• Ел мұраты
  • 25 Желтоқсан, 2023

Әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің мән-мағынасы

Берік Аташ, 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, философ

 

Кез келген ұлттың, халықтың өзіндік коды, қайталанбас болмысын құрайтын аса маңызды атрибуттардың бірі – салт-дәстүр мен әдет-ғұрып институты. Қазақ халқы дәстүрге бай. Салт-дәстүр біздің кейбір жағдайдағы түсінігіміздегідей жай ғана ритуалдардың жиынтығы емес, өмірмәнділік маңызы бар, мыңдаған жылдар бойы сұрыпталып, екшеліп, өңделіп, тәжірибеде сынақтан өтіп қабылданған өмір сүрудің «мүлтіксіз» ережелерінің тұтас жиынтығы. Оны еуропоцентристік көзқараспен бағалаушылар: ескіліктің сарқыншағы, көне сенімдердің элементтері, «ұстанбай-ақ қойса да болатын, ұстануға да болатын» жай ғана әлеуметтік механикалық қозғалыстар түрі деп санайды, шындығында, олардың барлығының астары терең. Мәселен, қымыз бен шұбат тағамдарын жай ғана «тамақ тапшы болғандықтан, ашыған сүт ішкен» деген сияқты тым тайыз тұжырыммен шектеп қойған сияқты болады. Ойымызды толық жеткізу үшін, былайша модельдеуге болады: егер де, Еуропа және әлемдік ғалымдар осы қымыз бен шұбатты ғылыми тұрғыдан зерттеп, оның емдік, терапиялық, т.б. қасиеттері бар екендігін дәлелдемесе, оны өздері де (мәселен, Германия) құрмет тұтып бағалап, әйгілемесе, онда бұл сусындар жай ғана азық тапшылығынан болған, амалсыздан шикілей және ашытып пайдаланатын көне замандағы көшпелілердің тамақтану ерекшелігі деп ұғынып қана қоймаймыз, шындығында да, өзіміз де солай екен деп сеніп қалар едік. 

 

Біз де салт-дәстүрлеріміздің көпшілігін екі шеткі бинарлық позицияда ғана ұғына аламыз: а) осылай «тайыз» деңгейде түсініп жүрміз немесе оны ә) тым сакральдандырып, құпияландырып, тылсымдандырып, арғы жағы белгісіз, адам танымы жетпейтін дүниелер деп сырттан асқақтандырып бағалаймыз, «ғажаптандыру» жасаймыз да, несімен ғажап екендігін айта алмаймыз. 
Шындығында, оның өмірмәнділік теориялық қана емес, тәжірибелік жақтары да тұғырлы және әртарапты болып келетіндігі ескеріле бермейді: медициналық, терапиялық, тәлім-тәрбиелік, ғылыми, эстетикалық, этикалық, қауіпсіздік, т.б. Ол өз кезегінде құрылымы кең ауқымды болып келетін өз алдына әлеуметтік институт: салт, дәстүр, әдет-ғұрып, ырым, тыйым, дағды, т.б. құралады немесе олардың ара-жігі толық ажырмағандықтан (мәселен, «әдет деген не», «ғұрып деген не», «айырмашылығы қандай» деген сияқты сауалдарға жауап), біз тұтас қарастырамыз. Бізге бұл тұста ең қажеттісі – оның өмірлік-тәжірибелік қырларын көрсету. 
Әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді зерттеу қазіргі таңда қолға алынған іргелі жұмыстардың бірі болғанмен, тек құбылыс түріндегі формасы ғана қарастырылады, арғы жағындағы мәніне назар аударыла бермейді, өйткені, оның кейбір астары ұмыт болған, үдерістің қалай өтетіндігі айтылады да, «неге олай жасалады?» деген сұрақ кей сәттерде тасада қалып қойып жатады. Әрине, ең бір өкініштісі, біздіңше, бір кездерде, бір уақыттарда олардың ішкі мағынасы мен мәні белгілі болған, кейіннен көпшілігі ұмыт болған, қазіргі таңда да осы ұмыт болу үдерісі әлі тоқтаусыз жүріп келеді. Оны еске түсіру мен арғы жағындағы мағынасын түсіндірудің тиімді жолдарының бірі – далалық тәжірибелер жүргізу, жасы ұлғайған білікті ақсақалдардан, қариялардан, аналарымыздан тікелей ақпарат жинау немесе олардан жеткен пікірлерді сақтап, бүгінгі күнге алып келген ортаңғы буын мен кіші буын өкілдерінің айтқандарын есепке алу. 
Біз бұл тұста, екі параметрмен жұмыс істейміз: а) қоғамдық санадағы, ғылыми зерттеулердегі, халық жадысындағы, ақпараттық желілердегі және басқа пікірлерді негізге аламыз және ә) сол құбылыстың мәніне үңіліп өзіміздің болжамдарымызды ұсынамыз. Демек, бізге бұл тұста қажеттісі – дәстүрдің, салттың, әдет-ғұрып құбылысының үдерісі ғана емес, оның ішкі мағынасы мен мәні, себебі мен шығу көзі және нақты практикалық пайдасы мен игілігі. 
Сонымен қатар, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр институтын – өмірмәнділік, мәнділік-экзистенциалдық, терапиялық-тұрмыстық, қауіпсіздік-сақтану, т.б. салалап жіктеу бойынша түсіндіріп, мысалдар келтіретін боламыз. 
а) Өмірмәнділік-экзистенциалдық.
Мәйітті үш күннен соң жерлеу дәстүрі – литургия, клиникалық (уақытша) өлім, т.б. жағдайын білгендіктен, қайтыс болған адамның жанының толықтай шығуын күту; алыс туыстарын шақырып, қоштасуға мүмкіндік беру немесе қажет болған жағдайда ақиқатын куәландыру (мәселен, алыс жақтың қызын келін қылып алған жұрт оны ұрып өлтірді ме, жоқ әлде өз қазасымен ауырып өлді ме); қимастық, яғни, қоштасудың ең ауыр бір түрі, т.б. 
Жоқтау айту – ол жай ғана жылау емес, психологиялық жеңілдену, қайғыны сыртқа шығару, өлім қазасының ауырлығын өзгелерге жариялау, алыстан келген жолаушыларға қаралы үйді бірден таныту, т.б. қызметтер атқарған. Егер адам жыламай ішінен тынса, ол әрқилы психогиялық күйзеліске, депрессияға алып келуі ықтимал, сондықтан, «жылау терапиясы» деп атауға болатын құбылыстың да мағынасын ұғыну керек. 
Ә) Терапиялық-тұрмыстық.
Сүйекті мүжу – тісті қатайту және жақ бұлшық еттерін шынықтыру, бұл жас балалар мен жастар үшін аса қажетті «тәсіл», «айла», сондықтан, оған пышақты пайдаланбай, тістеп мүжу қажет деп табылған. 
Құм сағызы – еліміздің кейбір аймақтарындағы шөптесін өсімдіктің жемісі іспеттес болса керек, бастапқыда дәмі ашқылтым және түсі қара қоңыр, кейіннен, ауызға салып шайнаған соң, түсі өзгеріп дәмі де таусыла бастайды. Ол да тіс ауруларының (кариес) алдын алатын терапия болған сыңайлы. 
Малдас құрып отыру – қан айналымын реттейтін жағдай. Әрине, бұл йоганың лотос күйіне ұқсайды, дегенмен, сәл-пәл айырмашылықтары да бар. Демек, бұндай отырыс жай ғана тынығатын механикалық үдеріс емес, адам ағзасына қажетті гимнастикалық, медитациялық, терапиялық күй. 
Киіз үйдің іші мен сыртының жабдықталуы көп жағдайда, аты көрсетіп тұрғандай, киіз материалынан құралады. Ол тек суықтан қорғану үшін ғана емес, зиянды микробтардан сақтану үшін де қажетті материал екендігі қазіргі таңда дәйектеліп келе жатыр. 
Адыраспан жағу, отпен аластау – зиянды энергия мен зиянды микробтарды жоятын гигиеналық нұсқа ретінде қабылдануға тиіс. Көне замандардағы қолданған жұқпалы аурудың таралуының алдын алу үшін, ауырған адам немесе жан-жануарлды өртеп жіберу дәстүрі қазіргі таңда жаппай қолданыста болмаса да, құпталады. 
б) Қауіпсіздік-сақтану.
Ұйықтағанда ай сәулесі адам бетіне түспеуі керек деген шарттар қойылған – әсіресе, ол толған айдан бөлінетін «магниттік дауылдардың» адам ағзасына кері әсер ететіндігін «білгендей» болып түйсініледі. Жалпы Айды қасиетті тұту мен оған қатысты ырым-тыйымдардың барлығының осындай өзіндік терең өмірмәнділік мағынасы бар екендігі сөзсіз. 
Жылқының ер-тоқымын, терлігін түнде ұйықтағанда басына жастанып жатады немесе босағаға қояды – оның иісіне жылан жоламайды екен, ол жылан үшін негізгі у, мәселен, жылан шаққан адамға тез арада жылқының терін (ақ тер-көк тер қылып шапқызып) ішкізген, жыланның уын қайтаратын бірден-бір ықпалды нәрсе болып саналған. 
в) Тағам рационы мен оны дайындау. 
Ер-тұрманның астында тамақ пісіру – етті сойып, оны жұқалап тіліп, шикілей тоқымның астына салып, сол атпен жүріп, шауып, дайындайды, ол белгілі бір мезгіл бойы аттың үстінде езгіленіп (қазіргі етті ұрып жұмсарту әдісі сияқты), сәті келген уақытта пісіп шығады, әрине, олай пісуі шартты, мүмкін, «кәуап түріндегі» тағам рационы болуы ықтимал. 
Құрт (тағам) – адам үшін шөлге қажетті, ағза ауыздан бөлінген сөлмен қайта қоректенетіндіктен шөл басуға, әрі тағам ретінде қолданылған, кейде, ол шүберекке оралып, жылқының ауыздығына байланған екен, сол сәтте жылқы оның сөлімен қоректеніп алыс қашықтыққа шабуға мүмкіндігі ашылған. 
Құрғақ сүт дайындау технологиясы: сойылған қой немесе ешкінің терісін жақсылап тазалап, жүндерін қырқып, ұстарамен тазалағандай қырып тазалап, жуып, жақсылап кептіріп, сүт құйылған қазанға салып, сүтпен бірге асықпай бірнеше сағат қайнатады, тері сүттің біраз бөлігін сорып алады, одан соң сол теріні күнге бірнеше сағат кептіреді, кепкен теріні қайтадан қазанға толы басқа сүт құйып қайнатады, қазандағы сүт азаяды, тағы да күнге кептіреді. Үдеріс осылай жалғаса береді, нәтижесінде 80-90 пайызы сүтке айналған тері тағамға, суға салынып, бұзылмаған (ол да сүтті сақтаудың әдісі) құрғақ сүт ретінде пайдаланылады және терінің шетінен ғана кесіп алып үнемдеуге де, тасымалға да, бұзылмай сақталуына да қолайлы тағам дайындалады (полуфабрикат сияқты). 
Етті сату үшін сақтау – жаздыгүні тым ыстықта, етті арбаға салып, үстіне жаңа шабылған құрақты айқыш-ұйқыш қылып шашып тастайды, сол сәтте құрақтың қыры өткірлігімен шыбынның қанатын қиып түскендіктен, оған шыбын қонбайды, сондықтан ол бірнеше сағатқа дейін бұзылмайды.
г) Өнегелілік, тәлім-тәрбиелік.
Санамақ, жұмбақ ойыны, санауға үйретудің педагогикалық әдістемесі: «бір дегенім білеу, екі дегенім егеу.., он дегенім оймақ, он бір қара жұмбақ». Баланың қызығушылығын ояту, бала іштей өзіне-өзі «ол не жұмбақ?» деп сұрақ қоя отырып, әрі қарай санауға деген ұмтылысын ояту үшін қолданылған әдіс, мотивация. 
Қасқырдың тісін, аяғын бесікке байлап қою – ес білмей тұрғаннан бастап ішкі түйсікпен қабылдау, бірте-бірте есі кіргеннен кейін де визуалды қабылдау, көз үйрету, басқа да сондай қорқынышты дүниелерге көзін үйретіп, баланы қорықпайтындай, шошымайтындай қылып тәрбиелеу (қасқырдың қасиетті жануар екендігі мәселенің басқаша қыры).
Жуас балаға жылқы бақтыру, тентек, шыдамсыз мінезді балаға қой бақтыру, т.б. мінез-құлықты еңбек арқылы реттейтін регулятивтік қызмет атқарған. 
Тұрмысқа шығар алдындағы сәукеле көп қызметті, мәселен, түзу жүруді жаттықтырады, омыртқа қисаюының алдын алады. 
Кейбір ырым-тыйымдардың мағынасы тереңде жатыр, оны қазіргі заманғы жаратылыстану ғылымдарының өзі түсіндіріп бере алмайды немесе жуықтап қана салыстырып бағамдауымызға болады. Мәселен, жүкті әйел босана алмай қиналып отырған шақта немесе қалыпты жағдайда «босануы жеңілдеу болсын» деген ырыммен, үйдегі, ауладағы байлауларды, буындырып қысып тастаған түйіндерді ағытып босатады, мәселен, үйдегі қант, құрт, т.б. салынған қапшықтың аузын шешеді. 
ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, бейсызықтық физикада жаңаша теориялар мен концепциялар туындады. 1965 жылы Джон С.Белл ашқан теорема бойынша, локальді емес эффект, яғни, белгілі бір дененің өзіндік қозғалысы оқшау, қатыссыз тұрған денеге әсер етіп, оны қозғалысқа келтіруі мүмкін. Бұлар ешқандай өріс әсер етпесе де жүзеге асатын, бір-бірімен байланысты бөлшектер ретінде танылды және әлемнің органикалық бірлігі мен бір-бірінен тарағандығы туралы тұжырымдамаларды қуаттады. Аталған теорема кейіннен әлдебір жанама күштердің әсер ететіндігі туралы Эйнштейн-Подольский-Розен парадоксымен былайша толықтырылды: «Таралып кеткен бөлшектердің қалдықтары арасында тасымалдайтын рациялар негізінде байланыс сақталады. Сондықтан кез келген сәтте басқалары қайда және онда не болып жатқандығын «біліп отырады». Яғни, бұдан әлемнің кез келген нүктесіндегі алыс қашықтықтағы бөлшектердің арасында өрістік, сигналдық, механикалық, энергиялық қатынас болмаса да ортақ жүйе ретінде байланыстар сақталатындығы туралы тұжырым дәйектелді. 
Әйелдің босануы мен қапшықтың ауызын босату арасындағы байланысты осылайша түсіндіруге болады, сонда, бұл десакрализацияланып, ырымдық жағы түсіріледі. 
Әрине, бұл жерде тек біздің түркі халықтарына ғана емес, ақылды құдіретті және үстем деп санайтын логоцентризмге сүйенген «адамзаттың өткеніне деген дискриминациялық стереотиптік ойларды» алып тастасақ, «Бұрынғы адамзат қазіргі адамзаттың ақыл-ой деңгейі мен өркениетінен мүлде алшақ, артта қалған» деген сияқты көне, арғы тарихты кемсітушілікпен қарау тұрғысынан келген пікірлерді ығыстырмасақ, бұндай жағдайлар мүмкін емес сияқты болып көрінеді. Бірақ тарихты кемсітушілік сананы алып тастасақ, «ол да мүмкін» деген қорытынды шығаруға болады. 
Қортындылай келе, біріншіден, біз қозғап отырған ахуалдар мәселенің қойылуы ғана, яғни, ұшан-теңіз әдет-ғұрып пен салт-дәстүр құрылымын негізге ала отырып, оның ұмыт болған тұстарын қайта жаңғыртып, тәжірибелік қырларына баса назар аудару түбегейлі зерттеулерді қажет ететін перспективті бағдар болып табылады. Бұл жоба тек бір ғана адамның емес, арнайы ғылыми қауымдастық пен пен ғылыми бағдарламалар негізінде жүзеге асырылуға тиіс, тіпті қазақстандық ғылыми мектеп құрылуы қажет және ұзақ мерзімдік стратегиялық зерттеулер жасалуға тиіс. 
Екіншіден, бұндай бағдарлар ұлттық болмысымызды қайта қарастырудың, қайта жаңғыртудың тәжірибелік-императивтік тәсілі болып табылады. Нақтырақ айтқанда, ұлттық салт-дәстүрдің құбылыстық, формалық, сандық жағына ғана емес, ішкі мағынасы мен мәніне, игілікті жағы мен өмірлік пайдасына маңыз бере отырып, қазіргі қоғамдық сана мен жастар ерікті-еріксіз түрде мойындайтын, оны сақтау мен орындауы императивті түрде жүзеге асуға қарай ұмтылдыруы тиіс. 
Үшіншіден, біз ұсынып отырған тәжірибелік МӘН ІЗДЕУ далалық зерттеулер мен ауызша мәдениет болғандықтан, ғылымилығы түпкілікті, жан-жақты, бұлтартпастай дәйектелмегендіктен, қойылып отырған мәселе – медицина, физика, астрономия, химия, биология, т.б. ғылым салалары бірігіп зерттейтін интегративті әдісті қажет етеді. Сондықтан да біз, жаратылыстану ғылымдарының арнайы маманы болмағандықтан, кей сәттерде, болжамдық модельдеуді ғана логикалық форматта ұсындық. Яғни, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып институтының ғылыми жағын ашып көрсетпесе, осылай амалсыздан мойындатпаса, біз логоцентризмнің кейбір зардаптарынан, «қазақтар немесе басқа да шығыс халықтары артта қалған» деген вестернизация мен оны құптайтын орыстандыру отаршылдығы салдарынан, «ширк» деп қабылдайтын исламдық фанаттық көзқарастардан арыла алмай, дәстүрімізді бірте-бірте жойып аламыз да, таза қазақилықтан алшақтай береміз. Бұл ұлттың болуы мен болмауы мәселесін туғызатын онтологиялық ахуал. 
Төртіншіден, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың осындай таза тәжірибелік, игілікті, өмірге пайдалы қырларын ашып көрсететін феноменологиялық әдісті тек біржақты қарастырмай, постмодернистік көп мәнділік плюрализм әдісін де қолдануымыз керек. Демек, жоғарыда айтылғандай, тек бір ғана МӘНмен шектеліп қалуымызға да болмайды, ол көпмәнді құбылыс болуы мүмкін екендігін назарда ұстауымыз керек. Ал ашылған МӘНДЕРДІ кездейсоқтық, қайтадан рационалдандыру деп елемей, менсінбей кетушіліктің өзі шындап келгенде, жай ғана логоцентристік сана элементтерінің бір көрінісі болып шығады. 
Бесіншіден, біз бұл тұста, халық медицинасын жеке-дара, бөлек қарастыруымыз керек екендігін атап айтқан жөн. Өйткені, ол басқа да әлем халықтарына ортақ және кең ауқымды өз алдына тұтас бір дүние. 
Біз отандық салт-дәстүрді зерттеуші ғылыми қауымдастықты және ұлт жанашырларын аталған мәселені зерттейтін арнайы ғылыми мектеп құруға шақырамыз. 

138 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз