• Ел мұраты
  • 22 Сәуір, 2024

ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ШЫРАҚШЫСЫНА – 90 ЖЫЛ

      ҚР Ұлттық кітапханасында 17 сәуір 2024 жылы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен бірлесе отырып Мақсұт Шафиғиға 90 жыл толуына орай «Сирек кітаптар мен қолжазбаларды жинау, сақтау және зерттеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

           Шараның мақсаты – ғалымның қазақтың мол мұрасын жинау, сирек қолжазба қорларын зерттеу және аударуға қосқан үлесін көрсету, Қазақстан аумағында сақталған қолжазбаларды жинау, сақтау және зерттеу мәселелерін тақылау.

      Шараның модераторы – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы жүргізді. Дөңгелек үстел ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрайымы Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызының құттықтау сөзімен ашылды.

     Атаулы шарада М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба және мәтінтану ғылыми-инновация орталығының директоры, филол.ғ.к. Рақыш Жұмашай Сайлауқызының «Қолжазба қорының шырақшысы» атты баяндамасы тыңдалып, филолог-ғалымдар: Тілепов Жұмат Жұмалыұлы, Керім Шамшәдин Тұрсынұлы, Бұлдыбай Анарбай Сағиұлы, Зайкенова Руда Зайкенқызы, Есенжан Дина Әнесқызы, Түсіпова Алма Көкбайқызы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері Сәкен Сейілбек Икрамбайұлы, ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің бұрынғы жетекшісі (2001-2014ж.) Асқарбекова Набат Мұсаханқызы, «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының бұрынғы басшысы (2011-2022ж.) Қаймақбаева Қарлығаш Ескендірқызы Мақсұт Шафиғидің өмірі мен шығармашылығы туралы ой-толғамдарымен бөлісті. Ісшара аясында ғылыми мекемелер мен жоғарғы оқу орындарының ғалымдары, қолжазба зерттеуші мамандар Мақсұт Шафиғидың сирек қолжазба қорларының жиналуына, насихатталуына, зерттелуіне және аударуына қосқан үлесі мен жасаған жұмыстары туралы естеліктерімен бөлісті.

      Кеш модераторы Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы Қазақстан аумағындағы қолжазбаларды сақтау және олардың ұзақмерзімді сақталымын қамтамасыз ету мәселелеріне, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің Ғылым және инновация департаментінің директоры PhD, доцент Палтөре Молдатөреұлы ҚР ұлттық кітапханасы сирек қорындағы араб тіліндегі литорафиялық кітаптардың каталогын жасау мәселесіне тоқталды. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің оқытушысы, филол.ғ.к. Қамбарбекова Ғалия Әмзеқызы ҚР Ұлттық кітапханасының қолжазба қорын зерттеу мәселелерін айта келіп, Ұлттық кітапхана негізінде Қазақстан қолжазбатанушылар қауымдастығын құру және сирек қолжазба қорларының сақтаулы, каталогталуы мен зерттелуі бойынша үш бағытта жұмыс жасау жоспарымен таныстырды. Сөз соңында ол қолжазба қорын зерттеу мәселелерін айта келе Ұлттық кітапхана қорына Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» қолжазбасының Тегеран университеті жанындағы Орталық кітапханасы, Қажы Хусейн Малек атындағы Ұлттық кітапханасы, ИИР Мәжіліс кітапханасы, Лейден кітапханасы және Француз Ұлттық кітапханасының сирек қорларынан алынған электронды нұсқасын сыйға берді.

    Сонымен қатар, дөңгелек үстел қатысушылары Қазақстан аумағындағы сақталған қолжазбалардың бірыңғай каталогын (түпнұсқаның қай мекемеде сақталғаны туралы) жасап шығару мәселесі бойынша өз ойларымен бөлісті.

    Қолжазбатанушы, ғалым, текстолог, аудармашы, халық ауыз әдебиетін жинаушы Мақсұт Шафиғидың жүзден астам ғылыми мақалалары мен мол мұрасы қазақ ғылымының дамуына зор үлес қосуда.

      Мақсұт Шафиғи 1974 жылдан бастап М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен бірге, ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында қатар қызмет атқарды. Оның тікелей еңбегінің нәтижиесінде ҚР Ұлттық кітапханасы мен Ғылым ордасының Орталық ғылыми кітапханасы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазбалар қорында сақтаулы шағатай тілінде жазылған көптеген көне қолжазбаларды қазіргі жазуға түсірілген.

    ҚР Ұлттық кітапхананың сирек қорында Мақсұт Шафиғи көне қолжазбаларға зерттеу жүргізіп, құнды жинақтар құрастыруға атсалысты. Соның бірі қордағы Қожа Ахмет Яасауидың сопылық идеясын сөз еткен, этикалық-дидактикалық мазмұндағы әдеби шығармасы «Диуани хикмет» –«Ақыл кітабын» шағатай тілінен қазақ тіліне алғашқы аудармасын жасап, түсініктерін жазып, баспаға әзірлеген ғалым М. Шафиғи, М. Жармұхамедұлы және Сәрсенбі Дәуітұлы. Еңбек 1993 жылы «Мұраттас» ғылыми-зерттеу және баспа орталығынан 262 бетпен 25 000 тиражбен жарық көрді. Тағы бір құнды еңбек 1990 жылдары сирек қордан табылған «Хикмет Хазірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи» деп аталатын қолжазбада «ҚР Ұлттық кітапханасына 1947 жылы тапсырылған, иесі Ибраһим Оразымбет баласы» деген жазу бар. Қолжазба 1834 жылы қара сиямен көркем жазумен көшірілген. Кітап аңыз ретінде жазылған бірақ аяқталмаған. Алғашқы салыстыра зерттеудің нәтежиесінде қолжазбаны кириллицаға түсіріп, әдеби аудармасын жасаған М.Жармұхамедов және М.Шафиғи.  2002 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген бұл еңбекте сол жағында қазіргі қазақ тіліндегі аударма, оң жағында кириллицаға түсірілген транскрипциясы қатарласа берілген.

     Қожа Ахмет Ясауидің ата-тегі жазылған асыл мұра – «Насаб-нама». Бұл шежірені жазған Ясауидің туған әкесі Ибраһим ата екені анықталды. 1687/88 жылдары жылтыр қытай қағазына қара сиямен, араб әрпінің көркем жазу үлгісімен жазылған, ұзындығы 95см., ені 17см,. Бұл қолжазбаның фотокөшірмесі, кириллицаға түсірілген транскрипциясы және шежіре туралы төрт тілде (қазақ, орыс, түрік, ағылшын) буклет ретінде «Дәуір» баспасынан жарық көрді. Шежіренің транскрипциясын жасаған М.Жармұхамедов пен М.Шафиғи.

    Ұлттық кітапхананың сирек қорындағы тағы бір құнды қолжазбаның бірі Сүлеймен Бақырғанидың «Хикмет Хазірет Сұлтан әл-Ғарифин» атты XVI ғ. жазылған шығармасы. Бақырғани – Қожа Ахмет Ясаудің сүйікті шәкірті болған ойшыл, ғұлама. 2019 жылы ҚР ҰК директоры Б.Қайырбекқызының бастамасымен көрнекті яссауитанушы, филол.ғ.к. Айнұр Әбдірасылқызының кіріспе сөзімен М.Шафиғи мен М. Жармұхамедов транскрипциясымен редакцияланып, толықтай түсініктемелер жазылып «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан 984 бетпен басылып шықты.

     Қазақстандағы қолжазбатану ісіне Мақсұт Шафиғи көп еңбек сіңірді. Көне қолжазбаларды атап айтсақ шағатай тіліндегі, қадым жазуындағы қолжазбаларды қазіргі жазуға түсіріп, аударды. Қазақ қолжазбаларының тағдырына жаны ашыған ғалымның оның сақталуы мен уақытында өңдеуден өтуін, қалпына келтіруілін т.б. мәселелерде ұдайы ат салысып отырды.

   Мақсұт Шафиғидың 90 жылдық мерейтойына арналған іс-шарада ҚР Ұлттық кітапхана қорынан 6 бөлімнен тұратын «Ұлт руханиятының шырақшысы» атты ғылыми көрме ұйымдастырылды. Көрмеде жоғарыда аталған Ясауидың шығармаларымен қатар өз авторлығымен жарыққа шыққан қазақ мектептеріне арналған «Араб тілі» оқулықтарынан бастап, баспа бетіне дайындаған материалдарымен баспасөз беттерінен жарық көрген мақалалары қойылды.

Жақсының аты өлмейді,

Ғалымның хаты өлмейді.

   Торқалы тоқсан жылдық мерейтой құтты болсын! Мақсұт Шафиғидың қолжазбатану ісінде сіңірген еңбегі бүгінгі ұрпақ үшін құнды мұра.  

Дария Нурмухамбетова

ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкері

 

 

1037 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз