• Ел мұраты
  • 22 Сәуір, 2024

ЕЛ АРДАҚТЫСЫ

Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі – жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық. Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әрбір азаматтың жүрегіне жара салды. Сол қуғын сүргінге ұшыраған Сұлтанбек Қожанұлы Қожанов жайлы сөз қозғасақ. Бүкіл саналы ғұмыры желдің өтінде, жардың шетінде өткен, есімі мен еңбегі өзі дәл болжағандай, республикамыздың тәуелсіздік алған кезеңде ғана еленіп-ескеріле бастаған Сұлтанбек Қожановтың туғанына 2024 жылдың қыркүйек айында 130 жыл толады.

    Сұлтанбек Қожанов – мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист. Ол Түркістан облысы Созақ ауданы Ақсүмбе ауылында дүниеге келген. Сұлтанбек Қожанов елдің саяси-әлеуметтік жұмысына 1915-ші жылдан бастап белсене кірісті. Өлкеде кеңестік билік тұсында орын алған ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты. Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты. «Ақ жол» газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды. Мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы, «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі жайлы да айта кеткеніміз жөн. Тұрар Рысқұловтың басқаруымен өткен жеке кеңесте сөйлеген сөздерінде, сондай-ақ И.В. Сталинге 1927 жылы жазған екі хатында Қожановтың саяси көзқарастары мейлінше айқын тұжырымдалған. Ол 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы Қожанов ақталғаннан кейін сіңірген еңбегін мойындап, тек қана 1994 жылы еңбектері шығарыла бастады. Алматы, Шымкент қалаларындағы көшелерге Қожанов есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған.

    Алғыр қабілеті, терең білімі, қайсар мінезі туралы елде көп аңыз-әңгімелер тараған. Қожановтың ең бір есте қалар қасиеті – білімге құштарлығы. Ол ешқандай да халық жауы болған жоқ, еліне жаны ашитын азаматтың бірі еді. Осындай азаматтарымызды тарих тұғырына көтеріп, мақтаныш ету – біздің ортақ міндетіміз!

Жетекші: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих, археология және этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Қозыбақова Ф.А.,
Орындаған: ҚазҰУ филология факультетінің 1 курс студенттері Өртбаева Е., Нағашалы А.

946 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз