• Ел мұраты
  • 29 Қаңтар, 2024

Халқына жақын кім?

Бүгінде мемлекеттік маңызы бар істер, елімізді дамытатын бағдарламалар атқарушы биліктің, өңірлер мен жергілікті жерлердегі іс басында отырған азаматтардың қызмет сапасына тікелей байланысты екені белгілі. Солардың қатарына әкімдерді қосуға болады. Өйткені, облыс, қала, аудан, ауыл әкімдері көп жұмыстарға басшылық жасайды. 
Тәуелсіздік жылдарынан бері қарайтын болсақ, еліміздегі әкімдердің бейнесі, халыққа деген қадірі, абыройы мен беделі ала-құла болды. Біреулері мақталды, енді біреулері датталды. Десек те, өзінің іскерлігімен, жаңашылдығымен, бастамашылдығымен, уәдесіне беріктігімен, халыққа жанашырлығымен, қайраткерлігімен дүйім жұртшылықтың ықыласына бөленіп, ақсақалдардың батасын алған әкімдер де болды. Олардың саны саусақпен санарлықтай болса да, атқарған еңбектері ел аузында жүрген тұлғалар баршылық. Білім-білігімен, басқарушылық қарым-қабілетімен көрініп келе жатқан жаңа буын әкімдердің де легі қалыптасып келеді. Осы орайда біз «Әкім беделі» деген жаңа айдар ашуды жөн санадық. 
Бұл айдардың негізгі идеясы – ел аузында мақталып, ол туралы аймағында, ауданында, ауылында жылы пікірлер айтылып, беделі биіктеген әкімдердің нақты қандай істеріне байланысты абыройы көтерілді дейтін мәселені ой безбеніне, сана сарабына салуды мақсат етіп отырмыз. Әрине, әкімдерді орынсыз мақтау дегеннен аулақпыз. Бірақ, олардың да ел алдындағы айтарлықтай еңбегі болса, неге бір ауыз жылы сөзімізбен атап өтпеске. Бұл қадам еліміздегі әкімдер мектебінің оңынан қалыптасуына септігін тигізіп жататын болса, ойымыздың дұрыс болғаны деп білеміз. Мысалы, күні кеше өмірден өткен мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың әкімдік қызметін жұртшылық жақсы бағалағанын білеміз. Бақандай бес облыстың тізгінін ұстаған Бердібек Мәшбекұлы абырой-беделі бір өзіне жетерлік тұлға болды. 
Бердібек Мәшбекұлы туралы жазған лебізінде қоғам қайраткері Қожахмет Баймаханов былай деп сыр толғапты: «Қызылорда облысын басқарған жылдары Бердібек Сапарбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұралаған салалардың тынысын ашып, халықтың тұрмыс-жағдайын түзеуге зор ықпал жасағанын көруге болады. Қиын кезеңде оңтайлы шешім қабылдап, өңірдегі барлық саланың жанданып, күрішті аймақтың көркеюіне көп күш жұмсады. Сол кезең Сыр өңірінде өндіріс орындары тұралап, фабрикалар жарым-жартылай жұмыс істеп тұрған қиын шақ болатын. Әсіресе, өңірде ауыл шаруашылығы саласы тұралап тұр еді. Осы уақытта облыс әкімі лауазымына тағайындалған Б.Сапарбаевқа артылған сенім жүгі жеңіл болмады. Саяси тұлға дер уақытында шұғыл шараларды жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп, 1996-1998 жылдарға арналған реформаларды тереңдетуге бағытталған бағдарламаны қабылдады. Осыған орай облысты дамытудың ортамерзімді бағдарламасы негізінде тереңдету жұмыстары жедел қолға алынды. Нәтижесінде, инфляция деңгейін 40 пайызға төмендетіп, өнеркәсіп өнімінің деңгейін 41 пайызға арттыруға қол жеткізді. Қызылордаға арнайы экономикалық аймақ мәртебесін берумен айналысты». 
Жалпы, кез келген әкімнің беделі өзінің атқарған жұмыстарына байланысты қалыптасады. Әкім десе, қоғамда жағымсыз пікірлер жиі айтылатынын да байқап жүрміз. Олар – жемқор, рушыл, жүзшіл, т.б.деген сияқты көзқасқарас жоқ емес. Алайда, әкімдердің бәрі сондай деп, бір жақты бағалай салуға тағы да келмейді. «Он саусақ бірдей емес» дегендей, олардың ішінде де неше түрлісі бар екенін ел былай да жақсы біледі. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген өлшемді барлық әкімдерге тели алмайтынымыз да сондықтан шығар. Өйткені, халқына жақын болмақ түгілі, халқын есігінен қаратпайтын, маңайына жолатпайтындары да болды. Ондайлар әлі де бар. Бірақ, Әділетті Қазақстан идеясы толығымен іске асса, хақынан алыстау жүріп қызмет атқаратын әкімдерді бұдан былай көрмеспіз деген сенім мол. 
Жалпы, әкімдерге қатысты айтылар ортақ сын – олар мақтауды көтере алмайды дегенге саяды. Әлдекімдер мақтаса масаттанып, мастанып, жүрісінен жаңылып қалады. Мақтауды көтере алатын да қасиет керек. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген сөз осындайда айтылса керек-ті. Жүзі жарқын, ары мен қолы таза әкімдер неге аз? Көбінің халық алдында беделі жоқ па? Демек, халқының көңілінен шығатын іс бітірмегені ме? 
Әкімдер мектебі, жоғарыда жазғанымыздай, ала-құла ғой. Бірақ, әкім деген ең алдымен мемлекетшіл тұлға (болуы керек). Ал мемлекетшіл тұлға мемлекеттің қазынасына қол сала ма? Мемлекеттің мүлкін оңды-солды шашып, бей-берекет жұмсай ма? Бұл жағынан келгенде әкімдердің ішінде «мемлекетшіл тұлға» дейтін өлшеммен қарайтындары соншалықты көп емес. Демек, осы кемшілікті түзейтін кез келді. Оны түзейтін әкімдердің өздері. Өйткені, оларға беделді сырттан ешкім де жинап бермейді. Әділетті Қазақстанның жаңа әкімдері қандай болмақ? Олар халықтың талап-үдесінен шыға ала ма? Адал еңбегімен, нәтижелі қызметімен абырой-бедел жинай ала ма? Әділетті Қазақстан идеясына сай болып, ешкімді бөліп-жармайтын әділдігімен, қызметіне деген жанашырлығымен көріне ала ма? 
Басқарып отырған облысын, қаласын, ауданын, ауылын көркейтіп отырған әкімдер легі қалыптаспай, алға ілгерілей алмаймыз. Өйткені, көп мәселелердің қордаланған жері – өңірлер ғой. Жол мәселелері бар, т.б.түйткілдер жетерлік. Әкімдер еңбегін бағалаған кезде міндетті түрде сол өңірде тұрып жатқан халықтың пікірін ескеру керек. Әсіресе, зиялы қауымның айтар ойы еш бүкпесіз, әсірелеусіз, таза, шынайы болса, құба-құп. Иә, қорыта айтқанда, «Әкім беделі» деп аталып отырған жобамыздың мақсұты осындай. 
                                                

Әділет МЕЙІР

105 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз