• Мақала
  • 31 Наурыз, 2024

Фараби бабамыз және университет

Орталық Азиядағы ең көне және беделді жоғары оқу орындарының бірі Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биыл мерейлі 90 жылдығы. Қазақстан жерінде алғаш құрылған бұл университет бүгінде әлемдік дәрежеде мойындалған, білім беру ісі ғана емес, ғылым, халықаралық байланыс, қоғамның түрлі салаларында елеулі жетістіктерге жетіп отыр.

Университет тарихына тоқталатын болсақ, ол 1934 жылы Қазақ мемлекеттік университеті болып құрылған. 1991 жылы университет аты ұлы философ және ғалым Фарабидің құрметіне өзгертілді.

Университет түрлі өзгерістерден өтті, бүгінде өңірдегі жетекші білім және ғылым орталығы. Университеттің күрделі құрылымы, түрлі саланы қамтитындығы мен «әлемнің екінші ұстазы» Фарабидің болмысының күрделілігі, шығармашылығының жан-жақтылығы паралелль келеді. Оны ғұламаның еңбектерімен танысып, жаңа тұстарын ашқанда көреміз. Фарабиді қазаққа тиістілігін өз уақытындағы билікпен, тіпті көршілес ағайындармен тартыса жүріп Ақжан әл-Машани дәлелдеп бергені мәлім. Осы кезден бастап қазақ ғалымдары ғұламаның мұрасын жіті зерттеп, танытып келеді. Бұл ретте ҚазҰУ зерттеушілерінің де еңбектері орасан зор.

Фараби әлемін ғылымның түрлі саласы бүтіндейді, оның философия, логика, этика, математика, саяси философия, құқық, музыка және т.б. салалардағы қызығушылықтары көзі қырағы зияткер жұртқа мәлім. Алайда, ғұламаның еңбектерінің тереңіне бойлау оның жаңа қырларының ашылуына сеп болмақ. ХХ ғ. жалпы барлық дерлік зерттеулерге негіз болған тілді зерттеп-тану көп ғалымның ақыл-ойына азық болды. Осы тұрғыдан алсақ, Фараби мұрасының тілі мен ғұламаның тіл пәлсапасына қатысты ойларын ашып жеткізу қазақ ғалымдарын іздендірді. Бүгінде университетіміздің Дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұстаз ғалымдары осы аталған мәселені шешу мақсатындағы жоба аясында жұмыс атқаруда.

 

Тіл философиясы және философия тілі: байланысы мен ерекшеліктері

 

Тіл философиясы – тілдің құрылымын, табиғатын, қызметін талдаумен айналысатын ғылым саласы. Бұл тұрғыда тіл тек қарым-қатынас құралы ретінде ғана емес, сонымен бірге біздің дүние туралы ой-пікірлерімізді, ұғымдарымызды, түсініктерімізді қалыптастырудың негізгі элементі ретінде қарастырылады. Бұл тұрғыдан мағына, қарым-қатынас, абстракция және тілдің біздің ойлауымызға әсері туралы сұрақтарды қарастырылады.

Ал философия тілі философиялық ойлау мен философиялық ойды білдіру аясында тілдің нақты қолданысын білдіреді. Философтар тілді белгілі бір ойды жеткізу үшін ғана емес, сонымен қатар күрделі философиялық ұғымдарды, терминдерді, дәлелдерді білдіру үшін пайдаланады. Тіл философиялық талдаудың және ойлау жүйесін құрудың құралына айналады.

Тіл философиясы мен философия тілінің арақатынасы мынада: тіл тек философиялық ойларды білдіретін құрал ғана емес, сонымен бірге біздің философиялық ұғымдарымызды тұжырымдап, құрылымдайтын құрал. Тіл философиясы тіл біздің ойлауымызды қалай қалыптастыратынын талдайды, ал философия тілі философиялық мәселелерді талқылауға және ашуға мүмкіндік береді.

Жалпы бұл екі сала тіл және оның философиялық ұғымдарды қалыптастырудағы рөлін зерттеуде бірін-бірі толықтырып, өзара әрекеттеседі. Олар тілдің философиялық ойлауымызға қалай әсер ететінін және философияның өз идеяларын білдіру және дамыту үшін тілді қалай қолданатынын түсінуге көмектеседі.

 

 

Қоғабаева Әсел Маратқызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының

1 курс докторанты

 

37 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз