• Ел мұраты
  • 25 Желтоқсан, 2023

Қайратты жастар – жеңіске бастар

Ел спортының ертеңі жалынды жастарға тікелей байланысты. Спорт мектептерінде шыныққан жас буын әлемдік жарыстарда қазақ елінің туын көтеріп, тұғырдан көрінетін жарық жұлдыздары болады деп сеніммен айта аламыз. Бүгінгі таңда Қазақстанның әр аймағында балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық орталықтар қатары көбейе түскеніне қуануымыз керек. Өйткені, ауылда спортпен айналыса бастап, қанаты қатайған таланттардың кәсіби жолын жалғастыру үшін арнайы мектеп-интернаттарына түсіп жаттығуының орны бөлек.
 

Ия, қазір ауыл-аймақтарда да спорт мектептері көптеп бой көтеріп келеді. Ол, әрине, ел Президентінің спорт саласына зор қолдау көрсеткенінің нәтижесі деп білеміз. Дегенмен де, оқу-жаттығу барысында кәсіби деңгейде дәріс алудың маңызы өте зор. Қатарынан оза шапқан, ортасында алғыр да алымды таланттар тасада қалмауы үшін жоғары деңгейде сабақ беретін олимпиадалық мектеп-интернаттарға түсіп жатса, нұр үстіне нұр болмақ. Әлемдік жарыстарда топ жарып, ел намысын абыроймен қорғап жүрген азаматтардың қатарында спорт мектептерінің түлектері көп. 
Солардың ішінде спорттың әр түрінен көп жетістікке жетіп жүрген Алматыдағы Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің дарынды ұл-қыздарының көрсеткен өнеріне, жеткен жетістігіне таңдай қағып қуануға болады. «Дұрыс қанаттанған түзу ұшар» дегендей, осы мектептегі дарынды жастардың қалаған спорт түрінен самғау биікке шығуы үшін бар жағдай жасалып отырғанын ескермесе болмайды. 
Мектеп директоры, білікті басшы, өз ісінің маманы Ернар Таласбекұлының қолдау, қамқорлығының шапағатына бөленген дарынды жас таланттар толағай табыстармен қуантып келеді. Айталық, 28-29 сәуір аралығында Афинада (Греция) Athens Trаck Grand Prix 2023 тректен Халықаралық велоспорт жарысы өткен еді. Бұл жарысқа Қазақстанның атынан қатысып, ел намысын қорғаған спорт мектеп-интернат-колледждің велоспортшылары қойны қонышын алтынмен аптап, күміспен күптеп, елге оралды. Әрине, айтулы мектептегі велоспорт бөліміндегі жаттықтырушылардың қосқан үлесі, еңбегі зор екенін ескергеніміз жөн. Сонымен қатар жеңісті жолды жалғастырған Асамбек Нұрасыл Түркияның Стамбул қаласында өткен «Чемпион» атты халықаралық турнирге қатысып, алтын жүлдеге қол жеткізсе, ізін ала дзюдо күресінен Азия чемпионы атанған. 
Сәуір айының 29-30 аралығында Грузияның Гори қаласында дзюдо күресінен кадеттер арасында Еуропа кубогі болып өткен еді. Аламан жарыста 16 елден қатысқан 300-ден астам балуанның арасынан Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жас балуандары 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медальді жеңіп алған. Сонымен бірге Венгрияда синхронды жүзуден өткен халықаралық жарыста аталған мектеп-интернат қыздары жүлделі 3 орынды жеңіп алып оралған екен. Міне, осындай Еуропаның жарыс алаңдарында қанжығалары майланған балуандарымыз мектептің ғана емес, еліміздің мақтаныштарына айналуда. Жағдай жасалған жерде жетістіктер де көп күттірмесі анық. Жуырда Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтулы мектеп-интернат колледжінде болып, балалардың жағдайымен танысып, оқу-жаттығу залдары мен жатар жайларын аралап көріп, жоғары баға беріп кеткен екен.
Осылай мектептің талантты спортшылары ел спортының дамуына өз үлесін қосып келеді. Осындай берекелі ұжымды айрандай ұйытып, толымды табыстарға жеткізу үшін қолынан келген мүмкіндікті жасап жатқан Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры Ернар Таласбекұлына жолығып, көкейдегі сауалдарымызға жауап алған едік. 
– Ернар Таласбекұлы, өзіңіз басқарып отырған мектеп-интернат елдегі көшбасшы оқу-спорт шаңырағының бірі саналады. Жасөспірім таланттардың алаңсыз дайындалуына мектепте қандай жағдай жасалған? 
– Біріншіден, Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледж Спорт министрілігіне тікелей қарайды. Жыл сайын қарастырылып қойған қорға қатысты, осы мектептегі балалардың күнделікті жүріп-тұруы, ас-дәмі, жатар жайы түгелдей спорт министрлігі беріп отырған қаражатының есебінде. Балалар күнделікті бес мезгіл ауқаттанып, осы мектептің-интернаттың ішіндегі жатақханада тұрып өмір сүреді. Мектеп балалары спорттың 17 түрімен айналысады. Бар жағдай толықтай жасалғандықтан жасөпірім спортшылар осы мектеп-интернатта білім алып, содан кейін спорт залдарға барып қалаған спортпен шұғылданады. 
– Тарихи жолы бар К.Ахметов мектебіне дарынды балаларды қалай таңдап аласыздар? 
– Бірінші мәселе – бапкерлер әр спорттың түрі бойынша Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген дарынды жас балаларды таңдап алады. Жыл сайын тамыз айының басында дәстүрлі форматта емтихан басталады. Сол емтиханнан сүрінбей өткен балалардың аты-жөнін сайтқа жариялаймыз. Талапкерге қойылар негізігі талаптың бірі – әрбір жас өрен өзі қалаған спорт түрінен туған өңірінде топ жарып кем дегенде Қазақстан чемпионатының үштігіне кіруі керек. Халықаралық жарыстарда жүлделі орындардан көрінген болса тіпті жақсы. Оқуға түсуге келген ынталы жас физикалық тұрғыда міндеттелген нормативтерді орындауы шарт. Сонымен қатар бапкерлер республикалық жарыстарда көзге түскен кейбір талантты жастарды өздері шақыруы әбден мүмкін. Оларды емтихансыз алуға мүмкіндік бар екенін де айта кетуге болады. Ал, енді екінші мәселе ауыл, аудандарда жеңімпаз болып жүрген талапты балалар да келеді. Олар емтиханда бағын сынайды. Егер де мамандардың көзіне түсіп, жақсы нәтиже көрсеткендері болса алып қалуға тырысамыз. Айталық, күрес түрінен өтетін емтиханға мемлекеттік бапкерлермен қоса өзіміздің білікті мамандарымыз комиссия алқасына кіріп, саралайды. Сөйтіп «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, ортасынан озып шыққан дарынды жастар қабылданып, қыркүйек айында сабақ бастайды.
– Қарап отырсақ, мектеп-интернатта оқитын жастардың спорттың әр түрінен әлемдік, азиялық жарыстарда жетістікке жеткендерін көріп отырмыз. Соның арасында соңғы кездері еліміздің атын шығарған мектептің дарынды жастарын атай кетсеңіз...
– Біздің мектепте ұстаздардың, бапкерлердің айлық-жалақысы олар баптаған баланың жетістіктерінің пайызы арқылы көтеріліп отырады. Мысалы, өзге мектеп-интернат колледждер 280 пайызбен бекітсе, біз республика бойынша биыл 615 пайызбен бекіттік. Жақында ғана Балуан Шолақ спорт сарайында өткен Азия жарысында біздің мектептің екі бірдей балуаны Азия чемпионы атанды. Ал жылдың аяғына Лукин Богдан есімді оқушымыз семсерлесуден әлем чемпионы атанып, елімізді әлемге танытты. Соның ішінде Қазақстан мен халықаралық жарыстарды, көптеген дүбірлі турнирлерді жеңіп алған қаншама спортшыларымыз бар, оның бәрін айтып тауыса алмаспыз. 2022 жылы қыркүйек айында ғана осы мектеп-интернаттың қабырғасында таеквандо бағыты ашылған болатын. Бүгін соның жемісін көріп отырмыз. Айталық, жақында Төлеген Тілеумұратов есімді бапкердің 3 бірдей шәкірті Қазақстан чемпионатында жүлдегер атанып, қуантып отыр. Сонымен қатар 3 бірдей былғары қолғап шебері ел біріншілігінде жеңімпаз болды. Еркін күрес түрінен де Азия чемпионы атанып қана қоймай, екі бірдей балуан Қазақстан біріншілігің жеңімпазы атанды. Жақында Хорватияның Загреб қаласында өтіп жатқан дзюдо күресінен кадеттер арасында әлем чемпионатында айтулы спорт мектеп-интернаттың 1 курс студенті Балғабай Досбол 81 кило салмақ дәрежесінде күресіп, қола жүлдені жеңіп алды. Қорыта айтсам, үстіміздегі жылы барлық спорт түрінен оқушы спортшыларымыз тамаша көрсеткіштерге қол жеткізді. «Еңбек – бәрін де жеңбек» деген ғой. Ынтымағы ұйыған ұжыммен, білікті бапкер, ұстаз мамандардың табанды еңбегінің арқасында балалар жақсы нәтижелерге қол жеткізді деген ойдамын.
– Ұландар спортпен бірге білімді де қатар алып жүрген соң мектеп оқушыларының аяқ алысын қалай бағалар едіңіз? 
– «Білімдіден сөз тыңдасаң, күш тасыр. Үйренгенді желге ұшырмай іске асыр» деген екен Махмұд Қашқари. Баланың білімде озық ойлы, зерделі болып өсуі қараңғы түнде қолына жарық алып шыққанмен тең. «Оқуына ұқыпты, білімге құштар баладан мықты спортшы шығады» деп ойлаймын. Өйткені, спорт ақылмен ойлап, жинаған шеберлікпен түйінін шешетін үлкен өнер. Сондықтан да, бала тәрбиесіне, олардың біліміне ерекше назар аударып, қадағалаймыз. Иә, қалалық, республикалық деңгейді білім саласында түрлі олимпиадаларға біздің мектептің оқушылары да қатысып, жүлделі орыннан көрініп жүр. Мысалы, жыл сайын республикалық мектеп-интернаттар арасында жалауы көтерілетін білім жарыстарында біздің мектеп-интернаттың дарынды жас ұландары қомақты нәтижелер көрсетіп, 1-2 орындарды бермей келеді. Сонымен қатар жуырда ғана Біріккен Араб Әмірлігі Дубайда өтіп жатқан білім сайысына ұстаздарымыз қатысты. Ендеше, білім саласында көштің алдына шығуға тырыса отырып, көп жұмыс атқарылып жатыр деуге болады. 
– Алға қойған мақсаттарыңыз қандай? 
– Біздің мектепте жастар мен жасөпірімдер жаттығып, шыңдалады. Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледждің қабырғасынан шыққан өрендер көптеген олимпиада, әлем, азия жарыстарында жеңіске жетіп, қазақ елінің мақтанышына айналған жұлдызы жарық спортшылар. Олардың арасында Елдос Сметов, Асхат Жіткеев сынды айтулы спорт саңлақтарын айтсақ та жетіп жатыр. Содан кейін тағы бір айта кетер мәселе, әлем бойынша біздің мектеп-интернат тұңғыш рет осындай атау алған мектеп-интернат болып саналады. Оның анық-қанығын белгілі спорт қайраткері, көптеген спорт саласындағы ғылыми-әдістемелік кітаптардың авторы Анатөлі Құлназаров деген ағамыз зерттеп, осындай шешімге келген екен. Біздің мектеп-интернат сонау 1960 жылдары осындай мәртебе алғаннан кейін барып, көршілес Ресей мемлекеті біздің мектептің аналогын алып кетіп, өздерінде аша бастаған екен. Енді айта кетсек, осы мектепте оқитын жасөпірімдер 7-11 сынып аралағында мектеп-интернатта білім мен спортты қатар меңгере жүріп дәріс алады, сосын 11 сыныптан кейін жақсы жетістіктерге жеткендері іріктеліп, 3 жылдық колледжде оқуын жалғастырады. 
Ал колледжде үздіктер қатарынан көрінгендер Ұлттық құрамаға кіріп, ел намысын байрақты жарыстарда қорғайды. Мақсатымыз біреу ғана – алдыңғы толқын әйгілі ағалар секілді Қазақстанның атын әлемдік додаларда абыроймен қорғау үшін барынша тәлім-тәрбие беру. Сол үшін қолдан келген мүмкіндіктерді аямауға әрқашан дайынбыз. 
– Әңгімеңізге рахмет!
 Р.S.Осы сұхбат дайындалып жатқанда Қытайдың Ханжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарынан сүйінші хабар жеткен еді. Велоспорттан топтық сайыста Евгений Федоров топ жарып, алтын жүлдеге ие болған екен. Ал екінші жүлде де Қазақстан құрамасының еншісінде. Осы байрақты жарыс­та жуырда ғана чемпион атанған жерлесіміз Алексей Луценко күміс жүлдегер атаныпты. Ал сол алтын жүлденің иегері велошабандоз Евгений Феодров К.Ахметов атындағы мектеп-интернаттың түлегі. Ұстазы Виталий Штыхлин. Талай-талай талантты велошабаондоздарды даярлап, ұлы дүбірге қосып келген тәжірбиелі бапкер Виталий Николаевичтің еңбегі зор. Ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстан қоржынына кезекті алтынды салып берген Евгений Федоров тәрбиеленген мектеп-интернаттың биік белестері көңіл сүйсінтеді. Кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірбие деңгейіне байланысты екені баршамызға мәлім. Иә, Қазақстандағы ел спортының ертеңі дарынды болып өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тікелей байланысты. Осы бағытта жас буынның бойындағы талантын ашатын білікті де білімді бапкерлердің еңбегі ерен. Тәрбие мектеп қабырғасынан басталады. Ендеше, көп ішінен оза шыққан талапты да талантты жастарды тәрбиелеп, аламан жарыстарға қосып жатқан айтулы Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледждің ұжымына табыс тілейміз. Жемісін үзбей беріп отыратын мәуелі ағаш секілді мектеп-интернаттың толағай табыстары еселене бергей! 

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

159 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз