• Ел мұраты
  • 29 Қаңтар, 2024

Алаш прозасындағы әйел тақырыбы

Айгерім ҚИЫҚБАЙ,
жазушы-драматург

Жиырмасыншы ғасыр Алаш ұранды қазақ әдебиетінің шығармашылық өрлеу, кемелдену жолындағы ең бір шырқау биігі болды. «Алаш туы астында» қалам тербеген жазушы-ғалымдардың қаламынан осы кезде небір рухы биік, ойы терең дүниелер ағылып жатты. Олардың 1917-18 жылдары «Алаш», «Сарыарқа»  газеттеріне берген мақалалары үздіксіз қазақ халқының санасын оятуға жолданып жатты. Осы кезде әйел теңдігі, оның өмірге келгендегі міндеті мен құқығы қозғалды. Алаштықтар прозасындағы үн Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу», «Кінәмшіл  бойжеткен», «Қорғансыздың күні» секілді туындыларында жалт еткен болса, қазақтың түңғыш романы ретінде танылған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», «Күлпәш», Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», С.Көбеевтің «Қалың мал» романдарындағы әйел тақырыбының өзектілігі өзекті өртердей еді.
 

«Қаралы сұлу» әңгімесі Әуезов қаламынан туған әсерлі туынды [1,151]. Әсерлі болғанда, қазақ прозасының қаз-қалпы секілді әдеттегі ибалы, инабатты қазақ әйелінің образынан алыс та емес, бірақ әйел табиғатының нәзік те тылсым тұсындағы қараң­­ғы тұстары, халық­тың біржақты көзқарасы болып саналатын «әйелдің қыл­мысты» әрекеті оқырман қауымға өзге­ше жеткізіледі. Қара­гөздің алғашқыда Сыбанбай ауылына атас­­тырылып қойған ада­мы қайтыс болып кетіп кейін Әзімханға тұрмысқа шығады. Өзі сүйген адамына тұрмысқа шыққан ол енді бақытты күн кешемін дегенде, ертедегі тартыстың кесірінен адамдардың қолынан жазым болған Әзімхан жастай қыр­шыннан қиылып кете барады. Жасы небары 32-дегі Қарагөздің табиғат заңына қарсы тұрып, тәнін құлыпқа салып, жүрегін буып азап кешкеніне алты жыл болады. Жесірдің кешкен қиын күндерінде жалғыз алданышы ұлы Мұқаш қана еді.  Жаратылыстың жоспарына қарсы тұрамын деген кейіпкерін мың соқпақтан аман алып келе жатқан автор оқырманын ақыры өмір заңдылығына бас идіреді. 
Ауыл жайлауға қонып шырт ұйқының құшағында мүлгіп жатқан сәтінде нәпсіні қара жыланға теңеген автор Қарагөзді қинала көл жағасына қашырады. Айдың сәулесі арқылы көрінген әйел мүсінін түннен өзге бір адамның көргенін, оның ақыры тәннің иелігіне иіліп, оның айбарына қарсы шыға алмағынан айтады. Алты жылдан бері арпалыссыз өтпеген күні болмаған әйелдің ақыры жеңілгенін, ол күйдің кінәлісі жасы алпыстан асқан жалғыз басты қойшы Болат болғаны сұлу мүсінді асыл тұқымды биенің арам есекке қор болғанындай елестетті. 
«Қорғансыздың күнінде» кейіпкерлер тағдырының ауырлығын  қаңтар айының ұйытқи соққан долы боранымен ұштастырады. Тозығы жеткен тар үйде таудай уайым арқалаған үш мұңлық. Бірі – кәрі кемпір, бірі – қос жанарынан айырылған соқыр келін, үшіншісі – жас, балғын, жасынан жетім деген ауыр атты арқалаған Ғазиза қыз еді.
Үш мүсәпір әйелдің қайғы жұтып, қара жамылған шаңырағына келген құдайы қонақтан оқырман әлдебір жылылықты дәметкенімен көркем шығарманың шынайы өмірмен тікелей байланысын ойға оралтатын әдеті бар. Әлдеқандай жақсылық болып қалар, көмек қолын созар деген алдамшы үміті бар кейуананың сөзін ешбір елеусіз тыңдаған Ақан образы сол замандағы адамдардың өзімшілдік қасиетінің бір елесі еді. Ойға батып, үнсіз отырған Ақан кемпірдің қайғысына қайырылмай, өзінің арам пиғылының сұлбасын сызып отырғаны бойында тектіліктің тамшыдай да белгісі жоқ екенін аңғартады. Сөйтіп, қаһарлы қыстың құшағында қасірет құшып, қорлық көр­ген Ғазиз­а­­­ның тіріден қайыр таппай, молаға асыққан қасіретті қадамын естігендей, аппақ қарға түскен әр іздің қайғы арқалағанын көзбен көргендей күй кештіреді. Қасіретке қайғы қосып, сүрінгенге сүйеу болмайтын озбырлықтың мына өмірде бізбен бірге әлі күн кешіп келетіні қынжылтады. Пәктік пен таза­лықтың кіршіксіз келбетіне тез дақ түсетіні, зұлымдардың залым пиғылы аңғал адамның сорына бастайтыны санаға салмақ түсіреді. Ғазизамен бірге мына әлем де бейшара күйге еніп, шарасыздықтан сан мәрте егіліп жылағандай, күңіреніп долданғандай көріне береді. Әке бейіт­інің қасында ақ адал қалпы мына жалғанды қиып кете барған нәзік әрі қайсар қыздың қылығына қайран қала берерсің [1,6]. 
Абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді аяла» атты монография-эссе жинағында келтірген дерегіне сүйенсек, Ақан өмірде болған, Біләл Құнанбаев есімді адам. Расында болыс болған, Күшікбай кезеңінен сан мәрте өтіп жүрген кісі [2,76] 
Сол заманда үміті өшкен әйелдердің үмітін жалғаған қайсар образ Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы. Ол  автордың суреткерлік өнері толысқан шағындағы шығармасы. Бұл романда жазушы феодалдық-пат­риархалдық құрылыстың қатал заңы мен тәртібін бұзып-жарып шығып, бақытын қажыр-қайра­тымен, білімімен тапқан жаңа заман әйелінің бейнесін жасаған. Ақбілектің жеңісі де еңбекші бұқараның таптық күреске қанын төгіп жеңіп алған жеңісімен орайлас. Төрт құбыласы сай, атақты байдың қызы болғанымен, ол да пенде, тағдырдың қолжаулығы. Ұзатылғалы отырған бойжеткен, күйеуі Бекболат ұрын келе жатқан кезде аяқ астынан орыстың солдаттарына қор болады.  Ауылы түгел тоналып, таланып кеткен кезде Ақбілек тойымсыз аш бөрілердің «олжасына» айналып кете барады. Ақыры ажалдан аман қалса да ары тапталған Ақбілекті енді туған-туыстары, ауыл аймағы бұрынғыша қабылдай алмайды. Ая­ғында сөз байласқан Бекболат екеуінің де арасына кісілер түсіп, екеуінің қосылуына кедергі болады. Қайғыға батқан Ақбілекті ағасы Төлеген қалаға Семейге, Орынборға оқуға алып кетіп, адам қатарына қосады. Солайша оны қараңғы түннен жарыққа алып шыққан ғылым-білім екенін автор ашыла айтады. Оны тағы кейіпкерінің аузына да салып береді. «Оқымаған әйел қор ғой. Қапастағы құстай ғой!» деп ойлады Ақбілек [3,73].
«Не жазса да жүректің қобызын шерте біледі» деп Жүсіпбек Аймауытов баға берген Мағжан қаламынан туған «Шолпанның күнәсі» атты прозалық туындысы әдеттегі көркем туындылардан айтар ойы мен негізгі идеясы тұрғысынан тұрқы бөлек, танымы терең шығарма.[4,57] Бір қараған кезде қарапайым тірліктің шекпенін жамылған өмірдің бейнесі іспетті болғанымен Мағжан қаламының сыры тым терең. Автор кейіпкері Шолпан арқылы барлық әйел затының наразылығын, еркектің бір саты биік болуы керек деген танымының кей тұста тым асыра сілтеніп, әйелді  отбасылық өмірде «тым» күнәһар етіп жіберетін заңына қарсы шығады. Автор тақырыбын айғайлатып қойған «Шолпанның күнәсі» шын мәнінде кімнің күнәсін арқалайды?
Өзге әйелдерге қарағанда бағы бес елі саналатын өзінің сүйікті адамына ешбір зорлықсыз тұрмысқа шыққан Шолпан­ның неліктен бақыт таппағаны ойландырар. Алғашқы отбасылы өмірі басталған кезде Сәрсенбай екеуінің арасындағы ыстық сезімді әлдебір тіршілік иесі үзіп жіберетіндей Шолпан одан бала сүюді қалаған жоқ. Сол тілегі қабыл болды да. Кейін балалы үйге барып «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген күйеуінің сөзі көкірегін өртеп, ол енді Алладан бала тілей бастайды. Бірақ тілегі қабыл болмаған ол күйеуін өзінен суытып алудан қорқып, арасын жалғар бір перзентті қалай болсын табуға бел байлайды. Осы кезде келіп сұр жыландай ирелеңдеп аяғына оралған Әзімбай арқылы автор кейіпкерінің бұрын ашылмаған сырын ашады. Өзге еркектен аяғы ауырлаған Шолпан әйтеуір бала сүйетініне қуанады. Бірақ Сәрсенбайдың өзінің күнәсін жасырып, аяғы ауыр ананы тепкіге салып, азаптап өл­тіргені оқырман санасында Шолпанға емес, Сәрсенбайға деген жағым­сыз ойдың тууына себепкер болады. Бұл жер­дегі әйелдің күйеуін шексіз сүйген көзсіз махаббатының кесір­інен жаза басып қал­ғаны, оны бақытты ету жолында күнә да арқалай алғаны, ал ердің еркекке тән емес қылық көрсетіп, әйелді азаптап өлтіргені оның әлсіздігін айғақтайды. Бұл талай отбасының трагедиясына айналған қайта айналып соға беретін ауыр жайт.
Бейімбет Майлиннің жиырмасыншы ғасыр басында жазылған «Шұғаның белгісі» повесі де әйел теңдігі туралы [5,7]. 
Кедей жігіті Әбдір­ахман мен байдың қызы Шұғаның махаббатына қарсы тұрған әлеуметтік жағдай. Қос ғашықтың адал сезімін өшірген заман талабы мен қатыгез әкенің үкімі аяғында Шұғаның жанын жаралап, зарын ішіне түсіріп, құсадан өлтіреді. 
Алаш әдебиетшілерінің сол кездегі барлық шығар­маларында өзекті тақырып көтерілген. Әйел образы ерекше ашылып, оларды тағдыр тәлкегіне түсірген тарам-тарам жолдар кестеленген. 
Сонау бір аштық жылдарында баласы үшін қандай да іске дайын болған қаһарман аналардың әрекеті айтылған. Сондай шығармалардың бірі Бейімбет Майлиннің «Күлпәш» әңгімесі [5, 24]. Бұл әңгіменің негізгі арқауы – аштық. Сол замандағы қолдан жасалған қырғынның қасіретті көрінісі. Күлпәш ұлына азық тауып беруге дәрмені жетпеген күйеуі үшін қатты налып, баласының аштықтан шырылдап жылаған үнінен жүрегі езіліп ауыр күндерді басынан кешірген. Сол кезде сіңлісі Раушанның әпкесі үшін алаңдап айтқан ойы күйеуіңді тастап, жағдайы жақсырақ Жұмағазыға тиіп алсаңшы деген сауалы еді. Аштықтан құтылудың жалғыз жолы осы іспетті санасына сандалып келе берді осы ой. Қайсыбір байсырап жүрген Күлпәш қой дерсің, бір ойы баласын кейін алдырып алмақ. Ақыры Жұмағазыға тиіп кеткен ол көкірегі қарс айырылып, жиырма жылдай көрінген жиырма күннен соң үйіне қайтып келеді. Қойнына жасырған екі бөлік еттің бірін Мақтымға, бірін Қалижанға деп алып келеді. Бірақ үйге күйеуі мен баласын іздеп келген Күлпәшты екі мүрде қарсы алады. Бұл жердегі кейіпкердің қылығын жазғырса да, оның қылығын дұрыс деп тапса да оқырман өзі біледі. Бірақ ананың шырылдаған әрекеті бебеу қағып тұрғаны жасырын емес.
Алаш прозасы көтерген әйел тақырыбы – әділдікті аңсаған, қиындықпен күрескен, зұлымдықтан зар жылаған,  қайғыдан қан жұтқан қазақ әйелдерінің зарлы үнін жеткізуші. Әйел тақырыбы әдебиет әлемінде қай кезде де қозғалған, бірақ оның негізгі образы әлі де сол бір ұранды айқайлап айтып келеді. 
 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Әуезов М. «Қорғансыздың күні». – Алматы, «Атамұра», 2002 ж.
2.Жұртбай Т. «Бесігіңді Аяла». – Астана, «Фолиант», 2002 ж.
3.Аймауытов Ж. «Ақбілек» романы. – Алматы, «Атамұра», 2003 ж.
4.Мақпырұлы С, Сыдықов Т., Қазақ әдебиеті. – Астана, «Фолиант», 2007 ж.
5.Майлин Б. Шұғаның белгісі. – Алматы, «Атамұра», 2003 ж. 
 

724 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз