• Ел мұраты
  • 29 Қаңтар, 2024

Адамдық пен адамгершілік бастауы

...Шынында да біздің Алла Тағаланы «бір», «бар» деуіміздің өзі Оны «білінгені қадар ғана білгеніміз» болар. Өлшеусіз Алланы өлшеулі ақылымызға орай шектелі қырынан ғана танығансымақ болған болармыз. Өлшеулі ақылымызды өзімізді жұбатқандай болып алдандырған жайымыз болар:
Өзгені ақыл ойға қондырады, Біле алмай бір тәңріні болдырады. Талып ұйықтап, көзіңді ашысымен Талпынып тағы да ойлап зор қылады.
Бұл – «білмекке құмарлықсыз», «құмарсыз құр мүлгуге тоя алмайтын» ақылдың өзіне тән зор қасиеті. Неміс философы Э.Кант жазғандай, адам ақылы бәрін танып білуге шамасы жетсе де, үш нәрсені тани алмай «болдырады», антиномияға (тануға қауқарсыздық) ұшырайды. Адам ақылы тани алмайтын ол үшеуі – Жаратушы, жан және әлем. Дәл осы үшеуін танудың қиындығын, тіпті мүмкін еместігін Абай да шет-жағалап жақсы жеткізген. 

 

Әсіресе Алланы тікелей танудың мүмкін еместігін, оған тек жүрекпен ғана жол салуға болатынын Абай баса айтқан:
Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес.Ынталы жүрек, шын көңіл,Өзгесі хаққа қол емес... Ақылмен хауас (Алла) барлығын білмейдүр, жүрек сезедүр.
Ғибадат етіп Аллаға жақындауда бізге тек «ынталы жүрек, шын көңіліміз» ғана көмекші, жәрдемші, қол, құрал бола алады, ауызбен ғана айтып Аллаға жол сала алмаймыз. Білім-ғылым, ақылмен Алланың барлығы мен болмысын біле алмаймыз, тек жүрекпен ғана болжап сеземіз. Абай жасаған бұл түйінді – ақын дүниетанымының биік шыңы деуге әбден болады. Алла Бір, Алла Бар, Алла – өлшеусіз ақыл мен хикмет иесі дегеннен кейін «ақылға симас ол алла» деген түйіні – өте мәнді ақиқат болып қабылданады. Абай: «Ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам Алла Тағаланың ішінде» дейді, ғаламат тапқыр, ақылды түйін. Сонда біздің Алла жайлы ұғымымыз ғалам аясында қалыптасып отыр ғой. «Саниғын сұнатына қарап білерсіз» дегендей, біз Алланы тікелей тани алмаймыз, жасаған туындысына қарап қана шет-жағалап білгендей боламыз. Ол жасаған бір туындысы – ғалам болса, оны да түгел танып болмадық. Оның үстіне ғалам Э.Канттың да, Абайдың өзінің де түйіндеуі бойынша, адам ақылы тауысып тани алмайтын құбылыстардың қатарында аталады. Абай: «Заты түгіл, хикметіне ешбір хаким ақыл ерістіре алмады» дегенде, «Алланың өзі, заты түгілі, Оның хикметі арқылы пайда болған туындыларын (ғалам мен адам) тануға, сол Алла туындыларындағы мән-мазмұнды, оларға сіңген Алла хикметін білуге де ешбір хаким ақылын жеткізе алмады» деп отыр. Бұл түйініміздің ақиқаты ақынның мына ойы арқылы беки түседі: «Бұл көзге көрінген, көңілге сезілген ғаламды қандай хикмет бірлән жарастырып, қандай құдіретбірлән орнастырған, еш адам ұғылының ақылы жетпейді». Біріншіден, адам ақылы Алланың өзін емес, жасағанын ғана танып білуге талаптанады. Екіншіден, адам баласы өз өресі мен көңіл көкжиегі жеткен ғалам сырымен ғана шектеліп, Алланы тануда соны ғана көмекші, жәрдемші, баспалдақ ете алады. Үшіншіден, Алла жаратқан ғалам мен адамның біз әлі танып білмеген сырлары қаншама. Абай «Ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде» дегенде біздің Алла жаратқан ғалам арқылы ғана, онда да оның өреміз жеткен бөлігімен ғана Алла жайлы ой түюіміздің шектеулілігін танытып отыр. Біз өзіміз біршама білетін ғалам бөлшегімен ғана шектелсек, Абай «ғалам алла тағаланың ішінде» деу арқылы Алла жаратқан толық ғалам әлдеқайда ауқымды дегенді ишаралап отыр-ау. Абай бұдан әрі Алланың көркем есімдері мен сипаттары жайлы ой айтуға ойысып кетеді. Нәтижесінде Абайдың түп мақсаты: Алла жолы - адамгершілікті дәріптеу екенін ұғамыз.Алланы танудың соншалық қиын да күрделі, тіпті мүмкін еместігіне қарамай, Абай Алланы Бар және Бір деп біледі. Және Абай бұл танымы мен нанымына бұрынғы-соңғы ақылдылар мен ойшылдардың ой табыстарына сүйене жүріп, өзінің талай жылғы ізденісімен де жеткен. Сол танымын Абай қырық бесінші қарасөзінде былайша түйіндеп жеткізеді: «Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері әркім әр түрлі сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат құдайға лайықты дегендігі». Адамзат ойшылдарының ізімен жүріп отырып Абай тарапынан жасалған мұндай түйіннің ақиқаттығы – Алла туындысы ғалам мен адамның соншалық зор ақыл, шебер хикмет және махаббат, ғаделетпен жаратылуынан танылады. Ал мұндай киелі де асыл қасиеттердің кездейсоқ болуы қисынсыз, ақылға да, көңілге де қонбайды. Ақыл, хикмет, махаббат, ғадаләттің иесі Алла – хақ, рас, ақиқат, шын. Абай ойларына сүйеніп біз Алланы тану мүмкін еместігін айттық. Мұны негізі, ақын Алла жайлы тынымсыз ойлап «...оны ойламай қоя алмаймын. ...құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын» деп Алланы тануға талпынатын өлеңінде-ақ мойындап қояды:
Халлаққам мақлұқ ақылы жете алмайды,Оймен білген нәрсенің бәрі – дәһрі. Өзгені ақыл ойға қондырады,Біле алмай бір тәңріні болдырады.  
Тани алатын қолданбалы ақыл адамда ғана бар, ақын «мақлұқ ақылы» дегенде ойға алғаны – адам ақылы. Адамды «мақлұқ» дегеніне таң қалуға болмайды, Аристотель, әл-Фараби де адамды «қоғамдық жануар», «сөйлей алатын жануар» деп атаған. Шәкәрім де «адам да хайуан, ақылы болмаса» деп өлеңінде айтып өтетіні бар. Ал «оймен білген нәрсенің бәрі – дәһрі» дегенде, болмысы беймәлім Алланы білім-ғылым, ақыл-оймен тану мүмкін еместігін білдірген, ақынның «ақылмен хауас (Алла) барлығын білмейдүр, жүрек сезедүр» деп Иесін тануда жүрегіне жүгінуі содан. Тіпті «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінде «ақылға сыймас ол алла» деп түйінді ойын кесіп айтады. Алланы тани алмаудың бер жағында Ол жаратқан ғаламды тану да адам баласына оңай емес. Мұны Абай жиырма жетінші қарасөзіндегі Сократ атынан берілген толғанысымен танытады: «Бұл ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді, келісті көрімдігіне һәм қандай лайықты жарастықты законімен жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің. Бұлардың бәріне таңғажайып қаласың һәм ақылың жетпейді». Байқағанымыздай, адам баласы Алланы танымақ түгілі, Ол жаратқан дүниелік нәрселерді де түгелдеп, тауысып тануға қауқарсыз екен. Сөйтіп бәрін-бәрін жаратқан Алла Тағала – адам ақылы тани алмайтындай беймәлім биік болмыс. Ақылмен, ғылым жолымен дүнияи әрекетпен толық танылмаса да, Алланың барлығына шын ақылдылар еш күмәнданбаған. Солардың қатарында Абай да «саниғын сұнатына қарап білесіз» деп адам ақылы жетер ең іргелі, абсолютті ақиқатты айта алған. Дүние жүзінің ақылды ойшылдары Алланы тану жайынан ой толғағанда, Абайдан асып айта алмаған. Барша Барлықтың иесі Алланы көрген, білген, таныған жан баласы болмаған, болмайды да. Тек адамзат баласы Оның жаратқандарын шет-жағалап бірте-бірте тани берумен ғана болады. Осы орайда Абай жазған мына ойдың ақиқаты талассыз: «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп». Және адамзат «көзбен көріп, ақылмен біліп» танитын сол «жаралып, жасалып қойған нәрселер» - біздердің таусылмайтын рухани азығымыз, «жан тамағымыз» болып қала береді. Адамзаттың Аллаға деген махаббаты да таусылмай арта беретін жөні бар, себебі Алла – жөнімен, ақылымен, орнымен пайдалана білсе, адамзатты мәңгілік таусылмайтын тәни әрі рухани азығымен, несібесімен жаратқан ұлы құдірет Иесі. Бұл дүниеге, осы өмірге тән құмарымен қоса, жан құмарымен де келген адам баласы Алла берген ақылымен Иесі тарапынан «жаралып, жасалып қойған нәрселерін» «білмекке құмарлықпен» қызыға түсіп тынымсыз тани береді. Себебі Алла жаратқан әлем мен адамда жан құмары мен ақыл қызығып ұмтылар құбылыстар аса көп: 
Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі, Өзіне құмар қылған оның әмірі. Адамзат Алланың шебер хикметпен жаратқан тәни және рухи құбылыстарын қайран қала жүріп тани түсумен «бәлки сұн­­­ғатынан себебін білмекке құмар­лықтан саниғна ғашықтық шығар» дегендей, Оның Өзіне де ыстық ықыласы арта береді, «көңілге шек, шүбәлі ой алмаймын» деп Иесінің барлығы мен бірлігіне де берік сене түседі.Есті, зерек, таза ақыл Түп иесі Алланың хикметіне әркез ұмтылып тұрады. Ал Алланың хикметі – Ол жаратқан нәрсенің мәнімен сабақтас. Әр нәрсенің де мәнін тану – оны жаратуда Алла жұмсаған хикметті білу. Алла мен өзіміз біршама ізерлеп тани алатын «жаралып, жасалып қойған нәрселер» арасында әке мен баладай туыстық байланыс бар. Жақсылық, игілік пен ізгілік жолындағы таным әрекеті – әр нәрсенің де мәні болып табылатын хикметіне жеткізеді, ал хикмет – Алланың ақылы. Таза, нұрлы ақыл мен жылы жүрек тегіне тартып, тегіне ұмтылып Аллаға бастайды. Сірә, Алла жаралыс бастауындағы адамзатқа ақыл бергенде, түбінде оның Өзіне оралатынын білген болар. Өкінішке қарай, адамзат қауымында ақыл, хақ, Алла жолын ұстанатындар аздау болады да, нәпсі мен шайтанның шылауында кететіндер басымдау келеді. Сол аз ғана ақылдылардың өзі адамзат қауымын құрдымға кетуден сақтап келеді. Қазақта «құдайын ұмытқан», «қасиетсіз» деген ауыр қарғыстар бар. Адам баласы құдайын ұмытып құрдымға кетсе, ал Аллаға ұмтылып қасиетін, абыройын арттырады. Аллаға ұмтылып, Алла жолында болу – ең әуелі ақылды болу. Бөліну мен бөлшектік, бірнешелік пен құрамалық Алланың бір, бірегей болмысына жараспайды. Сондықтан да Абай Алланы танытудағы сегіз сипатты Иесінің бірлік болмысына орай біртұтастандырған. Бұлай дейтініміз, Абай Алланың сегіз сипаты ішінен ғылым мен құдірет екеуін ғана мәнді, маңызды санап, түптеп келгенде бұл екеуін бір ғана ақыл деп білген. Өзге алты сипаты бір ғана осы ақылдың салалары, тараулары іспетті деп түсіндіріледі. Алланың осы ақыл сипатына Абай нақлия, ғақлия дәлелдерімен өз тарапынан рақым мен әділет сипаттарын қосады. Сөйтіп Абай ұғымындағы Алла ғылымды (ақылды), рақымды, ғадаләтті құдіретті тұлға болып танылады: «Енді біздің бастағы тағриф бойынша құдай тағала ғылымды, рақымды, ғадаләтті құдіретті еді. Сен де бұл ғылым, рақым, ғадаләт үш сипатбірлән сипаттанбақ: ижтиһадің шарт еттің, мұсылман болдың һәм толық инсаниятың бар болады». Алла барша Барлықтың жаратушы иесі болумен бірге Өзінің хақ жолымен адамзат баласына зор үлгі-өнеге де. Себебі Абайдың отыз сегізінші қарасөзінде: «Өз пиғылдарыңды соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықбірлән ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік дағуасыбірлән емес, соның соңында болмақ» деп жазатыны бар. Әрине пендесіндегі ұқсас сипат Алладағыдай кәмәлатғазамат қалпында болмайтыны анық, әйтсе де «соның соңында болмақ» парыз. Абайдың да, күллі ақыл иелерінің де айтары осы. Абай өзі ізденіп қалыптастырған Толық адам танымын осы Алла жолымен байланыстырады: «Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (өлшеусіз) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді». Алла жолы – ақылдың, рахым мен әділеттің, махаббаттың, жақсылық пен қайырымдылықтың жолы, яғни адамгершіліктің жолы: «Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаңа болса, өзің ниһаятлысың, ол жол құдайдың жолы емес... Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – құданың жолы». Абай өз шығармаларында қиянатшылыққа қарсылық танытып, керісінше қайырымдылық, жақсылықты Алла жолы ретінде дәріптеп отырады. «Алла табарака уатағаланың пенделеріне салған жолы» жайлы айтқанда, сөзінің түйіні үнемі ізгілікпен қабысып жататыны көрінеді. Абай әсіресе әділетті биік, асыл көріп дәріптейді: «Бәлки ғадаләт барша езгуліктің анасы дүр. Ынсап, ұят бұл ғадаләттен шығады». Абайда өзіндік толық адам, жәуанмәртлік атты адамгершілік танымдар бары бүгінде біршама белгілі болып қалғандай. М.Мырзахметұлы ағамыздың Абайдағы бұл адамгершілік танымдарын ғылыми айналымға енгізгеніне де қырық жылдай уақыт өтті. Әйтсе де күрделілігі мен тансықтығынан әрі тереңдігінен болар, бұл танымдар көпшілік игілігіне айнала алмай келеді, өкінішке орай. Абай ақыл, әділет, рахым үш сипатын қамтитын жәуанмәртлік ілімін де адамгершілік негізі ретінде алып, оны да Алла, Құдай жолымен байланыстырады. Адамзат қауымын пайғамбарлар, әулиелер, хакимдер, кәміл мұсылмандар деп төрт топқа бөледі де, олардың адамдық, адамгершілік дәреже­лерін осы жәуан­мәртлік сипаттарын иеленулеріне орай бағалайды. Әрине адамгершілік асыл үш сипатты иеленуі жағынан пайғамбарлар мен әулиелер алдыңғы сапта тұрады: «Бұл үш түрлі фиғыл құданың соңында болмақ, өзін құл біліп, бұл фиғылдарға ғашық болып, тұтпақты пайғамбарлар үйретті, әулиелер оқыды, ғашық болды». Алла, Құдай жолы – адамдық пен адамгершілік жолы екені ақиқат болды. Пайғамбарлар мен әулиелер – адамзат қауымының ең абзал, асыл өкілдері екенінен-ақ олар ұстанған жәуанмәртліктің құдай жолымен сабақ­тастығын танытады. Алла – бақи, мұқтажы жоқ, сипаты толық, кемел, мінсіз, ғылымды, рахымды, әділетті болмыс. Бұл сипат, қасиеттер адамға да жақын қалып, сапалар. Алла жолында болу – Оның осы аталған және өзге де аталмаған ізгі сипаттары мен көркем есімдерін санамыз бен жүрегімізге сіңіру, дарыту дейміз.Абай танымына сүйеніп Алланы ғылымды, құдіретті деп білеміз. Алланың бірлік, бөлінбес тұтас болмысына орай Оның сипаты да біртұтас болуға тиіс. Яғни Абай пайымдағандай, Алланың ғылымынан құдіреті, ал құдіретінен ғылымы танылып тұрады. Сол себепті де Абай екеуін бір ғана ақыл деп біледі, бұл түйіні оның «алла тағала өзі – хақиқат жолы», «...құдай тағала бұл ғаламды жаратты... хикметпенен кәмәлатті бір жолға салып жасады... Және құдай тағала әрне жаратты, бір түрлі пайдалы хикметі бар» деп Алланың ақылы мен хикметіне баса көңіл бөлген сөзінен де көрінеді. Демек Алла – ең әуелі зор, өлшеусіз ақылдың иесі. Ақылсыз ешбір игі, ізгі, пайдалы нәрсе жасалмайды, өмірлі болмайды. Ақынның өзі жазғандай, иман, ғибадат, ізгіліктің өзі ақылсыз ақиқатқа айналмайды: «Әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз екен». Ақылы бар адам ғана якини иманымен Алланың барлығы мен бірлігіне иман келтіреді, ал иманды адам Аллаға құлшылық жасап ғибадат етуді өмірінің өзегіне айналдырады. Мұндай адам ақылды, иманды, ғибадатты болумен жаратылыс мақсаты мен өмір мәні – ізгілікті болмысқа көтеріліп биіктей түседі. Жан қуаттары, Ақылмен басталып, ізгілікпен түйінделетін жетілу әрекеті адамзат ойшылдарының ізімен Абай да армандаған адамгершілік шыңы – толық адамға жеткізеді. Ақыл, жүрекпен Алланы танып, Аллаға ұмтылумен қалыптасатын асыл құндылық – адамдық пен адамгершілік: «Ғылым – алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр». Бұл ойын Абай өте терең мазмұнды отыз сегізінші қарасөзінің бас жағында айтқан әрі кейінгі түпкі түйінін де алдын ала болжап біліп жеткізгені көрінеді. Бұлай дейтініміз, мұнда Абай «Ғылым – алланың бір сипаты» дейді, ал кейінгі ой толғамымен ол (ғылым) бірегей сипатқа айналып ақыл атанып кетеді. Абай өзіне дейінгі тағриф алладағы сегіз сипаттан бір ғана осы ақылды алып қалады, ал рахым мен әділет – ақынның нақлия, ғақлия дәлелдерімен өзі қосқан сипаттары. Сөйтіп бұрынғы сегіз сипаттан бір ғана ақыл қалып, оған Абай негіздеп қосқан рахым мен әділет қосылып, үшеуі бірігіп Алланың болмысын танытады, әрі бұл үш сипат – адамдық қасиет – адамгершілікті де білдіреді: «Енді біздің бастағы тағриф бойынша құдай тағала ғылымды, рақымды, ғадаләтті құдіретті еді. Сен де ғылым, рақым, ғадаләт үш сипатбірлән сипаттанбақ: ижтиһадің шарт еттің, мұсылман болдың һәм толық инсаниятың бар болады. ...бұлар әр адамның бойында алла табарака уатағала тәхмин (шамамен) бар қылып жаратқан. Бірақ оған рауаж (пайдаға асыру, реттеу) беріп гүлдендірмек, бәлки адам өз халінше кәмәлатқа жеткізбек, жеһәтінде болмақ. Бұлар – ижтиһадіңбірлән, ниет халис (шын ниет) бірлән ізденсең ғана берілетін нәрселер, болмаса жоқ». Осы айтылған ақын ойларынан біраз жайды таратып тануға болады. Ең әуелі Алла мен адам арасында рухани байланыс бары байқалады. Алланың сипаты болған үш қасиет адамның да өзіндік асыл болмысын танытады. Осы жәуанмәртлік үш сипатпен адам баласы абыройы артып мұсылман болады, адамгершілігі асып кемелденеді. Бұл үш сипат Аллада бұрыннан толық, кемел қалпында бар, ал адамда олар алғашқыда негіз, нышан күйінде ғана болады. Және бұл асыл қасиеттерді адам баласы өзі талаптанып, тырысып, ізденіп жүріп табуға тиіс. Адамдағы «ақыл – әуелде бір суық мұз» секілді болады, дүниеге жаңа келген сәбидің «ақылы» – о баста тән мүшесі ретіндегі аппақ түсті ми ғана, яғни әл-Фарабише айтсақ, келешекте танып біліп толысуға мүмкіндігі мен негізі бар потенциалды ақыл, нышан күйіндегі ақыл. Иесі білмекке құмар­лықпен осы «ақылға сәуле қондырып» кәсіби жолмен ізденер болса ғана кішкене бала атына, затына сай адам бола бастайды. Ең өзекті мәселе: адам баласы – Алла жолын бетке алып рухани жағынан жетіле беруге бейім әрі лайық болмыс. Биологиялық жағынан туып, пайда болып, дамып, өсіп, кезі келгенде қурап, солып, өшіп, өлу жаны бар тіршілік иелерінің бәріне де қатысты тәни әрекет болса, рухани-адамгершілік жағынан жетіліп кемелдену – тек адамға ғана тән қасиет. Ғылым, ақыл – Алланың да, адамның да басты сипаты мен қасиеті. Абайдың жоғарыдағы ойы бойынша, Алланың ғылым сипаты мен оған ғашықтықты – хақлық һәм адамдық дүр деуі тегін емес, ғалам мен адам Алланың шебер хикметімен жара­тылған, адам да «ақылына сәуле қонып», «хайуанша жүріп күнелтуден» биіктеп, өз аты мен затына сай адам болады. Қырық бесінші қарасөзінде ақын Алладағы «махаббат пен ғаделетке қарай тартпақпыз» деп, осы екі сезім, қасиетті адамшылықтың алды санайды: «Бұл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил». Алладан бастау алатын бұл сипаттар – адамның да асыл қасиеттері. Сөйтіп Алла – адамдық пен адамгершілік бастауы екен. 

Мақсат ӘЛІПХАН,

А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің доценті,

филология ғылымының канидаты

111 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз