• Ел мұраты
  • 25 Желтоқсан, 2023

ӘДІЛБЕКТІҢ САЗДЫ ӘНДЕРІ-АЙ...

Ұлттық рухымызға қатер төндірген кеңес идеологиясы тұсында сол ұлттық рух үшін күресіп, тілімізді сақтап, мәдениетімізді дамыту жолында күрескен ел ішіндегі елеулі азаматтар аз болған жоқ. Бұлардың бойында ұлтжандылық қасиетпен қатар тәңір дарытқан шығармашылық дарын мен әншілік, күйшілік өнерлер қатар өрілген. Ежелден қанымызға сіңіп, бойымызға дарыған ақын-импровиза­торлық, әнші-компози­торлық сияқты қасиеттерді қастер тұтқан сүлейлер әр аймақ, әр ауылдан шығып жатты.
Әрине бұлардың дара қасиетін ел білгенмен күрескерлік қасиетін әркім біле берген жоқ. Аз жылда қазақты ассимиляцияға ұшыратып, жойып жібереміз деген әккі идеология мұндай тұлғаларға әсер етпеді, керісінше ширықтырып, ширата түсті. Өйткені бұл азаматтар аналық ар мен ұлттық құнардың нәрімен сусындаған, бесік жырымен қанаттанған адал перзенттер еді.
Сексенінші жылдардың басында арман қуып Алматыға келдік. Өз балаларын ана тілінде тәрбиелей алмай жүрген бейбақ әке мен сорлы шешені көрдік, туған немересін ана тілінде айналып, толғана алмай қан жұтқан ата мен әжені көрдік. Ұл-қыздарыңды неге орысша оқыттыңдар десек, біз кезінде орыс тілін білмей қиналдық, қор болдық, енді балалар қиналмасын дедік деген жауап алып, төбе шашымыз тік тұрды.
Міне, құлдық сана, нағыз бейша­ралық. Солардың санасында өз жерімде өз тілім неге қор болу керек, керісінше балам ана тілінде тәрбиеленіп, нағыз патриот болып шығу керек деген намысты ой мен жігерлі күштің жоқтығын айқындап тұрды.
Шүкір дейік. Бұларға қарама-қарсы «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп атой салып шыққан азаматтар да аз болған жоқ. Осындай азаматтар кешегі желтоқсанды көтерді, кеңестің іргесін шайқалтты.
Осы ойлар жетегінде отырып, 1970 жылдар соңында Созақтағы айтулы қазақ мектебінде оқып жатқан кезіміз еске түсті. Мектепке ән-күйден сабақ беретін жаңа ағай келді. Ол кезде жоғары класқа жетіп, алды-артымызды аңғарып қалған сәт. Шымкенттің әл-Фараби атындағы Мәдени-ағарту институтын бітіріп келген ағайымыз музыкалық аспаптардың бәрінде түгел ойнай алатын талант екен. Сонымен қатар әдемі, қоңыр да ашық үні тыңдағанды баурап алатын. Азаматтың азаматтығын істі бітіргенінен емес бастағанынан байқа дегендей, мектептегі де, ауылдағы да мәдениет жанданып жүре берді. Ағайдың жүріс-тұрысы, сәнді де таза киінісі, мәнерлі сөз саптауы ерекшелігімен таң қалдырды. Орта класта жүргенде Қалдыбек Қамбаров деген ағай келіп, нотаның қыры-сырымен таныстырып еді. Ол кісі арман қуып үлкен қалаларға кетті. Содан кейін серпіліс әкелген ағайымыз осы кісі болды. Біз сияқты енді таралып, ер жете бастаған бозбалаға кімге қарап бой түзеу керек, кімнен үйрену керек деген ойда жүргенімізде үлгілі тұлға алдымыздан шыға келді. Өзімен бетпе бет қол алысып таныспасақ та ағайдың аты-жөні Әділбек Нысанбаев екенін біліп алдық. Әрбір мектепте өткен концерттер мен кештерде ол кісіні сахнадан асыға күтетін болдық. Үйренген әндерімізді көшеде жиналып алып, шамамыз келгенше шырқап жүрдік. Әні мен сөзі әдемі үйлесім тапқан әнге құлшына кірісетінбіз. Ән сөздерінің иірім, ұйқасы мен мағынасын ұғынып, туған тіліміздің қаншалықты сұлу, қаншалықты бай-бағлан тіл екеніне көзіміз жететін.Көп ұзамай мектеп бітіріп кеттік. Әскерде болдық. Содан Алматыға тартып кеттік.
Әділбек Төлегенұлы Нысанбаев Созақ сияқты үлкен ауылдың ғана мәдениетін жаңғыртқан жоқ, бүкіл аудан мен облыс көлемінде қыруар істер атқарды. Аудандық Мәдениет бөлімін басқарды, Мәдениет үйінің директоры болды. Бірнеше мектептер қосымша сабақ беріп, жас дарындардың көзін ашты, баптап, бәйгеге салды. Белгілі әнші-композитор Төлжанбек Жақсыбаев Әділбек ағасы бітірген институтты бітіріп, сол кісінің ақ батасымен өнер жолына бет алған. Эстрада жұлдыздары Жұбаныш Жексенұлы мен Кенжебек Жанәбілов Әділбек Нысанбаевтың төл шәкірттері болды.
 Алматыда жүріп, Әділбек ағайдың тек әнші-домбырашы ғана емес, тамаша композитор екенін шығып жатқан әндерінен естіп-біліп, тәнті болдық. Атақты «Бала ғашық» әні, ақын Ескермес Жақсымбетовтың өлеңіне өрілген. «Тырналар тізбегі» Айгүл Түгелбаеваның өлеңіне үндестік тапқан. «Ақ құсым» әніне сөз жазған Сағынтай Байділдаев. «Елім меніңді» сөзбен сүйемелдеген Ескермес Жақсымбетов. «Қызылкөл» әнінің мәтінін мәнерлеген Қазыбек Мыңжанов. Осы әндердің бәрі, туған жері Теріскейге шығарған тағы біраз әндері қазір айтулы әншілердің орындауында еліміздің түкпір-түкпіріне таралып кетті.
«Бала ғашық» әнінің шығуы жайлы Әділбек ағам Алматыда бір бас қосқанда әдемілеп әңгімелеп берген. Ақын Ескермес Жақсымбетов өлеңді он жыл бұрын жазып қойып, қалтасына салып жүре береді. Ойы бір жақсы композиторға беру болған, шамасы. Кейін Созақ жақтағы Таукент деген кенді қалашықта екеуі бірге қонақта болған. Той болған соң ән шырқалады, би биленеді. Аунап-қунау, жата-жас­тану деген құбылыстар орын алады. Осындай бір сәтте ақынның қалтасынан қағаз түсіп қалады. Түн ортасында тысқа шығып бара жатқан композитор жолай аяқ астында бүктеліп жатқан қағазды көтеріп қарайды ғой. Ашып қараса өлең жазылған, оқып көрсе тәп-тәуір өлең. Өлең болғанда да әнге өзі сұранып тұрған нәзік лиризмге толы керемет шумақтар. Дәл сол жерде әннің әуездерін ыңылдап бастай жөнелдім дейді ағамыз. Осындай себеппен тамаша туынды шыр ете қалады. Оншақты жыл бұрын жазылып, қалтада жүріп, қажалып бітуге айналған өлең көзін ашып, көкке бір-ақ көтерілді. Композитор да мәз, ақын да риза. Бірнеше жылдан кейін «Бала ғашыққа» себепкер болған апамызбен де бір жиында кездесіп, әңгімесін тыңдап, куә болдық.
Тоқсаныншы жылдардың дүрбелең­інде Әділбек ағамыз да елмен бірге Алматыға көшіп келді. Ағамызбен қайта шүйіркелесіп, бас қосудың сәті келді.
Соңғы рет, 2010 жылы Түркістан­дағы Райым­­бек Сейтметов атындаға Драма театрында үлкен бір іс-шарада екеуміздің шағын қойылымымыз көрсетіліп, Әділбек аға жаңа әнін Төлжанбек Жақсыбаев екеуі құйқыл­жыта шырқап, керемет концерт өткізіп едік. Өлеңін өзі жазған ән еді. Имандылық пен бір тәңірдің бар екенін меңзейтін, пәлсапалық мәнге ие өлең сөздері әуенге жарасып, жұптаса қалған. Созақтың жоғары жағындағы Қарақұр деп аталатын шағын ауылда өмірге келіп, сол жерде есейген ағамыз жақсы ақындығы да бар жан-жақты азамат еді.
Содан көп ұзамай елді аралап келген ағамыз бәрімізге қайыр-хош айтып кете барды. Ел болып, ақтық сапарға аттандырдық. Көкейімізде қалған Созақтан шыққан бір сүлейдің сыршыл әндері көмейімізден де, көзімізден де сағыныш пен аңсау әні боп төгіліп кетті.
Ұлт руханиятына бір ұстын болып, нық тұрған, мәдениетке серіппелі уық болып қадалған сегіз қырлы бір сырлы Әділбек ұстазымыз осындай жан еді. 
Елдің талантты азаматының сол еліне сіңірген адал еңбегі қалды. Алты алаш сүйіп айтып, сүйсіне тыңдайтын өміршең әндері қалды. Биылғы атап өтіп жатқан 70 жылдығын елдің еңселі азаматтары елеулі бас қосулармен, рухани-танымдық кештермен табысты өткізіліп жатыр ма, оны біле алмадық. Бірақ ұлт болмысын ұлықтап, ұлт мәдениетіне ынтығып, ана тіліміздің әуезі мен сұлулығын айшықтап кеткен осындай ұстазымыз туралы ойды ақ қағазға түсіру азаматтық парызымыз деп қарадық.
     

Аспандияр ӘДЕНҰЛЫ,
 Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

144 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз