• Мақала
  • 30 Сәуір, 2024

ТІЛДЕ ДЕ БАР КӨП ТҮЙТКІЛ

«Ақиқат» журналының биылғы № 3 санында ақын, публицист Ғұсман Жандыбаевтың «Сауатты жазудың сақшысы» атты мақаласы жарық көрді. Автордың, әсіресе корректор мамандығына қатысты айтқан ойы «Мәтінді корректуралық түзету» пәні аясында дәріс тыңдап жүрген студенттерге өте өзекті деп ойлаймын. «Корректор – кітаптың (қолжазбаның) грамматикасына жауапты маман. Сонда редакторды дәрігермен салыстырып қарасақ, корректор медбикенің орнын алады. Ал грамматикалық қатеге нелер жатады? Бұған әдетте сөздің дұрыс жазылуын (әріп қате кетпеуін), тыныс белгілер мен азат жол, тасымалдың дұрыс, ережеге сай берілуін жатқызады. Демек, бұл тұрғыдағы (грамматикалық) қателер үшін редакторды кінәлауға болмайды. Бұл дегеніміз дәрігерді медбикенің орнына жұмсаумен бірдей... Корректор – қолжазбаның беттелген ең соңғы нұсқасын бастан-аяқ оқып шығып, онда кеткен әріп, тыныс белгі, тасымал мен абзацтағы қателерін түзетуші. Кітап мазмұнында көзіне шалынған күмәнді тұстар болса, редакторға ескертіп, хабардар етеді», – дейді автор. Редактор, корректор жұмысын талдап, сауатты жазу мен автор қолжазбасын түзеудің жол-жобасын толық ашып берген бұл материалға осы сала бойынша білім алып жүрген студенттердің де үн қатқаны жөн секілді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Журналистика факультеті Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 2-курс студенттерінің мәтінді корректуралық түзетуде көп кезігетін қателер, әріп және пунктуация мәселесі туралы ойы мынадай... 

Тіл туралы бүгінгі хабарлар не дейді?

Нұрсана ҚАНАҒАТҚЫЗЫ:
– Журналистика факультетіне дайындалып, мақалалар жазып, кітап оқып жүргенде: «Тележурналистиканың басты ерекшелігі – оны әрі тыңдай аласың. Әрі көре аласың. Бірақ, дәл сол сәтте көріп үлгермесең өткізіп аласың. Ал газет-журналдың басты ерекшелігі, оны алып сақтап қойсаң, қолың қалт еткенде қайта шолып шыға аласың. Радиоға келсек, теледидар мен газет-журналдан басты артықшылығы – бір орында байланып отырмайсың. Үй жинап жүріп те, көлікте кетіп бара жатып та, демалып отырып та тыңдай аласың» дейтін еді. Ізденіп қарасам, подкаст та сол радио сияқты екен. Қазір дүниежүзінде әртүрлі тақырыпқа арналған сандаған подкаст бар. Біздің елде бұл бағыт енді ғана дамып келеді. Соған қарамастан көпшілік жақсы қабылдап, подкаст жүргізушілері жақсы танымал болып үлгерді. Мысалы, таяуда ғана ашылған Арман Әлменбеттің «Ана тіл мен мына тіл» деген подкасы ел-жұрт арасында зор қызығушылық туғызды. Сосын мен де қызығып, әрі сабақта берілген тапсырмаға көмегі тиер ме екен деп көріп шықтым. «Ана тіл мен мына тіл» подкасты тіл төңірегіндегі мәселелерді көтеріп, «Қазақ тілі қашан толыққанды мемлекеттік тіл болады?», «Жаңа заманның сұранысына жауап беретін қазақ тілі», «Бұрынғы өзіміздің ана тілімізден алыстап кетпей ме?», «Уақыт өткен сайын ұтылып жатырмыз ба, ұтып жатырмыз ба?» деген секілді сұрақтарға мамандармен бірге жауап іздеуге арналған екен. Ол кісі Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов туралы фильм түсірген режиссер Мұрат Есжаннан сұхбат алыпты. Қысқасы, осы сұхбатта «Кинодағы қазақ тілі қандай болуы керек?» деген тақырып талқыланды. Мысалы, жүргізуші: «Тіліңіз шұрайлы. Бұған не әсер етті?» – десе, қонақ: «Біздің ауыл Қытай шекарасына таяу еді. Сондықтан телевизордан сол жақтағы қазақтар аударған киноларды көп көрдік. Тілі бай, жатық аударма өзіме қатты әсер етті», – дейді. Бұдан ары қарай қазіргі кино тілінің ақсап тұрғанын, тіпті тарихи кинолардың тілінде де жаттанды сөздердің өріп жүргенін, бұған сценарий авторы ғана емес, редактор да, тарихи кеңесші де кінәлі екенін айтады. «Көрермен емес, өздері түсінбейтін кинолар түсіреді», – дегені де көңіліме қонды. Рас қой, қазіргі кино, сериалдардың тілі түгел балағат сөз, орысша араластыру. Маған тағы бір әсер еткені: «Бізде үндестік заңын білмейтін актерлер көп. Үндестік заңы біздің тіліміздің негізі ғой», – деген сөзі болды. Мәселен, Қаракөз деп жазылғанымен, Қарагөз деп айтылуы керек қой. Міне, бұл подкастан осындай көптеген мағлұмат алдым. Келесі подкаста Арман Әлменбет радиожүргізуші Мұхамедәли Болатұлымен сұхбаттасыпты. Мұнда да басты тақырып – тіл мәселесі. Әр дыбыстың айтылуы, әуезі талданады. Қазір теле-радиода қазақтың «ң» әрібіне тілі келмейтіндердің көбейіп кеткені сөз болады. Бұл салғырттық жоғарғы билікте де анық байқалады. «Басшы үйрен десе шенеуніктер «ң» әрпін айтып үйренер еді», – дейді. «Сөздің жазылуы мен айтылуы бірдей боп кетті. Бұл өзге халықтарда қалыпты жағдай шығар. Біз үшін бұл өрескел қателік», – дейді. Міне, бұл подкасттан да қазақ тілінің өзіндік әуезінен, дыбысталуынан айырылып бара жатқанын байқаймыз. Үшінші кейіпкер – филология ғылымының докторы Шерубай Құрманбайұлы екен. Шерубай Құрманбайұлы: «Қазақ тілі әлі де заң мен ғылым тілі бола алады. Оны біз болдыруымыз керек. Терминдерді қазақшаға аударудан да қашпау керек. Мәселен, құжат, заңгер, әуежай, аялдама, демеуші деген сияқты жүздеген сөздер қазір өзіміздің төл сөз боп кетті», – дейді. Үш подкасты көре отырып түйгенім, қазақ тіліне дыбысталу жағынан болсын, үндестік, айтылу жағынан болсын биліктен ғана емес, қазақпын деген әр адамнан үлкен қолдау керек екен. Дәл осылай кете берсе біз Абай, Ахмет, алаш арыстары сөйлеген құнарлы тілді жоғалтып алады екенбіз.

Қазақ әріптерін жазуға неге ерінеміз?

Нұрдәулет БАЙТІЛЕС:
– Тіл мәдениеті ең өзекті тақырыптардың бірі. «И», «короче», «в принципе», «тема», «хорошо» және т.б. паразит сөздер жастар арасында жиі кездеседі. «Біз бұл дерттен қалай айығамыз?», «Шешімі бар ма?» деген сұрақтың жауабы біреу-ақ. Ол – әдеби кітаптарды жиі оқу. Құрдастарым шетел әдебиетіне әуес. Білім, ілім алуы үшін, әрине, бұл дұрыс. Алайда қазақкітаптарын да ұмытпағанымыз абзал. Қазақ зиялыларының туындыларын оқу арқылы біз сөйлеу мәнерін, тіл мәдениетін сонымен қатар, сөздік қорымызды байытамыз. Қазір қазақ тілінің қатесі көбейген уақытқа тұспа-тұс келдік десек, артық айтпағаным. Замандастарымның көпшілігі ең қарапайым қолданыстағы сөздің дұрыс жазылуын білмейді. Сонымен қатар, екі сөздің қосындысынан шыққан шұбар сөздер күнделікті өмірімізге еніп кеткені де өтірік емес. Бұлай деуіме «нестеватсын», «калаижагдаи», «келятрм» және т.б. мысалдар дәлел бола алады. Әрине, бұл әлеуметтік желіде асығыс жазудан туындаған дерт. Орфографиялық та, орфоэпиялық та нормаға түбегейлі қайшы. 
Нұрназар ӘМЗЕ:
– Бұрындары адамдар қолшамның жарығымен кітап, газет, журнал оқығанын айтатын. Қазір біз телефоннан бас алмаймыз. Үйде отырып әлемдік жаңалықтардан хабардар боламыз. Бұл да бір жетістік. Бірақ, интернетте жарияланып жатқан деректердің барлығы шындыққа жанаса бермейді. Сондай-ақ керегі жоқ мәліметтер де өте көп. Адамның санасын улап, миын шаршатады. Жаңалықтарды жедел жеткізу – тілшілердің міндеті. Дегенмен, тілшілер асығамын деп мақаланың қате екенін өздері де байқамай жататын сияқты. Иә, жылдамдық тілшінің жақсы мінезінің бірі болғанымен, сауаттылық одан да маңызды. Себебі сол телефондағы ақпараттар арқылы ұлтты тәрбиелейміз. Мектеп оқушылары үшін сайт – құнды деректердің ортасы. Кез келген сұрақтың жауабын табуға көмектесетін құрал. Бірақ, сайттарда нақтылық, дәлдік жоқ екенін ешкім аңғармайды да. Пунктуациялық қателердің сайтта кездесуі қалыпты жағдай болып қалды. Орфографиялық, стилистикалық қателерден де көз сүрінеді. Тілшінің көзіне уақтылы түспегенімен, қатенің аты – қате.
Меніңше, жазу мәдениетін қалыптастыру үшін ең алдымен көп оқу керек. Тынымсыз ізденісте болуымыз керек. Кейбір буын үндестігіне бағынбайтын сөздердің дұрыс жазылуына көбірек назар аударуымыз керек. Одан бөлек Қазақстанда подкаст деген «хит» болып жүр. Кім көрінгеннің барлығы подкаст түсіруге құмартып барады. Осы орайда бірнеше подкасттарды тыңдап түйін шығаруға тырыстым. 
Жастардың арасында танымал болып кеткен подкастың бірі – «Дәстүрлі подкаст». Ол «Дәстүр» фильмі жарық көргеннен кейін ашылды. Бұл подкасттың бағыты – жастар арасында танымал актер, блогердің басынан өткізген қорқынышты оқиғалары. Анығырақ айтар болсақ, адамдардан бөлек, өзге жаратылыстар жайында да оқиғаларды әңгімелейді. Подкасттың тілі – қазақша және орысша аралас. Мән-мағынасы жоқ дей алмаймын. Түсініп, ой түюге болады. Бірақ көп қазақша сөздің құлаққа ауыр тиетіні жанға батады. «Ң» әрпі жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрғанын осы подкасттар арқылы байқауға болады. Мен де «ң» мен «н» әріпін керемет ажырата аламын дей алмаймын. Жалпы бұл бала кезден қалыптасатын дағды секілді. Бала күнімде «ң» мен «н» бір әріп деп ойлайтынмын. Екеуі екі бөлек әріп екенін мектепке барғанда мұғалімдеріміз түсіндіріп берді. 
Сымбат СҮНБЕК:
– Қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің қатарында. Әліппемізде 42 әріп бар. Қазақ тілін ә, ө, ғ, қ, ү, ұ, ң, і әріптерінсіз елестету мүмкін емес. Дегенмен қазір, әсіресе әлеуметтік желілерде, WhatsApp-та қазақша әріптерді қолданбайтын жастар өте көп. Мысалы: өрмекші сөзін ормекшы, қағаз сөзін кагаз деп жазып жатады. 
Осылай жазудың кесірі болар, қазір қазақша әріптерді бұрыс айтатындардың қатары көбейіп келеді. Мысалы, кейде аудио подкастарды тыңдасаңыз, кейбір адам «ә» әрпін айта алмай, орнына «а» әрпін қолданатынын байқаймын. Бірде подкаст тыңдап отырсам «әйел» сөзін қайта-қайта «айел» «айелім» деп айтып жатқанын байқадым. Бір естігеннен тілі «ә» әрпіне келмей ме, тілі күрмеліп отыр ма деп ойлап қаласың. Қазақ әліппесінің әр әріпін құрметтеп, дұрыстап пайдалана білгеніміз жөн! Әр әріпті дұрыс жазып, анық айта білудің өзі – сауаттылық. 

Жағдайың қалай, бас әріп?

Аида ДАТҚАБАЙ:
– Қазіргі баспасөз материалдарында бас әріп бірнеше функцияны атқарады. Ең алдымен, бұл мақаланың контекстінде олардың маңызын білдіретін кілт сөздер мен сөз тіркестерін бөлектеу құралы ретінде қызмет етеді. Бас әріптер хабарламаға ерекше интонация мен эмоционалды әсер бере отырып, өрнектің күшін баса көрсету үшін қолданыла алады. Бас әріптерді өзекті оқиғаларға немесе жаңалықтар тақырыптарына баса назар аудару үшін де пайдалануға болады. Олар оқырман назарын аударып, ақпаратты көрнекі және есте қаларлық етеді. ХХ ғасырдың басында бас әріптер хабарламалардың маңызы мен қатаңдығын көрсету үшін жиі қолданылды. Цифрлық дәуірде әлеуметтік желілер мен интернет-порталдардың дамуымен бас әріптер жарнамалық мәтінге және ақпараттың шамадан тыс эмоционалды бояуына байланысты болып тұр. Қазіргі редакторлар мен журналистер тартымдылық пен кәсібилік арасындағы тепе-теңдікті табуға тырысып жүр. Бірақ әлеуметтік желілер дами түскен сайын тақырыпты түгелдей бас әріппен беру дәстүрі де өзгереді деп ойлаймын.
Аяулым СҰЛТАНБЕКОВА:
– Осы күні бас әріппен жазуды ұнататындар көп пе, әлде бас әріптің қалай, қай кезде қолданылатынын шынымен білмей ме – әйтеуір бас әріпті көп ұшырастырамын. Мәселен, Ішкі Істер Министрлігі, Мәжіліс Депутаты... Бұл мысалдарда алғашқы сөз ғана бас әріппен жазылуы керек еді, ал бізде әр сөзге басымдық бергісі келе ме, әйтеуір көп сөзді бас әріппен көрсететін қате мысалдар бар. Осы орайда, «Орфографиялық норма дегеніміз не? Бас әріппен жазылатын сөздердің ережесі қандай?» деген сауалға жауап іздеп көрген едім. Қазақ орфографиясында бас әріптің жазылуы синтаксистік, семантикалық принциптерге негізделген. Әдетте бас әріппен жалқы есімдер, сөйлемнің алғашқы сөздері, діни атаулар, геологиялық атаулар, аспан денелері, адам есімдері, мекеме атаулары, орден атаулары және т.б сөздер жатады. Сөйлемде қолданылуына байланысты ресми құжаттар да бас әріппен жазылады. Бас әріппен жазылу барысында туындайтын қателіктер көбіне мекеме атау­ларына, ресми құжаттарға байланысты екен. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Ішкі Істер министрлігі және т.б. Қазақ орфографиясында бас әріптің дұрыс қолданылуына байланысты ережелерді Р.Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышы» атты еңбегінен оқуға болады. 

Дефис пен сызықша

Мөлдір АМАНГЕЛДІ:
– Қазір әлем жаһанданып, түрлі технологиялар дами түскен. Дамыған технологияның алдыңғы қатарында Әлеуметтік желілер тұр деп ойлаймын. Әлеуметтік желілердің ішіндегі қолданылу аясы кең желі – телеграм. Мұндағы ортақ қателіктер: дефис пен сызықшаның орындарын ауыстыру немесе мүлдем қолданбай қою. Мысалы: «Бұл - Малыйдың екінші автоголы», «Жалпы, бұл гол - Қазақстан құрамасы тарихындағы сегізінші автогол», «Бұл - Байтананың Қазақстан премьер-лигасында 3 жыл 8 ай үзілістен кейін енгізген добы», «Бұл - Қазақстан чемпионаттары тарихында бұрын-соңды болмаған антирекорд». 
Пунктуация – жазудың нотасы секілді. Жазуда тілдің түсінікті әрі айқын болуы үшін пунктуацияның атқаратын рөлі өте маңызды. Өкініштісі пунктуацияға көңіл аз бөлініп жүр, тіпті мектеп қабырғасында пунктуациялық сауаттылыққа аса қатты мән бермейді. Соның кесірінен университетке түскен студенттер пунктуациялық қателерді айыра алмай жатады. 
Ақберен КӘРІПЖАНОВА: 
– Сызықша – кез келген сөйлемді түрлендіретін және сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді мағынасына қарай байланыстыратын пунктуациялық таңба. Сызықшаның қазақ тілі мен жазуында алар орны ерекше. Қолданысына қарай сызықшаның жіктелетін түрі көп. Олардың бәрі – белгілі бір ережеге бағынады. Қазір сызықшаны көп адам орынды қолдана бермейді. Кейде сызықша мен дефисті шатастырып, ажырата алмай жатады. Тіпті сызықшаны қай жерге қойып, қоймау керегін білмейтіндер де бар. Кейде тіпті кейбір сайт, қайсының сызықша, қайсының дефис екенін өздері де ажырата алмай, бір жерге дефис, бір жерге сызықша қойып, оқырман өзі айырып алсын дей ме деп те ойлаймын. Мысалы, Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі - Рамазан айы. Рамазан айының ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Бұл жерде сызықша екі рет қойылуы керек. Бірінші сөйлемде – бастауыш та баяндауыш та зат есімнен немесе заттанған өзге сөз таптарынан болғандықтан. Ал екінші сөйлемде – түсіндірмелі сөзден кейін сызықша қойылады. 
Жалпы сызықшаны жөнсіз қоя беруге де және мүлдем қоймауға да болмайды. Себебі, сызықша – сөйлемнің сәнін келтіріп тұрады. 
Ұлбосын НАМАЗБАЙ:
– Дефис бөлек, сызықша бөлек белгі. Қазір сызық қойылса болғаны деп сызықшаның орнына дефис қоя беретін мысал жеткілікті. Негізінде дефис орфографиялық, сызықша пунктуациялық таңба ғой. Мысалы, мына сөйлемде сызықшаның орнына дефис қолданылып тұр: «Тобыл» командасының котдивуарлық шабуылшысы Серж Дебле - 2023 жылдың үздік джокері. Бұл дұрыс емес. Серж Дебленің қай жылдары үздік ойыншы болғаны туралы анықтама берілсе, дефис емес, сызықша (–) қойылады. Байтешова Бағдагүл - Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№ 3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директоры. Бұл сөйлемде де сызықша орнына дефис қойылған. 
Өзім де сызықша мен дефисті редакциялауға арналған дәрістен соң айыратын болдым. Оған дейін қайсысының қандай белгі екенін жақсы білгенімменен телефоннан сызықшаны таппай, келсін, келмесін дефис қоя беретін едім. Сөйлемде сызықша келуі керек екенін біліп тұрсам да, дефис қойып жүрдім. Кейінірек телефондағы дефистің үстін басып тұрып солға жылжытсаң, сызықша белгісі шығатынын аңғардым. 
Фатиха ӨМІРҒАЛИЕВА:
– Әрбір мәтінде, мақалада қандай да бір басылымда тыныс белгілері өте маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда тілдің тазалығы ел үшін деңгейі жоғары тұруға тиіс ереже. 
Сызықша мен дефисті ажырата алмай әлек болған мен де осы бір жазбаларды зерттеп, сынау арқылы өзім де тәжірбие жинағанымды қосып қояйын. Расында, адамдар біреуді сынау арқылы өзің сынайтыны белгілі. Дефистің қолданылу аясына мән беріліп, сызықша белгісінен ажырата білуінің өзі қазіргі қоғам үшін керек білім.
Нұрдәулет БАЙТІЛЕС:
– Сызықша мен дефис – мәтінге әр мен өң беретін таңғажайып таңбалардың бірі. Сызықшасы бар қандай да бір мәтін не болмаса сөйлемнің ішінен аталған таңбаны алып тастасақ, сөз шұбалаңқы болып, оқырманға екіұдай ой салары сөзсіз. Дефис те дәл солай. Әсіресе қосарланған қос сөздер немесе қарапайым қос сөзді қолданған кезде дефистің атқаратын міндеті орасан зор. Сызықша мен дефисті дұрыс ажырата алмау деген мәселе бар. Бұл рухани кесел жастардың арасында кеңінен жайылған. Дефис қоятын жерге сызықшаны жағаластырып, қателесіп жүреді. Сызықша мен дефисті мектеп қабырғасынан бастап, бастауыш сыныбында үйрете бастайды емес пе?! Ендеше ережені қазір көпшілік неге қаперінен шығарып алды?
Әлеуметтік желі қолданушыларына орфографиялық ережені түгелдей жаттатып, оқытуымыз керек шығар. Сызықшаның белгісі «–» болса, дефис «-» яғни сызықшадан кішігірім болады деп мектеп қабырғасында таныстырған.

Әзірлеген
 Қарагөз СІМӘДІЛ

 
 

103 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз