліктегі болмыс, оқиға, құбылыстардың бәрі де Алланың өлшеусіз ақылы және адамның өзіне шақ өлшеулі ақылымен жүзеге асып болып жатады. Біз Абай шығармаларының ізімен оның Алла жайлы ойларын саралап танумен келеміз. Абай өзінің ең өзекті ой айтқан өлеңін «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп атаған әрі тақырыбының мән-мазмұнын өлеңінің өн бойында тереңдете аша түскен. Ақынның Алла жайлы ойларын осы өлеңі арқылы біршама тиянақты тануға болады. Абай бір Жаратушыны мойындаған мұсылман дінін бар болмысымен қабылдаған жан. Ақын – Алланың өзін де, сөзін де рас, хақ деп білген мұсылман адам. Және Абай қашанғы өзіне тән хакім қалпымен ойларын ең түпкі мәніне жеткізіп айтады. Яғни ақын айтқан ойларға ақиқат сүйер адамзат даналарының бәрі де ортақ. Мысалы Абайдың «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер» деген түйінді ойы өте өзекті. Осы уақытқа дейін қалыптасқан таным мен наным бойынша, Алла – кемеліне келіп әбден толысқан, бастауы мен соңы жоқ баяғыдан бар мәңгі-бақи болмыс. Адамзат керісінше фәни, уақытша, сан түрлі мұқтажы мол, жетіліп болмаған кемшілікті жаратылыс. Адамзат қауымы қай заманнан нәсілі үзілмей, болмысы бұзылмай, тіршілігі тоқтамай өмір сүріп келеді. Әйтсе де әр буынның ғұмыры әрі кеткенде алпыс-жетпіс жыл жалғасып, одан әрі жаңа ұрпаққа ұласып, кезең, дәуір, заман да, тәртіп, мінез, қасиет те, адамның өзі де ауысып, өсіп, кейде кері кетіп, бірде құбылып, өзгеріп отырады. Шәкәрім ақын жазғандай, қашанда құдай бар, өту, өшу, өлу, қиямет шын, Алла әмірімен өмірге келу мен қайту, өлу аралығында ұждан ғана дұрыс. Адамзат болмысы мен өмірінің қағидалы қалпы мен асыл ақиқаты осылай сақталып, қайталанып, адамдар қауымы туу мен өлу аралығында ауысып, «замана, шаруа, мінез күнде өзгеріп» өте береді. Адамнан бастау алып, адаммен байланысты болатын ой-таным, наным-сенім өзгерсе де, Алланың қас болмысы мен Оны шын тану өзгермейді: «күллі махлұқ өзгегер, алла өзгермес». Алла – кемел болмыс, адам – кемшілікті келте жаратылыс. Жеке-дара адам ғана емес, барша адамзат қауымы хал-қадерінше өресіне орай жетіліп кемелденумен болады, алайда адам өз болмысына сай салыстырмалы түрде ғана жетілгенімен, Алладағыдай кәмәлатғазамат биігіне жете алмайды. Адамзат қауымында әдетте «ақымақ көп, ақылды аз» болып, адам баласының өресі де, өмірі де өлшеулі келеді, алаңдауын арттыратын мұқтажы да тым көп болады. Мұның бәрі де адамның пенделігін, келтелігін, шарасыздығын бекіте түседі. Ең бастысы, адам жаратылысында өзіндегі Алладан келген рухани болмысымен адам болуына зор кедергі жасайтын нәпсілік төмен табиғаты бар. Адамдағы келтелік пен пенделік те осы нәпсілік төмен табиғаттан бастау алады: «Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен, бос сөзбенен қастаспай түзу келмес». Осындай уақытша фәнилік, мұқтаждық, кемшілікті келтелік болмысымен адамзат өз болмысына сай жақсы қалпын баянды ете сақтап, өзгермей тұра алмайды. Ал Алла керісінше ешнәрсеге мұқтаж емес, тұлғалық болмысы жетілген кемел, мәңгілік бар бақи болмыс. Абай осы ақиқатты әбден тиянақтап, бекітіп жеткізген. Біздің бұл арадағы мақсатымыз – өлеңдегі Алла жайлы ойды тану болған, ал білгеніміз – «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер» деген түйін. 
Отыз сегізінші қарасөзінде Абай Алланың болмысы жайлы толғанады: «Алла тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі» екенін баса айтады. Алла қай жағынан да өлшеусіз, бұл Оның өлшеуге келмейтін, тануға болмайтын ортағы жоқ дара болмысын танытады. Жасаушысын жасағанына қарап білесіз дейтін Абай: «Біз алла тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес» деп Алланың өлшеусіз шексіздігін, ал адам мен оның ақылының өлшеулі екенін бекіте түседі. Алла өзінің жаратқан жаратылыстарымен ғана танылса, біз Оның шамалы, толық емес жаратқандарымен ғана ұшырасып, Алланың соларға ғана жұмсаған шеберлік хикметімен таныс боламыз, содан да Абай «алла тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз» деп отыр. Біз Алла жаратқан шексіз әлемі ішіндегі бір ғана жұлдызын (Күнді) айналып жүрген Жердің ғана тұрғынымыз, бұдан өзге қаншама жұлдыз бен олардың жүйесіндегі біз білмейтін планеталар бар, олардан біз хабарсызбыз. Адамның өзі де  сыры түгел танылып бітпеген жұмбақ жаратылыс. Өзін тікелей көріп, біліп тани алмайтын Алланы жаратқандары арқылы ғана болжап білетін болсақ, Оны толық танудың көкжиегі тым алыс екені анық. Алла жайлы Абай: «Заты түгел, хикметіне ешбір хаким ақыл ерістіре алмады» деп жазады. Бұдан ұғарымыз, Алланың өз заты, болмысы түгілі, Ол жаратқан әлем мен адамдағы мән-мазмұнды, яғни оларды жаратудағы Алланың жұмсаған хикметін танып білудің өзі адам ақылына зор сын болмақ, Абай осыны ишаралай танытып отыр. Жұлдыздар мен олардың айналасындағы планеталарды және өзге де аспан денелерін, сондай-ақ сол аспан денелеріндегі жанды-жансыз, ақылды-ақылсыз, рухты-рухсыз тіршілік иелерін түгел қамтитын әлем мен адамды жаратқан Алла – Абай жазғандай, шынында да өлшеусіз Ақыл мен айрықша биік болмыс. Алла берген ақылымен адам баласы Иесін тануға талаптанады, олай етпегенде ақыл өз міндетін атқармаған да болады. «Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын» дегендей, адам ақылы табиғатын танытып әркез білмекке ұмтылумен болады. Алайда жоққа жүйрік жетпейді дегендей, Алла – адам ақылына симайтын, адам ақылы тани алмайтын өлшеусіз құбылыс. Абайдың «Біз алла тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ол «бір» демеклік те – ғақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. (Жалғасы бар) 

Мақсат ӘЛІПХАН, 
А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің доценті,
 филология ғылымының кандидаты

972 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз