• Ел мұраты
  • 29 Қаңтар, 2024

Хасан САҒЫНДЫҚ: «Мамандықты дұрыс таңдағаныма мың да бір шүкір деймін»

Хасан Лөкетұлы Сағындық (суретте) 1955 жылы Ресейдің Омбы облысында туған. 1974 жылы №1 Омбы медицина училищесін, 1982 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1983-1986 жылдары Алматы қаласындағы №5 клиникалық аурухананың реабилитация кабинетінде жақ-бет хирургы, онан соң жақ-бет жедел хирургиясы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Ал Қазақстан тәуелсіздік алған жылы Хасан Лөкетұлы «Төменгі жақ сынықтарын емдеудің жетілдірілген әдістері» тақырыбы бойынша Мәскеу қаласында кандидаттық диссертация қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болады. Осы жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бас стоматологы қызметіне шақырылып, осы министрлікке қарасты Орталық Әскери клиникалық госпиталінің жақ-бет хирургиясы бөлімінің меңгерушісі болып жемісті еңбек етеді. 2011 жылдан күні бүгінге дейін «Астана медициналық университеті» акционерлік қоғамының стоматология және жақ-бет хирургиясы кафедрасының профессоры.
Хасан Сағындық ғылыми және педагогикалық жұмысты қатар алып келе жатқан білікті де білімді дәрігер. Әсіресе, Қорғаныс министрлігінің госпиталінде жауапты қызмет атқарып жүрген уақытта жақ-сүйек жарақатын алған жауынгерлерге жедел хирургиялық көмек көрсетуге байланысты өзінің бай тәжірибесін жас дәрігерлерге үйретумен бірге жаңашыл істерімен де көріне білді. Бұл ретте Хасан Лөкетұлы алпыстан астам ғылыми еңбектің, сегіз өнертабыстың, 22 жаңашыл ұсыныстың авторы.
Хасан Лөкетұлы Ресейде таңдаған мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, елу жылдан астам уақыт медицина саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Медицинаның да көпшілік біле бермейтін тармағы көп. Соның бірі – жақ-бет хирургиясы. Хасан Сағындық осы сала бойынша білікті маман. Ол өзінің осындай деңгейге жеткені әкесінің арқасы екенін айтады.

 

Асқар тау аласармайды

Хасан Сағындық «Әкем балаларының терең білім алғанын қалады. Өйткені, өмірдің тар жолында, көп тайғақ кешті. Жоғары білім алуға мүмкіндігі болмады. Бірақ, балаларының қатардан қалмай, жақсы білім алуы үшін ештеңеден аянған жоқ. «Білімді мыңды жығады» деген тәмсілді ұдайы санамызға құя берді. Сондықтан әкемнің алдында бәріміз қарыздармыз. Сол себепті өзім жайлы, өзімнің еңбек жолым жайлы сөз қозғамас бұрын әкем туралы айтқаным дұрыс болар. Бұл – менің перзенттік парызым», – дейді. Кейіпкеріміздің әкесі – Лөкет Сағындықов 1924 жылы Павлодар облысының Ертіс ауданындағы Жолболды ауылында туған. Әке-шешесінен оң-солын танымаған шақта жетім қалады. Бұл – Кеңестің сұрқия саясаты бойынша қолдан жасалған зұлмат кезең. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары әкесі Сағындық бай баласы деген жаламен репрессияға ұшырап, ату жазасына кесіледі. Барлық мал-мүлкі кәмпескеленіп, жетім қалған Лөкетті жақын ағайыны Олжабайдың атасы - Әнәпия және ағасы Серікбай бауырына алады. Бірақ, шаш ал десе бас алатын жандайшаптар қайта-қайта маза бермеген соң Лөкетті бауырына басқан ағайын-туысқандары Ресейдің Омбы облысындағы Ново-Варшав ауданына қоныс аударуға мәжбүр болады. Осындағы мектептің үшінші сыныбын да аяқтамастан, он жасынан бастап еңбекке араласады. Кәмелеттік жасқа толысымен Лөкет Қызыл армия қатарына шақырылады. Майданда ерлікпен соғысып,  Германияға дейін жетіп, маршал Жуковтың басқаруындағы 1-ші Беларусь майданы құрамында Берлинді алу операциясына қатысады. Ол – Рейхс­тагты шабуылдаушылар қатарында болып, оның қабырғасында қолтаңбасын қалдырған қаһарман жауынгерлердің бірі. Майдандағы ерлігі мен батылдығы үшін екі рет маршал Жуковтан алғыс хат алады, «Отан соғысы» орденімен және «Берлинді алғаны үшін» медалімен марапатталады.
1945 жылы алған жарақаттарына байланысты әскерден босайды да, қайтадан Омбы облысына оралады. Көп жыл сол жерде еңбек етіп, Ресейдің қой шаруашылығын дамытуға үлес қосады. Омбы ауылшаруашылық институты өзінің ғылыми әзірлемелерінде оның қой бағудағы бірегей тәжірибесін пайдаланған. Кеңес заманының тілімен айтқанда, ол бесжылдық міндеттемелерін абыроймен атқарған, жүз саулықтан 140-150 қозы алып, оған ерекше күтім жасаудың үлгісін көрсетеді. Бірнеше рет Омбы облыстық жұмысшы депутаттар Кеңесінің депутаты да болған. Оның есімі облыстық кәсіподақтар комитетінің Құрмет кітабына енгізіліп, «Алтын қолды шебер» және «Қой өсіру шебері» атанып, бірқатар мақтау қағазымен және алғыс хаттармен марапатталады. Омбыдағы Жеңіс бульварында Лөкет Сағындықовтың есімі басқа батырлардың есімдерімен бірге ескерткіш тақтаға жазылған. Енді Омбы облысының орта­лығында Лөкет Сағындықов атындағы «Батырлар аллеясын» ашу жоспарланып отыр. Ауыл тұрғындары Лөкет Сағындықовты «Платоновканың ар-ожданы» деп айрықша қадір тұтады.
– Ол  ұзақ уақыт бойы Ресейде өмір сүрді, артына жақсы із қалдырды. Ал  туған жері Қазақстанның Павлодар облысында ол туралы білетіндер аз. Лөкет Сағындықовты  еске ала отырып, біздің кейінгі ұрпақ жат жерде жүріп ер атанған жерлестері туралы көбірек білгенін қалаймын, – дейді елге танымал ардақты азаматтың жақын ағайыны Олжабай Аралов. Павлодар облысының тумасы. Ресейге танымал Лөкет Сағындықов біздің елде де құрметке лайық.  «Павлодар көшелерінің біріне оның есімі берілсе артық болмас еді» деген ой айтады ұлы. 
– Әкемнің қан майданда ерлік көрсеткенін мақтанышпен айта аламын. Орден-медальдарын былай қойғанда, маршал Жуковтың өз қолынан екі рет Алғыс хат алғаны оның ерен ерлігіне айқын дәлел емес пе?.. Ал еңбектегі ерлігі тіпті ерен. Әкем озат шопан ретінде Омбы облысына өте белгілі адам болды. Екі жыл қатарынан Мәскеуде өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын, күміс медальдарын жеңіп алды. Ал 1971 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының шешімімен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Әкем жайлы Тұрсынов құрастырған «Омбы облысы Ертіс өңірінің қазақтары» деген кітапта жақсы баяндалған. «Лучшие люди России» деген энциклопедияда да әкем жайлы дерек бар. Ново-Варшав ауданының орталығындағы мұражайда әкеме арналған бұрыш бар. Шарлақ кеңшарындағы орта мектепте мрамордан ескерткіші қойылған. Платоновка ауылындағы бір көше оның есімімен аталады. Ал өзінің кіндік қаны тамған жерде әкемнің есімі ардақталмай келе жатқаны өкінішті. Павлодар облысының белсенді азаматтарының бірі, ағамыз Олжабай Аралов осы мәселені көтеріп, Павлодар облысының әкіміне өтініш-хат та жазған еді. Оны басқа да ардагерлер қолдағанымен, әзірге еш жауап жоқ. Әкем Ресейде жүріп қазақ азаматы қандай болатынын көрсете білді. Оны «Батыр» деп, «Еңбек Ері» деп көкке көтерді, бағалады. Ол кісі нағыз еңбек адамы болумен бірге өнегелі отбасының отағасы болды. Балаларының бәрі өзі армандағандай, жоғары білім алып, әр салада лайықты еңбек етіп жүр. Әкем 2008 жылы өмірден өтті. Бірақ асқар тау аласармайды. Оны қазақстандық жерлестері де есте сақтап, қадір тұтса деген арман-тілегіміз бар».

«Бұл ұжым еңбегінің жемісі»

1974 жылы №1 Омбы медициналық училищесін, 1982 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын бітірген жас маман Хасан Сағындық еңбек жолын бет-жақ сүйегін емдейтін қатардағы хирург болып бастайды. Өзі білім алған институттың хирургиялық стоматология кафедрасында ассистент, доцент болып еңбек етіп, 1991 жылы «Төменгі жақ сүйектерін емдеудің жетілдірілген әдістері» деген тақырыпта Мәскеу қаласында кандидаттық диссертация қорғайды. Сол уақыттан бері осы салада жемісті еңбек етіп келеді. 
Ол Алматы қаласында ғана емес, елордамыз – Астанада, республикамыздың басқа да қалаларында жақ-сүйек ауруларына байланысты күрделі операциялар жасап, жас мамандармен тәжірибесін бөліседі. Медициналық оқу орындарында дәріс оқып, студенттерді осы бір қиын да күрделі, жауапты мамандықтың қыр-сырына баулиды.
Оның қолтаңбасы қалған ұжымның бірі – Қазақстан Республикасы Қарулы күш­терінің әскери клиникалық госпиталі. Бұл еліміздің денсаулық сақтау саласындағы алдыңғы қатарлы емдеу мекемелерінің бірі. Еліміз тәуелсíздíк алған кезеңнен бастап бұл мекеме Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери клиникалық госпиталі болып қайта құрылады. Осындағы бет-жақ хирургиясы бөлімі 1992 жылға дейін стоматология бөлімі болып келген. Осы жылдан бастап Жақты күрделі протездеу лабораториясы бет-жақ хирургиясы бөлімі болып өзгертіледі. Жан-жақтан білікті мамандар шақырылады. Соның бірі – Хасан Сағындық. Ол госпитальдің бет-жақ хирургиясы бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Жаңа басшының арқасында бөлім Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің стоматологиялық кемек көрсету саласы бойынша алдыңғы қатардағы мамандандырылған емдеу бөліміне, сонымен бірге С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық уни­вер­ситетінің стоматология кафедр­асының негізгі клиникалық оқу базаларының біріне айналады. Оқу процесін жетілдіру мақсатында студенттерге арналған оқу сыныбы ашылып, қажетті муляждар, фантомдар, бет маскаларымен, емделіп шыққан пациенттердің тіс модельдерімен жабдықталады. Дәріс алу кезінде слайдтар көрсетіліп, видео-оқу жүргізіліп, күрделі науқастардың фотосуреттері, макропрепараттар көрсетіле бастайды.
Бөлімде мамандандырылған стома­тологиялық көмектің аясы кеңейеді. Хасан Сағындықтың басшылығымен бет-жақ аймағының іріңді қабыну аурулары мен бет-жақ аймағының жарақаттарын, пластикалық реконструктивтік хирургия мен пародонтологиялық ауруларды, беттің күю салдарын емдеу жүзеге асырыла бастайды.
Хасан Лөкетұлы бөлімге басшы болып тұрған уақытта үш жарым мыңнан астам әртүрлі деңгейдегі ота жасалған. Бет пен мойын ісіктері және бет қаңқасы сүйектеріне хирургиялық ем жүргізу үнемі жетілдіріле бастаған. Экспланттарды пайдалана отырып, сүйектердің анатомиялық формасын қалпына келтіру әдісі де қолға алынады. Төменгі жақтың жарақаттары кезінде остеосинтездің жаңа әдістері қолданылады. Косметикалық талаптарды еске ала отырып, остеосинтездің ауызішілік тәсілі тәжірибеге енеді. Жоғары жақтың тістерін жұлғаннан соң кездесетін ороантральдік қуысты жою мақсатындағы жетілдірілген пластикалық тәсілдер де бөлім қызметкерлерінің күшімен жүзеге асқан.
Хасан Сағындықтың басшылығымен «Самай төменгі жақ буындарының анкилозын емдеу тәсíлí», «Төменгі жақ сынықтарының фрагменттерін бекіту құрылғысы», «Төменгі жақ пен тіс қатары ақауларын қалпына келтіру құрылғысы», «Төменгі жақтың тіс қатарының ақауын жою тәсілі», «Шайнау бұлшық еттерін тексеру құрылғысы»  және басқа емдеу тәсілдері тәжірибеге енеді. Осылайша бет-жақ хирургиясы бөлімінің дәрігерлері күнделікті тәжірибеде медициналық ғылымның жаңа жетістіктерін пайдалана отырып, ғылыми тәжірибелік жұмыс жүргізіп, Қарулы күштер қатарындағы жауынгерлерге іс жүзінде лайықты медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік алады.Медицина қызметінің полковнигí, медицина ғылымдарының кандидаты  Сағындық Хасан Лөкетұлы 1995 жылдан 2008 жылға дейін осы бөлімнің бастығы болып абыройлы еңбек еткен.
Хасан Сағындық осы жылдардағы еңбегі жайында «Жалпы  еліміздің Қарулы Күштері саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерге сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында құрылған әскери госпитальдің бет-жақ  хирургиясы бөлімі белгілі бір деңгейге жетсе, ол менің ғана еңбегім емес, бұл бүкіл ұжымның маңдай терінің арқасы. Сонымен бірге бұл бөлімді маған дейін де, менен кейін де басқарған әріптестерім бар, олардың да еңбегі ерен, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Айталық, бет-жақ хирургиясы бөлімін 1992 – 1995 жылдар аралығында медицина қызметінің полковнигі, медицина ғылымдарының кандидаты Герасимчук Александр Александрович басқарды. Бұл Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдар болғандықтан, денсаулық сақтау ісіне басқа салалар секілді қаржы жетпей жатқан уақыт емес пе, соған қарамастан Александр Александрович шашау шығармай, білікті кадрлармен жасақталған ұжымды қалыптастыра білді. Менен кейін бөлімге медицина қызметінің полковнигі Ревюк Игорь Семенович бес жыл басшылық жасады. Оның да айтарлықтай еңбегі бар. 2012 жылы медицина қызметінің подполковнигі Айдаров Ғабиден Жакенұлы бөлім басшылығына тағайындалды. Әріптес болғандықтан бір-бірімізбен хабар алмасып, жағдай сұрап тұрамыз. Өзім еңбек еткен ұжымның жетістіктері жетерлік. Лайым әріптестерімнің әр ісі оң бола берсін!», – дейді.

Лақап аты – «Күміс шаш»

Хасан Сағындық тағдырына дән риза. Өмір жолында жақсы адамдар жолығып, дұрыс жол сілтеді. Бағыт-бағдар берді. Ол 1974 жылы Омбы медициналық училищесін бітіргеннен кейін екі жыл әскер қатарында азаматтық борышын өтейді. Полктың медициналық бекетінде фельдшер болады. Осы кезде медициналық қызмет капитаны Анатолий Степанович Высочинмен танысады. Ол бауырмалдық танытып, жауынгер Хасанды дәрігерліктің қыр-сырына баулиды. Өзі көпке жақсы танымал хирург болғандықтан, Хасанның да болашақта осы мамандықты қалағанын қош көреді.
– Алматыдағы медициналық ин­ститутқа жолдама берген де сол кісі, – деп еске алады Хасан Сағындық. – Ол кісінің қолдауы менің тағдырыма ерекше әсер етті. Екеуміздің таныстығымыз ағалы-інілі достыққа ұласты. Анатолий Степанович қазір өмірде жоқ. Бірақ оның қамқорлығы мен шапағатын ешқашан ұмытқан емеспін. Оны «Ұлы ұстазым» деп мақтаныш етемін. Мен әскер қатарында жүргенде қызмет еткен медициналық бекет Сібір әскери округі бойынша үшінші орынға ие болып, бұл үшін маған сержант атағы беріліп, коммунистік партия қатарына мүшелікке үміткер болдым. Мақтанғаным емес, бұл сол уақытта үлкен жетістік болатын. Еліміз тәуелсіздік алған жылы полковник Анатолий Степанович Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бірінші бас хирургы болды. Оның ұсынысымен әрі кепілдік беруімен Алматы мемлекеттік медицина институтының дайындық бөліміне оқуға түстім. Мектеп қабырғасынан бастап таңдаған мамандығым бойынша білім алуыма мүмкіндік туды. Сондықтан да Анатолий Степановичтің жақсылығы мен қамқорлығын өте жоғары бағалаймын.
Институтты бітіріп, Алматы қала­сындағы №5 ауруханада еңбек жолын бастаған Хасан Лөкетұлының өмірінде одан кейін де ниеті түзу, жанашыр жақсы адамдар аз болған жоқ. Соның бірі – медицина ғылымының докторы, «Алтын скальпельді алтын қол» деген жоғары атаққа ие болған дәрігер Жақсылық Оразалин. Ол Алматы медициналық институтында оқытушылық жұмыспен бірге Республикалық стоматологиялық поликлиниканың бас дәрігері мен Денсаулық сақтау министрлігінің бас стоматологы секілді жауапкершілігі жоғары қызметтерді абыроймен атқарған жан. Оның тынымсыз еңбегінің арқасында Алматы мемлекеттік медициналық институтының стоматологиялық поликлиникасы республикалық мәртебеге ие болумен бірге осы білім ордасындағы стоматологиялық кафедраның оқу базасына айналады.
– Стоматология кафедрасын 1980 жылдан 2011 жылға дейін  профессор Жақсылық Бекбатырұлы басқарды. Ұйымдастырушылық қабілеті өте зор болатын. Ол кісі стоматологиялық қызметтің, жақ-бет хирургиясы мен стоматологиялық білім берудің дамуына баға жетпес үлес қосты. Стоматолог дәрігерлер мен жақ-бет хирургтарының съезін үш рет ұйымдастырған да Жақсылық Бекбатырұлы. 1986 жылы «Төменгі жақ сүйегі сынған науқастарға емдік көмекті жетілдіру мәселелері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғағаннан кейін де медициналық институттың жоғары деңгейге жетуі жолында терең білімі мен мол тәжірибесін сарп етті. Осы оқу орнында стоматология факультетінің деканы, клиникалық жұмыс жөніндегі проректор, оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі проректор, стоматология департаменті мен стоматология институтының директоры қызметтерін абыройлы атқарды. Жақсылық Бекбатырұлы докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі мамандандырылған кеңесті ұйымдастыруға белсенді қатысып, құрылған күнінен бастап 2007 жылға дейін оның тұрақты төрағасы болды. Жақсылық Бекбатырұлы қандай қызметте жүрсе де өзінің дәрігер екенін ешқашан ұмытқан емес. Қырық жылдан астам еңбек жолында мыңнан аса ота жасап, талай науқасқа қол ұшын берді. Қазір елге белгілі жүздеген хирургтың ұлағатты ұстазы – Жақсылық Бекбатырұлы. Оның бір шәкірті мен. Ол жоғары білікті жақ-бет хирургы болды. Басқасын айтпағанда, мемлекеттік тілде «Хирургиялық стоматология» оқулығын жазғаны үлкен ерлік. Жасырып қайтеміз, әлі күнге, басқа салаларды қайдам, медицинада қазақ тіліндегі оқулықтар тапшы. Медициналық оқу орындарының студенттері үшін ауадай қажет мемлекеттік тілдегі кітаптар жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтыруға тырысқан ұлағатты ұстаз Жақсылық Бекбатырұлы еді.Бұрынғы Алматы мемлекеттік медицина институты қазір Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті. Осы оқу ордасында ұрпақтар сабақтастығы сақталып, ұлы ұстаздарға, түрлі медициналық мамандықтар мен бағыттардың негізін қалаушыларға алғыс пен құрмет көрсетудің игі дәстүрі  қалыптасқан. Бұл «Тағзым» акциясы деп аталады. 
– Осы акция аясында кафедраларға, аудиторияларға және оқу сыныптарына медициналық білім берудегі көрнекті қайраткерлердің есімі беріледі. Менің ойымша, бұл тамаша дәстүр. Мәселен, атақты профессор, белгілі стоматолог, медицина ғылымдарының докторы Төлеуов Қалдан Төлеуұлы медицинаға өлшеусіз еңбек сіңірген белгілі тұлға. Оның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында университеттің стоматология мектебінде жаңа оқу сыныбы ашылды. Бұл өте орынды болды. Өйткені Қалдан Төлеуұлы да өз ісінің нағыз маманы, терең білімді профессор болумен бірге оны медициналық оқу орындарында қазақ тіліндегі оқулықтардың аздығы қатты қынжылтатын. Осы үшін тер төкті. Екеуміз және басқа әріптестеріміз бірігіп бірнеше оқулық жаздық. Ол кісіні де өзіме ұстаз санаймын, – дейді Хасан Сағындық.
Қазір Хасан Сағындықтың  өз шәкірттері де жетерлік. Олардың табысына ұстазы балаша қуанады. Сондай шәкірттерінің бірі – Жаңабай Айтбаев. Ол қазір С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің доценті, медицина ғылымдарының кандидаты.                                            
– Кеңес заманында білім алып, сол уақыттың идеологиялық құндылықтарын бойына сіңіріп өскен кезкелген жасөспірім секілді мен де Кеңес армиясының қатарында екі жыл борышымды атқарып келген соң қазіргі Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің стоматология факультетінде жоғары білім алдым. Жастайымнан дәрігер боламын, оның ішінде хирург боламын деген арман алға жетеледі. Үшінші курстан бастап хирургиялық стоматология пәні басталды. Осы пәнге жалғыз мен емес, курстағы барлық студент қызықты. Әсіресе, сабақтың теориялық бөлімінің аяқталуын асыға күтетінбіз. Себебі тәжірибелік бөлімінде ұстаздарымыздың жасаған отасына көмекші болып, ота жасалған науқастардың жарасын таңу біз үшін мол тәжірибе болатын. Бәріміз дәріс оқушы ұстазымыз профессор Қалдан Төлеуовті қатты жақсы көретінбіз. Әр тақырыпқа сай оқылған дәрістерден соң сол тақырыпты тәжірибелік сабақтарда кафедра ассистенттері егжей-тегжейлі талқылайтын. Адам дәрісін тыңдап, сабақ алған оқытушыларының бәрін ұстаз дей алмайды. Тәжірибелік сабақ берген Зұқожа Құрманғалиев, Хасан Сағындық, Кәкімжан Талимов секілді  ұстаздарымның менің  кәсіби маман болып қалыптасуымда алатын орны айрықша. Себебі бұл кісілер хирургиялық стоматологияның нағыз маманы ретінде бізді алаламай, бар білгенін үйретуге тырысты, – дейді Жаңабай Айтбаев. 
Хасан Лөкетұлы сол кезде отаны көп жасайтын хирургтардың бірі болған. «Ол кісі теорияны сабақ барысында талқылап үлгере алмасақ, отаның үстінде талқылап,  қарапайым тілмен жақсылап түсіндіретін», – деп студент күнін еске алды Жаңабай Айтбаев.
Сабақ берген мұғалімдерге лақап есім қою қай заманның болсын студенттеріне тән әдет қой. Шәкіртінің айтуынша, Хасекеңнің лақап аты «Күміс шаш» екен. Жасы аса үлкен болмағанмен Хасан Лөкетұлының шашы өзіне жарасымды көкбурыл түстес болған. Орысша айтқанда «седой».
– Біз Хасекеңнің біліміне тәнті болып «Күміс шаш» деген лақап атбердік. Кез келген қызығушылықпен қойған сұрағымызға нақты әрі түсінікті жауап беретін. Төртінші курста оқып жүрген кезіміз, профессор Қалдан Төлеуовпен бірге отаға бара жатырмыз. Кенеттен ол бәрімізді тоқтатып, өзі бастап қол соғып, «Ағаларыңды құттықтаңдар!» деді дауысын көтеріңкіреп. Дәліздің бас жағында келе жатқан Хасан Лөкетұлын бізден бұрын  көріп қалған екен. Бәріміз қол соғып тұрмыз, себебін білмейміз. Сөйтсек Хасан ағамыз Мәскеуден медицина ғылымдарының кандидаты атағын сәтті қорғап келген беті екен. Оны естіп бәріміз одан бетер қол соғып, Хасан Лөкетұлының  қуанышына ортақтастық. Қазір Хасан Лөкетұлы медицина қызметінің отставкадағы полковнигі. Күміс шашты ұстазым қазір хирургиялық стоматологияның ақ шашты ақсақалы болып отыр. Осындай кісінің  шәкірті болғанымды әрқашан мақтан етемін, – дейді шәкірті. – Институттан соң хирургиялық стоматология кафедрасында жұмысқа қалдым. Хасекең Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бас стоматологы әрі әскери госпиталіне бет-жақ сүйегі бөлімінің бастығы қызметіне ауысып кетті. Бірақ  өзінің жұмыс істеген кафедрасынан алыс кеткен жоқ. Студенттер мен жас мамандарды оқытып, тәрбиелеу жұмысын жалғастыра берді. Бірнеше хирургты тәрбиеледі.  Үнемі ізденісте жүрді. Бірнеше авторлық куәлік  алды. Оқу-әдістемелік нұсқамалар мен оқулықтардың жарық көруіне де ықпал етті. Әсіресе соңғы жылдары ана тілімізде бірнеше оқулық шығарды. 
Шынында да Хасан Сағындық қазір бірнеше оқулықтың авторы. Оның ішінде әріптестерімен бірігіп жазған кітаптары да бар. Соның бірі – «Бейбіт кезеңде және соғыс жағдайында бет-жақ сүйек аймағы жарақаттанғандарға хирургиялық шұғыл көмек көрсетуді ұйымдастыру» оқулығы. Бұл кезге дейін осы тақырыпта  мақалалар жазылғаны болмаса, арнайы оқулық жарық көрмеген. Осыны ескерген автор әскери дәрігерлерге нақты көмек боларлық кітапты мемлекеттік тілде жазған. 
Хасан Сағындықтың әріптестерімен бірігіп жазған тағы бір оқулығы да  бет-жақ сүйек хирургиясының манызды мәселелеріне арналған. Бұл оқу құралында бет-жақ сүйек аймағының және мойынның іріңді-кабыну ауруларының клиникалық ағымының ерекшеліктері мен салыстырмалы диагностикасына, хирургиялык және консервативті ем әдістері мен мүмкін болатын асқынуларына жан-жақты түсінік берілген. 
Медицина саласындағы теория мен практиканың мәселесімен жақсы таныс маман: 
– Мен жарты ғасырға жуық өмірімді дәрігерлік және педагогикалық қызметке арнаған адаммын. Ондаған мың студентке дәріс бергенімді, жүздеген жас докторды даярлағанымды, ондаған мың науқасты ажал аузынан аман алып қалғанымды ойласам, мамандықты дұрыс таңдағаныма мың да бір шүкір деймін. Бұл – бір. Екіншіден, әрбір медициналық жоғары оқу орнының өз клиникалық базасы болуы керек. Студенттер сол жерде тәжірибеден өтуі тиіс. Олар – болашақ дәрігерлер. Олар адам өмірі мен денсаулығы үшін жауапты. Сол себепті болашақ мамандар терең теориялық білім алумен қатар, арнайы қарастырылған емханада тәжірибеден өтіп, әбден ысылуы керек. Осыған байланысты үшінші мәселе туындайды. Біздегі медициналық жоғары оқу орындары Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне қарайды. Ал ауруханалар мен емханалар қалалық денсаулық сақтау басқармаларына немесе департаменттеріне қарайды. Осыдан келіп студенттердің теориялық білімін тәжірибе жүзінде нығайту барысында кедергілер мен қиындықтар туындайды. Төртінші мәселе – денсаулық сақтау мекемелерін заманға сай технологиялармен жаңартып, жетілдірілген медициналық құрал-жабдықтармен және мемлекеттік тілдегі оқу құралдарымен жабдықтау қажет. Бесінші – медициналық оқу орындарындағы профессор-оқытушылар құрамының мәртебесін көтеруді ойластырған жөн. Еңбекақының аздығы мен материалдық жағдайдың жасалмауы салдарынан мықты мамандар жоғары оқу орнына дәріс беруге келе қоймайды. Олар еңбекақы бірнеше есе жоғары жекеменшік мекемелерге барғанды қош көреді, – дейді. Тәжірибелі маманның түйген ойы, көтерген мәселесі қашан да қоғам дамуына ықпал етері анық. 

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ
 

118 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз