• Ел мұраты
  • 25 Желтоқсан, 2023

АҒАЛАРДЫҢ АЛАҚАНЫНДА

әйгілі композитор Шәмшінің соңына ерген күндерден естелік жазбалар 

 

Мен Шәмші Қалдаяқовтың туған бөлесімін. Бала кезімде Шәмшінің анасы Сақыпжамал анамның омырауын ашып жіберіп еміппін. Сол кезде сүйкімді сәби болған болуым керек. Сақыпжамал анамыздың көркі мен ақылдылығында шек жоқ. Сосын ән айтқанда дауысы ашық, құлаққа жағымды еді. Дауысын естігің келеді де тұрады. Сондай табиғи, өте ерекше үн еді. Сол кезде менің үш анам болды. Біріншісі – Сақыпжамал анам, одан кейін Гүлсара анам ерекше, Шырынкүл анам да мейірімділігімен бауырына басатын. Сақыпжамал анам «Құлыным» деп еркелетіп, «Ұзағым дәу бастық болады» дейтін. Ал Гүлсара анамыз ғалым, жазушы болады десе, Шырынкүл анамыз «Аман болсын. Аман болса бір жерден шығар» дейтін. Үшеуінің де айтқаны келді, ананың тілегі қабыл болады демекші, бәрін де кішкентай кезімнен сезіп-білгендей. 

 

Үш ананың мейірім-шапағатына бөленіп өскендігімнен бе, бүгінде егде жасқа келіп қалсам да, өзімді ерекше еркедей сезінемін, осының барлығы үш анамның қасиетінен деп білемін. 
Жалпы, мен оныншы сыныпты бітірген соң ел балалары сияқты тура қалаға бет түземеппін. Бір жылдай ауылда анамның касында еңбек еттім. Көмекші комбайнер болдым. Салынып жатқан үйдің кірпішін құйып, көмектестім. Сөйтіп, бір жылдан кейін Алматыға оқуға аттандым. Ол кезде шамалы сырттан көмек болмаса, ақшаң болмаса оқуға оңай түсу жоқ. Нағашы ағам Сағынтай Абызбайұлы мені Шымкентке Шәмші Қалдаяқовқа әкеліп, «мына Ұзақбайды оқуға түсір, көмектес» деп тапсырды. 
Ол кезде Шәкеңнің шешесі Сақыпжамал анам қайтыс болып кеткен. Шәмшінің Шымкентте үш бөлмелі үйі бар еді. Сөйтіп, сол үйде Шәкеңмен бірге тұрдым. Қасымызға үшінші болып Ташкенттен келген Жүнісбектің баласы Болат жайғасты. Шәмші бір күні, бұл қазан айы болатын, маған Алматыға барамыз, жинал деді. Тез-тез киініп жиналдым. Шәмші Болатқа «мен Ұзанмен Алматыға барамын, сен үйге ие бол» деп тапсырды. Сонымен Алматыға келдік. Алматыдағы ол кезде ең ұзын көше Сейфуллиннің бойымен тура тартып, Жамилә жеңешемнің үйіне келдік. Сейфуллин мен Рысқұловтың қиылысында тұрады екен. Жәмила жеңешемнің анасы Нұрбала және Шәмшінің екі жарым жастағы ұлы Мұхтар мен төрт жастағы ұлы Қасым (ол кезде Әбілқасым) бар. Шәмші Жәмила жеңешеме мені таныстырып, мұны мен Кәдірдей жақсы көремін деді. Кәдір дегені өзінің туған інісі. Оның үстіне бұнымен бір ананың сүтін емгенбіз деп қосып қойды. Жәмилә жеңешем «оқуға түсіп кетсін» деген тілегін білдірді. Ертеңіне Шәмші мені КазГУ-дің ректоры Өмірбек Арсланұлы Жолдасбековке алып барды. Ректор бізді өзі күтіп алды. Шәмшіні қатты сыйлайды екен. Аты-жөнімді жазып алды. Келесі жылы уақыттан кешікпей оқуға түсетін кезде кел деді. Шәмші ағам екеуміз мен оқуға түскендей болып қуанып қайттық. Кешке Шымкентке қайтып кеттік. Келе сала оқуға түсуге қатты кірістім. Бір күні Шерхан аға Шәмші ағамен екеуі үйге келді. Болат екеуміз шай қойдық, үйдегі барын дастарханға қойып қуанып жүрмін. Шерхан аға «бұл балалар өскенде кім болады?» деп еді, Шәмші Болатты көрсетіп «бұл үлкен саудагер болады» деді. «Ал мынау ше?». «Ұзағым жазбайды, жазса қатырып жазады» деді Шәкең. Менің мақаламды уақыт тауып оқығанына ағама қатты риза болдым. Бала кезімнен республикалық газет-журналдарға жазып тұратынмын. «Ұзаққа журналистика факультетіне келісіп келдім, осы жазда Алматыға барады» деді Шәмші аға. Шерхан ағаның «е, бұл бала өзіміздің қайыршы екен ғой» дегені есімде. Қалам ұстағандарды құдайдай көретін менің ішімде мына сөзден кейін журналист, жазушы дегендер қайыршы екен ғой деген тайыз түсінік түйін болып қалды. Шәмші ағама сыр білдірген жоқпын, бәрібір сол сөз жүрегімде қалды. Сол қарсаңда Шәмші ағам Төлеген Айбергеновпен бірге Гурьевке кетейін деп жатқан. Маған «Ұзан, Қалдаяқ әкемді больницаға әкелуің керек, саған сенемін, сен тыңғылықтысың» деді. «Жарайды аға» деп Шәуілдірге баруға жолға дайындалдым. Сол күні кешке поезға мініп Шымкентке тарттым, ертеңінде Шәуілдірде болдым. Қалдаяқ көкем қатты ауырып жатыр екен. «Жүрегім, өкпем, бауырым, жалпы іш құрылысым» дейді. Бір самосвал машина Шымкентке барады екен, соған Қалдаяқ көкем екеуміз міндік. Таңертең мінген машина он екі шамасында Шымкентке келді, Шәуілдір біраз жер екен. Шофер «қаланың ішіне кіруге болмайды» деп бізді сыртына тастап кетті. Қыстың күні. Қалың тонды Қалдаяқ көкемді арқалап жаяулап қаланың ішіне әкелдім. Өтіп жатқан бірде-бір машина жоқ, анда-санда ғана бірен-сараны кездескенмен тоқтамайды. Спортпен айналысқанымның пайдасын осы жерде көрдім. Қалың тонды, қолында дорбасы бар Қалдаяқ көкемді біресе алдыма көтеріп, біресе арқалап жөнеп келемін. Ол кезде көкем 80 жасқа таяп қалған, бұрынғы денесі арып, шөкімдей болып шөккен. Кешке қарай Шымкенттің облыстық ауруханасына жеттік, орын тапшы екен. Алғашқы күні коридорда жаттық. Бірақ дәрігерлер бірінен соң бірі келіп карап, ем-домын жасай бастады. Көкеме жақсы қарағанына риза болдым. Бір күннен соң палатаға ауыстырды. Қалдаяқ көкем мені қасынан қарыс қадам жібергісі жоқ. «Ұзақ, мені тастама» дейді. Қалдаяқ көкемнің мінезіне әбден үйренгенмін. Өзімнің де қасынан кеткім жоқ. Бір ақ халат киген егде кісі маған қарап «бұл кісі жасы ұлғайған, қасына күндіз-түні адам керек» деді. Қуанып кетіп «мен қасында болам» дедім. Көкем қолымды қысып, «жарайсың, Ұзағым, сен Сақыпжамалдың көкірегін емгенсің ғой» деді. «Келешегің алда, үлкен бақыт күтіп тұр» деп қойды. Көкемнің терін сүртіп, дәретін алдырып, шайын, тамағың өз қолыммен беріп отырдым. 
Шәмші ағам он бес күннен кейін, Төлеген Айбергенов екеуі келді. Бетімнен сүйіп, «дәрігер саған рахмет айтып жатыр» деді. Төлеген де ризашылығын білдірді. Шәмші ағам екеуі Гурьевте «Акерке, Ақжайық» әнін өмірге келтіргенін айтты. Бір кезде Төлеген «көке, мен мына балаңа арнап өлең шығардым, оқып берейін» деді. Қалдаяқ көкем «айта ғой, айта ғой, шырағым» деді.
Шәке жан,
Қалай екен Шымкенттің шарабы,
Жетіп жүр ме;
Әлде әкеңнің күйігі өтіп жүр ме,
Шарапты шамадан тыс ішіп койып,
Әкеңнен бұрын өліп кетіп жүрме».
«Дұрыс балам, дұрыс» деп Қалдаяқ көкем қатты риза болды. Біраздан кейін Шәмші менің маңдайымнан сүйіп, «қашан шыққанынша әкемнің қасында бол, ол кісі сенің болғаныңды қалайды». «Жарайды, аға» дедім. Төлеген де құшақтап, бетімнен сүйіп, екеуі қайтып кетті. Бір күннен кейін қолымызға хат тиді, Шәуілдірден ауылдағылар жазып жіберіпті, көкемнен сүйінші сұрапты, үйдегі апамыз Жұмакүл ұл туды деп. Қартайса да қайраты қайтпаған көкеме «сүйінші, Жұмаш апам ұл туыпты, атын кім қоясыз?» дедім. «Сексенбай деп пе, иә, солай қоя салсын» деп теріс қарап жатып қалды. Сонымен біз бас-аяғы ауруханада бір айдай болып, ауылға қайттық. Қайтқанда Қалдаяқ көкемнің көршісі Шымкентке машинасымен келеді екен, сол ауыл асып кететін болып келісіпті. Ертеңіне көкемді машинаға мінгізіп салдым. Қалдаяқ көкем бетімнен сүйіп: «Сақыпжамал сені «менің балам» дейтін, енді сен менің балам болдың деп қоштасты... Анау бір жылдары Темір совхозының атын Шәмші Қалдаяқов ауылы деп өзгерткен мерекелік шараға бардым. Тұмаркүл апам мен Раушан апам Шәмшінің туған әпкелері, екеуі де он ұл, он қыз туған, көп балалы аналар. Шәмші айтатындай нағыз қазаққа тән отбасылар. Сонда бәрін көріп көзайым болдым. Сол шараға Бибігүл Төлегенова, Мұхтар Шаханов, Асанәлі Әшімов, Ескендір, Нұрғали, толып жатқан өнер қайраткерлері қатысты. Қалдаяқ көкем отырган үйде Бибігүл, Асанәлі, Мұхтар бәріміз шай іштік. Қасымда отырған Көшербайдан «қазір бұл үйде кім тұрады» деп едім, «Қалдаяк көкемнің кенже ұлы Бақыт тұрады» дегенде таңғалдым. «Қалдаяқ көкем бұның атын Сексенбай қойған еді ғой» дедім баяғы көкемнің айтқанын еске түсіріп. «Көпшілік Бақытжан болсын деп ұйғарыпты» деді Көшербай. Көшербай деп отырғаным Жұмакүл апамыздың үлкен ұлы, мұғалімдік институтты бітіріп, ауылда ұстаз болып жүрген. Сақыпжамал анам қайтыс болған соң, Қалдаяқ көкем осы Жұмакүлді алған. Сөйтіп, ойда-жоқта Қалдаяқ көкемнің кенжесі Бақытты көріп, ішімнен риза болып қайттым. Есігінің алдындағы қайланы бір қолыммен көтере алмай, екі қолыммен зорға көтердім. Қалдаяқ көкем темірден түйін түйген зергер ұста болган, дөңгелеті арба жасаған, ат тағалаған. Тағасы көпке шыдап, ел көкеме алғыс жаудырып жататын. Мен Кәдірмен бірге көкемнің қызған көрігін басып, көмектесетінбіз. Кәдір – Қалдаяқ көкемнің Сақыпжамалдан туған кенже ұлы. Сақыпжамал апамнан: Тұмаркүл, Раушан, Райхан, Шәмші, Кәдір туған. Кәдір туғаннан алғыр бала болды. Ауылда аянбай еңбек етті, мал шаруашылығымен айналысты, ауыл-ауылға кино қоятын киномеханик еді. Мен Кәдірдің соңынан қалмаймын. Үйден қашып, ылғи Кәдірмен бірге жүремін. Тұмаркүл апамызды көре алмадым, он ұлы да үйлі-баранды болған шығар. Оларға тек амандық пен бақыт тілеймін. Ал Раушан бауырмашыл, он қызы мен Қуаныш деген бір ұлы бар, немере, шөбере өсіріп отыр. Үйінде қонақ болдым, құрметпен қарсы алды. Риза болып қайттым. Райхан менен бір жас үлкен. Ақжарқын мінезді, кішкентай кезінен ерекше болатын. Әлі де сол күйі екен. 

ГРУЗИЯ ЕЛІНЕ САПАРЛАҒАНДА

Шәмші ағамның арқасында атақты композиторлар мен ақындардың талайымен таныстым. Төлеген Айбергенов пен Мұхтар Шаханов болса да үнемі қасында жүрді. Олардан бөлек алып ақын Мұқағали Макатаевпен ерекше жақын болды. 70-ші жылдары мен аспирантураны аяқтап, кандидаттықты корғап қойғанмын. Ол кезде «Казселезащитада» құрылыс жағын басқарамын. Бір күні Ленин атындағы (қазігі Сәтбаев) Политехникалық институттың кафедра меңгерушісі, профессор Ақжан Машани маған «Грузияға барасың, сенің докторлық диссертацияңа 50% көмектеседі, лицензия алып кел» деді. Грузия таулы жер ғой, сел болып тұрады. Алматы да таулы жерде. Ақжан ата маған «Менің орныма Николай Артемовичке Қазақстанның атынан сен барасың, мен денсаулығыма байланысты бара алмаймын. Ол кісі де 75 жасқа толды, Тбилисидегі политехтың мен сияқты кафедра меңгерушісі, соған барып қайт» деді. Олай болса докторлығыма лицензия алып қайтайын дедім. Ақжан атамның батасын алдым. Келе сала Шәмші ағама Грузияға баратынымды айтып, «профессор Тевадзе қызмет ететін политехникалық институтта маған сөз берілгенде, қалай сөйлегенім жөн?» деп кеңес сұрадым. «Ол жағын Рафаэль Ниязбековтен сұра» деді. Рафаэльдің ақын екенін білемін, тез тауып алып, ол кісіден Тбилисиде тойда қалай сөйлеуім керектігін сұрап, өзіне Шәмші ағам жібергенін айттым. Онда былай сөйле деді ол: «Бірінші, грузиндер тау халқы, қара шапаны бүркіттің қанатындай екі айырылып жайылғанда тура ұшып жүрген тау қыранындай. Осыны бейнелеп айтасың. Екінші, ол халықтың ата-анасының, жалпы үлкеннің алдында тік тұратынын айт, олар үлкенді қатты сыйлайды. Үшінші етіп Сталинді айт, одан басқа ештеңе айтып керегі жоқ. Жорытқанда жолың болсын інім. Пушкин кітапханасынан осы айтқанымның бәрінің дерегін табасың, дайындал да, бара бер», – деді Рафаэль. Айтқанын істедім.
Үйге келсем, Шәмші ағам мен Мұқағали ағам отыр. Ертең жүретін уақытымды айтып, қонақкәдеге не алу керектігін сұрап, шапан, тақия, домбыра сатып алатынымды айттым. «Домбыра еш жерге сыймайды, оны алмай-ақ қой» деді Мұқағали. Шәмші ағам ештеңе деген жоқ. «Мен онда шыға берейін, шапан, тақия алуға дайындаламын» дей бергенімде, Мұқағали атып тұрып «Ұзақ, біз сені ертең самолетке сағат 10-да шығарып саламыз» деді. Мен Шәмші ағам мен Мұқағалидың мені шығарып саламыны несі, мен кіммін бұлардың қасында, бет-орамалдары мен шұлықтарын жуып жүрген біреумін, бұлардың шығарып салғаны мен үшін үлкен дәреже ғой» деп қатты қысылып, ойланып қалдым. Қонақкәдеге шапан, тақия алып, жолға дайын болдым. Ертеңіне әуежайға бір сағат ерте тіркелуге келсем, құдай-ау, Шәмші ағам жүгіріп келіп «керек заттың бәрін алдың ба?» дейді, «иә, аға» дедім. «Менін саған айтарым, қайтарда пойызбен қайт, жарай ма?», – деді. «Тек пойезбен қайт, түсіндің бе?» деді қайталап. Бір уақытта Мұқағали ағам жүгіріп келіп, мені жеке алып шығып: «Ұзақ, сен пойызбен қайт, түсіндің бе?», – деді. Қарасам Тоқаш, Әбілахат Еспаев бар бәрі мені шығарып салып тұр. Кәдімді Брежновті шығарып салғандай, қол бұлғап, жол болсын айтып тұр. Жолаушының бәрі маған ерекше көзбен қарайды, мынадай адамдар шығарып салып тұр, бұл тегін бала емес дегендей. Мен өзімше қол бұлғап қоямын, тапбір үлкен адам сияқты. Бірақ түсінбеймін неге бұлардың осылай шығарып салып тұрғанын. Ерекше бір сезіммен Грузияға ұшып бара жаттым. Жолай Москваға аялдап, бір сағаттан кейін Грузия астанасы Тбилисиға ұштық. Бір қызығы, Тбилисиға келгенде жат жерге келгендей бір түрлі сезімде болдым, өйткені бір адам орысша сөйлеспейді екен, тек грузинше. Жиырма минуттай күттім, ешкім мені қарсы алмады. Сосын кезекте тұрған таксилердің біреуіне келіп орысшалап: «Мені Политехникалық институттың кафедра меңгерушісі Тевадзе Николай Артемовичке жеткізіңіз» дедім. Ол келісті. Отыра бергенімде артта тұрған таксидің жүргізушісі шығып бірдеңе деп жатыр менің шоферыма. Түк түсінгенім жоқ. Сойтсем, «сенің машинаң ескілеу, жоғары дәрежелі қонақты мінгізу ұят болады, біздің такси жаңалау ғой» деп жатыр екен. Мен қылыштай болып киініп алғам, қолымда қымбат былғары портфель. Сөйтіп, тәуір таксимен Политехтың жаңа корпусына бардық. Жаңағы шофер бала менімен бірге, екінші қабатқа көтерілді. Маркшейдер кафедрасы жайлы, келісті екен. Николай Артемович түрегеліп қарсы алды. Мен таксиске пұлын берейін деп жатыр едім, Тевадзе өз тілінде бірдеңе деп еді, таксист бала басын шұлғып шығып кетті. Николай Артемович мені әуежайдан ешкім қарсы алмағанын біліп ыңғайсызданып қалды, ілк қасымызға бес жігіт жетіп келді. Николай Артемовичті қатты сыйлайтындары көрініп тұр. Сонымен жаңағы бес жігітті ортасында қауға сақалды картаң кісі басқарып, той болатын тауға бірге тарттық. Кешке той басталды. Бағанағы таксимен алып келген Байрамәлі менің қасымда. Николай Артемовичке жақын туыс болып келеді екен. Байрамәліге ешқашан арақ ішіп көрмегенімді, тойда қыстамаулары керектігін айттым. Ол жымиып «біз арақ ішпейміз, тек қана жүзімнен жасалған шарап ішеміз. Қазақстаннан келіп тұрып бір рөмке ішпегеніңіз жарамайды» деп мені тағы да уайымдатып қойды. Мен сәл демалайын дегем, тамақ дайын екен. Тамағы тура біздің мәнті сияқты, бірақ қамыры өте қалың, ортасында болар болмас еті бар. Бір- екеуін жедім, бір табақта тұрған еттен, салаттан ауыз тидім. Бір стақан шарап ұсынып еді, басымды алып қаштым. «Кешке тойда менің үлкен атамның атасынан келе жатқан 300 жыл сақталған шарабы ұсынылады, содан ішпесең қатты өкпелейтін болады» деді. Одан бетер шошып кеттім, бірақ сыр білдірмедім. Сонымен, сөйлер сөзім жазылған қағазымды қайталап алып, шамалы дем алайын деп едім, сау етіп грузин жігіттері келді. Бәрі амандасып, көрші есікке кіріп кетті. Бұлар біз сияқты емес, сағат тура кешкі 6.00-да бәрі бірдей уақытында келеді екен. Байрамның айтуынша, асабадан кейін келгендер ішке кірмейді. Тура сағат 6.00-да асаба да келді. Бәріміз үстелдерге жайғастық, тек асаба сөйлеп жатыр. Тастан өріліп салынған үлкен сарай сияқты, өздері бұл ғимаратты қатты қастерлейтіні көрініп тұр. Мен Николай Артемовичтен кейін алтыншы болып отыр екенмін. Николай Артемовичтің қасындагы ақ шашты кісі сөз сойледі. Байрамәлі маған аударып отырды. Орысша өте нашар сөйлейді екен. Асаба бір кезде Қазақстаннан келген талантты жігіт деп маған сөз берді. Орнымнан тұрып асықпай еркін сойлей жөнелдім. Пушкин кітапханасында грузин ақындарының грузин халқына арнаган өлеңі көп екен, соның бір шумағын орысшалап айтып бердім. Бәрі риза болып қалды. Өлең оқып болган соң, «Николай Артемович, ең бірінші сізді өмірге әкелген ата-анаңызға рахмет, сол кісілердің арқасында біздер, міне, ізіңізді басып келеміз» деп едім, ары қарай айтқызбай жылап жіберді, түк түсінбей қалдым. Жылап тұрып айтқаны: мен кішкентайымнан ағам екеуміз қалдық, институт бітіріп ағам осы кафедрада меңгеруші болатын, сосын кандидаттықты қорғадым, сонда да ағамның шоферімін, бір күні докторлықты қорғадым, сонда да шофер болып ағамды тасыдым. Докторлық қорғағасын ағам, кафедраның жұмысымен таныстырып, лабароторияға дейін шегелеп үйретті. Кафедраның барлық жұмысымен таныстым. Бір күні ағам шақырып алып, мен бір-екі айға іс-сапарға кетіп бара жатырмын, сен осы кафедраны басқара тұр деді. Ағам не айтса да мақұлмын ғой. Содан екі ай өтті. Осы арада Николай Артемович қатты күрсініп, әңгімесін ары қарай жалғастырды. «Бір күні маған телефоннан хабарласты. Ал Николай Артемович, жұмысыңа берік бол, мен мәңгілікке кеттім деді. Ертеңіне үйіне ағамның мәйітін әкеліп қойыпты», – деп еңкілдеп жылап жіберді. Мен портфелімді ашып жіберіп, иығына шапанымды жауып, басына Абайдың тақиясын кигізіп, құшақтап бетінен сүйдім. Менің де көзімнен жас шығып кетіпті. «Ұзақ, сөйлей бер» деді Николай Артемович. Мен сәл ойландым да, үшінші айтпағымды бастап кеттім. Ол, әрине, Сталин туралы. «Халықтар көсемін» қазақ халқы кезінде жақсы көрген деп, ол кісіні де мақтап, сөзімнің соңын ұлы Сталин жасасын деп аяқтап едім, бәрі орындарынан атып тұрып алдарындағы рөмкесін қағып тастады. Іле асаба сөйледі: «Иә, Сталин біздің бала болғаны рас. Бірақ Сталин Сталин болғалы Москвадан шыққан жоқ. Грузияға бір келмей кетті ғой» деді. Сосын бәрі маған аңтарылып қарай қалды. Асаба «Сталинді қалай құрметтейді екенсіз, көрсетіңізші» деп еді, Байрам әлгі шарап ішетін мүйізді қолыма ұстата берді. Құдай-ау, қандай үлкен еді, ішіне екі-үш литр шарап кетеді-ау. Ішімнен уа аруақ, мыналарға күлкі қылма деп, мүйізді басыма көтеріп, бәрін түбіне дейін тартып жібердім. Сәлден кейін екі бетім дуылдап, бәрін білемін, бірақ екі аяғым өзімдікі емес сияқты, біраз отырғасын Байрамәліге айттым, маған ұйықтау керек деп. «Жарайды» деді де, мені лып беріп қолтығымнан алды да, көрші бөлмеге апарып жатқызды. Лезде ұйықтап кеттім, бір сағаттан аса уақытта Байрам оятып «әлі ән салып, билеп жатыр» дегесін, атып тұрып, түк болмағандай, келсем, бәрі қызу, мен ғана сау сияқтымын. Тіптен Байрамәлі де қызу. Николай Артемович «ән сал балам» деді, мен «Менің Қазақстанымның» бір қайырмасын айттым, бәрі ұйып тыңдай қалды. Әннің авторы менің ағам, Шәмші Қалдаяқовтікі дедім, «о, ағаң қандай талант» деп дуылдады. Грузинше билеп ағыза жөнелдім, өте жақсы билеген болуым керек, грузиндер аямай қол соқты. Бағанағыдай үлкен емес, бәрімізге біркелкі рөмкеге құйғанда мен «ұлы қазақ халқы грузин халқын жақсы көреді. Жасасын ұлы грузин халқы» деп едім, Байрамәлі «Жасасын ұлы қазақ халқы» деп іліп әкетті. Бәрі риза болып, дуылдата қол соқты, мен де өзіме ризамын.
Ертеңіне Тбилисиден алпыс шақырым қашықтықтағы Гори қалашығындағы Сталиннің ескерткішіне апарды, биік көрнекті етіп Сталиннің тірі кезінде тұрғызыпты. Алдында Сталиннің суреті жерде жатыр. Парижде Наполеонды көру үшін төмен шұңқырға еңкейеді екенсің, Наполеонға еріксіз бас иесің дегені ғой. Бұл жерде де Сталиннің суретіне қарау үшін еріксіз еңкейеді екенсің. Бір күн тағы да Грузия қалаларын араладық. Сонымен төрт күн өтіп, бесінші күні қалаға шал бастаған бес жігітпен бірге қайттым. Бес күн Грузияда жүріп қалған соң, енді поезбен кетсем бір апта жүретінім анық, кешіктің деп жұмыстан шығарып жіберер дедім. Сөйтіп, самолетпен қайттым. Самолетке мінгенде екі грузин арт жағымда отырды. Мен Байрамәліге елден ұшарда ағаларымның мені шығарып салғанын, оларға молдау етіп грузин шарабын апарсам жақсы болар еді деп, үйдің мекенжайын, телефонын айтқан едім. Самолет Алматыға қонысымен тура Шәмшінің үйіне тарттым. Келсем, Жәмилә жеңешем «қайда жүрсің, үш күн болды сені бәрі күткеніне» деді. Бәрі Әблахаттың үйінде екен, телефон шалып «Ұзақбай келді» деді. Үшеуі 20-25 минут болмай таксимен жетіп келді. Маған бір, есікке бір қарайды, неге пойызбен келмедің деп. 40 минуттай өткенде есік қоңырауы шылдыр ете қалды. Шәмші аға барып ашты. Екі грузин жігіт, бір қолында қап сияқты үлкен пакет, екінші қолында екеуі көтеріп келе жатқан отыз литрлік дәу бөшке. Сөйтсем, Шәмші ағамнан бастап бәрі бөшкені күтіп жүр екен ғой. Сөйтіп бір құмарды қандырды ғой қайран ағаларым. 
Шәмші мен Мұқағали, Әблахат ағаларым грузиндердің мінезін, әдет-ғұрпын жетік біледі екен, мен соған ішімнен қатты риза болдым. Әсіресе Грузияда Шәмші ағаның «Менің Қазақстаным» атты әнін айтқанымда, сөзін білмесе де әнін жүрегімен түсініп, тіптен біреуінің көзіне жас алғанын байқап қалдым. Бұл әннің құдіреті дегенді қойсаңшы! 

ШӘМШІ МЕН ЛАТИФ ХАМИДИ

Бір күні Шәмші ағам «Латиф Хамидиді үйге шақырамын, сен де кел» деді. Латиф Хамиди қазақтың тұңғыш гимнін жазғандардың бірі, «Қазақ вальсі» мен «Бұлбұлдың» авторы, үлкен классик композитор ғой. Бәріміз сондай үлкен кісіні қалай күтеміз деп абыр-сабыр болып жатырмыз. Қобалжулымыз. Көп кешікпей Латиф аға жалғыз өзі келді. Не қасына ерткен досы, не серігі жоқ. Келе сала бәрімізді көңілді әңгімеге тарта жөнелді. Біз» деп бастады сөзін, көзіне сәл жас алып. «Ахмет Жұбанов екеуміз түйдей кұрдаспыз, жатқан жері жайлы, барған жері пейіш болсын. Бір күні мені сол Ахаң шақырды. Қасыма келіп «Абай» операсын бітірдік қой, бір үй бүгін қонаққа шақырды, бірге барайық» деді. Барсақ барайық дедім. Ай, Латиф, барғасын екеуміз бірдей арақ ішкеніміз ұят болады. Алдымен мен ішейін, менің кұлағым қызара бастағанда, сен іш деді. Бұл сөзі ұнап қалды, «жарайды» деп шақырған үйге келдік. Шай келді, рөмкені қойып жатыр еді, бұл кісі ішпейді деп менің алдымдағы рөмкені Ахаң алып қойды. Сөйтіп үй иесі екеуі ғана ұрттап отыр. Шай бітті, артынан ет келді, мен құлағына қарап қашан қызарар екен деп отырмын. Ахметтің құлағы қызарар емес. Ет желініп бітті, артынан тағы шай келді. Мен құлағына қарап өліп барам, кұлағы қызармайды. Е, мені алдаған екен ғой деймін ішімнен ашуланып. Шайдың соңынде қарасам құлағы қып-қызыл болыпты. Қайтатын уақыт қой. Ал мен мәдениетті отырдым, сыбызғыдай сызылып, сол күйімше тұрдым да, үйдің иесіне рахмет айтып. Ахметке қарамай кетіп қалдым. Содан бір аптадай сөйлеспей жүрдік. Бір күні Ахмет жаныма келіп: «Абай» операсын бітірдік қой, бір сыйлы үйге қонаққа шақырады. Екеуміз барайық. Менің құлағым қалай қызара бастайды, сол кезде сен ішуді бастайсың деді. Мен «ой, құлағыңның ішін» деп боктап жібердім. Ол мырс етіп күліп, «өзің ғой сыбызғыдай сызылып болған» деп, мені кінәлап жатыр. Міне, Ахмет Жұбанов досым менімен осылай қалжыңдап ойнайтын». Шәмші ағам күліп, жеңешем де, мен де әңгімесіне риза болдым. Латиф ағаның әйелі өзінен бұрын ерте қайтыс болып кеткен, не ұлы, не қызы жоқ екен. Өлгенде бейітіне қоятын тасының, қоршауының ақшасын аудандық атқару комитетіне қалдырып кетіпті. Мен жерлеуіне қатысып, бәрін ойдағыдай жасадым. Өйткені менің жұмысым бейіт қоршаумен тікелей байланысты болды. Тек Латиф Хамиди аға ғана емес, ондаған адамның бейіт қоршауының жұмысына қатыстым десем өтірікші емеспін. Латиф Хамиди ағам қазақ халқының өнерін әлемге таныстырған, елге бір кісідей еңбек еткен алтын адам ғой. 

ШӘМШІ МЕН АҚЖАН МАШАНИ

Ол кезде мен В.И.Ленин атындағы Политехникалық институттың атақты академик ғалым Ақжан Машани басқаратын маркшейдер кафедрасында жұмыс істеймін. Бір күні Шәмші маған «Ақжан Жақсыбекұлына апар, танысайын, атын әлем білетін ғалым ғой» деді. Ол кезде Шәмшінің әні де, атағы да дүркіреп шығып жатқан кез. Сонымен Шәмшінің «жигулиіне» міндік те, бірден маркшейдр кафедрасына келсек, Ақжан Машани жалғыз отыр екен. Менің ойым, Шәмші музыканы шағады, бірақ Ақжан ағаның Фарабиі мен оның трактатынан не біледі, деп ойладым іштей. Шәмші ағам «Ассалаумағалейкум» деп Машанимен қос қолдап амандасты. «Ақжан аға, мына кісі Шәмші Қалдаяқов деп едім, а, не дейсің?!» деп орнынан атып тұрып, Шәмшіні құшақтап қайта амандасты. Осындай ұлы ғалым Ақжан Жақсыбекұлы әнді, композиторды қатты құрметтейді деп ойламаппын. Ақжан аға маған: «Сен мұндай кісі келетінін алдын-ала айтпадың ба маған» деп әбігерленіп қалды. Бұл кезде Ақжан ағаның да Әл-Фараби туралы бірнеше кітабы шығып, әлемге әйгілі болған кезі. Сонымен Ақжан ағам мен Шәмші ағам екеуі, тура екі сағаттан аса отырып әңгімелесті. Шәмші Әл-Фараби туған Отырарда дүниеге келген. Таңғалғаным, Шәмші Әл-Фарабидың трактатын, оның ішіндегі математикалық жүйені жақсы біледі екен. Жалғыз математика емес, геометрия, физика, тригонометрия, философия, әдебиет, тарих, бәрінен де хабары бар екен. Әсіресе, жұлдыздың Күннен жақын екенін, оны Әл-Фараби нығыздай есептеп айтқанын ағамның аузынан естігенімде еріксіз басымды идім. Есімде қалғаны Шәмшінің бұл дүниеде алдымен адам пайда болды ма, жоқ әлде алдымен кең байтақ табиғат жаратылған ба деген сөзі. 
Алғаш адам пайда болыпты, сосын кең дүние табиғат жаратылған дер еді Шәмші Қалдаяқов. Кейін ұлы ғалым Ақжан аға: «Мен талай адаммен кездесіп жүріп Әл-Фарабидің трактатын, қай саласынан болса да, дәл осы Шәмші Қалдаяқовтай білетін жан көрмедім, сенің бөлең Шәмші ерекше тұлға екен, бұны қазак жастары білуі керек деп, ойланып кетті. 
Шәмші ағамның жүрегін ән боп тербеткен, әлемге паш еткен де осы Отырар сазы, Фараби сазы еді... 

 ШӘМШІ МЕН АСАНӘЛІ

Шәмші ағам бір күні маған жолыға кетті де бірден: «Ұзан, мен жеңешеңнің алдында қатты ұятты болып келем, үш ай болды үй көрмегеніме, жеңешеңнің мінезін білесің, жүр, Жамилә жеңешеңе барамыз» деді. Мен үн-түнсіз ілестім. Ол кезде Шәкең Ленин мен Калинин кошесінің қиылысында, «Қазақстан» дүкені маңында, 9 қабатты үйдің 3-қабатында 83-пәтерде тұратын. Үйге жақындағанда, есіктің алдында Асанәлі Әшімов балаларымен жүр екен, Шәмші ағаның мұндайда жылдам шешім қабылдайтыны бар. «Асанәлі, бері келші» деп шақырып алды. Сол кезде Асекеңнің атақты фильмдерге түсіп гүл-гүл жайнаған кезі. «Ассалаумағалейкум» деп Шәкеңнің қолын алды. «Мен жеңгеңнің алдында ұятты болып келем, үш ай үйде болған жокпын» деді. «Иә, Шәке мен не істеуім керек?». «Сен біздің үйге бар, жүзіміз бір інімсің ғой, Жәмилә жеңешеңнен Шәкең қайда деп сұраған бол да үйге кір, көзіңді алартып «мен сізді бұрыннан көріп жүргем, Шәмшінің мінезін білем» деп тез-тез сөйле, бес минуттан кейін мен Ұзанмен бірге кіріп келем» деді. Не керек, осы сценарий бойынша кіріп келдік. Асекең: «Жеңеше, жалғыз мен сізді сағынып келдім ба десем, мынау ағам неғып жүр?» деді. Қатты сасқан жеңешем: «Асанәлі жаңа ғана кірді, туфлиін де шешкен жоқ» деді. Шәкең «Ұзан, не ғып тұрсың, дүкенге жүгір, коньяк әкел, Асанәлі кеп қапты ғой» деді. Мен жүгіріп барып «Казақстан» коньягын әкелдім. Бірінші Асанәлі сөйлеп, сосын мен сөйлеп, жеңешем үйге келіп қалыпсың деп Асанәлінің иығына шапан жауып шығарып салды. Үй ішінде жарастық орнады. Шәкеңнің осындай қысылтаяңда төтеннен жол тауып кететін тапқыр ғажап мінезі бар еді. 
Қайран, ағаларым- ай!..

Ұзақбай ҚОЖАНТОВ, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

1287 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз