• Ел мұраты
  • 25 Желтоқсан, 2023

Ұлттық тәрбиедегі экологиялық мәдениет

Қазақтың дәстүрлі тәрбиесінде қоршаған ортаны қорғауға үндейтін ырым-тыйымдар өте көп. Бұл қазіргі тілмен айтқанда экологиялық мәдениетті қалыптастырудың алғы шарты. Біз бүгінгі мақалада қазақ халқының дәстүрлі тәрбиесіндегі осы ерекшелікке аз-кем тоқталып өтпекпіз. 
Әр елдің, өңірлердің экономикалық даму өресі мен табиғатты қорғау жағындағы танымы біркелкі болмау себебінен қоршаған ортаны қорғауға мән беру мен қолданған түрлі шарасы ұқсамаса да, барлығындағы көкейтесті ортақ мақсат – тіршілік атаулыға пана болған жер ананы қорғау екендігі анық. 
Шығысымыздағы Қытайды айтсақ, дүниежүзіндегі ғаламтор саудасы жанданған ірі елдердің бірі. Неше жылдан бері, олардың «Пиңдодо», «Таубау» сияқты сауда сайттарынан зат сатып алатын азаматтар күннен күнге көбейді. Қытайда, бір жылдағы жедел жеткізу қоқысының өзі төрт миллион тоннадан асады екен. Қытайдың «Адамзат және Биосфера» мемлекеттік комитетінің бір реткі қоғамдық тексеруінде, 22 пайыз табиғи қорық туристік аймақ болғасын бүлінсе, туристік өңірлерінің 44 пайызы қоқыспен зияндалып, бастау, бұлақ, өзен-көл сынды табиғи су қайнарының 12 пайызы ластанған. 
 2000 жылдан бастап Қытайда мемлекеттік орман-тоғай мекемесі жауапты болып басқарған «Экологиялық мәдениет» атты журнал да шыға бастаған.
К.Циолковскийдің: «Адамзат табиғатқа шабуыл жасап болды, ендігі шабуылды адамзат табиғаттан күтеді» дегеніндей, ғасырдан ғасырға «табиғатты бойсұндырамыз, ауыздықтаймыз» деп аласұрған адамзат, табиғаттың хикіметіне ешқандай күштің тең келе алмайтынын ептеп сезіп, бұрынғы дәріптемесіне шұғыл бетбұрыс жасап, саяхатты жандандырумен қатар табиғат ананы қорғаудың да аса маңыздылығын таныды. Табиғат пен адамзаттың жарасымдылығын сақтау керектігін дәріптеуге өтті. Қытайдың қазіргі президенті Си Цзиньпин «Экологиялық мәдениет» дәріптемесін Қытай Компартиясының 7-құрылтай баяндамасына енгізіп, «Жасыл тау, тұнық өзен – байлық» идеясын ортаға қойды. 
Жұмыр жердің қажет екенін басқалардың көбі бертінде ғана сезініп, заңдық тұғыр, теориялық өре, ауқымдық деңгейге көтеріп отырса, ұлтымыздың басқалардай әлемге жар салмай-ақ, аядай отбасында әке тағылымы мен ана мейірі арқылы ғана таратып отыратын, қоршаған ортаны көз қарашығындай қорғай білетін әрі оны ауызша тәрбие және нақтылы өнеге арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғай білетін ұлы да, қастерлі идеясы мен мәйекті мәдениеті бар. Ал бұларға өзгелер сияқты арнаулы анықтама беріліп, қағазға түсіріліп, қатталып-шотталып архивке алынбаса да, талай ғасырлардан бергі табиғатпен етене өткен тіршілік үрдісі барысында ұрпақ тәрбиесіне суша сіңіп, тастай батып, қоршаған ортаны қорғай білетін нақты қимылдарының мығым арқауы болып келе жатуы ешкім де көз жұма алмайтын һәм жұма да алмайтын нақты мысалдармен көмкерілген шындық. 
Ұлы Абайдың «Он сегізінші қара сөзінде»: «Тегінде адам баласы – адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық» деп тұжырымдап кеткеніндей, ұрпақтарының адам болуына арқау, ана табиғаттың бүлінбеуіне негіз болып келе жатқан өзгеше бір даралық ерекшелікке ие, қазақ ұлтының дәстүрлі мәдениеті мен ғұрып-әдеттерінің маңызды бір құрамдас бөлігі. 
Ұлтымыздың өмір-салтына мал шаруашылығы негіз болғандықтан, малшылар маусымға қарай қоныс аударып, көшпелі тұрмыс кешіруге әдеттенген. Табаны тиген жердің әрбір тал шөбінен тартып сол ортадағы тіршілік атаулыны қорғауды тіршілік етудің алғы шарты деп білген ата-бабаларымыз экологиялық ортаны көз қарашығындай қорғап, табиғаттың бүлініп, экологиялық тепе-теңдік бұзылуының алдын алу үшін көптеген ырымдар мен тыйымдарды ойлап тауып, оларды отбасы тәрбиесіне әбден сіңіріп жіберген. 
Үлкендер бұл ырымдар мен тыйымдарды ұрпағына адамзаттың тіршілік тұрмысы және өндірісімен тығыз байланыстыра түсіндіру арқылы баланы ес білгеннен тартып қоршаған ортаны қорғай білетін әдетке баулыған, онысы текке кетпеген. 
«Көк шөпті жұлма, көктей орыласың» 
Көк шөп тамыры арқылы жаңбыр суын топыраққа сіңіреді. Жаңбыр көп жауғанда қылтансыз тақыр жерлерден сел оңай жүреді. Қазақ қарияларының балаларға көк шөпті жұлғызбауының бір себебі осы болса, көк шөп көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегі бөліп шығаратыны белгілі. Кейбір гүл шөптердің ауадағы азот сынды газдарды да сіңіріп ауаны тазартатындығын, ал қайсыбір бактерияны жоятын зат бөліп шығара алатындығын ғылым дәлелдеп отыр. 
Гүл-шөптердің хош иісі адамның шаршауын басып, рухын тасқындата алады. Сондықтан тіршілік біткенге жауапты, жанашыр көзбен қарауды әдетке айналдырған қазақ қарияларының бос уақытында көгалға отырып ұзақ әңгімелесетіні тегін емес. 
«Жалғыз ағашты кеспе, 
жалғыз қаласың» 
Ғылым мынаны дәлелдеп отыр: 500 шаршы метр орман күніне 67 килограм көміртегі қос тотығын, 4 килограм күкірт қос тотығын сіңіріп, 49 килограм оттегін, бір аптада 2 килограмм бактерия өлтіретін сұйықтық бөліп шығарып, 1 жылда 20-60 тонна шаң-тозаңды сіңіре алады. Көктеп тұрған жалғыз ағаш тозаңдану немесе бүршігінің рөлі арқылы көбейе алады, сондықтан ол көбеюдің бірден бір қайнары. Үлкендердің жалғыз ағашты кестірмеуі, әрине, осыдан. Қазақ ежелден ерекше бір қажеті түскенде болмаса, өсіп тұрған жас ағашқа балта тигізбеген. 
«Бұлаққа (суға) дәрет сындырма, түкірме, қоқыс тастама, 
болмаса көзіңе ақ түседі» 
Қазақ малшылары тіршілік үшін тау сағалай, өзен жағалай қоныстанып, қай жерде жайқалған құрақ, мөлдір бұлақ болса сол жерге көшіп баруды әдетке айналдырған. Бұл әсте, бәзбіреулеріміздің «Қазақ көшпенді ұлт» дегеніндей ұғым тудырмауы керек. Ұлтымыз бүгін мына сайда, ертең ана төбеде «ұшарын жел, қонарын сай біліп» жүрген жоқ. Тіршілік көзі болған малдың жем-шөп қажеті үшін ғана маусымға сай қоныс жаңалап отырған. Әр маусымдағы қонысы белгілі, жұрты тұрақты болды. Жылтырап жатқан бұлаққа да жанашырлықпен қарап, көзін ашып кететін халқым, міне, осындай тұрмыс барысында, бұлақ (өзен) суының тазалығына ерекше көңіл бөліп, балалардың суға түкіріп, қоқыс тастап, дәрет сындыруын қатаң шектеген. Өйткені, бір сайда неше отбасы отырып, бір бұлақтан көп адам су ішетіндіктен, судың жоғары жағы арам болса, аяқ жағын ішуге келмейтіні заңды. Егер жоғарыдағы тыйымды балаға сөз жүзінде ғана айтса оның шектеу рөлінің әлсіз болатындығын білген үлкендер: Суды былғаса «Көзіңе ақ түседі» деу арқылы балада кішкентайынан бастап «суды арамдасақ көзіміз ақшырайып қалады екен» деген қорқу психикасын қалыптастырып, моральдық тәрбиені ұрпақтан ұрпаққа жеткізе білген. Судың тазалығына сенген қазақ ұлты «Ағын суда арам жоқ» деп тұжырым жасаған. Сондай-ақ ұлтымызда «Судың да сұрауы бар», «Бидің жолы ақ, судың жолы сара», – деген сөздер бар.
«Құстың ұясын бұзба,
 панасыз қаласың» 
Экологиялық орта бір-біріне тығыз байланысқан көптеген жүйелерден құралады. Құдды адам ағзасындағы дене мүшелері сияқты. Егер, оның ішіндегі бір жүйе ықпалға ұшыраса, экологиялық ортаның тепе-теңдігі бұзылады. Егер, құстар болмаса, зиянды құрттар көбейеді, зиянды құрттар көбейсе, ағаш-шөптерге ықпалы тиіп, малдың ішіп-жеміне, адамзаттың тұрмысына, денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан, қазақ ұлты құстардың көбеюіне кепілдік ету үшін, балаларға тірі құсты өлтіртпегенді қойып, құстардың ұясын бұзғызбаған. Жұмыртқаларын шаққызбаған, әрі «Құстың ұясын бұзсаң, панасыз қаласың» деген тыйымды ойлап тауып, балалардың құстың ұясын бұзу әрекетін қатаң шектеп, экологиялық ортаны қорғау мақсатына жетіп отырған. 
Мынадай бір қысқа аңыз бар: Қазақ пен жоңғардың соғысы кезінде бір қарияның үйінің шаңырағына қарлығаш ұя салады. Балапандар жұмыртқаны енді-енді ғана жарып шыға бастаған кезде, «жау келе жатыр», – деген суық xабар келіп, маңындағылардың бәрі қотарыла көшіп кетеді. Әлгі қария «өз шаңырағымды құтқарып қалу үшін, қарлығаштың ұясын бұзғаным обал болар», – деп көшпей қалып қояды. Қария тұтқындалғанда хан: «Елдің бәрі қашқанда сен неге көшпедің? Бізден қорықпайсың ба?», – деп сұрайды. Қария қарлығаштың ұясын аяғанын айтады. Хан қарияға: «Сен қарлығаштың ұясын бұзбадың, біз де сенің үйіңді бұзбаймыз», – деп аман алып қалған екен. Бір жапалақтың бір жазда мыңнан астам тышқан, бір қарлығаштың бір жазда жүз милионнан астам құрт-құмырсқа жейтіні, тоқылдақтың бір жылда 600 шаршы метрден астам орманның құртын тазалайтыны ғылыми тұрғыда дәлелденген шындық. 
«Құстың жұмыртқасын шақпа,
бетіңе шұбар қаптайды» 
Таулы өңірлерде торғай секілді құстар адам қолы оңай жететін жардың қуысына, тастың жықпылы сияқты жерлерге жұмыртқалайды. Көп санды құс жұмыртқасының сыртында шұбар болады. Еріккен кейбір тентек балалар құстың жұмыртқасын іздеп, шағып ойнайды. Сол үшін қариялар құстар көбеюінің қайнары болған жұмыртқаны балалардың шағып тастауының алдын алу үшін осы тыйымды ойлап тапқан. Өз бетінің аршыған жұмыртқадай меңсіз болуын қаламайтын жан жоқ болса керек. Сондықтан, үлкендердің бұл тыйымы балалардың құс жұмыртқасын шағуын өте өнімді тежеген. 
«Құмырсқаның илеуін бұзба, 
баспанасыз қаласың» 
Жыбырлап жүрген құмырсқаны өздеріндей тырбанып күн кешіріп жүрген тірлік қатарында есептеген қазақ қарттары, «Илеуді бұзсаң панасыз қаласың» деп қорқыту арқылы балаларға құмырсқаның илеуін бұзғызбаған. Құмырсқа қоқсықтарды тасып, ортаға тазалау жүргізе алады. Жаңбыр жауып сел жүрерде құмырсқалар көше бастайды. Қазақ халқы осыған қарап ауа-райын алдын ала болжап, сел апатынан сақтанып отырған. 
Ұлтымыздың мұндай тыйымдары – аса құнды, өте тамаша дәстүрлі тәрбие әрі экологиялық ортаны қорғаудың тиімді тәсілі. Экологиялық ортаны қорғау жер шарындық сипат алған үлкен мәселеге айналып, экономиканың озуы бір жағынан жер шарының тозуына себепкер болып отыр. Біз мұндай дәстүрлі тәрбие үлгілерін ұрпақ санасына құйып, оның жылдар бойы жалғасуын қадағалауға тиіспіз. Бұл, біз арқалауға тиісті маңызды міндет әрі келешек ұрпаққа аманаттайтын зор жауапкершілік. Шарт-жағдай жар берген жағдайда осындай ырым-тыйымдарды сахарадағы туристік орындарға неше тілде көркемдеп жазып қойсақ, қоршаған ортаны қорғауымызға аз да болса септігі тиері хақ деген ойдамын.

 Қаусылқан ҚАСЫМҚАНҰЛЫ
 

127 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз