• Тарих толқынында
  • 25 Желтоқсан, 2023

ҚОЙЛЫҚ БАТЫР

Көне деректерде ол Батыс Түрік қағанатының ашина тайпасынан шыққан Қойлық Шыбара атымен қалған ел билеуші. Он оқ халқын Қытай езгісінен құтқару үшін жанын бәске тіккен батыр. Шығу тегі жағынан үйсін жұртының бекзадасы. Біз енді Батыс Түрік қағанаты деген ел, ол қандай мемлекет дегенге сәл шегініс жасайық. Батыс Түрік қағанаты 582 жылы Шығыс қағанаттан бөлінген ел. Кезінде осы жерлер Шыдиенми (шыбара) қағанның ұлыстары екен. Шыбара Бөріхандар (Ашина қасқыр мағынасында) әулеті кісісі екен. Ел кісілері Шыдиенмиді Ашина (Ашна) Шыбара атап кетеді. Батыс Түрік қағанатының бірінші қағаны Або қаған осы әулеттен келіп шығады. Сондықтан Бөріхандар әулетін ел кісілері ақсүйек санап, Ашина Шыбара тағына тек Ашина әулеті кісілері ғана отыратын болған. Тарихқа үңілсек біз «Батыс Түрік» қағанаты деп жүрген қағанаттың атауы тіпті олай емес, «Қасо қағанаты» болып шығады екен. Або қағаннан кейін Ашин Шыбара тағына Бөріхандар әулеті бірінен кейін бірі отырып жатады. Енді сіз мынаған қараңыз. 611 жылы Батыс Түрік қағаны Шора қаған өзінің інілері Дарту Шад (шад – билік орны) Шыданай тегінді (тегін – би мағынасы) ертіп, Қытайдың Сүй патшалығына барған. Сүй патшалығы оған «Хасо қаған» деген атақ берген дейді. (Нығмет Мыңжани «Қазақтың қысқаша тарихы», 117 б, Алматы, 1993ж). Деректерде ел ішінде сол тұста хасолар үш ұлыс кісі болған екен. Батыс Түрік қағанаты ілкі әуелде он тайпа елден құрылса керек. 630 жылы Ашина Шыбара тағына енді Жылиши қаған отырады. Ол қағанатты ұлы үйсін, кіші үйсін деп екіге бөліп басқарады, әр бөліністе бес-бестен тайпа болады. Ұлы үйсінді Дулыға, кіші үйсінді Нүшібиге басқартады. Содан тайпа басшыларын өзіне шақыртып, әр тайпа басшысына бір-бір жебеден ұстатады. Мемлекетке әр тайпа соғыс жағдайында оң мың әскер шығаратын болады. Содан елдің аты «Он оқ бодын» аталынды. Орхон ескерткіштерінде «Он түтік ел» делініп тасқа қашап жазылған. Ал ұлттың атын «Қасо оқ» деп айта бастады. Ел кісілерінің қазақпыз деуі осы он оқтықтар тұсына тура келеді. Он оқтар мемлекет болып күшейген сайын, Қытай патшалары он оқтарды қолдан шығарып алмау үшін барлық қысым шараларын күшейте түсті. 630жылы Батыс қағанат қағаны Тұтық ябчу қайтыс болып, орнына Ахилаш отырады, Қытай патшасы Тайцзин одан бағыныштылықты талап етті, алайда ол көнбеді. 637 жылы ол орнынан босады, орнына Дулу болды. Осы тұста араға жылдар салып Дұлу, Нушеби халқы Қытайдан азаттық алып, билікке қол жеткізуге көтеріліске шыға бастады. Көтерілістер 635-648жж шарықтап кетті. Осындай көтерілістің бірін «Ұлы үйсіннің» қолбасшысы Досеттің өзі басқарды. Оқиға 635жыл шымасанда болады. Досет бұл шайқаста барлық жасаққа басшылық жасады дейді. («Қазақ тарихы», 1178 бет, Алматы, 1997 ж). Одан кейін көтерілісті енді Ашина халқы өзі басқарады. Осы жылдары (635 – 648 жылдар) ел ішінде Қытай бодандығына қарсы төрт рет көтеріліс болған көрінеді. 649 жылы 10 шілдеде Қытайдың Тайцзин патшасы қайтыс болады. Осы кезде он оқтардың Ашин Шыбара тағы бос қалады, оның басшысы Дулу қашып кетеді. Бос таққа Бөріхан әулеттері мен қағанмын деп отыра қоймады. О ның себебі, ел ішінің берекесі кеткені болса керек. Патша өлген соң оның ұлы Теоцзун император болады. Енді он оқтарға қытайланудан басқа жол да қалмаған еді. «Осы тұста Қойлық төре жарқ етіп шыға келеді. Ашна Қойлық өзін Шыбара қаған деп жариялады да, патшалық әскерлеріне шабуыл жасады» дейді. (Т.Ж. «Дулыға», 288 б, Алматы, 1994 ж). Осы кітаптың айтуынша, ол үйсін тайпасы бекзадаларының бірі көрінеді. Енді біз де аталған батыр кім болды деп үйсіндер шежіресіне көз салдық. Сондай бір тұлға Та оцзун дәуіріне тура келді. Ия, ол тап соның өзі, қаған болған кісі екен. Бірақ ханның есімі Шыбара Қойлық емес, Әшеке хан болып шықты. Әшеке шежіреде хижра жыл санауынан он жиырма жыл бұрын туған. Әшеке ханның көп баласының ішінде (оның 21 ұлы, 12 қызы болыпты) екі ғана ұлынан Үйсіл мен Ойсылдан ұрпақ өрбіген. Ойсылдан Сіргелі, Үйсілден Сақал, одан Ақ, одан Бабырлы, одан Қараша дейді. (Қазыбек бек Тауасарұлы, 63- бет, Алматы, 1993ж). Ал осындағы Қараша, Бәйдібек бидің әкесі, одан әрі осы шежіреде Әшеке Жетісуды билеген хан болғаны айтылады. Әшеке он жерге жүз-жүзден мың бие байлатады екен. «Күнде той, күнде жиын» дейді. Ал Қытай деректерінде Батыс түрік қағанының есімін «Ашна Қойлы, Шыбар қаған деп береді. Кейбір деректе Қойлық атын Халлығ деп беріпті. Сонда Халлығ холу – Қойлық болғаны. Ал Ашнаны – Ашина, Бөріханды меңзесе, Шыбары бірінші Батыс қағанның тақ иесі Шыдиенмиді меңзеп тұр екен. Сонда Ашына қазақ тілінде Әшеке болғаны ма деген сұрақ туындайды. Бақсақ, қазақта үлкен кісінің есімін жұмсартып бұзып, жанамалап айту еске түседі. Бұл рәсім қазақ арасында дәстүрімізде әліге дейін сақталған, мысалы Нұрсұлтанды ел кісілері Нұреке дегендей екен. Ашын бұл жерде Әшеке деп айтылып тұрғанын байқауға болады. Демек, Қытай деректеріндегі Ашына, «Қойлық Шыбар қаған», шежіреде Әшеке болып тұр екен. Ханның есімі – Қойлық . Енді біз де батырдың есімін Қойлық қаған деп айтамыз. Ашина Қойлық Батыс түрік қағанатына қаған болған соң, ол үш жерге ордасын тікті. Біріншісі, Іле өзені бойындағы Ашин қағандары орда тіккен Күнжұт қаласы, кейін осы қаланың есімі Қойлық аталып кеткені тағы бар. Екінші, Орда Тоқмақ қаласының Батыс оңтүстігіндегі сегіз шақырымдағы Ақпейіш деген жерде болған. Осы орда туралы көне жазбаларда «Қаған алтын керуетте жатады. ордасының ішінде алтыннан жасалған ыдыстар тұрады. Ішіндегі бір бөлмеде алтын жалатылған ағаш діңгек және төрт алтын тотыға орнатылған алтын кереует бар» депті. («Таным тармақтары», 187 б, Алматы 1998 ж). Ал қағанның үшінші ордасы Түркістан облысы, Шаян ауданы, Мыңбұлақта болған. Осы Мыңбұлақта оның отбасы тұрған. Ал Батыс Түрік қағанаты шекарасы батысы Арал теңізіне тіреліп, Оңтүстігі Қашқарға жетіп, шығысы Бесбалық (Бейжің) қаласымен астарласып жатқан ел екен. Халқы ежелгі ғұндар мен сақ тайпалары болған, атап айтсақ үйсіндер (үз – ағын су, син ел мағынасында) қаңлылар, жалайырлар т.т. болып келе береді. Әшеке хижрадан 10-20 жыл бұрын туған. (Қ.Қазыбек Бек Тауасар ұлы «Түп тұқияннан өзіме шейін» кітабы, 63 б. Алматы, 1993ж). Ол 48 жаста Батыс Түрік қағанаты тағына отырады. Ашына Қойлық қаған тағына отырған соң үлкен ұлы Тонды ол Шор ұлысына, ұлыс басшысы етеді. Екінші ұлы Ойсылды он оқтың әскери қолбасшылық қызметіне қояды. Қытайлар Ойсылды Хәйхан деген екен. Бұл сөз қара батыр деген мағынада. Кейін еректі Ойсылды ел «Ойсыл қара» атап кеткені осыдан болар. Деректерде Ашына Қойлық таққа отырған соң ұлы Үйсін (Дулулар), кіші үйсін (Нүшубилер) оны он оқтарды Қытай бодандығынан құтқарушы кісі деп түсініп, оның он оқтарға қаған болғанын қолдайды. Ол ел алдында «Он оқ жұрты! Халық шүршітке сіңіп, қаныңды бұзғын келмесе, қолдарыңа қару алыңдар. Атамекенді ата дәстүрі қорғап қалатын кез туды. Көк бөрінің қасиетті туының астына бірігіңдер!» деп жар салды дейді. (Тұрсын Жұртбаев, «Дулыға -2», 89 бет, Алматы, 1994ж). Содан ол әскер жасақтауға кірісіп кетеді. Қойлық бірақ өмірін Бесбалықта өткізген кісі, әскери өмірді жетік меңгерген. Содан ол Ұлы император Тайцзун өлген соң сарайда төңкеріс жасауға ұмтылады. Ол Қытайдың Бесбалық әскери гарнизоны қолбасшылығына бекітілген кісі екен. Сонда оның үлкен ұлы Тон әкесіне: «әке, Шығысқа қарай шапшыма, «Батыс қағанатын» қармағыңа іліктір. Мына қалың елден іргенді аулақ сал. Сонда ғана елдігіңді сақтап қаласын» дейді. Бұл да сол кітапта. Бірақ ол 652 жылы Бесбалыққа жорық жасап, оны он оққа қаратып алады. Содан Қытай – Батыс Түрік қағанаты соғысы басталып кетеді. Император Гаоцзун жазалаушы әскер дайындап, оған Лан – Гянь – Фанды басшы етіп, 20 мың шүршітті, 50 мың теле тайпасы жауынгерін оның қолына береді. Ел мен жер үшін шайқаста Лан Гянь - Фанға түрік әскері беріле қоймады. Осыдан кейін де Түркілердің ұлт азаттық соғысы екі жылға созылады. Тек 653 жылы ғана Түркілер шегіне бастайды. Бесбалық шүршіттердің қолына қайта өтеді. Ашына Қойлықтың 30 мың әскері осы жолы соғыста апат болады. Осы жеңісінен кейін де жазалаушы қытайлар он оқ мемлекетіне шапқыншылығын тоқтатпайды, бұл жөнінде Лев Гумилев 654 жылы олар 10 мың жылқыны айдап кетумен ғана тынды» дейді. («Көне түріктер», 136 бет). Тағы бір деректерде олар «бір жолы тағы да мың кісіні қырып кетеді». («Қазақ тарихы», 117 бет, Алматы, 1997,ж).
 Деректерде жас император Гаоцзун осы соғыстардан кейін де он оқ халқына шабуылын тоқтатпаған көрінеді. Ол Шыбара Қойлықтың бүлігін біржола талқандау үшін барын салады. Тек ұйғырлардан ғана 50 мың атты әскер дайындапты. Қойлық та қарап жатпайды, ел ішінен қосымша 100 мың жасақ жинап, Қытайдың Су – Дин – Фин әскерін талқандау үшін шешуші ұрысқа дайындалады. Соғыс 656 жылы жоғарғы Іле өзені бойында болады. Түрік әскерін Ойсыл қара басқарады. Осы соғыс туралы деректерде былай деп жазылған. «Су – Дин – Фин жаяу әскерін бірінші қатарға қойып, жауларға найза лақтырды. Сол сәтте жасырын тұрған ұйғырлар Шыбараның ту сыртынан келіп тиісті» десе, Н.Я.Бичурин: «Он оқ, боданың Қарабатыры Су – Дин – Финның әскерімен жойқын шайқасқа шығады, империя әскері он оқ бодандарды ойсырата жеңіп, тек бекзадалардан ғана 200 адамын өлтіреді. Қарабатыр өлідей – тірідей 30 мың адамынан айырылды дейді. («Қазақ тарихы», 117 бет, 1997ж).
Тағы бір деректе «Шабара Қойлық 657жылы Тарбағатай төсінде Қытай армиясымен ашық шайқасуға тәуекел етті. Аман қалған аз әскерімен Шыбара – Қойлық Ілеге қарай ығысты. Ол жалғыз қалды. Тек ұлы Тон ғана қасынан табылды. Шағын қолмен қоршауды бұзып, Шудың бойына қарай беттеді» дейді. (Тұрсын Жұртбаев «Дулыға – 2», 92 бет, Алматы, 1994ж). Осы соңғы деректен кейін, яғни 657 жылдан Қойлық батырдың өзі өлген 659 жылға дейін қайда жүргені туралы мағлұмат жоқ, шамасы ол империя әскерінен бой тасалап, олардың қолына түспей жүрген болар. Соңғы дерек, 659 жылы ғана ол туралы: «659 жылы Су – Дин – Фин Таң патшалығының әскерін бастап Хьлу «Қойлық - әскерін талқандап, оның өзін тұтқындайды» дейді. («Таным тармақтары», 189 бет, Алматы, 1998 ж). Бұл 659 жыл -- Қойлық батырдың өлген жылы. Ол 57 жыл өмір сүреді. 
 Тағы бір деректе Хылу (Қойлық) қайтыс болғаннан кейін оны Шили қағанның қасына жерлеп, оның істерін тасқа ойып жазуға бұйырды» дейді («Түріктер», 100бет, Алматы 1999»ж). Біз жоғарыда 657 – 659 жыл аралығында Қойлық батыр ұлдары Тон, Ойсылқарамен қайда жүргені жөнінде мағлұмат ала алмаған едік. Осы тұста ол Мыңбұлаққа да бармаған көрінеді. Қытай барлаушылары бұл жөнінен үнсіздік байқатады. Осы сұраққа жауап алу үшін мен ізденісте болдым. Содан жауапты таптым. Ел кісілері Қазығұрт тауы мен Сырдария аралығындағы тау шоқылары орналасқан алқапты ежелден «Шөл» дейді. Осы жерлерде су көздері кем болады, содан тұрғындар да сирек, адам табаны тимеген жерлер де баршылық. Мен қызмет бабымен осы шөлде қырық жылдай қызмет істедім. Сонда жүргенде «Қойлық» деген төбенің бауырынан тау-тасты қашап жасаған жер асты үйлерін көрдім. Кіре берісіне құйма тастардан қашап жасаған баспалдақты да көрдім. Отау үйдің кіре беріс бетінен тасқа қашап үйсін тайпасы таңбасын жасапты. Үйдің маңлайшасынан қаған таңбасын көрдім. Осы маңнан ұзақ емес, сондағы ел «Мыңқойлық үңгір» деп айтып жүрген іші кең үңгірдің де ішіне кірдім. Осы отау үйлерді кімдер қай заманда қашап жасағанын ешкім айта алмайды. Бірақ осындағы төбелерді ел кісілері «Қойлық» деп атайды екен. Бұл үңгірлер Дастарбасты тауының етегінде орналасқан. Осы төбелердің шығыс бетінде «Шошқа бұлақтан» ұзақ емес жердегі бір тау шоқының қуысында ел «Ойсылқара» әулие деп зиярат жасайтын орын да елеусіз жерде, есігінен кіріп бармасан оны табу да қиынның қиыны. Ойсылқара әулие Шеңгелді стансасы батысында орналасқан жер. Үшінші менің көргенім, «Көнедарбаза» деген жердегі жер асты үйлерді кімдер соққан, ол да белгісіз, осы жерде отау ішінен тағы да бір отау соққан үйдің шыға беріс маңлайшасы үстінен де мен қаған таңбасын көрген едім. Осы шөлдегі тас үңгірлерде кімдер жасаған, кімдер соққан, оны ешкім де айтып бере алмады. Жер асты отау үйлерді біреулер соқты дейік, бірақ осы кісілерге қаған таңбасы, үйсіндердің айшықты «ұз – син» таңбалары не үшін қажет болды екен демекпін. Бәлкім осы үңгір үйлерді бастарына күн туған шақта Қойлық батыр, Ойсыл қара батыр, Тона еркін (Ұлас бегі) паналаған да болар деген ойда боласын. Кім білсін, мүмкін солай болған да шығар демекпін.
 Ашына Қойлық Шыбара өз кезінде Қытай бодандығына қарсы түркілердің басын қосып, ту көтеріп, ұлт-азаттық соғысына жетекшілік еткен қаһарман батыр, ендеше азаттық соғысы жолында елдің елдігін сақтауға үлкен үлес қосқан көсемнің атын ел есінде мәңгі қалдырайық демекпін.

Еркебай БҮРЛІБАЙҰЛЫ,
тарихшы, өлкетанушы

930 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз