• Ел мұраты
  • 25 Желтоқсан, 2023

Құнды шығармалар қайта басылды

Ұлттық кітапханада «Абай» баспасынан жарық көрген 35 кітаптың тұсаукесері өтті. «Абай» баспасы қазақ әдебиетінің классик ақын-жазушыларының шығармаларынан бірегей серия даярлаған. Серия қазақтың бас ақыны Абайдан бас­тап, Дулат Бабатайұлы, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Мұхтар Әуезов, Алашорда қайраткерлері, Кеңес Одағы заманының белді қаламгерлері, тәуелсіз Қазақстанның көрнекті жазушылары мен белгілі жас авторлардың шығармаларын қамтыған. Әр кезеңнің классик қаламгерлерінің шығармаларымен жалғасқан кітаптардың ішінде оңайлықпен қолға түсе бермейтін, іздегенге таптырмас академиялық зерттеу еңбектері де бар. 
Салтанатты шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз құттықтауын жолдап, ізгі ниетін білдірді. Министрдің құттықтауын Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов жеткізді.
Ақберен Елгезек, «Абай» баспасының директоры: «Бүгін 35 кітаптың тұсаукесерін өткізіп жатырмыз. Өзіміз оны «қазақ әдебиетінің алтын коллекциясы» деп атаймыз. Әр кітап 1000 данадан, жалпы тиражы – 35000.   Жаңа кітаптарды нарыққа ұсынып жатырмыз. Сол арқылы авторларға,   қаламгерлердің мұрагерлеріне қаламақы төлеу мәселесін шешкіміз келеді. Бұл кітаптарды алты ай көлемінде дайындадық.Кітаптар сериясын болашақта жүз томдыққа дейін жеткізгіміз келеді», – деді.  
«Абай» баспасынан шыққан 35 кітаптың тақырыбы мен көтерген мәселесін, мазмұнын сыртқы мұқабасы ерекше әспеттеп тұрғандай. Кітап әлемдік сұранысқа сай заманауи үлгіде, минимализм стилінде жасалған. Ендігіде бұл кітаптар көзіқарақты қазақ оқырманына жол тартпақ.  
Қазақтың бас ақыны, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, реформатор Абай Құнанбайұлының артында қалған рухани мұрасы «Жүректің көзі ашылса...», қазақтың әйгілі әулиесі, ақын, ағартушы, философ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының әдеби мұрасы «Хал-ахуал», ұлы ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектері «Насихат», сөз зергері Дулат Бабатайұлының шығармалары «Сандықтас» деген атаумен оқырманға ұсынылған. Ұлтымыздың дара тұлғасы Міржақып Дулатұлының өлеңдері «Алашқа», шебер жазушы Жүсіпбек Аймауытұлының туындылары «Рәбиға», қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіровтің шығармалары «Сағанақ» атауымен басылды.
Қарымды қаламгер Бейімбет Майлиннің әдеби мұрасы «Қанды тұман», классик жазушы Сәкен Сейфуллиннің шығармалары «Аққудың айырылуы» дейтін атаумен жарық көрді. Қазақтың ұлы ақыны, Алаш қозғалысының қайраткері, поэзиясы қазақ әдебиетіне ғана емес, түркі тектес халықтар әдебиетіне де зор ықпал еткен бес арыстың бірі Мағжан Жұмабаевтың өміршең, рухты өлеңдері «Тұран», ұлы жазушы М.Әуезовтың шығармалары топтасқан кітаптар «Көксерек» және «Қилы заман» атауымен оқырман қауымға жол тартпақ.  
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың жинағы «Отан», ұлы ақын Төлеген Айбергеновтың туындылары «Сағыныш» деген атпен жарық көрді. Сонымен қатар, «Абай» баспасынан жарық көрген кітаптар тізімінде қазақтың классик ақындары Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Сырбай Мәуленовтің жыр жинақтары, көрнекті жазушы Смағұл Елубайдың «Балалық шақ баяны» атты кітабы басылып шықты.  
Қазақтың аса көрнекті ақыны, қазақ поэзиясына өзгеше леп әкелген Жарасқан Әбдіраш, Темірхан Медетбек, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Светқали Нұржан, Табылды Досымов туындылары да осы жинақтардың қатарында тұр. Бұл кітаптардың тізбегі  Мемлекеттік сыйлығының иегері Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов бастаған буын Исраил Сапарбай, Несіпбек Айтұлы, Күләш Ахметова, Сабыр Адай, Гүлнар Салықбай, Қалқаман Сарин, Танагөз Толқынқызы, Ерлан Жүніс есімді қарымды қаламгерлердің туындыларымен жалғасын тапты. Бүгінгі қазақ аудиториясының арасында кеңінен қанат жайып, оқырман ықыласына бөленген Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабы мен Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» туындысы мүлде бөлек дизайнда, жаңаша форматта оқырманға ұсынылмақ.
Белгілі әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова: «Бұрындары 5-6 ғана мемлекеттік баспа болатын. Қазіргі уақытта мемлекеттік тендерге қарап отыратын, арнайы тапсырыстар орындайтын баспалар бар. Ал «Абай» баспасының ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бұл баспа әуел бастан-ақ қоғамға нағыз қажетті туындыларды жарыққа шығарып отырды. Осындай үлкен бастаманы қолға алған Ақберен Елгезек – таланты мен іскерлігі үндескен ақын. Поэзиясы бірнеше қатпарлы, тағдырлы, интеллектуалды поэзия. Ол өз шығармашылығымен ғана айналысып қоймай, халыққа не керек, не жетпей тұр деген тұрғыдан, үлкен идеядан, үлкен ұмтылыстан шыққан жобаны қолға алып, іске асырды. Қазақтың кіл мықты классиктерінен бастап, бүгінгі жас буынға дейін қамтыған туындыларды жарыққа шығарып отыр.
 Бізде мынадай мәселе бар, мемлекеттік баспалардың кейбірі кітапты басады. Бірақ ол шыққан кітаптың айналымға түскені, оқырманға жеткені сұрақ болып қалады. Кітапты бастыруға  жіберместен бұрын кітапқа берілген рецензияға пікір айтатын мамандар кәсіби болуы шарт. 
«Атамұра», «Фолиант», «Арыс», «Мереке» сынды кәсіби баспалар бар. 
«Абай» баспасына оралсақ, аты затына сай үлкен баспаға айналады деп ойлаймын. Себебі, баспаны ұйымдастырушылар, оның басында отырған адамдардың интеллектуалдық деңгейі, әдебиетті талқылап, сараптай алатыны, сын көзбен қарай алатыны маңызды рөл атқарады. Баспаларда қайталанбас, үздік сериялар шығарылымы бар. «Абай» баспасынан шыққан бүгінгі серияны классикалық әдебиетке балар едім. Бұл серия әр қазақ отбасының шаңырағының төрінде тұруы керек деп есептеймін». 
Жиынға кітабы шыққан ақын-жазушылардың ұрпақтары да қатысты. Қазақтың интеллектуал ақыны Жұмекен Нәжімеденовтың қызы Әйкен баспа қызметкерлеріне алғысын жеткізді: «Ұйымдастырушылардың үміті ақталып, оқырманның ризашылығына бөленсін деп тілейміз. Қазақ қазақтығын сақтағысы келсе, осы шығармалардың тым болмаса біреуін оқып шығуы қажет. Қазақ халқының дәстүрі, ұғымы, сөзінің қасиеті, түсінігі, ырымдары – ұлттың мәйегі. Ақбереннің талғамы жоғары болғандықтан, әрбір кітаптың мазмұнына баса ден қойды. Жарыққа шыққан кітаптардың авторлары қазақ халқының рухани өркендеуіне бар ғұмырын арнаған тұлғалар. «Абай» баспасының ұжымына шығармашылық ізденістер мен толағай табыстар тілеймін».  
– Отыз жыл бойы қазақ халқының мәдениет, әдебиет саласы дағдарысқа түсті. Соңғы бес жылда елімізде рухани процестер орын алды. Мемлекет тарапынан қаржыландыру болмағанымен, ұлт өзін-өзі түлете бастады. Мәселен Шынар Әбділда аударма істерімен айналыса бастаса, Мақсат Халық сынды білімді, ғылымды игерген азаматтар форумдар өткізе бастады. Алты ай бойы даярланған 35 кітаптың тұсауы бір күнде кесіліп отыр. Құтты болсын! – деді журналист Дина Елгезек. 
Көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтың жары Күлтай Молдағалиева да өз лебізін білдірді: «Бүгінгі кітаптардың шығуы – үлкен жаңалық. Қазіргі заманда бір күнде бір баспадан 35 кітаптың жарық көруін жақсылық деп ойлаймын. Алда осындай кітаптар100 том болып шығатынын айтып жатыр. «Абай» баспасынан шыққан кітаптардың саны да, сапасы да өсе берсін, өне берсін. «Абай» баспасы қазақ жырындағы лирикалық поэманың хас шеберінің бірі және өмірлік жолдасым Тұманбай Молдағалиевтің кітабын шығарып отыр. Қуаныштымыз. Көп рақмет».  
Бақытжамал Мәуленова: «Қазақ халқының тарихи санасы жаңғыруда. Аға буынның мақсаты – өскелең ұрпаққа халықтың дүниетанымынан, әдет-ғұрпынан сыр шертетін, хабар беретін құнды туындыларды жарыққа шығару, көрсету және насихаттау. Болашақ елдің халық сенген, үміт артқан жастары өздерінің шыққан тегін танып білсе, олардың ішкі тірегі де мықты болып, ұлтына адал болмақ. Ұрпағымыз түзу жолмен жүрсе, ұлттың алмайтын шыңы қалмайды. «Абай» баспасы жастығына қарамастан, 35 кітаптың  тұсауын кесіп отырғаны үлкен қуаныш. Бұл – маңдай термен келген еңбектің жемісі. «Абай» баспасының ұжымы бұл жобаға сондай жауапкершілікпен,  тиянақтылықпен қарады».    
«Абай» баспасынан жарық көрген жаңа кітаптар ұлтын риясыз сүйетін, құрметтейтін, талғамы жоғары оқырманға жол тартып, кітапсүйер қауымды рухани өрлеуге бағыттап, жақсы істердің жүзеге асырылуына себепші болады деп сенеміз. 

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
 

116 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз