• Тарих толқынында
  • 25 Желтоқсан, 2023

Кеңестік саясат ұлттың болмысын түбегейлі өзгертуді көздеді

Кеңес билігі құрылған тұста жүргізілген саясатты зерттеу барысында көптеген деректерге, тарих шындығына көз жеткізіп отырмыз. 1920 жылдардан кейін саяси-қуғын сүргінге ұшыраған кез келген адам елдің болашағына қарсы қасақана жүргізілген саясаттың ауыр зардабын басынан өткізуге мәжбүр болған. Бұны әлі де терең зеттеу қажет, зерттеу үшін жаңа әдіс, көзқарас, тың пайым қажет. Кеңес билігі тұсындағы саяси-қуғын сүргін 1920 жылдардан бастап жүргізіле бастаған. Ал аштық 1932-33 жылдан кейін де жалғасқан. Бұның астарына терең үңілген сайын мынадай ой келеді. Ұлт, мемлекет және оның өкілі – жеке адамды бір-бірімен біріктіретін негізгі құндылық – еркіндік. Еркіндіктің негізінде ерік қасиеттері, халықтың мыңдаған жылдар бойы қалыптасып, ұлт игіліктерімен байланысып отырған өзіндік санасы жатыр.
Еркіндіктен қол үзгенімен. халықтың бойында ерік-жігер қасиеттері сақталса, өзіндік сана дұрыс болса, бұндай ел түбі тәуелсіздікке қайта қол жеткізеді. Алаш зиялыларының қалыптасу ерекшеліктерін, оларға қолдау көрсеткен тұлғаларды қарастыратын болсақ, осы шындықты анық көруге болады. Негізгі мәселе осында жатыр. Кеңес билігі, большевиктер ерік қасиеті жойылмаған қоғамды, әсіресе халықты басқарудың оңай болмайтындығын жақсы білген. Билік тізгінін қолға алғаннан ­бастап большевиктердің дінге қарсы, одан кейін байлар мен діни адамдарға қарсы саясат жүргізуі сондықтан. 
Ұлттың жүздеген жылдар бойы жинақта­ған тәжірибесін, қол жеткізген игіліктерін бір сәтте жоя салу мүмкін емес. Бұл үлкен қарсылықтың, арпалыстың орын алуына әкеліп соқтырады. Ал Кеңес билігіндегілерге бұндай қарсылықты қолдап, әдейі өршіту тиімді болды. Сол себептен қоғамның алдын ала қарсылығын күшейтіп, оның тұлғаларын күштеп жойып отыру көзделді. Саясаттың қатты жүргізілгені сондай, ақыр соңында кішкентай балаға дейін аяусыз жапа шекті. Қаншама ата-ана баласынан, бауырынан, қаншама бала ата-анасынан айырылды. Аштық кезінде бір-бірінен ажырап қалған, бірін-бірі таба алмай кеткен адамдар қаншама. Тарих ішінде әр түрлі тағдыр жатыр. Осы себептен бүгінгі мемлекет, ұрпақ алдында тұрған үлкен міндет 1930 жылдардағы тарихты терең әрі жан-жақты зерттеумен байланысты деп есептейміз. Кеңестік кезең тұсындағы жағдайға, оқиғаларға қатысты деректердің көбісі сол кездің өзінде бұрмаланған. Бірақ соған қарамастан тарихи шындықты қалпына келтіру ісі тоқтамауы керек. Сол кезде көзбен көрген адамдар бүгінде жоқ, көбі дүниеден өткен. Тек солардың айтқанын ғана білетін кісілер бар. Сол себептен бұның барлығын түгендеп, қолға түсіп отырған деректерге салыстырмалы түрде талдау жасайтын мамандар аса қажет болып отыр. Олар тарихшы, философ, мәдениеттанушы, заңгер болсын, ең бастысы жан-жақты талдайтын тәжірибе болуы керек. Ең бастысы кеңестік саясатты, оның арғы жағында тұрған нәрселерді ұрпақ білуі тиіс. Өйткені, кеңестік саясат ұлттың болмысын түбегейлі өзгертуді көздеді. Елдің тарихи өмірінде үлкен мәдени құбылысқа айналған интеллектуалдар дәстүрінің өзі қасақана терістелумен болған. Бұдан большевиктік саясаттың алдын ала үлкен дайындықпен жүргізілгенін көруге болады. Дәлірек айтсақ, мемлекеттің мүддесі үшін ұрпақты төл құндылықтарынан күштеп ажырату шаралары алдын ала ойластырылып жүргізілген. Мәселен, қазақ қоғамында әлеуметтік институттардың бірі саналған байлар мен діни адамдардың қызметі шектеліп қана қоймай, оларды халықтың санасынан жою көзделді. Шын мәнінде, ол кездегі байлар мен діни адамдардың тарих, келер ұрпақ алдында қаншама пайдалы іс атқарғанын көріп отырмыз. Ұлт тұлғаларының қоғамдағы рухани дәстүрінің саяси мақсатта терістелгені сондай, әлі күнге дейін «бай», «молда», «ишан» деген ұғымдарды зерделеуде әртектілік көп. Тарих шындығының бұрмалануы деп осыны айтар едік. Бұның барлығы қалпына келтірілуі керек. Кеңес билігі ұлт тұлғаларының болмысын терістеп, елдің санасынан ығыстырып шығару үшін түрлі ұғымдарды енгізген. Мәселен «банды», «шайка», «аферист», «батрак», «бедняк», «середняк», «оңшылдар», «солшылдар», «антисоветтік элемент», «байшыл», «байшылдық», «байшылдықпен күрес», «діншіл» және басқа сөздер жиі кездеседі. Бұан бөлек халықтың әлеуметтік танымындағы ұғымдар да саяси мақсатта бұрмаланып, қоғамға қарсы пайдаланыл­ғанын көруге болады. Осылардың барлығы қоғам игіліктеріне қарсы сананы өзгертуде саяси мақсатта пайдаланылған. Бай емес адамды бай деп тану, кедей емес адамды қолдан күштеп кедей қылу сынды әрекеттер орын алды. Ал бұған қарсы тұрып, қарсылық көрсеткен халық үлкен қысымға ұшырады, қоғамда жазалаудың көптеген түрлері орын алған. Қиын күйге түсіп, еріксіз босқынға айналған халықты большевиктер «откочевка», «откочевники» деп атаған. Аштықтан аман қалып елге оралғандарды «возвращенцы» деп жазған құжаттарда. Осындай қасақана қолданылған сөздердің астарында не жатыр? Бұл да арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе. 1931-1933 жылғы ашаршылықта халық басқа жаққа кетейін деп кеткен жоқ. Кеңес билігі жоғарыдан қайта- қайта қаулыларды түсіріп, астық, ет, етке мал дайындау талап етілді, бұрыннан келе жатқан ауылдарды жою, олардың атауларын өзгерту орын алды. Салықтың неше түрі шықты. Егін шықпайтын жерлерге егін еккізіп, астықты мол алу талап етілді. Осының барлығы халықты үлкен қиындыққа түсірген. 1931 жылы үкімет байдың малын ғана емес, бұрынғы байдың малы деген желеумен қарапайым халықтың да қолындағысын тартып алған. Мәселен, 1931 жылдың 16 ақпаны күні Ырғыз аудандық партия комитетінің отырысында осы мәселе қаралған. Сонда қазақ ауылдарында қатты аштықтың орын алып жатқанына қарамастан, ет дайындау жоспарын ұлғайту жөнінде жоғарыдан арнайы шұғыл тапсырмалардың беріліп отырғанын көруге болады. Аудандық партия комитетінің бюро жиналысының хаттамаларында былай деп жазылған: «Тыңдалды:.... Алматыдан мал дайындығы жайында берген телеграмы...Қаулы: Өлкелік партия комитетінің тапсырысы бойынша 1931 жылы өлкеден берілген мал дайындығы шарт жоспары сиырдан 28 000 бас, қойдан 30310 бас болып 100% түгелімен алынып, жоспарды түгел алғанда жаңадан қосылатын мал саны дайындыққа қосылып, 1 кварталда 12194 бас сиыр, 13871 бас қой дайындалсын. Осыған лайық январ, феврал айларында 840 тонна ет жеткеру хаты қатты ескерілсін. Ет одағымен байланыс... тапсырылсын. 12 сағат ішінде 1 кварталдық жаңадан қосылатын мал дайындық пландарын бұрынғы ретше ауылдар сайын жоспарлап, түсінік қолданбалар мен жаңадан шығатын уәкілдерге берсін. Ет дайындық шартымен ағымдағы науқандарды күшейтуге жаңадан ауылдар сайын төмендегі жолдастар тағы жіберілсін....». Бұл құжат Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатының 5-ші қорында сақтаулы. 1931 жылы Торғайдың, Шалқар мен Ырғыздың шалғай ауылдарында адам көп өлген. Тірі қалғаны тамақ іздеп жолға шыққан. Осы аштық кезіндегі өлген адамдардың есебі толық алынбаған. Аты-жөні екі бастан айтылмайды. Елге аман-есен жеткен адамдардың ішінде бірен-сараны болмаса, жапа шеккендердің саны, аты-жөні толық жазылмаған. Аштық кезінде бір ауданнан екінші ауданға қарай көшіп, кейін сыртқа қарай босқан халықты қасақана «қожалық» деп көрсеткен. Ал бір қожалықта қанша үй, әр үйде қанша адам болған, бұның өзі тағы белгісіз, құжаттарда көрсетпеген. Бір ауданның өзінен кемі 1000 -2000 қожалық көшкен. Торғай ауданының өзінен 2000-нан астам қожалық сыртқа кеткен. Сыртқа кеткен халықтың қолында түк болмаған. Елде қысым көп болған соң амалсыздан діни адамдар, басқа да тұлғалар кетті. Солардың соңынан ауыл адамдары да еріп кеткен. Босқан халықта түк болмаған, барлығын Кеңес үкіметі тартып алған. Осы тұста ескерілетін нәрсе, тәркілеу 1928-1929 жылы ғана емес, одан кейін де жалғасып отырған. 1930 жылы көтеріліс кезінде ауылдағы бұрынғы бай мен молданың отбасын тағы да тәркілеуге тапсырма берілгенін көріп отырмыз. 1930 жылы қаңтар-ақпан айларында Ақтөбе округтік комитетінің БК(б)П жабық түрде өткізілген отырыс­тарында байларды, діни тұлғаларды түгелдей жоюға қатысты жоспар қаралған. Күн тәртібінде бір ғана мәселе, осы байларды, діни тұлғаларды тап ретінде түгелдей жою, соған дайындық жұмыстары төңірегінде болса, отырыстың бірінде қабылданған шешімдердің бірі мынадай: «Особо обратить внимание опертроек районов, намеченных и сплошной коллективизацией более тщательный и полный охват всех баев, кулаков и антисоветских элементов, имея в виду поголовное выселение этих элементов из районов сплошной коллективизацией... о лицах духовного звания (муллы, попы и др. ) дать особые указания в инструкции...». 1937-1938 жылғы сталиндік репрессия – Кеңес билігі құрылған тұста жүргізілген саясаттың ең соңғы сатысы ғана. Ол 1925 жылдардан бастап қысымға ұшыраған, қудаланған адамдардың тірі қалғанын түгелдей жою үшін жасалған еді. Бұл уақытта ұсталған адамдар 1930 жылдары халық сотымен сотталып келгеннен кейін ауылдарында өз бетімен жүрген. Оларда Кеңес үкіметіне қарсы шығатындай, қарсы адам жинайтындай күш болмаған. Бірақ соған қарамастан олар тегістей сталиндік саясаттың құрбанына айналды. Бұлардың балалары 1941 жылы соғысқа кетіп, көбісі майдан даласында қаза тапқан. Бұдан бөлек Кеңес билігі құрылған уақыттан бастап барлық салада тазалау жүргізілгенін құжаттардан көріп отырмыз. Осылардың барлығын зерделей келе, сталиндік саяси-қуғын сүргін 1923 жылдардан басталып, 1950 жылдары жалғасты деп айтсақ қателеспейміз. 1920 жылдардан кейін дінге қатысты қаулылар шыға бастаған. Діни сенімдегі, көзқарастағы адамдарды партияға қабылдамау, қабылданған болса партиядан шығаруға арнайы тапсырмалар берілген. Мәселен, 1922 жылғы қаңтардағы РКП(б) ОК пленумының дінге қарсы үгіт-насихатты күшейтуге қатысты қаулыларында діни көзқарастағы адамдарды партияға қабылдамау, партиядан шығару қатаң түрде тапсырылғаны жазылған. Қаулы бірнеше пункттен тұрады. Барлық пункт бойынша қабылданған шешімнің мақсаты интеллектуал адамдарды қоғамнан шеттету болған: «Не принимать в партию, даже в кандидаты, тех кто выполняет какие-либо обязанности священнослужителей любого из культов, как бы незначительны ни были эти обязанности перед членами партии....Не принимать в партию интеллигентных выходцев из буржуазной среды, если они не выразят полного согласия с.п. 13 программы. Считать по отношению ко всем развитым, сознательным, интеллигентным членам партии этот пункт не только обязательным, но и требовать активного его проведения в жизнь, т-е. участия в культурно-просветительской деятельности, направленной против религий... 
Члены партий, занимающие ответственные пости, ведущие активную советскую или партийную работу, за нарушение партийной программы в области религиозной, за связь с тем или иным религиозным культом, исключаются из партий...
Допускать в отдельных случаях в виде исключения участие в партии верующих, если они своей революционнной борьбой или работой в пользу революции, защитой ее в опаснейшие моменты доказывали свою преданность коммунизму, по отношению к ним вести особую работу их перевоспитания и выработки стройного, научного марксисткого мировоззрения, которое одно только может вытравить религиозность... 
По вопросу об антирелигиозной агитаций дать директивы всем партийным организациям и всем органам печати не выпячивать этого вопроса на первое место, согласовать политику в данном вопросе со всей нашей экономической политикой, сущность которой заключается в востановлений действительного соглашения между пролетариатом и мелко буржуазными массами крестьянства, еще и до сих пор проникнутыми религиозными предрассудками» [1. 18 п.]. Осыдан кейін (1925 жылдардан бастап) ауылдардағы медреселер жабыла бастады. Бала оқытуға тек ірі қалаларда ғана рұқсат берілді. Неге бұлай болған десек, алаш зиялыларын өңірлерде қолдап отырған байлар мен молдалар көп болды. Бұлардың қызметін шектеу керек болды. Шектеу жұмыстары біртіндеп осылай басталған. Әлихан Бөкейхан 1918 жылы «Абай» журналында жазған мақаласында тез арада әскер құру, ауылдарда 3 сыныптық мектеп ашу керек деген мәселе көтеріп, қоғамға үндеу тастаған болатын. Осы үндеуді ең бірінші болып қолдаған байлар мен молдалар болды. Олар 3 сыныптық мектептер ашқан. Өздеріне ақтардың әскерінен, басқа жерлерден бесатар мылтық сатып алған. 1919 жылдары медреседен білім алған адамдардың көбі Алаш әскеріне қабылданған, байлар бұларға жылқы берген. Осының барлығын тегістей зерттеп отырған Кеңес билігі, түгелдей жою үшін жер-жерлерде медреселерді жауып, діни тұлғалардың білім берудегі қызметін шектеуді қолға алған. Торғай, Ырғыз өңірлерінде 1925 жылы мешіттер жабыла бастаған. Одан кейін басқа аудандардағы мешіттер түгелдей жабылған. Жоғарыдан құпия түрде мешіттерді жабу жөнінде арнайы тапсырмалардың берілгенін көріп отырмыз. Осы жылдары өңірдегі барлық ауқатты адамдардың, соның ішінде молдалардың сырттай жеке бақылау істері дайындала бастаған. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатында Торғай, Темір ауданына қатысты діни адамдардың жеке бақылау істері сақталған. 1918 жылы 1-ші тамызда «Абай» журналында жарық көрген «Қазіргі керек екі нәрсе» атты мақаласында Әлихан Бөкейхан былай деп халыққа үндеу тастаған: «Менің ойымша, қазіргі бар күшті жұмсап қауырт кірісетін екі нәрсе деп білемін. Бірі милиция, әскер жасау; екіншісі – оқу жағы. Әрине, басқалары да өз ағынымен істеліп жатыр, олар тоқтамасын демеймін. Бірақ, бұл екеуі өзгелеріне негіз: бірі кейін қала тұруға болмайды. Милицияның керектігі: заман күштінікі, қару-жарақтінікі, атты-тондынікі. Әскер жасап алмасақ, осындай астан-кестең аударыспақ заманда елімізді, жерімізді, мал басымызды қорғап ала алмаймыз, көрінгеннің ауызында кетеміз, жұрттығымыздан айрыламыз...Сыртқа елеулі ел бола алмаймыз, сыбаға ала алмаймыз, осы күнде ұялғанынан бермейді, қорыққанын сыйлайтын заман... Милициямыз болмаса елге айбарлы, әмірін тыңдатарлық, тәртіп, тыныштық орнатарлық үкімет бола алмаймыз, халық бассызданып малша жайылып кетеді... Және осыдан жер-суға, ел-жұртқа қатер таянып тұрғанда серпіліп, атқа мініп, адам қатарына кірмесе, ерленбесе, ширамаса, шаң жұтпаса, қазақ еріншек, ез, керенау жұрт, жуырда ел қатарына кіре алмайды, өнер таба алмайды, езіліп жата береді. Ұлт намысын ойына алып, қазақтың жігерленетін мезгілі жетті. Сол себепті, ең керек нәрсенің біріншісі милиция, бар күшті милиция жасауға салу керек.
Онан соң оқу керек... Ел билейтін саясат адамдары, үкімет қызметшілері, дәрігерлер, мұғалімдер, агрономдар, судьялар, инженерлер, техниктер, кооператорлар – бәрі оқыған, үлкен, орта дәрежелі медреселерді бітірген адамдар болуы керек...» [2. 231 б.]. 1918 жылдары көптеген діни білімі бар адамдардың Уфадағы медреседен білім алып келгенін көреміз. Осы кісілердің де арғы жағында Алаш зиялыларының тұрғандығын көруге болады. Мәселен Ырғыз ауданының тұрғыны, 1937 жылы сталиндік саясаттың құрбаны болған Әбдіған Қожахметұлы осы жылдары Уфадан білім алып, үш сыныптық мектептер ашқан. Осы жерде тағы бір ескеретін нәрсе, 1918 жылдары қазақ ауылдарында ашылған үш сыныптық мектептер «Ақ школ» деп аталған. Әлихан Бөкейхан осы мектептерге сырттан ешкімді шақырмау керектігін, сабақ беруге медреседе білім беретін адамдарды жұмылдыру қажеттігін де жазған болатын: «осы күнде мекемелерге, қызметке қазақтан оқыған адам жетпей жатыр. Бұл жетпеу көпке шейін созылады. Жай жұрттан жолдаған қызметкерің өзіңнен шыққандай болмайды, ішіп кетер, жеп кетер, жаны ашып ынтасымен қызмет қылмайды. Іс басына мініп алып, қазақты көзге түрткі қылып, ұлықсып, кес-кестейді де отырады. Орысты неміс солай қылып, оңдырмай келген. Біздің әскербасы адамдарымыз да өзімізден болуы керек» [2. 231 б.]. 
Дінге қарсы саясаттың өзі біртіндеп түрлі тәсілмен жүргізіліп отырды. Әуелі қоғамға діни секталардың кіруіне қасақана жол берілген. Содан кейін жергілікті халықтың діні мен жаңадан кіріп жатқан діни секталарға тең мәртебе беру үшін арнайы қаулылар шыққан. Бұндағы мақсат халықтың байырғы дінін ығыстыру, оны қысымға ұшырату үшін қолдан себеп жасау көзделген. Кеңес үкіметінің 1926-1927 жылғы қаулыларында мешіттер мен шіркеулерді діни бірлестік ретінде қайта құру талап етілгендігін көруге олады. Осы кезде діни секталарға діни бірлестік ретінде тіркелуге рұқсат берілген. Мешітті діни бірлестік ретінде тіркеу үшін арнайы «герб» салығын төлеуге тиіс. Ғимаратқа 11 сом, бірлестік құрамындағы әр адамға 2 сом деп бекітілген. Мешітке келетін адамның тізімі, әлеуметтік статусы белгіленді. Бірлестік құрамындағы адамдар саны 20 адамнан кем болмауы тиіс. Бірлестіктің ережесінде және үкіметке жолданған хаттамада «қолымызға қару алып, қызыл армияға қызмет етуге дайынбыз» деген сөз міндетті түрде болуы керек. Бұл жоғарыдан аудан-ауылдардағы басшыларға жолданған жеделхаттарда ашық жазылған. Патша заманында Бұқарадан, еліміздегі ірі әулие кісілер ұстаған медреселерден білім алған, ұзақ жылдар бойы елге қызмет етіп келген діни адамдарға мешітке барып уағыз айтуға рұқсат берілген жоқ. Мешітке жиналғанда Кеңес үкіметінің шығарып жатқан заңдарын, соның ішінде астық, ет дайындау жұмыстарын талқылауға тыйым салынды. Бір сөзбен айтқанда, 1925 жылдан бастап әрбір діни адам Кеңес билігінің қатаң бақылауында болған. Ал бұған қарамастан Ақтөбе ауылдарында көптеген молдалардың үйінде бала оқытқанын көріп отырмыз. 1926-1927 жылдары Кеңес үкіметі елдің болашағына қарсы жүргізіп отырған саясатын ашық түрде көрсете бастады. Діни адамдардың, байлардың тізімі жасақталып, оларды сайлау құқынан айыру жөнінде шешім шықты. Бұдан басқа, саудамен айналысатын, ел ішінде емші, бақсы, балгер атанған адамдарға дейін сайлау құқынан айырылған адамдар қатарына кірген. Осыдан кейін олардың мал-мүлкі тәркіленіп, қудалау басталған. 1928 жылы Ақтөбе облысы бойынша 70-ке жуық адамның (үлкен, жасына қарамастан) кішкентай баласы, немересіне дейін отбасымен Қарқаралыға жер аударылды. Облыстан елдің басқа өңіріне жер аударылған кісілердің ішіндегі Кәрім Сүлейменов, Мамыт Дуабаев, Байқожа Шалқошқаров сияқты жасы жетпіске келген кісілер сол жақта қайтыс болған. Аштық кезінде көбісінің отбасы мүшелері қайтыс болып, сол жақта қалған. Еліміздің басқа өңірлерінен байлар мен діни адамдар Ақтөбеге жер аударылған. Олардың ішінде де осы жақта қайтыс болғандары, аштық кезінде осы жақтың халқымен бірге басқа елге кетіп қалғандары бар. 1929 жылы діни адамдардың мал-мүлкі тәркіленіп, оларға астық дайындау талап етілді. Астық ала алмаған кісілерді Кеңес билігіне қарсылық танытты деген жаламен халық сотымен бес жылға соттап отырған. Осындай надандықтың, әділетсіздіктің салдарынан 1930 жылы жаппай көтеріліс орын алғанын түсіну қиын емес. Кеңес билігінің өзі халықтың қарсылығын осылайша қолдан күшейтіп отырған. Осы жерде айта кететін тағы бір нәрсе, 1923-1925 жылдарда кейбір аудан, ауылсовет басшылары да жұмыстан шығарыла бастаған. Кейін бұларға байларды күні бұрын ақпараттандырып, олардың шаруашылығын ұсақтауға көмектесті деген айып тағылған. Бұған қарап сталиндік саясаттың алын ала қалай ойластырылып жүргізілгенін түсіну қиын емес. 1929 жылы халық сотымен сотталған адамдардың өзі екі деңгейге бөлінген. Біріншісі жасы 70-тен асқан адамдар. Бұлар 1-2 жыл мерзімге сотталып, Ақтөбе қаласындағы еңбекпен түзету лагеріне жіберілген. Екіншісі жасы 70-ке дейінгі адамдар. Бұлар 5 жылға сотталған. Олардың лагерьдегі жағдайының өзі бөлек мәселе, арнайы зерттеуді қажет етеді. 1930 жылдары Ақтөбедегі еңбекпен түзету лагерінде орын болмай, тамақ жетпей, індет өршігендігі құжаттарда жазылған. Халық сотымен сотталған жергілікті адамдардың үсіне басқа жақтан жер аударылып келген шетелдік азаматтар қамалған. Олардың бұндай қысымға шыдамай, жүйке аурына шалдығып жатқандығы айтылады: «В связи с увеличением численности заключенных в ИТД участились случаи заболеваний, обьявлений голодовок и пореза. Последний случай практикуются исключительно среди рецидива. Отведенная при больнице камера для больных заключенных, постоянно занята психически больными, в силу чего Исправтруддом вынужден доставляемых больных в больницу помещать в общие палаты, вместе с обывателями, без надлежащей охраны и надзора за ними, вследствие чего заключенные из категории рецидива совершают побеги, что и повторилось вчера, из Горбольницы в 2 часа дня бежали двое заключенных Старостин и Попов» [ 3, 27 п.]. Жергілікті кісілердің көбісі үйқамаққа жіберіліп, олардың кейбірі Ақтөбенің аудандарына кетіп қалған. Көтеріліске қатысқан, сыртқа кеткен, үйіне қайтып келген. Ал 1931 жылы аштық кезінде аудандарда кейбір халық соты өкілдерінің өзін байларды жасырды деп соттаған. Аудандардағы халық соты өкілдеріне ешқандай білімі жоқ адамдарды қойғанын да байқауға болады. 
Кеңес билігіндегілер байлардың, халықтың мал-мүлкін тәркілеудің аяғы неге әкеліп соқтыратынын жақсы білді. 1927 жылға арналған Ақтөбенің бюджетін бекітуде қаруды көбейтуге қатысты қаржы бөлінген. Газеттерге қандай материалдар жариялану керектігі, қазақ, орыс тілдеріне «Кедей», «Актюбинская правда», «Степной крестян» газеттерінен қанша дана шығарып, таратылатыны жөнінде алдына ала жоспар бекітілген. 1930 жылы ақпан, наурыз айларында Ырғыз көтерілісі орын алды. Одан кейін Ақтөбенің басқа аудандарында, елімізде көтерілістер шыға бастады. Осы кезде бірғана Қарабұтақ өңірінен 500-600 адамның шамасында жиналғаны айтылған. Барлығының басшылары молдалар деп көрсетілген. Жобамен қарасақ, бір ғана Ырғыз маңына жиналған көтерілісшілер саны 3000-ның үстінде адам болғанын байқауға болады. 
1931-1933 жылғы ашаршылыққа Кеңес биілігінің жүргізген саясаты тікелей себепкер болғанын айтуымыз керек. Адамдар сыртқа қарай қай жолмен жүрген, жолда қай жерлерге, қай ауылдарға тоқтаған, аштықтың салдарынан өлген адамдар қандай орындарға жерленген, осылардың көбісінің орнын мұрағат қорларындағы деректер арқылы анықтауға болады. Ашаршылық құрбандары жерленген жерлердің көбісі ескі мешіттердің, қорымдардың маңынан табылуда. Ақтөбенің аудандарында жойылып кеткен ауылдардың орындары көп. Сол ауылдардың жанында мешіт орындары, ірі діни адамдар жерленген қорымдар бар. Олардың көбісінің құлпытастары сақталған, ескі қадым жазуымен жазылған. Мәселен, бір ғана Қарғалы ауданында Қызылту, Шаншар, Дамбар деген ауылдар кезінде үлкен орталыққа айналған ауылдар болған. Осы ауылдардың орындары зерттеліп, мемлекеттің қарауына алынса дейміз. Қазіргі Шалқар ауданының Ырғызбен шектесетін аумағында бұрынғы Ақсай ауылының орны бар. Бұл жерде революцияға дейін 300 шаңырақ тұрған. Ал 1931 жылғы аштықтан кейін бірде-бір үй қалмаған. 1930 жылдары газет беттеріндегі Ақтөбе облысының аудандарындағы колхоздарға қатысты материалдарды қарайтын болсақ, бірде-бір байырғы жер атауымен аталған колхоздарды кездестірмейміз. Мәселен, 1932 жылы 2 қазанда «Актюбинская правда» газетінде «Темпы передовых колхозов всем колхозам области» деген тақырыпта шағын мақала жарияланған. Сонда бір ғана Ақтөбе ауданындағы 20 колхоздың атауы көрсетілген. Осы мақалада аталған колхоздарға келетін болсақ, «Карл Маркс», «Соц-пут», «Красное поле», «Пролетарская революция», «Блюхера», «12 лет Октября», «Болгарский коммунист», «Мировая революция», «Черванный Серп», «Красный колос», «Второй год пятилетки», «Қызыл казак», «Третий интернационал», «Бедняк», «10 лет Октября», «Штурмовик», «Труд бедноты», «Заря свободы», «Новостроенный» және т.б. большевиктік саясатқа негізделген атаулар кездеседі. Мақала авторының ата-жөні көрсетілмеген, тек бүркеншік аты Леб деп жазылған. Алдымызда тұрған мәселе, Ақтөбе олыстық мемлекеттік мұрағатында осы кезеңге қатысты деректердің 50-60 пайызы төте жазумен жазылған. Әсіресе Ырғыз, Торғай, Шалқар, Табын, Темір аудандарына қатысты құжаттардың көбі төте жазумен жазылған. Шалқар ауданының мұрағатында Табын, Темір, Ырғыз аудандарына қатысты құжаттар көп сақталған. Ал Қобда ауданының архивінде Мәртөк, Ойыл аудандарына қатысты деректер көп. Бұнда да төте жазумен жазылған құжаттар көп сақталған. Осылардың барлығы зерттеуді күтіп тұр. Осы бағытта кәсіби деңгейде зерттеу жасайтын мамандарды көбейту керек. Сталиндік репрессияға ұшыраған тұлғалардың арғы жағында Досжан, Нұрпейіс сияқты ишандар тұр. Бұлар кезінде Абайдың әкесі Құнанбаймен бірге қажылыққа барған, елге қызмет еткен. Бұлардың барлығы солардың мектебінен тәлім алған адамдар. Бір ғана Темір ауданының өзінде Досжан ишаннан білім алған жүздеген шәкірттің болғанын көріп отырмыз. Бұлар әлі толықтай зерттелген жоқ. Ақтөбе облысында Кеңестік саясатқа қарсы көтерілістер орын алған жердің бірі – Ырғыз, Торғай өңірі. Соңғы ғасырларда ұлт тарихына қатысты Ырғыз жерінде орын алған оқиғаларды зерделейтін болсақ, оның тамыры тереңге кетеді. ХІХ ғасырдың орта кездерінің өзінде бұл аймақ экономикалық, саяси және әскери жағынан стратегиялық аймақтың бірі саналған. Қазақ хандарының тұсында, тіпті одан арғы уақыттың өзінде бұл жер жаумен соғысуда оған тойтарыс беруге қолайлы аймақ болып есептелген. Қазақтың ең соңғы ханы Кенесары ауылдары осы Ырғыз-Торғай маңында алты жылдай тұрып, әскер санын көбейткені белгілі. Осы жерден патша әскерлеріне қайта-қайта соққы берілген. Патша билігі Кенесары армиясы бұлай күшейе берсе өзіне қиындық туатынын біліп, 1945 жылы Жармоладан әскери бекініс салған. Бүгінгі ұрпақ осы бекіністі Ырғыз қаласының бастауы деп ойлайды, шын мәнінде бұл бекініс қазақ даласында үлкен қантөгістің орын алуына, хандық биліктің түбегейлі жойылуына себепкер болған бекіністің бірі. Патша билігі қазақ хандығын әлсіретіп, мемлекет құрылысын түбегейлі өзгерту үшін елі ішіне әскери күштерін орнықтыруды көздеген еді. Бекініс салудың арғы жағында әскерді орнықтыру саясаты жатты. Патша билігі елді барынша әскери күшпен, тәртіппен басқарғысы келді. Бірақ бұл саясат толығымен жүзеге аса қоймаған. Хандар билігі күшпен жойылғанымен ұлттың идеясы елдің танымында қалды. Олар армандаған дүниелер ұлт зиялыларының тарапынан зерделеніп отырды. Ендігі жерде елге ие болатын, сол кездегі патшаның отаршылдық саясатына қарсы қоғамды дайындаған байлар мен діни тұлғалар дәстүрі ғана қалды. Сондықтан да 1937-38 жылдары Ырғыз өңіріндегі сталиндік саяси-қуғын сүргін құрбаны болған тұлғалардың тағдырын зерттеуде, олардың тәуелсіздік жолында күрескен адамдар, солардың тікелей істерін жалғастырған адамдар екенін естен шығармаған жөн. 1917 жылы жазылған Орынбор мен Торғайдың Епископының православтық мінәжат ету бөлімшесінің құжаттарында мынадай деректер кездеседі. Бұнда Ақтөбе, Торғай өңірін қамтитын миссионерлік мектептер санын көбейту, миссионерлердің ішінде исламға қарсы жасырын түрде жұмыстар жүргізетін қызмет ашу қаралған. Құжат былай деп басталады: «На отношеніе, оть 27 Іюля 1916 года за №24415, долгомъ почитаю сообщить, что внышняя миссія въ Оренбургской епархіи соорганзована уже 41 годь тому назадь Въ 1875 году 21 ноября при вывшемь Епископь Митрофань, торжественно быль рткрыть Оренбургскій Епархіальный комитеть православнаго Миссіонерскаго общества, какъ отделеніе последняго и онъ досель стоить во главы внышней миссіи, дьйствующей въ пределахь местной епархій. Въ своей дьятельности комитет руководствуется уставомь Православнаго Миссіонерскаго общества ВЫСОЧАЙШЕ утвержденнымъ 21 ноября 1869 года. Въ составъ местной епархіи входять: Оренбургская губернія съ населеніемъ въ 1, 796, 236 об.п., 1/5 часть коего принадлежить къ магометанскому вероисповеданію, это именно преимущественно башкиры и частью татары, и Тургайская область съ населеніемъ 777, 577 об.п, 2/3 коего принадлежить къ магометанскому вероисповеданию; что почти исключительно киргизы. Помимо некрещеныхь инородцевъ въ епархіи имъется несколько десятковъ тысячь крещеныхъ инородцевъ – татаръ, чувашь, мордвы, тетярей и калмыковъ. Точныхъ свідініи этночествь той или иной національности крещенихь инородцевъ не имьется...Деятельност миссіи въ епархіи направлена... преимущественно на борьбу съ исламом» [4. 2 п.] 
Халықтың діни сенімін, өзіндік санасын әлсіретіп, түбегейлі өзгерту мүмкін болмаса да оған жан-жақты түрде, жаңа бағытта, жаңа тәсілмен әсер ету жоспарланғанын көріп отырмыз. 1871 жылы 21 шілдеде Орынбор Генерал губернаторына Орал облысы әскери губернаторының жазған мәлімдемесінде қазақтарды орыстандыру саясатын жүргізуге қатысты деректер кездеседі. Бұнда қазақтарды дінінен ажыратып, болмысын өзгерту үшін арнайы қазақ тілін білетін мұғалімдерді дайындау арқылы орыс тілін үйрету, орыс алфавитін енгізу, орыс алфавитінде кітаптар шығару жөнінде айтылған. Қазақтар діни сауатты болып, дін мен араб алфавиті тұрғанда саясат жүргізудің мүмкін еместігі айтылған: «...Взгядь Г. попечителя на распространеніе между киргизами русской грамотности основывается на томь, чтобы учить ихъ русскому языку средь народныхь киргизскихь учителей при помощи ихь родного киргизскаго языка и учебниковь на этомь языке, напечатанныхъ русскимь, а отнюдь не арабскимь шрифтомь, при чемь современно не нужно и даже вредно требовать чтобы народные киргизскіе учители этого способа обученіа русской грамотности и склонять киргизь къ отдат.. своихь детей вь русскіе школы...По вопросу же о необходимости, чтобы для успеха обучения киргизы народные учители знали татарскую грамотность, я вполне согласен мнением Тургайского Военного губернатора.Не касаясь того, какъ глубоко проникло въ ... и дух киргизскаго населенія магометанское вероученіе и насколько киргизы, по выражению г. попечителя, .... необходимо, однако, признать за несомненный факть, что киргизы достаточно уже прониклись духом исламизма, и не имея своей народной письменности, давно уже ... непременно знали татарскую грамотность, Военный же Губернатор Тургайской области признаеть это последние условіе необходымь» [5. 12 п.]. Осы Торғай, Ырғыз өңіріндегі тарихи орындармен қатар, ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан сарбаздардың соғысу тактикасының өзі арнайы зерттеуді қажет етеді. Бұл әлі зерттелмеген тың мәселе. Мәселен, Қарақұм және басқа қалың қамысты жерлер қазақ сарбаздарының патшаның, одан кейінгі Кеңес үкіметінің жазалаушы отрядтарына соққы беру үшін тұтқиылдан шабуылдайтын жерлері болған. 1929-30 жылдарда Кеңес үкіметінің қысымына шыдамай, көптеген үй осы Қарақұмға барып тығылған. Осы жерлерде үлкен қақтығыс болған. Мәселен, Ырғыз ауданының бір ғана №8 ауылының өзінен 1930 жылы 22 қожалық Қарақұмға көшкен. Олардың қатарында байлар Бабаев Әбдібай, Ужекин Нұрке, Оспанов Әди, Есекешов Бисембай, Қожекин Баймұрат, Аққожин Орынша, Халықназаров Сұлтанбек, Жайлыбаев Құрманбай және тағы басқа кісілер бар. Бұлармен бірге молда Ақжанов Босабай да болған. Осы Қарақұм көтерілісіне қатысқан кісілердің кейінгі тағдыры қалай болғаны белгісіз. Құжатта 20 қожалық қайтып келді, қалған екі қожалық иесі молда Босабай Ақжанов, Бисембай Есекешов қайтып оралмаған деп көрсетілген. Бұл кісілер большевиктердің қуғындауы салдарынан басқа жаққа кетті ме, аштықтың кезінде қайтыс болды ма, белгісіз. Осы Ырғыз, Торғай, Сыр өңірінен Қарақұм көтерілісіне қатысқан адамдарды арнайы зерттеу қажет. Патша билігі тұсында қазақ қоғамындағы байлар мен діни адамдар бірлесе ел болашағына аянбай жұмыс жасап отырған болатын. Себебі әскери бекініс салынған жерлерде дін мен жер мәселесі өрши түсті. Қазақ қоғамына жаңа сот билігі күштеп енгізіле бастады. Бұның арғы жағында үлкен саясат жатқаны белгілі. Сырттан қасақана жүргізілетін саясаттың көздейтіні елді еркіндігінен айыру екені әуелден белгілі нәрсе. Бұны жүзеге асыру үшін халықты еркінен айыру керек болған. Ұлтты да, елді де сақтайтын оның болмысы, ділі мен діні. Діл дегенде тіл, жер мен шаруашылық, дін мен дәстүр, мәдениетке қатысты нәрселер көзге бірден көрінеді. Бұлардың қызметі шектелсе ұлт болмысының өрісі де тарыла бастайтыны анық. Өріс, соның ішінде мәдени өріс жоғалған жерде ерік те әлсірейді. Осы үшін сол кездегі қазақтың байлары билікке араласқан, өздері болыс, сот қызметтерін атқарған. Барлық мешіттерде әулие кісілер халыққа тәлім-тәрбие берді. Қазір қолымызға түсіп отырған сол кездегі ишан, молда болған кісілердің кітаптары, жазып кеткен қолжазбалары осы шындықты негіздейді. «О распространеніи между киргизами русской грамотности при посредствоь книгь издаваемыхъ на киргизскомь языкеь не арабскимь, а русскимь алфавитомъ, уменьшить честь высказать свое мнение въ представление оть минувшаго мая з №3988 – допрос статья никакимъ арабомь не можеть быть... непосредственно самою администраціею, если учебное ведомство не приметь на себя обязанности выработать русскіи алфавить, соответствующім ... звукамь киргизскаго языка и издать на немь хорошіе учебники. Администрація должна будеть только оказывать содьиствіе къ распространенію обими къ своему языку арабский алфавить, на которомь издаются у насъ же в Россіи весь магометанскіе книги, а коран печатается даже на арабскомь языке, и по понятиям магометань его нельзя переводить на другие языки, если не желають отнять обязательной силы излагаемыхь имь правила веры и нравственности....» - делінген Орал облысы әскери губернаторының жазған мәлімдемесінде [5. 13 п.]. 
Тарихтағы қазақтың діни танымы, тіл және басқа да ұлттық төл құндылықтардың бір-бірімен тығыз байланысты болуының нәтижесінде патшаның дінге қарсы жүргізген саясаты қоғамның ерік-жігерін түгелдей жоя алмағанын көреміз. Қоғам рухани адамдардың дұрыс ойлауы, мәдениет пен діннің сабақтастығы арқылы, басқа да ұлттық өнер түрлері арқылы өзінің ішкі жүйесін сақтап отырған. Қазақтардың төте жазуы, соның ішінде ұлттық ойлау жүйесінің беріктігі дінді де, ділді де қорғап отырған деп айтсақ қателеспейміз. Бұны сол кездегі уақыттың өзі дәлелдеп, көрсетіп отыр. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 1914 жылы «Қазақ» газетінде: «Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге ауыстырам деу құр әурешілік. Қазақты діннен айыруға болмаса, жазуынан да айыруға болмайтын жұмыс. Араб әрпі ислам дінімен бірге келіп қазаққа орнаған. Дінмен байласқан жазу дін жоғалмай жоғалмайды. Қазақта газета, журнал шығып, кітаптары басылып, жылдан- жылға ілгері басып келе жатқанда қазақ тілі жоғалмас» - деп жазған сөздері де есімізге түседі [6. 100 б.].Бір ғана Ырғыз өңірінде сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған кісілерге келетін болсақ, 1928 жылы 7 адам отбасымен Қарқаралыға жер аударылған. Бұлар ең ірі бай деп танылған кісілер болатын. Олар Байұзақов Қабылбай, Бижанов Қожабай, Байұзақов Әміре, Кенебаев Бәймен, Жүргенов Қара, Байұзақов Қартбай және тағы басқа кісілер. Бұдан бөлек Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатының 707-қорында, қудаланған байлар мен діни тұлғалардың бір бөлігінің бақылау істері сақталған. Бұнда әртүрлі жағдайлар кездеседі. Басым көпшілігі сотталған, Алаш зиялыларына қолдау көрсетті, ауылсоветті басып алуға әрекеттенді, малын жасырды деген айыптар тағылып, сайлау құқынан айрылғандығы жазылған. Осы қордан табылған байлардың тізіміне тоқталсақ, Ырғыз ауданынан Самай Айымбетов, Көбек Бәженов, Байзақ Жиломов, Ғұбайдолла Баймағанбетов, Жұмабек Бисембаев, Бисеналы Демесінов, Күздеу Жарымбетов, Елеусіз Жарымжаров, Үйтеке Жаулыбаев, Байзақ Жылымов, Махан Жүндібаев, Нұрлымбай Қуанышев, Имаш Оразымбетов, Ібжан Орашев (Ибжан Орашев), Рәтжан Отарбаев, Каратин Сүлейменов (Каратин Сүлейменов), Ысқақ Тілеубергенов, Хайролла Төлеубаев, Балшықбай Үкібаев, Көпбай Шолтанов, Сәндібай Шолтықов, Сүйінғазы Шәмилбаев және тағы да басқа кісілердің есімдері жазылған. Ал діни адамдарға келсек, 1926-27 жылы сайлау құқынан айырылып, кейін сталиндік репрессияға ұшыраған кісілердің қатарында Ырғыз ауданы бойынша Есболатов Қ., Низамутдинов Ахмади, Көптібаев Садық, Сабиров Нығматулла, Бөлебаев Ермұхаммед, Пірқұлбаев Қалимулла, Наурызбаев Қайназар, Т. Қосақбаев, Тоқтабаев Өмірғали, Салихов Сұлтан, Сырлыбаев Елубай, Сатыбалдин Сатай, Елданов Айтмұхамбет, Сандыбаев Абдолла, Қайтықов Әлмұхамбет, Сәркебаев Дөкембай, Торжымбаев Ғалымбай, Дәулетов Ермұхамбет, Имашев Сарыкісі, Байтуғалиев Жайлы, Тоқтыбаев Абдрахман, Дүзбаев Қалмұхамбет, Тоқтыбаев Қалдыбай, Меңдібаев Шибай, Құрманиязов Сатай, Тұяқбаев Өсербай, Қаратбаев Мұқан, Құрманов Өмірбай, Нұртаев Ибрагим, Сейтмұхамедов Бөлекей, Бүркітбаев Нұрпарыс, Нұрманов Еркөбек, Екімбаев Ермағанбет, Дүйсенбаев Абдолла, Абдолсаматов Ғали және тағы да басқа мешіт ұстаған молда кісілер бар. Бұлардың барлығы білімі терең, көзіқарақты кісілер болған. 
1915 жылғы есепте Ақтөбе облысында 200-дің үстінде, Ырғыз ауданында 20-дан астам мешіт, халыққа білім беретін медеселер болған. Сол кезде үлкен рухани орталыққа айналған қазақ ауылдары, хандар заманында ірі ұлт тұлғасы атанған кісілердің ұрпақтары осы өңірде де болған. Ырғыз ауданындағы бұрынғы ауылдардың жанында әлі күнге дейін олардың орындары тұр. Сталиндік саяси қуғын-сүргін саясаты 1925 жылдары басталып кеткенін тағы да айтқымыз келеді. Осы кезден бастап ең әуелі діни адамдар сайлау құқынан айырылды. Осы кезде Ақтөбе облысында бірінші болып Ырғыз, Торғай өңіріндегі мешіттер жабыла бастаған. Осы мешіттерді ұстаған ксілердің көбісі Алашорда қызметін қолдаған, Алаш милициясының құрамында болған адамдар еді. Алаш әскерін, «Қазақ» газетін қолдап отырғаны үшін оларды біржола шеттету көзделді. Алашорда қызметіне қатысты зерделейтін болсақ, Ырғыз өңіріндегі байлардың қатарында Мәтіқұл бай мен оның баласы Орман байдың, Байқабылдың есімдері жиі аталады. Бұл байлармен қатар олардың жанында басқа да кісілер болған. Осы байдың балалары 1928 жылы мал-мүлкі тәркіленіп, Қарқаралыға жер аударылған. Орман, Байқабыл бай 1918 жылдары қайтыс болған. 1919 жылы шілдеде Байқабылдың асында Алаш милициясының құрамы таныстырылады. Торғай, Қызылорда, Орал, Шалқар, елдің басқа да өңірінен жиналған кісілерден құрылған ас құрылтай есебінде өтеді. Осы Байқабыл байдың асына қатысты деректе 300 ағаш үйдің тігілгені, әр ағаш үйге жылқыдан бөлек 1 қойдан сойылғаны жазылған. Асқа 300 қой сойылған. Бұл өңірде Алаш зиялыларының қызметін қолдауда байлар мен діни тұлғалардың рөлі жоғары болғандығын осыдан байқауға болады. 1925 жылдардан кейін осы ұлт зиялыларына, Алаш Орда қызметін қолдауға қатысы бар адамдар, ауыл-аймақ тегіс қудалана бастаған. 1928-29 жылдары ет, мал дайындау, астық дайындау науқаны басталып, жоғарыдан қасақана елді тығырыққа тірейтін тапсырмалар беріле бастаған. Үкімет елден барын тартып алумен қатар, олардан салық төлеуді талап етті. Осының салдарынан Торғай, Батпаққара, Ырғыз, Тоқа, Қарабұтақ көтерілістері бұрқ етті. Бұлардың барлығы шын мәнінде ұлт болашағына қарсы жүргізіліп отырған саясатқа қарсы көтерілістер болатын. Арнайы жіберілген Кеңес үкіметінің жазалаушы отрядтарына көтерілісшілердің жолын бөгеп, бір- біріне жібермей, олардың басшыларын ұстап жоюға тапсырмалар берілген. Кейін осы көтерілістерге аудан мен рулардың атын беріп, тарихта кішірейтіп қалдырған. 1929-30 жылдарда орын алған көтеріліс басшыларының Алаш Орда милициясының өкілдері болғандығын, көзі ашық кісілер екендігін естен шығармаған жөн. Олар өздеріне амалсыздан «халықты аштан өлтіргенше өзіміз өлейік» деген мақсат қойып, ел үшін бастарын қиындыққа тіккен. Сондай бірегей тұлғаларымыздың бірі деп Мұқатай Саматовты айтар едік. Бұл кісі діни адам болған. 
1930 жылы 9 наурызда Ырғыз өңіріндегі қарсылықтарға байланысты Ақтөбе окружкомының ВКП (б) жанындағы мобтройка отырысында, көтерілісшілерді басып-жаншуға жіберіліп отырған жазалаушы отряд басшыларына мынадай тапсырмалар берілген: «Поручить т. Озимину передать следующие указания иргизскому комотряду:
а) проверить сведения перебежчика... б) организовать работу по разложению банды через возвращение пармоментра, отдельных пленных и специально посылаемых верных людей, также из аппарата Денисова; в) через них, через всех других посылаемых в лагерь банды для разложения, проводить следующее разьяснение: мы не притесняем религию, мы наказываем тех, кто закрывает мечети против воли большинства веруюших трудящихся, мы против насильно огранизуемых колхозов, мы за развитие бедняц. средняцких индивидуальных хозяйств. Кустанай и Тургай в наших руках. Хазрет Мухотай САМАТОВ – агент иностранной буржуазии. Он хочет продать вас в кабалу феодалам и баям. Сдавайте оружие и выдавайте главарей. Гарантируем вам свободу;
г) предусмотреть все детали организац. и агитац. порядка в деле посылки людей в лагерь банды для разложения;
д) вяснить родину главарей банды и взять заложников из их семьи;
е) через арестованных бандой 35 сов. работников и батраков, попытаться устроить восстание внутри банды;
ж) проверить сведения о намерениях банды прорваться к границе в районе Кара – Чокат – Аральское....
з) усилить наблюдение за антисоветским активом Иргиза в случае нужды, изолировать немедленно;
и) выслать текст воззвания, выпущенного Иргизским комотрядом;
к) отряду сидеть в Иргизе до приезда всего отряда командованием Хухарева – Озимина, после чего обьединенными силами, оставив меньшую часть в Иргизе, дать главный удар банде...» [7, 11 п.]. 
Осыдан кейін 1930-31 жылдары Ырғыз ауданында ет, етке мал дайындау жоспары күшейтілген. Халықтың өзінде түк қалмаса да тонналап ірі қара малдың етін дайындауға қатысты жоғарыдан бұйрықтар түсіп отырды. Ауыл адамдарын, бай деп танылған кісілерді іштей қолдаған кейбір халық соты қызметіндегі адамдар да, ауылсовет өкілдерін де қудалау жұмыстары жалғасты. Ет дайындау бойынша сойылған малдың еті Шалқарға жеткенше бұзылып кеткен жағдайлар көп болған. Етті Ырғыздан Шалқарға қыста түйе шанамен тасып отырған. Бұндай шаралар халықты түбегейлі Кеңес билігіне тәуелді ету үшін жасалған еді. Осының салдарынан елде ашаршылық орын алып, жергілікті халықтың еріксіз босқынға айналғанын көреміз. Мұрағаттан кездесіп отырған деректерге сүйенсек, бір ғана Ырғыз ауданында аштықтан, азық-түліктің жетіспеуі салдарынан 1931 жылдан бастап халық басқа жаққа қоныс аудара бастаған. Ауылдардың басым бөлігі әуелі Қарабұтақ ауданына қарай көшкен. 1931 – 32 жылдары 1000 қожалық ауданнан басқа жаққа қоныс аударған. Торғай ауданы бойынша 1931 жылдан бастап 1933 жылдың мамырына дейінгі аралықта 2400 қожалық басқа жаққа кеткен. Мың қожалықта қанша адам болғаны белгісіз. Сол кездегі саясат адам санын жасыру үшін қасақана қожалық деп есептеген. Аштықтың салдарынан еріксіз босқынға айналып отырған ауылдар тамақ іздеп түрлі жаққа бет алған. 1933 жылдың өзінде Торғай ауданы бойынша №2, 5, 6, 8, 14 және 15 ауылдарында жағдайдың қиындап, халықтың түрлі аймаққа кетіп жатқандығы жазылған. Сол кездегі Ақтөбе облысы аудандарының ішінде Ырғыз, Батпаққара, Торғай, Шалқар, Ойыл және Темір аудандарында аштықтың қатты болғандығын, ашаршылықтың салдарынан ауылдардың басым көпшілігінің еріксіз босқынға айналғандығын көреміз. Осы аймақтардан аштық пен індеттің салдарынан еріксіз түрде қоныс аударған адамдардың көбісі жолда, барған жерлерде өлген. Көптеген бала ата-анасынан айырылып қараусыз қалған, ОГПУ-дің сол кездегі құпия құжаттарында қараусыз балалардың ауыл ішінде жүргендігі айтылады.  
1934 жылдың 1-ші наурызында Ырғыз ауданының Ақтөбе обкомының ВКП (б) хатшысына берген мәліметінде ауданда 2 балалар үйі бар екендігі жазылған. Екеуі де аудан орталығында ашылған. Бірі мектеп интернат болса (бұнда 300 бала болған), екіншісі аштықтан қараусыз қалған балаларға арналған балалар үйі, бұнда осы жылдың өзінде 470 бала болған. Сол кезде бұдан бөлек аудан орталығындағы ауруханаға 60 бала түскен. 1934 жылы ауруханада жатқан 60 баланың 46-сы қайтыс болған. 1933 жылы бір ғана қаңтар айының өзінде Ырғыздағы балалар үйінде 100 бала қайтыс болған. 1933 жылы осы Ырғыздағы қараусыз қалған балалар үйіне комиссия тексеріс жүргізген. Комиссияның қорытындысында балалар үйінің жағдайы, аштықтан өлген балалар жөнінде мынадай мәліметтер берілген. 
«В детдоме мною осмотрены 195 ч. детей, при этом оказалось: 
1.Здоровых детей в детдоме – 48 человек.
2.Парша волос, гниение головы – 24. 
3.Сифилис – 12.
4.Цинга – 13.
5.Гнодермия – 3.
6.Понос, общее истощение – 58.
7.Воспаление подж. железы – 1.
8.Малокровье – 32.
9.Туберкулезное искривление позвоночника и цинга – 1. 
10.    Ангина, грипп – 1 и т.д. 
Смертность детей по больнице с 1 января 1933 по 1 мая 1933 г. выражается из общего количества поступивших в больницу детей, 268 человек = 73 ч.
Причина смертности простая, в ... истощений детского организма из-за отсутствия привычных витаминов... подчас прямого голодания в период беспризорности в истощенном виде с подорванным детским организмом, поступают в детдом и трудно подаются уходу и лечению, малолетние дети и вовсе не подаются в стадий истощения уходу и несмотря на... уход». Бұл құжат Ақтөбе облысы Шалқар аудандық мемлекеттік мұрағаты 11 қорында 1- тізбе, 5-істе сақтаулы. Архив қорларын ақтарып отырғанда 1931-33 жылғы ашаршылық кезінде Ырғыздағы балалар ауруханасында дәрігер болған жалғыз адамның жоғарыға жазған өтінішін кездестірдік. Дәрігер жазған хатында балаларға тамақ пен дәрінің жетпей жатқанын, өзіне айлық төленбей отырғанын, жұмыстан өз еркімен кететінін айтып шағымданған. Ата-әжелеріміз осындай ауыр күндерді басынан өткізді. Кеңес билігі өзінің халыққа жасаған қиянатын жасыру үшін осылардың барлығын бұрмалап көрсеткісі келгенін ұмытпаған жөн. Соның салдарынан еліміздің көптеген тарихи жерлері, тарихи оқиғалар тарихи тұлғаларымен бірге аталмай қалды. Ырғыздағы Сталин атындағы мектеп- интернатында сабақ берген кісілердің өзі Алаш мұрасын насихаттаған адамдар еді. Солардан тәлім алған балалар 1941 жылдан бастап майданға жөнелтілді. Сондай жастардың бірі Өтебай Қанахин ағамыз. Осы Өтебай ағамызбен бірге оқып, бірге соғысқа аттанған оқушылардың ішінде майдан даласында қалған Жолаушыбай Жалдыбаев. Бұл да Ырғыздағы Алашордашылардан тәлім алып, жастайынан ақын болған. Бұл кісілердің көзін көрген Сәдуақас Қалтаев  атамыз осыдан аз уақыт бұрын дүниеден озды. Осы кісілерге сабақ берген, «халық жауы» деген айыппен сталиндік репрессияның құрбаны болған мектеп мұғалімдері қатарында Қойғанов Оқас, Жұбанов Қуаныш, Арықбаев Дүйсенқұлды айтуға болады. Бұларға алаш зиялыларының шығармаларын оқушыларына оқытты, олардың қызметін қолдады деген айыпттар тағылды. Бұлардан бөлек Ырғыз ауданы бойынша сталиндік саяси қуғын-сүргінге ұшыраған кісілер көп. Солардың ішінде Аяпов Тынышбай, Аяпов Сүйіншібай, Аманов Әбдімұрат, Хасанов Сейтахмет, Меңдин Сейдағұл, Мырзалин Айтмағамбет, Хуснудинов Жәми, Құрбанов Мұрат, Байқабылов Қабылбай, Назықов Жүсіп, Қарин Алмағанбет, Шағырбаев Абахан, Италмасов Бөлтек, Есболғанов Байкелді, Бөлекбаев Ермағамбет, Палуаниязов Алдияр, Аппақов Алмағанбет, Аппақов Баймағамбет, Жолаев Пірмән, Қожахметов Әбдіғани, Жүсіпов Қалқыбай, Маханов Абыл, Есмурзин Әбдіқадыр, Әжбенов Күндол, Дүкембаев Қаймолда, Түебаев Асан, Тоғаев Көжек, Қойшыбаев Ерқашан, Сәңкібаев Ераш, Боқбасаров Төкеш, Шеңгелбаев Ахмет, Баймағамбетов Жайылхан, Қуанышев Нәби, Наталин Ахмет, Сәндібеков Жаназар, Бекмурзин Қайназар, Исмағұлов Есмағамбет, Өмірзақов Жанұзақ, Матов Елдесбай, Құлмамбетов Бөлек, Өксікбаев Нұрмахан, Ділдәбаев Бимағанбет, Сейдалин Әбдікәрім, Көрениев Рахмет, Ақпанов Доспан, Әжбенов Күндол, Түсбаев Асан, Тағаев Көшен, Сұлтанмұратов Зейін және тағы да басқа кісілерді айтумызға болады. Бұлардың ішінде Алашорда милициясының құрамында болған, 1930 жылы Қарақұм көтерілісіне қатысқан байлар, діни адамдар бар. Көбісі 1937 жылы сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болған, қалғандары 10 жылға сотталып, басқа жаққа жер аударылған. 
Ырғыздың, елдің басқа да жерлерінің тарихы әлі толық зерттелген жоқ. Өңірден небір айтулы тұлғалар шыққан. Олардың көбісі әлі күнге дейін белгісіз күйде жатыр. Айтып өткен облыстық мұрағатта Ақтөбе облысының аудандарына, өңірлеріне қатысты құжаттар төте жазумен тұр. Бұны да келешекте ескеру керек. Ал 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысты деректердің көбісі кеңестік саясаттың ықпалымен жазылған. Бұны айтқан адамдар большевиктерден қорқып, көп нәрсені шығара алмай кетті. Соның салдарынан нағыз батырларды, көтеріліс құрбандарын толық тани алмай келеміз. Қаншама батыр адамдар, аруақты кісілер ұлт тарихының қойнауына кетуде. Бұның барлығы кешенді түрде зерттелуі керек. Кеңес үкіметі құрылған тұстағы тарих жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Мемлекет өзінің тәуелсіздігінен қол үзсе ұлт еркіндігінен, ел өзінің рухани дербестігінен қол үзеді. Ең әуелі ұлт мықты болу керек. Сонда ғана қоғам дамиды. Ұлттың мықты болуы оның адамына, ұрпақтың өзіндік санасына (әр адамның ерік-жігеріне) тікелей байланысты. Былайша айтқанда, ұлттың, халықтың жаманы жоқ. Барлығы да мәдениет арқылы, салт-дәстүрімен ерекше қасиеттерге ие болып отырады. Ұлттың өмір сүруі оның болмысында (адамының бойында) белгілі бір уақытта қалыптасқан және уақыт сынынан өтіп отыратын өзіндік сана, тәжірибе, игіліктер арқылы көрініп отырады. Сондықтан да бір мемлекеттің басқа бір мемлекеттің мүддесіне қол сұғуы бірінші кезекте, оның жүргізіп отырған саясаты арқылы көрінеді. Сол сияқты қазақтың тарихында да орын алған мәселелер, соның ішінде сырттан жүргізіліп отыратын саясат алдымен адамды әлсіретуді көздегені анық. Адамын әлсіретсе, ұлтқа қажет нәрсенің (тіл, дін, мәдениет және тағы басқа) барлығын өзгерту оңай. Сол себептен тарихта қазақтың байлары мен діни адамдары ұлттың төл дүниелері ел өмірінен қашықтамас үшін не істеу керектігін жақсы білген, үлкен парасат иелері деп айтсақ қателеспейміз. 
Мемлекеттің адамын әлсірету арқылы күйретуді көздейтін саясаттың шеңберінде көрінетін келесі бір саясаттың түрі – бұл адамның өзіндік санасын түп тамырдан өзгерту екенін ұмытпау керек. Бұл көп жағдайда елеусіз нәрсе болып көрінуі мүмкін. Мәселен, діннің атын жамылу деген бар. Бұл тарихта да болған, бүгін де бар. Бұдан сақтану немесе түбегейлі құтылу үшін қоғамға керек нәрсе – ұлттың игіліктерін ұрпақ тегіс білуі, игеруі тиіс. Ең әуелі ұлттың рухани құндылықтарын, дүниетанымдық тәжірибелерді негіздейтін дін мен діл сақталса, ұрпақ бұл екеуінің байланысын сақтай алса, өткінші нәрселерден қорғану қиын емес. Қоғам мен адам кемелділігін жоғалтып алса, ұлттың болмысы мен оның адамының арасындағы байланысты жойып жіберу оңай. Бұны (бұл әдісті) большевиктердің мұқият зерттеп, жақсы пайдаланғанын көріп отырмыз. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатының 151 қорында 1928 жылы 28 маусымдағы КССР-дің орталық әкімшілік бөлімінде тіркелген Қазақстанда құрылған құдайсыздар одағының жарғысын таптық. Осы жарғыны дерек ретінде келтіруді жөн көрдік. Жарғыда былай жазылған: 
«Зарегистрирован в Центр Адм.Отдела КССР 28-июня 1928 г. под №30/8 
Устав
Казакского союза безбожников. Цели и задачи союза. Союз безбожников ставит себе задачей обьединение всех сознательных трудящихся для организаций активной борьбы против религий во всех видах и формах.СБ ставит себе задачей внедрение в сознание членов союза необходимости ведения антирелигиозной пропаганды в такой форме, которая содействовала бы проведению основной задачей советской власти, укрепления диктатуры пролетариата и его союза с крестьянством. С этой целью союз:а) организует на фабриках, заводах, в войнских частях, учебных заведениях, в аулах, селах и деревнях свои ячейки; б) организует и поддерживает антирелигиозную пропаганду во всех видах: лекций, кружки, библиотеки, музеи, курсы, кино, театральные представления и.т.п.; в) способстьвует внедрению в широкие массы нового безрелигиозного быта.
Союз безбожников пользуется правом юридического лица. Союз безбожников имеет штамп, печать. О ЧЛЕНАХ СОЮЗА.Членами союза безбожников может быть каждый гражданин СССР, пользующийся избирательными правами и отказавшийся от религий.Кажды член СБ связан работать в одной из организаций... с своей политической грамотности и быть активным советской власти. Правом приема новых членов пользуются все ячейки союза безбожников. Прием новых членов производится голосованием на общем собраний ячейки.Исключение членов производится: во-первых в случаях нарушения устава, во-вторых совершения поступков, подрывающих авторитет СБ, в-третьих в случае осуждения по суду за проступки и преступления уголовного характера. Исключение производится открытим голосованием членов ячейки.ПРИМЕЧАНИЕ: (К§8 и 9). Неправильный прием и исключение могут отменяеться окружными советами СБ. Ячейки союза безбожников. Первичной формой организаций союза безбожников является ячейка, стоящая в городах по производственному признаку, - по фабрикам и заводам, учреждениям, при учебных заведениях и т.д. в аулах, в селах и деревниях по территориальному признаку. Ячейка организуется по инициативе партийных, комсомольских, профсоюзных и общественно-политических организаций, отдельных членов этих организаций, а также по инициативе отдельных членов СБ, и отдельных рабочих, крестьян и служащих. Ячейка региструется в вышестоящем органа СБ». Бұның өзінен сол кездегі саясаттың қалай және қаншалықты деңгейде қарқынды жүргізілгенін көруге болады. 
Алаш зиялылары, олардың арғы жағында тұрған діни тұлғаларымыз алдымен ұлттық құндылықтарды сақтап қалуда, дүниетанымдық және діни негіздегі түсініктерге қоғамның хабардар болуына көңіл бөлген. Соның ішінде Кеңес билігінің ұлттың өзінен бұрын тұлғаларын жоюы, ұлттың болмысы мен төл мәдениетінің рухани тамырларын, діни сананы, негізгі ұғымдарды жоюға күш салуы кездейсоқ нәрсе деп қарауға болмайды. Бұның арғы жағында тұрған саясат бірінші кезекте дін мен ділді қатар жоюға бағытталған. Осының салдарынан бүгін біз діни санамен байланысты көптеген ұғымдардың мәнін аша алмай келеміз. Мәнін аша алмау деген сөз  оған тереңдей алмау дегенмен бірдей.  

Үмбетқан ҚУАНДЫҚҰЛЫ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Циркуляры ЦКРКП (б) и Киркома РКП (б) есть один протокол бюро Кир-обкома РКП (б) / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. 516 қор. 1 тізбе. 74 іс.
2. Бөкейханов Ә. Шығармалары, сочинения ХІV т. – Астана: «Алашорда» Қоғамдық қоры, 2008. – 
3.Прот. заседаний наблюдательной комиссий Акт. Окр-го исправительно-трудового дома и внеочередные заседания окр. распределительной комиссии при Окр. Адм.отдела. Списки заключенных / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. 56 қор. 1 тізбе. 13 іс.-355 п. 
4.Докладная записка оберпрокурору г. Оренбурга об открытии Оренбургского епархиального комитета православного миссионерского общества / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. 1248 қор, 1 тізбе, 88 іс. - 15 п.
5.Дело по отношению министра внутр дел относительно способа распространения между киргизами русской грамотности / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. 1248 қор, 1 тізбе, 29 іс. - 43 п.
6.«Қазақ» газеті / Бас редактор Ә.Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998. - 560 бет.
7.Протоколы заседании моб.тройки Актюбинского окружного комитета ВКП (б) // Ақтөбе ОММ.- 9-қ.;1-т., 447-іс. -20 п.
 

1063 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз