• Тарих толқынында
  • 26 Ақпан, 2024

Көш көркі Көшердікіндей...

 ХІХ ғасырда өмір сүрген Сыр сүлейлерінің бірқатары Көшер Таңатарұлына жыр арнаған. Солардың қатарында атақты ақын, әрі жырау Балқы Базардың болуы Көшердің өлке тарихындағы ірі тұлға екенін  аңғартса керек. Сонымен «Көшер деген кім, оның есімі ел аузында қалай сақталып қалды?». Біз танысқан архив деректері оның Қармақшы (Қарақ) өңірінен шыққан атақты байлардың бірі болғанын ғана емес, жарлы-жақыбайлар мен ағайын-туысқа көмегін аямаған жомарт жан болғанын аңғартады.  

Ақын-жыраулардың өлеңінен Көшердің аса бай, көшінің салтанатты болғаны аңғарылып-ақ тұр. Көшер (бай) көбіне жылқы ұстайтын болған. Онда да жылқының түр-түрінен жинаған дейді. Кілең торы бие, бір өзінде бір түстен мың жарым (1,5 мың) бас бие, жалпы 7 мыңнан астам жылқысы болғанын әңгіме етеді.
 Балқы Базар (1841-1911) «Солардан өткен сұм заман» атты толғауында:
...Ұлы менен қызына,
Қырмызы қытай кигізген.
Жылқыдан таңдап, шаппайтын
Жылжыған жорға мінетін.
Қатар жүрген қазаққа,
Байлығын сөйтіп білгізген.
Ақмырза, Қуаң, Көшермен
Беркімбай, мырза Жарасбай
Байлығына олардың
Жол берген ешкім таласпай, – деген жолдар бар. 
ХІХ ғасырда өмір сүрген билер мен бектер Көшер Таңатарұлымен ақылдаспай шешім қабылдамаған деседі.
Тіпті, Балқы Базардан жасы да, жолы да үлкен, есімі Қыр мен Сырға белгілі Сырлыбайдың Әзілкеші атанған (1830-1895) ақынның қыз Болықпен айтысында:
...Келеді жауайын деп қара нөсер,
Көкейін қыз Болықтың өлең тесер.
Қуаңды шыға жайлап, кіре қыстап,
Байлайтын мың торы бие Кете Көшер, – дей отырып, осының жалғасы ретінде Әзілкеш ақын:
...Жүйрік деп біздің жақта Ақбауырды айт,
Ташкенттен Орынборға түсте келген.
Жеті мың торы аладан жылқы айдап,
Жетісті осы күнде Кете Көшер, – дейді.
Жоғарыдағы Балқы Базар мен Әзілкеш ақынның өлең жолдарынан Көшердің көшелі, кісілігімен бай болғаны, қыс қыстауы Қуаңдария бойы, жаз жайлауы кіші Қарақұм болғанын, жылына бір жарым мың бие байлап, жеті мың жылқы айдайтынын білдік.
Сыр (Ақмешіт) халқы Қостанайға көш түзеген жаппас Мырқы, Мінайдар сынды байлардың көш-керуенін тамсана айтатын болса, Көшердің көші де сондай салтанатты болғанға ұқсайды. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Қуаң бойынан Арқаға көш түзеген кезде өмірге келген ұл баланың есімін әкесі Таңатар «Көшер» болсын депті. Халқымыздың балаға ат қойғанда белгілі бір оқиғаларды негізге алатыны ежелден мәлім. Оның бір мысалы: «Атақты Құнанбай қажы мен сапарлас болған қаратамыр Қазанбасқа Құнанбай би «Інім, келіннің аяғы ауыр деп едің, ұл туса есімін Кірекес қой. Кіре тартып жүргенде танысқанымыздың бір белгісі болсын», – деп батасын беріпті. Қазір Кірекес пен Көшер атын алып жүрген адамдар баршылық. Бұл да абыройлы аталардың есімін құрметтеу, солардай болсын деген игі ниеттен туған амал.
Көшер Таңатарұлының шежіресіне келсек, Көшер тікелей Текей батырдың ұрпағы. Кегеннің бір баласы – Таңатар. Осы Таңатардан Көшер, Айтбай, Әйтімбет, Сейтімбеттер өмірге келеді. (Таңатар дегенде арғын Таңатар Жайықұлымен шатастырмау керек – Т.Д). Текей батырдың немересі Көшерден Арбап, Дәдікбай, одан Дәрменқұл туады. Дәрменқұлдан Ерген, онан Әбдіқали. Әбдіқали баласы Нұрлан 1960 жылы туған. Ол Қызылорда қаласында тұрады, Көшер бабасының өмір тарихын зерделеп жүргендердің бірі. 
Ал Көшермен бірге туысқан Әйтімбеттен – Дос, Өмір, Қалбағай, Ақмырза, Өткелбай, Кешубай болып жалғасса, Сейтімбеттен – Батай, Қаратай. Қаратайдан – Тоғанас, Қойтан, Айтбайдан – Иманбай – одан Жұман, тағы басқа ұрпақтар өрбіген.
Көшердің үлкені – Арбап. Ол байлығы және атбегілігімен Сыр мен Арқаға белгілі азамат болыпты. Арбаптан – Шоқан, Шора, Уәйк, Қайқы, Шонық, Шоқпар, Дедек деген ұлдар өмірге келіп, үбірлі-шүбірлі болған. 
Архивімде №4 қор (1851), №232 қор (1868) құжаттары бар. Онда көптеген ру адамдарының аты-жөні жазылған. Мысалы, 1851 жылғы құжатта түтін пұл төлегендер (1,50 тиын күміс ақша) арасынан Қалбаға, Өмір, Өткелбай, Ақмырза Әйтімбетовтер, Маныбек, Арбап, Көшеровтердің, Қаратай, Бартай Сейтімбетовтермен қатар бірқатар Кеген баба ұрпақтарының тізімі кездесті. 
1868 жылғы құжатта: Аққыр болы­сының №2 ауылындағы Асан бай ауылы тұрғындары Доңғал, Иманбас, т.б. жерлерде қыстап отырғанын жазған. Осы тізімде: Ақбай Тоқтамысов, Сақау Сайманов, Рысқұл, Зауыт Қалбағаев, Рыспай Ақмырзаев, Тоғанас Қаратаев, Піржан, Бержан Дәдікбаев және т.б. адамдардың тізімі хатталған.
Ұрпақ­­тарының айтып, жазып жүрген­ін­­­дей Қарпықұлы Текей батыр 1679 жылы туып, 1764 жылы өмірден өткен. Осылай деп жазылып жүр. Біздің пайым­дауымыз­ша, Текей батырдың ұлы (бір баласы) Кеген шамамен 1715 жылдары туған. Кеген баласы Таңатар 1741-1747 жылдары туған деп шамалаймыз. Енді біздің негізгі кейіпкеріміз Көшер 1777-1780 жылдары дүниеге келген деп топшылаймыз. Әрине, бұл – болжам ғана. Көшер жетпіс жастың үстіне шығып, 1850 жылдары қайтыс болса керек. 
Жуырда жеке архивімді ақтарып отырып мынадай қызықты деректерге кезіктім: Орынбор архиві, 4-ші фонд деген папкада Қаракете Таңатар баласы Көшердің түрмеге қамалғаны айтылған. Сонан сұлтан Елікей төре Қасымов орыс билігіне 1852 жылғы қазан айында Көшерді түрмеден босатуды сұрап хат жазады. Онда өзінен басқа бірнеше адамды куәлікке береді. Олар – Ордабай Ақбаев (Кете), Пірен Мырзабаев, Қаратамыр Пышан Мұратов (атақты Төребай бидің әкесі) және Шыңғыс сұлтан (Шығаев).
Келесі бір құжатта Көшер баласы Көшеров Арбаптың аты кездеседі. Яғни, 1853 жылы Түркістан хакімі Ташмұхамед датқаның Кете-Шөмекейдің игі жақсыларына жазған хатында Көшердің үлкен баласы Арбаптың да аты аталады.
Жоғарыдағы аты аталған ақындар Көшерді көрген сияқты. Көшер балалары Арбаптан Дәдікбай ХІХ ғасырдың басында өмірге келіп, 1880-1889 жылдары қайтыс болғанға ұқсайды. Өйткені олардың есімі 1868 жылғы архивтегі тізімде тұр. 1851 жылғы құжатта Қалбағайдың, Дәдікбай пен Арбаптардың есімдері жазылған. Олай болса, бұлар 1830-1933 жылдары-тұғын.
Көшердің Дәдікбайы болыс болды деген сөз де бар, ал Арбабы аса бай, есімі жұрт аузында айтылады. Көшер дауыл, жел соққан күндері: «...Соқ күнім, соқ. Жұтай-тұғын Көшер жоқ. Көшер түгіл Кеген жоқ» деп кейде пендешілік әңгіме де айтыпты.Академик, экономика ғылымдарының докторы Серғали Толыбековтің 1992 жылы жарық көрген «Қазақ шежіресі» атты кітабында Көшердің асының жаз мезгілінде Арқа жақтағы «Көкиірім» деген жерде өткені жазылған: «...Аста бәйгеге қосылған аттардың бас бәйгесі жүз жылқы, екінші атқа отыз жылқы, үшінші атқа жиырма жылқы, жиырма атқа бәйгі бар, ең соңғы бәйгі бір жылқы екендігі жарияланады». ...Жұрттың алдыңғы жалғыз қара дегені қосарланып қатар келе жатқан екі ат екен. Біреуі Айқынның ақбауыры, екіншісі ас беріліп жатқан Көшердің үлкен ұлы Арбабтың жүйрік қара аты екен. Осында тұрған Елікей хан да (төре тұқымы) қызғындап, ақбауырмен қосыла шауып: «Жануардың шабысын-ай» деген екен. Сөйтіп, Ақбауыр бас бәйгеге тігілген жүз жылқыны алыпты. Ат иесі Айқын – бас бәйгеге тиген жылқыларының біразын ас жолына таратыпты деседі. Мұнан Көшер асының айтулы астардың бірі болғанын көреміз.
Көшер Таңатарұлына арнап салынған үй-тамы Қуаңдария өзенінің Арқа жақ бетінде, 3-4 шақырым жерде, Дәуімшар би мен Ешнияз сал бейітіне жақын төбеде тұр. Бұл деректі көнесөзді көп білетін Әлиакбар Сұлтанов айтқан-ды. 
Сыр сүлейлерінің ірі тұлғасының бірі Шегебай Бектасұлы (1844-1916) толғау-өлеңінде:
...Масатыға оранып,
Құлаштап парша шұлғанып.
Кете Көшер бұл да өтті, – деп жырлаған.
Кете Көшер туралы мақаланы дәйектей түсу үшін, атақты бай болған адамның үйі-тамының (мавзолей) суретін Қуаңдария ауылының азаматы (бұрын басшылық қызметте болған), тарихи-мәдени ескерткіштерді аялай білетін азамат Ардақ Басқынбайұлы Аймырзаев салып жіберді. Есерткіш үй-там төбе басына салынған, әлі де жақсы күйде екен және ұрпақтары жанына қара мраморға сөз жазып, Көшер бабаға белгі қойыпты. Осынау әдемі салынған, іші-сырты аса бұзыла қоймаған, ескінің көзіндей болған Көшер үй-тамын сақтау қажет, облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы арқылы біраз іс жасауға болады. Мұндай нысандарды сақтау, өлкетану тарихын тереңдете түсері анық. 

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, жазушы

787 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз