• Тарих толқынында
  • 29 Қаңтар, 2024

Байбарыс сұлтанның саяси-мәдени өрісі

Бүгінгі Орталық Азия деп аталатын Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстан өткен тарихта Түркістан жұрты болып ортақ мәдени-діни құндылықтарға ие болған халықтар болды. Сол себептен Түркістан кеңістігінде өтіп жатқан әр түрлі саяси-әскери іс-қимылдар олардың ортақ тағдырын қалыптастырды. Сондықтан бүгінгі күні Орталық Азия елдері өздерінің ежелгі және ортағасырлық тарихын зерттеп, тану үшін Түркістан тарихын тұтастай бір обьект ретінде өткеннен бүгінге қарастырып, оның болымды-болымсыз, артықшылығы мен кемшілігін саралап-талдауға тиіс. Әсіресе қазіргі заманда идеологиялық-саяси бағытында жаһандану саясаты қарқынды түрде жүріп жатқан кезде біз бірігіп, өткен тарихымыздың ортақ құндылық деп қарастырғанды жөн көреміз. Өйткені Сұлтан Байбарыс «Түрік-Ислам тарихының ең ірі сұлтандарының бірі» саналады. Түрік ғалымдары оны Алып Арслан(1029-1072), Салаһеддин Әйюби (1137-1193), Сұлтан Фатиһ (1432-1481) сынды түрік тарихының аса көрнекті саяси тұлғалары қатарында екендігін айтып, бағалап келеді. 
Сұлтан Байбарыс түркінің далалық басқару жүйесі мен әскери шеберлігі бойынша өзгеше дарын иесі болғандықтан жас кезінде қыпшақ даласынан құл базарында саудаға салынған. Осылай әйюбилер үкіметінің жоғары басқару сатысына көтеріліп, кейін Мысырда құрылған мәмлүк сұлтандығының басына өтіп 1260-1277 жылдар аралығында он жеті жыл бойы ислам әлемінің басқару тізгінін саяси парасаты арқылы түркілерге ұстатуы Түрік-Ислам саяси тарихының бастауына негіз қалады. Ол мәмлүк үкіметінің жаңа құрылымының мықты іргесін қалады. Соның арқасында әйюбилер үкіметінің ішкі бәсеке, тартыстар мәмлүктің саяси басқаруында жойылып, жаңаша жүйесін тапты. Оның саяси көрегендігі Мысыр мен Шамда әр түрлі аймақтарда билік тағына таласып жүрген қарсы топтарды жеңіп, оларды мойындатып, мемлекеттің саяси басқаруын орталыққа бағындырды. Оның жаңаша саяси құрылымының басқаруына өзінің тағдырлас теңіз мәмлүктерін алып келді. Соның арқасында екі ірі нәтижеге қол жеткізді. Бірі – саяси басқаруды сенімді бір жүйеге түсіріп, әмірлер мен аймақтағы әкімдерді орталық үкіметке бағындыруы болса, екіншісі – мемлекеттің саяси басқаруына түркілердің  молынан араласа бастауы болды. 
Сұлтан Байбарыс мемлекетшіл ұстанымы бар өткір мінезге ие тұлға ретінде танылған зерттеушілер тарапынан. Оның мықты мемлекетті басқару құрылымының арқасында мәмлүк үкіметінің билік еткен территориясы Мысыр, Сириядан асып, Хижаз, Анадолы, Палестина тағы басқа өлкелерге кеңейе түсті. Сұлтан Байбарыс тек жауынгерлік қуатына сүйенген жоқ. Оның саясаты ең әуелі саяси ымыраға келу болды. Ал ислам құндылығы мен мүддесіне қарсы әр түрлі саяси-әскери шабуылға қарсы қатаң шара қолдануға ұдайы ат үстінде дайын болған қолбасшы еді. 
Мысырдың қыпшақ мәмлүк үкіметі шын мәнінде Салаһеддин Әйюби негізін қалаған әйюбилер билігінің крест жорықтарына қарсы күресінің жалғасы іспеттес деп айта аламыз. Оның анық себебі мәмлүктер: біріншіден–ислам әлемін моғол мен крестшілердің пәрменді шабуылдарынан қорғап қалды. Екіншіден – шабуылшы моғолдарды ислам дінін қабылдауға жетелей білді. Үшіншіден – ислам әлемінің нағыз қорғаушысы сипатында мұсылмандарға жарқын тіршілік етуге үміт сыйлады. Сондай-ақ Түрік-Ислам саяси жүйесінің мойындалуын үлкен мәдениетке көрсеткен қызметтерімен бекітті. 
Аталған саяси-мәдени жетістіктердің бәрі Сұлтан Байбарыс билік тізгінін қолға алған соң жүзеге асқанын барлық зерттеуші ғалымдар құптап келеді. Соның бірі Рамазан Шешен: «Сұлтан Байбарыс мәмлүктер билігінің бесінші сұлтаны болса да, ол мәмлүктер билігінің шынайы құрушысы» деп баға береді. Өйткені Байбарыстан бұрынғы билік тек қана Мысыр территориясын өз құрамында ұстап тұрған еді. Ал Сұлтан Байбарыс Әйін-әл-Жәлут шайқасынан кейін Құтызды тақтан тайдырып, билік тізгінін қолға алған соң Шам өлкесін өз уысында ұстап отырған әйюбилерді саяси сахнадан тайдырып, мәмлүк билігін Мысырдан Шамға дейін кеңейтті. Осылайша Сұлтан Байбарыс билігімен мәмлүктердің билік құрған территориясы одан әрі өрісін кеңейтті. 
Сұлтан Байбарыс өзге бауыр мұсылман елдермен жақсы байланыс жасай білді. Соның бір өрнегі Алтын Орда мемлекетімен саяси-мәдени ынтымақтастығын айта аламыз. Және Сұлтан Байбарыстың Мысыр елімен көрші болған елдер және Иранды билеп отырған Шыңғыс хан әулеттерінің «елхан» билігі мен Анадолы селжұқтары әрі Византия, Европа мемлекеттерімен де саяси қарым-қатынастары басты назарда болды. Ал крестшілер, армендермен соғыстары да жемісті нәтижелерге ұласты. Соның арқасында олар Анадолы, Палестина, Сирия тағы басқа Таяу Шығыс елдерінен бір жолата қуылды. Осы тұста айтатұғын маңызға ие мәселе Байбарыстың моғолдар, крестшілер, армиандар, елхандар тағы басқа елдерге қарсы саяси-әскери ұстанымының зерттелуі аса қажет обьектілер екенін ескерген жөн. Сұлтан Байбарыс құл кейпінде күн кешіп, Мысыр сұлтаны болып елді басқарған жылдары әлемдік сая­си тарихта ғажайып істерімен адам баласына үлгі боларлық із қалдырды. Өйткені көптеген елбасы өздерінің азат мемлекетінің тумасы бола тұра өзінің туған отанын Байбарыстай сүйе білмеген көптеген тарихи өрнектерге куә бола аламыз. Ондай елбасылар өзінің туған елін тонаумен, ұрлаумен, құртумен айналысып жүргенде, Байбарыс бір елге басшы болғанның қаншалықты жауапкершілікке толы міндеттері бар екенін ұққаны үшін өмір бойы соңғы деміне дейін елінің гүлденуімен бірге өзге де мұсылман халықтарды отарлау бұғауынан босатып беруге аянбай тер төгіп, ой үстінде, атқа қонған күйде еңбек етті. Ол дана болды, адал болды, адамзат руханиятының қызметкері болып, адамзат тарихында ел басқару жолында мәңгілікке өнегелі тұлға болып халықтың аңыз-апсанасының қаһарман кейіпкеріне айналды.
Сұлтан Байбарыс билік құрған кезде мемлекет басқару ісінде араб, түрік, күрд, қыбти тағы басқа жергілікті халықтардың өкілдері бар еді. Әсіресе арабтар басым көпшіліктен тұратын еді. Екінші жағынан ғалым-ғұламалар арабтар, христиандар, еврейлерден болған. Осы жағдайда Сұлтан Байбарыстың мемлекетті басқарудағы жаңа реформасының арқасында моғол әскерлері ислам дінін қабылдап, әскери қызметтерге орналасты. Бұның өзі әрине мәмлүктердің әскери қуаты жаңаланып, артуына сеп болды. Сонымен бірге мемлекеттің саяси басқаруында түркі басшыларының саны едәуір арта түсті.
Сұлтан Байбарыстың  құрған саяси-әскери жүйесі ғасырлар өткен соң осман династиясының халифат әскери қуатының бір тетігі болды. Таяу Шығыс елдерінде түркілерден кейін бірде бір жергілікті саяси көсем өлкенің мұсылман қауымын және оның құндылықтарын қорғай алған жоқ. Сондықтан күн санап, мұсылман елдері жаудың шабуылдарынан зардап шегіп келеді. Өйткені олардың саяси басқаруы ынтымақ, саяси көрегенділіктен мүлдем қиғаш  кеткен. Сондықтан болар Байбарыс Мысырда түрлі ұлт-ұлыстардың мүдделерін бір идеяға үйлестіріп, біртұтас саяси-әскери күшке айналдыруының арқасында ислам әлемі үшін ертегілердегі қаһарман кейіпкер болып тарих жадынан шықпай келеді. Ислам елдері бұл айнымас шындықты мойындамай, Байбарыстың басқару жүйесін тереңдей зерттеп, зерделемей өзге отаршыл күштердің бодандық бұғауынан құтыла алмайды. Сондықтан ислам елдері «Байбарыстану институтын» құрып, ислам дүниесі шеңберінде жаңаша зерттеулерді қолға алуға тиіс. Осылайша Батыс түсінігіндегі жасанды, әдейі кең тараған көшпенді жабайы халықтар деген орынсыз идеядан құтылып, тарихтың шынайы кітабын оқуға мүмкіндік алады. 
Сұлтан Байбарыс саяси тұрақ­тылықтың қарапайым халықтың әлеу­меттік жағдайына тікелей қатысты екенін анық түсінді. Сол үшін әділетті қоғамның орнығуына бар күшін жұмсады. Оның айғағы қаланы абаттандыру, жаңа құрылыс пен көшелер, мектеп-медресе, мешіт-ғибадатханалар тұрғызуды қашанда назардан тыс қалдырмады. 
1.Сұлтан Байбарыс Мысырда таққа отырғанда ең әуелі «Тау қамал»-ында «Алтын шаңырақ» атты көркем, еңселі сарай тұрғызды. Бұл сарай мәжіліс зал, сәкі, әйелдер бөлмелері, сарай ішін жарықпен қамтамасыз ететін ғимарат төбесінен ашық күмбез, тағы басқа қажетті бөлмелермен қамтылған. Сондай-ақ бұл сарайдың жанынан мәмлүктер демалатын көп қабатты құрылыс салдырған. Және қаланың орталық алаңында түрлі-түсті мармәр тастан тұрғызылған бағаналардың үстіне күмбез қондырған. Күмбездің іші от жағылған кезде өзіндік бейнелермен сән беріп тұрады екен.
– Қамалдағы мешіт алаңында ресми жиналыстарға арналған екі қабаттан тұратын екі жақтан ашық құрылыс салдырған.
– Қамалдың құпия қақпасы бір бұрышындағы мұнарада екі жарнамалық тақта қойылған. Мұнараға терезелер қойған. Мұнараның үстіне бір күмбез тұрғызған. Күмбездің тірегін әдемілеп сәндеткен. Және жауын-шашыннан қорғау үшін күмбездің төбесінің жан-жағын көлемдірек етіп жапқызған. Қамалдағы құлауға таяп қалған қызыл мұнараны жөндеуден өткізген. Сондай-ақ қамалдан шығатын қақпаның жанынан мәмлүктерге арнап шағын бөлмелері бар екі қабат құрылыс тұрғызған. Оның екінші қабаты үйленген мәмлүктерге бөлінген екен.
2.Қаир қаласының қамалдарынан өзге де жерлерінде «Тау қамал» төңірегінде мәмлүктердің аттарына арнап үсті жабылған ат қоралар салдырған. Оның өзі Сұлтан Байбарыстың мәмлүк жауынгерлерінің әлеуетін ойлап, іс жүзінде оларға қолайлы жағдай жасауды басты назарда ұстайтынын байқатады. Сонымен бірге қамалдың кіреберіс қақпаларының маңынан да ат қоралар, хауыз салдырып, су арналар және құдықпен қамтамасыз еткен. Басқа да қамалдардың жанына мәмлүктерге арнап төмендегіше жағдайлар жасаған. 
– Қаланың атбазарында баласы Мәлік Саид атына бір монша салдырған. 
– Қаир қаласын жасылдандыру үшін «мұнара алаңының» төңірегін дуалмен қоршап, Мысырдың түрлі аймақтарынан сол заманның 16000 динар ақшасына алғызған  құрма ағаштарды отырғызды. Бұл алаңқайда әмірлер, елшілерді қабылдайтын кең дастарқанға арналған столдар, демалыс бөлмелер, сәкілер, шарапхана сияқты орындар болған. 
– Қаланың тағы бір алаңын жаңартып, бұрыннан салынған үш су қоймасын жөндеуден өткізіп, қосымша жаңадан төрт су қоймасын жасатып, алаңды жаңаша безендіріп, тамаша көріністерге ие қылды.
–Аталған алаңға Қаир шығанағынан екі көпір салғызып, екі жол арқылы бір-бірін байланыстырды. Одан сұлтан мен әскерлер өтетін арнайы жол қалдырды. 
– Қаир қаласынан сырт жерде бір бизнес орталығы және бизнес үйі болған. Оның ең үлкен қысымында алты қабат іс орны бартұғын. Жалпы екі орында бір жүз он үш дүкен болған. Ол дүкендердің үштен бірі ұлы Мәлік Саидке, қалған үштен екісі қаладағы медреселерге берілген еді.
– Сондай-ақ 1268 жылы қалада тағы бір кең алаң жасалды. Онда сұлтан мен әскерлері үшін оқ атуға, атқа мініп шабуға, түрлі әскери ойындардың жаттығуына арналған жер болды.
Қаир қаласының ішіндегі құрылыстар: 
– Байбарыс 1262 жылы мемлекеттік қазына өкілі Кемаледдин Заһирге үлкен сарай салып, төңірегінде үйлер тұрғызуға бұйрық берді. Сол жерде тағы екі сарай арасында Заһирийе медресесін салдырды. Бұл медресенің құрылысы 1262 жылдың қаңтар айының 25-і күні басталып, 1263 жылдың желтоқсан айының 8-і күні аяқталып, қолданысқа берілді. Онда: жатақхана, демалыс сәкілер, кітапхана, жетім балаларға арналған құран үйрету мектебі болған. Медресе мен мектеп арасында дәрет алу орындары болған. Оқытушы мен оқушыларға қаржылық жәрдем беру үшін арнайы қор ашқызды. Медресенің оңтүстік жағындағы сәкіде Шафи имамның, солтүстік жағындағы сәкіде Қанапия имамның дәрістері үйретіліп, батыс жағындағы сәкіде құран оқылып,  шығыс жағындағы сәкі хадис дәрістерге арналған еді. 
– Аталған медресенің жанынан баласы Мәлік Саидқа арнап бір үй тұрғызды. Онда: мәжіліс зал, сәкі, бір жатақ бөлме және басқа да бірнеше бөлмелер бартұғын. Оның үйінің бір есігі көшеге, бір қақпасы медресеге ашылатын еді. Салдырған бір мешітінің ауласында пайғамбардың аяқ ізі болған деген әңгіме бар. Бұл мешіттің жанында Мәлік Саид атындағы бизнес орталығы болған. Онда нешелеген қабат көптеген дүкендері болған.
 –Жеңіс қақпасы жағында бір жұмыс орны салынған. Ондағы Әнуар мешіті күрделі жөндеуден өткізілді. Тағы маңызды істелген шаруасы фатими халифаты заманынан мирас болып қалған жұма намазы оқылмай тозығы жеткен Әзһар мешітін жөндеуден өткізіп, жеке адамдардың қолына өткен түрлі қайырымдылық қорларды мемлекетке қайтарды. Аталған мешіт 1266 жылдың желтоқсан айының 7-күні жұмаға тура келген күнінде салтанатты түрде жұма намаз оқуға ашылды. Сол күннен бастап әлгі мешіт Каир қаласының ең маңызды діни және ілім орталығына айналды. 
–Тағы Қайыр қаласының жеңіс қақпасының жанында һәм сыртында екі бизнес орталық тұрғызды. Бұл орталық ішкі ауласында бір қонақ үй, 36 су қоймасы, сырт жағында 22 дүкен, түрлі товарлар сататын қосымша 47 дүкен, екінші қабатында 95 бөлме салдырған. Тағы екі монша, екі дүкені бар екі қабат ғимарат бар. Онда аурухана, 10 дүкен, бір мешіт, бір сұлулық салоны, салонның үстінде он қабат, он дүкені және алты бөлмесі, үш пәтер, келушілерге  ауызсуға арналған  су қоймасы болған. 
– Қаланың Үсейниесінде орналасқан үлкен мешіт жанында Шейх Қызыр мен оның шәкірттеріне арнап үлкен бір оңаша бұрыш тұрғызған. Оның ішінде үйлер, жұмыс бөлмелер бар-тұғын. Онда монша, бір диірмен, бір наубайхана, қайырымдылық қорлардың бас қосу мекені болған. Және Байбарыс атындағы бизнес орталығы бартұғын. 
Мысыр төңірегінде тұрғызған құрылыстар:
– Ніл өзенінің суының көбейіп, азаюын өлшеп тұратын құралды жаңартып, сәндеп жөндеген. Дейр-әл-тин мешітін кеңейткен. Әмір Жәмил мешітінің мұнарасын жасатқан. Карафе мекенжайында өзі үшін де бір кесене салдырған.
– Айбек заманында Рауза аралында ойранға айналған қамал мен үйлерді жөндеуден өткізуді 1261 жылы Жамаледдин Жаңбырға тапсырған. Жамаледдин ол шаруаны тез орындауға Қылауын, Ізеттин Айтемір, Ізеттин Өген, Бәдреддин Бейсәри сынды әмірлерге бөліп берген. Сондықтан қамал, үйлер, қоралар мұнаралар тез арада жөндеуден өтіп, Мәлік Саид кезінде қолданысқа енген. Қамалға тұрғындар орналасты. Сондай-ақ кедей-кепшік жандарға кір жуатын орын және жаназа шығаратын ғұсылхана салғызған. 
Мысыр елінде тұрғызған ауылдар мен қамалдар:
– Ніл өзені мен Мысыр каналы арасында Меншіие атындағы бір ауыл тұрғызды, онда бір мешіт те салған. Ніл өзенінің тасқынынан Мүниет-әл- Ширеж ауылы ойранға айналған еді. Байбарыс сол ауылды қайта салып, қалпына келтірді. Және оған Мүниет-әл-Үмере деп жаңа ат берді.  Оның мешітін де жаңадан тұрғызды. 1267 жылы Шарқияда Сәдір деген жерде өз атына Заһирийе ауылын құрды. Ол ауылда да бір мешіт салды. Сондай-ақ Фейиом уалаяты мен Ескендірийе қаласында бірер ауыл мен мешіттер салғызды. Сүвейш қамалы мен Баркада Әмудийе қорғанын тұрғызды. Рашид портында жаудың кемелерін бақылап отыратын маяк салғызды. Димиат портының кіреберіс пен қорғандарын бекемдеп жөндеді. 1274 жылы Ескендірийе алауы мен қала қорғандарын күрделі жөндеуден өткізді. 
Мысыр елінде салдырған көпірлер:
– Байбарыс таққа отырған соң Ніл өзеніндегі көпірлерді жаңартуға бұйрық берді. Бұл шаруаны Жандар Ізеттин Ефремге тапсырды. Ізеттин Біркет-әл-Фил үстіне тұрғызылған көпірдің тозған бөлімдерін алып тастатты, белдіктерін жаңартты, өтуші қалың топқа ұласқанда тоғанға құлап кетпесін деп екі жағына дуал өргізді. Мүниет-әл-Үмере’де бір белдікті көпір, Әбіл-Мүнәжжа’да жеті белдігі бар, Құсейір жанында төрт белдікті, Амваз көлінің үстіне жеті белдікті көпір салдырды. Каирден Димиатқа кететін жолға он алты көпір салғызды, бұл он алты көпірдің бір бөлігі бір белдікті, бір бөлігі көп белдікті болған. 
1266 жылы Қалюбийеде Сеһмеддин көпірін тұрғызды. Бұл көпірдің ұзындығы 2485 метр, ені 88,75 метр, жол аясы 21,3 метр болған. Байбарыс 1267 жылы Бейсұс маңында бір көпір салуға Ізеттин Ефремге тапсырма берді. Ескендірийе каналының үстіндегі ескі көпірдің жанынан жаңа бір көпір салдырды. Әскерлердің Ескендірийеге тез арада ұласа алуы үшін Себһа деген жерден бір көпір салып, оны басқа көпірмен жалғастыруға кірісті. Бірақ оны аяқтау нәсіп болмай қалды.
Мысыр еліндегі жаңадан ашқан, тазалаған, кеңейткен каналдар: 
Мысырдың Ескендірийе каналының ұзындығы шамамен 163000 шақырым. Бұл канал жылдар бойы тазартылмаған соң балшық пен лайға әбден толып қалған еді. Байбарыс 1263-1267 жылдар аралығында аталған каналды тазартты, кеңейтті, жөндеуден өткізді. Бұл шараны өзі қадағалап отырды, сондықтан Ескендірийеге барған сайын каналдың ісін мұқият қарап, тексеріп, өз бағасын беріп отыратын еді. Канал істері аяқталған соң оны бақылап жүргізу міндетін Алаәддин Санжар Мәсруриге тапсырды. Каналдың сағасы теңізге қарай ені 78.1 метр, ұзындығы 177.5 метр болған. Бұл каналдың екінші сағасын ашты, оның ұзындығы 7810 метр еді. Оған қоса Ескендірийе каналының енін он шақты метр кеңейттірді. Әшмум Тәннаһ каналының тазарту, кеңейту, ұзарту жұмысын Сейфеддин Рашидиге тапсырды. Өзі де ауық-ауық жұмыстарын бақылап тұратын еді. Каналды он шақты метр кеңейтті, отыз алты шақырымға ұзартты, Байбарыс 1265 жылдың шілде айында сегіз күн сонда болып, жұмыстарына қолғабыс беріп, жұмыс істеді.
Сондай-ақ он бір шақырымға жуық ұзындығы бар Мүейере каналын ашып, оның сағасын жетпіс бір метрге кеңейтіп, жеті жүз он метрге ұзартты. 1775 метр ұзындығы бар Кафури каналы Мәлік Салиһ (1205-1249) Мысырдың әйюби билігінде 1240-1249 жылдары сұлтан болған заманында лайға толып қалған еді. Бұл каналды да тазартып, бастауын қырық метрге және бастан-аяқ бойын он шақты метрге кеңейтіп жаңартып ашып, қолданысқа берді.
Рамсес каналы да қараусыз қалып лай-балшыққа толып қалған еді. Бұл каналды да тазартып б.з.б. 1279-1212 жылдары 67 жыл таққа отырған ұлы перғауын II-Расес атын ауыстырып, Сәлаһ есімін берді. Содан бұл каналдан кемелер Қызыл теңізге қарай өте бастады. Сондай-ақ Әбу-Фәзл каналын мың метрге ұзартып, жан-жағынан кеңейтті.
Хижаз яғни Мекке мен Мәдина қалалары орналасқан Сауд Арабия елінде де көптеген құрылыстарға жөндеу жұмыстарын жүргізді. Мәселен Әзірет Пайғамбардың Мәдинадағы мешіті 1251 жылында өртеніп кеткен еді. Аббас халифатының VIII халифасы билік құрған 833-842 жылдары оны жөндей бастады, бірақ аяқтай алған жоқ. Байбарыс билік тізгінін қолына ала сала, оның жөндеу жұмысына кірісті. 1261-1265 жылдары бірнеше жауапты адамдарды тағайындап  Пайғамбар кесенесін жөндеуден өткізді. Сонымен бірге керекті қаражатты молынан бөліп, тиісті құрал-жабдықтарды Мәдинаға жөнелтіп, кесенені сәндеуге, мінбесін жаңартуға, кесененің төңірегін қоршауға күш салды. Жыл сайын кағбаның төбесіне, пайғамбардың қабіріне жамылғы жөнелтіп тұрды.
Сондай-ақ Мәдинада салынған бір аурухана қараусыз қалғандықтан тоза бастаған еді. Соған бір дәрігер тағайындап, керекті дәрі-дәрмек, тағы дәрумендер жіберіп отырды. Сонымен аурухананың толық жөндеуін, мешітінің тұрғызылуын 1269 жылдың соңына дейін аяқтады. 
Палестина елінде жасалған құрылыстар: 
Халел немесе Һебрун қаласы – Иордания өзенінің батыс жағалауы бойындағы Палестинаның ең ірі қаласы. Сол қаладағы Ибраһим пайғамбардың әйелдер сарайын жөндеуден өткізді. Оның алаңын таспен төсетті. Сондағы Шейх Қызыр мен оның шәкірттеріне бір бұрыш салдырды және б­ұл бұрышта түнеп қалушылар мен жолау­шы қауымға жеңілдіктер жасап тұратын қор құрып берді. 
Құдыс қаласындағы Құббат әл-Саһра мешітінің кіреберіс бөлімінің бір бөлігі құлауға жақын жағдайда болған. Оны 1261 жылы Шамнан қажетті аспап-құралдар мен шебер ұсталарды жіберіп, қираған жерлерін жөндетті. 
Байбарыс осындай абаттандыру жұмыстарын Шам және оның төңірегінде Хәлеб және оның маңындағы мекендерде жүргізді, сондай-ақ оның бұйрығымен оның уәзірлері, әмірлерінің атқарған игі шараларының саны өте көп. Байбарыс заманында адамның таза жүруіне көңіл бөлініп қаншама моншалар салынды. Сондықтан Байбарыс сұлтан заманындағы қалаларға, елді мекендерге көңіл бөлініп абаттандыру жұмыстарына байланысты арнайы зерттеу жұмысы қолға алынған жөн. Бұндай зерттеулер шығыстанушылар,  археолог тарихшылар мен архитекторлар тарапынан жүзеге асса нұр үстіне нұр болар еді. 
Байбарыс таққа отырған соң көптеген құрылыстар тұрғызды және талай ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізді. Сарай, әмірлерге арналған үй-жай, мектеп-медресе, мешіт-ғибадатханалар, жол, бақ пен гүлзарлар, көпір мен су каналдары, әйтеуір адам баласына қажет басқа да абаттандыру бағыттары мен салаларды естен шығармай ат үстінде жаулармен кескілескен шайқастарды жүргізіп отырып, қоғам мен мәдениет, ілім мен ғылымға ерекше көңіл бөліп жүрді. Сол үшін қарапайым Мысыр елінің жүрегінде аңызға бергісіз тұлғаға айналды. 
Түйін сөз: Сұлтан Байбарыс өзге көрші жақын-алыс елдермен ымырашыл саяси қатынас та жүргізе білді, керек десе, білек күші, семсер қуатын да жұмсай білген ірі саяси-әскери тұлға болды. Оған бір айғақ Байбарыстың Алтын Орда мемлекетімен орайластырған саяси қарым-қатынасын айта аламыз. Байбарыс сұлтан Алтын Ордамен ислам дінін қабылдап мұсылман болған Жошының үшінші ұлы Берке хан (1209-1266) билік құрған 1257-1266 жылдары өте тығыз байланыста болды. Олар екеуі де мұсылман елі болғандықтан мүдделес болып Ирандағы Құлағу хан (1217-1265) құрған елхан билігіне қарсы тұрды. Сол себептен бірігіп  Құлағуға  қарсы іс-әрекет жасауды басты саяси мақсат етіп қойған болатын. 
Иранды билеп отырған Құлағу хан әу-бастан ислам елдерін: Ирак, Сирия, Мысыр тағы басқа өлкелерді жойып жіберуді мақсат еткен еді. Бірақ олар мәмлүк сұлтандары Құтыз басшылығында қолбасшы Байбарыс қосынынан 1260 жылы Әйін-әл-Жәлут шайқасында оңбай жеңіліп қалғаннан кейін екеуінің арасында ұзақ жылдарға созылған өшпенділік пайда болды. Оның себебі Құлағу хан мен оның ұлы Абақа хан екеуі де пұтқа табынушы болумен бірге әйелдері хрис­тиандар еді. Ал саяси қатынастары Армения, Франция, Византия елдерімен өте жақсы дамыған еді. Сондықтан мәмлүк пен елхан үкіметі арасында ортақ мүдде болмады. Сондай-ақ Елхан мемлекеті Анадолыдағы селжұқтарды да қорғап, қолдап жүрді. Осындай саяси ахуалдың қалыптасуына қарап Сұлтан Байбарыс нақты шешім қабылдады.
Байбарыс сұлтан үшін Алтын Орда мемлекетінің басшысы Берке ханның ислам дінін қабылдауы үлкен саяси ұпай болып, елхан жауына қарсы таптырмас мүмкіндік тудырды. 
Сол үшін Сұлтан Байбарыс 1260 жылы таққа отыра сала 1261 жылдың басында Алтын Орда мемлекетінің басшысы Берке ханға елшілер мен көлемді сый-сияпат жіберді. Содан ұзаққа созбай тағы да 1262 жылы бір топ елшілер мен сыйлықтар жіберді. Ол елшілер өздерімен алып жүрген сый-сияпаттарымен Сарай қаласына жетіп өз міндетін атқарып, 1263 жылдың мамыр айында Каирға қайтып оралды.Сұлтан Байбарыстың жүргізген саясатының нәтижесінде бір уақыт аралықта Берке ханның, Византия, Анадолы селжұқ сұлтаны және Женева үкіметінің елшілері Каирдағы Байбарыс сарайына келген еді. Сұлтан Байбарыс Берке ханның елшілерін қабылдады. Берке хан жіберген сыйлықтар мен хаттарды алды. Берке хан хатында: «Моғол әскерінің көптеген қолбасшылары мұсылман болған, олар Құлағуға және Шыңғыс ханның тек қан төгетін заңына бағынбайды. Сұлтаннан Ефрат төңірегіне әскер жіберіп, Құлағуды қысымға алуыңды қалаймын» деп жазған. Байбарыс көптеген күн Берке ханның елшілеріне ерекше құрмет көрсетіп қонақ қылып сыйлады. Сонда біршама саяси шараларды іске асырды. Соңында елшілерге мол және құнды сыйлықтар беріп кең пейілдігін танытты. Және берген сыйлықтары үшін арнайы соғыс кемесін дайындап, оларды 1263 жылдың 25 шілдесінде кемемен жолға шығарып салды. Кеме Каирдан Ыстанбұл портына жеткенде VIII император болған Михайл кемедегі сыйлықтарды тәркіледі. Ол хабарды естіген Байбарыс 1264 жылдың тамыз айында Каирда тұратын бір топ христиан дін басшыларын жинап, оларға Михайлмен жасаған келісім шарт хатын көрсетті. Және олардан Михайлге тауарларды босатуын сұрауды талап етті. Сұлтан Байбарыстың жүргізген дипломатиясы мен екінші жағынан Берке ханның оған көрсеткен қысымының нәтижесінде император тәркілеген сыйлықтарды қайтаруға мәжбүр болды. Михайл Құлағудың досы, жақтасы, ал Берке ханның жауы болатын. 
Сұлтан  Байбарыс пен Берке хан арасындағы сыйластық мінсіз жалғаса берді. Берке ханның өлімінен кейін де оның орынбасарлары Сұлтан Байбарыс­пен достық, ынтымастық саяси қарым-қатынастарын жалғастыра берді. Екі жақ үзбей елшілер жөнелтіп, қарсы жақтың елшілерін қабылдап, қашанда бір-бірін қолдап жүруді жалғастыра берді. 

Ислам ЖЕМЕНЕЙ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

«Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,

профессор, филология ғылымдарының докторы
 

Пайдаланылған әдебиеттер: 
1. Рамазан Шешен, Сұлтан Бейбарыс және дәуірі (1260-1277), Ыстамбұл, Ислам тарихы, өнері және мәдениеті зерттеу қоры, «Жұлдыз» баспасы, 2009 ж. 387 бет. 
2.Ismaıl Y., Memlükler 1250-1517, Kayıhanyayınevı, Istanbul, 2008, 422 sayfa. 
4.Рамазан Шешен, Селаһеддиннен Байбарысқа дейін ейюбилер-мәмлүктер (1193-1260), «Білім, мәдениет, өнер» баспасы, 4-басылым, ақпан 2023 ж. 448 бет. 
5.Бәдреддин Маһмұт әл-Әйни, мәмлүк сұлтандарының заманы, баспаға дайындаған: доктор Мұхаммед Әмин, бес томдық, III-том, 175 – бет.
6.Turkcenedemek.com
7.Қайрат Ұзақұлы Сәки, Сұлтан Байбарыс, 2-басылым, толықтырылған нұсқа, Астана, «Фолиант, 2022,- 352 бет. 
8.Бақытты Батыршаұлы (1965-2017), Мысыр Мәмлүк мемлекетінің Қыпшақ даласымен байланыстары, XIII-XV ғғ.: Зерттеу-монография-Алматы: «Нұр-Мұбарак» баспасы, 2021,-416 бет.
9.Islam ansiklopedisi, Türkıye, cilt: 05; sayfa: 221
10.IbniTagrıberdi, En-Nücümuz-zahire «parlayanyıldızlar’ arapçadançtviri- D.AhsenBatur, Istanbul, SelengeYayınları, 2013, 621 sayfa. 
11.Қазы Менһаж Сераж Жүзжани, Табақатнасыри, Кабул, «Ғуримәдениқоры» баспасы, үшінші басылым, 1391 һ. 649 бет. 455-449беттер. 
12. Алтан Четин, «Түрік тарихындағы мәмлүк ғасырлары – бір мәдениет тарихының іс-әрекеті», Ыстамбұл, «Тимаш» баспасы, 2020 ж, 240 бет.
13.Бақытты Батыршаұлы, «Сұлтан Байбарыс мемлекетінің қыпшақ даласымен байланыстары. XIII-XV ғғ.» зерттеу-монография-Алматы: «Нұр Мүбарак» баспасы, 2016,-216 бет. 
14.Бақытты Батыршаұлы, «Мысыр мәмлүк мемлекетінің қыпшақ даласымен байланыстары. XIII-XV ғғ.» зерттеу-монография-Астана: «Ақ Жайық» баспасы, 2021,-416 бет. 
15.IHSAN.KZ
16.Қайрат Ұзақұлы Сәки, Сұлтан Бейбарыс: 2-басылым, толықтырылған/ Астана, «Фолиант» баспасы, 2022 ж., -152 бет. 
 

670 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз