• Ел мұраты
  • 25 Желтоқсан, 2023

Алаштың Ағыбайы

Есімі – ұранға, ерлігі – дастанға айналған батырлар қазақта баршылық. Ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпардың тұяғы талатын ұланғайыр даламызды сақтап қалған, Алаштың аяулы атамекенін жат жұрттықтардан қызғыштай қорыған сол текті тұлғалардың жалғасы, ізбасары – Ағыбай батыр Қоңырбайұлы. Былтырдан бері қазақтың соңғы ханы Кенесары мен бас батыры Ағыбайдың 220 жылдық мерейтойларына бағытталған біраз іс-шаралар өткен сияқты. Дәстүрлі БАҚ және жаңа медиа беттерінде де тым аз насихатталды. Ал, шындығында, бүгінгі құбылып тұрған заманда жеріміздің тұтастығын, еліміздің амандығын осынау тарихи тұлғалардың, текті батырлардың өр рухтары сақтап тұрғанын естен шығармауымыз керек. Осындай ғажап рухы Көк туымыздай желбіреп тұрған Алаштың ардақты батыры жайлы өскелең ұрпақ білгені дұрыс.

Ағыбайдың ғұмыр кешкен уақыты өте күрделі әрі тым қайшылықты кезең болатын. Қазақ даласындағы бұрынғы батырларға қарағанда, Ағыбайларға соғысу қиынға соқты. Мұздай қаруланған орыс отаршылдарына қарсы найза көтеріп, садақ асынған сахара сарбаздары жауларымен жанкештілікпен жағаласты. Сол кезең үшін «заманақырды» орнатқан соғыстың зілді қаруы зеңбірекпен бетпе-бет келді... Бұған қоса, тарихтың бұл тұсында отаршылар аярлықты әбден меңгеріп, қара қанатын кеңге жайғаны да тарихтан белгілі. Қайран батыр бабаларымызға қандай қиын тағдыр бұйырған?.. Аянышты hәм өкінішті...  
Ағыбай – ХІХ ғасырдың басында Сарыарқа аймағында дүниеге келген Алаштың айбынды батыры. Ұлттық әдеби мұрағатта: «Ақжолтай Ағыбай батыр 1802-1885 жылдар аралығында өмір сүрген. Әкесі Қоңырбай ел ішінде батырлығымен көзге түскен сыйлы адам болыпты. Анасы Қойсана – Абылайханның сенімді серігі әрі ту көтерушісі болған атақты қазақ батыры Байғозының қызы» дейтін дерек бар.Тағы бір дереккөзде анасы Қойсана жүкті кезінде қасқырдың жүрегіне жерік болғандығы айтылады. Бұған қарағанда, Ағыбай әке жағынан да, шеше жағынан да батырлық қаннан жаралған асыл тұқымды алыптың өзі болған екен. Әкесі Қоңырбай батыр Ағыбайдың өте жас кезінде қайтыс болады да, тағдырдың талқысына ертерек түседі. Осының салдарынан бозбала шағында албырт Ағыбай атқа қонып, қолына қару ұстап дала кезеді. Әуелі тіршілік-күнкөріс қамымен жортқан жас бөрі жүре келе, Қасым төренің балалары Саржан мен Есенгелдінің соңына еріп, халық толқуларына ерте араласады... Бұл қилы кезеңде уақыт таблосы – ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарын көрсетіп тұр еді. «ХІХ ғасыр» демекші, жалпы жаратылыстың жылдар легінде осы ғасырды орыстар «алтын ғасыр» десе, қазақтар үшін «салқын ғасырға» айналып еді... Себебі, отаршылдар әбден басынып, шұрайлы жерлерімізді тартып алып, бекіністерін салып, жер мен елдің берекесін кетіріп баққан. Ең бір өкініштісі, осындай аласапыран уақытта отаршылдарға қарсы ереуілді бастап жүрген Саржан мен Есенгелді сарттардың алдауына түсіп, екеуі де қаза табады. Көп ұзамай Қасым төре де осындай жаулардың қолынан құрбан болады. Әкесі мен ағаларының қайғылы өліміне қатты қайғырған Кенесары қылышының жүзін сүйіп: «жауларымды енді аямаспын, өле-өлгенше кегімді алып өтермін» деп, өз-өзіне серт береді. Тарихи бір деректе: «... біздер, қазақтар, мұндай қысымға... шыдай алмай, лажсыздан басымыздың ауған жағына көшіп жүрдік. Бірақ та олар сөйтсек те тыныштық бермеді. Сол себепті, мен, Кенесары Қасымұлы, қолға қару алып, ұлы күресті бастауға аттандым. Қазақ халқын орыстардың езгісінен азат етемін» дейтін Кенесарының кекті сөздері бар екен. Алдында орыс патшасына бірнеше хат жазып, онан еш нәтиже шықпаған соң, Кенесары атқа мініп, қол жинап, осы әрекетке барады. Қалың қазақтың оны ақ киізге салып, хан көтерген тұсы да осы кезең еді. Кене ханның осынау жауынгерлік жорықтары жөнінде тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмаханов: «Қазақтардың ХVII-ХVIII ғасырларда болған ірі көтерілістерінен Кенесары көтерілісінің ерекшелігі – оған үш жүздің бұқара халқы қатысты. Жұртшылық бір мезгілде бас қосып, қауымдаса атой салмағанына және қозғалыстың бір жерде күшейіп, екінші жерде бәсеңдеп отыруына қарамастан, Кенесары көтерілісі алғашқы жылдары-ақ кең қанат жайып, жалпы халықтық қозғалысқа айналды» – деп жоғары баға береді де, бұған қоса, «Кенесары көтерілісшілердің көсемі ретінде тарих сахнасына 1837 жылы шығады. Үлкен өмір мектебінен, саяси күрес мектебінен өткен ақылды, тәжірибелі басшы, батыр ретінде танылады» – деп нақтылай түседі.
Дәл осы кезеңде дала сахнасына соғыс қаруын асынып, Ағыбай батыр да ат ойнатып шыққан екен. Әуелде Саржан мен Есенгелдінің жанында жүріп, соғыс тәсілдерін үйренген жас Ағыбайдың бұл кезде тәжірибесі молайып, ақыл-айласы толысқан шағы болатын. Кене ханның бас батыры болып тағайындалған тұсы. Оның үстіне Кенесарының құрдасы. Кенесары қанша жерден қатал болса да, Ағыбайды құрдасы әрі досы ретінде сыйлап өткен. Атын атамай «Көсе» деп, ылғи да көпшілік алдында батырдың мәртебесін көтеріп отырған. Жорық жайында, соғыс жөнінде Кене хан Ағыбай мен Наурызбай екеуімен көп кеңесетін еді. Соған қарағанда ханның сол қанаты – Ағыбай да, оң қанаты – Наурызбай болып көрінетін. Кене хан бастап, қос батыр қостап, талай жорықтарды, талай соғысты бастан кешірді. Он жылға созылған ұлт-азаттық көтерілісте отаршылдардың үрейін алып, мысын басқан да осы үштаған болса керек. Әрине, Кене ханның басқа батырлары да осал емес. Бәрі де жаудан елді қорғаған, азаттық үшін арпалысқан баhадүрлер. Дегенмен, елдің жадындағы естелік-аңыздарда, ауызекі әңгімелерде Кенесары, Ағыбай, Наурызбай үшеуінің есімдері ең алдымен аталатын. Бұлар жайлы өлең-жырлар, қисса-дастандар да, көркем әңгіме-хикаяттар да жеткілікті. Арқадан шыққан Ағыбайдың басқа батырлардан бірнеше ерекшелігі барын оны көзімен көргендер естелік қылып қалдырды. Көзі тірісінде атақ-даңқы аспандап, аңызға айналуының басты себебі – халық оны өте жақсы көрді, құрмет тұтты. Батырдың жойқын жорықтары, жауларын жайратқан көзсіз ерліктері, әділдігі мен туралығы, қарапайымдылығы мен сабырлылығы, парасат-пайымы, жолы болғыштығы мен көріпкелдігі – жеке-жеке тақырып болары сөзсіз. Меніңше, Ағыбай батырдың бойында табиғи алып күшпен қоса, арғы тегінен дарыған далалық кие мен әулиелік қасиеті басым сияқты. Соның арқасында сол кездегі аузы дуалы айтқыштардың әңгімелерінде, кейінгі қолына қалам ұстаған ақын-жазушылардың шығармаларында Ағыбай батыр аңыздық тұлға болып, қазақтың барша батырларының жиынтық образына айналды. Өйткені, халықтың сұранысы осыны қалаған сияқты. Бір ғажабы, тарихшы-әдебиетші ғалымдар да бұл үрдістен алыс кетпеді.
Мәселен, батыр жайында жазылған халық жырында: 
«Атақты ер Ағыбай шұбыртпалы,
Белгілі сарбаздарын шұбыртқаны.
Ағыбай, Қошқарбай мен ер Бұхарбай,
Бұларды соңына ерткен Кене ханы.
Мал үшін бұлар ерлік құрған емес,
Салғаны жанды ортаға елдің қамы», 
– деп айтылады. 
Жазушы Ілияс Есенберлиннің «Қаhар» романында: «Шұбыртпалы Ағыбай Қасым төре балаларының соңынан ерген, кедейден шыққан батыр. Жасы отыз төртте, зор денелі, түкті қабақ, қара сұр, шүңірек көз кісі. Қолдары бақандай ұзын, саусақтары анау-мынау адамды маңдайынан бір шерткенде үнсіз қатыратындай салалы, жұп-жуан. Сақал-мұрттан ада дерлік, тек иек астында селдір ғана сақалсымақ бірдеңе бар. Құрдасы Кенесарыдан бастап үзеңгілес серіктерінің бәрі оны «көсе» деп атайды. Сырт бейнесі ызбарлы, бір көргеннен-ақ алып күш иесі екені танылады.
Үстінде мол тігілген қара шекпен. Басында да түйе жүн қара далбағай, бұтында қара құлын терісінен иленген жарғақ шалбар. Аяғында кең қоныш саптама етік. Белінде тізесіне тиетін қайқы қара қылыш пен қап-қара болат семсер. Тек арқасына үнемі танулы жүретін болат қалқаны ғана бозғылт.
Ағыбайдың ең сүйікті қаруы тоғыз буынды, жез сақиналы жуан қайың найза. Атқа мінгенде құлан терісінен бұзау тіс етіп өрілген қайыспен қанжығасына байлап алады. Ал жай жүргенде қолына ұстайды. Бұл найзасын Ағыбайдың жақсы көретіні соншалық, ол күндіз қолынан бір түсірмейді, түнде басына жастанып жатады. Үсті-басы қара-қоңыр, темір тор сауытты Ағыбайдың түсі орасан суық, сонау шүңет көздер қайтпас қайсарлық, таусылмас қайрат отындай жанады. Қандай жүректі жан болса да, Ағыбайды алғаш көргенінде алпамсадай ызбарлы түрінен сескенбей қалған емес...» – деп, батырдың рухты портретіне ерекше тоқталады.
Тарихшы Е.Бекмахановтың тарихи монографиясында: «Кенесары әскерінің ішінде қазақтың үш жүзінен аса беделді, аты жұртқа әйгілі батырлары болады. Шұбыртпалы руынан шыққан Ағыбай (Орта жүз – Қарқаралы)...» - деп бастап, тағы бірнеше батырларды тізбектеп өтеді. Осы зерттеу еңбегінде автор: «Ағыбай көтерілістің соңына дейін Кенесарыға деген адалдығынан айныған жоқ. Кенесары қаза тапқан соң, Ағыбай Шұбыртпалы руымен Арқаға қоныс аударып, 83 жасында қайтыс болды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында шығарылған «Ағыбай батыр» қиссасы оның ерлік жолына арналған» дейтін түйін жасайды. 
Қырғызбен болған соғыстың ортасында жүріп, батырлардың ерлігін өз көзімен көрген Нысанбай жырау Ағыбай батырдың образын былайша сомдайды:
«...Тоқтата алмай көп жауды,
Үстіртке ойнап шығысты.
Кезек жұмсап келеді
Найза менен қылышты.
Қалың жеткен қырғыздан
Ала алмады тынысты.
Сыйынады батырлар,
Аузы кетпей тілектен.
Шұбыртпалы Ағыбай,
Талайды шанышты жүректен...».
Аңыз әңгімелер мен көркем шығармаларда көп кездесетін, тіпті тарихи деректердің өзінде тұрған мына бір шағын деталь да батырдың биік рухын барынша жарқырата түскендей. Зер салып көрейік. «Көтерілісшілердің Ағыбайға деген ерекше құрметі туралы Кенесарының өз әйелдерінің бірімен әңгімесінен байқауға болады. Бірде ханым Кенесарыдан: «Сіз әскеріңіздегі кейбір адамдарға мыңбасы, бесжүзбасы деген атақтар беріп жатырсыз, неге сіз «Көсеге» атақ бермейсіз?» – деп сұрапты. Сонда оған Кенесары: «Егер сарбаздарымның алдыңғы легі ұрысқа «Абылай!» деп ұрандап кіріссе, ал олардың соңынан ергендері «Ағыбайлап» шабады. Көзі тірісінде ұранға айналған батырға басқа атақтың қажеті жоқ шығар», – деп жауап беріпті». Бірақ та, Ағыбайдың Кене хан үшін әрқашанда бірінші бас батыр болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. 
Алаштан арда туған Ағыбай батырды халық құрметтеп, көзі тірісінде «Ақжолтай» атандырды. Жазықсыз ешкімге тимеген, адалдық пен әділдікті өмір бойы ұстанған текті тұлғаның адамдық қасиеттері мен ерен ерлігі екі дүниеде де аңызға айналған екен. Оның жарқын көріністері көп. Айталық, өзі өмірде бар кезде Ағыбайдың атақ-даңқы аспандап, кең байтақ қазақ еліне мәшhүр болды. Соғыс өнерін жетік меңгергендіктен, өзіне дейінгі батырлар ерлігін терең дамытып, Арқа жерінде батырлық мектеп қалыптастырды. Көріпкел, жолы болғыштығының арқасында оқ пен оттың арасындағы талай ажалдан аман қалыпты. Сексеннің сеңгірінде қайтқан қайсар жанның екінші өмірі де ғаламат! Оның куәсі – өзінен кейінгі толқынды ұрпақтың толағай туындылары. Атап айтсақ: халық дастандары «Ағыбайдай ер өткен», «Ер Ағыбай», «Ақжолтай Ағыбай батыр», Нысанбай жыраудың «Кенесары – Наурызбай» дастаны, ақын Д.Әлімбаевтың «Кенесары» поэмасы, халық мұраларының жанашыры Ж. Шайхисламұлының «Қиса Наурызбай төре» шығармасы, «Наурызбай – Қаншайым» халық жыры, Иманжан ақынның «Кенесары, Саржан» дастаны, жазушы М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы, ұлт көсемі Ә.Бөкейханның «Қызыл Қайнар Тектұрмас» кітабы, ғұлама Мәшhүр Жүсіп Көпейұлының ел арасынан жинаған тарихи аңыз-әңгімелері, тарихшы-ғалым Е.Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» тарихи монографиясы, суреткер С.Сейфуллиннің «Ақжолтай батыр» романы (өкінішке қарай, жоғалып кеткен), жазушы І. Есенберлиннің «Қаhар» романы, ақын-жазушылар И.Байзақовтың «Қойшының ертегісі» поэмасы, Ж.Алтайбаевтың «Ағыбай батыр» («Ер Ағыбай») туындысы, Х. Жамановтың «Батырдың үш өкініші» дастаны, О.Сәрсенбаевтың «Тамыр» хикаяты, тарихшы Ж.Қасымбаев, қаламгерлер Ә.Жұмабаев пен Е.Мырзахметовтың тарихи жазбалары, ақындар Жеңіс Қашқыновтың «Хан Кене, ер Ағыбай, батыр Науан» дастаны, А. Әлтайдың «Шашақты найза» зерттеу еңбегі, т.б.
Алаштың Ағыбай батырын айтқан кезде, ойымызға қазақтың батыр халық екендігі оралып, көз алдымызға сол бабалардың ерен ерліктері елес береді. Кеше де, бүгін де ұлтымыздың күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелердің бірі – жас толқынға патриоттық тәрбие беру. Патриоттық тәрбие дегеніміз не? Ол – өзінің туған жерін сүйетін, атамекенін аялайтын, Отанын қастерлейтін, өз ұлтын жан-тәнімен жақсы көретін, мемлекетшіл тұлғаны дайындау. Ол – биліктегі басшыға да, қарапайым еңбек адамына да бірдей ұстаным болуға тиіс. Осы ретте Ағыбай секілді Алашқа мәшhүр халық батырлары жайындағы рухани дүниелерді біз көбірек айтып, жиі насихаттауымыз керек. Әсіресе, Отанымызды, мемлекетімізді қорғау жолында жүрген ұландарымызға, жас сарбаздарымызға бұл үрдісті күнде қайталаса да артықтығы болмайды. Сонда қазіргі әскерде болып жатқан тәртіп бұзушылықтар, өз-өзіне қол жұмсаушылықтар болмас еді. Мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында да түрлі сорақылықтар туындамас еді. Дәл қазір біздің қоғамда Рух төмендеп, Намыс жоғалып бара жатыр. Бүгінгі тіл, жер, дін жайындағы проблемалардың барлығы осы рух пен намыстың әлсіздігінен туып жатқан әрекеттер. Ұланбайтақ даласы бар еліміздің солтүстігі мен шығысында, батысында болып жатқан кейбір сепаратистік ұйымдар да осынау енжарлығымызды пайдаланып, мемлекеттің өзіне көз алартып жүр... Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін, дербес те бейбіт еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін ұрпағымыздың ойына да, бойына да отаншылдық, мемлекетшілдік сезімді қалыптастырып, жеріміз бен еліміздің шын жанашыр патриоттарын, тұлғаларын тәрбиелеуіміз керек! Бұл жолда, біз, Алаштың Кенесары, Ағыбай, Наурызбай бастаған батырларын айта отырып, сол рухты көтеріп, сол намысты қайрауымыз қажет! Осы орайда, аталған батырлар туралы деректі және көркем фильмдер түсіріліп, театрларда драмалық қойылымдар беріліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, журналистика кафедрасының аға оқытушысы

 

187 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз