• Тарих толқынында
  • 25 Желтоқсан, 2023

Тарихи тұлғаның беймәлім қырлары

Ақан серінің дүниетанымын, сопылық көзқарасын зерттеу үшін алдымен шежіресін дұрыс қарастыру керек. Біздің қолымызда Ақан серінің Малтабардан тарайтын шежіресі бар. Бұл шежірені Қасым молда, әкеміз Жанәбіл және Дулат ағамыз жазып кеткен. Малтабар біздің болжам бойынша шамамен XVIII ғасырдың басында туған. Малтабардың бес әйелі болған. Бірінші әйелден Райымқұл мен Құдайқұл туған. Екінші әйелінен – Андақұл, үшінші әйелінен – Қошалақ туса, төртінші әйелінен – Саңырық. Бесінші әйелінен бала болмаған деп жазылған. Құдайқұл бабамыздан Қорамса туған. Құдайқұл ақын, әнші болса керек. Қорамса ауқатты адам, саудагер, адамшылығы мол және діни көзқарасы сопылықпен байланысты болды деген мәлімет бар. Қорамсаның  ұлы –  қазақтың атақты ақын-композиторы, әншісі – Ақан сері (Ақжігіт),   ол Малтабардың   бесінші ұрпағы. Тарихта бірнеше Малтабар туралы дерек бар, бірақ Ақан серінің арғы атасы қай Малтабар?
Сонымен шежіреде зерттелетін сұрақ, Ақан серінің бабасы Малтабар кім болған? Әзірше білетініміз, Малтабар, Құлтабар, Баян, Түгел, Құдайберді, Тәңірберді Жақсылықтан тарайды. Ал Жақсылық – Әлімбеттен. Әлімбет пен Шұңғырша – Есембай баласы.  Осы шежіреге қарап отырсақ, Малтабар, Құлтабар, Баян, Түгел,  Құдайберді, Тәңірберді ағайынды бола тұра, неліктен Шұңғыршалармен тығыз араласып, бір ауыл болып тұрған деген сұрақ туады.  
Екінші сұрақ жазушы Илья Жақановтың «Жалмұқан-Ақтоқты» баянынан шығып тұр. Онда былай деп жазылған: Ақтоқтының келін болып түскен жері – Жақсылық елі. ...Баяннан Қожамбет, Қожамбеттен Жалмырза, Жалмырзадан Сәмен, Сәменнен Сүтемген, Сүтемгеннен Жалмұқан тарайды [1]. Жалмұқанға Ақтоқты тұрмысқа шықты. Сонда біздің сұрағымыз: Ақтоқты шежіре бойынша Райымқұл-Малтабар-Жақсылық бола тұра, алты атадан кейін  өз еліне келін болып түскен бе? Қазіргі ғаламтордағы ақпаратта қате көп кеткен, мысалы Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» сайтында  Ақан сері Ақтоқтымен кіші жүз ауылдарын  аралап жүргенде кездескен деседі [2], ал басқалары Ақтоқтыны төре руынан шыққан қыз деп жазады, бұл дұрыс емес. Біздің ауылда туып-өскен, жастайынан ақсақалдардың әңгімесін естіген, Шұңғырша-Шөбектермен аталас,  Cарбас бұтағынан шыққан Жастай мен Қаратай Раевтардың айтуынша, Ақтоқты Ақан серіге аталас Райымқұл Бақтыбай қызы  (Бақтыбай Тастанның ағасы, біз білетін Тастанов Зәлелдің апасы болып келеді). «Ақанның Ақтоқтыға қосыла алмаған себебі, олар аталас: Малтабар балалары. Жеті атаға толмаған соң, қосылуына рұқсат болмаған» деп, Шұңғыршаның жиені жазушы Сарбас  Ақтаев жазған болатын [3]. Ақпараттарды салыстырып отырсақ, Жалмұқанға жеті ата жетпесе де рұқсат берілген, ал Ақтоқты мен Ақан серіге жеті ата өткен жоқ деп қосылуына қарсылық білдірген. Және жалған ақпараттарда Ақтоқты мен Ақан сері екеуі аталас екенін айтпаған. Неге бұлай? Шежіреде қандай құпия бар?
Үшінші сұрақ жазушы Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романындағы Малтабар-Құлтабармен байланысты. Аққожа мен Қызылқожа атты балаларды Рүстем сұлтан әкелері Қоңырқожаны өлтірген соң есімдерін ауыстырып, Малтабар, Құлтабар деп Жанақ ақынға беріп жіберген. Одан кейін балалар Қарауыл Шұңғырша Байсары ұлы Шөбек деген бай кісінің қолында болған. Айғаным ханша балаларды Шөбектің қонысында көргеннен-ақ туыстық сезімі туып, оларды өз қолына алады. Өсе келе Малтабар татар саудагерінен сауда жасауды үйреніп, Қызылжарда мал терісінен май қуыратын зауыт ашып, үлкен саудамен айналысады. Шоқанды Шыңғыс сұлтан Омбыға оқуға алып бара жатқанда, Малтабар Шыңғыс сұлтанның сұрауы бойынша, Айғаным ханшаға риза болғандықтан, Шоқанды оқытуға көп қаржы беріпті делінген [4, 283-285 бб.]. Айғаным ханшаның әкесі Сарғалдақтың арғы бұтағы Шұбар атты Мәлім қожа [5, 58 б.]. Бұл шығармадағы Малтабар кім, Ақан серінің бабасы Малтабар ма әлде басқа тұлға ма? 
Романдағы кейіпкерлерді салыстырып қарасақ, біздің шежіре бойынша Малтабар мен Құлтабардың жасы сәйкес келмейді. Бірақ Шолақөзек Сырымбеттен 15 шақырым, сол жерде Малтабарлардың ішінде Райымқұлдар тұрғаны рас. Мешіті де, зираты да, қалған орны да бар. 
«Аққан жұлдыз» романы шыққаннан кейін Сәбит Мұқанов Сырымбет пен Кеңащыға келген. Марқұм Қаратай Раевтың айтуынша, ауыл ақсақалдары Сәбит Мұқановқа біздің бабамыз Малтабарды кітапта неге солай сипаттадыңыз деп наразылық білдірген. Сәбит Мұқанов «бұл көркем әдебиет қой, мүмкін бұл басқа Малтабар болар» деп әзер құтылған. Сәбит Мұқановтың музейіндегі қызметкерлерімен, ұрпақтарымен «Аққан жұлдыздағы» Малтабар туралы сөйлескен болатынмын. «Осы «Аққан жұлдыз» романы бойынша қандай архивтік құжаттар бар?» деп сұрастырдым. «Қызылжар қаласындағы Малтабарда май ерітіп-қорытқан зауыт болды деген дерек қай архивтен алынған?» деп тағы сұрақ қойдым. Олардың айтуынша, Сәбит Мұқанов осы романды жазу барысында жиналған барлық құжаттарын архивке тапсырған. Ал архив мен хабарласқан кезде жөндеуден өтіп жатты. Петропавл қаласындағы облыстық және Ресей архивтеріне де сұраныс жібердім. Малтабар саудагер (көпес) болды ма, бұны дәлелдейтін құжаттарды іздестірдім. СҚО архивінен телефон арқылы, бұндай деректер жоқтығын айтты, ал Ресейден жауап келген жоқ. Сондықтан бұл сұрақтың басы ашық қалды, зерттеуді қажет етеді. 
Расында тарихта бірнеше Малтабар болған. Мәшһүр Жүсіп шығармаларында Абылай заманындағы Малай Жәдігер Қойлыбай бай мен елшілікке келген орыстардың сыйы – орыс қызынан туған Малтабар, Қосжетер деген ұлдары барын айтып кеткен [6, 180-181 бб.]. 
Төртінші сұрақ Абылай заманында болған старшина Малтабармен байланысты (ру басшысы немесе саудагерлік керуен басшысы). Тарихи деректер бойынша, Абылай хан қайтқанда хан тағына үміттенген Шыңғыс ханның ұрпақтары Ресей мен Қытайға өз өкілдерін, туыстарын жіберген. Соның бірі Дайыр сұлтанның баласы Май-Муте мен старшина Малтабар Дайырдың шағатай тілінде жазылған хатын Қытайға жеткізген. Старшина Малтабар өзінің еңбегі үшін немесе делдалдығы үшін бесінші дәрежелі тауыс қауырсынымен марапатталған [7, 147 б.]. Осы деректі моңғол ғалымы Алтан-Очир қытай кітапханасынан тауып алған [Алтан-Очир, У Юаньфэн, 1998, 56]. Алтын- Очирдің сөзін тарих ғылымының докторы, қытайтанушы Клара Хафизова «ХVIII–ХІХ ғасырлардағы дала билеушілері және олардың дипломатиясы» деген монографиясында келтіріп, сілтеме берген. Бұл дерекке қарағанда, Малтабар Дайыр сұлтанды қолдаған. Ал біздің шежіреде Малтабар өзінің үлкен баласынан – Райымқұлдан туған немересінің есімін Барақ деп қойған. Барақ – Дайыр сұлтанның әкесі. Біздің шежіремен байланысы көрініп тұр.
Осы Малтабар Ақан серінің бабасы болуы мүмкін. Кім біледі, Абылай заманында болған старшина Малтабардың құрметіне Ақмола облысындағы ауылдың аты Малтабар атанған болар? 
Шешілмеген бесінші сұрақ ХVIII ғасырдағы қазіргі Қостанай облысы Әулиекөл ауданында өмір сүрген Әулие Малтабармен байланысты. Ол туралы өлкетанушы Мейрамхан Сүлейменов «Табиғаттан тыс адам – Абыз ата» деген мақаласында былай деп жазған: «Әулие Малтабар 1702 жылы туған, Абылай ханға замандас болған, Қазақстан аумағы Ресейге қосылуына қарсылыққа қатысқан, Отанын жоңғар шапқыншылығынан қорғаған. Абыз ата миссионер рөлін атқара отырып, қазақ даласында исламның таралуына ықпал еткен. Аңыз бойынша, ақсақал тылсым күшке ие болған, Абыз атай болған жерлерде табиғат керемет өзгеретін, ал оның батасын алған адамдар аурудан айығып кететін» [8]. 
Малтабар 1783 жылы 81 жасында қайтыс болған. 1984 жылы Диев ауылдық округінің тұрғындары Әулие Малтабар абыз Азынаұлына ескерткіш тақта орнатқан. Ескерткіште: «Ресейге қосылуына, жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескер Атай Абыз руы Жылқайдар, қожа тайпасы, 1702-1783. Ескерткіш қойғандар Мырзакөл, Қоскөл, Үшқарасу азаматтары» [8], - деп жазылған. 
Көп кісілер Малтабарды Абыз атай деп атап кеткен, шын аты Малтабар екенін кесене тұрғызылғаннан кейін білген. Малтабардың бабасы Азына абызды Торғайға Жылқайдар Хожаназар деген ел ағасы Бұхарадан алып келіпті. Бұл туралы «Ғазиз қажы» естеліктер кітабында баяндалған. ХVII ғасырдың орта кезінде Тәңбысопыдан шыққан Шақ-шақ Аманжол Бұхараға барған кезде Хашимен кездесіп, Торғай даласына шақырады. Хаши Бұхараға кейін қайтқанда Шақ-шақ табарак беріп кетіңіз деп алты баласының біреуін елге жіберуін сұрайды. Хаши баласын қимаса да уәде береді, көп ұзамай қайтыс болады. Хашидың арғы атасы Шұбар атты қожа Сұрқылтай сопы, Шұбар атты Мәлім қожа болған екен.
Содан Хожаназар Азнаны елге ертіп келгенде, оның айрықша қасиеті бар екенін көреді, мысалы, киікті дұға арқылы тоқтату. Азнаның бәйбішесінен Арқай, тоқалдан Малтабар, Шүрек туады. Және «Ғазиз қажы» естеліктер кітабында Арқай шежіресінда 6 бала болған деп жазылған, бірақ 4 баланың есімі бар, екі балада сұрақ белгісі тұр. Сонда олардың біреуі Малтабар, екіншісі Құлтабар емес пе екен? 
Сөйтіп Азнадан тараған ұрпақтар Арғын, оның ішінде Айдерке, оның ішінде Жылқайдар, оның ішінде Солтан, Солтанның Ақбикеші, оның Хожаназарының хожасы болып өсіпті. «Біздің екі еліміз, екі атамыз бар, ол Жылқайдар-Хожа, осылай деп аталады» делінген [9, 17-19 бб.] . 
Енді біздің шежіреге тағы назар аударайық. Малтабардың бірінші ұлының Райымқұл бұтағында Жылқайдар деген атамыз бар. Бұл атамызға жай ғана қойылған есім емес шығар. Бір-бірімен байланыс үзілмеу үшін Жылқайдар есімін қойған болуы мүмкін. 
Малтабар Шоқан қажы Әмірхановпен сұхбаттасқанда, біз де Малтабармыз деп айтқанымда, ол кісі «біз малтабар қожамыз» деді. Ал Сансызбай Малтабар – Абдолла ишан пікірі бойынша, «біз барлығымыз Малтабармыз, Малтабар Абыздан тараймыз, түбі Азнадан шығады, Хаши біздің түп атамыз» дейді. Және осы кісінің айтуынша Айыртау жаққа екі бала кеткен, мен олардың айтқанын жеткізуді парыз санадым. 
Қорыта келгенде тағы айтып кететін мәселе, ол мына арғындардың ішіндегі сопылар туралы. Арғынның ішіндегі Ергүл бәйбішеден – Мейрам сопы, Момын анадан тарайтындар Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы, Арықсопы, Нәдірсопы, Айнагөз тоқалдан – Танбысопы, барлығы сопылық жолмен жүрген. 
Негізі сопылық қазақтардың арасында бұрыннан бері мына Ишкиа, Яссауия тарикаттарынан тараған. Арғындар ишкиа тарикатында болған. Сол себепті қазақ даласына сопылар дәріс таратып, Бұхарадан имамдарды, ислам дінін білетін кісілерді алғызған. 
Оларды арғындардың, қыпшақтардың арасына кіргізіп, бір ру болып кеткен. Соның ішінде Малтабар да бар. Осы мақалада Ақан сері шыққан Малтабар руы да сол Хашидан келе жатыр деп гипотеза ретінде айтуға дәлелдеріміз жеткілікті ме деген ой келеді. Хашиды ислам дінін тарату үшін арғын руына енгізіп, сол тәсілді кейін Малтабар мен Құлтабарға да пайдаланған деген де нұсқа бар. Қостанайлық Малтабарлармен біз туыстық қатынастамыз ба деген оймен генетика жағынан да ізденістер болды. Бірақ зерттеу дұрыс жүргізілген жоқ. Біздің жақтан бауырымыз тексерілді, гаплогруппасы G1-M342 болып шықты. Қостанайлықтар жағынан Малтабар ұрпағынан зерттеу жүргізілген жоқ. Оған қаражат жетпеді, ол зерттеу екі есе қымбаттау болды.  Тағы бір айта кететін жайт, бұл G1 гаплогруппасы арғындардың арасында 78-80% кездеседі. Арабтарда, ирандықтарда да бұл гаплогруппа жиі кездеседі. Сондықтан арғын, араб, ирандық болсын, бірақ терең зерттеу болмаса және шежіремен қамтылмаса, туыстық қарым-қатынасты белгілеудің нәтижесі дұрыс шықпайды.Тұжырым ретінде айта кетейін, біздің шежіредегі Малтабар өмір сүрген уақыты бойынша қостанайлық Малтабар Әулиемен және Малтабар ру басшысымен (старшинамен) туған жылдары сәйкес келіп тұр. Сондықтан, Ақан серінің бабасы Малтабар старшина немесе Азнаның Аркай деген ұлынан тарайтын бұтақ деп санаймыз. Абылай ханның заманында болған тарихи тұлғамен жасы да, кәсібі де келісіп тұр. Малтабар сауда керуенге жетекшілік етсе, Ақан серінің әкесі Қорамса саудагер болған. Ақан серінің діни көзқарасы, сопылық жолына көшкені де Науан Хазірет, Үкілі Ыбырай, Мағжан Жұмабаевтың айтқан мінездемесінен, ата-бабаларынан көшкен қасиеттерінен дәлелденіп тұрған сияқты. 
Ал енді Ақан серінің діни көзқарасы, сопылық жолы туралы сұрақтарға тоқталайық. Мағжан Жұмабаевтың 1989 жылдары шыққан шығармаларында екі мақала Ақан серіге арналған, біреуінде ақын туралы кикілжіңдер туғанын айтады. Бұл мақалаларда Мағжан Жұмабаев Ақан серінің жан-дүниесін зерттегісі келіп, сол кездегі Ақан серіні білген, араласқан замандастарынан естеліктер алған. Солардың ішінде Мырзаұлы Баялы, Шыңғысұлы Қоқыш, Бозайұлы Ысмағұл ақсақалдарға және Самыратұлы Қазыға рақметін жолдаған [10, 318 б.]. Расында бұл естеліктер мен өлеңдер Ақан серіні тереңірек білуге көмек көрсете отырып, ақынның өміріндегі кейбір жағдайлар туралы одан сайын түсініспеушілік туғызды деп айтуға болады. Мағжан Жұмабаевтың жазып кеткен еңбектеріне сүйеніп және Ақан серінің тегін шежіре арқылы қазбалай отырып, біз ақынның сопылық көзқарасын және жұмбақ, кейбірде жынға, періге беріліп кеткен дейтін пікірді түсіндіруге тырысамыз. «Ақан серіні жын иектенгені рас па?» деген Марфуға Шапиянның сұрағына да жауап береміз [11]. Егерде осы түсініспеушіліктен біз бабамызды арашалап алсақ, оның жан дүниесіндегі қасиеттерді, көріпкелдік қабілетін көрсете білсек қана, осындай күйкі әңгіме-өсектерден арылады деп ойлаймыз. Ал Ақан серінің қасиеті, көріпкелдік қабілеті, оның түбі ата-бабаларымен де байланысты. Осы гипотезаны дәлелдеу үшін ең бірінші сопы деген не деген сұраққа жауап берейік. Сопылық ислам философиясына жатады. Бұл философияның басында Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) күйеу баласы әли ибн әбу Талиб, Абу ад-Дарда, Абу зар әл-Ғифари, тағы басқа сахабалары тұр. Сопылық жол үш тармақтан тұрады: арабтық, ирандық, түркілік. Қожа Ахмет Яссауи түркілік сопылық жолдың негізін салды, әдебі мен тәртібін қалыптастырды. Сопылық немесе тасаууф – аскетттік-мистикалық ілім (мағынасы өзін-өзі шектеу – тылсым күшпен араласу). Сопылық — дүниеден безуге, тәнге қатысы бар нәрселерден бет бұруға, нәпсіні тазалауға, Аллаһ тағалаға қосылу дәрежесіне жетуге ұмтылатын өмір салты. 
«Сопылық ілім өркениетке VIII ғ. мен XVIII ғ. аралығында зор ықпал еткен. Сопылықты зерттеуші ғалым Е.Э.Бертельс сопы деген кім деген сұраққа: «Сопының жүрегінде түйткіл жоқ. Ол көсіліп сөйлейді, бірақ, сөз жоқ, ол бәрін көреді, бірақ көргені жоқ, ол тамақ ішеді, бірақ оның дәмін білмейді, онда беймазалық та, қанағаттық та, қайғы да, қуаныш та жоқ» деп жауап береді. Сопылар рухани кемелдікке жету үшін адам өз бойындағы кесірлерден арылып, жақсы қасиеттерін дамытуға тиіс» дейді. Ал ойлау жүйесі қатып қалған, таптаурын қағидалармен өмір сүретіндер бұрынғы қарапайым күйінде қала береді. Біз бүгін сопылық ілімінің баға-сын бере алмай жүрген сияқтымыз. «Әдебиетте кейде сопыларды шала сауатты, жөнді білім алмаған дүмше молдаларға теңейді. Шындығында, сопылар көбіне қалың көпшілікпен тығыз байланыста болып, зор беделге ие болған. Дәстүрлі діни догматтарды сақтаушылар оларды өздеріне бәсекелес санағаннан кемсітуге тырысқан» деп жазған философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы [12]. 
 Сопылықта хақиқат шариғатқа тең, мағынасы – анықтық, әділдік, шындық. Ал мағрифат жоғарғы сатысы, жеткендер ариф деп аталады. Сондықтан «шариғат – сөздерім, тариқат – істерім, хақиқат – жағдайым» деген. Осы екі сатыны практика-тәжірибе арқылы меңгерген адам нирванаға жетеді деген. Сопылық ислам дінінде негізделсе де буддизм дінінен нирвана деген түсінікті алған. Буддизмдегі нирвана түсінігі бойынша олар да жақсылық жолымен жүріп, ең шыңға (нирванаға) жеткенде жандары тазаланады деген ақыл-ой, діни философия. Буддизмде сол нирванаға жету үшін медитация әдісін қолданады. Ол әдістер йогада үнді (индуизм) дінінде де жасалынады. Буддизм де, индуизм де ұқсас мақсатқа үйретеді. Олар азаттық немесе рухани ағартудың арқасында қайта туылу циклінен немесе сансарадан қашса, сол рухани өмірдің ең басты мақсаты екенін мойындайды. Осы екі дінге қарасақ сопылық та солардың ұстанымдарына, әсіресе рухани жағынан нирванаға жету әдістерімен ұқсайды, ал исламнан шариғат ұғымы алынған. Сопылық діни термин ретінде Жаратушыны тану әрі Оған жақын болу мақсатында нәпсіні тәрбиелейді. Нәпсі деген сөздің мағынасын Әбу ханифа мазхабы былай түсіндіреді: адам баласында үш ажырамас қасиет болады – иман, ақыл және нәпсі. Нәпсі – пендені айуандық кейіпке жетелеп, менмендігін арттыратын қуат – бейімділік [13]. Жалпы қуат – бейімділік де адамдардың мінез-құлқына керек қасиет, бірақ кісілер оны сыртқы жаратылыспен қалыптастыру үшін ішкі жан дүниесін берік ұстап дұрыс жолмен жүру керек. «Ендi сал-серiлер азғындыққа салынып, нәпсiнiң жетегiнде кеткен деген де пiкiр жоқ емес. Бұл пiкiрлердiң өзi ХХ ғасырда сал-серiлiктiң тоқырауға ұшырап, тарих сахнасынан кете бастаған уақытына келедi» деп тарихшы Саят Баймұратұлы сопылық пен нәпсi жөнінде пікір бiлдiредi [14]. Сопылықтың бастапқы мақсаты нәпсiнi тазарту, тәрбиелеу деп ұғынуға болады. Жалпы қазақтың жыраулық поэзиясында осы сопылық мағына басым болды. 
 Сопылыққа берілген анықтама бойынша Ақан серінің мінез-құлқына жүгінейік. Расында Ақан сері Ахмет Жұбанов пен Мағжан Жұмабаевтың деректері бойынша жас кезінде ауылда Ахметуали деген молдадан сабақ алған [15], 13 жасында Қызылжарда Валиахун медресесінде Бұхарадан оқып келген Күнту (Күнтеу, Күнсу) деген молдамен бір шариғатқа таласып, «маған қарсы келдің» деп молдасы оны ұрған соң, «шыбыққа сүйенген шариғатыңды ұрайын» дейді де, оқуымен қоштасып кете барады [10]. Ол кезде бала Ақжігіт (Ақан сері) рухани ізденіс жолында жүрген болатын, әкесі Қорамса медресеге берсе де, ол өзін-өзі тани бастап, өз еркімен шешім қабылдап, болашақ жолын серілікпен байланыстырған болатын. Бірақ тарихшы Саят Баймұратұлы пікірі бойынша , сал-серілік – діни ұғым. Соған қарағанда ол кезде Ақан сері барша қабілетімен дінге берілмесе де, сопылықтан алшақ кеткен жоқ шығар деп ойлаймыз. Ақан сері сол кезден бастап адал, тік мінезді, таза, ақкөңіл қасиеттері арқылы өзіне сопылыққа жол ашты деуге болады. Оған Көлдей руынан шыққан белгілі ақын Орынбай мен Ақан серінің айтысы дәл келіп тұр: 
 «Орынбай Ақанды тағы бір іліп түсті:
 Дәретсіз неге керек қолды жуып,
 Жасыңнан зерек едің дінге жуық.
 Ақанжан, мен өзіңнен бір сұрайын,
 Бас сәждеге тиді ме, өзің туып.
 Сол сәтте Ақан былай деп жауап берді:
 Хақтығын дін Исламның білген шығар,
 Хақтықта көңіл жібіп, иген шығар.
 Ореке, сіз сұрадың, мен айтайын,
 Иншалла бас сәждеге тиген шығар.
 Ақанның сөзіне қанағаттанбаған Орынбай ақын уәжін өрістете түсті:
 Бұған дейін мен оны білгенім жоқ,
 Ол жағына көңілді бөлгенім жоқ.
 Бас сәждеге тиді деп сен айтасың,
 Мен оны өз көзіммен көргенім жоқ».
Бұл жерде жасы Ақан серіден екі мүшел үлкен Орынбай ақын басың сәждеге тиді ме деп неге сұрайды және сәжде, хақтық дегеніміз не деген сұрақтар пайда болады. «Сәжде дегеніміз – адам өзінің әзиз болған дене мүшесін, яғни басын сәждеге тигізеді, аяғы тұрған ең төмен жерге қойып, ол Алла алдында дәрменсіз бейшара екенін мойындау» [16]. Хақтық – растық, ақиқаттық, шындық, ислам дінінің хақтығы, растығы. Орынбай ақынның сұрағы Ақан серінің мінез-құлқына арналған дейміз. Ақан серінің ол кезде дүркіреп аты шығып келе жаткан кезі еді. Сондықтан Орынбай ақын жас серіден өзіңнің көкірегіңді тежеп ұстай аласың ба, Алла алдында дәрменсіз бейшара екеніңді мойындайсың ба дегенге келіп тұр. Екінші жағынан, Орынбай ақын Ақан серінің ата-бабасы да, отбасы да сопылықпен айналысатындарын біле отыра тұспалдап отырған болар. Ең басты сопылықтың мақсаты Алламен қосылу әдістерін қолданғанын біліп, сондай тікелей сұрақ қоюы да мүмкін. 
Сопылық жол Ақан серінің көзқарасына неліктен жақын болды? Ақан сері жас кезінен шындықтың жолымен жүре келе, өзіне қарсы келетін адамдармен жиі кездескен. Оларды ащы тілімен кекетіп, сықақ ретінде айтып тастаған кездері болған, сол сөздерінің салдарынан болса керек, Ақан серіге, оның аты Құлагерге, кейін Қаратайға жамандық жасалды. Бәлкім, Ақан сері өз өмірін ойлай келе, зерттей келе, асыра айтқан сөздерден арылу, тазару үшін сопылық жолына көшті. Бұл жолды түсінуіне Науан хазіреттің қол ұшы тисе де, Ақан сері өз өмірінде сопылық философияны рухани жағынан, есейе келе өзі таңдағаны анық. «Сопылар дүниеқоңыздық, мақтаншақтық, дарақылық, біреулерді асыра жамандағаннан аулақ болатын. Олар діни дәстүрлерді ақылға жеңдіріп, қоғамның әлеуметтік үйлесімі, бірлігі тұрғысынан құрметтейді, періштелерді ізгілікті қасиеттері ашылған адамдар деп есептейді. Низами жазғандай, «ақынның көмекейінде асыл қазынаның кілті жасырынған» дейді профессор А.Айталы [12]. Ақан сері Арғын арасында туып өсіп, сопылықтан жақсы хабары болған тұлға. Бірақ ислам дінінде, сопылық философиясында көп нәрсенің белгісі пірлермен, перілермен байланысты болғанын әркім біле бермейді және көп сопылардың ерекше қасиеттері бар екені аңыз-әңгіме болып тарап кеткен. Солардың ішінде мысалы Абд әл-Жалил бап, Бекет ата тағы басқалары. Бекет ата әулиенің ерекше қасиеттерінің бірі оның жылан кейпіне ене білуі, аққу боп ұшуы секілді аңыздар халық арасында жиі айтылады [17]. Сопылар мен жындар арасындағы қарым-қатынас тарихта бұрыннан бері айтылып келеді. Зу-н-нуну Мисри деген сопыға (859 жылы қайтыс болған) жындар бағынған дейді. Сопылардың кадирийа деген бағытында Абд әл-Кадир Гелони (1166 жылы қайтыс болған) жындардың жетекшісі болған дейді. Бірақ олардың жеке өмірінде жындар онша орын алмаған болатын. Сүлеймен Пайғамбарға ғана жындар бағынды деп айтылады [18, 138-145].
Сол әңгімелерге көңіл бөлсек, Ақан серінің кейбір сиқырлы қасиеттері де сопылықты қолданған соң пайда болуы мүмкін болар. Мағжан Жұмабаевтың шығармасында «Періге үйлену Ақанның тұқымында бар екен. Олардың қонысы – Қоскөлдің өзі ежелден перінің мекені екен. Марқұм Қорамсаның өзі перімен айналысқан адам екен. Қорамсаның өзі бірнеше күндеп, айлап ешкімге тіл қатпай, үйден шықпай, бұқпанау жасап аулақ отырып алатыны бар екен. Сол уақытта оның пері жары келеді екен. Ақанға пері қызын қосқан оның пері шешесінің өзі екен. Осылардың бәрі құр «екен» ғана емес, ап-анық нәрсе, көзбен көрген де кісі бар...» [10, 324 б.]. 
Бұл дерекке қалай жауап бере аламыз? Сопылардың ілімі бойынша, Алла мен адам арасында 70 мың перде бар. Әрбір перде әрбір әлем екен. Әрбір әлемде өз Пірі бар. Пайғамбарымыздың екінші хадисінде: «Кім Пірге қол беруден қолын тартып алған болса, тағат-ғибадаты құжатқа өтпейді» деген. Шайтан «Адамға сәжде қыл» деген әмірге әдепсіздік қылып тағат- ғибадаты құжатқа өтпей қалды. Сол үшін әуелі Пірге қол беріп байат қылып, нәпсімізді танып, оны пәктеп Хақиhи мұсылман болуды Алла нәсіп етсін!» [16], деген сопылықты түсіндіру барысында. Тағат-ғибадат құжаты мағынасы – парызды орындау, күнәдан қашу деп түсінуге болады. 
Ал пір мен жынды көрген адамдар ол кезде де, қазіргі кезде де болған. Осы ислам сопылығы деректері бойынша 70 мың перде (әлем) бар болса, әр перде әр әлем болса, сонда Пірлер әлемі, Шайтан әлемі, Періштелер әлемі туралы айтылған. Бірақ оларды барлық кісі көре алмайды және олар көріне бермейді. Ал сопылықпен айналысатын адамдар сопылықтың жоғарғы сатысына көшу үшін, нирванаға жету үшін, Аллаһ тағалаға иман келтіру арқылы табысу үшін, мистикалық-тылсым күштер, әдістерді қолдана отырып сол перделерді ашқан, кейбір басқа әлемдерге өткен болуы мүмкін. Ол әлемдерге өту үшін медитация әдістерін қолданған. Әдістер әртүрлі болады, бұқпанау – терең ойға түседі, немесе зікір жасайды, йога әдістері сияқты медитация жасайды. Ал дұрыс қолданбаса о дүниеге кетіп қалуы мүмкін немесе есі ауып кетуіне де әкеледі. Қысқасы сопылар қос әлемде өмір сүрген. Олардың ойынша, нақты әлеммен қатар физикалық емес басқа тіршілік иелері әлемі де, жындар әлемі де болған.
Мағжан Жұмабаев: «Ақанның сопылық туралы өлеңдері менің қолыма жөндеп түспеді. Алайда серілік пен сопылықты қоса білген, намаз, оразаны, жанының тілегін уақыттарында ғана атқаратын Ақанның сопылығы жанына жын ұялаған, сиыр көзді соғылғандардың сопылығынан бөлек болған десек, құрғақ сәуегейлік қылған болмаспыз. Бұл пікірге алдыменен Ақанның өмірі күшті дәлел болса, мынау өлеңі де ишара қылады: «Дүниенің қызығын кешіп өтіп, Тәттіліктің алмадық еш ләззатын. Пәраудигар (Жаратушы) сопылардың жолыменен, Құдайға құлшылықта ғибадатым. Айырушы алла бар, не ғамал бар, адамның ішкі сырын, зайыр, затын»[10, 337 б.] деген. 
Осы Мағжан Жұмабаев жазып алған естеліктер Ақан сері мен әкесі Қорамса сопылық әдістерді қолданғанын көрсетеді. Олар сопылық жолымен жүріп неше пердеден өткенін білмейміз. Мағжан Жұмабаевтың Ақанның сопылығы ерекше бөлек болды дегенге өзіміздің пікірімізді айтсақ, мынадай ойға келеміз. Қорамса мен Ақан сері екеуі де сопылар жолымен жүріп, Аллаға табынып, рухани тазалыққа ұмтылған. Сол жолмен олар жын әлеміне де кірген, бірақ жын әлемінде олар жындармен келісімге келмеген, керісінше олардың жеке өміріне қиындық жасаған. Бірақ олар адам қабілетіне кіре алмаған, Ақан серіні жеңе алмаған. Біздің ойымызша, болжам, көріпкелдік, тағы да басқа сиқырлы қасиеттер Қорамсаға, Ақан серіге де тиесілі болған. Енді Ақан сері туралы Мағжан Жұмабаевтың басқа замандастары арқылы жазған естеліктері түсінікті болар. 
Науан Хазірет пен Үкілі Ыбырай Ақан серіге берген мінездемелерінде ақынның терең ойлары оларды таң қалдыратыны көрінеді, бұл оның ата-бабасынан қонған қасиеттер деуге болады. Науан Хазірет Бұхарадан оқып келген кезде бір жиында араб тілінде бата береді. Ол батаның мағынасын Ақан сері жиналған жұртқа домбыра арқылы әнмен түсіндіріп бергенде Науан Хазірет ақынның оқымай-ақ біліп айтқан сөздеріне таң қалады. Үкілі Ыбырай Ақан серінің намазына келгенде шығарған жоқтауында айтқан: «Ән қайда қанша естісең тоймайтұғын, Ақыл қайда жер түбінен болжайтұғын... Салтыңа мәңгі ерейін, жабыққан жанды жебейін» [19, 117 б.] деген сөздері Ақан серінің мол ақыл-қабілеті мен иманжүзділігін дәлелдейді. Және Ақан серінің қайтар алдында туыстарына айтқан өлең шумағын келтірсек: 
«Ағайын-туған, келіңдер, 
Жалғыздық түсті басыма,
Жолдасым жоқ қасымда. 
Дүние бақыт ермейді, 
Қалайша болдың демейді?! 
Алладан тағдыр келгенде, 
Туысқаның, туғаның, 
Бәрі де соңыңнан ермейді...» [20, 110 б.]. 
Бұл сөздер ақынды ешқандай жын иектегенін көрсетпейді, керісінше, қалып бара жатқан туыстарына өсиетін, ақыл-ойын, өмір туралы тұжырымын айтқан Ақанды көрсетеді. Ақан сері туған жерінде үш метр жер бұйырмады деп те аңсап кеткен болатын. Соған қарағанда есі сап-сау, туып-өскен, кіндік қаны тамған ата-баба жерінен алыс болмаса да, әкесі Қорамсаның жанына жатқанын қалаған. Тарихи жағынан қарағанда Ақан серінің туған жері – қазіргі Комаровка ауылы, ортасымен жүре берсе жолдың сол жағында Ақан серінің әкесі Қорамсаның зираты тұр. Осы жер Қорамса саудагердің меншігінде болған, жазғы жайлауы Қоскөлдің жағасында орналасқан, ал қыстауының немесе ауылының ескі аты Қаратал болатын. Ал Комаровкаға кіреберіс сол жағында Қорамсаға құдандалы Шұңғырша Шөбектің Бегалы байының ағаштан соққан үйі тұрған. Негізі 1895 жылдарға дейін, қарашекпендер келмей тұрғанда, Антоновка, Комаровка, Лавровка жерлерінде, Шолакөзекке дейін Шұңғырша, Көбей, Малтабарлардың ұрпақтары мекендеген болатын. Осы әулеттерден шыққан әр атаның балаларының өз отауы болған және сол ағаштардың, жердің аттары осы заманға дейін сақталып келген. 
Мысалы, Малтабардың бес баласының өздеріне тиесілі тоғайда қоныстары болған. Ауызағаш дейтін жерде, қазіргі Ақан серінің ауылында Құдайқұл жұрты тұрған. Бұл жерді Ауызағаш деп атаймыз немесе бұрынғы Қаратал ауылы. Осы жерге жақын атжарыс болған жердің ар жағы, темір жолға қарай Ұзынқызылағаш деп аталады. Ауызағаштан кейін Аушақман – Қарағайда Саңырық жұрты орналасқан болатын (қазіргі Пышное/Галицыно ауылы), Қарағай ағашынан бері – Ескі жұртта Райымқұлдың Бөбетай жұрты тұрған, Сарыбұлақ пен Шолакөзектің ортасында Бөбетай томары болған, сол Шолакөзек ауылына жақын жерде Райымқұлдардың Сексенбай жұртына тиесілі тағы да жері болған. Ол жерді қалай алғаны туралы ата-бабамыздан мынадай мәлімет қалған: Уәли ханның ұлы Шыңғыс 1857–1868 жылдары Көкшетау округінің аға сұлтаны болған. Райымқұл бұтағынан шыққан Құдайберген қажы 1868-1895 жылдары шамасында Шыңғыс Уәлиұлынан жер сұрапты. Сол кезде Райымқұлдарға Сарыбұлақ пен Шолақөзек арасындағы жерді беріпті. Аюалған деген ағаш шоғын Қошалақтар мекендеген, Екішоқ деген ағаштардың маңайында Андақұл жұрты тұрған. Олардың ар жағында Көбей жұрты мен зираты орналасқан, жол бойы Жарағаш, Ақтөбе, Қырыққұдық деген жерлердің аттары Лавровкаға дейін созылады. Қаманбай деген ағаш шоғында Шұңғыршаның Сарбас бұтағынан шыққан Өткей Раев бастаған жұрты тұрған. Оның қасындағы ағаш Бекқұл деп аталады, ол ағаш шоғының маңайында зират орналасқан. Ал №1 ауылдың Шұңғыршы болысында Қараман байға тиесілі «Астау-кескен» қыстауы болған. 14 шаруашылықтан тұратын астау жасаған жерде 76 адам (40 ер адам және 36 әйел) тұрды [21]. Ол жер – Астау-кескен Ауызағашқа жетпей бері қарай орналасқан (Төреқұл баба зиратының қасында).Қоскөл көлінің маңайында Ақан сері аң аулап жүргенде бірінші рет Ақтоқтымен – Райымқұл бұтағынан шыққан ғашығымен кездеседі Ақтоқты Қарағайдан (Ескі жұрттан) сол жерлердің арасындағы жолмен Шолақөзектегі ағайындарынан жеңгесі ұл туды деп сүйінші сұрауға атпен шауып бара жатқан кезде, Ақан сері Ақтоқтының атын тоқтатып танысқан.
Ресейде 1861 жылдан бастап крепостнойлық құқық жойылғанда шаруалар жерсіз қалған соң, оларды осы әдемі ағаш пен томар, аққулы көлі бар жерлерге көшіруге шешім қабылдайды, 1867-1868 жылдары реформалар жасайды, сол реформа бойынша қазақ жерлерін мемлекеттік меншік деп жариялады. Қазақстандағы алғашқы қоныс аударушылар Саумалкөл ауданындағы Көкшетау округінің аумағында пайда болды [22]. Олар сол тұстағы барлық құжатта «ходок», яғни «жүргіш» деп жазылатын. «Қарашекпенді» сөзін қазақ бұлардың жұтаң да біркелкі сырт киіміне қарап шығарған.
1895-1896 жылдардан бастап қоныс аударушылар Шұңғырша мен Малтабардың ұрпақтарын мекендеген жерлерінен әрмен қарай ығыстырған болатын. Бұл бос жатқан жер деп, құйқалы, құнарлы, сулы өңірлерге кіріп жайлай бастапты. 
Тарихи деректер бойынша, Комаровкаға Пенза губерниясынан шаруалар келіпті. Ақан сері де Комаровкадағы қыстағынан айрылыпты, осыған орай бір өлең жазған. Ескі мекенге барып жүрген Қаратайды – Ақан серінің мінген атын егінге түсті деген сылтаумен атқан. Ақан елдің шын азаматы ретінде, елдің қайғысын көре білген. Жерінен айрылған елдің көзінің жасы көл болғанын айтады. 
Тасыған қазақ көзі бұлақтай боп, 
Соятын крестиянға лақтай боп. 
Патшаның сүйікті ұлы келгеннен соң, 
Шетке шығып қалдық қой брактай боп... 
Қалайша күн көрерміз дәурен кешіп? 
Темір айыр, ақ балта қолдарында, 
Тілге келмей ұрады өңмеңдесіп... 
Қасиетті ата-баба зиратының
Үстіне егін салды, жайлап есіп [10, 337 б.].
Мағжан Жұмабаев «Газет-журнал оқымаған, Науанның шәкірті Ақан, өз миымен шаруа түрлерінің арасындағы байламды көре білген Ақан, не десең ол де, тым-ақ жабайы жан емес....[10,339 б.] деп жазған.
Тағы бір нақтылап айтып кететін дерек, Ақан серінің туған апасы Айшаға Шұңғырша Шөбек байдың ұрпағы Ералы үйленген. Олар Лавровкадан тысқары Тереңкөл ауылының маңайында тұрды. Ақан сері өзінің жерінен айырылған соң өмірінің соңғы кезеңін апасы Айша мен жездесі Ералы және Мәмбеталы Сердалы Шұңғырша Шөбек Алты арба деген ауылда ағаштан салып берген үйінде баласы Ыбанмен тұрды. Сол Тереңкөл ауылы маңайында жерленді [23].
Ал Антоновка мен Комаровканың төңірегінде тұратын Шұңғырша Шөбек байдың ұрпақтарының ағалы-інілі – Сералы, Байалы, Бегалы, Мәмбеталыға тиесілі жерлеріне Полтава губерниясынан шаруалар келіпті. Сералы бай да осы өлкедегі жерлерінен айырылуына наразылық білдірді. Дереккөздерде бұл уақытты былай сипаттайды: «Кедей қазақтар қоныс аударушыларды қуана қарсы алды, олармен мал айырбастады, шөп шапты. Алайда, Антоновкадағы ағалы-інілі байларға ондай көршілер ұнамады. Әсіресе Сералы наразы болды. Бір кезде ол айтатын: «Көкшетауға дейін 65 шақырым, мен сол жолды ақшамен жапсам да, қоныстарын аударамын» [24]. Бірақ жоғарыға арыз жазса да, оларды Лавровкаға көшіре алмады.
Ақтоқтының әкесі Бақтыбайды да Сырымбет өңіріне дендеп кірген орыстар өз жерінен ығыстырады, сонда оның күйеу баласы Жалмұқан осы «қарашекпендермен» талмай сілкілеседі. Ақыры олардың өктемдігі басым болып, Бақтыбай ежелгі мекенінен айырылады. Жалмұқан қайынатасының мал-жанын шығасы шығармай, ырғалтып-жырғалтып өзінің Қызылағашына әкеліп орнықтырыпты дейді [1]. Комаровка мен Антоновка әлі сол бетінде тұр. Комаровканың аты Антоновкаға қарағанда, Қаратал қонысынан кейін бірнеше рет өзгертілді. 1896 жылы Толстовка деп аталған болатын (ол туралы Антоновкада Үлкен-Кіші Қоскөл картасында жазылған аты бар. Бәлкім С.Е.Толстовтың – казак атаманы, кавалерия генералы құрметіне койылған ат болар. Бірақ 1908 жылы Толстовканың аты Комаровкаға өзгертілген. В.Зюзиннің естелігі бойынша бұл жерде Комаровка ауылы құрылған [25]. Ол кезде біздің ауылда шағын Колчак отряды, ал Кривозерныйда (қазіргі Саумалкөл) Қызыл Армия әскері болған. Осы уақытта 1918-1919 жылдары болған уақиғаларды менің әжем де есіне алатын. «Күрделі кезеңде біресе ақтар келіп тонайтын, біресе қызылдар келетін. Біз ағаштың ішіне тығылатынбыз, жұртымызға қайтып келгенде абдырадағы барлық нәрсе қопарылып, жүзіктерден, сапалы киімдерден, тамақтардан ештеңе қалмайтын» деп әңгімесінде айтып отыратын. Одан кейін Комаровканың аты Коминтерн колхозы, Интернациональный, Хрущевский да болды. Бірақ ақыры Комаровка ауылы аты қайтарылды. Бір жас келіншек баласын масаға талатып алғасын, осы жерге Комаровка деген атты қайта қоя салды [26]. Комаровка беларусь аңызы бойынша ашкөз, ақымақ (юродивый) Ф. Комардың есіміне қойылған ат. Ол өлген адамның алтынын ағашқа ала қашып, батпаққа кіріп кетіп өлген, сол жерде маса пайда болған. Масаның және Федька Комар ақымаққа қойылған ат екен [27]. Бұл ауылдың атының мағынасы орысша да, қазақша да дұрыс болмай тұрғаны түсінікті емес пе?
 Ақан серінің жайлауы – Үлкен Қоскөл көлінің жағасына 1925 жылы Кеңащы колхозы құрылады. Ал осы жердің бертінгі тарихының мән-жайына тоқтала кетсек, 1990 жылы қазіргі Саумалкөл (Володаровка) кенішінен уран араласқан су Үлкен Қоскөл көліне ағызылады. Сол кезде осы көлдің жағасында орналасқан Ақан серінің туған ауылы Кеңащыны көшіру мәселесі туындайды.
 Ақан сері ұрпақтары тұратын ауылды Кенащы мен Комаровка ауылдары ортасында атақты «Құлагер» құдығының қасына көшіріп, «Ақан сері» деп ауылға жаңа ат берді. Ол кезде ауылдың барлық инфрақұрылымы 64 коттеджден тұрды. Тоқырау жылдары жылыту мүмкіндігі болмағандықтан ауылдың мектебі жабылып, өндірістің, көлік қатынасының жоқтығы, үйлері суық болғаннан тұрғындардың көпшілігі көрші Комаровқа ауылына көшуге мәжбүр болды. 
 Қазіргі уақытта Ақан сері ауылы көптеген қиыншылықты бастан өткізуде, олар – жұмыс орындарының жоқтығы, тұрғындар маусымдық және кездейсоқ табыстармен күн көруде, мектеп өз жұмысын тоқтатты. Ақан сері ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан көрші Комаровка ауылында мектеп ғимаратының жоқтығынан сабақтар 2 пәтерлік үйде өткізіледі, ал Ақан сері ауылында жөнделген мектеп жұмыс істемей тұр. 
Осыған байланысты қазіргі уақытта осы екі ауылды біріктіріп, оқушыларды автобуспен қамтамасыз етіп, Комаровкадан Сарыкөл көлі жанынан Ақан сері ауылына баратын жол бойына үйлер салып, қандастарды немесе оңтүстік өңірден көшіп келіп жатқан отбасыларды қоныстандырса және Комаровканың атын Сарыкөл немесе Қорамса деп өзгертсе жақсы болар еді. Комаровка ауылының тұрғындары бұл атауға қарсы болмайды, бұл ауыл тұрғындарының 70-80 пайызы бұрынғы Кеңащы, «Ақан серіден» қоныс аударғандар, ал қалғандары осы жерде туып-өсіп, бізге жерлес болған бұрынғы қоныс аударушылардың ұрпақтары. Ал Антоновка ауылы тарихи жағынан қарасақ, Шөбековтермен байланысты. Сол Шөбековтерден шыққан Мәмбетәлі Сердалин Көкшетау уезі Мезгіл ауданының №4 ауылында (Карасевка ауылында) 1865 жылы туған. Ол қазақ экономисі, заңгер, 1886 жылы Петербург университетінде А.Ульяновпен бірге оқыды. Бірақ «Жерлестер одағы» атты студенттік ұйымға қатысқаны үшін университеттен шығарылды. Омбының техника училищесіне 1888 жылы оқуға түсіп, сол кезде Әлихан Бөкейханмен танысады [28]. Мұрағат деректерiне сүйенсек, осы Омбы техникалық училищесін ол бiтiре алмайды, толық 4 сыныбын тек Әлихан Бөкейхан бiтiрiп шыққан. Ал Мәмбетәлi Сердалин «саяси сенiмсiздiгi» үшiн бұл оқу орнынан да шығарылады. Оған үйге барар алдында Петропавлдағы революциялық топтың мүшелерімен кездесу керек деген тапсырма берiлiптi. М.Сердалин сол кісілермен кездескенде, полицейлер оны ұстап, Омбыға жандармерияға хабарлаған. Сол себептен Мамбетәлi мектептен шығарылып, полиция бақылауына алынған. Ол үнемі полиция бақылауында болса да, Қазақ елі үшін жұмыс істеді. М. Сердалин 1900 жылдың наурызында Санкт-Петербургке келіп, «Батыс Сібірдің даласын мал шаруашылығы арқылы пайдалану туралы» баяндама дайындайды. Ол еңбектерінде қазақ жерін шетел капиталистеріне жалға беруге наразылық білдірді, қазақ елінің экономикасы мен мәдениетін өркендету мәселесін көтерді. Көкшетаудағы Степняк кен орнын пайдаланған Штернберг деген ағылшынға 1904 жылы тілмаш болып, 1905 жылы Ұлыбританияға барып келді. Сол уақытта Лондонда өтетін РСДРП-ның бесінші съезіне Бақытжан Қаратаев пен Мәмбетәлі Сердалин белсенді және танымал социал-демократтар ретінде қатысты. Сердалин көшіп келушілердің көбеюі салдарынан қазақтардың өз жерін, қозғалыс еркіндігін жоғалта бастағанын көрді. Осы мәселелерді ойлай келе, көшпелі өмір салты жойылатынын байқады. 
 М. Сердалин А.Бөкейхан, Б.Қаратаев сияқты ұлттық зиялы қауымның көрнекті өкілдерімен, сондай-ақ қоғамдық-саяси қайраткерлермен, Ақан сері, Науан Хазірет (Н. Таласов), Ш. Қосшығұлов, А. Тұрлыбаев сияқты көкшетаулықтармен тығыз байланыста болды [29]. Ақан сері екеуі дос та, құдандалы да болып, көзқарасы бір бағытта болды. 
Мәмбетәлі Сердалин 1914 жылы небәрі 49 жасында қайтыс болды. Бірақ оның артында баға жетпес шығармашылық мұра қалды. Сондықтан да, облысымыздың тарихында із қалдырған, өз халқының бақыты үшін күрескен осы тұлғаға кем дегенде бір көше аты берілуі керек. 
Бұл тарихи шолуды қорыта келе, мынадай ұсыныстарымыз бар: «Комаровка» ауылының атауын «Сарыкөлге» немесе «Қорамсаға» өзгерту; Антоновкаға Мәмбетәлі Сердалин атын беру. Себебі бұл олардың ата-бабаларының жері, мұнда олар туды, өмір сүрді және өлмес туындыларын жазды. Бұл тарихи тұлғалардың елге жасаған еңбегі зор. 

Гүлдария Райымбекова, 
философия ғылымдарының     
кандидаты, доцент

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1.Жақанов И. Жалмұқан –Ақтоқты баяны. - Егемен Қазақстан. - 29 мамыр, 2013.
2.Захоронение Актокты//history-akmola.kz 
3.Ақтаев А. Ақан серінің перизаттары // «Егемен Қазақстан». - 24 сәуір, 2013. 
4.Мұқанов С. Аққан жұлдыз. том 1. – 1984. 
5.Есекеев Ж.Айыртау арыстары.  – Көкшетау, 2000.
6.Көпеев М.-Ж. Абылай заманындағы орыс елшілері. 8 том. 
7.Хафизова К. Степные властители и их дипломатия в ХVIII–ХIХ веках. Монография. – Нур-Султан: КИСИ при Президенте РК, 2019. – 476 с.  
8.Сверхъестественный человек Абыз ата/ ayliekol.qostanai.media 
9.Хамитбек М., Әмірханов Ш. Естеліктер.  
10.Жұмабаев М. Ақан сері. – Алматы: «Жазушы». 1989.
11.Ақан серіні жын иектенгені рас па?// Марфуға Шапиян. STAN.KZ, 04 тамыз, 2016.
12.Айталы А. Рухани кемелдік // Егемен Қазақстан. - 2.02.2018.
13.«Нәпсі » дегеніміз не?//Ислам өмірі. 8.06.2017.
14.Баймұратұлы С. Сал-серілік діни ұғым //abai.kz. - 04.08.2011
15.Ақан сері Корамсаұлы. Песенная культура казахских исполнителей //Соловьи столетий. Жубанов А. - Алма-Ата, 1967.
16.Абдиров Н. Софылық саф // Кожа жастары.
17.Қасиеті неде: Бекет атаны халық не үшін әулие санаған және ол туралы аңыз-әңгімелер.  kaz.nur.kz. 17 тамыз 2023 . 
18.Исмоилов Л., Юзмухамедов. Р. Особенности таинственного незримого мира суфизма. Известия Иркутского государственного университета. - 2021.Т. 37. 
19.Ыбырай Сандыбайұлы. Шығармалары //Нұрлы Press.kz. - 2014. 
20.Қорамсаұлы А. Шығармалары //Нұрлы Press.kz. - 2014.
21.Садуакас Б. Из истории казахских қыстау //Акмолинская правда.- 27.08.2014.
22.Колониально-переселенческая политика царизма в Казахстане//http://megaozg.kz
23.Д.Қастай. Ақан сері Қорамсаұлы өмірі мен шығармашылығы // martebe.kz.
24.С чего начинается Родина // Skolib.kz
25.Василий Зюзин написал книгу «Жизнь прожить – не поле перейти». https://pkzsk.info/istorii-detejj-velikojj-otechestvennojj-vojjny-na-severe-kazakhstana-selo-komarovka-chast-1/ © Петропавл.news.
26.Истории детей Великой Отечественной войны на севере Казахстана. Село Комаровка. Часть 1.// https://pkzsk.info/istorii-detejj-velikojj-otechestvennojj-vojjny-na-severe-kazakhstana-selo-komarovka-chast-1/ © Петропавл.news. 
27.Происхождение Комаровки // http://problr.by›proisxozhdenie-komarovki.html
28.К.Абуев д.и.н.,профессор. Они стояли у истоков движения «Алаш» //01.08.2018.Акмолинская правда.-apgazeta.kz
29.Осипова Ж.К. Роль Мамбеталы Сердалина в общественно политической жизни Казахстана. Кокшетауский государственный университет им.Ш.Уадиханова //Ulagat.com.
 

1344 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз