• Еркін ой мінбері
  • 06 Қаңтар, 2014

Ақжелең

Сарсен Бек СахабатСәрсен Бек Сахабат,
ақын, түріктанушы, Ресей
халықаралық психология
академиясының
мүше-корреспонденті

Атасын керек қылмайтын тентек неме, Шерағаң айтпақшы. Абай, Шоқан, Ха­физ, Сағди, т.б. дегендей Шығыстың шалқымасын ұстанғысы келгені ғой, Аян көкемнің. Алдына арыз айтып келген немені Шерағаң мақтамен бауыздаған: «Аяндай болу Шығыс салтын білмейтін сен немеге қайдан» десе басы дауға қалмақ. Ақылды, көпті көрген Шерағаң әзілмен әдемі құтылып кеткен. Аян елдің жанын, дәстүрін, ақыл-ойын тереңнен түсінеді. Ал, елі оны түсіне ме? Ағасы текті Тәкен тұспалдап кеткеніндей тағдыр мен пенде арасындағы бұл өмірі бітіспейтін дау-дамай көкемді қайбір жетіскен пенде дейсің. Ата-анасы Алладан сұрап алған, зарығып көріп бетіне қарамаған бір жапырағы, ұлдан жеке кіндік. Аллаберген, Тәңірберген, Құдайберген, Берді, Әзіретберген, Қожаберген – бере салған қарасирақ аз ба?


Аянсейіт – Шаянның бір сейіті бере салған, әрине, аян білдіріп, бір бала ғой. Атасы қан майданға аттанғанда іш­те қалып, аянымен дүниеге келген де шығар. Аянсейіттің түсіндірмесі осы! Ал, Аянсейітхан ше, хан, бай, бек – тым шым­кентше шұбыртпалы тіркемелер ғой. Арасын бөлсең – Аян, Сейітхан. Ақынның ойыны ғой, әсіресіз. Аяулы мезірет-мағыналы, әдемі, ұлттық; Сәкен Сейфуллин де ұлына Аян деген есім берген. Аян, Баян, Саян – сырт ұқсастығы болмаса, мағынасы білем-білем жеке білек.
Аянсейітхан – азан шақырып қойған аты, төлқұжатқа солай түскен. Ата-анасының қалауы солай өздері ұйғарған шәріп есімі. Аян қысқа-нұсқа, ерке бала­лығын еске салып тұратын. Ата-анасы еркелетпей біреу еркелетті деймісің, міне, осыны ұмыта алмай жүр. Аянсейітхан – Аян, Тәңірберген – Тәкен, әне, кімге ұқсағысы келеді.
Апайтөс Аян көкем. Айт-айтпа нағыз супер. Ақын деймісің. Ақылды тен­тек деймісің. Алашапқын эстет, эссеист деймісің. Аяннан аяғанды қызыл ит жесін! Абыздарға іні, шәкірт, ізінен ергенге сыйлы аға: Исраил, Нармахан, Сағынтайға құрдас. Атақтары осындай тым қарапайым. Аян көкем де қызық: «Мына Нармаханның айтулы ақын болғанын мен сіздерге айтайын, ол өйткені маған жиен» дейді. Айнала беріп басқа бір жердегі кездесуге барғанда: «Нармахан менің нағашым» дейді. Аян көкеме, әлбетте өкпе мен сын жүрмейді.
Адастыра салуы оңай.
Ашуына тисең ақ дүлей болатын бая­ғыда, бұл күнде әбден басылған ақ желең. Ана бір жылдары:
Құрақ көзін тұр ілмей,
Саф ауасын сіміртіп.
Ағып жатыр білінбей,
Оңтүстіктің ымырты – деп жазған, алқымы ісінбейтін Аян ақын. Ағыс ақпа заманды алысқа алып кетті. Адамзатқа, қазекеме, әдемілікке, ойлылыққа сөз ар­на­ған ақын аман қалды. Ара-арасында заманына да зерде салған. Айыбы жоқ.
Айдай ақ әлемге жар салып,
Шықтың алып тынымы жоқ
жолға ауыр.
Асқынбапты, заманына күйлеген күйкі пенделікке. Аузын толтырмапты. Артынан қуа бермепті, пәршелеп форматқа сіңіс­тірмепті.
Алдияр уақыт, аялап,
Қарайыншы жүзіңе бір, аяулы-ақ,
Ғашығыммен жүздескендей
бетпе-бет,
Отырайын сырымды айтып, ой
аулап.
Аян көкеме бәрібір, уақытқа да ғашық бола салатын. Алайда, мұнысы дұрыс һәм ішті іңкәрлік. Айтары жоқ, ой аулаудың өзіндік қарым-қабілеті. Ақжелең деп ек мінезі аңқылдаған. Ол оқыған-тоқығаны мол, тіпті, «оқу өтіп кеткен» ерекше мінезді ақын. Ауылда жүріп орысша оқуға қолы жетпей Мәскеуде жүргенде соның есесін қайырам, орнын толтырам деп көңілі өрекпи берсе керек.
Борышым көп,
Жетпейтіндерім бар әлі.
(Ойлап келем соны өтеудің амалын)
Бірінен соң бірі сан ұрпақ
Эстафетаны алады.
Аянға дейін бұлай айтылмайтын. Анығы солай. Азаматтық лирика дейтін айқайлауық поэзия бар еді. Айтатыны – Күнкөсем, Мәскеу, КПСС, ВЛКСМ. Ал Айекең «Менің өмірім күрделі өмір, түсінем» деп анығын ашық айтып отыр.
Үнсіздіктің тілін өзім білемін,
Нәресте үнсіз күнге созды білегін.
Сүйгенімен көзі арқылы ұғысқан
Қарашы әні, ару қыздың гүл өңін.
Арқалы Аяннан мұндай нәзіктік күтудің өзі қиын. Алайда, адам жаны жұмбақ. Ақын дегендерің сынапша сырғый береді.
Анда-санда ойға шомып аламын,
Бірақ үнсіз қала алмайды жүрегім.
Алдыңғы шумақ та әсте осал емес:
Сезіміңді сақтап тұрған өткір ең,
Үнсіздікпен кездесесің көп кілең.
Бәрі соның құр мылқаулық емес қой,
Кезі келсе сөйлеп кетер шетінен.
Аян көкем өрелі ақын. Айналаға жалтақтамайтын. Асау тентек, оны оқуға интеллектуалдық дайындық һәм пенде мінезін тереңнен таныр бай­­қам­паздық керек. Аңырай соғатын көкемнің сыртына сала қоятын мінезі, ал, іші жұмбақ.
Күн өзіне, өзі күнге ғашық па,
Бозторғайдың көмейі күй төгеді.
Екі ынтызар бір-бірінен қашықта,
Сұлулыққа дүние тұнып келеді.
Аманбай мен Алмакүлдің ынтызарлығы десе өз басым сенбес ем, тіпті, мазақтап күлер ем.
Жер бетіне, көк күмбезден нұр құлап,
Қандай нәзік алтын шашақ жіп өрді.
Жалбыздардан жұпар иіс бұрқырап,
Дүниені сергітті де жіберді.
Дәл бұл шақта толықсыған реңі,
Сол самалдың құшағында гүл әлем.
Соны жырлап титтей құстың,
Жүрегі жарылып кетпей тұр әрең.
Алқына кетпейтін Аян көкем-ай. Ал­ғыр­лығың бөлек, соны бағалайтын сыншы жоқ. Ақынға «сен неге пайласуфсың» деп саусақ безеуге ешкімге һақы беріл­меген.
Күй тынды үнін жайып қасіреттің,
Ол тапап жүрегімді басып өтті.
Қапыда жазым болған құралайдың
Мөлтілдеп жанарымда жасы кетті.
«Атаққұмар болмаңдар» дейтін Тәкен Әлімқұлұлы, төңірегіндегілерге. Айнытпай құлағына құйып алыпты осыны. Аян көкемді айтам. Алдын термелеген өлеңдер көкемнің он алтысы мен жиырма бесі аралығында жазылған. Албырт жастағы «самородный сары алтын». Ауыртпалықта ерте есейгендер, өзі айтпақшы:
Болашаққа бет алып, белін бекем
бу­ғандар,
Нартәуекел, алға тарт, қырқыншы жы­лы туғандар.
Айтқыш-ақ, супер көкем!
Көркем көктем аралап аулымызды,
Қырда түнеп қалыпты жылқышымен.
Айтары жоқ, ұлттық нақыш-әсіресіз қарапайым. Ақын әманда әмбебап, сөзбен сурет сала беретін сезімтал:
Бір жақтан тіршілікті
бұйық­тырып,
Бұлақтар жатады бір күй ұқтырып.
Өмірдің шоқтығынан дүниеге,
Адамдар қарайды екен биік тұрып.
Аянның пәлсапасы қызық-тура сілте­мейді, табиғатты көзінен тізбейді, бірақ, көз алдыңда тау суреті тұнып тұр.
Сызылтып жел ойнаса сыбызғысын,
Билейді өрімталда уыз пішін.
Ақиық жіпті шолып жем іздесе,
Білдірмес тау тағысы
жымысқы ізін.
Ақ жанын алақанға жайып салған Аян көкем. Ал, таңданбай, сұлулықтан сімір­мей көр.
Сыршыл түн де бейне сылқым
келін­шек,
Судырлатып жүрген көкшіл көйлегін.
Аңсарыңды арбаған, сұлулыққа
сүйін­ген жаны нәзік.
Ақырын тербей береді.
Туған жер, баса алмаймын
құмарым­ды,
Сағындым жанға шәрбат
бұлағыңды.
Кім деме саған дәйім талпынатын,
Өзіңнің қара балаң бұл кәдімгі.
Ақпейілдің анық сөзі, қанық бедері. Алдамайтын, өтірікті соқпайтын, құрақ қиыстырмайтын. Адам баласына тән се­зім пернелерін басса да:
Жақсы күні кез болдым ба,
Жат мінезді көрмедім.

***
Жігіт үнсіз жапырақты жұлмалап,
Жүрегінің дірілдерін жүр санап,
Сағат тілі өте баяу жылжыды,
Бойындағы бар сабырын ұрлап ап...

***
Көңілімнің әнші құсы едің сен,
Күлкіге толы көмейі.
Ат шаптырып, аттан жарыстырып өзін көтермелеген той бермепті. Ада­лынан таймағасын болар. Атаққұ­марлықтан бойын таза ұстаған Аян­ның қарапайымдылығы. Ауылға ке­­ле­­ді. Аздап еркелейді. Аунап-қунап қай­­­тады. Ақындық – кие, байлық, бар­­­­дамға бой бермейтін. Асып-тас­пай­­тын Аян ағамыз қарақан басын күйт­темейді.
Аспан айналады – дүлдүл дәуірлер дүмеп өтеді. Ақындар өмірге келеді һәм кетеді, өміршең өлең қала береді. Ақиқат солай.
Бозамық таң... Бозторғай безілдеді,
Боз жусанның дір етті сезімдері.
Алмағайып кешеміз.
Атаққұмарлықтың алдамшы екені осы­­дан. Аян көкем қалай ой тудырады екен.
Тағдыр сенен көп сұраман тілекті,
Азын-аулақ көрдім де сый-сияпат.
Аспайды шектен өкіре қоймайтын өзімшілдік. Азын-аулақты місе тұтқан. Ас­там­шылықтың мойынына асыла кетпеген.
Тұнжыр аққан өзендей өзгеріппін,
Өмір, сенен көп алып, аз беріппін.
Аян ақын аяғынан шалдыратын емес. Ары басқан құрлы құлпыра бермек, қызықтыра түспек. Айшығы анық, өресі өріс, машығы – миықты. Алып та, шалып та жығатын әмбебап. Ақын пай­ласуф, өзіне сын көзімен қа­райтын сарабдал. Ақынның қызық­пайтын, оқымайтын кітабы жоқ – бұл ерекше мәдениет.
Біз өскеміз ертегілер ішінде,
Тәтті қиял кешпейтін күн кем еді.
Әлі күнге балалықтың түсіне,
Экзюпери шаһзадасы енеді.
Аян көкеме тән тағы да бір ойлы образ: «Ақ далада аңқылдаған ақ самал». Аумаған өзі. Автопортреті дерлік. Ауыр да емес анау айтқан. Айыбы – жауыр, өлместің күнін кешкен өлшемдерге сыйысқысы келмеген асау жанында.
Тереңдерге үңілеміз, дегенмен
Қайда да бар набыт заман нышаны.
Қадыр жайлы қам-қарекет
жегенмен,
Баурап жатыр беймәлімдік құшағы.
Апыр-ай! Атақсыз да өлмеген ақыннан бәрін күтуге болады. Ақиқатты ең алдымен. Аласармайтын қазақы өр мінезден.
«Ақындар аллеясымен» ақырын аяң­дап қыдырып келе жатқан Аян көкем:
Анау тұрған от шайнаған Қасым ғой,
Толқын шашты Абдолла тұр
қасында.
***
Әне, Ілияс әлденеге шұқшиып,
Тұрды қыран қабағымен түксиіп.
Шабыт шоғын үрлетіп бір иінде,
Сұлтанмахмұт сол жап-жас тұр
күйін­де
***
Әріректе сұсты Абай асқақтай,
Қарап қапты барлығына қас қақпай.
Одан әрі дауаламай жүрегім,
Әрі-сәрі тұрып қалдым білемін...
Арқа-жарқа ақ шуақ. Айтарын бетіңе қарап тура айтатын Аян көкем ғой бұл кәдімгі!
Ақын жалғыз қалмасыншы...
Қинап ішкі жан дауысы,
Жүреді ол жалғыз кейде.
Көңіл құсы самғау үшін,
Шұғылалы таң іздеді ме.
Алдыңды ораған ақжелең Аян бола біліпті Тәңірден.
Аян ақын. Абай атындағы «Ақындар аллеясын» шіркін қайта жазар ма еді! Ағама ақыл айтып өле алмай жүр деп едің. Азғырмаңдаршы үйтіп. Аянның өзі сол аллеяда тұруға тиіс Ақынның бірі. Айтпағым осы әл-Фараби аудармашы­сына. Аудармаға тым құнықпапты. Ата­сының бәсін бұлды­ратпайтын дегені шығар. Ақылды менің Аян көкем. Аз айтып, жаз жайдары назымен есте қалған. Ақ болмысымен.
Асырмадық-жасырмадық.
Ақылымыз жетсе Аянды оқиық!

602 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз