• Ел мұраты
  • 30 Сәуір, 2024

ҰЛТТЫҢ БІРЕГЕЙЛІГІ – БІРЛІГІНДЕ

 Айзат РАҚЫШ, 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

Осымен үшінші рет өткізіліп отырған Ұлттық құрылтайда көптеген келелі мәселелердің тиегі ағытылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел болып одан ары еңсе тіктеудің басты бағыттарын айқын ұсынды. Ұсынып қана қоймай, жауапкершілік алар тұлғалар мен жарқын күнге жеткізер жолды да атап көрсетті. 
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайда ең алдымен ел бірлігіне күш салуға тиіс зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар екендігі ашық айтылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ең алдымен халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды» деп жұмылған жұдырықтай ынтымақ танытқан жұрттың әлеуеті жоғары боларын мәлімдеді. «Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады» деген мемлекет басшысы қалам ұстаған тұлғаларға сенім артты. Бұрынғы замандарда алқалы топ алдына шығып, бір ауыз сөзімен ел бірлігін бүтіндеп отыру жыраулардың асыл парызы болса, бүгінде сол абыройлы аманат зиялы қауым өкілдерінің жүрегіне жалау болуға тиіс. Өзара айтысып-тартысу, бірін-бірі мойындамау тек жеке бастың ғана қадірін кетірмейді, тұтас ұлттың берекесін қашырып, іштей іріткі салатыны даусыз. 
Дәл осы орайда жазушы Әбіш Кекілбаевтың адами биік парасатын үлгі етіп айтқан Мемлекет басшысы зиялы қауымды бірлікке шақырды. Бірігудің өзегі зиялылар қатарынан басталып, халық арасында түйінделсе, ол бірлікке ешбір қара күш сызат түсіре алмасы хақ. Бір тудың астына жиылған халық өзара бөлшектенбей, биік деңгейдегі ортақ мүддені ойласа құп. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек» деп айқын бағдарды көрсетті. Зиялы қауым өкілдеріне жеке мүдделер емес, жалпыұлттық мүдде аса қымбат саналып, ел ынтымағы жолында қалтқысыз рухани қызмет етулеріне серпін беруі – заман талабы.
Екінші бір өзекті мәселе – елімізде әлі күнге дейін қазақ тілін кемсітушілік, тіпті қайсыбір мемлекеттік мекемелерде қазақ тілінде жауап ала алмастай жартыкеш халде жүргеніміз жасырын емсе. Мемлекет басшысы тіл мәселесін бірлік пен ынтымақтан кейінгі орында атады. Яғни, «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді» деген сөзі түрлі алып-қашпа жел сөздің көмейіне құм құйғанмен тең еді. Қазақ тілінің қасиеттілігі, оның мемлекеттік саясаттың негізгі діңі екендігі ашық айтылды әрі қазақтілді аудиторияның қанат жайып келе жатқанын дәлел етті. Соңғы жылдары ел аумағында қазақша кітаптардың үлес салмағы артып келе жатқандығын, оған аударма кітаптардың саны қосылғанда, қазақтілді ортаның тынысы кеңіп, көсегесі көгере бастағаны айқын мысал бола алады. Қазақ тілі тек ғылым мен техниканың, оқулықтар мен құжаттардың ғана тілі болып қалмай, күнделікті өмірдегі қажетті қасиетке айналуы тиіс екендігі орайымен жеткізілді. Мемлекет басшысының мына сөзі соған дәлел: «Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз». Бұл қазақ тілі тұрмыстық тіл болып қалады деген сөз емес. Керісінше, еліміздегі әрбір жанұя мүшелері өзара қазақ тілінде сөз алысып, отбасылық дастархан басында қазақша шүйркелессе, қазақ тілінің қажеттілік өрісінің ұлғайғаны болып табылады. Сондықтан, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тек биліктің емес, әрбір қазақтандық отбасының мерейлі борышы дер едім. 
Толғақты мәселелердің кезектісі – жастарды кітап оқуға баулу ісі. Бұл орайда ел жастарының кітапқа деген махаббаты жаппай кітап оқитын ұлтқа айналудың тетігі болып табылатыны сөз етілді. Осы мақсатта атқарылып жатқан игі істер атап өтілді. Қазіргі жастарды «кітап оқымайды» деуден аулақ болу қажет. Олар кітапты өз мамандығына, жан қалауына қарай оқып жүр, оқи да бермек. Алайда көбіне психология­лық құрал­дар мен ынталан­­дыру (мотивациялық) сарындағы кітаптар­ға құмар. Меніңше, әдеби көркем кітап оқу әлдеқайда тиімді. Басты кейіпкердің жан әлемі ашылса, оны оқырман терең түйсіне білсе, психологиялық кітапқа аса үйір болудың қажеті қанша?! Егер әдеби шығармадағы қаһарман жағымды істерімен оқырманын үйіріп алып, оны болашаққа құлшындырып қойса, ынталандыру сарындағы кітапқа көп шұқшия беру артық болмақ. Сондықтан ел болашағы – жастарды көркем кітап оқуға бет бұруға шақырамын. Әдеби кітаптар психология, әлеуметтану, шабыт беру, талпындыру тәрізді бүкіл кесек мақсаттарға толық жауап бере алады. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Әдеби кітаптарды көбірек насихаттау үшін, олардың авторлары, яғни қаламгерлер жиірек ел арасына шығып, оқырмандармен тікелей кездесіп, пікір алмасып, көңілдің күйін шертер кештер өткізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақстандық жазушыларда әдеби агент жоқ. Бірақ сол әдеби агенттің атқаратын қыруар шаруасын қазіргі таңда кітапханашылар жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Жаңа кітаптар кітапханаға түскен бойда, оның жарнамасын жасап, автормен я авторсыз таныс­тырылым ұйымдастырып, оқырман мен кітап арасына көпір болып отырған асыл жандар – ел кітапханашылары. 
 Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда болашақта атқарылатын барлық шаралар ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолына жұмсалатынын мәлімдеді. Ұлттың бірегейлігі оның бірлігінде, бірлік негізі – мемлекеттік тілде, болашақ иесі – жалынды жастар, жастардың әлеуеті – кітапқа деген құрметі мен сүйіспеншілігінде. 

1810 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз